Қазақтың дәстүрлі медицинасындағы дәрілік шөптер 2-бөлім
23.09.2021 3390

Бүгінгі ғылым – адамзаттың өткен қаншама ғасырда басынан кешкен, көрген-білген тәжірибесінің жиынтығынан қалыптасқаны анық. Қазақ халқы да ұлы дала төсінде көшіп-қона жүріп өзіндің тәжірибені мол жинаған. Алайда бүгінгі таңдағы батыстық жаңа ғылымның озықтығы көптеген көне тәжірибелерді ұмыттырды. Осыған байланысты жастар арасында ұлттың өткенін мешеу, қараңғы санайтын түсінік бар. Сол ұмытылған саланың бірі ұлттық медицина болатын. Қазақ халқының медицина саласындағы тәжірибесі – бұл күнде әрі тарих, әрі ұлттық танымның бір бөлігі деп қарауға болады. Бұл жазбамызда қазақ емшілігінің бүгінгі білгірлерінің бірі Толқын Ақанұлының «Емші кәдесі» кітабындағы үнемі қолданылатын шөп дәрілермен таныстырмақпыз.


Толқын Ақанұлының «Емші кәдесі» кітабында қазақ халқы көп қолданатын жүзге тарта дәрі шөптердің аты мен емдік қасиеті, қолдану жолы жазылған. Бұл мәліметтер негізінен Қытай қазақтары ішіндегі халық емшілерінің қолданыс тәжірибелерін негіз етіп құрастырылған кітаптардан алынған екен. Әр шөптің ағылшынша аты қоса беріліп, түрі мен тобына қатысты да мәліметтерді толық беруге тырысқан. Қазақ емшілігінің де аса жоғары практикалық тәжірибесі бар екенін аңғарту мақсатында осы ақпараттарды толығырақ беруге тырыстық. Бұл аталған тақырып бойынша екінші жазбамыз. Бұнда бүгінгі таңда да біршама жұртқа белгілі болып келе жатқан жалбыздан тартып, басқа да әр түрлі дәрілік шөптер туралы сөз етпекпіз. Қазақтың дәстүрлі медицинасында аталған дәрілік шөптер кеңінен қолданылып, алуан түрлі ауруларға ем боп келген. Бұл тек өткен тарих қана емес, еліміздің болашақ фармацевтикасына да өзінің пайдасын тигізетіні анық.

Бүгінгі таңда өзінің өткен шақтағы мол тәжірибесін бүгінгі жаңа технологиямен ұштастырып пайдаға жаратып отырған елдер аз емес, Қытай, Индия секілді елдердің медицинасының дамуы – дәл осы дәстүрлі медицинаны тұғыр ете білгендігінде екені анық. Әр түрлі жаңа тәжірибелер мен тың зерттеу, зерделеу жұмыстарына енді ден қойып жатқан біздің жас буын да өткен тарихымыздағы мол тәжірибені тұғыр ете білсе өзіндік тың жол ашатыны анық.

Жалбыз

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Ыстық тұмауға: бірсалар 10 грамм, екпе қараөлең 4.5 грамм, жалбыз 3 грамм, тікенді үшқат гүлі 6 грамм, қоңыраугүлден 3 грамм, суға қайнатып ішеді; Қызылша шыға бастап, қызып жөтелгенде: жалбыз 3 грамм, тұт ағашы жапырағы 10 грамм, ащы өрік дəні 6 грамм, ошаған тұқымы 6 грамм (талқандалған), буплеуір 6 грамм, қоңыраугүлден 3 грамм суға қайнатып ішкізеді.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Ошаған

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Тұмау, жөтел, көмекей-жұтқыншақтың ісіп ауырғанына: ошаған тұқымы 10 грамм, қоңыраугүл 10 грамм, екпе қараөлең 6 грамм, қызылмиядан 3 грамм суға қайнатып ішеді; Қызылша шыға бастағанда (қызылшаның шығуы баяу, жұтқыншақ ауырып үні бітелсе) ошаған тұқымы 3 грамм, жалбыз 3 грамм, жыңғылдан 6 грамм суға қайнатып ішкізеді;

Қарттардың тарамыс сүйегінің сырқырап ауырғанына: ошаған тамыры 200 грамм, шикі дихуаң 200 грамм, қуырылған сары бұршақ 1 килограмм, бұларды 1 литр ақ араққа 6 күн шылап (бұқтырып), самасын сүзіп тастаған соң күніне 2 рет, бір жолда 10 миллиграмнан аш қарынға ішеді; Бет-ауыздың ісуіне: ошаған тамырынан 10 грамды суға қайнатып ішеді; Емшек безінің қабынуына: ошаған жапырағынан 10 грамды (жаңа жапырақтан 50 грамм) суға қайнатып ішеді; 6. Жергілікті қалқанша без іскенге (бұғаққа): ошаған тамырынан 12 грамды суға қайнатып ішеді немесе өңделген бал қосып домалақ дəрі (бірінің ауырлығы 10 грамм) жасап, бір жолда бір талдан, күніне 3 рет ішеді.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Жыңғыл

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Қызылша сыртына шықпағанда: жыңғыл 10 грамм, жалбыз 6 грамм, қызылшадан 7 фын суға қайнатып ішеді немесе жыңғылдан 10 грамды суға қайнатып ішкізеді; Жұқпалы тұмауға: жыңғыл 10 грамм, тұт ағашы жапырағы 10 грамм, шикі жаңпизыдан 3 жапырақ суға қайнатып ішеді; Тері қышыма ауруына: жыңғыл 10 грамм, аю балдырған 10 грамм, шикі қызылмия 3 грамм суға қайнатып ішеді немесе қосып, талқандап, қайнатып сумен ішеді. Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Боз ермен

Боз ермен – көпжылдық шөптесін өсімдік. Бой биіктігі 50-100 сантиметр шамасында. Биік таудың күнгей беттерінде, адырларда өседі. Жер шарында ең көп, ең көлемді тараған өсімдіктер санатына жатады. Аса құнды əрі бағалы дəрі шөп тізіміне қосылады. Қазақтың көне емшілері боз ерменді дəрі деп қарайды. Оның жер үсті бөлімі дəріге қолданылады. Жаз маусымында гүл ашудан ілгері орып алып, көлеңкеде кептірген кезде ғана турап қолданады. Қалған уақытта құрғақ, таза, күн түспейтін жерлерге дəрі қоры ретінде сақтап қойды. Боз еременнен жасалған дəрілердің қасиеті – ащы дəмді, жылы райлы. Желді, суықты шығарады. Суық тұмауға, жөтелге ем болады. Қазақ малшылары ерменді қыз оты деп санайды. Күзді күні ермен піскен кезде оған жайылған малдың еті мен сорпасы əр алуан аурудың таптырмас дəрісі. Мал сорпасы ерменді тосап болды деп қарайды.

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Суық тұмауға: боз ерменнен 50-100 грамды суға қайнатып ішеді; Суық тұмаудың жөтеліне: боз ерменнен 15 грамм, қызылша 3 грамм, ұсақ жапырақты жалбыз 6 грамм, қызылмиядан 6 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері 25-50 грамм.

Борпылдақ саңырауқұлақ

Ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Бадамша без қабынуға, жұтқыншақ қабынуға: борпылдақ саңырауқұлақ 3 грамм, сары марал шөп (арақ қосып өңделген) 6 грамм, қызылмия 6 грамм, жалбыз 3 грамм, буплеуір 6 грамм, қоңыраугүлден 6 грамм суға қайнатып ішеді; Жұтқыншақ қабынуға, дыбыс шымылдығының қабынуына, үн бітуге: борпылдақ саңырауқұлақ пен тазаланған сордың əрқайсысынан 3 грамнан алып суға қайнатып, лайықты мөлшерде бал қосып ауызға салып сорады; Табан   мүйізгегіне: борпылдақ саңырауқұлақ 3 грамм, иісті тамыр 3 грамм, қызыл шыланнан 7 дана (қайнатып қабығын жəне дəнін алып тастау керек) қосып, жаншып, балшық дəрі жасап, дəкіге жағып мүйізгекке тартады; Жарақаттан қан шыққанда, мұрыннан қан ағуға: борпылдақ саңырауқұлақтан лайықты мөлшерде алып қан шыққан орынға басады, мұрыннан қан ақса мұрын ішіне себеді.

Қолдану мөлшері: 1,5-3 грамм.

Қамыс тамыры

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Өкпенің іріңді ісігіне, кеңірдекшелер кеңеюге (қақырығы сасық, қан аралас, мөлшері көп болады): қамыс тамыры 50 грамм, түйнекқонақ 15 грамм, шабдалы дəні 10 грамм, көк асқабақ дəні 50 грамм (жаншылған) суға қайнатып ішеді; 2-ші рецепт: қамыс тамыры 50 грамм, түйнекқонақ 75 грамм, ақ лобы (редиска) тұқымы 50 грамм, көк асқабақ тұқымы 75 грамм, тау дəрі 100 грамнан суға қайнатып ішеді. Дəріні 8-9 күн ішкеннен кейін ауру белгілері басылса, төмендегі рецепт бойынша дəрі ішу керек: қоңыраугүл 6 грамм, қаратамыр 6 грамм, тау дəрі 50 грамм, түйнекқонақ 75 грамм, ақ лобы (редиска) тұқымы 50 грамм, жүйхуа 12   грамм,   бытбылдық   шөп 15 грамм, қамыс тамыры 50 грамм, көк асқабақ тұқымын 150 грамм суға қайнатып ішеді; Жүйке (нерв) сипатты құсыққа: қамыс тамыры (бунақтарын алып тастайды) 15 грамм, қызанақ (помидор) плегі 6 грамм, шикі жаңпизыдан 3 жапырақ суға қайнатып, суығанда ішеді; Қызылша сыртына шыққанда: қамыс тамыры 50 грамм, аскөк тамыры 7 тал, бақа жапырақтан 6 грамм суға қайнатып ішеді. Қолдану мөлшері: 25-50 грамм.

Матрешка

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Іш ауруға, құсқанда, бой бұзылғанда: матрешкадан 15 грамды суға қайнатып ішеді; Ақкір көп келгенде: матрешкадан 15 грамды суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 10-15 грамм.

Тікенді үшқат гүлі

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Омырау безі жедел қабына бастағанда: тікенді үшқат гүлі 15 грамм, бақбақ 12 грамм, биму 10 грамм, қызылмия 6 грамм, ащы қарбыз тамыры 10 грамм, қызыл шұғынықтан 10 грамм суға қайнатып ішеді; Өкпе үлкен жапырақшасының қабынуына (зертең): тікенді үшқат гүлі 50 грамм, аю балдырған 10 грамм, бақбақ 10 грамм, қара тамырдан 7,5 грамм суға қайнатып 3-ке бөліп ішеді; Өкпенің іріңді ісігіне: тікенді үшқат гүлі 50 грамм, бақбақ 15 грамм, тұттың ақ қабығы 12 грамм, көк асқабақ тұқымы 50 грамм, қалуен 15 грамм, қоңыраугүл 10 грамм, қызылмиядан 3 грамын суға қайнатып ішеді; Тоқішек рагына: тікенді үшқат гүлі: 100 грамм, ащы қарбыз тамыры 15 грамм, тау дəрі 50 грамм, жер бояу 15 грамм, ойран 10 грамм, қызылмиядан 10 грамм суға қайнатып ішеді; Соқыр ішектің жедел қабынуына: тікенді үшқат гүлі 50 грамм, мудан тамыр қабығы 10 грамм, шикі түйнекқонақ 15 грамм, рауағаш 10 грамм, қызыл шұғынық 10 грамм, шикі қызылмия 10 грамм суға қайнатып ішеді. Бұл рецептке əдетте бақбақтан 50 грамм, қалуеннен 6 грамм қосылады; Сыздауық, шиқан, уытты жара шыға бастағанда: тікенді үшқат гүлі 15 грамм, бақбақ 15 грамм, иісті қоғажай 10 грамм, шикі қызылмиядан 6 грамм суға қайнатып ішеді. Егер іріңдеп əлі ауыз ала қоймаған болса: тікенді үшқат гүлі 15 грамм, сабын ағашының өңделген тікені 10 грамм, сары миядан 15 грамм суға қайнатып ішеді; Көкірек пердесінің жалқақтанып қабынуына: тікенді үшқат гүлі 50 грамм, сары мия 50 грамм, жолжелкен тұқымы 50 грамм, жаужұмыр 12 грамм, перилла бұтағы 10 грамм, шинжияң ағашы шырмауығы 6 грамм, қарамықтан 10 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 6-12 грамм.

Ит жүзім

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Бүйректің жедел қабынуына, қуық қабынуға, қуық асты безі қабынуына: жаңа жиналған ит жүзім 50 грамм, тікенді үшқат гүлі 10 грамм, қызылмия 12 грамм суға қайнатып ішеді немесе жаңа ит жүзім 15 грамм, жаңа аскөк 15 грамм, шинжияң ағаш шырмауығы 6 грамм суға қайнатып ішеді; Кеңірдекшелердің созылмалы қабынуына, тұмаудың қызуына, тамақ жұтқыншағы ісіп ауырғанда: жаңа жиналған ит жүзімнен 100 грамды суға қайнатып ішеді; Дизентерияға: жаңа жиналған ит жүзім 100 грамм, ақ шекер (қант) 50 грамм суға қайнатып ішеді; Сыздауық, шиқан шыққанда; жығылып жарақаттанғанда: жаңа жиналған ит жүзімнен 100 грамды суға қайнатып ішеді, сонымен бірге ит жүзімнен лайықты мөлшерде алып жаншып, бал қосып ауырған жерге жағады; Қызыл өңеш рагына (қылтамақ), асқазан рагына: ит жүзімнен 100 грамм немесе кептірілген ит жүзім шөбінен 50 грамды суға қайнатып ішуді сынақ қылса болады; Кеңірдекшелердің созылмалы қабынуына: ит жүзімнің жемісінен 250 грамм 500 грамм ақ араққа 20-30 күн шылап (бұқтырып) қойған соң, күніне 3 рет, бір жолда бір қасықтан арағын ішеді.

Қолдану мөлшері: 10-15 грамм, көп мөлшерде қолданғанда 50-75 грамм.

Су бүлдірген

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Жас бала   өкпесі   қабынғанда:   су   бүлдірген 10 грамм, Британия қарандызы 15 грамм, зейіншөп 6 грамм суға қайнатып, қара шекер (қант) қосып ішеді; Жығылып жарақаттануға, сыздауықтың, шиқан- ның асқынуына: лайықты мөлшердегі су бүлдіргенді жаншып сыртынан тартады; Желкеге шыққан жараға: су бүлдірген 50 грамм, қызылмия 200 грамм қосып талқандап, бір жолда 3 грамнан күніне 2 рет ішеді; Дене əлсіздігіне: 50 грамм   су   бүлдіргенді 250 грамм ақ араққа 7 күн шылап (бұқтырып) қойып, күніне 3 рет, бір жолда 10-15 милилитрден ішеді.

Қолдану мөлшері: 6-10 грамм.

Жерқонақ

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Бауырдың жедел қабынуына, сары түріндегі бауыр қабынуына: жерқонақ тəтті дəрісінен (100 грамм жерқонақты суға 2 рет қайнатып, 2 реткі қоспасына 50 грамм қара қант қосып қайнатады да, су алып 200 милилитр қалғанда   қолданылады) əр жолда 100 милилитрден күніне 2 рет ішеді; Ішектің қабынуына, дизентерияға, бауыр қабынуға, маңдай қуысының қабынуына, жоғарғы тыныс алу жолының қабынуына: 300 грамм жерқонақ пен 400 грамм бақбақты қосып талқандап, балға қосып домалақтап (əр бірінің ауырлығы 10 грамнан) əр жолда бірден, күніне 3 рет ішеді; Қызба аурулардың сандырағына, қол-аяқтың құрысуына; 4. Шиқан, сыздауық жəне асқынған жараларға да қолданылады.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Ит тікен

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Дизентерияға: 50 грамм ит тікенді суға қайнатып ішеді; Өкпе туберкулезіне: 50-100 грамм жас ит тікенді суға қайнатып ішеді; Əйелдер жыныс мүшесінің туберкулезіне: ит тікен тұқымын қуырып қарайтып, талқандап, лайықты мөлшерде қара шекер (қант) қосып, əр жолда 10 грамнан күніне екі рет дəрілік сары араққа қосып ішеді; Дене қотырын емдеуге: кептірілген ит тікен жапырағынан лайықты мөлшерде талқандап, ащы су қосып теріге сүртіледі.

Қолдану мөлшері: 25-100 грамм.

Қымыздық

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Қан табақшаларының кемеюіне, мұрынның қанауына, жатырдан қан кетуге, ақ қан түйіршіктерінің көбею ауруына, қайта жасалудың кедергіге ұшырауынан қан азаюға: 10-15 грамм қымыздықты қайнатып ішеді; Сары сулы бөртпеге, сыздауыққа, іріңді ісікке: қымыздық, сары марал өті, бимулардың əр бірінен 10 грамнан суға қайнатып ішеді; 2-рецепт: қымыздық тамырынан 1 килограмм, жапырағынан 500 грамм қосып ұсақтап турап, 3 литр суға қайнатып, қоймалжың болғанда самасын алып тастап, жарақатқа жағады; Жығылып жарақаттанғанда: жаңа қымыздықтан (немесе жапырағынан) 50 грамды жаншып, шырынын алып, дəрілік сары араққа қосып ішеді, сонымен бірге теріге де жағады; Таз жəне əр түрлі тез жазыла қоймайтын қотырларға: қымыздықтан лайықты мөлшерде алып, суға қайнатып қотырды жуады; Іштің əдеттен тыс қатуына: қымыздықтан 10 грамды суға қайнатып, оған 10 грамм тазаланған сор қосып ішеді.

Қолдану мөлшері: 10-15 грамм.

Сүйел қына

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Мойын лимфасының (безінің) қабынуына, емшек безінің қабынуына: сүйел қынадан лайықты мөлшерде алып талқандап, азырақ су қосып, ауырған жерге жағады немесе суға қайнатып ішеді; Сыртқы жарақаттан қан аққанда: сүйел қынадан лайықты мөлшерде алып талқандап жараға жағады; Сыртқы жарақаттың іріңдеуіне, іріңді жарақатқа, жылан шаққанда да қолданылады.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Жауқазын

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Асқынған шиқанға, лимфа без туберкулезіне жəне сарғаюға да қолданылады. Лайықты мөлшердегісін ащы су араластырып сыртқы денеге жағады.

Қолдану мөлшері: 3-6 грамм.

Қайыңтоз

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Микроб қоздыратын жедел дизентерияға, созылмалы дизентерияға: қайыңтоздан 150 грамм, жиде ағашының қабығынан 50 грамды жеке-жеке қуырып қарайтып, қосып талқандап, бір жолда 5 фын немесе 3 грамнан күніне 3-4 рет қайнаған сумен ішеді; Жөтелді демікпеге: көктемде қайыңның қабығын пышақпен тіліп, ішінен ағып шыққан шырынын жинап алып, əр жолда 20 милилитрден күніне 2 рет ішеді; Омырау безінің қабынуына: қайыңтозды қуырып талқандап əр жолда 3 грамнан күніне 2 рет дəрілік сары арақпен ішеді.

Қолдану мөлшері: 25-50 грамм.

Киелі ермен

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Жылан шаққанға: киелі ерменнен 25-50 грамды суға қайнатып, шай орнында ішеді, сонымен бірге киелі ерменнен лайықты мөлшерде алып, суға қайнатып, жылан шаққан жерді жуады; Іш кебуге, ас қорытудың бұзылуына: киелі ерменнен 6-10 грамды азырақ қуырып суға қайнатып ішеді; Есекжемге, түрлі себептен жарақаттанып ісіп ауырғанға: киелі ермен 10-15 грамм, ұсақ жапырақты жалбыз 6 грамм суға қайнатып ішеді, қайнатпасымен теріні жуады;

Жедел дизентерияға да қолданылады. Қолдану мөлшері: 10-50 грамм.

Қой бүлдірген

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Тұмаудың қызуына, жұтқыншақ ісіп ауырғанға жəне жөтелге;

Дизентерияға;

Жас баланың құлақ асты безінің қабынуына: əр жолда жаңа жиналған шөбінен 50-100 грамм, кептірілгенінен 25-50 грамды суға қайнатып ішеді немесе жаңа күйіндегі қой бүлдіргенді езіп жағады.

Қолдану мөлшері: 15-50 грамм.

Тау ит жүзімі

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Əр түрлі рак ауруына: тау ит жүзімі 50 грамм, ит жүзім 50 грамм, қой бүлдірген 15 грамм суға қайнатып ішеді; Жел-құз қоздырған ауруға: тау ит жүзімі 15-50 грамм. Суға қайнатып ішеді; Тері қышымасына: тау ит жүзімінен лайықты мөлшерде алып, суға қайнатып, теріні жуады; Сарғаюға (түрлі аурулардан немесе сарғаюдан): тау ит жүзімі 15 грамм, ақжусан 3 грамм, жолжелкен 15 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 50-100 грамм.

Түйе жоңышқа

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Безгекке: түйе жоңышқадан 50 грамды суға қайна- тып, безгек белгілері қозғалудан бір сағат бұрын ішеді; Асқорытудың бұзылуына, ыстық өтуге де қолда- нылады.

Қолдану мөлшері: 15-50 грамм.

Ащы ермен

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Буын қабынуға: лайықты мөлшердегі ащы ерменді суға қайнатып буындарды жуады. Сулы бөртпеге: ащы ермен мен қызылмиядан тең мөлшерде суға қайнатып бөртпені жуады. Қолдану мөлшері: сыртқы денеге лайықты мөлшер- де қолданылады.

Көк ермен

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Өкпе туберкулезінің қызбасына, түнгі суық терге, жас баланың жазда қызуына: көк ермен 10 грамм, алақат қабығы 10 грамм, сарана 15 грамм суға қайнатып ішеді; Мұрыннан қан ағуға: жас көк ерменді жаншып шырынын ішеді немесе жыму 10 грамм, шикі дихуаң 10 грамм, мудан қабығынан 4,5 грамм суға қайнатып ішеді; Ара шаққанға, тері қотырына, жара шыққанға: көк ерменнен лайықты мөлшерде алып, суға қайнатып ауырған жерді жуады; Ала қоңызды жеп уланғанда: көк ерменнен 10 грамды суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Қарандыз

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Созылмалы асқазан қабынуға, асқазан ауырып іш кебуге: қарандыз 10 грамм, пыннə 10 грамм, тырнагүл 10 грамм суға қайнатып ішеді; Жүйке (нерв) сипаттағы асқазан қызметінің бұзылуына: қарандыздан 10 грамды суға қайнатып ішеді; Қабырға аралық жүйкенің (нерв) ауруына, көкірекке бір нəрсе тиіп ауырғанда: қарандыз 150 грамм, тырнагүлден 150 грамм қосып, талқандап, бір жолда 50 грамм, күніне 3 рет қайнатып ішеді; Он екі елі ішек жарасына, асқазан қабынуға: 6-10 грамм қарандызды талқандап қайнаған сумен ішеді.

Қолдану мөлшері 3-10 грамм.

Сасыр

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Жүйке (нерв) əлсіздік, ұйқысыздыққа: 1 фын сасырды ұйықтау алдында қайнаған сумен ішеді; Іш кебуге, іште масыл құрттар жиналғанда, ас қорытпағанда, безгекке, дизентерияға, саңырауқұлақтан улануға, созылмалы кеңірдек қабынуға қолданылады.

Қолдану мөлшері 5-8 фын.

Қызыл шұғынық

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Жарым дене салданғанда, бет-ауыз қисайғанда: қызыл шұғынық 10 грамм, сары мия 50 грамм, аю балдырған 10 грамм, иісті тамыр 4,5 грамм, шабдалы дəні 10 грамм, мақсары 10 грамм, жауын құрт 10 грамм, шаяннан 5 фын суға қайнатып ішеді; Қан ұю сипатты бауыр айналасы ауырғанда, тамыр тығындалғанда, қан тамырының тартылуына, қан тамырының тараюына (тынық тамырдың тығындалуына, жүректің айдарша соқпа тамырына қан жетіспеу, ми тамырларының ауруына сынақ ретінде қолдануға болады): қызыл шұғынық 100 грамм, қарамық 18 грамм, аю балдырған 50 грамм, долана 100 грамм, шабдалы дəні 18 грамм, мақсары 50 грамм, гүлбуын 100 грамм қосып, талқандап, өңделген бал қосып домалақ дəрі (бірінің салмағы 10 грамм) жасап таңертең-кеште бір талдан ішеді; Етеккір шаншуына, бой бұзылуға (қаны қара түсті, түйіршіктеліп аз мөлшерде келгенде): қызыл шұғынық 10 грамм, арпабедиян 10 грамм, аю балдырған 10 грамм, иісті тамыр 6 грамм, уылдырық 10 грамм, құралай құмалағы 10 грамм, жабайы ермен жапырағы 10 грамм, тырнагүлден 10 грамм суға қайнатып ішеді; Қансымақ ақкір келіп іш ауырғанда: қызыл шұғынық 15 грамм, гүлбуын 50 грамм, қоразайдар гүлінен 15 грамм суға қайнатып ішеді; Емшек безі жедел қабынғанда: қызыл шұғынық 150 грамм, қызылмиядан 50 грамм суда қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері 4,5-10 грамм.

Изен

Изен – тамыры мықты жетілген, көп жылдық, жабайы бұршақша тəріздес, алабота тұқымына жататын өсімдік. Ол құрғақшылыққа жəне сортаң жерге өте төзімді келеді оның сабағы қызғылт түсті, жапырақтары өте ұсақ, гүлі реңсіз болады. Қазақстанда 9 түрі кездеседі. Сор, сортаң, тасты, құмды дала мен шөлдерде өседі. Бұл өсімдік республикамыздың шөл жəне шөлейт аймақтарында өседі. Жамбыл, Алматы, Талдықорған облыстарының құмды жерлерінде жиі кездеседі. Дəрілік шикізат ретінде жаз, күз кезінде сабақтары орылып алынады. Орылған шөп көлеңкеде кептіріліп, құрғақ жерде сақталады.

Ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Есекжемге: изен тұқымынан 10 грамды суға қай- натып қара шекер (қант) қосып ішеді; 2-ші рецепт: изен тұқымы 10 грамм, кəріқыз 10 грамм, топин тамыр қабығы 12 грамм, шабдалы дəні 10 грамм суға қайнатып ішеді; Белдеме ұшыққа: изен тұқымы (қуырылған) 10 грамм, жылан қабығы (қақтап сарғайтылған) 3 грамм, угұңнан 3 дана қосып талқандап, күнжіт майын қосып жағады; Қуық қабынуға, несеп жолы қабынуға: изен тұқымы, ағаш шырмауық, таспа жоңышқа, сары ағаштың əр бірінен 10 грамнан суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Үш қырлы өлең

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Тамақ сіңбеуге, іш кебуге: үш қырлы өлең мен ақ лобы (редиска) тұқымының əрқайсысынан 10 грамнан суға қайнатып ішеді; Қан ұйып етеккір келмегенде, іш ауырғанда: үш қырлы өлең 6 грамм, аю балдырған 10 грамм, мақсары 4,5 грамм, шикі дихуаңнан 12 грамм суға қайнатып ішеді; Созылмалы бауыр қабынуға немесе қозғалғыш бауыр қабынуға: үш қырлы өлең 10 грамм, аю балдырған 10 грамм, қызыл шұғынық 12 грамм, буплеуір 10 грамм, арпа өркенінен 10 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Қарамық

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Сүт шықпағанда: қарамық 10 грамм, қоңырау бас 10 грамм, ащы қарбыз тамыры 12 грамм, дағұр балдырған 10 грамм суға қайнатып ішеді; Сүт азаю немесе сұйық шығуға: қарамық 10 грамм, аю балдырған 6 грамм, қоңырау бас 10 грамм, жаужұмыр 50 грамм, сары миядан 50 грамм суға қайнатып ішеді; Емшек безі қабынғанда: қарамық 10 грамм, бақбақ 15 грамм, ащы қарбыз дəні 12 грамм, қарабас шөптен 10 грамм суға қайнатып ішеді; Бел шойырылғанда: қарамықты қуырып, талқандап, бір жолда 6 грамм, күніне 2 рет арақпен немесе қайнаған сумен ішеді; Етеккір тоқтағанда: қарамық 15 грамм, мақсары 10 грамм, шабдалы дəнінен 10 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 4,5-10 грамм.

Сары қараған

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Жел-құз қоздырған буын қабынуға: сары қараған тамыры 50 грамм, тұт бұтағы 50 грамм, шыланнан 10 тал суға қайнатып ішеді; Жоғарғы қан қысымына: сары қараған тамырынан 24 грамды суға қайнатып, ақ шекерден (қант) лайықты мөлшерде 3-ке бөліп ішеді; Ақкір келуге, бой бұзылуға: сары қараған тамыры 24 грамм, жаужұмырдан 15 грамм суға қайнатып ішеді; Суық жөтелге, əлсіздікке, жас баланың тамақ қорытпауына: сары қараған гүлінен 10 грамға жұмыртқа қосып, пісіріп жегізеді; Ауыз ойылуға: сары қараған тамырынан 12 грамды суға қайнатып, қайнатпасымен ауызды, тамақты шайқайды; Жығылып жарақаттанғанда: сары қараған гүлі 200 грамм, тұт бұтағы 200 грамм, мақсары 15 грамм, қой балдырғаннан 15 грамын алып, 500 грамм ақ араққа 7 күн шылағаннан кейін, бір жолда 10-15 грамм ішеді; Əлсіздіктен шаршауға, ісінуге, сүт жетіспеуге: əлсіздіктен шаршауға, ісінуге, сүт жетіспеуге: сары қараған тамырынан 100 грамды суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: тамырынан 25-50 грамм, гүлінен 10-15 грамм.

Қызыл тікен

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Босанудан кейінгі бойы құрғамауға, құрсақ ауырғанда: қызыл тікен бұтағы 10 грамм, аю балдырған 10 грамм, мақсары 3 грамм суға қайнатып ішеді; Буын қабынуға: қызыл тікен тамыры 150 грамм, сайсағыз 15 грамм. 500 грамм ақ араққа 7 күн шылап (бұқтырып), бір жолда 10-30 милилитрден таңертең-кеште екі уақыт ішеді; Шиқан, жараның қызарып ісуіне: қызыл тікеннен лайықты мөлшерде суға қайнатып қайнатпасымен жуады; Етеккір тоқтап, қан ұйып іш ауырғанда: қызыл тікен 10 грамм, қызыл шұғынық 15 грамм, гүлбуын 50 грамм, үш қырлы өлеңнен 10 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 3-6 грамм. 

Түймешік кəріқыз

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Қан түкіруге, қан құсуға қанды несеп келуге, мұрыннан қан ағуға: түймешік кəріқыздан 15 грамды суға қайнатып ішеді немесе түймешік кəріқыз 10 грамм, тұңғиық тамыры 10 грамм, екпе арша күлі 10 грамм, шикі дихуаңнан 15 грамм суға қайнатып ішеді; Қанды ірің аралас іш өткенде: түймешік кəріқыз 10 грамм, есекмия гүлі (қуырылған) 10 грамм, жер бояу көмірі 10 грамм, екпе қараөлең көмірі 6 грамм, сары марал шөбі 6 грамм, қарандыз 3 грамм суға қайнатып ішеді; Қан аздыққа: түймешік кəріқыз 15 грамм, шыланнан 10 тал суға қайнатып ішеді; Таспа құртты түсіруге: түймешік кəріқыздың тамырын жуып тазалап, сыртқы қабығын сыдырып кептіріп, талқандап, таблетка немесе домалақ дəрі жасап үлкендер бір жолда 30 грамнан, баланың 1кг дене салмағына 1 грамнан аш қарынға ішеді (сүргі дəріні ішпеу керек).

Қолдану мөлшері: 10-15 грамм.

Тікенқурай

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Мұрыннан қан ағуға, қанды несеп келуге: тікенқурай 15 грамм, шикі дихуаң 15 грамм суға қайнатып ішеді; Жатыр қызметі бұзылуынан қан келуге: жаңа күйіндегі тікенқурайдан 400-800 грамды жаншып, шырынын қайнаған сумен ішеді; Жарақаттан қан шыққанда: жаңа күйіндегі тікенқурайдан лайықты мөлшерде алып, жуып тазалап, жаншып немесе кептіріп талқандап себеді; Өкпе іріңдеуге: тікенқурай 50 грамм, түкті үшқат гүлі 100 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм (жаңа күйіндегісінен 400-500 грамм).

Кең жапырақты алабота 

Басты ем болатын аурулары бой бұзылуға, етеккірдің көп мөлшерде келуіне, өкпе туберкулезінен қан қақыруға, қанды несеп келуге қолданылады.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Уылдырық

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Етеккір кірнесіне, босанудан кейінгі қан ұюдан іш ауруға: шикі уылдырық 6 грамм, құралай құмалағы 10 грамм, тырнагүл 6 грамм суға қайнатып ішеді; Жатыр қызметі бұзылуынан қан келуге: қуырылған уылдырық 10 грамм, екпе арша 15 грамм (қуырып сарғайтылған), сары миядан 12 грамм (арақпен өңделген) қосып талқандап, 2-ге бөліп қайнаған сумен ішеді; Қан түкіруге, мұрыннан қан ағуға: қуырылған уылдырық 6 грамм, мудан тамыр қабығы 10 грамм, шикі дихуаңнан 10 грамм суға қайнатып ішеді; Жығылып жарақаттануға, қан ұюға: уылдырық 10 грамм, шабдалы дəні 10 грамм, аю балдырған 10 грамм, иісті тамыр 6 грамм, мақсарыдан 4,5 грамм суға қайнатып, жас баланың бір шыны несебімен қосып ішеді; Бірінші, екінші дəрежелі күйікке, жарақаттан қан ағуға: уылдырықтен лайықты мөлшерде алып, кептіріп талқандап себеді.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Егіндік шырмауық

Басты ем болатын аурулары: Ішкі-сыртқы көтеуден қан шыққанда: жаңа жиналған гүлінен лайықты мөлшерде алып, жаншып тартады.

Жабайы ермен

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Жатыр қызметі бұзылуынан қан келуге: қуырылған ермен жапырағынан 100 грамды талқандап бір жолда 6 грамм қайнаған күріш суымен ішеді; Əлсіздік, суықтан іш ауруына, жатырдан қан құйылуға: қуырылған ермен жапырағы 6 грамм, бұғы мүйіз қалдығы 15 грамм, жаужұмыр 15 грамм, піскен дихуаңнан 12 грамм суға қайнатып суын сүзіп алып, оған есек желімінен 12 грамм қосып ішеді; Терінің суланып қышуына, ешкі қотырға: лайықты мөлшердегі ермен жапырағын суға қайнатып теріні жуады.

Қолдану мөлшері: 6-10 грамм.

Жібек қараған

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Жүйке (нерв) əлсіздіктен ұйқы қашуға: жібек қараған қабығы 15 грамм (немесе гүлінен 10 грамм), ақ шұғынық 6 грамм, лүңгуден 15 грамм суға қайнатып ішеді; Өкпе іріңді ісігіне: жібек қараған қабығы 10 грамм, тұт ақ қабығы 10 грамм, көк асқабақ дəні 15 грамм, шабдалы дəні 10 грамм суға қайнатып ішеді; Жүйке (нерв) əлсіздікке (жүрек қалыпсыз соғады, тыныс алу тараяды, бас айналады): жібек қараған тамыры 50 грамм, ақ шұғынық 50 грамм, сыр 8 фын қосып талқандап, бір жолда 4 фын, күніне 3 рет қайнаған сумен ішеді; Тамақ-жұтқыншақ ауырғанда: жібек қараған гүлінен 10 грамды қайнаған суға шылап ішеді; Жығылып жарақаттануға: жібек қараған қабығынан 100 грамды талқандап, бір жолда 6 грамм, күніне 2 рет дəрілік сары арақпен ішеді; Ушыққан жараға: жібек қараған қабығы 15 грамм, түкті үшқат гүлі 50 грамм, қызыл шұғынықтан 15 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: жібек қараған қабығынан 6-12 грамм, гүлінен 3-10 грамм.

Жаужұмыр

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Көк бауыр, асқазан əлсіздігіне, тамақ азайып дене əлсіреуге: жаужұмыр 21 грамм, бəйжу 10 грамм, қызылмия 3 грамм суға қайнатып ішеді; Қан аздыққа: жаужұмыр 15 грамм, өңделген сары мия 50 грамм, алақат 15 грамм, есек желімі 10 грамм, ақ шұғынық 10 грамм, өңделген қызыл мия 3 грамм, қызыл шыланнан 3 дана суға қайнатып ішеді; Жас баланың тамаққа тəбеті тартпауына: жаужұмыр 10 грамм, қуырылған бəйжу 3 грамм, қызылмия 3 грамм, қуырылған долана 6 грамм, арпа өркені 6 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 10-12 грамм.

Сары мия

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Созылмалы ауру салдарынан дененің əлсіреуіне: сары мия 100 грамм, жаужұмыр 50 грамм. Қой етімен бірге қайнатып, етті жеп, сорпасын ішеді; Көтенішек айлануына, жатырдың төмендеуіне: сары мия 15 грамм, жаужұмыр 10 грамм, буплеуір 6 грамм суға қайнатып ішеді; Бүйрек қабынудан ісінуге: шикі сары мия 50 грамм, қарбыз қабығы 100 грамм, етті сұңғыла 12 грамм суға қайнатып ішеді; Жай ісікке: сары мия 15 грамм, жаужұмыр 15 грамм, бəйжу 10 грамм, бұғы мүйіз желімі 15 грамм, жолжелкен тұқымы 15 грамм, шыланнан 5 тал суға қайнатып ішеді; Сыздауық, шиқанның ауыз алмауына: сары мия 15 грамм, аю   балдырған   10   грамм,   иісті   тамыр 10 грамм, бəйжу 10 грамм, түкті үшқат гүлі 15 грамм, сабын ағаш тікені 6 грамм, ащы қарбыз тамыр 10 грамм, жүрек жапырақ 10 грамм, қызылмия 3 грамм суға қайнатып ішеді; Етеккірдің келмеуіне (бет сарғаяды, бас айналады, жүрек қалыпсыз соғады, демігеді, белаяқтары ашып ауырады): сары мия 15 грамм, аю балдырған 15 грамм, сайсағыздан 12 грамм суға қайнатып ішеді; Сыртқы дене əлсіздігінен көп терлеуге: сары мия 10 грамм, бəйжу 10 грамм, бірсалар 6 грамм суға қай- натып ішеді.

Қолдану мөлшері: 6-15 грамм.

Тау дəрі

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы: Қантты несеп ауруына (арықтайды, шөлдеп тұрады): шикі тау дəрі 24 грамм, шикі сары мия 15 грамм, жыму 10 грамм, тауықтың шикі бөтеге қабығы 10 грамм, əйнола 10 грамм, ащы қарбыз тамыры 10 грамм суға қайнатып ішеді; Дененің əлсіздігінен ақкірдің көп келуіне: тау дəрі 24 грамм, тұңғиық тұқымы 10 грамм, қоразайдар 15 грамм суға қайнатып ішеді; Көкбауыр əлсіздігінен созылмалы іш өтуге: шикі тау дəрі 18 грамм, бəйжу 10 грамм, жаужұмыр 15 грамм, арпа өркені 10 грамм суға қайнатып ішеді; Жыныс қызметі əлсіреуден шəуһаттың тоқтамауына: тау дəрі 100 грамм, тұңғиық жемісі 50 грамм, отты сұңғыладан 50 грамм қосып талқандап, балды домалақ дəрі (бірінің салмағы 10 грамм) жасап, бір жолда 1 талдан тұзды сумен ішеді.

Қолдану мөлшері: 20-50 грамм.

(Жалғасы бар...)

Пайдаланған әдебиет:

Ақанұлы Т. «Емші кәдесі», Алматы: «Palitra Press» баспасы, 2020 ж.