Ұлы даланың батыр аналары І
31.03.2021 5524

Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүінгі болашақ ұрпақ жадында. Арыға бармай-ақ қазақ хандығы тұсынан бергі ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай ханымдар, Күнбике, Айбике, Зере аналардың ұлт тарихындағы орны бөлек.


«Қазақстан тарихы» интернет-жобасы тарихта ізі қалған, елдің тарихында есімі алтын әріппен жазылған ұлы тұлғаларымыз туралы «Ұлы даланың ұлы тұлғаларын» оқырман назарына ұсынып келеді. Осы жолғы санымызда қазақ тарихындағы батыр аналарымыз туралы деректер ұсынбақпыз. 

Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүінгі болашақ ұрпақ жадында. Арыға бармай-ақ қазақ хандығы тұсынан бергі ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай ханымдар,  Күнбике, Айбике, Зере аналардың ұлт тарихындағы орны бөлек.


Қазақ хандығы тарихында мемлекеттік деңгейде мұрағаттық құжаттарға түскен тарихи тұлғалар қатарында қазақ қыздары көп емес. Олар туралы сөз болғанда біз Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымды, Уәли ханның жұбайы Айғаным ханымды, Кенесары ханның қарындасы даңқты Бопай сұлудың аттарын атаймыз. Қазақ ханымдарымен сол тұстағы қазақтың белді тұлғалары ғана емес, сонымен бірге Ресей, Хиуа, Бұхара және өзге де елдердің мемлекеттік қайраткерлері таныс болған. Мұның өзі қазақ қыздарының қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін көрсетеді.  Сөз жоқ, қазақ қыздарының арасында Қазақ хандығының қиын-қыстау кезеңінде қазақтың Бас ханы Әбілқайырдың жанынан табылып, қиналған шағында еріне қолдау көрсеткен, 1748 жылы 15 тамызда хан өлгеннен кейін тек қана отбасына емес, жалпы қазаққа ақылшы болып, ел тыныштығы мен бірлігін сақтауға үлес қосқан, көпке үлгі болған Бопай ханымның орны ерекше.

Бопай ханым

Бопай ханым –  (шамамен 1690 - 1780 жылдар) Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан асқан сұлу, өте ақылды, ержүрек қайраткер, аузы дуалы мәмілегер.

Бопай кіші жүздің адай руынан - батыр Табынайдың үлкен ұлы Сүйіндіктің қызы. Бопай ханымның есімі Ресей мұрағаты құжаттарында 1731 жылдан кейінгі тарихи оқиғаларда  атала бастайды. Бұл кезеңде ол Әбілқайыр хан шаңырағының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге ханның барлық саяси қадамдарын қолдаушы ретінде көзге түседі. Бопай ел анасы аталып және оның қай ұлы да осал болмаған, олардың тарихта қалуына тағы­лымды тәрбие берген. Бопайдың өнер, ғылым жанашыры болғаны туралы мәліметтер тарихи дерек­терде сақталған. Ол орыс патша­сы алғаш ұйымдастырған музейге қазақ халқының этнографиясы ту­ралы мәліметтер жинастыруға көп көмек берген. 

Оқи отырыңыз: Ұлы даланың ұлы тұлғалары ІІ

Саясаткер, мәмлегер, қайраткер болғанын Бопайдың 1748 ж. 5 қазанда Елизовета Петровнаға, 1731 жылы 22 қараша патшайым Анна Иоановнаға жазған хатынан көрінеді. Бұл – сол дәуірдің шындық көрінісінен сыр суыртпақтайтын нағыз тарихи дерек­хат. Бопай ханшаның патша сарайынан алған сыйлықтары туралы Әбілқайырдың жанында болған прапорщик Муравин 12 қараша 1742 ж. журналында: «1 голь, 1 пара соболей, 1 соломей­ка, 2 платка итальянских бисеру, 2 выдры, 2 бобра, мех чернобурой ценой — 100 руб, денег 50 рублев, Абулхайр хану после присяги се­ребряною оправою с бирюзою ценой 65 рублев, пара пистолетов с медною оправою, панцирь желез­ной со объявлением что он хан, то оружие служает в против непри­ятелей е.и.в. и воохранение своего здоровия употреблял» ­деп жазған. Бопайдың сұлулығы мен ақыл­дылығы ерекше болған. Ағылшын суретшісі Джонь Кэстль 1736 жылы хан ордасында болып, сол кезде Бопайдың 40­-тың ортасынан асқан шағын аса қызығушылықпен әдемі суреттеген. Бопай алғыр, сауатты болған. Ресей үкіметінің жоғарғы лауазым­ды адамдармен (40 шақты) хат алысып және жеке мөр ұстаған. 1751 жылы 8 шілдеде Бопай Орынборға келіп, 7 тамызға дейін болып, Губернатордың қабылдауына кі­реді.

Бопайдың зираты Соль­-Илецкі­ден тіке барғанда 70 шақырым­ дай оңтүстікте, Орал облысының Шыңғырлау ауданымен шекара­дағы жерде әскери полигонның ай­мағында. Қасында «Бопай сайы» деген жылға бар екен.

Қарқабат Ана

Арғын ішіндегі ең бір өсіп-өнген ата − Мейрамсопыдан тарайды. Шежіре дерегінің басым көпшілігі Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпиядан − Қуандық, Сүйіндік, екінші әйелінен − Бегендік, Шегендік, үшінші әйелінен − Болатқожа (Қаракесек) туып еді дейді. Бұлардың әрқайсысынан өрбіген ұрпақ бір-бір іргелі руға айналған.

Мейрамсопыны Қарқабат ерекше құрметтеп, қызмет көрсеткені сондай — өмірінде Мейрамның табанынан сыз өткізбей, етіне суық су тигізбей күтіпті. Түзге отын тере шықса, қу көдені жұлып әкеліп отағасысының табан астына төсеп, түнде дәрет алатын құманды бауырына басып жылытып жатады екен. Қарқабаттың осындай ықыласын көрген сайын Мейрамсопы: «Ой, көсегең көгерсін! Бір туғаныңнан бір туғаның аса берсін! Өсіп−өнген ұрпағыңның ұранына шық!» деп бата беретін көрінеді. Аруақты атаның сол батасы қабыл болып, Қаракесектер іргелі елге айналады, кезінде 25-26 болыс ел болды, елі мен жерінің айбары сияқты нелер жақсы-жайсаңдар шықты, Қарқабат ананың есімі Қаракесек руының ұранына айналды (Дерек беруші Мұқатұлы Ғалымжан (1905-1976).

Ақбикеш Ару

Есім ханның шолғыншы батырларының бірі. ХVII ғасырда өмір сүрген. Есім хан жасақтарының Бұхараға, Қашғарға Қалмақ жеріне жасаған жорықтарына қатысқан ержүрек қыз. Ол негізінен алыстағы жау жасақтарының орналасқан тұсын дәл болжау арқылы Қазақ жасақтарына көп көмектескен. Аңыз бойынша оның көргіштік және болжағыштық қасиеті ерекше болған екен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, сол мұнарадан төңіректі шолып тұратын болған. Және сол аңыз бойынша Ақбикешті жоңғарлар қапыда қолға түсіріп, өшікеннен оның көздерін ойып алған дейді.

Бопай сұлу

Бопай сұлу. Бопай (туған-өлген жылдары белгісіз) — Кенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі, Кенесарының қарындасы. Көкшетауда дүниеге келген. Қасым төренің Санжар, Есенкелді, Ағатай, Көшек, Кенесары, Наурызбай атты 6 ұлының арасындағы жалғыз қызы. Деректерде Бопы болып та кездеседі. Бопай бойжеткен шағында Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылады. Жастайынан сұлулығымен, өжеттігімен көзге түскен. Өзінің күйеуі мен оның туыстары сұлтан Сартеке, Досан Әбілқайырларды көтеріліске қосылуға тартады. Олардан келісім ала алмаған соң, 1837 ж өзінің 6 баласын ертіп, көтерілісшілерге қосылады. Бопай арнайы жасақталған 600 адамнан тұратын қолды бастап, көтерілісшілерді азық-түлікпен, қару-жарақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде айрықша қажыр-қайрат көрсеткен. Ол сын сағаттарда қол бастап, қару алып, соғысқа да қатысады, тұтқынға да түседі. Соның бәрінде де ерлік-табандылығымен, ақыл-парасатымен танылып отырған.


Кенесары ханның қырғыз жеріндегі ақтық шайқасында Бопай ағасымен бірге шабуылға қатысқан.

Бопай сұлу Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Кілемжайған ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде жерленген деген деректі тарихшы Серік Әжіғали өз монографиясында келтіреді.

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Ырғыз бойында Бопай есімімен аталатын ауыл бар.

Айғаным Ханым

Айғаным Ханым (1783 - 1853 жылдары)  Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Сырымбет жайлауында өмір сүрген. Уәли ханның кіші әйелі. Солтүстік Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге ықпал еткен. Ол өз кезеңінің алдыңғы қатарлы адамы болған, шығыстың бірнеше тілдерін білген. Санкт-Петербургтегі Ресей сыртқы істер министрінің Азия департаментімен хат жазысып, Омбыдағы, Тобыл мен Петропвалдағы шенеуніктермен тығыз байланыс орнатқан. 

Айғаным - Абылай ханның тұң­ғыш ұлы Уәлидің кіші әйелі. Яғни ол атақ-даңқы әлемге тараған, алты Алаштың басын қосып ел еткен, ақыл-парасатына тең келер жан жаратылмаған ұлы Абылайдың келіні. Шыңғыс сұлтанның анасы, ғұлама ғалым Шоқанның әжесі. Жалпақ жұрттың қо­шеметі мен құрметіне ие болған. Тегі Құдайберлі Бәйімбет, руы Атығай. Өз әкесі Сарғалдақтың арғы жағы әйгілі Мәлім Қожа. Шынтуайтына келгенде, Айғаным төре тұқымына жатпайды. Әйтсе де «қарадан шығып хан болған» демекші, дарқан табиғат сыйлаған, Жаратқан Ием маңдайына тарту еткен тағдыр-талайы ханшаны шырқау биікке көтерген. Сөйтіп, сол тұстағы қазақ әйелдері арасында ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, жалпақ елді басқару тізгініне ие болған. Тоғыз бала тәрбиелеп өсірген ұлағатты ана. Ұлы Шыңғыстан бастап балаларына орыс тілінде білім алуға ықпал етіп, тәлімді тәрбие берген.

Барынша күшін салып, биліктен айырылмаған, қазақтың қызына тән өр рухты көрсеткен Айғаным ханым туралы деректерге тоқталсақ, ол 1783 жылы дүниеге келген. Анасы өзбек қызы болған.  Әкесі Сарғалдақ көзі ашық адам болып, Айғанымның білім алуына жағдай жасайды. Ол араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін жетік меңгереді. Сол кездері орыс ақсүйектерінің сәніне айналған француз тілін де үйренеді. Шығыс тарихы мен фәлсафасын жатқа біледі. Сол білімімен ол Уәлидің әйелі ғана емес, кеңесшісі, ішкі және сыртқы мәселелерді шешудегі бас ақылшысына да айналған. 

Заманында Александр І патша Сырымбет қойнауында кешенді қыстау, мекенжай салуға бұйрық шығарған. Осы құрылыстардың жұмысына бес мың сом ақша бөліп, оған қоса үкімет тарапынан 400 сом зей­нетақы белгілепті. Айғаным ханымның осы қонысты салдыртуы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласынан білім алып, көшпенді салттан отырықшылыққа біржола бетбұруы еді. Орыс шеберлерін шақыртып, қарағайдан он бөлмелі үй, ауласына мешіт, медресе, тұрмыстық сарай салдыртады. Салған медресесінде ханым аймақтағы бай-кедейіне қарамастан талапты балаларды жинап, діни пәндермен қатар орыс тілі, дүниетану, өнер пәндерін оқытады. Оқытуға атақты Құлмұхаммед молданы алдырған. Қоныстың маңайында Айғаным ханым мен Уәлидің мәңгілік мекені бар. Олардың басына құлпытас та орнатылған. Тарихи қоныста сәнімен салтанат құрған Айғаным ханым қазақ тарихында өз бетінше билікке қол жеткізе алған, еуропаша білім алған, бірнеше тіл меңгерген, саяси-қоғам қайраткері ретінде  із қалдырды.

Гауһар батыр

Гауһар батыр - Шығыс Қазақстан, Үржар жерінде туған, атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жары, шамамен 1700-1756 жылдары өмір сүрген, орта жүздің батыры әрі биі болған Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс кезінде ерлігімен ел есінде қалған әйелдердің бірі. Қабанбай мен Гаухардың тұңғыштары Назым да өзінің ерлік істерімен тарихта аты қалған.

1724 жылы жоңғарлардың әскерлері Түркістан қаласын тұтқиылдап тоқтаусыз шабуыл жасай бастайды. Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда, Гаухар жоңғарларлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайға жаудың жағдайы жөнінде толық мәліметтер береді. 1725 ж. әйгілі «Бұланты» жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гаухар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, уақыт өте келе «Гауһар батыр» атанады. Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты Майсара болса керек.

Сапура (Көктемір) батыр

Сапура Мәтенқызы шамамен 1753-1776 жылдар аралығында өмір сүрген. Зерттеуші қаламгер Әнес Сарай 1997 жылы ақпан айында «Қазақстан әйелдері» журналында жарық көрген мақаласында, Сапура 1753 жылы қазіргі Ақтөбе облысының жері – Қобда бойында туды деген деректі алға тартады. Ақтөбе облысы Қобда өзені бойын мекендеген Мәтен батырдың отбасында дүниеге келген. Сапура шамамен он алты-он жеті жасында сол елдегі орташа ауқатты адамға тұрмысқа шығады.


22 жасар жас келіншек Сапура бірінші күйеуін қашқын қалмақтар өлтіріп кетіп, әмеңгерлікпен қайнысы Жанболатқа қосылады. Ол Досалы сұлтанның ауылымен қоңсы екі мың кісімен Қобда бойында көшіп-қонып жүреді. Ресей патшалығында шаруалар күресін басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аңызға айналған қолбасшысы. Әйел басымен қол бастауға қымсынғандай, далада жүретін бір құпия тұлға – «Көктемір» туралы аңыз таратады. Барлық іс-қимылды соның атынан жүргізіп, көзге көрінбейтін күрескер келіншек шайқасқа шығады. Алайда, орыс әскерлері оның әйел екендігі туралы ғана емес, тіпті кім екенін білмейді, «Көктемір» деген атын ғана білетін болған. «Көрінбейтін Көктемір батыр» туралы алып-қашпа әңгімелер тараған.

Белгілі тарихшы Исламғали Бітіктің "Сапура Мәтенқызын білеміз бе" атты мақаласында Сапураның өмір сүрген кезеңі Пугачев көтерілісі кезеңі екені айтылады. 

"Тарихи деректерге сүйенсек, бұл қазақ халқының, әсіресе Кіші жүз аумағының Емельян Пугачев көтерілісінен кейінгі қанқұйлы жазалаулардың зардабын тартып, ел еңсесі түскен шағы екен. Сапар заты әйел болғанымен, көңіл көкжиегі кең, алысты болжайтын ақылмандығын осы тұста байқатады. Ол тарыққан, әрі қамыққан халқына пана болуды ойлайды.

1775 жылдың күзінде Елек, Қобда өзендері сағасында отырған табын, тама руларының халқы атқа мініп, ереуілге шығады. Бұл қозғалыс тарихта Көктемір көтерілісі деген атқа ие болады. Атап өтерлігі, сол ереуілдің дем берушісі де, қозғаушысы да Сапура Мәтенқызы болады. Күйеуі, жігерлі жас жігіт Жанбалта оның жанынан табылады.

Сапураның ат үстіндегі ерекше қозғалысы, күрес тактикасы мен ұстанған бағыт-бағдары оған деген ел сенімін арттырады.

Тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқы Емельян Пугачевтің іс-қимылына үлкен үміт артады. Өйткені, ол алғы күндерге мейлінше жақсылықтардың болатындығына сендірді. Елге жеке дербес мемлекеттік, теңдік пен бостандық берілмек. Оны былай қойғанда, Жайық, Орынбор казак-орыстары Қазақ хандығының қарамағында болмақ. Дегенмен, Кіші жүз ханы Нұралы бұған соншалықты сене қойған жоқ.

Соған қарамастан Пугачевтің идеясын қолдап, ашық та, жасырын да күреске шыққандар аз болған жоқ. Алайда көтеріліс басшысының қаза табуы өрекпіген көңілдерге тоқтау салғандай еді.

Ержүрек Сапура Мәтенқызын ғана ештеңе тоқтата алмады. Ол Пугачев атын ұрандатып, оның тасаға бет алған бұрынғы серіктерін, Жайық бойы казак-орыстарын, арғы беттегі қалмақтар мен терістіктегі башқұрттарды, тіпті мордва, чуваш, череміштерді басын біріктіріп, атқа мінгізуді ойлады" дейді И. Бітік. 

Орыс дерек көздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласындағы «ұстатпайтын ұстын», «көзге көрінбейтін жан» деп аталған Сапура Мәтенқызы да жұмбақ жағдайда өмірден өтеді. Алайда азаттықтың ақ таңы үшін арпалысып, жанын құрбандыққа шалғандардың арқасында армандай бостандық жолы бізге жақындай түсті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Ұлы Даланың Ұлы есімдері. Мақалар жинағы» кітабы

2. «Ұлы Даланың Ұлы есімдері. Мақалар жинағы» кітабы. Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғалар. Студенттік топтар кураторларына көмек ретінде. 3-кітап / ҚР ҰҒА академигі А.М.Ғазалиевтің редакциясымен. – 2-ші басылым, өңдел. және толық. - Қарағанды: Қараганды мемлекеттік техникалық университеті баспасы, 2011. – 120 б.

3. "Егемен Қазақстан" газеті Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы

4. Қазақша Уикипедия деректер базасы. 

5. https://e-history.kz/kz/news/show/984/

6. https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/kazak_handyigyi_-_550_jyil/aytumar/41159/

7. https://mangystaumedia.kz/kk/zhanalyktar/41931

8. http://kazgazeta.kz/news/55254