Миллениумдер немесе Абай хакім
10.08.2020 2205

«Жарылыс басы қозғалыс» дейді Шәкәрім қажы. Рас, қозғалыс болмай кез келген дүниенің шын дамуы қиын. Қозғалыс бейнебір ағын су тәрізді. Ол тоқтағанда адам ақыл ойы да тоқырауға түседі. Мұны айтып отырғанымыз абайтану ғылымы да дәл осылай ұдайы қозғалыста болуы шарт. Сөз жоқ, әр буын Абайды әр ракруста бағамдайды. Сондықтан шығар ең анық Абай мен ең әділетті зерттеу жаңа буынның еншісінде дейміз. Марғасқа Міржақыптың: «Зәредей шүбә етпейміз. Абай өлген күннен қанша алыстасақ, соншалықты рухына жақындармыз. Замана бұл күйде тұрмас, ағарар, өнер-білімге қанар, сол кезде Абай құрметі күннен-күнге артар...» деп отырғаны да осы ғой. Ендеше Абайдың шын құрметі мен анық сыры осы жас көзқарас пен жаңа пікірдің тезінде дейміз.

Осыған байланысты біз жас абайтанушы, Еуразия Ұлттық университетінің PhD докторанты, Haileybury Astana мектебінің ұстазы, халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері (АҚШ) Ақниет Озатұлының Абай идеяларын бүгінгі замана шындығымен байланыстыра отырып өрбіткен әңгімесін өздеріңізге шын көңілімізден ұсынып отырмыз.



-Ақниет сен миллениум, яғни 2000 жылыға дейін дүниеге келген буынсың ғой. Сенің көкірек көзіңе Абай тұлғасы қалай көрінеді? Ең әуелі әңгіме әлхиссасын осыдан бастап кетсек?

-Бұл – әлеуметтік анықтама екі мыңыншы жылға дейін өмірге келген буын атауы ғой. Рас, әр уақыттың өз постулаттары мен ерекшеліктері болады. Абай мұны:

«Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек», – деп өрнектейді. Ең қызығы,   бұл ұрпақ Кеңестің империяның ыдыраған кезеңін де, ел тәуелсіздігінің алғашқы алаң елең кезеңінде көрген буын. Қысқаша айтқанда, екі үлкен әлеуметтік шақты көрген, «милен» яғни латынша «ортасын» көрген толқын. Бізден кейінгі Z ұрпақтары – таза технологиялық дәуірдің буыны. Цифрлық аскетизм, популизм элементтері басым топ.

«Жас өспей ме, жарлы байымай ма» дейді атам қазақ. Қазірде осы миллениумдер есейді, қоғам өміріне ендеп араласа бастады. Осы буынның өкілінің бірі де мына бізбіз. Қытайда мынадай бір тамаша нақыл бар ғой: «Сіз менен қаншалықты кіші болсаңыз, соншалықты үлкенсіз». Айтпағы, жасың кіші, демек уақытың, мүмкіндігің, қуатың қалайда менен артық дегені ғой. Бұл – өмір заңы, жаңа ескіні жөндейді, дамытады, өзі ескіге айналады, ары қарай өмір ағылшындар айтқандай Cyrcle of life, Абайша – алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер. Алайда бұл арадағы ең үлкен ТРАГЕДИЯ – ескінің өз автократиясын қолданып, жаңаны жеңуіне жол бермеуі ғана. Онда әділет низамы бұзылады. Былайша айтқанда, кезіндегі Nokia «мен ғана бармын, енді жаңа ештеңе болмайды» десе, Android, Apple ұсынған озық смартфондар шығар ма еді? Бұлар да ескіреді, жаңасы, үздігі тууы керек.

Жоғарыда айтқанымыздай кейінгі толқын бізден анағұрлым озық болатыны анық. Мүмкін олардың Абайы басқа болар, тіпті Z ұрпақ миллениум өкілінің өзін ескіге балайтын шығар. Бұл енді өмірдің қарапайым ғана өз күрес заңы емес пе.

-Қай буынның болсын арман тілегі тек бір жағдайда ғана жүзеге асады ғой. Бұл азаматтық қоғамның әділеттік принциптері дер едік. Бұл жағынан Абайдың әділет ұстанымы осы үдеден шыға ма? Қалай ойлайсың?

 

-Абай түсінігінде: Әділет – көп азығы. Қоғамды ұстап тұрушы шеге тәрізді   гармонияның негізі. Абай қарасөздеріне үңілсек сол кездегі қазақ қоғамы: қулық, сұмдыққа салынып дегредация үстінде болғандығын көреміз. Ал қазір ше? Не өзгерді? Ойланып көрейікші... Әр салада, қызметте, өнерде, тіпті басшы мен бағынышты, университетте, отбасы, ұлық пен кішік, үлкен мен кіші арасында әділет өлшемі қаншалықты сақталады? Бір ой жіберіп көрейік. Сізге өзім естіген осы бір оқиғаны айтып берейін. Досымның:   колледждің 1-курсында оқитын 17 жасар туысы қаладан ауылға демалысқа келгенде аяқ астынана жоғалып кетеді ғой. Үш жылға жуық еш хабар болмайды. Кейін табылып не болғанын өз ауызынан сұрайды. Оқиға былай болған екен. Кешқұрым көлікке отырған бір топ жігіт оны бас салып ұрлап кеткен. Құл қылып ұстаған осы үш жылдық ит өмірден әйтеуір ебін тауып сытылып шыққан. Кейін әрине, әділет іздеген, бірақ ештеңе дәлелденбеген. Ұстаған жерін де дәл көрсете алмағандықтан іс жабылған. Дұрысы ішкі істер қызметкерлері дәлелдеуге еш тырыспаған. Қысқасы үш жыл уайым-қайғы, арпалыс, шарасыздықтан басқа ештеңе де болмаған. Ең өкініштісі: әлгі жігіттің ғұмыры келте болып, кейін суға кетіп қайтыс болыпты.   Жақында Nur.Kz порталынан Ресей азаматын 20 жыл құл қылып ұстағаны туралы ақпаратты оқып еш таңқалмадым. Іздей берсе, мұндай мың, миллиондаған әділетсіздік алдымыздан кес-кестеп шығатынын сіз бен біз де біліп отырмыз ғой. Қылмыс жасаған ұлықтың баласының құтылып кеткенін (ол қайта белгілі болғаны), тағысын тағы дүниелер жылт етіп кейде кездесіп те қалады. Халық бойындағы ең маңызды ресурс әділетке деген «сенім» азайып бара жатқандай.

Бұл жағдайда біз үшін қазіргі ең үлкен дерт ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ КӨЗ ЖҰМА қарай бастағанымыз. Рефлекс азайған. Ең қорқытатыны алдыңғы толқын осыған «жүйе, өмір заңы, немесе жазылмаған, айтылмайтын ережелер» – деп ат қойып, жеңілгендігі. Ол дерт симптомы біздің толқында да бар. Хәкім айтқандай: «Әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын болса да, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау, – жоқ бізде. Танымда ең абзалы қайсарлықпен күресу, ең әлсізі жүрегіңмен болса да, ренжіп, әділетсіздікке қарсы болу еді ғой? Ал біз ең әлсіз түрінде көрсете алмай жүрген жоқпыз ба?  

Абай әділет түсінігіне оппозиция ретінде 38-қарасөзінде ҚИЯНАТШЫЛ түсінігін айтады. Оған сенсек бұл қиянатшылдар әділет пен махаббаттың жауы. Қиянатшылдықтың салдарынан: жарым адам, жарым ұстаз, жарым молда шығады. Оған қазіргі жаңа мамандық түрлерін қосып алдына жарым сөзін жалғай салуда оңай болар? Жарым журналист, жарым сот... деп тізбек кете берер еді.   Батысқа мәшһүр тәмсілімен айтсақ: жарым мұғалімдерден сауатсыз ұрпақ шықса, жарым дәрігерлерден сау науқас қалмас, керісінше сауды ауру қылу болады. Ал біз осы әділдіктің не екенін білмейтін, жарым адамдардан қалай құтыламыз?

Қарапайым мысал: өзім жұмыс жасап жүрген білім саласынан бір мысал айтайын. Астанада директор болудың ең ұтымды жолдарының бірі қомақты ақша беру керек. Мұны осы салада жүргендердің көбісі біледі. Сөйтіп жүріп өмір сүреді, іс жасалады. Абайша айтасақ: сыбдырмен ғана пыш-пыш, іштей айтылатын салдақы әңгіме. Басшылықта мұны білетініне сенем, соңғы кездегі білім министірлігіндегі лауазымды адамдардың парақорлықпен ұсталуы айсбергтің басы ғана. Тек білім емес әр салада бар болуы әдеттегідей құбылыс.

Ал әділетсіздіктің ең үлкені – КЕШІККЕН ӘДІЛЕТ. Мысалы осыдан 20 жыл бұрын көшеде кетіп бара жаттың делік, біреу келіп қараңғыда пышақтап, сені кемтар қылып, арбаға таңып кетті делік. Жиырма жыл жарымжан өмір кештің, аярлық көрдің. Сосын жиырма жылдан кейін қылмыскер сені тауып ап: «Ол мен едім, кешіре қойшы», – десе не дер ең?

Мүмкін Америкада 46 жыл түрмеде өзі жасамаған қылмыс үшін отырған Уилберт Джонсынның күйін кешер едіңіз. Ал сонымен жиырма жыл қайта ма? Ал осы әділетсіздіктерді көріп, ғұмыры зая кетіп көз астындағы әжімдері тереңдегендердің: «Сендер ол бақытты уақытты көрмессіңдер, әлі талай буын алмасуы керек, бәлкім солар көруі мүмкін», – деген уәжі қайсымыздың көңілімізді жұбатады?

Осы орайда Шымкент шаһарындағы 2006 жылы орын алған: парақорлық, әділетсіздіктің салдарынан желініп кеткен шприц ақшасын да айтуға болады. Сол бір ғана қан құятын құралмен, жүзден астам балаға айықпайтын СПИД ауруы жұғып, өмірге келмей жатып, өз тағдыры ойрандалған сәбилер бейнесі еріксіз еске түседі.

– Оксфорд университетінің профессоры Paul Collier (Пол Коллиер) «Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарысқа прагматикалық тұрғыдан шешім ұсынуға ең басты кедергі келтіріп тұрған нәрсе ол-популизм» дейді. Қысқасы «хайп» мәселесін сөз етіп отыр ғой.

– «Хайп» сөзін бәріңіз білесіздер, оңай жолмен етін ауыртпай, кей көзге көрінбейтін иррациональды ар-ұяттан (мүмкін бұл жоқ нәрсе) аттай салып, атаққа, дүниеге тез қол жеткізу. Бұл, біріншіден, әлеуметтік түсінік. Және негативті сипаты өте басым. Шынтуайтында,п сихология ғылымы: «әр адам

өзін ерекше сезінгісі келеді», – дейді. Сол үшін бастық біреуге айқайлайды,

қарапайым жұмысшының өзі кішкентай билігі болса, соны қолданғысы келеді де тұрады.

Кім болса да, біреудің өзімен санасқанын қалайды. Бірақ қоғамға, қоршаған ортаңа қай салада болса да пайдалы қызмет етіп, прогрессивті үлес қосып, және сол арқылы ел аузында болу   үшін: етті ауырту, ақыл-ойды жұмсау жолынан гөрі, басыңа сәукеле киіп, шешіне салу тер төгуден гөрі ойлануды еш қажет етпейтін жол. Әрине, шешініп жүргендерде бар...

Социумда былапыт сөздер, өзінің сексуальды қалауларын ашық,бүкпесіз айта алатын «Байзаковалардың» фельдшер дәрігермен, шиқы шығып 80 мың теңге жалақы үшін онлайн сабақ өткізіп отырған жас мұғалімнен әлдеқайда көп ақша таба алатынын қалай түсіндіруге болады деп ойлайсыз?   Ең бастысы, осындай көрінбей, еленбей жүріп қызмет ететін, мықты ғалым, ұстаз, дәрігер т.б. культерінің насихаты бізде өте аз. Солардың насихатын «Байзаковалардың» бөксесі мен басқа жерлері басып кете беретіні несі? Шынымен де, қазіргі қазақ руханиятының басты бас ауры: өсек, жұлдыздардың қайда барып, кіммен тұрғаны боп тұрғаны да еш өтірік емес қой?

Ал осыдан кейін сіз Хәкім Абайдың:

Саудасы ар мен иманы,

Қайрат жоқ бойын тыйғалы

Еңбекпен етті ауыртпай

Құр тілменен жиғаны, – деп, тамырын дәл басып, осы ахуалды суреттей салатынына таңқалмай көріңіз. Қазір жас балаларды попькультуралық: әнші, не актер болмай-ақ қойшы, деп көндіру күн өткен сайын қиындап бара жатқаны да рас (профессиионал әншілер мен актерларға үлкен респект). Алты жасар қыздың: «Өскенде түрім әдемі болса модель, түрім онша болмаса мұғалім бола салам», – дейтіні де осыдан болар. Асылында, осыған қоғам сұранысын, интеллектуальды деңгейіне сай қызметін ұсынып отырған жоғарыдағы хайпщылдар емес, тұтынушылардың сіңірген еңбегі орасан. Абайша айтсақ:

«Базарға қарап тұрсаң әркім барар

Іздегені не болса сол табылар»

Осының бәрі арзан дүниелердің манипуляциясына тез елігіш, күйлегіш өзіміз ғой сол баяғы. Манипуляцияға тез жеңілетініміз ішкі сын, терең ой, критикалық ойлаудың жоқтығынан болар, мүмкін? Абай шығармашылығындағы :

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап, – делінетін өлең жолдары он тоғызыншы ғасыр қазағына ғана емес қазіргі біздерге де қаратыла айтпағанына кім қарсы уәж айта алады екен?

Қазір популистер дәуірі туып келеді. Саясаттанушы аналитиктердің қазіргі ең ірі держава АҚШ-тың соңғы президент сайлауында Трамптың жеңіске жетуінің бір себебі, американдықтардың популистік ұрандарға көп құлақ түргендерінен деуі осыдан болса керек. Мүмкін жақсы, мүмкін жаман алысқа бармай-ақ кешегі КВН-шы Зелинский мырзаның бір елдің президенті болып шыға келуі жаңа тенденция бойынша әбден мүмкін іс.   Өзім соңғы екі жылдай ағылшындардың мектебінде жұмыс істеп келем. Сонда байқағаным ағылшындар консервант халық. Себебі популизмге қарсы, әр нәрсені дәстүрге сынатып отырады, мәселенің өзегін өз дәстүрінен іздейді. Шынымен де, кей білімдер жүздеген жылдар бойы уақыт тезінен өтіп нақты, пайдалы өмір тәжірбиесіне айналады. Ескі – жаңаның азығы. Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар. Бізде хайптан, жеңілдіктен, топастандырудан сақтай алатын дәстүрдің озығын Абай ұсына алды. Құдайға шүкір, бағымызға 19-ғасырда Абайдай тұлғаны берді бізге. Бұл – имандай шыным, Абайдың саф ойларын бойымызға сіңіре алсақ болғаны, хайпшыларға басқаша қарарымыз айдан анық деп ойлаймын.

-Ақниет, мына біз мектеп пен университеттен толтыра алмаған рухани вакуумды мешіттің мүгедек уағыздарымен толтырдық. Мұны өз басым мойындаймын. Бұлай айтып отырған себебім, жалпы жастар арасында да осы жағдай әлі де жалғасып отырған секілді. Данышпандар танымы уақытқа ешқашан бағынбайды деп жатамыз. Ендеше осы бір үдеріске Абай тарапынан берілген нақты бір жауап бар ма? 

-Дін – әркімнің жеке мәселесі ғой. Мына дәуірде менікі дұрыс, сенікі қате деп насихат айтып, көпіріп отырудың өзі езбенің ісі. Себебі тура жол бар десек те, оның соңын барып, көріп келген кім бар екен? Біз тура жолдамыз, бері кел, сен адасқансың деп, түзей қоюға, агитация жасап қызыл кеңірдек болуға кім саған рұқсат берді екен осы? Өз тәкәппарлығың ба, әлде нәпсің бе?  

Өкінішке орай қазір дін жеке тұлғаның өз ісі емес, қиянатқа, қоғам ішінде үлкен бас ауруға айналғанын көріп отырмыз. Әсіресе үлкен күшке ие, қатарына өнер, спорт, билік тарапынан көп адам тартып отырған «измдер» идеологиясының ықпалы өте зор. Осы жердегі сол топ атауларын, «надандық» сөзімен алмастыра салсақ та қатты қателеспейміз. Осы орайда Абай бізге не дейді, қалай көмектесе алады? Оның шығармашылығында дәл осы сұрақтарға қатысты ойлар өте көп. Соның тек кейбіріне ғана үңіліп көрейік: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар дүниеде одан басқа». Я болмаса...

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сенде сүй сол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй Хақ жолы деп әділетті.

Байқасақ екі өлең жолдарынан да адамға деген сүйіспеншілікті аңғарамыз. «Сен тура жолда емессің, кәпірлеу адамсың» – деген мысқалдай болса да агрессияны байқамайсың. Жеке бұл емес Абайдың барлық дінге қатысты пікірлерінде ешқандай фанатизмдік ашу-ыза жоқ. Шыныменде, ой өрісі тар, саяз адамдар ғана өзінікін дұрыс санап, пікірін тықпалауға тырысатыны бәрімәзге мәлім. Өйткені дін қазір фобиялық сипат алып барады. Адамдар діннен қорқа бастады. Мүмкін, себебін Абайдан таба алармыз.

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,

Хуснизан мен иманды білді ойлаған.

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.

Осы өлең шумағындағы «хуснизан» – жақсы ниет, көркем ой, жақсы пікір деген мағына береді. Мысалы: кез-келген нәрсе туралы жақсы ойлау. Қарапайым ғана мысал. Сіз бір адамға хабарластыңыз делік. Телефонды көтермесем, әдейі алмай отыр демей, қолы бос емес болар, телефоны қасында жоқ шығар деп жанашыр ойлауда хуснизанның ең кішкентай түрінен мысал екен. Бұл дін арқылы адамға деген мейірім, сыйластық, жанашырлық сезім сыйлайтын түсінік еді ғой, расында. «Сен намаз оқымайсың, әурет жеріңді жаппайсың, мұсылман еместерді оқисың, түбі тозаққа барып өртенетін шығарсың» ? – деуден сіз жақсы тілек, игі ойлауды көре аласыз ба? Олар махабатты емес, керісінше адам бойындағы тәккапарлықты күшейтті. Сол үшін де өздеріне барынша конфортты сенімге ие. Ең сорақысы осы түсінігінің атын «дін» қойып алған.

Осы жерде манағы жоғарыдағы өлеңнің соңғы жолына назар аударып көрейік.

«Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған».

Сырты таза құдайшыл болғанымен, бірақ іші оңбаған. Агрессия, жек көру. Қазіргі кей топтарда дінді өз кайфіне, нәпсісіне қолдану бар. Талай қыздарды құдай атынан сөйлеп, басын айландырып, өмірін талқандап, жалған дінге немесе араб дәстүріне салып «талақ» деп тастап кетуде осы діншілсымақтар шығарып жүрген өнер.

Ең қорқыныштысы, олар нәпсісінің қалауларын табуды аятпен аргументтеп, немесе барынша хадистендіріп ақтап алды. Ал бұл түсінікте: «обал, қиянат, мейірім» деген ұғымдар бар ма екенін бір ойланып көрдік пе өзі?

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол,

Шын илан да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ (екі жүзді) намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

Осы орайдағы иман деген не? Абайша үш сүю: Алла, адам, әділетке деген махаббат. Намаз оқу немесе басқа ритуальды тұрақты, басқалардан асырып орындауың ешқандай өлшем емес. Абай намазға қарсы деген ой жоқ бұл жерде. Ары қарай отыз сегізінші қара сөзінде: осы – намаз, ораза және басқа да амалдардың иманның күзетшісі екенін айтады. Елестетейік, бұл діни амалдар күзетшілік сипат алып отыр. Ал күзету үшін, күзететін нәрсе керек қой? Бойыңда адамға деген махаббат, кішіпейілділік, басқа жаратылысқа титтей қайырым (иман) болмаса, ол басқа нені күзетеді? Мүмкін өздері айтып жүрген, күнде алдарынан пәк болып шыға келетін бір басына жүзден асып жығылатын, он сегіз жасар хор қыздарымен алтын сарайларда толассыз ләззатқа батуға апаратын билетті күзетіп жүрген болар.   Бұл енді таза нәпсінің әңгімесі емей немене?

Шіркін, осыны аңсап жүргендерге арғы әлем жұмаққа қарай апарып, сол хор қыздарымен, сарайларын бере салса ғой. Сонда ғана прогресстен шектеу сәлде болса бәлкім, азаяр ма еді.

 

-Мұны өзіңнің чайлдфри атты мақалаңда да тереңдетіп айтасың ғой. Енді сол төңіректен де сәл сөз қаузап көрсек қайтеді?

- Хакім «Мұның ( махабаттың) табылмағына себептер – әуелі хауас сәлим тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді ғой.

Отыз сегізінші қара сөз – шындығында бәріміз қабылдап жүрген қырық бес қара сөздің ішіне кірмейтін болмысы бөлек шығарма. Шын аты – «Китаб Тасдиқ». Хәкім шығармашылығындағы мағынасы өте терең және түсіну үшін үлкен ішкі дайындықты қажет ететін ерекше туынды. Қазіргі кезде ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, гендік инженерия, нанотехнологиялар қарыштап даму үстінде. Болашақта көп мемлекеттер индустриалды қоғам қағидасындай , негізгі ставканы табиғи ресурсқа емес жоғарыдағы салаларға салу керектігін барынша түйсініп үлгерді. Келешекте аталмыш салаларда доминантты рольді алған ел, ары қарай да әлем дамуының жүлгесін өз қолына алатын, бай-қуатты күштіге айналатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомадай дүние. Сол үшін жанталасқан күрес жалғасуда. Оның айқын мысалы Оңтүстік Корея мемлекеті бюжеттен нанотехнологиялық зерттеулерге арнап бөлген қаржысын микробөлшектер, тері, ұлпа жасау сияқты өте кіші өлшемдегі процестерді іске асырумен еселеп қайтарып отыруы дәлел (наноның көлемін білгіңіз келсе, қолыңызға сызғыш алыңыз: сантиметр емес, екі милиметр аралығын өлшеп алыңызда, оны көзбен мыңға бөліңіз. 10 (-9) дәрежесіндегі өте ұсақ бөлшек).

Жасанды интеллект демекші, өзіңізде ғимарат ішінде кей шамдардың жақындағанда қосылып, қасынан ұзағанда сөніп қалғанын байқаған боларсыз. Бұл жасанды интеллектінің қарапайым алгоритмде қолданылуына мысал. Әгереки, телефоныңыздың бетіне қарасаңыз болды (Face ID), өзіңізді танып, бұғаттан шығара салатынын көріп жүрген де боларсыз. Біз осымен өмір сүреміз. Телефондар біздің ең көп уақыт бөлетін серігімізге айналып барады.   Siri, Bixby, OK Google сервистері сізге әзіл айтып, ақылды сағаттар жүрек соғысыңызды үнемі бақылау үстінде. Тіпті болашақта көп мамандықтардың жойылатынына осы жасанды интеллект уәде беріп отыр. Мысалы, жүргізушілерді, автопилотты машиналар, қара жұмысты: тынығуды, ай сайын ақша төлеуді қажет етпейтін роботтар ауыстырады деседі. Ләкин, ауыстыруға мүмкін емес деп жүрген, дәрігерлердің орнын, адамның бойындағы биореакцияларды, физиопроцестерді бағамдау арқылы қатесіз диагноз қоя алатын жасанды интеллект алады деген гипотеза күн өткен сайын шындыққа айналып келеді. Қызықсаңыз бұл тақырыпқа қатысты дүниелермен ғалым Юлиан Харраридің еңбектерінен таныса аласыз. Сол Харари бір сұқбатында қазіргі технологиялар адамның мінез-құлқын, қалауларын өзіненде жақсырақ танитын болады дейді. Мысал ретінде қыз бен жігіттің бір-біріне ұната қарағанда көз қарашығының үлкейетінін ескере келе, жасанды интеллект сізге психологиялық, менталдық тұрғыдан ең қолайлы жұпты тауып береді деуі таңқалдырмай қоймайды. Әрине, жасанды интеллектіні жасаған адам, бірақ біз жасанды интеллект қызметіне өте тәуелді болып, манипулацияға оңай ұшырап бара жатқанымызда жасырын емес. Ғасырлар бойы эволюция арқылы қалыптасқан навигаторлық, ептілік т.б. сияқты қасиеттері біздің бойымыздан жоғалып барады дейді тағы ғылымдар. Алайда ғылымның бара алмай жүрген дүниелері де бар. Ол жете алмай жүрген тереңдікпен, биіктіктің бірі: адам жаны, сезім, сүю, иман деген иррациональды түсініктерге тіреледі. Өткен шақтан бар: психонализ, бейсаналылық методологияларымен қатар, осы шақта intellectual quotient қысқаша IQ -мен бірге , emotional quotient, emotional rigidity, agility сияқты ұғымдар   адам психологиясын түсінуге талпыныс жасауда. Енді сөзді сағыздай созбай мәтінге оралсақ хәкім Абай бұл мәселені:

Малда да бар, жан мен тән

Ақыл мен сезім (хауас) болмаса

Тіршіліктің несі сән

Тереңге бет қоймаса, – деп атап өтетіні бар. Осы жерден байқағанымыз адамды басқа жаратылысардан ерекшелейтін, тереңдікке бастайтын ақыл мен хауас екендігі. Тақырыпқа арқау болған еңбегімізде «Махаббат» сөзі орталық түсінік. Бұл жерде махабаттың тек біз білетін қыз бен жігіт арасындағы романтика ғана емес, басқа да тереңірек мағыналары бар екендігіне көз жеткіземіз. Ол адамдықтың тұзы іспеттес. «Адамшылдықтың алды – махаббат, әділет, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил» дейтіні де сондықтан. Неге қазір тасжүректік, тойымсыздық, қиянатшылдық, залымдық сияқты құйтырқы мінездерге ұшырасамыз. Оның басты себебі – бойында махабаттың ұшқыны болмауы хәкімнің ой жүлгесі бойынша. Ал махаббат адамдық қасиеттердің жиынтық атауы, ендеше оны қалай табамыз? Мінекей, жауабы да дайын:  

«Мұның ( махабаттың) табылмағына себептер – әуелі хауас сәлим тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады».

1. Арабшадан аударсақ   Хауас (сезім) сәлим (сау, зақымданбаған, бүтін) – деген мағына береді. Ғылыми тілде психикалық саулық: ұят, ождан, әділет, ар, намыс, сезімталдықтың орнында болуы. Бұл тумыстан болады. Оны қолдан қалыптастыру қиынның қиыны. Әке-шешенің һәм физикалық һәм рухани тұрғыда таза болмағы, арам ас ішпеуі, бәрі нәзік тұрғыда үлкен жүректі ұрпақты өмірге әкелуінің бір себебі. Асылында халық танымының білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ түбі» еңбегіндегі Абайдың арғы атасы Олжайдың: «Болатымды арамға суармадым, кейінгі ұрпағыма жобалғы болмасын деп» немесе сүйікті Зере әжесінің «Құнекемді дәретсіз емізбедім» – деуінің өзі, Абайдың негізінде үлкен тектілік желінің жатқандығының нышаны. Бұл қазіргі қоғамда ақылға сыймас фантастика немесе қияли әңгіме көрінуі әбден мүмкін. Қабылдамақ түгіл, түсіне алуымыз да неғайбыл дүние болып көрінсе де, мұны бұра тартатын ештеңесі жоқ, сөздің ақиқаты– осы. Асылы қазақ танымындағы тектілік түсінігі өзі ТАЗАЛЫҚТАН тамыр тартады. Бұл ең маңызды фактордың бірі. Абайдың жетінші қара сөзіндегі: көрсем, білсем деген жан құмары мықты , тіпті тән құмарын ұмытып кететін, ұрпақтың дүниеге келуінде хауас сәлимнің атқаратын ролі өте зор.

1. Тән саулық – физикалық саулық. Баланың он екі мүшесі сау. Генетикалық тұрғыдан тұқым қуалаушы аурулардың болмауы. Ата-ананың болашақ ұрпақ үшін кесір әдеттерден аулақ болуымен ерекшеленеді.

2. Әлеуметтік саулық. Жоғарыдағы екі шарт орындалып бала дүниеге келгеннен кейін үшінші жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздың қарамағына өтеді.

Жақсы ата-ана – Қазақ танымындағы «Бала жанып тұрған шырағың» деуі, «балам өзімнен өте туса ғой» деген мұраттың шығуына да осы жерде бір үңіле кетейік. Бұл жақсы ата-ананың сипаты. Бұл мәселеге келгенде Абаймен замандас өмір сүрген он тоғызыншы ғасырдағы батыс ойлау жүйесіне үлкен әсер еткен Фридрих Ницщенің атақты: «Заратустра солай» деді еңбегіндегі:   «Мен неке деп екі ерікті адамның өздерінен артық адамды жаратуы деп түсінем. Бұл ерік шынымен сыйлауға әбден лайық қой. Мен сенің еркіндігің мен жеңіске құмарлығыңның бала тілегенін қалаймын. Өзіңнің жеңіске, еркіндікке жеткенің үшін, сен өзіңе тірі ескерткіш (бала) қою керексің. –деген ойы ақыл таразысына жүгіндіреді. Және ол бала ғана емес, сенің күллі ғұмырыңның нәтижесі, өзіңнің еркіндігің мен жеңісіңе арналған мадақ жырының қойылар соңғы нүктесі іспеттес. Заратустра кейіпкері – еркіндік пен жеңіс мақамына жеткен, жақсы ата-ана. Байқасаңыз, Ницще баланы тек қана хомосапинестік тұлға емес, шығармашылық объект ретінде қарастырады. Бар мәселе де осында... Қанша айтсақ та, батыс жұрты бізден баланы капитал деп ұғу, оған инвестиция салу тұрғысынан әлдеқайда озық тұр. 

Жақсы құрбы – Адамды әлеуметтік мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін ірі фактор қоршаған ортасы. «Ұлың өссе ұлы ұлықтымен, Қызың өссе қызы қылықты елмен ауылдас бол» – деген халық даналығы бұл сөзіміздің дәлелі іспеттес. Әлеуметтанушылар зерттеулерінде: Нью Йорк қаласының аудандарында жасалған мониторинг: Бронкс, Бруклин белдеулерінің кей қара нәсілді және мигранттар көп ауданында қылмыстың көп болатынын сонымен қатар мектеп оқушыларының оқу ынтасы анағұрлым төмен және зорлық-зомбылыққа салыстырмалы тұрғыдан көп баратынын анықтаған (Alba,Logan,Stults2000). Бұл – ортаның маңыздылығына ерекше мысал.

Жақсы ұстаз. Бұл жердегі ұстаз тура мағынасындағы мектепте баға қоятын механикалық мұғалім емес. Әр адам өзі сүйетін, өзі мінез алған кез-келген тұлғаны, асылында, ұстазым деп қабылдай алады. Және инсан өзі сүйетін нәрсеге ұқсауға тырысады. Мектепке келетін болсақ, ол тек он бір жыл партада тапжылмай отырып, жазумен оқуды үйренетін жер ғана емес. Дисциплинна, өскелең ұрпаққа қоғамдық ережелерді қабылдауға, ортада қарым-қатынас жасауды адаптациядан өткізетін орын. Мектептің ең үлкен қызметі – ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУ. Біздің елімізде тура мағынасындағы ұстаздар жағдайы туралы мәселе айтыла-айтыла жауыр болып, тіпті айтуға, көтеруге ұялатын проблема болып шыға келгенін бәріміз де білеміз. Әр нәрсенің салдары бар, білім жүйесі қаншама реформадан өтіп ақсап тұрған кезінде, көптеген сауатсыз мұғалімдер ғана емес ғылыми атақ иелерінің колониясы да қалыптасып үлгерді. Әрине, бәріне топырақ шашпаймыз. Осы жүйеде осы істен мән тауып, қызмет етіп жүрген адал педагогтар, профессионалдар да бар.

Ал енді бәсекелестік аз кезде диплом алып үлгеріп кеткен, сол жарым мамандарды не істейміз? Зейнетақы жасына шыққандарынша, шыдап күте тұрамыз ба, оның да жауабы белгісіз. Қанша десекте, білім саласы саналы, орынды амалдардарды, өзгерістерді күтетіні айқын. Өйткені мектептен рухани қаруланған ұрпақ ертеңгі ел мен жердің де шын иелері емес пе.                                                      

-Ақниет, осы бір аз ғана сұхбатымызда көп дүниелер айтылды деген ойдамын. Абайға жасаған бетбұрысың әмәнда құтты болсын.

Тұшымды әңгімең үшін көп-көп рахметімді айтамын.