Қойшығара Салғараұлы: «Ақселеу Сейдімбектің бағыттауымен тарихшы атандым»
25.02.2016 2758
Ақселеу әлемі – бұл бүкіл қазақ әлемі. Мұндай тұлға сирек туады. Ақселеудің бүкіл өмірі, бүкіл жан-дүниесі арман мүддесі ұлтқа қызмет етумен өтті

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қарымды журналист, көрнекті ғалым, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған «Ақселеу әлемі» атты әдеби-сазды кеш өтті. 

«Ақселеу әлемі» әдеби-сазды кешіне көрнекті қоғам қайраткерлері мен жазушылар, ғалымдар, Ақселеу Сейдімбектің жұбайы мен қыздары, жақын достары, бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. 

Ақселеу Сейдімбек қазақ әдебиеті мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып, төл тарихымызға жарқын қолтаңбасын қалдырды. Қазақ күй аңыздарын зерттеп, этнография саласына, оның ішіндегі қазақты тану, ұлттық руханиятты білу әлемін зерттеді. Ондаған монография мен ғылыми еңбектердің авторы. Ақселеу ағамыздың ұлт руханиятына мол мұра қалдырғаны күмәнсіз. Оны бүгінгі шара барысында айтылған естеліктерден байқадық. 

«Ақселеу әлемі – бұл бүкіл қазақ әлемі. Мұндай тұлға сирек туады. Ақселеудің бүкіл өмірі, бүкіл жан-дүниесі арман мүддесі ұлтқа қызмет етумен өтті. Жаһандану жан-жағымыздан қысқан заманда, кешегі тар жол тайғақ кешу кезеңдерден өткенде өзінің ұлттық құндылықтарынан айырылған қазақ халқының тағдырына шырылдаған адам – Ақселеу ағамыз», – деді кеш тізгінін қолына алған айтулы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы. 

Салтанатты кеш барысында, Ақселеу Сейдімбектің аяулы досы, өмірі мен өнері біте қайнасқан замандасы Қойшығара Салғараұлы сөз алды. «Өмірде Ақселеу екеуміз егіз қозыдай бірге жүрдік. Ол Жаңаарқада дүниеге келсе, мен Торғайда тудым. Бірақ Алматыда табыстық. 1975 жылы бүгінгі «Егемен Қазақстан» ол кезде «Социалистік Қазақстан» деп аталатын газетке жұмысқа орналастым. Менен бір жылдан кейін, Ақселеу де осы басылымға келді. Құдайдың қош көргені болар, екеуміздің кабинетіміз қатар болды. Содан алғашқы таныстық басталды. Алмалы қалада бір үйде тұрдық. Содан жұбымыз жазылған жоқ. Әсіресе, елордаға қоныс аударғаннан кейін үнемі бірге жүретін болдық», – деді Қ.Салғара.

Сондай-ақ  сыралғы достар жайында естеліктер айтып, жиналған қауымға, «Ақселеу әлемі» туралы пікірін айтып өтті. Өзінің тарихшы болуына асыл досының жәрдем болғанын да тілге тиек етті. 

«Сол Алматыда сырласып жүрген күндері бірде Ахаң: «Біз үш жүз жыл бодандықта болған жұртпыз. Сондықтан санасы мәңгүрттеніп бара жатқан халқымызға тағылым болатын тарихи танымдық дүние қажет. Егер қош көрсең, бүгіннен бастап әдеби шығарма жазбауға уәделесейік» деді. Содан араға жыл-жарым уақыт салып, ол «Күмбір-күмбір күмбездерді» жазды, мен «Алтын тамырды» шығардым. Содан бастап, күні бүгінге дейін екеуміз де әдеби дүние жазған емеспіз. Асыл досымның бағыттауымен тарихшы атандым», – деді тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғараұлы. 

«Ақселеу әлемі» әдеби-сазды кешіне замандастары, достары бірінен соң бірі естелік айтып, кітапхананың аядай залына жиналған халыққа алаштың біртуар ұлының ұлт руханиятындағы атқарған істерін, қызықты естеліктерін бөлісті. Сондай-ақ бұлардан бөлек, ғалымның шәкірті «Егемен Қазақстан» газеті АҚ президенті, қарымды қаламгер Сауытбек Абдрахманов та өз естелігін айтып өтті. 

«Жиырмасыншы ғасырда құртылған қазақтың рухын, мәдениетін Ақселеу Сейдімбек саналы түрде жақсы жағынан зерттеді. Оған ешкімде шүбә келтіре алмайды. Ақселеудің аспандатқан қазақ рухына, Ақселеудің әспендеткен қазақ руханиятына бүгінгі саналы қазақ ұмтылуы керек. Ақселеу Сейдімбектің ғалымдығына үлкен әсер еткен қасиет – оның журналистикадан бастағандығы. Өте шалымды, алымды, қарымды журналист болатын. Тез қағып түсетін. Жаңа ғана өзінің сөзінде Сейіт Қасқабасов ағамыз айтқандай, фактологиялық материалды жинау жөнінен оған ешкім ілесе алмайтын. Әрбір зерттеу материалдарын жинап, жиыстырып, оған таңбалық белгі қойып отыратын. Біз өзімізде, ағамыздың осы қасиетін үйреніп өстік. Әлі күнге дейін, Ақаннан үйренген әдіс бойынша көп қызығын көріп келе жатырмын», – деді Сауытбек Абдрахманов. 

Шара барысында ағамыздың өмірінен сыр шертетін бейнежазбалар көрсетіліп, әндері орындалып, дарынды тұлғаның шығармаларынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Замандастары, шәкірттері, парасатты пайымдар айтып, «Ақселеу әлеміне» үңілгендей болды. Мәнді де мағыналы әсерлі кеш Ақселеу Сейдімбектің асқар талантының қыр-сырын ашып, оның рухани әлемінде қазақ биігі мәңгі аспандап тұратыны айқындалды. 

Алтынбек Құмырзақұлы