Жарасбай Сүлейменов: «Сайлаудың мерзімінен бұрын өтуі – әр сайлаушыға берілген зор мүмкіндік»
21.01.2016 1754
Халық Мәжілістің сайлауын мерзімінен бұрын өткізудің нәтижесінде оның құрамының айтарлықтай жаңаратынына, депутаттық корпусқа жаңа күш, жаңа ой келетініне сеніп отыр

Жарасбай Сүлейменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылым депутаты, қоғам қайраткері: 

Мәжіліс депутаттарының Парламенттің төменгі палатасының және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі бастамасы түрлі пікірталас алаңдарында қызу талқылануда. Үн қосушылар арасында бұл шешімнің дұрыстығына күмән келтіріп, қарсы пікір айтып жатқандар жоқ десек те болады. Депутаттардың мұндай шешімге келуіне алдымен әлемде қалыптасқан жағдай себеп болып отырғанын түсінгендіктен, Парламент Мәжілісіндегі партиялар фракциясының үндеуін мен де қолдаймын, бұл қадам халық қалаулыларының жоғары саяси жауапкершілігінің көрінісі, депутаттардың еліміздегі жағдайға, әлемдегі орын алып отырған өзгерістерге жауабы деп бағалаймын. 

Алда бізді көптеген қиындықтар күтіп тұрғанын Елбасы жасырып отырған жоқ. Демек, біз бүгінгі дүрбелеңге толы дүниедегі қатерлі қайшылықтардың қауіптілігін сезініп, бұрынғыдан да ширай, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті барынша нығайтып, Елбасының төңірегіне топтаса түсуіміз керек. Жұмылған жұдырықтай бір болғанда біздің бағындыратын биігіміз де жоғары болмақ. Менің ойымша, жаңа сайлау осы тұрғыдан алғанда да қажетті қадам болып табылады. Сондай-ақ, алдағы сайлау қазақстандық демократияны, бірлігіміз бен отансүйгіштігімізді тағы бір сын тезінен өткізіп алудың зор мүмкіндігі екенін де есептен шығаруға болмайды. 

Халық Мәжілістің сайлауын мерзімінен бұрын өткізудің нәтижесінде оның құрамының айтарлықтай жаңаратынына, депутаттық корпусқа жаңа күш, жаңа ой келетініне сеніп отыр. Ол дұрыс. Өйткені, сайлау өтіп, бұрынғы депутаттардың дені өз мандаттарын сақтап қалса, одан не пайда?! Халық сеніміне ие болғандардың елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңінде Президент алға қойған барлық тапсырмаларды орындауда тың тегеуірін танытуын қалаймыз. Мұның өзі сайлау өткізудегі басты мақсаттардың бірі болуға тиіс. Мемлекет басшысы ұсынып отырған стратегиялық міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін Мәжіліске тың күштер, соны ойлы азаматтар келуі керек. Десек те, бұл орайдағы пікірлер сан алуан. Бір топ Мәжіліс депутаттарының сөзімен де, ісімен де барша қазақстандықтарға танымал тұлғалардан жасақталғанын қаласа, бұл іске мықты реформаторларды, әсіресе, жастарды көбірек тарту керек деушілер де жоқ емес. Бұл талаптарды алдымен Мәжіліс мандатынан үміткер партиялардың ескергені жөн. Сөз жоқ, біздің елімізге күрделі экономикалық ахуалды жақсартуға қабілетті, кәсіби біліктілігі жоғары Парламент керек. Осыдан-ақ оның құрамындағы әр депутатқа зор жауапкершілік жүктелетінін аңғаруға болады. 

Мәжіліс сайлауының мерзімінен бұрын өтуі – әр сайлаушыға берілген зор мүмкіндік. Отандастарымыз осыны терең сезініп, өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Мәжіліске енген партиялар өкілдерінің қызметін жан-жақты саралауға, ендігі жерде өз таңдауларын соның нәтижесі бойынша жасауға тиіс. Сенім кімге көрсетілуі керек? Бұл өте маңызды мәселе. Менің ойымша, бүгінгі таңда «Нұр Отанға» лайықты қарсылас жоқ. Ал «Ақ жол» мен Қазақстанның коммунистік-халық партиясы өз сайлаушыларының үмітін ақтай алды ма? Бұл сауалға жауап алатын күн де алыс емес. 

Жалпы әсем, өркенниетті елдер қатарына қосыламын деген елде саяси өмір ұдайы бұрқ-сарқ қайнап жатуы керек. Бізге мақсаты бір, бірақ соған жету жолындағы көзқарастары әркез үйлесе бермейтін, ұстанымы берік, қатары қалың екі партия жетеді. Солар бір-біріне оппозиция бола отырып, елімізді жаңа биіктерге бастауға тиіс. Өткен уақыт «Бас басына би болған өңкей қиқымның» әрекетінен ештеңе шықпайтынына көзімізді жеткізді. Содан сабақ алсақ, кәне? 

Сайлауға байланысты тағы бір айта кететін мәселе – еліміздегі партиялар халықтың бәрін өз қатарына тартып отырған жоқ. Қайда болсын ешқандай партияға бүйрегі бұрмайтындар толып жатыр. Міне, солар сайлау науқаны кезінде белсенділік таныта бермейді. Осыны ескеріп, болашақта Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңына өзгерістер енгізу, депутатық мандат үшін күресті тек партиялық тізіммен шектемей, округтер бойынша жекелеген тұлғалардың баламалы негізде дауысқа түсуіне жол ашу да артық болмас еді. Бізге бәсекелестік орта керек.