Ардаби Мәулет: Ұлы даланың мәдениетінде өткір тілдің, әсерлі үннің сарқылмас бұлағы бар
01.02.2021 1687

Жақында Қазақстан Ұлттық Мұражайында «Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» атты ұжымдық монографиялық еңбектің тұсауы кесілген болатын. Аталған еңбекке археология, география, фальклор және этнография қатарлы әр саладағы жас ғалымдар атсалысқан болатын. Солардың бірі белгілі күйші, жас зерттеуші Ардаби Мәулетұлы болатын. Бүгін күйшінің Сарыарқаның фольклорлық мұрасына қатысты жасаған үш жылдық көлемді экспедициясы туралы шағын сұқбат жасап отырмыз.


– Сарыарқаның фольклорлық мұрасына қатысты жасалған осы экспедиция аса үлкен мақсат арқалап, үлкен аумақты қамтыған екен. Зерттеу жұмысының мақсаты мен нәтижесі туралы ой бөлісе кетсеңіз.

– Бұл Зерттеу жұмысыздың мақсаты – Сарыарқа даласындағы, атап айтқанда қазіргі Қарағанды облысында сақталған музыкалық мұраларымызды жинау, сақтау және насихаттау. Сарыарқаның рухани мұраларын ғылыми зерттеуде тарихи-типологиялық және салыстырмалы-теориялық, жүйелі этнофондық зерттеу әдістемелерімен қатар кешенді зерттеу әдісі қолданылды.

Бұл жұмыс ұзын-ырғасы үш жылға жуық жүргізілді. 2018 жылы жүргізілген экспедицияның негізгі бағыты Қарағанды қаласы және Қарағанды облысы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы ауылы және Ұлытау ауданының Аманкелді, Шеңбер, Қаракеңгір ауылдары мен Қарқаралы ауданында болды.

Бұл экспедицияда 24 күй, 11 бата, 4 халық әні және жарапазанның ескі 2 түрі, 6 жоқтау сияқты барлық жиыны 47 шығарма жазылып алынды. Қарағанды қаласында тұратын белгілі күйші Қайролла Сәдуақасов Қарағанды өңіріндегі күйшілік ошақтардың бірі Шет өңірінің арыдағы күйшілері Қыздарбек, Әбди, Ісембек, Мақаш, Бегімсал, Орал Исатаев және әкесі Дәулетбек Сәдуақасовтың мұраларын ұстанып келген бірден-бір мұрагер болатын. Қайролла Сәдуақасовтың орындауында Шет өңірінің арыдағы күйшілері Қыздарбек, Әбди және әкесі Дәулетбек Сәдуақасовтың күйлерінен жалпы 7 күй тарихымен және өз қолында сақтап отырған арқа өңірінің ескі қалақ домбыралары туралы құнды мәліметтер алынды. Сондай-ақ, қазіргі таңда Қарағанды қаласында тұратын, Қарағандының Шет өңірі мен Ақтоғай өңірінің күйлерін ескі орындалу нұсқасында сақтап келген күйші Қалкен Қасымовтан Тәттімбет, Әбди, Аққыз, Әбікен қатарлы халық күйшілерінің күйлерінен және өз күйінен жиыны 12 күй аңызымен жазылып алынды.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданының Амангелді ауылында тұратын Құрманәлі Әбілғазыұлынан жарапазанның ескі нұсқасын және 2 халық әнін, сондай-ақ, 9 жасар жиен немересі Әлтайыр Дәуреннен жарапазанның тағы бір ескі нұсқасын жазып алдық. Сонымен қатар, Амангелді ауылымен көршілес жатқан Кененбай көлінде тұратын Рахым Пәуеденұлы Ажыбаевтан батаның 6 түрін және ауа-райын болжауға қатысты қазақтың дәстүрлі астрономиялық білімі туралы құнды деректерді алдық. Ұлытау ауданында тұратын қарт шежіреші Тақан Шымбергеновтен салт-дәстүрімізге қатысты батаның 4 түрін жазып алдық. Сондай-ақ, Ұлытау ауданының Қаракеңгір ауылында тұратын Гүлжаухар Тақашқызы Әжібенова мен Айтолқын Амандыққызы Мұқановадан кісі өлімі болғанда сол өңірде ертеден айтылып келе жатқан «Қара дауыс», «Әйелдің ерін жоқтауы», «Енені жоқтауы» секілді жоқтаудың 3 түрін жазып алдық.

Қарағанды облысының Қарақаралы ауданында тұратын күйші Аманғали Мырзабек 4 күй, Қарқаралының Қарағайлы ауылында тұратын күйші Оразқан Мұсабеков ел есінен ұмыт болған шалыс бұрауда тартылатын Асан қайғының 1 күйін орындап берді. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданы Мамраев ауылында тұратын Ырымбикеш Қынабаевадан ел аузында көнеден айтылып келе жатқан 1 халық әні мен ескі сарында айтылатын 1 қара өлең жазылып алынды. Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Бәтима Бахриденқызынан 2 жоқтау өлең және Қарқаралы ауданы 1 май ауылының тұрғыны Зейнеп Несіпбаевадан қыз ұзатуда айтылатын сыңсудың ескі 1 түрін бейнежазбаға жазып алдық. Сонымен қатар, Қарқаралы ауданында тұратын ҚР Журналистер одағының мүшесі, халық өнерін жинаушы Саят Оспановтан Қарқаралы өңірінен жинаған бата берудің 21 бейне жазбасы жеке қорынан жазылып алынды.

2019 жылы жасалған экспедицияның негізгі бағыты Қарағанды қаласы, Қарағанды облысы Шет ауданының Ақой, Ақадыр, Киікті, Талды, Мойынты, Ақжал, Ақшатау ауылдары мен Осакаровка ауданының Сарыөзек, Қарағайлы ауылдары және Қарқаралы ауданының Мамраев, Қоянды ауылдарында, Нұра ауданының Балықтыкөл, Байтуған, Мұзбел, Ахмет, Көбетей ауылдарымен қоса Бұқар жырау ауданының Тоғызқұдық ауылын және Абай ауданының Амангелді ауылын қамтыды.

Осы жылғы экспедицияда 32 күй, 37 бата, 29 халық әні, 10 авторлық ән және жарапазанның 3 ескі түрі, 13 жоқтау, 6 сыңсу, 16 қараөлең, 6 жаңылтпаш, 7 жұмбақ, 2 қисса, 1 көмеймен айтылған әуен, жалпы саны 167 шығарма (ән, күй, қараөлең, халық әні, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, жыр, бата, сыңсу, жоқтау т.б.) жазылып алынды.

Қарағанды қаласында тұратын белгілі жас күйші Манап Анықбеков Қарағанды өңіріндегі күйшілік ошақтың арыдағы өкілдері Қыздарбек, Әбди, Тәттімбет, Ісембек, Мақаш, Бегімсал, Орал Исатаев, Мағауия Хамзин секілді күйшілердің мұраларынан 4 күй және күйші Қалкен Қасымов, Тәттімбет, Әбди, Аққыз, Әбікен секілді халық күйшілерінің күйлерінен және өз күйінен жиыны 8 күй аңызымен орындап берді.

Қарағанды облысының Шет ауданының орталығында тұратын күйші Ертай Жәнібековтен 2 күй жазылып алынды. Шет ауданының Ақой ауылында тұратын Бақыт Нәзірұлынан 4 қараөлең, 1 бата, Зәуреш Әрінқызынан 2 жоқтау, Әскер Сағидоллаұлынан 2 ескі халық күйі және 1 халық әні жазылып алынса, Ақадыр кентінде тұратын өнерпаздардан рухани мұраның ескі жанрлары жоқтау, сыңсу, қараөлең, халық әні, бәдік өлеңдер жазылып алынды. Ақлима Кенжебекқызынан 3 жоқтау, Кәпен Мінтаұлынан 3 бата, 2 бәдік өлең, 3 қараөлең жазылып алынса, Дария Қалқабайқызынан 2 жоқтау, 3 қара өлең жазылды.

Төлеген Ақанұлынан 3 ескі халық әні (қараөлең), Ақерке Үкіметханқызынан 3 ескі халық әні, Гүлсін Байтүгелқызынан 2 қараөлең жазылып алынса, Ақшатаудың Жарылғап батыр ауылында тұратын қарт күйші Мәкеш Тиыштықбайұлынан Тәттімбеттің және Әбдидің 2 күйін шерткізіп алдық. Сондай-ақ, Киікті ауылында тұратын Аяш Әлімақынқызынан 1 жоқтау, 1 сыңсу, 1 жарапазан, Киікті ауылдық Сыдық Мұхаметжанов атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Дастан Жүнісұлынан 1 жарапазан жазылып алынса, Мойынты ауылында тұратын батагөй Жұбайғали Бостановтан 5 бата, 1 жарапазан таспаға жазылып алынды.

Қарағанды облысы Осакаровка ауданы Қарағайлы ауылында тұратын Орынбек Туғанбайұлынан 8 көне халық әні жазылып алынды. Сарыөзек ауылында тұратын өнерпаздар Қабыл Зейнелқанұлынан шығыс өңірде сақталған оң және теріс бұрауда 6 күй, Нарау Бапышқызынан 2 халық әні, Жанат Бұқарбайқызынан көне қараөлең, Батай Қалқабайұлынан көмеймен айтылатын 1 әуен жазылды. Бұл жазылып алынған шығармалардың дені қазіргі таңда жас ұрпақтың санасынан өшіп бара жатқан құнды дүниелер.

Қарағанды облысы Нұра ауданы Ахмет ауылының тұрғыны Қабдысәлім Боранбайұлынан көне 2 халық әні, Байтуған ауылында тұратын Табажан Серікқызынан 1 жоқтау, 1 қараөлең, Балықтыкөл ауылында тұратын Гүлшан Мұстафақызынан 1 сыңсу, 1 жоқтау жазылып алынса, Көбетай ауылында тұратын Тоқтарбек Күнсәнұлынан шығыс өңірде сақталған 2 ескі халық әні, Шәріп Үмітханұлынан 1 ескі халық күйі, Сағиолла Қаниұлынан 1 халық күйі таспаға түсірілді. Мұзбел ауылында тұратын Бейбіт Қапанқызынан 5 халық әні жазылып алынды.

Бұқар жырау ауданында тұратын Қалиасқар Шыныбектегі өз туындыларынан 6 күй тарихымен және 10 ән орындап берді. Тоғызқұдық ауылында тұратын Тұяқ Әбілқанұлынан 1 көне халық әнін, Сетерхан Оспанқаннан 1 көне сарындағы қараөлең, Дамыс Түгелбайдан 1 ескі қараөлең, Тәутек Әбдолдаұлынан 2 бата жазылып алынды.

Қарағанды облысының Қарақаралы ауданы Мамраев ауылында тұратын 93 жасқа келген шежіре қарт Нәписа Нұрмағамбетқызынан жас ұрпаққа аса қажетті 6 жаңылтпаш, 7 жұмбақ, 5 бата, қыз ұзатқанда толыққанды (әке-шешесімен қоштасу, бауырларымен қоштасу, ел-жұртымен қоштасу) айтылатын 1 сыңсу, 1 жоқтау, 1 халықтық жырдан (Еңлік-Кебек жырынан) 2 үзінді жазылды. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданында тұратын батагөй Елеухан Төлеуханов 2 бата, Дәулетхан Дүйсебаев 4 бата, Тілеуқор Қанапия 6 бата, Қарқаралы ауданындағы орта мектепте оқитын жас батагөй Диар Бостан 4 бата орындап берді. Қарағанды облысы Абай ауданының Амангелді ауылында тұратын күйші Наурызбай Махметұлының орындауында 5 күй тарихы және 3 бәдік өлең, 1 халық әнін жазып алдық.

2020 жылы жасалған экспедицияның негізгі бағыты Қарағанды қаласы Сортировка шағын ауданы, Қарағанды облысы Жаңарқа ауданының Байдалы би, Жәйрем, Карағаш, Каражал, Талдыбұлақ ауылдарымен Ұлытау ауданының Амангелді, Шеңбер, Қаракеңгір ауылдары болды. Осы жылғы Ұлытау мен Жаңарқа аудандарында музыкалық экспедициядағы жиналған материалдар дені алдыңғы екі жылда жазылған шығармаларды негізінен қайталау ретінде болды. Ал Қарағанды қаласының маңындағы Сортировка шағын ауданында тұратын тәуелсіздіктен кейін Моңғолиядан елге қоныс аударған қарт күйші Райхан Мұхамедұлынан шығыс өңірде тартылатын 27 ескі халық күйін, 35 халық композиторларының күйлерін және 11 өз күйін жиыны 94 күй тарихымен таспаға жазылды.

Үш жылдық экспедиция кезінде жиналған материалдар талапқа сай сапалы (аудио-видео, фото) форматта жазылып Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қорына өткізілді. Жазылып алынған шығармалардың атауы, авторы мен орындаушысы туралы мәлімет осы бөлімнің соңында қосымшада көрсетілген.

Бұл экспедицияда Қарағанды облысынан жиналған құндылықтардың ерекшеліктеріне қарай, күйлер (халық күйлері, авторлы күйлер) және фольклорлық мұралар (балалар фольклоры, азалау әндері, қара өлең сарындары, бата, лирикалық әндер т.б.) деп екі топқа бөліп қарастырдық.

– Сарыарқа даласының музыкалық мұрасына қатысты ауқымды жұмыстардың бұған дейінгі нәтижелері қалай болып еді? Жалпы осы зерттеудің әуелгі экспедициялардан айырмашылығы неде?

– Қазақ халқының материалдық емес мәдени мұралары көшпелі тұрмыста ауыздан-ауызға таралып, сан ғасырлық тарихын жоғалтпай бүгінгі ұрпаққа жетті. Ұлы даланың мәдениетінде өткір тілдің, әсерлі үннің сарқылмас бұлағы бар. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінде ерекше орын алып, құймақұлақтық қасиетпен сақталған, бүгінде жоғалуға шақ қалған орындаушылық өнердің жарапазан, сыңсу, жоқтау, қара өлең, ән-күйлер, өлең-жырлар, бата, жұмбақ жаңылтпаштар секілді сирек нұсқалары жаңа Қазақстанның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын ең басты кодымыз.

Қазақстанның орталық аймағы саналатын Сарыарқа даласы ұлттық құндылықтарға аса бай. Қазақ музыкасының алтын ғасыры саналатын ХІХ ғасырда өткен сал-сері, классиктеріміз Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Әміре т.б. кәсіби әншілік өнердің негізін қаласа, Итаяқ, Ықылас, Сайдалы Сары Тоқа, Тәттімбет, Қыздарбектер Сарыарқадағы күйшілік өнерді қалыптастырған тұлғалар.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, тарихы мен мәдениеті туралы шетел ғалымдарының (саяхатшылардың) зерттеулері көбінесе этнографиялық бағытта жасалған. Қазақ музыкасы, оның ішіндегі аспаптық музыка туралы қазақ даласына келіп зерттеу жүргізген отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерінен көреміз. П.В. Аравин, В.В. Радлов т.б. шетелдік зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде қазақ халқының этнографиясы, мәдениеті мен тарихы, аспаптық музыка өнерінің халқымыздың көшпелі тұрмысындағы дамуы мен басқа да айрықша ерекшеліктері ғылыми тұрғыда жүйелі зерттелген. Бұл тарихи зерттеулер өз кезегінде жалпы қазақ халқының, оның ішінде Сарыарқаны жайлаған жұрттың тарихи-мәдени ахуалы турасында көптеген тың мәліметтер беріп, ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы көшпелі мәдениеттің биік деңгейін көрсетті.

Қазақтың ұлы саяхатшысы Ш. Уәлихановтың зерттеулерінде қазақтың рухани құндылықтары, оның ішінде орындаушылық өнердің байырғы үлгілері (жоқтау, жылау, қайым, қара өлең т.б.) туралы ғылыми түсініктер берілген. Академик Ә. Марғұланның зерттеу еңбектерінде Сарыарқа даласында өмір сүрген Тәттімбет, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса секілді қазақтың сал-серілік өнерін қалыптастырған халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы жайында терең зерттелген. Қазақ халқының фольклорлық мұрасын жинауда зор жетістікке жеткен А.В. Затаевичтің еңбектері, Еуропа жұртының көшпелілер өркениеті жабайылықтың үлгісі деп санаған кері пікірлерге ғылыми тойтарыс бергені анық. Бүкіл өмірін қазақтың даласындағы ән-күй мұрасын жинауға арнаған А.В. Затаевич 1925 жылы «1000 песен киргизского народа» және 1931 жылы «500 казакского песен и кюев» атты далалық экспедиция негізінде жинаған ән-күйлерден тұратын ұлы еңбектерін жариялады. А.В. Затаевич «500 казакского песен и кюев» еңбегінде: «Первый такой поездкой была моя экскурсия на далекий Иртыш, в Семипалатинскую губернию, в июле и в августе 1926 года. С начала я работал там в самом Семипалатинске, а затем выехал в Каркаралинскую степь, где в течение двух недель собирал песни в Мендешевской (б. Кууской) волости, в окрестностях величавой и угрюмой горы Куу, после чего отправился на перекладных, через Куянды (место зивестной ежегодной ярмарки), в Каркаралинск. Большой материал собрал я и в самом Каркаралинске» - деп 1926 жылдың шілде және тамыз айларында алғашқы сапарын Семейден бастап, кейін Қарқаралыға, одан кейін жәрмеңке өткен Қоянды жерінде болып көптеген әндер жазып алғанын айтады.

Қазақ даласын аралаған шетел саяхатшылары халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен этнографиялық жағдайынан мәлімет берсе, одан кейін ел арасындағы халық өнерпаздарынан рухани құндылықтарды жүйелі жинау, хатқа түсіру жұмыстарын Затаевичтен кейін қазақтың музыкатану ғылымын қалыптастырған, академик А.Қ. Жұбанов, қазақ музыкасын зерттеуге бар ынта-ықыласын арнаған Б.Г. Ерзакович, Л. Хамиди, Е.Г. Брусиловский т.б. ғалымдардың еңбектері болды. Сондай-ақ, бұл ғалымдардың жиналған құндылықтарды орындаушылық және ғылыми айналымға енгізу тұрғысында сіңірген еңбегі зор еді.

Қазақ даласындағы фольклорлық мұраларымызды жинау, зерттеу ісімен айналысқан жоғарыдағы ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу еңбектерінде Сарыарқа өңіріндегі классик халық композиторларымыздың шығармаларымен қоса, орындауышылық өнер түрлерінің (жоқтау, сыңсу, жарапазан, қара өлең, жұмбақ, жаңылтпаштар т.б.) озық үлгілерін ел арасынан жүйелі жинап зерттегені анық көрінеді.

Сарыарқаның фольклорлық мұраларын жинау, зерттеу мақсатында бірнеше жылдар бойы музыкалық-этнографиялық зерттеулер жүргізілді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық зертханасы қызметкерлері Қарағанды облысына 1966, 1967, 1972, 1986, 1987 жылдары, Жезқазған облысына 1975, 1982, 1984, 1986, 1987 жылдары Сарыарқа өңіріне музыкалық-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, ел арасындағы рухани мұраны ұстанушылардың аузынан көптеген материалдар жазып алған. Осы экспедицияларда жиналған фольклорлық мұралар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық зертханасында бүгінге дейін сақталып, әлі толыққанды жарық көрмеді.

Бұдан бөлек әр жылдары жекелеген зерттеушілер, Сарыарқа өңіріне жинау, зерттеу экспедициясын жүргізіп келді және жиналған мұралар жеке қорларда сақталуда (Қарағанды облысы Шет ауданында тұратын жазушы, этнограф Кәмел Жүністегінің және ғалым Базаралы Мүптекеевтің, күйші-зерттеуші Саян Ақмолда т.б. ғалымдардың жеке корлары). Сарыарқаның ән-күй мұрасы туралы Т. Бекқожина, Б.Ж. Аманов, Ә. Мұхамбетова, Б. Қарақұлов, А. Сейдімбек, С. Өтеғалиева, З. Қоспақов, П. Шегебаев, С. Елеманова, А. Бердібай, Ж. Жүзбай, Р. Малдыбаева, Б. Қарақұлов, Б. Мүптекеев, А. Сабирова, А. Байбек, А.Ж. Қазтуғанова, Р.Стамғазиев, М. Әбуғазы т.б. қазақтың музыкатанушы, өнертанушы ғалымдары зерттеулер жүргізіп келеді. Сарыарқа даласындағы рухани мұраның көзі тірі мұрагерлері бүгінде күн санап азаюына байланысты, олардың жадында сақталған осы құндылықтарымызды жалғастырып жазу, сақтау, зерттеу мәселесі келешекте де барынша өзекті болмақ.

2018–2020 жылдар аралығында ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау» жобасын жүзеге асыру аясында Қарағанды облысында сақталған рухани құндылықтарға зерттеу жұмыстарын жүргізді.

– Жоғарыда күйлер бөлек қарастырылды дедіңіз. Осы өңірден жаңадан табылған халық күйлері мен халық композиторларының күйлері туралы да қысқаша мәлімет бере кетсеңіз.

– Жаңадан табылған күйлер де аз болған жоқ, оның ішінде халық композиторлары күйлерінің әр түрлі нұсқалары да молынан ұшырасып отырды. Қарағанды жері ежелден күйшілік өнердің үлкен ошағы. Бұл жолғы Қарағанды жеріндегі музыкалық мұраларымызды жинау, зерттеу мақсатындағы сапарымызда Балқаш қаласында тұратын белгілі журналиcт, ақын Қуандық Мақсұтұлы Сәденовтің жеке қорынан, Тоқырауын күй мектебінің негізін қалаған Арқаның саңлақ күйшілерінің бірі Аққыз Ахметқызының өз қолымен шерткен (1979 жылы Қуандық Мақсұлұлының жазып алуында) «Мұңды қыз» атты күйі мен «Қайран бауырым» атты әнін және Балқаш өңірінің күйшісі Алтынбек Досмағамбетұлының орындауындағы (1975 жылы Келгенбай Төлеутаевтың жазып алуында) «Жетім қыз бен жігіт тарихы», «Жігіт пен келіншектің айтысы», «Қайран әкем», «Жалғыз ішек», «Қосбасар», «Қоңыр жел», «Құрбыжан», «Көңіл күйі», «Досыма», «Тракторшы қыз» секілді күйлері жазылған үнтаспаның көшірмесін алдық. Алтынбек Досмағамбетұлының орындауында жеткен халық күйлері мен өз күйлері де алғаш табылып отырған материал. Бұл еңбекке Аққыздың өз орындауындағы «Мұңды қыз» күйі мен Алтынбек Досмағамбетұлының «Қоңыр жел» атты күйлерін нотасымен енгізіп отырмыз.

Қарағанды қаласының Сортировка шағын ауданында тұратын қарт күйші Райхан Мұхамедұлы жеткізген күйлер еліміздің шығыс өңіріндегі күйшілік өнердің көне үлгісін айқындайды. Осы экспедиция кезінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Моңғолиядан қоныс аударып, Қарағанды облысының елді-мекендеріне тұрақтаған қандастарымыздан орындаушылық өнердің байырғы үлгілерінен (қара өлең, жоқтау, сыңсу, ән-күй т.б.) бірқатар материал жинақталды. Күйші Райхан Мұхамедұлы Моңғолиядан 1990 жылдардың басында Қазақстанға қоныс аударған. Алтайдың көне халық күйлері мен халық композиторларының күйлерін байырғы қалпында орындап жеткізген көнекөз күйшілердің бірі. Райхан Мұхамедұлының орындауында бұдан бұрынғы зерттеу еңбектерде тек бірнеше күйлері ғана жарық көрген.

Мысалы, Баян-өлгий қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері атты еңбекте Райхан Мұхамедұлының «Тарту» атты күйі нотасымен жарық көрсе, ҚР Мәдениет министрлігі Мәдени саясат және өнертану институты, Мәдени даму институты тарапынан шыққан «Тел қоңыр» атты Моңғолияның Бай-Өлке аймағында тұратын қазақтардың домбыра, сыбызғы күйлері аудио дискте Райхан Мұхамедұлының орындауында халық күйі «Алабайрақ», Байысхан Рәпілұлының күйі «Алтын таң», өз күйі «Әке сағынышы» және «Қоштасу» секілді күйлерінің ғана үнтаспасы жарық көрген. Алтай-Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері атты еңбекте күйшінің орындауында «Қайран ағам» атты күйі нотасымен енген.

Күйшінің айтуынша туған жері Баян-Өлгийдегі қазақ радиосына біраз күйлері жазылған, бірақ Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін, күйшінің орындауындағы күйлер толыққанды жүйелі жазылмай келді. Осы экспедицияның арқасында Райхан Мұхамедұлының репертуарындағы күйлер біздің тарапымыздан алғаш рет толығымен жазылып алынды. Райхан Мұхамедұлының орындауындағы жазылып алынған күйлер тақырыптық-мазмұндық ерекшелігіне байланысты көне аңыз күйлер, Моңғолия жерінде өмір сүрген халық композиторларының күйлері және өз күйлері болып жіктеледі. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, әдет-ғұрпы, табиғат көріністері мен төрт-түліктің асыл қасиеттерін бейнелеуге көне аңыз күйлер жатады. Мысалы, Райхан Мұхамедұлының орындауындағы «Балжыңкер», «Өрелі кер», «Әсем құла», «Егіз торы», «Кәрі боз», «Сал торы», «Алабайрақ», «Арбиан қоңыр», «Тел қоңыр», «Майда жал» атты күйлер ер қанаты жылқы жануарының қасиетіне байланысты туса, «Жорға аю», «Жеті атым», «Жаралы бөкен», «Құр ойнақ», «Шыңырау», «Жез киік», «Жалғыз киік» сияқты күйлер жан-жануарлар мен аң-құстардың қимыл-қозғалысы мен басқа да ерекшеліктеріне байланысты туып, қазақтың дүниетанымындағы қасиет ұғымын бейнелейді. Мифтік ұғым, халықтың таным-түсінігі бұл күйлердің аңызынан айқын көрініс тапқан.

Бұл көне аңыз күйлердің орындаушылық ерекшелігіне байланысты бір күйдің бірнеше нұсқалық түрі болғанымен аңызы біреу-ақ. Мұндай күйлерде тек қағыс, перне басу жағында кішкене өзгешелік болуы мүмкін, бірақ жалпы күйдің толық фактурасы сақталып тартылады. Шығыс өңірде сақталған осындай аңыз күйлердің дені құймақұлақтық және қолдан көріп үйрену дәстүрімен атадан-балаға жалғасып, домбыра мен сыбызғыда ортақ тартыла береді. Себебі, теріс бұрауда тартылатын аңыз күйлердің негізгі әуені көбінде домбырада бір ішекті бойлай тартылады да, домбыраның үстіңгі ішегі қосалқы дыбыста жүріп отырады. Бұл әдіс-тәсілдер сыбызғы күйлеріндегі негізгі ерекшелік болып саналады. Сондықтан да домбырада тартылатын теріс бұраудағы көне күйлер сыбызғыда еркін тартыла береді.

Әдетте оң бұраудағы күйлердің көбі сыбызғы аспабында орындала бермейді. Яғни, сыбызғыда тартылатын күйлер негізінен теріс бұраулы болып, тұрақты ырғақ пен қысқа диапазоннан тұрады. Бұл күйлерде белгілі бір тақырыпты немесе мазмұнды (образды) ашық бейнелеуде дыбысты әрлеу (әсіресе форшлак, фложелет әдістерінің атқаратын қызметі ерекше мәнге ие. Форшлактар әрбір дыбыстың алдында не артында жиі қолданылып, аң-құстың не жан-жануарлардың қасиеттерін суреттейді) арқылы айтпақшы ойды жеткізеді. Мысалы, «Жорға аю», «Ақсақ қаз» т.б. күйлерде жан-жануарлардың қимыл-қозғалысын т.б. қасиеттерін дыбысты безендіру әдістері арқылы дәл суреттейді.

Моңғолия жерінде өмір сүріп, сол өлкедегі күйшілік өнердің негізін қалаған халық композиторларының күйлері де сол аймақтың көне халық күйлері сияқты тақырыптық-мазмұндық жағынан үлкен ерекшелікке ие. Яғни, Райхан Мұхамедұлының орындауында жеткен авторлық күйлердің көбі теріс бұрауда туған және тақырыбы жағынан алуан-түрлі болып символдық бейнелер мен символдық түстер суреттеледі. Мысалы, Қабдыраш Доланбайұлының күйі «Қызыл қайың», «Торыжорға ат», Қабыкей Ахмерұлының «Аққу», «Сарыала қаз», «Жорғалы жігіт», Өсерханның «Қобда өзені», Кәлек Құмақайұлының «Кең жайлау», Сейітжан Бейісұлының «Өрікті көл», Ғибатулла Жұмапиұлының «Сұмды айрық» сияқты күйлер ертеден жеткен көне халық күйлерінің ізімен шыққан туындылар.

Бұл авторлық күйлердің құрылысы қарапайым (2/4, 2/4, 3/4, 5/8, 6/8, 8/8 халық күйлерінде жиі кездесетін өлшемдерге) халық күйлерінің құрылымы (формалық) негізінде жасалған. Әуендік жағы теріс бұраудағы көне күйлердің дыбыстық жүйесіне жақын, орындаушылық жағында, халық күйлерін орындаудағы әдіс-амалдар кездеседі. Бұл еңбекке Райхан Мұхамедұлының орындауында халық күйлері «Жеті атым», «Қос келіншек», «Егіз торы» және Байысханның күйі «Алтын таң», Қабыкей Ахмерұлының «Толғау» атты күйлері ноталық жазбасымен берілді.

Моңғолиядан көшіп келген, Қарағанды облысының Абай ауданы Амангелді ауылында тұратын қарт күйші Наурызбай Махметұлының орындауында жазылған «Нүкебаланың шалқымасы» деп тартылатын күй бұдан бұрын еш жерде жарық көрмеген шығарма. Күй ән сарындас ойнақы тартылады.

Домбыраның орта буыны «g\d» дыбысынан басталып, бірден кіші сағадағы «g» дыбысына ауысады. Әуеннің осылай бірнеше дыбыс қатарын аттап секіруі халық әндері мен халықтық көне сарындағы қара өлеңдерде жиі кездесетін ерекшелік. Яғни, бұл күй қысқа мәтіндердің жиынтығынан құрылған. Осындай күйлерден өңірлік ерекшелікке тән стильді айқын көруге болады. Наурызбай Махметұлы шерткен бұл күйдің сарынында шығыс өңірдегі халықтық көне ән-күйлердің сарыны бар. Бұл күй алғаш рет жарық көріп отыр. Қарағанды облысы Шет ауданының Жарылғап батыр ауылында тұратын қарт домбырашы Мәкеш Тиштықбайұлының орындауында жазылған, Арқа күй мектебінің ірі өкілдерінің бірі Әбдидің «Қосбасар» күйі бұдан бұрын шертілген нұсқасына жақын. Мәкеш Тиштықбайұлы арнайы музыкалық оқу орнынан білім алмаған, байырғы далалық орындаушылықтың дәстүрін сақтаған ел арасындағы күйшілердің бірі.

Күйшінің айтуынша, Әбдидің бұл күйін құймақұлақтық әдіспен өз бетінше үйренген. Күйді орындау барысында сол қолдың перне басуы мен оң қолдың қағыстарында аздаған айырмашылықтар кездескенімен, күйдің жалпы мазмұны мен құрылысын бұрынғы нұсқасында тартады. Қазақтың күйшілік өнеріндегі қазіргі кезде сиреп бара жатқан ең ұлы қасиеттердің бірі, атадан-балаға, ұстаздан шәкіртке жалғасып отыратын сабақтастық болатын. Бұл ерекшелік бір естігенін жүрекке қондырып, домбыраға түсіре қоятын құймақұлақ өнерпаздарымен өміршең болып келген. Күйші Мәкеш Тиштықбайұлы сол дәстүрді ұстанған Шет өнерінің көнекөз күйшілерінің қазіргі көзі тірі өкілі. Бұл еңбекте күйшінің орындауында Әбдидің «Қосбасар» күйінің ноталық жазбасы берілді.