Тәуелсіздік шежіресі. 1991 жылдың мамыры
21.05.2021 2939

Qazaqstan Tarihy порталы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған материалдарды жариялауды жалғастырады. Оқиғалар хроникасы Республикамыздың 1991 жылғы мамырдағы тыныс-тіршілігі туралы баяндайды. Материал "Казахстанская правда", "Целиноградская правда", "Простор", "Вечерний Целиноград" және басқа да одақтық, жалпы республикалық, облыстық және өзге де баспа басылымдарының жарияланымдарынан жиналды.


1991 жылдың 1 мамыры Алматыда күн ашық және жылы болды. Бірінші мамырдағы көктемнің жайма шуақ күні дәстүрлі демонстрацияға шыққан азаматтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Қаланың мерекелік безендірілген көшелерімен колонна Республика алаңына, орталыққа қарай жылжыды, онда мінберде Қазақстан Компартиясы ОК Саяси Бюросының мүшелері Р.Г. Ануфриев, Е. М. Асанбаев, С. М. Баижанов, В. И. Двуреченский, У.Д. Жәнібеков, У. К. Қараманов, Г. Я. Козлов және Қазақ КСР-інің басқа да мемлекет қайраткерлері, Жоғары экономикалық кеңестің, Республика Министрлер Кабинетінің мүшелері, партиялық, кеңестік қоғамдық ұйымдардың басшылары күтіп тұрды. Колонналар «Вывести страну из кризиса!», «Да здравствует подлинный суверенитет республик!», «Союзному договору - да!» деген сияқты жаңа ұрандар мен үндеулерге толы болды. Қазақстанның барлық облыс орталықтары тұрғындарының басым бөлігі Бірінші мамырдың дәстүрін ұстанды. Қазақстан қоғамында саяси және экономикалық дағдарыс тереңдей түсті. Халық әлеуметтік шиеленіске, бағаның өсуіне және өмір сүру деңгейінің төмендеуіне тап болды. Бөлшек сауда бағасының едәуір өсуіне байланысты Көкшетау облысы "Октябрьский" совхозының әкімшілігі мен Еңбек ұжымының кеңесі шаруашылықтың барлық қызметкерлерінің жалақысын екі есе көтеру туралы шешім қабылдады! Жұмысшылар бұрын да облыстағы ең жоғары жалақы, 380 сом, алатын. Алайда озық шаруашылық адамдарға қамқорлық көрсету қажет деп шешті.

Анкарада Қазақ мәдениеті мен өнерінің күндері аяқталды, ал ішкі жабдығы мен ұлттық тұрмыстың аксессуарлары бар қазақ киіз үйі Анкара мұражайларының бірінің жаңа экспонатына айналды. Бұл киіз үй түрік астанасының тұрғындары үшін ортақ тіл, мәдениет және дәстүрлермен біріктірілген бауырлас қазақ және түрік халықтарының ежелгі байланыстарын жаңғыртудың өзіндік ескерткішіне айналды. Бір апта бойы Анкара мен Ыстамбұл тұрғындары мен қонақтары қазақ ұлттық өнерінің сан қырлы бояуын тамашалады. Топкапа залдарының бірінде Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері мен ұлттық киімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Апталық аясында қазақстандық киногерлердің картиналары көрсетіліп, Ататүрік мәдени орталығында өнер шеберлерінің гала-концерті өтті. Қазақ КСР Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қанат Саудабаев атап өткендей, мұндай кең ауқымды қазақ мәдениеті апталығы Кеңестік Қазақстан тарихында алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл іс-шара екі бауырлас халықтың мәдени байланысының берік негізін қалады.

6 мамырда Алматыда Целиноградта (қазіргі Нұр-Сұлтан) құрылған «Нива» жаңа облыстық әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналының тұсаукесері өтті. Бірнеше ондаған құрылтайшылар мен демеушілер Қазақстанның талантты жазушыларының шығармаларына және басқа да республикалардың жазушылары мен ақындарының қызықты шығармаларына өз беттерін ұсынған баспа органына қаржылай қолдау көрсетті. «Ниваның» бірінші санына А.Дубицкийдің «Лихолетие» повесі, В.Владимировтың «Гримасы «Целины» жазбалары, М.Жұмабаевтың оқырмандармен қайта қауышқан жырлары және тағы басқалары енген.  

16 мамырда Қазақ КСР Халық депутаттары Ш.Башенов, Б. Белик, Е. Ертісбаев, Б. Қадырбеков, Т. Кот, В. Масолов, М. Оспанов, П. Потапов, В. Роменский, П. Своик және В. Чернышов ("Демократиялық Қазақстан" тобы) Республика Президенті мен Премьер-Министріне хат жолдап, онда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы мәселе бойынша одақтық және республикалық үкіметтердің ұстанымдарын өткір сынға алды. Депутаттар егемендік туралы жарияланған декларацияны іс жүзінде іске асыруға бағытталған, олардың ішінде Министрлер кабинетін қалыптастыруды тез арада аяқтау, меншікті мемлекет иелігінен шығару, бағаны әкімшілендіруден бас тарту, салық реформасын жүзеге асыру және тағы басқа бірқатар шараларды ұсынды. Депутаттар Жоғарғы Кеңестің сессиясында республика Үкіметінің есебін де қажет деп санады.

24 мамырда Қазақ КСР Президенті, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н. НАЗАРБАЕВ Халық депутаттарының Зырян қалалық кеңесіне, Қазақстан Компартиясының қалалық комитетіне үндеуінде Зырян қаласының тұрғындарын қаланың құрылғанына 200 жыл толуымен құттықтады. Қаланың даңқты тарихы XVIII ғасырдан бастау алады. Көптеген ұрпақтардың қажырлы еңбегінің арқасында Зырян (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласы) Кенді Алтайдың ірі өнеркәсіптік және мәдени орталығына, республиканың түсті металлургиясын дамытудың маңызды базасына айналды, ел экономикасының өрлеуіне және қорғаныс қабілетінің нығаюына елеулі ықпал етті. Назарбаев алдағы уақытта да зыряндықтардың қаланың жұмыс абыройын абыроймен көтеретініне сенім білдірді. Қазақстан Президенті қаланың барлық тұрғындарына амандық, бейбітшілік, жаңа жетістіктер тіледі.  


21 мамырда биші, Қазақ КСР Халық әртісі Шара Жиенқұлова қайтыс болды. 23 мамырда Алматы жұртшылығы Қазақ КСР-нің халық әртісі, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шара Баймолдақызы Жиенқұлованы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ақтық сапарға шығарып салды. Қазақ сахна өнерінің көрнекті қайраткері осы театрдың бастауында тұрды, ол ашылған кезден бастап осында өнер көрсетті. Марқұмның табыты жанында Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаев, республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Е.М. Асанбаев, Қазақ CCP Министрлер Кабинетінің Премьер-Министрі У. К. Қараманов, республиканың басқа да басшылары, кеңес және партия қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері аза тұтты. у вахтасын атқарды. Атақты әртіс Кеңсай зиратында жерленді.

1991 жылғы 22 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Одақтық шарт жобасы туралы» Қаулысы қабылданды. Жалпы тұжырымдамасын КСРО Халық депутаттарының төртінші Съезі қолдаған жаңа Одақтық шарттың жобасын талқылай келіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Одақтық шарт жобасының мәтінін 1991 жылғы 17 наурызда өткен КСРО референдумының қорытындыларына сәйкес келтіру қажет деп шешті; комитеттердің, комиссиялардың, депутаттық топтардың және КСРО Халық депутаттарының ұсыныстары мен ескертулері Одақ шартының жобасын пысықтау кезінде оларды есепке алу үшін КСРО Халық депутаттарының төртінші Съезі құрған дайындық комитетіне жіберілсін.

Алматыда Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі халық штабы ашылды. Штаб жетекшісі, Кеңес мүшесі және "Невада-Семей" қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі А.Асылбеков КСРО Қорғаныс министрлігі белгілеген Семейдегі жарылыстар туралы хабар республиканың бүкіл демократиялық қоғамын, бүкіл көпұлтты Қазақстанды дүр сілкіндіргенін айтты. «Бірде-бір жарылысқа жол бермейміз» деген ұранмен Семейде ядролық полигонды жабу жөніндегі халықтық штаб құрылды, оған барлық демократиялық партиялардың, ұйымдардың, ұлттық қозғалыстардың өкілдері және «Невада-Семей» қозғалысының беделді белсенділері кірді. Штаб Қазақстандағы алғашқы атом жарылысының 42 жылдығы күні және Полигонды бейбіт демократиялық тәсілмен жабу үшін 1991 жылғы 29 тамызда бүкілхалықтық шеруді ұйымдастыру мақсатында құрылды.

24 мамырда Ново-Огаревода КСРО президенті М. С. Горбачевтің төрағалығымен Одақ шартының жобасы бойынша жұмыс істеу және оны бекіту тәртібін анықтау үшін КСРО Халық депутаттарының IV Съезінің шешіміне сәйкес құрылған дайындық комитетінің отырысы өтті. Отырысқа КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А. И. Лукьянов, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар кеңесінің төрағасы Р. Н. Никонов, көптеген одақтас және автономиялық республикалардың президенттері, Жоғарғы Кеңестерінің төрағалары қатысты. Одақтық шарттың түпкілікті нұсқасын қалыптастыру қаншалықты тез жүретініне байланысты болатын мәселелер бойынша біртұтас түсінік қалыптастыру басты назарда болды. Бұл, біріншіден, құжаттың тақырыбы туралы болды. Мұнда бәрі қарапайым сияқты көрінгенімен, қоғамда бұл тақырып талқыланып жатты. Екіншіден, жаңарған федерацияның атауы, оны қайта құруға негізделген одақтық мемлекет. Үшіншіден, жаңартылған одақтың сипатын, республикалардың егемендігін ескере отырып, құзыреттердің аражігін ажыратуға, жоғары одақтық билік органдарының құрылымына байланысты мәселелер және басқалар. М. С. Горбачев дайындық комитеті маусым айында жаңа Одақтық шарттың келісілген жобасын республикалардың жоғарғы кеңестерінің мақұлдауына беру үшін тұрақты негізде жұмыс істейтінін атап өтті. Қатысушылар одақты тең құқықты республикалар федерациясы ретінде құру қағидаттарын бірауыздан қолдады. Одақты құрайтын егемен мемлекеттер өкілдерінің шартқа қол қою тәртібі, одақтас органдардың құрылымы мен өкілеттіктері туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Одақ органдарын құруға және олардың жұмыс істеуіне барлық республикалардың қатысуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

25-26 мамырда Алматының орталық концерт залында Қазақстандағы украин халық шығармашылығының республикалық фестивалі өтті. Оған Украинаның Ивано-Франковск, Сумск және Днепропетровск облыстарынан, сондай-ақ Қазақстанның 13 облысынан ұжымдар қатысты. Осындай кең ауқымды фестиваль Қазақстанда алғаш рет өтті. Бұл республиканың мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Қонақтар мен иелер өзара құттықтауларымен және тілектерімен алмасты. Концерттік бағдарламаны ақын Рамазан Стамғазиев «Арнау» жырымен ашты, ол бұл әнді осы мерекеге арнап арнайы жазған болатын. Бұл фестиваль Украина мен Қазақстан халықтарын біріктіретін достық көпірі іспеттес болды.

"Невада-Семей" антиядролық халықтық қозғалысының төрағасы Олжас Сүлейменов Қазақстан халқы мен үкіметіне үндеу тастады, өйткені жұртшылық тек өзі ғана халықты қайта түлетудің барлық міндеттерін шеше алмайды. Мемлекет өзінің моральдық, материалдық парызын, ең алдымен, балалар алдында өтеуге міндетті. Республика Парламенті ядролық сынақтардан және жойқын экологиялық әсерлерден зардап шеккендер туралы заң қабылдауы керек. Бұндай Заң АҚШ-та қабылданып қойған. Сүйек кемігі мен ағзаларды трансплантациялау бойынша заманауи клиникалар, гематологиялық орталықтар, фармацевтикалық зауыттар, балалар тағамы фабрикалары қажет. Қазақстандық «Дені сау бала» үкіметтік бағдарламасы қажет. Олжас Сүлейменов «Баланы құтқарамыз» бүкілхалықтық акциясының басталғаны туралы хабарлады. «Бүгінде бәрі - кез-келген бастаманы қолдау маңызды: бизнес, мемлекеттік, жеке. Идеялар, жобалар, заңнамалық ұсыныстар маңызды».

1991 жылғы 28-30 мамырда Қазақстанға КCPО Президенті М. С. Горбачев келді. 28 мамырда ол Көкшетау қаласындағы В.И. Ленин алаңында гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен кездесіп, әңгімелесті. Қазақстанға келуіне не себеп болды деген сұраққа жауап бере отырып, ол өзінің республикаға келу туралы көптен бергі уәдесін орындағанын, Қазақстанның ел экономикасында айтарлықтай орын алатындығын айтты. Көпұлтты мемлекетімізді нығайту үшін Республика көп жұмыс жасауда. М. С. Горбачев республикадағы ең ірі кооператорлар  дүкендерінің бірі «Синегорьеде» болды. Дүкен сөрелерінде ауылшаруашылық өнімдерінің алуан түрлері ұсынылған. Мәскеулік қонақтар тоғыз түрлі ысталған және қайнатылған шұжықтың түрін көрді. Көкшетау облысы - тың жерлерде неғұрлым тұрақты өнім алатын республиканың негізгі астықты аймақтарының бірі. Оның экономикасы етті және сүтті мал шаруашылығы есебінен дамуда.  

28 мамырда Алматыдағы Ғалымдар үйінде конференция өтіп, онда Қазақстан әйелдер одағы құрылды. Оның құрылуы әйелдер қозғалысының әртүрлі тармақтарының басты міндетті - нарыққа көшу кезеңінде отбасының сақталуына, әйелдердің кәсіби, зияткерлік және саяси әлеуетінің өсуіне жәрдемдесу үшін күш-жігерін біріктіруге деген ұмтылысынан туындады. Конференцияны география ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің профессоры А.С. Бейсенова ашты. «»Одақ әрбір әйелге халық шаруашылығын қайта құруға және жаңа мемлекеттік әлеуметтік саясатты қалыптастыруға байланысты өмірлік қиындықтарды жеңуге көмектесуі керек»,- деп атап өтті баяндамашы, конференцияны ұйымдастыру комитетінің төрағасы, КСРО Халық әртісі Р.Т. Бағланова. Балалардың болашағы мен отбасының әл-ауқаты үшін күнделікті алаңдаушылық әйелдердің психологиялық сеніміне нұқсан келтіріп, олардың жұмыс істеу қабілетін төмендетеді. Сондықтан олар дәл бүгін моральдық және материалдық қолдауға зәру. Ана мен жұмыс әйел функцияларын түсінуде қалыптасқан стереотиптерді бұзу қажет. Одақ әйелдерге өмір жолын таңдауда еркіндікке қолжеткізуге тырысады. Сөз сөйлеушілер оларды экономикалық және саяси бағыттарда шешу мүмкіндіктері, Мемлекеттік меншікті жекешелендіру кезеңінде әйелдерге кәсіпкерлік, коммерциялық қызметте жан-жақты көмек көрсету, қызметкерлерді кәсіби қайта даярлау мекемелерінің желісін құру қажеттілігі туралы айтты. Қазақстан әйелдер одағының президенті болып советтік әйелдер комитетінің мүшесі М. М. Ахметова сайланды.