Тәуелсіздікке бастаған қадам
20.04.2021 2783

Ғасырлар бойы бабаларымыз үшін асқақ арманға айналған тәуелсіздікке биыл 30 жыл толады. Тәуелсіздік алу, егемен ел болып, мемлекетімізді құру, бізге оңай шаруа болған жоқ, оның ауыр−ауыр жолдардан өткен күрделі тарихы болды. Тәуелсіз елді Елбасының сөзімен айтар болсақ, бұл «қыран құстай еркіндіке ұмтылған ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн.


Тәуелсіздік - жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым. Осы уақыт ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті. Сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналдық».

Осыдан 30 жыл бұрын мемлекетімізді жаңғыртып тәуелсіз мемлекет болдық. Осылайша тарихтың жаңа айшықты парағына атымызды жаза бастадық.

Тәуелсіздік алу жолында қандай тәуекелдерге бардық. Бүгінгі мемлекеттілікке қалай қол жеткіздік деген сауалдар, жас буын ұрпақтар үшін қызықты әрі өзекті мәселе болмақшы. Ол үшін тәуелсіз ел болғанға дейінгі оқиғаларды бір саралап көрейік.

КСРО-ның күйреу тарихы 1985 жылдан басталды. 1991-1992 жылдары Ресей Федерациясының қаржы министрі болған Егор Гайдар «Империяның күйреуі» атты кітабында: «Кеңес Одағының күйреген күні мен үшін айқын. Бұл 1991 жылдың тамызы да, 1991 жылдың желтоқсаны да емес. Бұл 1985 жылдың 13 қыркүйегі еді. Дәл сол күні Сауд Арабиясының мұнай министрі шейх Ямани Сауд Арабиясы өзінің мұнай саясатын түбегейлі өзгертетінін, өндірісті тоқтататындығын және мұнай нарығындағы үлесін қалпына келтіруге тырысатынын мәлімдеді. Келесі алты айда Сауд Арабиясында мұнай өндіру 4 есе өсті» – деп жазды.

Негізгі табысты мұнайдан тауып отырған КСРО экономиксы құлдырай бастады. Дүкен сөрелері жылан жалағандай бос қалып кетті. Адамға қажетті азық-түлік нанның өзі тапшы болды. Кеңес Одағы мұнайын АҚШ пен Канадаға сатып, үлкен ақшаға Америкадан нан алатын. Бұл кезде нанның бағасы 50-80 копейка тұратын. Іс жүзінде бұл ірі қалаларды Ұлы Отан соғысының нормаларына сәйкес карточкалық жабдықтауға ауыстыру керек дегенді білдірді.

КСРО ның соңғы дәуірі күтпеген оқиғаларға, апаттарға толы болды. 1986 жылы Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр станциясының төртінші блогі жарылды. Осы жылдың аяғында Алматыда қазақ жастары толқыды. Бұл толқуды басқаға сабақ болсын деп Мәскеу аяусыз басып жаншыды. Бірақ бұл кері реакция берді. Алматы оқиғасынан кейін Балтық елдері бас көтере бастады. Эстония Латвия елдері көшеге шығып өздерінің ұлттық әндерін шырқады, егемендік, тәуелсіздік туралы айта бастады.

1985 жылы жарияланған қайта құру бағыты экономика да, саяси жүйеде де ешқандай нәтиже бере алмады. Экономика жасалмады. Жағдай одан да қатты ушыға берді. Басылым беттерінде 32 жылғы ашаршылық, 37 жылдардағы репрессия еркін талқылана бастады. Жер жердегі ұлттар өздерінің мәселесін ашық айта алатын болды. Бұрын сондай парасатты талас пікірді көрмеген халық сезімдеріне ерік бере алмады. Ашық пікірлердың кесірінен КСРО-да ұлтаралық қатынастар күрт шиеленісе түсті. 1988 жылы Таулы Қарабақ қақтығысы басталды. Оның барысында армяндар тұратын Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзірбайжан ССР құрамынан шығатынын жариялады. 1989 жылы Қазақстан, Өзбекстан, Молдова, Оңтүстік Осетия және басқаларында қақтығыстар басталды. Жер жерде қан төгіс, ұлтаралық дағдарыс өршіп бара жатты. Осындай жағдайда Кеңес басшылығы өзінің не ұлтаралық, не экономикалық мәселені шеше алмайтын дәрменсіздігін көрсетті. Кеңес адамына мұның бәріне Кеңес Социалистік Республикалар Одағында билігін жүргізген коммунистік партия кінәлі сияқты көрінді.

1990 жылы 4 ақпанда 300 мың адам жиналған Мәскеуде ең күшті және жақсы дайындалған шеру болып өтті. Оның басты ұраны коммунистік партия билеуші күш деген Конституциядағы 6-бапты алып тастауды ұсынады. Бір айдан кейін, 1990 жылы 15 наурызда КСРО халық депутаттарының III съезінде Конституцияның 6-бабының күші жойылды. Коммунистік партия биліктен аластатылды. Дәл осы күні М.С. Горбачев КСРО дағы күллі билікті бір қолға жинап беретін Президент лауазымына сайланды.

Осыдан кейін біздің мемлекеттік құрылымыз қандай болу керек, алдағы уақытта біз қандай экономикалық бағытты бағдарлап аламыз. Қандай саяси жүйеде өмір сүреміз деген сауалдар мазалай бастады. Мұндай кезде кеңес жүйесіне тән емес, халықтың мүддесін қорғайтың, мемлекетті басқаратын лауазым керек болды. Н.Ә. Назарбаев Президенттік басқару лауазымын енгізу туралы жобасын ұсынды. Бірақ оның барлығы заңмен бекітілді. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі.


1991 жылғы 1 желтоқсанда республика президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтіп, оның барысында Н. Назарбаев сайлаушыларының толық қолдауына ие болды.

Еліміз үшін сындарлы кезеңдерде Президент өзі бастап, республика халқымен, барлық ұлттар өкілдерімен кездесіп, ашық тілдесті. Мәскеумен екі ортадағы шешімін тапаған мәселелермен айналысты. Әсіресе Қарағандыдағы кеншілер ереуілі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы үшін де үлкен сынақ болғаны белгілі. Дәл сол сәтте ереуілшілерді сөзге тоқтатып, оларды ымыраға келтіру ісі Н.Назарбаевтың ғана қолынан келді. Халық Президентті Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарында табысты жұмыс тәжірибесі бар, көшбасшысы ретінде көріп жүрді. Сондықтан да Елбасының жеке тұлғасына, жеке басына деген халықтың сенімі мен ықыласы зор болды. Республика халқының арасында ол кеңінен танымал және жоғары беделге ие болғандықтан халық сенді. Президенттің жариялаған реформаларын еліміз бірден қолдап отырды. Қазақстан халқы сол кезде үлкен өзгерістердің алдында тұрғанын жан тәнімен сезді.

90-жылдары тұралап қалған экономика, шиеленіскен әлеуметтік жағдай, жетілмеген саяси жүйе осының бәрі Н.Ә. Назарбаевқа үлкен жауапкершілік жүктеді. Кеңес үкіметіндегі кеңестік экономикалық қатынастар келмеске кетті. Оның орнына нарықтық қатынастарға көшудің жолына түсті.
Нарықтық экономикаға көшудің алғашқы жылдарында қиыншылықтары да, кемшіліктері де болды. Алайда экономика қағидасы бойынша жұмыс істей бастаған нарықтық экономика өзінің нәтижесін берді. Инвестиция тартылып, кәсіпкерлікті дамытуға ден қойылды. Отандық кәсіпкерлер буынын қалыптастыруға барлық жағдай жасалып жатты. Елбасының халыққа жолдаған Жолдауларында бизнес үшін әкімшілік кедергілерді алып тастау, қаржыға қол жеткізу мәселесі ашық айтылды. Қазақстанның барлық кәсіпкерлеріне қолдау көрсететін арнайы институт Ата мекен палатасы құрылды. Мұның барлығы Елбасының орта және шағын бизнеске, кәсіпкерлерге деген қамқорлығы еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа жүйеге сенімсіздік білдіргендерде көп болды. Президенттік басқару жүйесі көп ұзамай өз жемісін берді. Дамудың даңғыл жолына түсті. Президенттік басқару жүйесі өзін ақтап қана қойған жоқ, өзінің өміршендігін дәлелдеді. Өзінің іскерлігін, жасампаздығын, ел басқару қабылеттілігін, елдің экономикалық әлеуетін қалыптастыруды және оның жаңа реформаларға сай иглікті жұмыс істей алатындығын осы отыз жылдың ішінде көрсете білді.

Оқи отырыңыз: Тәуелсіз Қазақстан Республикасы және шекара мәселесі

Тұңғыш Президенттің экономика саласындағы жарқын бастамаларының бірі Ұлттық қор құру еді. Өйткені қор кейін қаржылық дағдарыс кезінде елдің еңсесін түсірмей, әлеуметтік саланы шайқалтпай ұстап қалуға мүмкіндік береді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында: «Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталғанҰлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді» – деп мәлімдеді. Ұлттық қордағы қаржыны тиімді пайдаланғанның арқасында мыңдаған шақырым жолдар салынып, өңір мен қаланы байланыстыратын көп жұмыстар атқарылып жатыр. Тіпті ел аумағында инфрақұрылым салынып, құрылыс алаңына айналды.

Тәуелсіздік тарихында орын алған барлық бастама Елбасымен тікелей байланысты. Әрине оның барлығын бір мақалада тізіп шығу мүмкін емес. Елбасының идеяларын елде ғана емес, халықаралық қауымдастықта жоғары бағалап қолдайды.

Тұнғыш Президенттің халықаралық аренадағы сәтті жобаларының бірі Еуразиялық Одақты құру бастамасы. Оны 1994 жылғы 29 наурызда                           М. Ломоносов атындағы Мәскеу гуманитарлық университетінде студенттерге дәріс оқу кезінде жария еткен болатын. Кейін уақыт өте келе шындыққа айналды. Одақты құрудағы мақсат ұлттық экономикаларымызды жан-жақты жаңғырту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елдердің әрқайсысының мүмкіндіктерін біріктіру. Одақ мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру, олардың мәселелерін шешуге бағытталған. Сонымен қатар тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізуді қарастырады. Одақты құру арқылы ішкі рыноктың жағдайы реттелді. Шекара, кедендік кедергілердің барлығын жойып нарыққа жол ашылды. Бизнеске, кәсіпкерлікке мүмкіндік жасалды. Еуразиялық Одақ біздің тәуелсіздігімізге ешқандай қайшылығы жоқ, саяси ашық экономикалық мүдде.

Түйіндей келгенде, Тәуелсіздік қазақ халқының еңсесін көтерді, рухани серпілісін оятты. Тәуелсіздік қасиетті ұғым екенін, оның мағынасы зор, қанша жыл уақыт өтсе де оның бағасы жойылмайтындығын ұғындыра түсті. Тәуелсіздік ешнәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Тек бостандығы бар ел ғана армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады. Ана тілі, салт дәстүрі, дін мен мәдениеті сынды баға жетпес құндылықтары арқылы тәуелсіздіктің шоғыры биік тұрады.

Тәуелсіздігіміздің беріктігін сақтау жөнінде Елбасымыз: «Тәуелсідіктің туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр қайрат керек» – деген болатын. Тәуелсіздіктің қандай қиындықтармен келгенін үнемі, әсіресе болашақ ұрпақ үшін айтып жүруіміз міндет. Тәуелсіздіктің қадірін түсінген жастар сонда ғана өз елінің тәуелсіздігін қорғауға, сақтауға күш салады.

Айтбала Әбенова,

Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері