Шілікті туралы шындық
20.08.2013 7004
Археология ғылымында “ХҮIII ғасырдың қазақтары өзіне әлденеше мың жыл бұрын ғұмыр сүрген сақтардың тұрмыс-тіршілігін қаз-қалпында сақтап келген” деген пікір бар.

Археология ғылымында “ХҮIII ғасырдың қазақтары өзіне әлденеше мың жыл бұрын ғұмыр сүрген сақтардың тұрмыс-тіршілігін қаз-қалпында сақтап келген” деген пікір бар. Кезінде еуропалықтар “Сақтар – еуропойдтар” деген антропологиялық деректерді көлденең тартып, сол кездегі тұрмыс пен мәдениетті олардың мұрагері түркі халықтарына қимай келді. Кеңес үкіметі де қазақтардың өз тарихымен табысқанын аса мақұлдай қойған жоқ.

Әйтсе де, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері сақ мәдениеті мен бүгінгі буын ұрпақтың арасындағы сабақтастықтың жан-жақты дәлелденгендігін ашып айтатын тарих ғылымдарының докторы Әбдеш Төлеубаевпен Шіліктіден табылған жәдігерлер туралы ой қозғаудың сәтті түсті.

– Әңгіменің әлқисасын Шілікті атауынан бастасақ. Шілікті жері қай елдімекенде орналасқан және олай аталуының себебі неде?

– Шілікті жазығы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының аумағында орналасқан. Ұзындығы – 80 шақырым, ені – 30 шақырым. Осы кең жазықты оңтүстігінде Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайқан, солтүстігінде Маңырақ таулары қоршап жатыр. Бұл жазықтың географиялық жағдайы адам өмір сүруіне өте қолайлы. Жазы салқын, қысы қарсыз және жылы болып келетін даланы малшы тайпалар қола дәуірінен бері кең қоныстарына айналдырған. Ал, осы жазықтың “Шілікті” аталуын ғалымдар: “Кезінде мұнда шілік өскендіктен, осы атауы қалыптасқан болуы керек” деп тұжырымдайды.

Шілікті даласында көне мәдениеттің аса бір өркендеген уақыты б.з.д. Ι-мыңжылдыққа сәйкес келеді. Бұл кезде Шілікті даласын сақ тайпалары мекендеген. Сақ-үйсін дәуірінің екі жүзден астам ескерткіштері бар. Еуразиядаласында сақ қорғандары көп. Шілікті даласының орта шенінде ғана 200-ден астам сақ дәуірі ескерткіштерінің жәдігерлері бар. Соның ішінде 50-ге жуығы ақсүйектер мен патшалардың зираты.Шіліктідегі көне сақ ескерткіштерінің тарихы б.з.д. VIII ғасырдан бастау алады. Ал, сақ заманнан кейінгі қорғандар б.з.д I-II ғасырды құрайды. Ескерткіштердің кейбірі үйсін, түркілердікі болып келеді. Шамамен б.з.д VI-VII ғасырлардағы түркілердің көне жәдігерлері де кездеседі. 

– Шіліктіде орналасқан ескерткіштерді алғаш кімдер зерттеді?

– Бұл ескерткіштерді алғаш болып зерттеген Семейлік гидротехник Г.Н.Бокий болатын. Ол 1909-1910 жылдары Шілікті даласының шығыс шегінде орналасқан Шаған оба қорымдарын қазды. 1949, 1959, 1961 және 1962 жылдары Шілікті қорымдарында профессор С.С.Черников қазба жүргізіп, бас-аяғы 13 обаны қазып зерттеді. 2003 жылдан бастап Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарымен бірігіп, өзім зерттедім. Тұрақты археологиялық зерттеудің арқасында екі үлкен жəне бірнеше шағын обаларда қазба жұмыстары жүргізілді. Солардың ішінен «Бəйгетөбе» деп аталатын үлкен обада тамаша жəдігерлер табылды. Бірақ, обалардың барлығы тонаушылыққа түскен. Кезінде сақ тайпалары патшаларын «алтынмен аптап, күміспен күптеп» жерлейтінін  сақтармен бірге өмір сүрген, кейін іле-шала тарихи аренада болған ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, көне түркілер барлығы жақсы білген…

– “Бәйгетөбеден” табылған “Алтын адамның” обасын қандай әдіс-тәсілмен қаздыңыздар?

– “Бәйгетөбе” обасын қазу үшін алдан-ала археологтармен ақылдасып, жоспар құрдық. Біздің мақсат «Алтын адамның» үстінен дөп түсу болатын. Алдын-ала болжаған әдіс-тәсілді қолдандық. Қазу барысында қабірхананың тонауға түскенін аңғардық. Обаға қазып жатып мән бере қарасақ, сол заманда-ақ тоналып кеткен екен. Мысалы, дм 100 метр, ұзындығы 8 метр топырақтан тастан үйілген оба. Осының ішіндегі қабірхана батыс жағына қарай 10 метр ойыстырып салынған. Ұрылар қабірхананың қайда орналасқанын біліп, тура төбесінен ойып түскен. Жалпы, қазақ жеріндегі сақ обаларын тонау орыс патшасы І Петрдің тұсында белсенді түрде жүзеге асқан. Ғалымдардың айтуынша, сол тұста арнайы заң қабылданып, табылған құнды заттар мемлекетке тапсырылып отырған. Сол тұста арнайы жасақ құрылып, жоспарлы түрде ірі обаларды тонаған.

– Осы Черников Шілікті сақтарының қай қырын ашып көрсетті?

– Черников зерттеу барысында Шілікті сақтарының шаруашылығына, тұрмысына, дүниетанымына қатысты материалдарды зерттеді. Қолы жеткен дерек көздерін ғалым 1965 жылы «Алтын адамның құпиялары» деген  еңбегінде жариялады. «Шілікті обалары, Шілікті жәдігерлері – сақтардың ерте кезіндегі тарихына қатысты» – деп жазылған сөздерді көздеріңіз шалады. Қазіргі таңда Черниковтың тапқан алтын бұйымдары Эрмитаждың төрінде тұр.

– Черников секілді сіздің де Шіліктіден табылған мәліметтер жайында кітап жазу ойыңызда бар ма?

– Шіліктіге байланысты үлкен бір монографиялық арнауды зерттеп, аяқтауға жақындап қалдым. Сол зерттеуіме Черниковтың тапқан түрлі-түсті суреттерін қосу үшін Эрмитажға Петровский деген ғалымға хат жаздым. Олар осы уақытқа дейін сол суретті алу үшін әкесінің құнын сұрайды. Осы кезде ойыма Шілікті туралы аңыз әңгіме оралады.Кезінде бір патша елді аралауға шыққанда жанынан ұстарашысын қалдырмай ертіп жүретін көрінеді. Бірде әлгі ұстарашы патшаның сақалын алып жатып :”Тамағыңды орып жіберейін бе?” – деп бірнеше рет оқталса керек. Түкке түсінбеген уәзірлері ұстарашыны сабырға шақырып, қолындағыны алады. Талай жыл патшаға адал қызмет етіп, сенімінен шыққан бұл кісінің қылығына қайран қалып тұрғанда, бір уәзір әлгінің тұрған жерінің астын қазуды бұйырады. Сонда астынан алтын шықса керек. Барлығы «оны алтынның буы есіртіп тұр» деген қорытындыға келіпті. Сол секілді, жат ел де алтынның буына малынып, біздің ата-бабаларымыздың мұрасын өзімізге сатқалы отыр. Қазақтың мұрасы қазақ жерінде қалуы керек.

– Шіліктідегі қазылған қорғандардың архитектурасы қандай?

– Шілікті қорымындағы қазылған обалардың архитектуралық құрылысы өте күрдел. Ескерткіштің осыншама ірі көлемді болуы – онда жерленген адамның қоғамда өте жоғары мәртебеге ие болғандығын дәлелдейді. Ғалымдар: “Ел басқарған патша жерленген” деп болжайды. Себебі, обаның тоналғанына қарамастан, ол жерден өте бағалы заттар табылған. Алтын адамның киімінің әшекейлерінің ұзын саны 4 жарым мыңнан астам. Ірі алтындар саны 360 дананы құрайды.

– Қазба барысында адам сүйектері алтындармен араласып кеткен бе?

– Жоқ, қазба жұмысы барысында табылған адамның сүйегі мен алтын заттары қабірхананың шығыс бөлігіне орналасқан. Қалыңдығы 1 метр 80 см болатын топырақтың арасынан шыққан. Қабірхананың солтүстік батыс бұрышына адамның басын қаратқан. Ал, қабірхананың шығыс жақ бөлігінен адамның сирағынан бастап мойын омыртқасына дейінгі сүйектері табылып отыр. Біздің болжамымыз бойынша, тонаушылар адамның сүйегінің еті ақса да, арасындағы сіңірлерінің әлі ыдырап кетпеген кезінде тонаған болуы керек. Өйткені, адамның басын, денесін шығыс жағындағы таушаға қоя салған.

Ғимараттың ішкі микроклиматы бір қалыпты температурада сақталған. Сақтар адамдарын жер қойнауына тапсырған кезде міндетті түрде арнайы дәрілермен мумификация жасаған. Ол адам денесінің еті ағып кетпеуі үшін, адам денесінің сақталуы үшін жасалатын дүние. Шіліктіде қазылған обалардың барлығы мумификация жасалған. Адамдарды шалқасынан батысқа қаратып жерлеген. Бір ғажабы, обаны ірі бөренелерден салған.

Қазба барысында тас обаның сыртын түгел ашып болғанда шығыс жағынан кішкене бір ойыс көрінді. Бір науа секілді. Әрі қарай қуалап қазып едік, көлденең бөренелер шықты. Сол бөренелер арқылы шығысқа кететін жер асты дәлізін анықтадық. Ірі бөренелердің ұзындығы 12-13 метрді құрайды. Еденінің көлемі 18 ш.м. жуық. Қабірхананың іші үй секілді бір-бірімен қиыластырып салған. Ортасындағы ашық тесіктерге тас толтырып тастаған. Бөренелерден биіктігі 7 қатар құрайтын үлкен ғимарат секілді. Қабірхананың шығыс бөлігіне дромс орналасқан. Сол жер асты дромс дәліз арқылы патшаның жақын туысқандары өлгенде, қасына апарып жерлеп отырған.

Обаны қазу барысында тереңдігі 1 де 70 см болатын, қабырғалары сыланып-бекітілген басқа ескерткіштерден өзгеше оба табылды. Бұның жерасты дәлізі оңтүстік шығысқа қарап жатыр. Жан-жағын таспен қоршап тастаған. Қабірхананы самырсын ағашпен жапқан. Ағаш осы уақытқа дейін өз формасын сақтап тұр.

– Басқа обалар секілді Шілікті обаларынан да малдың сүйектері табылды ма?

– Менің ойымша атадан-балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрдің бір бөлігі – өлген адамды жер қойнауына тапсыру, мал сойып асын беру. Шілікті обаларын қазу барысында қазақ салт-дәстүрі сол кездің өзінде-ақ тамырын тереңге жайғанын байқаймыз. Қазылған обалардың ішінен жер қойнауына адаммен бірге мал сүйектерін көмгені аңғарылады. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл – қайтыс болған кісінің аруағына арналып сойылған малдардың сүйектері секілді. Бұл пікірге мен де қосылам.

– Қазба барысында табылған алтын заттардың барлығы зерттеліп бітті ме?

– Шіліктіден табылған алтын заттарды түгел металлографиялық сүзгіден өткізіп  жатыр. Осы уақытқа дейін Қ.Сатпаев атындағы геология университетінің лабораториясында 160 алтын әшекейге сараптама жасалды. Ондағы лабораторияның санамасы бойынша 9730-1970 санын құрап отыр. Бұл жалпы Қазақстан елінде табылған алтындардың ішіндегі ең жоғарғы санаманы құрайды. Әлі де зерттелу үстінде.

Еліміздегі көне тарихи ескерткіштерді зерттеудің маңызы зор. Археологиялық ескерткіштер ел тарихының бірнеше өзекті мәселелерін ашуға, сондай-ақ, ежелгі және ортағасырлық кезеңдердегі халқымыздың байлығымен, өскелең өркениетімен және мәдени мұраларымен танысуға кең жол ашады.

Түпнұсқа: "Қазақ үні" газеті.