Ақыртас ақиқаты әлемге танылуы керек.
17.08.2013 2486
Ақыртас ақиқаты әлемге танылуы керек.

Ақыртас жайлы тарихшылар арасындағы пікір бір-біріне ұқсамайды. Біреулер Ақыртасты Александр Македонский салдырған десе, енді бір тарихшылар мұны гундардың қолтаңбасы деп есептейді.

Соңғы кезде Ақыртастың құрылысы мен Мысырдағы Хеопс пирамидасы арасындағы ұқсастыққа тарихшылар ерекше ден қоя бастады.

Айталық, Мысырдағы ең әйгілі Хеопс пирамидаларының соғылу тәсілдеріне көз жіберер болсақ, сонау 100 метрден аса биіктікке ірі тас блоктарды құрылыстың іргесіне құм-топырақ үйе отырып, сол арқылы тас блоктарды бөрене арқылы сүйреп шығарған. Осы тәсілдерді Ақыртас құрылысына да пайдаланған. Ғимараттың ірге тасының астынан қазып алынған мыңдаған текше метр топырақты сырт қабырғаларға жапсарлап, үйе отырып ауыр тас блоктарды бөрене арқылы сырғыту әдісімен жүзеге асырған. Ақыртас пен Мысыр пирамидалары арасындағы ұқсастық қазақ тархшылары үшін жаңалық емес. 1967 жылы 22 шілдеде «Ленинская смена» газетінде Хеопстың геометриялық кординаттары мен Ақыртас қалашығы арасындағы ұқсастық жайлы мақала жарияланды. Авторы қалашық құрылысына зерттеу жүргізген инженер – Виктор Луппорт. «Ақыртастың құрылысы орналасқан жерден 200 метр тереңдікте ежелгі өркениеттің бізге белгісіз храмы жатыр» деген болжамды айтқан. Кейін бұл пікір тараздық көріпкелдердің «Ақыртаста жатжұрттықтардың космодромы орналасқан» деген дақпыртты таратып жіберуіне себеп болыпты. Жақында Ақыртас қалашығына экспедиция жасаған Арслан Ақжігітов журналистермен кездескен кезде: «Біз ежелгі қалашықтың құрылысын анықтау үшін құны 15 мың АҚШ доллары тұратын сейсморадарды пайдаландық. Зерттеу нәтижесінде 200 метр тереңдікте жатқан бос кеңістіктің бар екені белгілі болды» депті.

«Ежелгі Тараз» мемлекеттік қорық мұражайының директоры Тәкен Молдақынов: «Ақыртас майя пирамидаларын еске түсіреді. Баспалдақ сияқты салынған» дейді. Ал неміс зерттеушісі Брентьес: «Ақыртасты Араб қолбасшысы Кутейбаның бұйрығымен терістіктегі резиденция ретінде салынған. Нақты соғылу мерзімі 714 – 715 жж», – деп қадап айтады. Тарихшылар соңғы кездері «Ақыртас VIII ғасырдың басында Араб қолбасшысы Кутейба Ибн Муслима өзінің бекініс сарайы ретінде Араб құрылысшыларының көмегімен соқтырған, Мысыр пирамидаларының жалғасы болуы мүмкін. Кутейба кенеттен қайтыс болғандықтан, оның құрылысы аяқталмай қалған» деген дәйекті көбірек құптап жүр. Өйткені оның қабырғаларының ені екі метр болатын бөлмелердің іші қуықтай. Тұрғын жай ретінде пайдалануға арналмағаны көрініп тұр.  Демек оның тарихи құны Мысырдың пирамидасы Хеопспен тең болып тұр. Хеопс пирамидасы әлемдегі жеті кереметтің бірі деп ғаламдық деңгейде танылған. Ал Ақыртас ЮНЕСКО-ның, тіпті қарапайым жай ескерткіштердің де қатарында жоқ.

Қазір дүниенің төрт бұрышына Ақыртасты таныстырудың тарихи сәті туып отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық күре жолы мен Ақыртастың ара-қашықтығы бар болғаны 6 шақырым.