«Ашаршылық құрбандарының саны әлі нақтыланған жоқ» - Талас Омарбеков
17.02.2021 2910

Елорда төрінде қазақ тарихындағы ең ақтаңдақ оқиғалардың бірі ашаршылық тақырыбына қатысты дөңгелек үстел болып өтті. «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: АШАРШЫЛЫҚ зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған бұл шара Парламент Сенаты, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институты сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мұрындық болуымен өткізіліп отыр.


«Ұлт жадынан мүлдем өшіруге болмайтын қасіретті кезеңдердің бірі – өткен ғасырдың басындағы ашаршылық екені айдай анық. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ерекше назар аударып отырғанын айта кету керек. Кемелұлының «Тарихымыздың осы ақтандақ беттері әлі күнге дейін жақ-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды жинап, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», – деген пікірі осы сөзіміздің дәлелі. Сондықтан бүгін өздеріңізді арнайы шақырып, осы тақырыпты талқылау үшін бас қосып отырмыз. Жалпы, ашаршылық – Кеңес үкіметі кезінде жабық тақырыптардың бірі болды, - деп атап өтті Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жиынды ашып тұрып.

Сонымен қатар ол бұл зұлматтың бүтіндей бір халықтың басына түскен ауыр қайғы болғанын атап өтті.

«Ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал.

Осындай азалы жылдарда құрбан болған бабалар рухына тағзым ету – біздің перзенттік борышымыз. Осы мақсатпен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.


Биыл 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа 100 жыл толып отыр. Алапат нәубеттің 30-жылдардағы екінші кезеңіне де 90 жылдың жүзі болды. Тәуелсіздігіміздің айтулы белесінде бұл мәселеге мемлекет тарапынан қайтадан басымдық берілуі өте орынды», - деп атап өткен ол аштық мәселесіне тоқталудың маңыздылығына тоқталды.

«Осы орайда ашаршылық тақырыбын көтеру бізге не үшін қажет деген заңды сұрақ туындайды. Бұл, ең алдымен, қастерлі Тәуелсіздігімізді нығайту үшін керек. Біздің ашаршылық тақырыбын жаңаша зерделеуіміздің себебі осы аталған факторлардан бастау алады. Президентіміздің бұл мәселені көтеруінің негізгі мән-маңызы да осында жатыр. Осы ретте бірінші кезекте, ғылыми көзқарасқа басымдық беруіміз керек. Себебі, халқымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлелді түрде жеткізе алады. Жалпы, тарихи тақырыптарға қатысты қоғамдық ой ғылыми пікірге негізделуі керек», - деп атап өтті.

Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы - Мұрат Бақтиярұлының модераторлығымен алқалы жиынға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтан бөлек Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбет сондай-ақ зерттеуші ғалымдар қатысты.

Жиын барысында бұл зерттеушілер күңгейі мен құпиясы көп аштық мәселесіне қатысты өз ойларымен бөлісіп, пікір білдіріп жатты. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу бойынша Республикалық ғылыми орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессоры Талас Омарбеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессоры Зиябек Қабылдинов, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдарының кандидаты Берік Әбдіғалиұлы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының профессоры, жазушы, кинодраматург, Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай сынды тарихшылар арнайы баяндама жасады. Сонымен қатар, өз ойларын ортаға салған зерттеушілердің арасында шетелдік ғалымдар да болды.

Мәселен, Білім және ғылым министрлігіне қарасты  Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл ашаршылыққа қатысты мәселелердің тым саясиланып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, Кеңестік тарихи әдебиеттегі 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тақырыбы көптеген мифке толы болды және өте саясаттандырылды. «Әрине, қазақ халқы үшін, Қазақ жерін мекендеген басқа этнос өкілдері үшін ашаршылық үлкен трагедия болды. Бірақ мәселені объективті тұрғыдан зерттеу үшін эмоцияны қалдырып, ашаршылықты ғылыми феномен ретінде зерттеу қажет.

Әлеуметтік құбылыс ретінде – әлеуметтік жүйеге қандай әсер етті, дәстүрлі қауымның ыдырауындағы ролі, жаңа әлеуметтік топтардың пайда болуына әсері. Экономикалық құбылыс ретінде – дәстүрлі мал шаруашылығын жою процесіне әсері, экономикалық жаңғыртудағы ролі. Саяси құбылыс ретінде – Кеңес үкіметін орнату барысындағы, дәстүрлі элиталарды әлсірету жолындағы ролі. Этнографиялық құбылыс ретінде – аштықты жеңудің дәстүрлі стратегиялары, олардың зерттеліп жатқан кездегі қолжетімдігі. Жалпы алғанда, архив материалдары мен өзге де деректердің мол болуымен бірге 20-жылғы ашаршылық және оған ілеспе оқиғалар тақырыбы ашылудан алыс екенін айтуға мәжбүрміз, - дейді ол.


Өз кезегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков аштыққа қатысты дүниелердің әлі толық зерттелей отырғанына көңіл аударды. Оның айтуынша, ашаршылық құрбандарының саны әлі нақтыланбай отыр.

«Қазақстандағы ашаршылық апаты туралы айтқанда, алғаш 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан бастаймыз. Бұл мәселе о бастан-ақ, кеңестік тоталитарлық жүйе әлі қалыптаса қоймаған кезеңде орын алғандықтан, тарих ғылымында құпия бола қойған жоқ. Рас, қырылған адамдар санын анықтауға құлшыныс байқала қоймады. Шындық бұрмаланып көрсетілді. Қазақ жерінде Азамат соғысының тұтануына ең алдымен большевиктердің өздері кінәлі еді. Тарихи әдебиетте, міне, осы мәселе айтылмады. Яғни 1 миллионға жуық адамның кемігенін мойындаса да, осы кемудегі өлгендер қанша дегенге ешкім нақты жауап іздей қойған жоқ. Демографиялық есептеулер осы кемуде өлген қазақтар саны 700 мың адамнан асады деп көрсетеді. Кеңестік билік, сондай-ақ, бұл ашаршылықтың бәрінен бұрын дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын қазақ шаруаларына ауыр тигенін айтудан жалтарды, - дейді ол.


Айтпақшы, жыиын барысында ғалымдар ашаршылыққа қатысты деерктердің көп екенін, бірақ оған қол жеткізу жағы қиындау екенін атап өтті.

Бірнеше сағатқа созылған жиын оңында қатысушылар арнайы ұсыным дайындады.

Бақ.кз сайтының жазуынша, 1921-1922 және 1931-1933 жылдар аралығында болған Қазақстандағы ашаршылық зардаптарын талқылай келіп және жоғарыда айтылғандарды ескере отырып жасалған ұсынымда мынадай мәселелер қамтылған:

1. Мәдениет және спорт министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірге:

1.1. Еліміздің барлық архивтер және статистика мекемелерін жұмылдырып ХХ ғасырдың басындағы ашаршылық құрбандарының нақты санын анықтау үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар бойынша деректерді жүйелеп жинақтауды жүзеге асыру және осыған қатысты құжаттардың жинағын дайындауды тапсыруды (облыстар бөлінісінде).

Барлық архивтердегі материалдармен танысу және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін архивтерге қажетті рұқсатнама алу мәселесін шешу және архивтердің құпия грифтерін алу туралы кешенді жұмыстар жүргізу бойынша құзырлы мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуді;

1.2. Мемлекет деңгейінде ғалымдармен және тарихшылармен бірлесіп, аштық құрбандарының цифрлық деректер базасын жасақтауды.

2. Мәдениет және спорт министрлігіне Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерімен бірге:

2.1. Ашаршылық құрбандарын әр жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде мемлекет деңгейінде «1 минуттық аза тұту» шарасын жүзеге асыру мүмкіндігін пысықтауды;
2.2. Қазақстанда орын алған ашаршылық жылдарын ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында «Аза Сарайы» мемориал-кешенін салу туралы мәселені пысықтауды;

2.3. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында Қазақстанда орын алған ашаршылық қасіреті жайлы тарихи, ғылыми зерттеліп зерделенген деректер негізінде кітаптар, театрлық қойылымдар мен фильмдер шығару мүмкіндігін қарастыруды.

3. Білім және ғылым министрлігіне Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп:

3.1. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда болған аштыққа қатысты ғалымдардың Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және басқа да мемлекеттер архивтеріндегі материалдарды зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін қарастыруды;

Ресейдің Мәскеу, Омбы, Орынбор, Новосібір, Свердлов, Уфа, Қазан, Барнаул, Түмен қалаларындағы мұрағаттарда ХХ ғасырдың басындағы аштыққа байланысты архив құжаттарына ізденіс жұмысын жүргізу мүмкіндігін қарастыруды.


4. Білім және ғылым министрлігіне:

4.1. ХХ ғасырдың басындағы аштықтың салдарын анықтау, оның ішінде сол кезеңде қазақ даласында қанша жұт тіркелгенін нақтылау және аштықтан жан-жаққа, шетелге босып кеткендердің тағдырына қатысты деректерді зерделеу үшін ғылыми зерттеу бағдарламасын әзірлеп, оны қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды;

4.2. Кеңес мемлекетінің Қиыр Шығысынан, Еділ бойынан, Кавказдан және т.б. өңірлерден сенімсіздік айыбы тағылып, қазақ даласына жер аударылған халықтардың көшірілу және қоныстану тарихын, яғни Қазақстан халқының қалай көп этносты сипат алғанын көрнекі түрде көрсететін «Қазақстан халқы» интерактивтік ғылыми-тарихи картасын ХХ ғасырдың басындағы ашаршылық нәубетінің зардаптары туралы деректермен толықтыруды ұсынды.