Өткен тарихты еске алып, берекенің қадірін білетін күн
01.03.2021 1706

Бүгін 1 наурыз алғыс айту күні. Бүгінгі таңда Отанымыздың әр түкпірінде әр түрлі ұлт өкілдері ел ертеңіне үлес қосып, еңбек етіп, бейбіт өмір сүруде. Бұның өзі бауырмалдық, татулық дейтін асыл қасиеттердің халқымыздың болмыснан табылғанының көрінісі. Көне тарихтан бері зерделей қарап көрсек, осынау ұлан-ғайыр Тұран даласында небір ұлы империялар өмір сүріпті. Алайда солардың көбі тек бір текті – түрік текті халықтар екен. Қазіргі Қазақстан халқының құрамы сол көне тарихқа сәйкес келе бермейді. Қалай болсын, болмасын, өткен тарих – біткен болмыс, оны өзгерту, өңдеу мүмкін емес. Алайда танып-білу, ақиқатын айта білу – міндет. Бүгінгі күнді біз осы бір ауыр тарихты еске алып, берекенің қадірін түсіне түсетін күн ретінде білеміз.


Бұл күнде Қазақстандағы қазақтан өзге ұлт өкілдерінен шыққан өнер мен ғылым саласында да, кәсіпте те өз биігіне жетіп, армандарын жүзеге асырған тұлғалар аз емес. Тарихшылардың пікірінше, адамзат тарихындағы ең бейбіт кезең – дәл қазіргі кездер екен. Қазақстан аумағы үшін де тарихтағы ұлттар мен ұлыстар арасында сүтке ұйыған қаймақтай тату күндер қазір өтіп жатқанына баршамыз куәгерміз. Жоғарыда атап өткеніміздей Ресей отарлауынан бұрын қазақ даласында тек бір текті халықтар ғана өмір сүріп келді. Ал бүгінгі хал қалай пайда болды? Қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерінің жаппай күштеп қоныс аударылуы дүниежүзілік екінші соғыстың алды-артында жүзеге асырылған болатын. Советтің сталиндік қатал режиміне әрбір ұлттың бір аумақта тұтас қоныстануы аса қауіпті сезілді. Интернациодалды жүзеге асыру үшін де, жалпы халықтардың жаппай орыстануын тездету үшін де ұлттардың аралас қоныстанып, мәдениетін, тарихын, жерін ұмытуы керек болды. Соғыстың тұсында батыс шекарадағы халықтарды, Кафаз халықтарын сатқындық жасауы мүмкін деген жаламен күштеп көшіре бастады. Бұдан сырт шығыс өңірдегі азғантай корей диаспорасын да айдауға салды. Тағы бір маңызды мақсат, қазақ даласында да ұлттардың әртүрлігін қамтамасыз ету арқылы қазақтарды ұлттық болмыстан айыру. Қысқасы кез-келген өңірде орыстан басқа ұлттың басымдық алуына жол қоймау керек еді. Бұл патшалық Ресей кезінде басталған отарлық саясаттың советтік жалғасы болатын.

Халықтардың күшпен қоныс аударылуын зерттеген ғалымдардың деректері бізге нақты картиналарды береді. 1946 жылы Совет одағында жер аударылған халықтардың жалпы саны екі жарым миллионға жеткен. Кейбір деректерде үш миллионға жуықтаған. Ал осылардың Қазақстан аумағына жер аударылғандары 1 миллион 200 мың адам екен. Алайда қоныс аударушыларды әр ай сайын қайтадан тіркеп отыру, жаңадан қосылғандармен араласа тіркелу, бір отбасының екінші бір жерге қоныс аударуы, туыстардың бөлініп кетуі, кейбір отбасының қайта қосылу секілді жағдайларға байланысты, құжаттық деректерден нақты санын тұрақтандыру өте қиын.

1947 жлғы 1 қаңтардағы есеп бойынша қоныстанғандарды ұлтына қарай бөлсек, шешен-ингуш 88 650 отбасы (341 328 адам), балқарлар 5175 отбасы (18 327адам), қарашайлар 10090 отбасы (37485 адам), немістер 101314 отбасы (325 662), қалмақтар 781 отбасы (2031 адам), Грузиядан келгендер 6696 отбасы (27 546 адам), Қырым татарлары 1 424 отбасы (4 039 адам), жалпы саны 255 170 отбасы (894 687 адам) тіркелінген. 1948 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандардан жалпы саны 781 170 адам тіркелінген. Олар ұлтына қарай былай бөлінді: шешен-ингуштер - 87 860 отбасы (338 238 адам), қарашайлар 10 013 отбасы (37 019 адам), балқарларда - 5 164 отбасы (18 142 адам), немістер 101 479 отбасы (343 998 адам), қалмақтардан - 809 отбасы (2 137 адам), Грузиядан келгендерден құрамында - 6 767 отбасы (27 210 адам), Қырымнан - 1 549 отбасы (4 574 адам) болса, 1949 ж. республикада арнайы жер аударылғандардан - 250 428 отбасы (892 671 адам) тіркелінді. Олардың ішінде шешен-ингуштер – 78 995 отбасы (299 170 адам), немістер- 123 113 отбасы (410 268 адам), гректер 371 108 адам, қарашайлар – 9 067 отбасы (33 754 адам), балқарлар – 4 772 отбасы (17 558 адам), поляктар - 32 652 адам, қалмақтар – 765 отбасы (2 265 адам), Грузиядан келгендер – (29 699 адам), Қырымнан келген 1 937 отбасы (5858 адам) тіркелінген. Сонда 1949 жылы қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халықтардың 36 % орналастырылса, бұл Орта Азияның барлық республикаларынан екі есе, ал Батыс және Шығыс Сібірден 6 % көп, яғни республикамызда әрбір 10 адамның 4-і күштеп көшірілген 51 ұлттың өкілдері болды. Оның үстінен күштеп көшірілген халықтардың көбі Қазақстанға жөнелтіліп отырған. 1949 жылы Қызылорда, Талдықорған, Алматы облыстарына 45400 адам жер аударылғандар жіберіледі деп хабарланып, жеткізілгендер саны 57 154 адам, яғни 11 714 адам артығымен жіберілген. Осындай себептерден келе жатқан адамдарға ғана дайындаған тұрмыстық (баспана, азық-түлік) керек-жарақтар жетпей жатты.

Соғыстан кейінгі жылдарда бұрынғы соғыс кезіндегі Еңбек армиясы болмаса да, ауылшаруашылығы мен басқа да жұмыстарға адамдарды мобилизация бойынша алып жатты. Оның сыртында халықтарды бір жерге қоныстандырғаннан кейін енді екінші бір өңірге, еңбек күші қажет деп табылған өзге жерлерге еріксіз апарып, ішкі қонысаудару жұмыстары жүрді. Солардан бір мысал, 1950 жылы Оңтүстік Қазақстанда суармалы жерлерде колхозшыларды көбейту керек деп тапты да Бетпақ даланы игеру үшін 3 мыңнан астам жер аударылған халықтарды үгіттеп сонда жіберді. Жер аударуылғандардың қайда барса да жер аударылушы екенін білдіретін құжаттарын өзгерту мүмкін болған жоқ. Жер аударылғандарды жергілікті жерлердегі ішкі органдардың коменданттары бақылауда ұстады, әрбір жеке әрекет әшкереленіп, жазаланып отырды. Жер аударылғандар отбасында болған баланың тууы, кісі қайтыс болу, туыстардың келуі секілді барлық оқиғаларды үш күн ішінде хабарлап отыруы міндет болды. Бір жаққа жолаушылап шығу, туысшылау секілді әрекеттердің бәрі комендатураның рұқсатымен ғана жүзеге асты. Жер аударушыларға арналған түрлі арнайы заң актілері болды, кейбір жергілікті басқарушылар оларға «халық жауы» ретінде қарап, нашар қарым-қатынас жасады. Жұмысқа алмағандар да болды. Жұмыссыздық, кедейлік, оның сыртында соғыстан кейінгі тапшылық салдыранан жергілікті халық та, жер аударылғандар да қиналды. Ауру-сырқау көбейді, жерсінбей қашқандар да болған. Бұл одан әрмен заңды күшейтіп, бақылауды арттыра түсті. Қысқасы сол кездегі жер аударылған халықтардың қасіретін айтып тауысудың өзі мүмкін емес.

Жер аударылғандар қазақ даласында көбінесе егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысты. Кейін барлық өнеркәсіп саласына атсалысты. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ауылшаруашылығына аса мол үлес қосты. 1957 жылы күштеп жер аударылған халықтардың өз отандарына қайтуына рұқсат етілді. Алайда соған қарамастан олардың көбі қазақ жерінде қалып қойды. Бұлардың ішінде Кафказ халықтары мен немістерге, түріктерге ғана өз жерлеріне қайтуға мүмкіндік берілмеді. Сталинның өлімі, Хрущевтің жылымығы жылдарында жер аударылғандар да заңдық тұрғыдағы өздерінің қиын халінен құтыла бастады. Қазақ жерін қоныстанған олардың осы жерде туып-өскен жаңа буыны әр салада кәсіптеніп, өсіп-өркендеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанды өз отаны деп есептейтін буын осында өз армандарын жүзеге асырып, ел үшін қызмет етуде.

Біз осы күнді кешегі ауыр тарихты еске ала отырып, бүгінгі береке-бірліктің маңызын түсініп, қадірін білетін күн ретінде қарағанды жөн көреміз. Қандай елде болсын, қандай еңбек етілмесін, ең әуелі адам құқы болмаса, ол жер бетіндегі тозақпен тең. Советтік кезең ұлттар түрмесі ретінде тарихта қалды. Енді сондай күннің қайта келмеуін тілеп, бостандық пен азаттықтың одан әрі молая түсуін тілейміз. Ешбір ұлт, ешбір халық Қазақстан жерінде таршылық көрмесін, бөлектеуге ұшырамасын деп тілейміз.