Қазақ даласының тарихы атаулары ондағы оқиғаларға қатысты қаншама рет өзгеріп, ауысып отырды. Соңғы өзгерістер орыс отаршылдығы кезеңінде орын алғаны анық. Ал оған дейінгі тарихи атаулардың ұлттық таныммен ұштасқан өзіндік ерекшеліктері бар еді. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіндегі «Халық қазынасы» ғылым-зерттеу институты шығарып келе жатқан «Қазына» ұжымдық монографиясының 6-шығарылымы «ДАЛАЛЫҚ ЕУРАЗИЯ ТӨСІНДЕГІ САРЫАРҚА МҰРАСЫ» жинағындағы Ирина Бекзатқызының «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ ТОПОНИМИЯСЫ» атты зерттеу жұмысының «Аймақ топонимдерінің өзгеріске ұшырауының тарихи аспектілері» деген бөлімінде осы ерекшелікті терең зеделей түседі.
Қазақ жері ғасырлар бойы түрлі саяси оқиғалардың куәсі болғандығы белгілі. Бірнеше мыңжылдықтар бойы тарихи жағдайлар, тілдер мен халықтар, ал олармен бірге географиялық атаулар да өзгерді. Еліміздегі географиялық атаулардың түрлі тілдік қабаттары (қытай, парсы, араб, моңғол, қалмақ, орыс) әр кезеңдердегі жаугершілік, басқыншылық заманның, саяси-әлеуметтік жағдайлардың айқын көрінісі. Тілдік қабаттардың ішінде ең көп тарағаны славян тілді топонимдер болып табылады.
Біз тарихи-географиялық тұрғыдан зерттеу нысаны етіп алып отырған Ақмола аймағында, дәлірек айтқанда Көкше жерінде 1740 жылы Орта жүз руларының солтүстік көршіміз Ресейге қосылуы туралы шешімі қабылданды. Көкшетау аймағының тарихы ресми әдебиеттерде Сарыарқа арқылы Омбыдан Орынборға дейін бекіністер, станицалар мен қоныстар салына бастаған уақыттан белгілі. (Таңғ.өлке.., 2009, 9-б.). Бұл тарихи оқиға өңірдің топонимикасына айтарлықтай әсер етті.
Славян топонимдерінің Ақмола облысында пайда бола бастауы XVIII ғ. I жартысынан басталып, XIX ғ. аяғына дейін Ресей империясының саясатымен, сондай-ақ, кеңес үкіметі мен тың және тыңайған жерлерді игеру кезіндегі қоныс аудару процесімен тікелей байланысты болды. 1822–1867 жылдар аралығында хандық билік жойылып, аға сұлтандық ел билеу жүйесі енген соң, қазақ жері отаршылдық қағидат негізінде бірнеше әкімшілік аумаққа жіктелді. Сол кезеңде географиялық нысандар жаңа атауларға ие бола бастады. 1868 жылдан бастап («Жаңа Низам» ережесі), 1917 жыл аралығында қазақ жерлерін Ресейдің меншігі ретінде ресми жариялағаннан кейін, географиялық нысандарды қайта атау күшейе түсті (Мырзахметов, 1993, 74-б.).
Қазақстанда өзге тілдегі топонимдерді күштеп енгізу ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады, ол кезде патша үкіметінің Ресейдің шеткі аймақтарын, оның ішінде Қазақстанды отарлауы қарқынды жүзеге асырылды. Ресей империясының отарлау саясаты тұсында Дала өлкесі аумағына орыс шаруаларының жаппай қоныс аударуы басталды (Жартыбаев, 2008, 87-б.). Алғашқы қоныс аударушылар көшпелі халықтар қоныстанған үлкен аумаққа қоныстана бастады. Қоныс аудару саясаты көшпелі мал шаруашылығын жүргізуге үлкен зиян келтірді, себебі көшпелі қазақтарды шұрайлы жерлерден ығыстырды. Бұл қоныс аудару Солтүстік Қазақстанды, оның ішінде қазіргі Ақмола облысының аумағын қамтыды. Қазақ даласына шаруалардың қоныстануы ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында басталды, осы кезде Ақмола облысында алғашқы қоныстар пайда болды. Қоныс аударушы шаруалар егіншілікке ыңғайлы әрі климаты салыстырмалы түрде жұмсақ Көкшетау уезіне қызықты. XIX ғ. ортасында Көкшетау тауларының төңірегінде алғашқы орыс қоныстары – казак станицалары мен олардың жаңа ауылдары бірінен соң бірі пайда болды. Алғашқылардың бірі Қотыркөл станицасы және одан бөлініп шыққан жеке елді-мекен, қазіргі Щучинск қаласы болды. Біраз кейінірек, 1870 жылы қазіргі Бурабай ауданының ортасында Бурабай станицасы пайда болды, кейін ол Бурабай кенті деп аталды (Қазбеков, 2011, 6-б.). Мұндай құбылыстар Атбасар уезді мен Ақмола уездінің солтүстік бөлігінде орын алды. Бұл кезеңде жаппай қоныс аудару географиялық нысандардың атауларына елеулі өзгерістер әкелді. Көптеген географиялық атаулар әкімшілік ықпалдың нәтижесінде пайда болды және патша әкімшілігінің қаулылары мен бұйрықтарында бекітілді (Маканова, 2004, 85-б.).
Шаруалардың жаппай қоныс аударуы славян ойко- нимдерінің пайда болуына алып келді. Бұл Солтүстік Қазақстанның топонимикалық кеңістігін айтарлықтай өзгертті. Қазақстан топонимиясының тарихында бұл Ақмола облысы елді-мекендерінің атауларында байқалатын славян стратиграфиялық қабатының қалыптасу кезеңі болды. Осы кезеңде Новомарковка, Урюпинка, Карловка және т.б. секілді ауыл атаулары пайда болды.
Идеологиялық саясат нәтижесінде пайда болған топонимдердің (түркі және славян) келесі толқыны Кеңес Үкіметі тұсында, Қазан төңкерісінен кейін пайда болды. Қайта атау мен жаңа атау беру процесі Орта Азия мен Қазақстанды да қамтыды. Кеңес дәуірі нағыз топонимикалық революцияның басталу кезеңі болды. Бұл кезеңде географиялық нысандар атауындағы ұлттық ерекшеліктерді көрсететін топонимдердің орнына идеологиялық топонимдер келді. Бұл негізінен елді- мекендердің атауларына әсер етті. Қоғамдық жүйенің ауысуы елдің топонимикалық бейнесін айтарлықтай өзгертті. Бұл кезеңде Ақмола облысында Первомайское, Октябрьское, Прогресс, Интернационал, Советское, Пролетарка, Коллективист, Трудовое, Сознание, Преображенка, Достық, Еңбек, Жаңатұрмыс сияқты елді-мекен атаулары пайда болды (Каталог, 2002). Қазақстанның картасында жергілікті халыққа бұрын белгісіз мыңдаған жаңа географиялық атаулар пайда болды.
Табиғи ландшафтардың өзгеруіне әсер еткен маңызды оқиғалардың бірі географиялық нысандарды жаппай қайта атауға алып келген тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты болды. Әсіресе, жаңа атаулардың ағыны 1954 жылдан кейін арта түсті. Бұл республиканың солтүстік аудандарында, соның ішінде зерттеліп отырған өңір аумағында қатты байқалды. Қалалардың, ауылдардың, ауылдық кеңестердің, ұжымшарлар мен кеңшарлардың атауларын қоса алғанда, 3 мыңнан астам жаңа топонимдер пайда болды. Осы кезеңде Ақмола облысының аумағында Целинное, Зерновое, Хлебоприемное және т.б. ауыл атаулары пайда болды. Сондай-ақ, «ново» сөзінен басталатын Новочеркасск, Новоникольск, Новорыбинка және т.б. ауыл атаулары қалыптасты (Каталог, 2002). Кеңес дәуіріндегі географиялық нысандар номинациясының ерекшеліктерінің бірі революция көсемдерінің, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің құрметіне атаулар беру болды. Оларды «мемориалдық топонимдер» деп атайды. Осылайша облыста Карл Маркс, Ленинское, Гагаринское, Ермаковка және т.б. ауыл атаулары пайда болды.
Трансформация сондай-ақ топонимнің дұрыс айтылмауы, бір тілден екінші тілге өтуі, құжаттарға екі және одан да көп нұсқада енгізу және дереккөздерді көшіру нәтижесінде де орын алды. Қазақстанда орыс тілінің енуі әсерінен кейбір қазақ топонимдері қосарлы атауға ие болды. Мысалы, Бурабай кентінің атауы аймақты қауіп- қатерден қорғайтын мифтік бураның бейнесінен шыққан. Дала қазақтары Бурабай төңірегіндегі тау мен төбелердің үйінділерін түйе өркешімен байланыстырды. Осыдан ақ бура туралы көптеген аңыздар пайда болды. Негізгі мәселе Бурабай сөзінің мағынасында «Боровое» ұғымын қолдануда. «Боровое» сөзі мүлдем басқа мағына береді. Бұл Ожеговтың түсіндірме сөздігі бойынша «бор» яғни «қылқан жапырақты орман» дегенді білдіреді (Ожегов, 1997). Тарихшы ғалым Қ. Абуевтің пікірі бойынша алғашқы орыс зерттеушілері мен қоныс аударушылары Бурабайды біріншіден, сөз үндестігіне қарай, екіншіден, тамаша қарағайлы ормандары үшін де «Боровое» деп атаса керек (Абуев, 2013).
Сондай-ақ, Бурабай ауданындағы Қатаркөл ауылының атауы да тың игеру жылдарында жүздеген отбасылардың қоныс аударуы салдарынан бірнеше рет өзгерді: Қотыркөл станицасы – Қотыркөл – Қатаркөл. Ауыл тұрғыны С. Ибрагимұлының (1934 ж.т.) мәліметінше, Қатаркөл атауы бір-біріне жақын жатқан Жүкей, Бурабай, Кіші Шабақты, Үлкен Шабақты, Шалқар, Зиба, Теке көлдерінің орналасуымен байланысты (Эксп. материалдары, 2017).
Осылайша, топонимнің трансформациялануының жо- ғары дәрежесі географиялық нысанды ресми түрде қай- та атау болып табылады. Географиялық нысандардың атауын өзгерту құбылысы тарихи дамудың ерекшеліктері- не қарай Қазақстанда барлық кезеңдерде болып отырды. Географиялық нысанды қайта атаудың әртүрлі себепте- ріне қарап, біз олардың барлық жағдайларда идеология- лық ықпал етудің, белгілі бір атауларды, оқиғалар мен тарихи шындықты халықтың жадынан саналы түрде өші- рудің қуатты құралы болғанын атап өткен болатынбыз. Қайта атау нәтижесінде заманалар жалғастығы бұзылады, белгілі бір дәрежеде мәдениеттің жоғалуы орын алады. Осы процестің нәтижесінде қазақ топонимиясының ғасырлық ұлттық ерекшелігі бұрмаланды. Тарихи тамыры бар көптеген топонимдер келмеске кетті, бұл жалпы ұлттық топонимияға үлкен зиян келтірді.
Ирина Бекзатқызы бұдан әрі архив деректерін дәлел ете отырып, тарихи атаулар мәнін онан арман зерделей түседі.
Аймақтың тарихи топонимдерін қайта қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивінің (әрі қарай – ҚРОМА) құжаттары мен Омбы облыстық тарихи архивінің (әрі қарай – ООТА) картографиялық материалдары негізге алынды. Архив деректерінде Ақмола облысы топонимиясының өзгеріске ұшырау барысы туралы құнды ақпараттар сақталған.
ООТА 1766–1917 жылдардағы картографиялық құжаттар топтамасында сақталған Ақмола облысының XIX ғ. соңы – XX ғ. бас кезіндегі қоныс аудару карталары аймақ топонимиясының өзгеріске ұшырауы барысынан ауқымды ақпарат берді. Мәселен, 1897 жылы жобаланған қоныс аудару және қосалқы учаскелердің картасы (1-сурет) мен Ақмола уезінің қоныс аудару және қосалқы учаскелерінің картасында (2-сурет) қоныс аударушылар қазақ жеріне келгеннен кейін ол жерлерге басқа атау беріп орналасқандығы анық байқалады. Аталған карталарда 1897 жылғы дерек бойынша қазіргі Целиноград ауданына қарасты Приречное селосы орналасқан жер Тұмсық деп аталса, Ақкөл ауданына қарасты қазіргі Қарасай ауылы Степок деген атаумен Қарауылтөбе жеріне орналасқан. Сонымен қатар картадан аумақтағы Қашқар қонысында Ксеньевское, Дауылбай қонысында Елененский, Қызылжарда Поречный, Жалғызағашта Ильинский, Бекжан қонысында Кольцовка, Карамола қонысының үстінде Приозёрный деген атпен қоныс аударушылардың ауылдары пайда болғанын аңғаруға болады (ООТА, І. 48; ООТА, І. 72.).
Жыланды және Қотыркөл болыстарының картасы (3-сурет) мен Көкшетау уездінің топырақ картасының (4-сурет) мәліметтеріне сәйкес, 1895 жылы аумақтағы Қояндыкөл ауылының жанына Ковалевский, 1898 жылы Арықбалық ауылына Успенско-Юрьевский, Тассуат ауылына Новокиевский, Тоқтамыс ауылына Ергольский деген атпен қоныс аударушылар ауылдары келіп орналасқан. Сондай-ақ, Аймырза және Жанпейіс қоныстарының ортасындағы Ұрынқай ауылының жанына Дмитрийевский поселкесі орнаған. Бұл деректер қазіргі Бурабай ауданына қарасты Успеноюрьевка елді-мекенінің байырғы аты Арықбалық, Дмитриевка ауылының бас- тапқы атауы Ұрынқай болғандығын білдіреді (ООТА, І. 106; ООТА, І. 111а.).
Ақмола облысы Атбасар уезінің қоныс аудару және қосалқы учаскелерінің картасында (5-сурет) көрсетілген дерек бойынша, қазіргі Атбасар ауданында бірнеше қоныс аударушылар ауылдарының пайда болуы нәтижесінде Байжігіт ауылы Ново-Александровская, Амантай ауылы Маринская, Қараоба ауылы Таволжанский, Қарабай ауылы Астраханский, Шаншар ауылы Ново-Черкасский, Жыланды ауылы Петровское, Қарамендік ауылы Покровский, Тасмола ауылы Семеновский, Бармақ ауылы Максимовский, Қоныс ауылы Джималаевский болып өзгерген (ООТА, І. 13).
Сондай-ақ, қазіргі Аққөл ауданының құрамындағы Новорыбинка ауылының бастапқы атауы Шортанкөл болса, Бұланды ауданына қарайтын Никольск ауылының алғашқы атауы Жарлыкөл болған. Бұл мәліметтер «Ақмола уезінің Моншақты, Есіл, Ақмола, Нұра, Спасская және Шерубай-Нұра болыстарының картасында» (6-сурет) да көрсетілген. Аталған карта Ақмола уездінің болыстары бойынша жүргізілген экспедиция барысында жергілікті тұрғындармен сауалнама жүргізу нәтижесінде құрастырылған. Картада қазіргі Ақмола облысы аумағының қазақша жер-су атаулары бейнеленген (ООТА, І.82).
Жоғарыда келтірілген картографиялық деректерді ҚРОМА алынған жазба деректер де растайды. №317 (Заведующий переселенческим делом в Акмолинском районе) қордың «1911 жылғы қоныс аударушылар қозғалысы бойынша жылдық есеп» атты құжатында 1911 жылы Ақмола облысына қоныс аударғандардың саны көрсетілген. Құжатқа сәйкес, бұл жылы Қазақстанға 21 690 отбасы келген. Ал Ақмола облысына олардан 2929 отбасы, 36806 адам келді. Бұл жалпы қоныс аудару қозғалысының 14,7%-ын құрады.
Челябинск тіркеу мәліметтерімен салыстыра отырып, соңғы алты жылда облысқа қоныс аударушылардың жалпы қозғалысы бойынша келесі мәліметтерді (1-кесте) алуға болады:
Жыл
Қоныс аударушылардың жалпы саны
Оның ішінде Ақмола облысына қоныс аударғандар саны
1906
200794
61771
1907
561307
76419
1908
716599
140350
1909
637650
107868
1910
352950
56945
1911
185933
26806
Келтірілген кестеден 1908 жылы 700 мың адамға жеткен жалпы көші-қон қозғалысы 1911 жылы 200 000 адамға дейін төмендегені байқалады (ҚРОМА, І. 2).
«Ақмола облысы Ақмола қоныс аудару ауданы агрономиялық бөлімінің 1913 жылғы жылдық есебінде» (7-сурет) 1913 жылы Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездерінде құрылған қоныс аудару учаскелері көрсетілген. Бұл жылы облыста жалпы ауданы 81 282,47 десятина болатын 23 учаске пайда болған. Құжатта жергілікті жердің алғашқы қазақ атауларымен қатар, осы жерге жаңадан салынған ауылдарға берілген өзге тілдегі атаулары жазылған. Мысалы, Маңдай жерінде Трофимовское (Көкшетау уезі), Қоянды жерінде Сарепта (Ақмола уезі), Теректіде Переяславский, Ащылы-айрықта Ново-узенское, Жақсы-қояндыда Миновское, Мурзақайда Измаиловское, Атбасар уездіне қарасты Айбас жерінде Кустарное ауылдары пайда болған. Осы құжат бойынша 1907 жылы Теректі жерінде Переяславский ауылы құрылып, онда 179 адам қоныстанса, Ащылыайрық жерінде Новоузенское ауылы салынып, оған 227 адам қоныс аударған. Алғаш 128 адам қоныстанған Измайловский ауылы 1909 жылы Мурзақай жерінде құрылса, 1910 жылы Атбасар уезіне қарасты Айбас қонысында 94 қоныс аударушыдан тұратын Кустарное атауымен жаңа ауыл бой көтерген. Қазір Жабай атауын иеленген Целиноград ауданына қарасты Миновка ауылы 1905 жылы Жақсы-Қоянды жерінде пайда болған. Революцияға дейінгі карта деректері де бұл жердің бастапқы атауы Жақсы-Қоянды (8-сурет) болғандығын дәлелдейді (ООТА, І. 56; ҚРОМА, І. 20в.).
«1916 жылғы Ақмола қоныс аудару аудандарының жылдық есебі» бойынша Ақмола облысының құрамына 1916 жылы Атбасар, Алексеев, Амантай, Кеңтүбек, Басоба, Жарқайың, Екінші-Жарқайың, Терісаққан, Теңіз, Жаңа Теңіз болыстары кірген. Сондай-ақ, құжатта соңғы 3 жылда осы аудандарға келген қоныс аударушылар саны көрсетілген (2-кесте).
Жыл
Қоныс аударушылардың жалпы саны
Жанұя
Адам
1914
5949
36900
1915
753
4419
1916
307
1829
Жоғарыда келтірілген кестені негізге ала отырып, қоныс аудару қозғалысының қарқыны соңғы жылдары төмендегенін атап өту керек (ҚРОМА, І. 34б).
Ақмола уездіне қарасты болыстар мен олардың құрамындағы қазақ қоныстарының атауы «Ақмола ауданы бойынша 1911 жылға арналған гидротехникалық жұмыстардың жоспарында» (9-сурет) көрініс тапқан. Құжатта аталған қоныстарда пайда болған қоныс аудару учаскелерінің құрылған жылы мен оларға бөлінген жер көлемі де көрсетілген. Мысалы: Алексеев болысына қарасты Қырық-құдық жеріне 1906 жылы ауыл салынып, оны Северный деп атаған. Осы жылы Батпақ-қарасу өзенінің бойындағы Бесмола жеріне де ауыл салынып, ол Пятигорское деп аталған. Сол секілді 1908 жылы Жыланды жерінде Ново-Московское, Жуантөбеде Кондратовский, Орта Ошағанды жерінде Красный путь ауылдары пайда болған (ҚРОМА, І. 41).
«Ақмола ауданы бойынша 1913 жылға арналған шаруаларды үлесті жерге орналастыру жөніндегі жұмыс жоспары» бойынша 1907 жылы Көкшетау уездіне қарасты Ақтас ауылы Линеевское, 1903 жылы Ақмола уездіне қарасты Жауыр ауылы Самаркандское, 1898 жылы Қамыс ауылы Журавлевское атауларына өзгерген (ҚРОМА, І. 48г).
«Ақмола облыстық басқармасының ауылдарды құру және онда ауылдық қоғамдық басқаруды енгізу туралы қызметтік хат көшірмелері» (10-сурет) Ақмола және Көкшетау уездерінің кейбір учаскелері дала генерал- губернаторының бұйрығымен ауылдық қоғамдық басқару жүйесіне біріктіріліп, оларға жаңа атау берілгеніне дәлел. Құжаттарға сүйенетін болсақ, Бәймен – Лисинское (1), Қияқ-арал – Очередное (2), Жекекөл – Колесниково (3), батыс Жарсор – Раздор (4), Рамадан – Ново-Орликское (5), Мықтыкөл – Барышевцево (6) атауларына өзгертілген (ҚРОМА, І. 56е).
«1915 жылғы Көкшетау, Омбы, Атбасар және басқа да уездердің қоныс аудару учаскелерінде қонысқа орналастыру және есепке алу барысы туралы тізімдемелер» (11-сурет) бойынша, елді-мекен аттары бастапқыда ана тіліндегі қазақ атауларымен аталып, қоныс аударушылар келгеннен кейін ғана ауыл тұрғындарының шешіміне сәйкес орыс тіліндегі атауларға алмастырылған. Осылайша, Ақмола облысында жаппай қоныс аудару учаскелерінің пайда болуы нәтижесінде төмендегі елді-мекен аттары өзгеріске ұшырады: қазіргі Сандықтау ауданына қарасты Қояндыкөл ауылы Новоникольск, Жалтыркөл – Новосёловка, Балапан – Веселое, Жалпаққарағай – Быстримовка, Тақыр Жыланды – Граниковка, Жыланды – Михаиловка, Қарағайлысай – Меньшиновка, Үш аша – Новоромановка, Сарымсақты – Спасское, Шоққарағай – Васильевка, Бұланды ауданына қарасты Қыз емшек жері Отрадное, Сасық – Суворовка, Қарақоға – Гордеевка, Жарлыкөл – Никольское, Тереңөзек – Новодонецк, Қамыс – Журавлевка, Біржан сал ауданына қарасты Аралтөбе ауылы Карловка, Бурабай ауданындағы Шыбындыкөл ауылы Райгородок, Атбасар ауданындағы Адыр- Керегетас ауылы Макеевка, қазір Бастау деп аталатын Байжігіт – Новоалександровка, Жақсы ауданына қарасты Қосағалы ауылы Лозовое, Есіл ауданына қарасты Шолақ Сандық ауылы Орловка, Целиноград ауданына қарасты қазір Қабанбай батырдың аты берілген Қызылжар ауылы Рождественка, Р.Қошқарбаевтың аты берілген Ақсеңгір – Романовка, Жарқияқ – Преображенка, Ақкөл ауданына қарасты Моншақты жері Алексеевское, Шортанкөл – Новорыбинка, Шолаққарасу – Урюпинка, Ақсуат – Радовка, Алакөл – Богдановка, Астрахан ауданына қарасты Сарыкөл (Базармола) ауылы Акимовка, Қараоба – Таволжанка, Шаншар – Новочеркасское, Балықты ауылы Камышенка, Ерейментау ауданындағы Мыңшұқыр ауылы Новомарковка (12-сурет), Аршалы ауданындағы Мойылды жері Михаиловка, Ақжар – Белоярка, Жыланды – Ольгинка, Кенетай – Константиновка, Анаркөл – Донецкое, Ақтасты – Раздольное болып өзгерген (ҚРОМА, І. 58).
Ақкөл ауданына қарасты Урюпинка ауылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің мәліметтері бойынша, 1884 жылы Урюпинск станицасынан (қазіргі Волгоград облысы, Урюпинск қаласы) келген қоныс ау- дарушылардан құрылған. 1884 жылдан 1901 жылға дейін Сосновка деп аталған. Себебі айналасында үлкен қарағай орманы өскен, орман ағаштары кейін үй тұрғызу мақсатында жойылып кеткен. Ұзақ уақыт ауыл Сосновка- Урюпинка деген қосарлы атаумен аталған (Эксп.матери- алдары.., 2006). Ақкөл ауданының мектеп мұрағатынан табылған жазбада: «Это поселение первоначально называлось Сосновкой – за околицей, за речкой Талкарой, стоит медноствольный сосновый бор. А потом прижилось название Урюпинка и стало впоследствии официальным.
«...На десяток другой верст южнее Урюпинки ландшафт иной. Перелески постепенно сходят на нет, словно проваливаются сквозь землю, и во все стороны открывается необозримая, отданная во власть шальных ветров степь, рассекаемая балками, оврагами и руслами речушек, многие из которых летом пересыхают» - делінген. Ал, Шолаққарасу – негізгі қорегін жер асты суларынан алатын, құрғап қалатын өзен мағынасындағы атау. Демек, бұл жер бұрын Шолаққарасу аталғанына негіз бар.
1915 жылғы Ақмола облысы Көкшетау уезінің 3-ші шаруа учаскесінің (кіші ауданының) қоныс аудару учаскелерінде қонысқа орналастыру және есепке алу барысы туралы тізімдеме (13-сурет) деректері бойынша Зеренді ауданына қарасты Серафимовка ауылының байырғы атауы Қошқарбай болған. Сондай-ақ, Бурабай ауданындағы Дмитриевка ауылы Ұрынқай, Успеноюрьевка – Арықбалық, Новоандреевка – Кеңащы, Златополье – Құмдыкөл, ал Бұланды ауданындағы Вознесенка ауылы Үлкен Қайрақты, Капитановка – Айғай, Макинка – Аютөбе, Журавлевка – Қамыс деп аталған (ҚРОМА, І. 58а).
Семей және Ақмола облыстарында қоныс аудару учаскелерін құру туралы іс құжатында Ақмола уезіне орналасқан қоныс аударушыларға жер бөліп беру жұмыстары мен жаңа қоныс аудару учаскелері туралы мәліметтер сипатталған. Құжатта сақталған мәліметтер бойынша, Константиновка поселкесінің өлшеу жұмыстары 1894 жылы басталған. Ауыл Спасск болысының құрамында, Ақмола қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Бұл қазіргі Аршалы ауданының аумағындағы Кенетай жері болатын. Кейін бұл жерге қоныс аударушылар орналасып, атауы Самара губерниясынан келген Константиновский деген диқаншының атымен аталып кеткен.
Қоныстандыру барысында тағы 4 бос жер телімі таңдап алынған. Олардың барлығы Есіл болысының аумағындағы Қараменді, Жыланды, Шаншар, Қараоба пошта бекеттерінде орналасқан. Кейіннен Қарамеңді жері Покровское, Жыланды – Петровское, Шаншар – Новочеркасское, Қараоба – Таволжанка аталып кеткен (ҚРОМА, І. 198).
Келесі бір дереккөзде Шаншар ауылының үстіне Новочеркасское ауылын Доннан қоныс аударушылар 1895 жылы салғаны жайындағы деректер сақталған. Новочеркасское поселкесі орнаған жерді қазақтар бұрын «Кіші Тасмола», Семеновка поселкесін «Үлкен Тасмола» деп атаған. Оның мәні Ақмола бекінісі орнағаннан кейін, көп жерлерде солдат ұстау үшін орын жасаған. Әскер тұрған сондай орынды сырттан қазақтардың атты сарбаздары шабуыл жасай алмас үшін биік етіп, тастан қалап қорған жасаған. Бұл «тасмолалардың» қалдығы 1943 жылға дейін сақталғанын жергілікті тұрғындар әңгімелейді. Шаншар жерін иеленген Новочеркасское селосына келген XIX ғасыр соңында Курскіден, Полтавадан, Черниговтан жүздеген отбасылар тұрақтап қалған (Әмірқызы, 37-38- бб).
Қараоба жеріне 1890 жылы салынған Таволжанка селосына Кубань, Орынбор, Самар, Ставрополь, Таврия, Харьков т.б. жерлерден жиналған 84 отбасы XIX ғасырдың аяғына дейін орнығып болған. Алғашқы қоныс аударушылар Самар губерниясының Николаев оязы, Таволжан болысынан келгендіктен ауылдың атын да Таволжанка қойған. 1899 жылы Балықты көлін мекендеп отырған аға сұлтан Ыбырайдың тұңғышы Теңізден туған Садық қажының жеріне Саратовтан қоныс аударушылар жаңа ауылға «Камышинское» деп ат қойып, қоныстанған. 1895 жылы Қушоқы мен Қоскөлді мекендеп отырған ауылдардың жерлері Эстляндия, Лифляндия губернияларынан келген эстондықтарға бөлініп беріліп, олар Петровское деп атап, қоныстанған. Бұл жерде ордалы жыланға мекен болған қырат төбе жақын болғандықтан болар қазақтар оны «Жыланды» деп атаған (Әмірқызы, 38–39-бб).
XIX ғ. аяғы мен XX ғасырдың басында көптеген елді-мекендердің атауы өзгертілгендігіне дала генерал- губернаторлығының қоныс аудару учаскелерін құру тура- лы бұйрықтары (14-сурет) нақты дәлел. Аталған құжаттан өлке басшысының бұйрығына сәйкес ауылдарды қайта атау туралы шешім қабылданғанын көруге болады. Мәселен, 1900 жылы Көкшетау уезінің Жабай жерінде пайда болған ауылда оны әкімшілік тұрғыдан Көкшетау уезінің Балкашин болысының құрамына қосу арқылы ауылдық қоғамдық басқару жүйесі енгізілген. Осылай- ша бұл ауыл қоныстанушы шаруалардың шешімімен «Новгородский» деп аталған. Сондай-ақ, Бұлақ жері Ка- мышенка, Бозайғыр – Елизаветинка, Ақанбұрлық – Чи- стополье, Сасық – Суворовка, Сарымсақты – Новосара- товка, Қайрақты – Пушкин, Тоқтамыс – Ерголка, Бұрлық – Всеволодка, Шарық – Федоровка, Тұрынтайлы – Ца- рицынка, Үшаша (Ақтөбе) – Новоромановка, Қушоқы – Канкринский, Аютас – Сергиевка, Жалтыркөл – Новосе- ловка болып қайта аталған. Сонымен қатар, 1896 жылы Ақмола уезіндегі Жыланды болысында Киевский ауылы құрылған. Құжатта бұл жердің бұрынғы атауы – Құндызды деп жазылған (ҚРОМА, І.203).
«Тобыл және Томск губерниясының қазыналық жерлеріне қоныс аударушыларды орналастыру, 1893 жылы құрылған қоныс аударушылар учаскелері туралы, қоныс аударушылар учаскелерін құру бойынша өлшеу жұмыстары туралы тізімдемеде» Ақмола облысына қоныс аударушылардың орналасқан жерлері туралы деректер мен олардың сызба-карталары сақталған. 1893 жылы Ақмола уезінің Таволжан, Семеновка, Максимовка, Джамалеев, Көкшетау уезінің Санников және Еленинск елді-мекендерінің жанынан қоныс аудару учаскелері құрылған. Қоныс аударушылар Қоскөл қонысына Александровка деген атаумен келіп орналасса, Рыбинский поселкесі Шортанкөл көлінің жағасына орналасқан. Бұл қазіргі Ақкөл ауданына қарасты Новорыбинка ауылының бұрынғы атауы Шортанкөл болғандығының тағы бір дәлелі (ҚРОМА, І. 307).
Төменде келтірілген кестеде Ақмола облыстық басқармасының (369-қор) деректеріне сәйкес, Ақмола облысы аумағындағы қазақ қоныстарында пайда болған қоныс аудару ауылдарының салынған жерлері мен құрылған жылдары берілген (3-кесте).
3- кесте
№
Қоныс аудару ауылдары құрылған қоныс (бекет) атауы
Құрылған жылы
Қоныс аудару ауылдарының атауы
1
Атбасар қаласынан 38 шақырым жерде Атбасар уезінің Сарымсақты
бекетінде
1892
Спасский ауылы
2
Атбасар қаласынан 54 шақырым жерде Атбасар уезінің Байжігіт бекеті жанында
1892
Александровское ауылы
3
Атбасар қаласынан 55 шақырым жерде Атбасар уезінің Амантай бекеті жанында
1892
Маринское ауылы
4
Ақмола қаласынан 100 шақырым жерде Ақкөл көлінің жанындағы
Моншақты қонысында
1888
Алексеевское ауылы
5
Қотыркөл болысында Щучье станицасынан 50 шақырым жерде, Ақмола қаласына барар жолда, Аютөбе өзенінің жанында, сол жағалауда
1891
Макинское ауылы
Бұл кестедегі мәлімет қазіргі Бұланды ауданына қарасты Макинка ауылының тарихи атауы Аютөбе болғандығын көрсетеді (ҚРОМА. І. 4549).
Келесі архив деректерінде 2001 жылға дейін Рождественка аталып келген қазіргі Қабанбай батыр ауылы туралы деректер кездеседі. Ақмола облыстық басқармасына 1897 жылы жазылған баяндама (15-сурет) бойынша Қызылжар жеріне салынған Рождественка ауылында неміс және орыс қоныс аударушылары қоныстанған. Қоныстандыру барысында олардың өзара тіл табыса алмауына байланысты санақ хатшысы Г. Куломзин мен Ақмола облысының бас әскери губернаторының шешімімен орыс қоныс аударушылары немістерден бөлініп, жеке қонысқа орналастырылады. Ол ауылды Русско-Рождественка деп атайды. Русско- Рождественка мен Немецко-Рождественканы Нұра өзені бөліп тұрды. Бұл дерек те Рождественка ауылының тарихи атауы Қызылжар болғандығын растайды (ҚРОМА. І. 4591).
Ақмола уезінде қоныс аудару учаскелерін құру және онда неміс-колонистерді орналастыру туралы архив құжаты (16-сурет) бойынша Целиноград ауданындағы Рождественка (қазіргі Қабанбай батыр) ауылының тарихи атауы Қызылжар, Романовка (қазіргі Р. Қошқарбаев) ауылының байырғы атауы Ақсеңгір болған (ҚРОМА, І. 4594). Сондай-ақ, архив деректеріне сәйкес, осы аудандағы Софиевка ауылының тарихи атауы – Қойайырған (ҚРОМА, І. 56а).
Сондай-ақ, Көкшетау уезінің Дмитриев болыстық басқармасының (660-қор) тіркеу құжатында көрсетілген деректер қазіргі Бурабай ауданына қарасты Златополье ауылының тарихи атауы Құмдыкөл болғандығын көрсетеді (17-сурет). 1908 жылғы әртүрлі губерниялардан көшіп келгендерді тіркеу құжатында ауыл аты Құмдыкөл деп тіркелген. Ал 1909 жылы дәл осы құжатта ауыл аты Златополье болып өзгерген (ҚРОМА, І.2).
Зерттеу нәтижесінде Ақмола облысының бірқатар елді-мекендерінің байырғы атаулары анықталды. Талдау барысында кейбір елді-мекендерге тарихи атауы қайта- рылса, көпшілігіне жаңа атаулар берілгені белгілі болды. Төмендегі кестеде архив деректерін негізге ала отырып, облыс елді-мекендерінің тарихи атаулары ұсынылды (4-кесте).
№
Елді-мекен аттары
Тарихи атауы
Дереккөз
Сандықтау ауданы
1
Новоникольск
Қояндыкөл
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58. 1915 жылғы Көкшетау, Омбы, Атбасар және басқа да уездердің қоныс аудару учаскелерінде қонысқа орналастыру және есеп- ке алу барысы туралы тізімдемелер
2
Новосёловка
Жалтыркөл
3
Веселое
Балапан
4
Быстримовка
Жалпаққарағай
5
Граниковка
Тақыр Жыланды
6
Михаиловка
Жыланды
7
Меньшиновка
Қарағайлысай
8
Васильевка
Шоққарағай
9
Спасское
Сарымсақты
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) Материалы по переселенческому хозяйству. Акмолинская область. Том
III.
10
Новоромановка
Үш аша
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) ҚРОМА. Қ.8. Т.1. І.203. Дала генерал-губернаторлығының қоныс аудару учаскелерін құру туралы бұйрықтары
Есіл ауданы
11
Орловка
Шолақ Сандық
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
Зеренді ауданы
12
Серафимовка
Қошқарбай
ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.58а. 1915 жылғы Ақмола облысы Көкшетау уезінің 3-ші шаруа учаскесінің (кіші ауданының) қоныс аудару учаскелерінде қонысқа орналастыру және есепке алу барысы туралы тізімдеме
Жақсы ауданы
13
Лозовое
Қосағалы
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
Атбасар ауданы
14
Макеевка
Адыр- Керегетас
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
Астрахан ауданы
15
Акимовка
Сарыкөл
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
16
Таволжанка
Қараоба
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) ҚРОМА. Қ.8. Т.1. І.198. Семей және Ақмола облыстарында қоныс аудару учаскелерін құру туралы іс құжаты;
3) ООТА. Қ. 198. Т.3. І. 13. Ақмола облысы Атбасар уезінің қоныс аудару және қосалқы учаскелерінің картасы.
4) К. Әмірқызы. «Атақоныс ақиқаты»
17
Новочеркасское
Шаншар
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) ҚРОМА. Қ.8. Т.1. І.198. Семей және Ақмола облыстарында қоныс аудару учаскелерін құру туралы іс құжаты;
3) ООТА. Қ. 198. Т.3. І. 13. Ақмола облысы Атбасар уезінің қоныс аудару және қосалқы учаскелерінің картасы.
4) К. Әмірқызы. «Атақоныс ақиқаты»
18
Петровка
Жыланды
1) ООТА. Қ. 198. Т.3. І. 13. Ақмола облысы Атбасар уезінің қоныс аудару және қосалқы учаскелерінің картасы.
2) ҚРОМА. Қ.371. Т.1. І.56а. 1914 жылғы Ақмола облысы Ақмола уезінің 1-ші шаруа учаскесінің қоныс аудару учаскелерінде қонысқа орналастыру және есепке алу барысы туралы тізімдеме
3) К. Әмірқызы. «Атақоныс ақиқаты»
19
Камышенка
Балықты
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) К. Әмірқызы «Атақоныс ақиқаты»
Біржан сал ауданы
20
Карловка
Аралтөбе
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
Бурабай ауданы
21
Райгородок
Шыбындыкөл
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
22
Дмитриевка
Ұрынқай
1) ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.58а.
2) ООТА. Қ.198. Т.1. І. 111а. Көкшетау уездінің топырақ картасы;
3) Материалы по переселенческому хозяйству. Акмолинская область. Том
III.
23
Успеноюрьевка
Арықбалық
1) ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.58а
2) ООТА. Қ.198. Т.1. І. 111а. Көкшетау уездінің топырақ картасы;
24
Новоандреевка
Кеңащы
1) ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.58а
25
Златополье
Құмдыкөл
1) ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.58а
2) ҚРОМА. Қ.660. Т.1. І.2 Көкшетау уезінің Дмитриев болыстық басқармасының тіркеу құжаты;
Бұланды ауданы
26
Гордеевка
Қарақоға
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
27
Никольское
Жарлыкөл
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) ҚРОМА. Қ.369. Т.1. І.4549. Ақмола облысында қоныс аудару ауылдарын құру туралы құжат;
3) ООТА. Қ.198. Т.1. І.48. 1897 жылы жобаланған қоныс аудару және
қосалқы учаскелердің картасы
28
Новодонецк
Тереңөзек
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
29
Журавлевка
Қамыс
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.58а
3) ҚРОМА. Қ.317. Т. 1. І.48г.
30
Вознесенка
Үлкен Қайрақты
ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.58а
31
Капитановка
Айғай
ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.58а
32
Макинка
Аютөбе
1) ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.58а
2) ҚРОМА. Қ.369. Т.1. І.4549. Ақмола облысында қоныс аудару ауылдарын құру туралы құжат;
Ақкөл ауданы
33
Новорыбинка
Шортанкөл
1) ҚРОМА. Қ.317. Т. 1. І.58
2) ҚРОМА. Қ.8. Т.1. І.307. Тобыл және Томск губерниясының қазыналық жерлеріне қоныс аударушыларды орналастыру, 1893 жылы құрылған қоныс аударушылар учаскелері туралы, қоныс аударушылар учаскелерін құру бойынша өлшеу жұмыстары туралы тізімдеме;
3) ООТА. Қ.198. Т.1. І.48. 1897 жылы жобаланған қоныс аудару және
қосалқы учаскелердің картасы;
34
Урюпинка
Шолаққарасу
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
35
Радовка
Ақсуат
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
Ерейментау ауданы
36
Новомарковка
Мыңшұқыр
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) ООТА. Қ.198. Т.1. І.56. Ақмола облысы қазақ ауылдарының аумағының сызба картасы.
Аршалы ауданы
37
Михайловка
Мойылды
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
38
Белоярка
Ақжар
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
39
Ольгинка
Жыланды
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
40
Константиновка
Кенетай
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) ҚРОМА. Қ.8. Т.1. І.198. Семей және Ақмола облыстарында қоныс аудару учаскелерін құру туралы іс құжаты;
41
Донецкое
Анаркөл
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
42
Раздольное
Ақтасты
ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
Целиноград ауданы
43
Преображенка
Жарқияқ
1) ҚРОМА. Қ. 317. Т. 1. І. 58.
2) ҚРОМА. Қ.317. Т. 1. І.56а.
44
Приречное
Тұмсық
ООТА. Қ.198. Т.1. І.48. 1897 жылы жобаланған қоныс аудару және қосалқы учаскелердің картасы
45
Софиевка
Қойайырған
ҚРОМА. Қ.317. Т.1. І.56 а.
Байқағанымыздай, аталған елді-мекендердің байырғы атаулары түгелдей дерлік жергілікті жердің географиялық ерекшелігіне немесе кісі есіміне байланысты қалыптасқан. Яғни, көпшілікке түсінікті қазақ тілінің негізінде жасалған ұлттық топонимдер. Көптеген қоныс атаулары сол жердегі көл аттарымен аталған. Себебі су көздері көшпелілердің өмірінде, әсіресе көшіп-қону кезінде, тұрақ орындарын таңдауда бағыт-бағдар ретінде үлкен рөл атқарды. Олардың көпшілігі кейіннен сол жерде пайда болған елді-мекендердің атауларына айналды. Алдымен су нысандарының (гидронимдердің) атаулары пайда болып, содан кейін барып қалған топонимдердің пайда болуы топонимика заңдылығы болып табылады.
Ақмола облысының топонимиясына арналған бұл тарауда аумақтың ландшафт ерекшелігінің облыс топонимиясының қалыптасуындағы рөлі, қазақ халқының ежелгі тарихы, дәстүрлі шаруашылығы және мәдениетімен байланысты ұлттық топонимдер, аумақ топонимиясының өзгеріске ұшырауының тарихи-саяси аспектілері, кеңестік дәуірдегі және қоныс аудару саясаты нәтижесінде пайда болған елді-мекен атаулары мен бұрмаланған жер-су атауларын қалпына келтіру мәселелері кешенді түрде қарастырылды.
Жүргізілген топонимикалық зерттеулер нәтижесінде келесідей қорытынды жасалды:
Ақмола облысының топонимиясына жүргізілген талдау барысында топонимдердің басым бөлігі жергілікті жердің табиғи ерекшеліктерін көрсетті. Қоғамның ұзақ тарихи дамуы нәтижесінде қалыптасқан ландшафт терминдерінің қатысуымен топонимдердің қалыптасу заңдылықтары анықталды. Гидрографиялық атаулардың көпшілігі аймақ ландшафтының сипатын білдіретін түрлі топоним құраушы терминдердің қатысуымен жасалған. Гидрографиялық терминологияны зерттеу кезінде облыс топонимдерінде көрініс тапқан су нысандарының физикалық-географиялық ерекшеліктері, шаруашылықтағы маңызы анықталды. Облыстың өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемінің әртүрлілігі олардың қатысуымен жасалған көптеген жер- су атауларынан көрінеді. Топонимикалық материалдар облыстың табиғат жағдайының байлығын, ландшафттың алуантүрлілігі мен табиғи ресурстарының өте ежелден игеріле бастағандығын көрсетті.
Аумақ топонимдерінің алуантүрлілігі өлкенің бай тарихының көрінісі болып табылады. Ежелден халық тарихы географиялық кеңістіктің топонимикалық жүйесінде көрініс тапқан. Жергілікті топонимдердің жасалу заңдылықтары мен тілдік ерекшеліктеріне назар аудара отырып, жер-су атауларында қазақ халқының мәдениеті, тұрмыс-салты мен этнографиясы бейнеленгендігіне көз жеткіздік. Облыстың географиялық номенклатурасын талдау кезінде географиялық атауларда көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықпен байланысты топонимдер ерекше орын алғаны анықталды. Өйткені байырғы халықтың өмір салты табиғи ортаға тәуелді болды, бұл өз кезегінде топонимдерді қалыптастыруда белгілі бір рөл атқарды.
Облыс топонимдерінің басым бөлігі қазақ тілінің негізінде қалыптасқан болса, кейбірі көне тілдік қабаттарға жатады. Ана тіліміздегі атаулар негізінен гидронимдер мен оронимдерде сақталған. Қоғам дамуы процесінде аймақ топонимиясы түрлі сыртқы факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырады. Зерттеу барысында елді-мекендерді қайта атау мен географиялық нысан атауларындағы түрлі бұрмалаушылықтар анықталды. Облыс аумағында славян топонимдерінің көптеп кездесуі Ресей империясының саясатымен, сондай-ақ кеңес үкіметі мен тың және тыңайған жерлерді игеру кезіндегі қоныс аудару процесімен байланысты болды деген қорытынды жасалды. Зерттеу нәтижесінде идеологиялық тұрғыдан ескірген елді-мекен атауларының тарихи атауларын қалпына келтіру ұсынылды. Қазақ топонимиясының өзіндік келбетін көрсетуде қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін көрсететін тарихи топонимдерді сақтау, ал жоғалған топонимдерді бастапқы қалпына келтіру өте маңызды болып табылады.
Пайдаланған әдебиет:
«ДАЛАЛЫҚ ЕУРАЗИЯ ТӨСІНДЕГІ САРЫАРҚА МҰРАСЫ» ұжымдық монографиясы. Нұр-Сұлтан. 2020 ж.