«Қылыш» құпиясы
29.08.2013 2841
Бұл қорған жайлы археологтар бұрын да білгенімен, оның құпиясын ашудың орайы келмепті

Атырау облысындағы тарихи жәдігерлерді түгендеу мақсатында құрылған құрамында тарихшылар мен археологтар бар «Хазардан қазаққа дейін» экспедициясы Жарсуат округіне қарасты «Қылыш қорғанды» қазып,таңғажайып байлыққа тап болды. Бұл қорған жайлы археологтар бұрын да білгенімен, оның құпиясын ашудың орайы келмепті. Біздің эрамызға дейінгі V ғасырға жататын қорғанның биіктігі 5 метр, диаметрі 120 метр.

Археологтар бұл секілді 30-40 қорған барлығын алға тартып, мұнда тұтас тайпаның қонысы болған деп отыр. Айналасындағы кішігірім қорғандарға қарап, бұл қорымның патша бекінісі болуы да ықтимал деп отыр. Қорғанды қазу кезінде жанында айнасы, екі құмырасы, садақтың қоладан жасалған жебесімен бірге көмілген адамның сүйегі табылды. Археолог Марат Хасеновтың қуанышында шек жоқ. Ол:«Сарматтардың жаңа қонысын таптық, мынау сарматтардың әйел көсемі – амазонка. Олар әскербасылық қызмет атқарып, ірі шайқастардың жетекшісі болған. Қазақ тарихының жаңа беті ашылды», – деп отыр. Ал сармат көсемін табу үшін археологиялық жұмысты одан ары жалғастыру керек. Ол үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмектің қажет екені айтылуда.

Истончик: "Дала мен қала" газеті