Қазақ халқының ұзақ тарихта қалыптасқан саятшылық дәстүрінің аса бай екенін осыған дейінгі жазбаларымызда да айтып келе жатырмыз. Сол дәстүрді байыта түсетін, әдетте көзге түсе бермейтін құсты баптап, баулу, ұстау секілді жақтарда пайдаланылатын әр түрлі құрал-жабдықтар мен құс жемінің түрлері бар. Өткен жазбаларымызда біз ақжем беру керек, тоят беріледі деген сөздерді қолданғанымыз анық. Бұл жазбада осындағы "ақжем", "тоят", "қансоқта" деген секілді атаулардың ішкі мәніне тоқталмақпыз.
Әдетте саятшылар мен құсбегілер түз құстарын ұстауға қолбауыр, қақпан, тұзақ қатарлы жабдықтарды пайдаланса; ал, оларды ұстап алған соң оларға тұғыр, ырғақ, аяқбау, томаға, шыжым, текбау, қоя, зерде сияқты заттар пайдаланылып; шырға, далбай, есірік қатарлы нәрселермен аяқтандырып; ақжем, қанды жем, бөртпе сияқты жемдермен бағып-баулып қайырады. Төменде осы заттармен бір-бірлеп танысамыз.
Құстарды ұстау құралдары.
Қолбауыр.
Қолбауыр дегеніміз кендір, жүн және мақта сияқты заттардан жіңішке етіп есіліп (ширатылып), көлденеңі екі метр, ұзындығы 10-15 метр, көздері 15-17 сантиметр етіп, бүркіт, сұңқар, қаршыға, лашын, қырғи, тұрымтай, тұйғын, ителгі сияқты саят құстарын ұстау үшін тоқылған тор.
Тұзақ.
Тұзақ – көбінде жылқының ту құйрығынан ширатылатын және кендір, мақта секілді заттардан есілетін жалғыз көзді, қос көзді және желілі етіп есілген әр түрлі аң құстарды ұстайтын зат. Тұзақтардың түрі біршама көп. Олардың кішкенелерімен әр түрлі құстар мен қояндарды ұстаса; үлкендерімен аю-қасқыр, бұғы-маралдарды ұстайды.
Жұтпа тұзақ.
Жұтпа тұзақ деп 3-4 метр мөлшеріндегі жіңішке жіптің бір басына ширатылған тарамыс тағылып, оған ұсақ малдың ортан жілігі байланып, көрнеу жерге ілініп, жіптің екінші ұшын қазыққа байлап қоятын әдісті айтады. Сонда оны бүркіт іліп әкетпек болғанда, әкете алмай қалады да, жерге амалсыз түсіп, оны ызалығында жұтып жібереді. Жілік бүркіттің жемсауына кептеліп, жіп қазыққа байланып тұрғандықтан, жілік бүркіттің ауызынан шықпай, бүркіт ауызынан арқандалып қалады.
Шаппа тұзақ
Шаппа тұзақ – бүркіт қонатын бұтақтың жуандығындай, ұзындығы бір құлаштай ағаш қыртысынан жасалған майысқақ тақтайша. Оның бір басын бұтақтың ұшына таман байлап, екінші басын бұтақтың түбіне таман қағылған шот темірге шертілте ілдіріп қойып, онан соң, 5-6 метрдей ұзын жіп әзірлеп, оның бір ұшына 2-3 килограмдай тоқпақ байлап, екінші ұшын бүркіт отырады-ау деген солқылдақ тақтайшаның үстіне жайып қояды. Онан соң түбіне тағы бір тиек бекітіп, шот ағаш пен солқылдақ тақтайшаның ілініп тұрған ұшының арасына тұзақ бекітіп, тұзақтың бауын өрге көтеріп барып аша ағаштың арасынан түсіріп, тоқпақ байланған ұшын салақтатып қояды. Сонда бүркіт барып тақтайшаға қона бергенде, солқылдақ тақтайша төмен басылып ілгіштен шығып кетеді де, тұзақ бүркіттің аяғына түскен заман тоқпақ төмен сырғып түседі де, бүркіт аспақталып қалады. Сондықтан бұл әдісті құсбегілер «Шаппа тұзақ» деп атайды.
Қақпан.
Қақпан дегеніміз екі серіппелі, дөңгелек табандықты, серперін аяқпен басса ашылып, қоя берсе жабылып, құрып қойса аң-құс ұстайтын болат-темірден жасалған құрал. Бұл құралдың түрі біршама көп. Олардың үлкен-кішілігіне, берік-осалдығына, ұстайтын аң-құстарының үлкен-кіші, әлді-әлсіздігіне қарай аю қақпан, қасқыр қақпан, елік қақпан, түлкі қақпан, құс қақпан, тышқан қақпан деп бөлінеді.
Құс қақпан.
Құс қақпан – арнаулы құс ұстау үшін кәдімгі темір қақпанның екі шаппа жақтауына (аузына) киіз немесе жұмсақ кездеме оралған (тігілген) қақпан. Бұл қақпанды кей жерде «киіз қақпан» десе, кей жерде «жұсақ қақпан» деп атайды.
Арқан, таяқ.
Арқан құзар шың, биік жартастардағы құс балапандарын алуда пайдаланатын қылдан, жүннен, кендірден және қайыстан жуандау әрі берік етіп есілген зат. Жалама жартастағы ұядан балапан алуға түсетін адам беліне сол ұзын арқанды байлап, қолына ұзын таяқ ұстап, ұядағы балапанға түскенде арқан тасқа қыстырылып қиылатындай болса, қолындағы тұяғымен арқанды тастан шығарып отырады. Ұяға жеткен соң балапанды орап арқанға байлайды да шығарып береді. Онан соң өзі сол арқанмен қайта шығады.
Саят құстарын үйрететін және қондыратын құралдар.
Бөлеу.
Қолға түскен түз құсын адамды және өзін жаралап, мертіктіріп алмау үшін екі аяғын бауырына бүктеп, екі қанатын жинап көрпе немесе шапанға орап құндақтап байлап алу тәсілі «бөлеу» деп аталады. Кейде ұзақ сапарға жүргенде, көшіп-қонғанда, бүркітті қолға алып жүретіндей жағдай болмаса, қауіпсіздік үшін де бөлеп алады. Сақа құсбегілер де құсты бөлеп алу үшін талдан иіп жасалған арнаулы жабдықтары болады.
Ырғақ.
Ырғақ – түзден жаңа ұстап әкелген мінездері өте шадыр, асау құстарды ес-ақылдарын алып, жуасыту үшін отырғызатын жіптен, ағаштан және басқа да әр түрлі заттардан жасалған тербелмелі, орнықсыз құрал. Құсбегілер ырғақты «дар ырғақ», «жіп ырғақ», «шөрік ырғақ» деп бірнеше түрге бөледі де, әдеттегідей асау құс болса, дар ырғақ пен жіп ырғаққа отырғызады. Ал, өте қиқар, асау құс болса, онда оны шөрік ырғаққа отырғызады.
Шөрік ырғақ.
Шөрік ырғақ дегеніміз жұмыр ағаштың өзегін машинаның тиегі секілді қуыстап алып, оған жіп өткізіп, жіптің екі ұшын екі жаққа керіп байлап тастап, үстіне асау құстарды отырғызатын құрал.
Дар ырғақ.
Дар ырғақ дегеніміз екі тіреуіш ағаштың төбесіне бір білік ағаш шегелеп, оған бүркіт отыратындай тағы бір жұмыр ағашты жіпке байлап аспақтатып байлап қойған, құс жуасытуға пайдаланатын құрал.
Тұғыр.
Тұғыр – қолда бағып, саятшылыққа пайдаланылатын құстарды аң-құсқа салмайтын кездерде қондырып қоятын; құс қонып отырғанда құйрықтары жерге тимейтіндей биіктікте ағаштан жасалған қонақ орын.
Балдақ.
Балдақ – саят құстарын атқа мініп қолға алып жүргенде, ердің алдыңғы қасының қанжығасына жұмыр басын байлап қойып, үстіңгі аша басына білекті қойып, қыран құстарды көтеріп отыруға арналған ағаштан жасалған тіреуіш құрал.
Саят құстарына кидіретін, тағатын, байлайтын жабдықтар.
Құсбегілер мен саятшылар түз құстарын қолға түсірген соң, оларға арнайы кидіретін, тағатын және оларды байлайтын әр түрлі жабдықтар әзірлеп, құстардың қауіпсіздігі мен қашып кетуінің немесе босанып кетіп адамдар мен жан-жануарларды зақымдауының алдын алуды ойлап, мына жабдықтарды жасаған.
Аяқбау.
Аяқбау – қыран құстардың аяғына тағуға арнайы әзірлеген жабдық. Аяқбауды көбінде құстардың баутағарының ұзын-қысқалығы мен жуан-жіңішкелігіне қарай, иленген қайысқа былғарыдан тыстық, жұмсақ киізден астар салып тігіп, текбау тағатын (қолбау) бүлдіргелік шығарып жасайды.
Шыжым.
Шыжым дегеніміз қолға түскен саят құстарын алғаш рет алыстан жемге шақырып және далбай мен шырғаға салып үйрету барысында, олардың аяқбауларына сақтық үшін тағып қоятын ұзын әрі жіңішке арқан.
Текбау.
Текбау дегеніміз бүркіт, қаршыға, сұңқар сияқты саят құстарының аяғына салынған аяқбауларының бүлдіргесіне өткізіп, қолға алып жүргенде және байлап қоюға пайдаланылатын қолбау. Құсты аң-құсқа салғанда оны суырып алып қалады.
Томаға.
Томаға – қыран құстардың көзін жауып тұру үшін басына кигізетін, былғарыдан тігілген тұмылдырық. Томаға салынған қыран құс маңайындағы өзін запы қылатын жағымсыз көріністерден аулақ болып, шабыт күштерін үнемі сақтап отырады. Ал, томаға салынбай жалаңбас отырса, маңайынан өткен жан-жануарлар мен бала-шағаларға қарап мазасы кетеді немесе оларға ауыз, аяқ салып бастарына қауіп-қатер төндіреді.
Қоңырау.
Қоңырау – қырғи, қаршыға, лашын тектес кішкене қыран құстарға тағатын мыс пен жезден жасалған сылдырлап дыбыс шығаратын зат. Оны көбінде құстың құйрық жағына тағады. Олай істеудің бірнеше түрлі пайдасы бар: бірінші, кішкене қырандарды су құстарына салғанда оған тағылған қоңырау даусы құстарды алдын ала судан үркітіп шығарып, олардың суға түсіп шошынбауына тиімді; екінші, ірі жырқыш құстардың жазымдап кетуінен қорғауға тиімді; үшінші, орман-тоғайлы жерде иелерінің адаспай тез тауып алуына тиімді.
Сүзгі жіп – түзден жаңа ұсталып қолға енді-енді үйреніп келе жатқан қыран құстардың қашып кетпеуі үшін қанат-құйрықтарын әр-әр жерінен буып қоятын жіп.
Әдетте қолға жаңа үйренген қырандардан түзге жіберсем «осы қашып кетеді-ау» деп күманданған жағдайда, иесі құсын аң-құсқа жіберер алдында екі қанатының шалғылары мен құйрығының екі шетіндегі қауырсындарын буып байлап тастайды. Міне, бұл құстың қанат-құйрығын сүзу; оны буған жіп сүзгі жіп деп аталады.
Құсбегілік өнерде сүзгі жіптің рөлі өте зор. Егер асау құстарды сүзгі жіппен қанат-құйрықтарын сүзіп тастамағанда, қас-қағымда құстан айырылып қалады. Сондықтан да тәжірибелі құсбегілер жаңа үйреткен құстарын алғаш аңға жібергенде міндетті түрде қанат-құйрықтарын сүзіп жібереді. Себебі, қанат-құйрықтары сүзілген құс еркін самғап ұша алмайтындықтан, алысқа қаша алмай, қашан да иесінің ырқында болады.
Иыққап.
Қыран құстар көбінде жазда түлетіп, қыс айларында көп салатындықтан, олардың қатты суықта тоңып, аяғы мен екі топшылары үсіп қалмау үшін оларға арнайы иыққап және аяққап кидіріп алып жүреді.
Иыққап – құстың екі иығына өлшеп тігілген киіз қап. Оны қатты аяз күндері саятқа шыққанда бүркіттің аяғына кидіріп алып жүреді. Ол біршама кең-мол тігілгендіктен құстың денесін емін-еркін жауып тұрады да, құсқа суық өтіп «құрт қанат» болудың алдын алады.
Иыққаптар әдетте жасалуына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, «жаба салма иыққап», «жауырынтақ иыққап», «қосақбаулы иыққап», т.б. ерте замандарда атақты құсбегілер мен сал-серілер иыққаптарды сапалы киіздерден тіктіріп, сыртын балбарқыт, шұға секілді бағалы кездемелермен қаптатып, әр түрлі ою-өрнектер салдырып, маржан-моншақтар тақтырып көз жауын аларлықтай етіп безендіріп алып пайдаланған.
Аяққап.
Аяққап – қыстың сақылдаған сары аязы мен үскірік, қатты боранды күндері құстың аяғына кидіріп жүретін құстың аяқ киімі. Бұл көбінде іші талдырған жұқа киізден жасалып, сырты былғарымен тысталады.
Ал, құсты аңға жібергенде кигізетін аяққап (саусақ қап) жұмсақ киізден әр саусаққа жеке-жеке тігіледі де, ол құстың саусақтарын жыртқыш аңдардың шайнап тастауынан қорғайды.
Әдетте аяққаптар құстың аяғына өлшеніп жембасар, сығым, шеңгел және тегеурініне дәп-дәл етіп, суға тисе қатпайтын, жылылық сақтайтын заттардан тігеді.
Таңдай ағаш.
Таңдай ағаш – балапан бүркіттерді (қолбала) пыштақтатпау үшін бүркіт ауызына салатын (ағаштан жасалған) шағын құрал.
Әдетте ұядан ерте алып қолда баққан және үнемі адаммен жағаласып жүріп есейген балапандар пыштақтағыш келетіндіктен, оларды аңға алып шықса пыштақтап аңды қашырып жібереді. Әне сондай қауіптен сақтану үшін тәжірибелі құсбегілер ағаштан құстың тұмсығы мөлшерінде таңдай ағаш жасап, оған құс тұмсығын ноқталайтын бау тағады да, оны құстың алқымына томағаның алқым бауына қыстырып, ұшындағы ілмек баумен құс тұмсығын ноқталап, тұмылдырықтай кигізіп қояды. Сонда құс тамағынан ауырсынып пыштақтай алмайды.
Ел ішінде таңдай ағашты көбінде балапан баққан әрі баққан балапандары пыштақтағыш болған құсбегілер көп пайдаланады және оның түрлері мен пайдалану әдістері де біршама мол болады. Кей жерде таңдай ағашты «тұмылдырық» деп те атайды.
Құс үйі.
Құс үйі деп арнаулы қыран құстарды бағып-баптауға тігілген үйді айтады. Ерте заманда атақты құсбегілер, құс құмар қазақ хандары мен сұлтандары, сондай-ақ аң аулап, саят құруға қызығатын бай-манап, сал-серілерге бір бастарына бір емес, бірнеше, тіпті неше ондаған құс ұстайтындықтан, қырандарына арнап арнайы үй тіктіріп, қыран құстарын арнайы сол үйлерге бағатын дәстүр болған. Ал, үй тігіп бағуға шамасы келмегендер жазда салқын, қыста жылы болатын үйшіктер жасап қыран құстарын сонда баққан. Ал, оған да мүмкіндігі болмаса немесе баққан құстары аз болса, онда үйлерінің оң босағасынан орын берген. Олай болатыны, қазақ халқы бүркітті жеті қазынаның бірі әрі қасиетті құс; бүркіт отырған үйге, бүркіт жүрген жерге пәле-қаза жоламайды деп қарайды.
Әдетте қыран құстар отыратын үй немесе үйшік болсын, оның іші таза, еңселі келеді, қырандар қанатын жайып керілгенде, олай-бұлай қозғалғанда қанат-құйрықтары үй мен үйшіктің қабырғалары мен төбелеріне тимейтіндей кең болу керек. Егер құсты үйде немесе үйшікте түлетуге тура келсе, онда үйдің іргелерін түріп, үйшіктің төбесі мен қабырғаларын ашып, бүркіт көк аспан мен айналаны көріп отыратын әрі отырған жеріне күн нұры толық түсетін болу шарт. Олай болмағанда құс дертке шалдығады.
Саят құстарын қайырып аң-құсқа салуда пайдаланылатын жабдықтар
Биалай.
Биалай – саят құстарын қолға қондырып алып жүру және оларға жем беру үшін қолға киіп алатын, иленген қалың теріден қыран құстардың тұяқтары кірместей етіп жасалған қолқап.
Түтік.
Түтік – саят құстарына су құю үшін пайдаланылатын құмайдың, тырнаның топшысынан алынған түтік сүйегі мен әр түрлі қуыс ағаш, қурайлардан жасалған іші қуыс 15-20 сантиметрдей ұзын зат. Кейде түтікке қоян секілді ұсақ жануарлардың жіліктерін де пайдаланады.
Жемқапқыш және жемаяқ.
Жемқапқыш дегеніміз саят құстарының жемін салып жүру үшін сыртын терімен қаптап арнайы жасалған киіз дорбаша. Ал жемаяқ – құсқа жем беру үшін белге байлап жүруге ыңғайлап жасалған сапты аяқ. Жемқапшық кей жерде «құнар қалта» деп те аталады.
Саят құстарын қайыруда пайдаланылатын заттар
Әдетте тәжірибелі құсбегілер мен көзіқарақты саятшылар түз құстарын ұстап, оларды қолға әбден үйретіп, бағып-баптап қайырып алған соң, шырға, далбай, есірік бастырып бау аштырғаннан кейін барып, ресми аңға салып, саят құрады. Бұл тәсілдерді қолданбай тұрып, құс салып саят құру мүмкін емес.
Қанды жем (қызыл).
Қанды жем деп – сөлі бойындағы жас шикі етті айтады. Қанды жем көбінде арық құстардың бойына әл-қуат кіргізіп, күш жидыратын қуат сорпасы есептеледі.
Алғаш түзден ұсталған саят құстары жаңа орта мен адамнан жатырқап күндіз-түні алпарысып, қолға үйренгенше мазасы кететіндіктен арықтап кетеді. Сонымен олар әбден жуасыған соң, бір мезгіл қанды жем беріп етін көтеріп, оанан соң барып баптап қайырады.
Ақжем.
Ақжем – жұқалап жапырақтап турап, ішіндегі майы мен сіңірлері шығарылып тастап, онан соң сумен қан-сөлі кетіп, ағарғанша жуған шикі жас ет. Мұны семіз құстарды арықтату үшін береді.
Ағартық.
Ағартық – мал және аң етінен өте жұқа етіп турап, жемаяқтағы суға салып екі алақанға салып қатты-қатты қысып, бірнеше рет суға шайып қан-сөлін кетірген құс жемі.
Әдетте ағарық бүркіт аяқ астынан етейіп семіре бастағанда беріледі. Сонда бүркіт арықтап қалпына келеді.
Ала жәукім.
Ала жәукім – еті көбірек, майы азырақ қызыл ала жемді айтады. Әдетте бүркіттің бабы ұстараның жүзіндей құбылмалы келеді. Майлы ет пен қанды жемді сәл көбірек жеп қойса дереу еті көтеріліп аң алмай қояды. Осы себепті құсбегілер бүркіттің әр жолғы жемі мен оның мөлшеріне ерекше көңіл бөледі. Майлы, құнарлы ет болса суға шайып береді немесе майын сылып алып тастайды. Ал, құсының еті сәл төмендеп қалса, етке азырақ май жіберіп «ала жәукім» береді.
Боз өкпе.
Боз өкпе – бүркітке жем қып беру үшін үрлеп қан-сөлін кетірген аң және малдың өкпесі. Оны еті көтеріліп семіре бастаған құстарға берсе, еті қайтып, аңға салуға келеді. Себебі, үрлеп қан-сөлін шығарған өкпенің қоректік қуаты аз болатындықтан, оны жеген құс тез арықтап еті қатып бабына тез келеді. Сонымен бірге ет аз кезде ет үнемделеді.
Қансоқта.
Қансоқта – бүркітке немесе басқа да қыран құстарға берілетін жаңа өлген малдың немесе аңның қаны сорғалаған жылы еті. Қансоқта жеген қыран құстар тез тойынып, жүндері құлпырып шыға келеді.
Әдетте қансоқтаны қыран құстар түлекке отырғанда көбірек береді. Кейде оларға жаңа ғана ауланған аң-құстарды әдейі тастап берсе, оны құдды өздері алғандай жәркемдеп, ішек-қарнына шейін құныға суырып жейді. Тұмсықтары қызыл қанға малынып терлеген құстар тез түлейді. Себебі, қансоқта өте құарлы жем. Саятшылар құстары әр рет аң-құс алғанда, одан құстарына міндетті түрде бір-екі шоқытады. Кей кезде мұны да «қансоқта» деп атайды.
Құнар.
Құнар – саятқа шыққанда аң кезікпей, қолдағы құс зерігіп елеурей ұшқанда құсты шақыру үшін беретін жапырақ-жапырақ, түйір-түйір ет. Оның қансоқтадан айырмашылығы, құнар қансоқта секілді жаңа әрі жылы ет емес, керісінше, суық және қан-сөлі өз бойында қатқан еттен әзірленген құс жемі.
Әдетте құсбегілер құсын саятқа алып шықса, құсымен бірге жемқапшығына салып жетерліктей құнарда ала шығады да, құсы аң ала алмай аспанда қалықтап жүріп алса, дереу жемқалтаға қолын салып құнарын алып шығып, бүркітіне көрсетіп: «Па-па-па! Кел-кел-кел!» деп шақырып алады. Сондықтан да «құнар» мен «қызыл» құсбегілер мен құстар ортасындағы дәнекер есептеледі.
Сары бөртпе.
Сары бөртпе – суық сумен жартылай шайылған, қан-сөлі жартылай өз бойында қалған құс жемі. Әдетте сары бөртпені «ақжем» секілді суға көп шаймай, суық сумен ет түсі қызыл-сары түске енгенше бір-екі рет қана шайып қояды. Бұл жемді бүркіт сәл етейіп, бабынан сәл ауытқып қалғанда береді.
Тартпа.
Тартпа – әр түрлі аңдар мен малдардың сіңірлері мен толарсағы секілді қатты, берік жерлерінен құсқа арналған жем. Мұны құсқа әдетте ақжем, сары бөртпе әзірлеп әуре болғанша құс етін түсіру үшін берсе; кейде оны құсты терлетіп, қан айналысып жақсарту үшін береді. Бұл жем құстың қарсылық қуатын арттырып, етін бекемдеп, күш-қайратын асырады.
Тоят.
Тоят – құс ауызын толтыра асарлықтай бір кесек ет немесе өзі алған аңның, я құстың жылы етінен ауыз толтыра бір-екі дүркін жұлуы.
Әдетте құсбегілер саятқа шыққанда құсына аң-құс алдырғанша, құсын желпіндіріп, көңілін табу үшін жемқалтасындағы кесек етінен бір-екі дүркін жұлдырады. Міне, бұл «Тоят беру», «тоят» деп аталады.
Пайдаланған әдебиеттер:
А. Нүспоқасұлы. Ит жүгіртіп, құс салу. Шыңжаң жастар-өрендер баспасы. 2012 ж.