Ту ұстап жауға шапқандар
30.08.2013 2117
Батырлардың есімдері ел жадында сақталып, атадан балаға, ұрпақтан- ұрпаққа тарап, біздің заманымызға жетіп отыр.

Ондаған ғасырларды қамтитын қазақ халқының тарихы өте бай әрі күрделі. Бүгінгі қазақтың арғы ата-бабалары сақтар мен ғұндардан бастау алған бұл тарихтың ұзақ жолы небір ғаламат оқиғаларға, жеңістер мен жеңілістерге толы. Осы бір сонар тарихтың әр кезеңінде жердің тұтастығы мен елдің еркіндігі үшін, жалпақ жұрттың тыныш та бейбіт өмір сүруі үшін жанын да, қанын да аямай, күндіз де, түнде де дамыл көрмей күрескен ел басылары мен қолбасы-батырлардың есімдері ел жадында сақталып, атадан балаға, ұрпақтан- ұрпаққа тарап, біздің заманымызға жетіп отыр.


Сонау сақ пен ғұн заманындағы Алып Ер Тоңға, Шу, Еділ (Аттила), көне түркілер тұсындағы Білге қаған, Күлтегін сияқты баһадүрлердің ерліктері, олар туралы туған жыр-аңыздар, өлеңдер – ойымызды дәлелдейтіні сөзсіз. Осындай елін, жерін қорғаған батырлар бергі дәуір­лерде де өмір сүрген, олар жөнінде де шығарылған жыр-дастандар аз емес. Оғыз-қыпшақ пен Алтын Орда заманының батырлары Тарғын, Қобыланды, Шора, Едіге, т.б. жайында көлемді-көлемді эпостар, аңыздар көп­шілікке белгілі. Ал, Қазақ хандығы тұсында ғұмыр кешіп, қазақтың мемлекеттігін сақтап қалу жолында қажырлы қайрат көрсеткен қаһармандарымыз тағы бар. Әсіресе, Абылай хан кезіндегі қазақ халқының өз тәуелсіздігі мен мемлекетін қорғау үшін шайқасқан Қа­бан­бай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнібек, Райымбек секілді ондаған батырдың ерлігі мен жаужүректігі халық аңыз­дарында, жыраулар толғауларында айшықты жыр­лан­ған. Осы орайда аса мән беріп айтатын мәселе: қа­зақ­тың Ресейге бодан болғанға дейінгі күресі мен Ре­сейге қараған шақтағы күресінің айырмасы бар. Бірін­шісі – қазақтар өз мемлекетін қорғады, сыртқы шап­қыншылармен соғысты. Екіншісі – қазақтар өзінің мем­лекетін жоғалтып, отарлыққа түсті, міне, енді осы отар­лықтан құтылу үшін күресті. Әрине, екі күрес те ел тәуел­сіздігі үшін болды.
Қазақтар оңайлықпен отарлыққа түсе қойған жоқ. Егер Қазақ хандығы тұсындағы күрес 3-4 ғасыр бойы жүрсе, отарлыққа қарсы күрес 1,5 жарым ғасырға созылды. Осы бір жарым ғасырда қазақ жұр­ты әскері де, қаруы да басым отаршылдарға қарсы ондаған көтеріліс жасап, жойқын шайқастар жүргізді. Мәселен, ХVІІІ ғасырдағы Сырым батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісі, ХІХ ғасырдағы Қа­йып­қали, Исатай-Махамбет көтерілістері, сондай-ақ, Жанқожа, Досан жетекшілік еткен көтеріліс, Саржан мен Кенесары бастаған ұлт-азаттық соғыс­тар, міне, бұл қозғалыстар қазақ халқының біреуге бодан болуға көнбейтінін, еркіндік үшін жанпидалыққа баратынын көрсетті. Осындай отар­лыққа қарсы қарумен шығып, өзінің туған жерін, елін азат етуге бар күш-жігерін жұмсап, сол жолда мерт болған Сұраншы мен Саурық батыр басқарған шайқастар ХІХ ғасырдағы ең соңғы, әрі нәтижелі күрес болды деуге болады. Соңғы дейтін себебіміз – Сұраншы мен Саурықтар қатысқан қарулы күрес – Жетісу мен Оңтүстік өлкесін Қоқан хандығының езгісінен құтқарғаннан кейін, яғни 1864 жылы Ре­сей­дің қарауына енген соң қазақ халқының Ресей отар­лығына қарсы күресі ондай мөлшерде, ондай дең­гейде болған жоқ. Бұдан кейінгі Ресейге қарсы ең ірі көтеріліс – ХХ ғасырда 1916 жылы орын алды. Ал, 1920-1940 жылдар арасындағы көтерілістер, не­гізінен, әлеуметтік-экономикалық сипатта болды.
Сұраншы мен Саурықтар бастаған қарулы күрес үш жақты отарлыққа қарсы еді. Олардың уақытында Жетісу мен Оңтүстік өлкені, бір жағынан, Қоқан хандығы, екінші жағынан, Ресей патшалығы, үшінші жағынан, қырғыз манаптары қыспаққа алып, біраз жерді жаулап, өздерінің билігін жүргізіп те үлгерген еді. Әсіресе, қоқандықтардың зорлық-зомбылығы тым асқынып тұрған болатын. Орыстардың да іс-әрекеті одан кем емес-ті. Әйткенмен, орыс әскері өте сақтықпен қимылдап, аңысын аңду саясатын қол­дану­ға мәжбүр еді. Жетісу – бұл кезде Қоқан мен Ре­сейдің отарлық мүддесі түйіскен жер болды да, қайсымыз бұрын үлгереміз деп олар жанталасқа түскен-ді. Ресей әскері Қапалға, Қараталға бекініп, Іле бойында жатқанын естіген Қоқан ханы Құдияр Меркіге, Пішпекке, Тоқмаққа әскер жіберіп, бекініс салдырған еді және бұрынғы Верныйға (Алматыға) қарай жылжи бастаған болатын. Осы тұста екі ортада қалған қазақ ауылдары екі жақты талауға түскен-ді және өзара бірін-бірі түсінбей, біразы қоқан жағын, біразы орыс жағын қолдаумен болды. Осындай жағдайда Ресей әскерінің күшімен қоқандықтар­дың езгісінен құтылуды ойлаған қазақ жігіттері Саурық пен Сұраншыны қолдап, қоқандықтарға қарсы қарулы қарсылық білдіруге кіріседі. Сөйтіп, 1840 жылдардан бастап Сұраншы бастаған сарбаздар орыс әскерімен бірлесіп, Жетісу жерін қоқандық­тардан тазартып, азат ету үшін белсенді қимылдарға көшеді. Мұны тарихи құжаттардан көруге болады. Басқа қайраткерлерге қарағанда Сұраншы батыр туралы деректер архив құжаттарында молырақ кездеседі. Енді сол деректердің ізімен Сұраншының нақты іс-әрекеттерін шолып өтейік.
1. 1846 жылдың маусым айында Сұраншы өз адамдарымен Қаратал өзенінің бойында жатқан орыс әскеріне келіп қосылады. Онымен бірге Қожантай, Балтық деген батырлар да орыс әскеріне қосылып, Қаратал өзенінен өтіп, әскери қимылдарға қатысады.
2. 1847 жылы. Сұраншының батылдығын, ел арасында өте беделді екенін көріп, орыс әскерлерінің басшысы оған прапорщик атағын (шенін) береді.
3. 1848 жылы. Тойшыбек бекінісінің маңында қоқанның 3 мың әскерімен соғысып, Сұраншы мен сарбаздар ерлік көрсетеді, сөйтіп, орыс әскеріне үлкен көмек береді.
4. 1850 жылы. Сұраншы штабс-капитан Гутковский басқарған орыс отрядында болады.
5. 1851 жылы. Полковник Карбышев бастаған әскермен бірге Қоқанға қарсы ұрыстарға қаты­сады.
6. 1859 жылғы 3 шілде. Пішпекті жаулап алу ісін басқарған Венюков деген әскербасы Колпаковскийге хат жолдап, былай деп жазады: «Құрметті қазақ­тардың арасынан мен мына кісілерді басшылық назарына ерекше атап, ұсынар едім: прапорщик Сұраншы батыр, Хожағұл Байсеркин, Шаян Төлебаев. Олар біздің іске өте адал, әрі тыңғылықты болды. Қырғыздармен қатынас жасауда Сұраншы өте пайдалы іс атқарды».
7. 1859 жылғы 30-шы қазан. Колпаковский Омбы генерал-губернаторына мынадай хабарлама (донесение) жібереді: «Сұраншыға қатысты мынаны ескеру керек: жалпы, ол сарыбағыштармен жақсы қатынаста, біздің Орман бастаған сарыбағыштық­тарға қарсы әрекеттерімізді қолдай қояды деп ойламаймын. Бірақ онымен жеке кездескенде Үмбетәлі­лермен оның достығы жайында өзінен білермін. Және олардың арасына от салып, достығын бұзуға күш са­лар­мын, оларды араздастырып, дұшпан­дықтарын қолдап пайдалана білу керек. Айтпақшы, өзіне ыңғайлы болса Сұраншы бізді жақтап, кез келген уақта 2 мың жігітті атқа қондыра алады».
Осы екі хаттан, яғни Венюков пен Колпаковский­дің бір жылғы жазған сөздерінен мынандай жайтты аңғару қиын емес. Ең әуелі айтатын нәрсе – Сұраншы орысты тектен-текке, ойланбай қолдап жүрмеген. Ол қоқандардың да, орыстардың да түпкі мақсаты – қазақты отарлау екенін және бұл жолда олар бір-бірінен ешқандай айырмасы жоқ жау екенін жақсы білген. Сол себепті, ол екі дұшпанды да толық, шын пейілімен қолдамайды, реті келсе, оларға қыр көрсе­тіп, бірде орысты, бірде қоқанды жақтап, өзінің ой түкпірінде жатқан саясатын аңдатып отырады. Кол­паковскийдің қауіптеніп отырғаны – осы. Соның бір көрінісі, мәселен, мынау еді: 1859-60 жылы қыста Сұраншы қоқандықтардың ішінде болып, орыстарға бармай қалады. Осыдан орыстар секем алып қалады.
8. 1860 жылғы 11-шілдеде орыстың жымысқы саясатын түсінген Сұраншы өзінің қоқандықтар арасында қалған себебін айтып, Колпаковскийге хат жазады: «Сізге белгілі: ол кезде мен отбасыма бар­ғам-ды, сол уақытта сарттың қалың қолы келіп, мен сон­да қалдым. Құдайдан қорыққаннан және антты бұзудан қорыққаннан мен оларға серт бердім, әрі патшаның жері көп қой деп ойладым».
Шындығына келгенде, Сұраншы бұл жайында ішкі сырын жасырып, ол діннен және қоқандықтардың көптігінен қорықтым деген сылтау айтып отыр. «Пат­шаның жері көп қой» деген сөзінде астар жатыр, түсіне білген кісіге «Патшада жер көп, тағы да басқа жерлерге қол салудың қажеті не, осы да жетпей ме?» – деген ой жатқан жоқ па? Алайда, орыстар жаулық ниетінен қайтпайтынын білетін Сұраншы ашық қарсылыққа шықпайды, сол себепті, 1860 жылы қоқандықтар қашып, шегінген шақта Сұраншы оларға ілеспей, Шу өзенінің арғы бетіне көшпей, бөлініп қалады.
9. 1860-1861 жылы қыста Сұраншы орыстарға қайта бару қажеттігін ойлап, қоқандықтармен бірге болған адамдарға орыстар қандай жаза қол­дана­ты­нын білу үшін жігіттерін Верныйға жұмсайды. Жолда ол жігіттерді Нарбота би ұстап алып, Колпаковскийге жібереді, оларды тыңшылар дейді.
10. 1861 жылғы 20 қаңтарда Колпаковский әлгі жігіттердің ішіндегі Құртымбай деген кісі арқылы Сұраншыға хат жолдап, оған іш тарта сөйлеп, егер Сұраншы қайта оралса, патша үкіметі оны кешіреді деп жазады. Және осы хатында Нарбота жөнінде өзінің ойын білдіреді: – «Мен қазақтардың жаласына (наветам) сенбеймін. Ал егер Нарбота «Қайтып кел­гендерді орыстар өлтіреді» деп, қорқытып жүрсе, мұны мен Нарботаның Шапыраштыға бас би болу үшін істегені деп ұғам» дейді Колпаковский. Сұраншы өз кезегінде Колпаковскийге хат жазып, Қоқан ханының әскері, оның саны, қару-жарағы, т.б. туралы ақпар береді.
Осы мезгілде қырғыздың Құдайберлі деген бегі қоқандықтардың айдап салуымен Керім деген қазақ байының ауылын шауып, оның малын, мүліктерін тартып алып, озбырлық жасайды. Осы жолда Құдай­бер­лінің адамдары Михаил Жданов атты орыс казагын ұстап алады. Сұраншы Керімнің малын қай­тар­тып, Ждановты тұтқыннан босатады.
Біздің ойымызша, бұл оқиғалардан мынандай жәйтті аңғаруға болатын секілді. Біріншіден, Сұраншы өте сақтықпен, алдын-ала ойланып барып, іс-әрекет­ке көшеді. Екіншіден, Колпаковский Сұраншының зор қабілетін, қадір-қасиетін жоғары бағалайды және батырдың қалай да өз жағында болуына барынша мүдделілік танытады. Үшіншіден, Колпаковский қазақ арасындағы келеңсіздіктерді жақсы біліп, соны пай­да­лануға тырысады, Нарботаны Сұраншыға қарсы қой­мақ, оны батырдың бақталасы етіп көрсетпек. Мұн­дай жымысқы пиғылын ол үнемі жүзеге асыруға ты­рыс­қан. Оны Сұраншы мен қырғыз Үмбетәлінің арасына от салып, оларды араздастырып, бір-біріне дұш­пан ету керек деген сөзінен де байқауға болады.
11. 1862 жылы 26 сәуірде Колпаковскийдің отряды Қордай асуына бекінеді. Осы мезгілде Сұраншы онымен кездесіп, көктемде, мамыр айында өзінің ауылдарымен бірге Қастекке көшетінін айтады.
12. 1862 жылғы 21 мамыр. Колпаковский бұл туралы корпустың командиріне хат жазып, Сұран­шы­ның қайтып келуіне рұхсат етуді өтінеді. Ол былай деп жазады: «Шудың арғы жағында болған кезде Сұран­шы бізге қарсы ешқандай жамандық істеген жоқ, ол Қанатша тобырында амалсыз қалды. Сонда, Шудың арғы жағында жүргенде де ол менімен байланыс жа­сап тұрды және қайтып келуге ниет білдіріп жүр­ді».
13. 1862 жылғы 16 маусымда Колпаковскийдің өтінуінің нәтижесінде Томск губернаторы Сұраншыға, Диқанбайға, Андасқа, Сыпатайға кешірім жасайды. Олар осыдан соң өз ауылдарымен орыс жағына көшіп келеді.
14. 1864 жылдың 25 қаңтары түнінде қоқан­дық­тарды жақтап жүрген қырғыздың Соты руының манаптары Сұраншының ауылдарына шабуыл жасап, Сұраншының 5 мың жылқысын барымталап әкетеді. Сұраншы 300 барымташыны қуып жетіп, ұрыс салады, алайда, жігіттерімен бірге ол қолға түсіп, қыр­ғыздар тұтқынға алады.
15. 1864 жылғы 24 ақпанда Сұраншыларды орыс әскері тұтқыннан босатып алады.
16. 1864 жылы көктемде орыс әскері Қоқан қаласына екі жақтан, Перовскі мен Верныйдан жорыққа шығады. Бұл жорыққа Сұраншы да қатысады. Осы жорықта болған Шоқан Уәлиханов Гутковскийге жазған хатында былай дейді: «Шудың арғы бетіндегі қазақтар мен біздің қазақтар арасында келіспеушілік басталды, енді олардың араласуы үзілді, бұдан былай Шудың арғы бетіне өткендер еркінен айырылады, Сұраншы мен Сыпатай оларды орыстардың қолына тапсырады».
Шоқанның мына сөзіне қарағанда Сұраншы мен Сыпатай бастаған қазақтар Шу өзенінің бергі жағын­дағы орыс әскерінің қарауында, ал Шу өзенінің арғы жағындағы қазақтар қоқандықтардың қарамағында болып, екі жақтың ортасында қалған тәрізді. Ағайын-туыстар екіге бөлініп, бір-біріне қатынай алмай, екіұ­дай күй кешкен қазақтар бір жартысы орыс отрядымен, екінші жартысы қоқан сарбаздарымен болып, бір-біріне қарсы соғысқан. Бұл жағдай кейін Ұзынағаш шайқасында да, одан кейінгі ұрыстарда да қайталанады.
17. 1864 жылғы шілде. Оңтүстік өлкесін қоқан­дықтардың азат ету үшін болған соғыстарға қатысып жүрген Сұраншы батыр Сайрам бекінісіне жасаған шабуыл кезінде ерлікпен қаза табады.
Міне, Сұраншы Әкімбекұлы жайындағы хатқа түскен ресми қағаздар мен құжаттардан алынған мәліметтер – осылар («Творчество Джамбула» кітабы бойынша).
Әлбетте, бұл деректер, біріншіден, толық емес, екіншіден, мұнда тек Ресей өкілдері жазған деректер, ал олар біржақты екені де күмәнсіз, сол себепті, үшіншіден, Сұраншы, Саурық бастаған қазақ жасақ­та­рының нақты шайқасы, іс-әрекеті, әскери қимыл­дары мен айла-тәсілдері көрсетілмеген. Оны көрсету орыс ұлықтарына ұтымсыз еді. Сондықтан бұл мәліметтерді сын көзбен қарап, дұрыс зерделей білу керек. Қазақ жігіттерінің ұрыс кезіндегі әрекеттерін, олардың кейбір істерінің себебін толығырақ және анығырақ білу үшін ел жадында сақталған естеліктер мен әңгімелерді, өлеңдер мен аңыздарды ескеру қажет және сол шайқастарға қатысқан Сүйінбай ақынның, оның шәкірті Жамбылдың шығармаларын қарас­тыру керек. Сондай құн­ды дүниелердің бірі – кезінде Жамбылдың өзінен және Жәкеңмен тұстас шежіре мен тарихты білетін ел ақсақал­дарының айтуынан жазып алған белгілі жазушы Са­парғали Бегалиннің материалдары. Ол кісі жинаған мол материал шамалы ықшамдалып, 1996 жылы Жәкеңнің туғанына 150 жыл толған тойына арналып, «Жамбыл. Өмірбаяндық хикаят» деген атаумен жария­ланған болатын. Енді сол кітаптағы Сұраншыға, Саурыққа, т.б. оқиғаларға қатысты мәліметтерді де қарап, ресми құжаттарда айтылған кейбір факті­лермен салыс­тырып көрейік. Міне, осы кітапта айтылатын жәйттер Сұраншы мен Саурықтардың іс-қимылдарын нақтырақ, анығырақ көрсетеді, құрғақ фактілерге қан жүгіртіп, жан бітіреді. Әрине, оларда қоспалар да болуы мүмкін, бірақ фактілердің ізі, оқиғалардың, іс-әрекеттердің түп негізі сақталуы ғажап емес. Рас, бұл естеліктер мен әңгімелер қай оқиға қай жылы болды деп анық айта бермейді. Бұл жерде ауызекі ел арасында айтылатын тарихи оқиғалардың көп жағдайда нақты өзі емес, оның ізі, сұлбасы сақтала­ты­нын да ұмытпаған жөн, бірақ соған қарамастан ондай әңгіме, аңыздарда белгілі бір дәуірдің, қоғам­ның жалпы ауаны, жай-күйі көрініп тұрады. Соның бір айғағы – С.Бегалин жазба­ла­рындағы қоқан­дық­тар­дың қазақ жұртына жасаған зорлық-зомбылық­тары­ның және соның қазақ елінің ашу-ызасын келті­ріп, Жетісу халқының қол жинап, қарулы қарсылыққа шыққанының дәл баяндалуы.
«Жетісу елін, – деп жазылған кітапта, – Қоқан әкімдері алыстан билеп, зекет, құшыр деп бір алып, баж деп үстемелі алым-салықтарын мезгіл-мезгіл жинап отыратын болған. Меркеде тұратын Құсбегі деген бектер бегі бұл тұстағы елге ойына келгенін істеп, талай зорлық жасайды. Зекет пен құшырдан, баждан айырықша керек деген дүниені қолмен алу, кейбір көңілі түскен қыз-келіншекті жинап алып, қыз ойнақ істеу сияқты ерсі бұзақылық та болады...» (15-б.).
Кітапта айтылып отырған жағдай ХІХ ғасырдың 30-40 жылдардың шамасында болған секілді.
«Бұл кез, – деп жазады С.Бегалин, – Жетісуға қараған Шапырашты, Дулат руларының бір жағынан қырғызбен де, Қоқан қолымен де, қытай қолымен де арпалысып шабысып жүретін кезі болса керек...» (Сонда).
Әрі қарай оқиық: «Елдің көңілі ала болып, бектер бегінің озбыр мінезінен жиіркеніп тұрған кезінде орта жүзді бағындырған орыс патшалығының елшілері де Жетісу еліне біртіндеп бас көрсетіп, сөз салады...» (Сонда, 16-б.). Бұл жағдай ХІХ ғасырдың 40-шы жылдары қалыптасқан еді. Жетісу жеріне орыстар да, қоқандықтар да, қырғыз манаптары да көз тігіп, оның үстіне Кенесары Жетісуға бет бұрып, жағдай өте шиеленісті еді. Елдің есті азаматтары бұл тығырықтан шығудың амалын іздеп, шарқ ұрады. Олар Қоқанның үстемдігінен, қырғыздардың шап­қыншылығынан құтылу үшін орыс әскерлерінің күші мен қаруын пайдалану қажет деп ұғады. Енді ел орыс қолының алдынан шығуға қамданады. Бұл кезде Есқожадан шыққан Сұраншы батыр да орыс қолының алдынан шығуға келе жатыр деген хабар келеді. Осыны естіп Сарыбай Сұраншыға келіп қосылады. Сұраншымен қосылып Қаратал бойында орнап жатқан орыс қолына барады...» – деп жазылған С.Бегалиннің кітабында (18-б.).
Расында да, ресми құжатта бұл дерек бар. Бұл оқиға 1846 жылдың маусым айында болған. Онда Сұраншыға ілесіп, орыс қолына Қожантай, Балтық деген батырлар да барады, олар орыстармен Қаратал өзенінен өтіп, әскери қимылдарға қатысады. Бұл жағдай С.Бегалин жазбаларында жоқ, есесіне кітапта Сұраншы бастаған қазақтардың орыстарды Іле өзенінен қалай өткізгені кең айтылады.
«Сұраншы батырды орыстар көңілді қабылдайды. Өйткені, орыстарға бұрын танысып жақындасқан Жалайыр адамдары Сұраншының мақтауын жеткізіп, оның беделді батыр екенін айтып ұғындырған болатын... Орыстың қолын Іледен бастап өткел тауып өткізуге Сұраншы, Қожантай, Балпық батырдың баласы Тіленші ие болады.
Орыстың бір топ қолын Балпық баласы Тіленші, Есқожа, Сұраншы бастап Қапшағайдың аяқ жағын­дағы Үшаралдан төмендеу атпен өтетұғын жерден алып өтеді. Бұл Іленің бұрынғы белгілі өткелі екен. Осы өткелде жас жігіт Сарыбай өте қайраттылық көрсетіп, көп қиямет істейді. Орыстың әскербасы Сарыбайға аса разы болып, бұларға көп сый, әскер береді... Алды-артын жиып алғаннан кейін орыстың әскербасылары қазақтың өздеріне сенімді адамдарын алып, алдағы шабуылдың жөнін кеңеседі. Осы кеңестің ішінде Тезек Төре, Қожантай, Әбілестер болады. Сарыбай орыстарға жол тауып беретін қолды бастап отыратын жершіл ретінде алынады...» (18-19-бб.).
Осы оқиға, әсіресе, Сарыбайдың ролі, оның Сұран­шымен бірге болуы, орыстарға жасаған көмегі жайында ресми құжаттарда айтылмайды. Мұның себебі түсінікті. Орыстар қазақтардың ерекше батылдығын, тапқырлығын көрсеткісі келмеген. Әскері өте алмай тұрған өзеннен қазақтардың өткізуі, алда болатын шабуылдың жоспары туралы қазақтармен ақылдасып шешуі – орыстардың беделіне нұқсан келтіреді, әрі олардың қиыннан жол табуға қауқарсыз екенін жасыру керек деп ойла­ған.
С.Бегалиннің жазбасында шабуыл жоспары бекігеннен кейін орыстар мен қоқандықтардың алғашқы қақтығысы болған, бірақ бұл үлкен соғыс болмаған. Сол себепті де, ресми құжаттарда бұл ұрыс көрсетілмеген болу керек.
Ресми құжаттар бойынша орыстар мен қоқан­дық­тардың алғашқы үлкен шайқасы Тойшыбек бекінісінің маңында 1848 жылы болады. Сұраншы сарбаздары бұл шайқасқа қатысқан. Қоқандар 3 мың әскері болса да жеңіліс тауып, қашуға мәжбүр болған.
Айтпақшы, осы Тойшыбек бекінісінің оқиғасына қатысты Шоқанның да ескертпесі бар. «Орыстар Іле өзенінен алғаш рет 1851 жылы өтті, – деп жазады ол. Капитан Гутковский бастаған отрядқа Тойшыбек тығылып жатқан бекіністі талқандау міндеттелген еді. Тойшыбек Ташкенттен келетін керуендерді тонайтын және қазақтарды орыстарға қарсы қоятын. Алайда, бұл отрядтың саны аз болды және қазақтар орыс­тарға салқын қабақ танытты, сөйтіп, отряд Іледен қайтадан өтіп, кері қайтты. Келесі [1853] жылы Іленің арғы жағына жаңа отряд жіберілді, бірақ ол бекіністе қыпшақтар жоқ боп шықты. Ақсу өзенінің бойындағы сол бекініс сонда қиратылды».
Осы орайда ескерте кететін нәрсе – екінші отрядтың шығуы 1851 немесе 1852 жылы болуға тиіс, ал Шоқан еңбегін жариялаушылар [1853] деп шаршы жақшаға алып көрсетіпті, себебі, Шоқанның қолжазбасында бұл жыл көрсетілмеген. Міне, Тойшыбек бекінісі мен оның қирауы туралы ресми құжат пен Шоқан жазуының арасында айыр­машылық бар. Мұндай өзгешелікті С.Бегалин жазбаларында да кез­дес­тіреміз. Мұнда Тойшыбек қо­қан­дық­тармен бірігіп, Тілеу­қабы­л жұр­тын шабады. Осыны естіген Сұраншы атқа қонып, жігіт­тер­мен шабуылға ұшы­раған елді құтқаруға аттанады. Сұ­ран­шымен осы ұрысқа қа­тыс­қан Райымбек деген кісінің мы­нан­дай естелігін келтіреді С.Бегалин: «Сұран­шыға хабар келгенде, мен де қасында едім. Қарға­лының беткейінде, ауылдың сыртында тоғыз құ­ма­лақ ойнап отыр еді Сұраншы. Екі торы аты терден бурыл кеткен Ті­леуқабыл елінің шапқыншысы келді. Қос атпен кісі келе жатқанда-ақ, Сұ­ран­­шы құмалақты жайып күтіп отырды.
– Тойшыбек бастаған Қоқанның қолы Берке­дердегі Тілеуқабылды шапты, елдің ақсақалы сізге жіберді, – деді шапқыншыл. Сұраншы көп сөйлемейтін кісі еді. Аз ойланып отырды да:
– Тігіңдер туды! – деді. Кәшке туын көтерген соң-ақ сол жердегі Есқожа, Екейдің барлық ер азаматы атқа мінді. Небәрі 800-дей ғана кісі болды. Қол жөңкіле төмен түсті. Сұраншы аулының барлық жарамды ат-айғырын мінгізіп, қара көбейтіңдер деп, малшыларына дейін қалдырмады... біздің қол жөңкіліп Қопаға шауып, біресе Құтырғанға қарай шауып, ат та барлықты. Бір мезгілде Сұраншы: «Қо­қан­ның қолы Қопаға қоныпты. Енді ол бүгін көш­пейді, түнде тиеміз, атты біраз тынықтырып ала­лық», – деп қолға аралап жүріп айтты да, өзі Жанжігіт, Төбет деген жерге әкеліп қолды түсірді. Елдің бәріне отын шаптырды. Бір кісіге үш жерден атын үйдіріп, күн бата барлық үйген отынға от қойғызды. Ел жата 300 кісіні үшке бөліп, үш жақтан тұтатқан бұтаны ат­тың құйрығына байлатып, ел жата жатқан қолға ке­ліп тиіп жіберді.
Сұраншы қолдың алдымен Қоқан қолының ортасына өзі кіріп, алдымен туды шаншып түсірген. Қаптаған от, көтерілген шаң өзінен-өзі дүрліккен, жай жатқан алаңсыз қол есі шығып, басқарылып соғыса алмай қашқан. Қашқан жауды жетіп түсіре бердік...» (50-б.).
Мұнша ұзақ мысалды кітаптан келтіруіміздің бірнеше себебі бар. Біріншіден, оқиғаның ішінде болып, бәрін көзімен көрген Райымбек ақсақалдың естелігі – кәдімгі тарихи құжат секілді, онда оқиға әдемі, кең баяндалған. Екіншіден, бұл естелікте Сұран­шының нақты ісі, ерлігі, тапқырлығы, ұрыс жүр­гізу айла-тәсілі өте жақсы көрсетілген. Ресми құжат­тар­да мұндай нәрселер бұлайша айтылмаған. Үшін­ші­ден, естелікте жақсы сюжет бар. Бұл сюжеттен Сұраншының батырлық келбетін айқын көруге болады, сондықтан да осы сюжет ел арасына аңыз боп тараған, сондықтан да Сүйінбай мен Жамбыл өз дастандарында осы сюжетті негізгі арқау етіп алған. Төртіншіден, Райымбек ақсақал айтып берген бұл оқиға ресми құжатта 1848 жылы болған делініп, орыс әскері мен Қоқан сарбаздарының арасында болған шайқас деп айтылады. Ал, Райымбек ақсақалдың айтуында бұл шайқаста орыс жағы аталмайды да және бұл ұрыстың пайда болу себебі – Тойшыбек пен Кәрім деген екі құданың ерегісі болған тәрізді. Тойшыбектің ашумен қоқандықтарды бастап келуі, содан соң қоқандардың қазақтарға істеген айуандығын көріп, ұрысты тоқтатуға шамасы келмегені де айтылады.
Сапарғали Бегалиннің жазбасында мынадай оқиға бар:
«1861 жылы Колпаковский июнь айының ішінде Алматыдан шығып, Қаракәстекке барып, ондағы бекіністен асып Қоқан қолының алдынан жер шала жүрмек болғанда, Қоқан қолы келіп қалғанынан хабар алып, тоқталған. 8 июль күні Жиренайғырда соғыс болып, Қоқанның қолын бастап келген Рүстембек жеңіліп, қайта қашқан.
Августың 28-күні қасында 150 жігіті бар Тезек Колпаковскийге қосылған. Сонан Пішпекті алғанда да бірге барған. Сол жылы октябрь айының басында Сұраншы Пішпекке тыңшылыққа жіберіліп, сол барғаннан келмей, Қоқанның қолына қосылады. Октябрьдің 15-күні Колпаковский Тезекке және Сөктің баласы Жанғазыға, Әділев төреге хат жазып, Қанағатшаның қолының келіп қалғанын айтып, көмек сұрайды. Міне, Тезек орыс қолына өте көрнекті басшы болған. Ұзынағаш соғысының алдында Тезекке капитан атағы берілген.
Ұзынағаш соғысында Колпаковскийге көп жәрдем көрсеткен Қожақұл Байсерке баласына орден берілген.
Әбіл Әділевке алтын медаль берілген...» (Сонда, 52-53-бб.).
Осы айтылған жәйттер ресми құжатта көр­сетіл­мейді. Құжатты жазғандар орыс әскерінің басшысы Колпаковскийдің қазақтардан көмек сұра­ғанын және ондай көмектің болғанын хаттауға намыстанған болу керек. Ал, Сұраншының тың­шылыққа барып, одан қайтпай, Қоқан ішінде қалуы құжатта бар факті. Атақты Ұзынағаш шайқасынан кейін болған бұл оқиғаларда ерекше көзге түскен жігіттер марапатқа ие болады. Бұлайша қазақ адамдарына шен-шекпен беру – орыстардың әдеткі ісі болатын. Мұндай тәсілді қоқандықтар да қол­данған.
Жалпы, Жетісу жерін азат етуде Ұзынағаш шай­қасы үлкен роль атқарды. Оған орыс әскерлерімен қатар, жергілікті қазақ азаматтары белсене қатысты. Рас, олардың бір тобы орыс жағында болса, бір тобы қоқандарды қолдады. Мұның өзі қазақтардың орыс­тарға да, Қоқанға да сенбейтінін, екі жақ та қазаққа дұшпан деп түсінгенін айғақтаса керек. Осы тұста Сұраншы, Андас, Диқанбай сияқты атақты адамдар қоқандықтардың ішінде қалады. Бұл ресми құжатта бар, бірақ ұрыстың қалай болғаны айтылмайды. Бұл жағдайлар туралы 2010 жылы жарыққа шыққан «Қазақстан тарихынан» мынандай деректерді оқуға болады:
«1860 жылы орыс әскерлерінің қоқандықтарға қарсы белсенді соғыс қимылдары басталды. 26 тамызда – Тоқмақ, 4 қыркүйекте – Пішпек құлады, 24 қазанда – Ұзынағашқа жақын жерде шайқас болып, онда Алатау округінің бастығы подполковник Кол­паковскийдің 3 ротадан, 4 жүздіктен, 6 зеңбірек­тен және 2 ракеталық станоктан тұратын отряды қоқан­дықтардың едәуір күштерін (30 мыңдай адам) ірі жеңіліске ұшыратты» (3-б., 370-б.).
Енді Ұзынағаш шайқасы туралы ел адамдары С.Бегалинге айтқан сөздерін оқиық. «Ұзынағаш соғысына Қоқан қолын бастап келген Қанағат та жеңіліп қайтады. Ал ол соғыста Сұраншыны Колпаковский қырғыз ішіне және Пішпекке тыңшылыққа жіберген. Сұраншы барған жерден барып қырғыздар мен Қоқан қолына қосылып келмей қалады... Өмірзақтың (ауыл ақсақалы – С.Қ.) айтуында, Қоқанның қолымен қосылған қырғыздың қолы Аңырақай, Үштөбедегі Қыбырай елін шапты. Сонан хабар келіп, Сұраншы соны айыруға барып, соғысып, қоқандықтарды қашырды дейді» (48-б.). Осы соңғы оқиға ел есінде Аңырақай соғысы деп қалған болу керек. Олай дейтініміз – Сұраншы батыр туралы жазған авторлардың біраз осы ұрысты 1853 жылы болған дейді (Қараңыз: Қазақ совет энциклопедиясы. 10-том, 1977; Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8-том. А., 2006). Алайда, бұл оқиға туралы ресми құжаттарда нақты мәлімет жоқ, бірақ Жамбылдың «Сұраншы батыр» жырында Сұраншының Аңырақай­дағы шапқыншылыққа ұшыраған қазақ жұртын азат етуге аттанғаны, қоқандарды қуғаны кең, эпикалық планда баяндалады.
Жалпы, Сұраншы қатысқан соғыстар ресми қағаздарда түгел болмаса да, бірсыпыра қамтылған. Соның бірі – Сұраншының қырғыздармен шайқасып, тұтқынға түскені. Мәселен, Сұраншы жөнінде «Түркістан уалаяты» (дұрысы – «Туркестанский сборник» – С.Қ.) деген Азияны патша үкіметі жаулап алуы жөнінде үлкен жинақтар бар. Сол жинақтың 1864 жылға арналған 17-томының 76-бетінде Сұраншы туралы мыңдай мәліметтер бар. 1864 жылы 23-январьда прапорщик Сұраншы Хакимбектің аулына қырғыздың манаптары (Солты руынан Жанқарат пен Бәйтектің жақындары Қоқым, Шайбектер) келіп 5 мыңдай жылқыларын алған. Сұраншы қырық кісі­мен қуып, өзін де қырғыздар қолға түсіріп әкеткен.
Қырғыздар Сұраншыны байлап әкеткен соң, Есқожаның кісілері шауып келіп генерал Дюгамелге білдірген.
Сол қырғыздар февральдің бірі кезінде Қасқарау руының Қыбырай деген атасының 50 ауылын шауып, көп малын алған. Осы хабармен генерал Дюгамел қырғыздарға кісі жіберіп, Сұраншы мен Андасты босаттырып, Қыбырайдан алған мал, шапқан елді Ешкім («Ешкілі» болар – С.Қ.), Ырғайлы тауларында барып айырып алған» (С.Бегалин кітабы. 48-б.). Осы оқиғалар да кейін Сұраншы туралы жыр-әңгімелерге көркем жинақтау тәсілімен енген болу керек.
Осы 1864 жылғы қыс пен көктемде болған оқиғалардан кейін Сұраншы өз жасақтарымен Оңтүстікте болған шайқастарға қатысады. Өкінішке орай, Шымкент маңындағы Сайрам бекінісіне шабуыл кезінде опат болады. Бұл туралы Ресейдің беделді әскери басылымы «Военный сборник» журналының 1865 жылғы № 5 санында (312-бетте) Сұраншы 1864 жылы мерт болды деп жазылған. Бұл мәлімет С.Бегалин кітабында былайша беріледі: Орыстар 1865 жылы Ташкентті алады, бірақ «Сұраншы Ташкентке жетпей, Сайрамдағы қорғанға орыс қолы кіріп, сонда бір үйдегі үпке кірген жерде, тығылып отырған қоқандықтар атып өлтірген» (48-49-бб.). Сөйтіп Сұраншы батыр өз аулын ғана емес, Жетісуды ғана емес, бүкіл Оңтүстікті шапқыншылардан азат етті, осы жолда ол өзін пида етті. Демек, ол күллі қазақ халқын отарлықтан құтқаруды ойлады, сол үшін жанын аямай күресті, – деп айта аламыз.
Сонымен, ойымызды қорыта айтар болсақ, біз Сұраншы туралы ресми хатталған мәліметтер мен ел жадында сақталған оқиға-әңгімелерді шамамыз келгенше қамтып, барын-бар, жоғын-жоқ күйінде, ештеңені асырмай, ешнәрсені жасырмай тізбелеп, саралап шықтық. Біздің ойымызша, келтірілген фактілер бойынша Сұраншының өмірбаянын шамалап түзуге, оның атқарған істерін нақтырақ түрде анықтап көрсетуге болатын секілді. Бұл – келешектің ісі.

Түпнұсқа: Қазақ әдебиеті