Асылбек Баяжұма: Елімізде екі жүзден аса мемлекеттік наградалар бар...
«Қазақстан тарихы» порталы таңбалы тарихтағы төл тарихымыз хақында сондай-ақ еліміздің еркіндігінің басты нышаны Елтаңбамыздың биыл отыз жылдығына байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің Геральдикалық зерттеу орталығының директоры Асылбек Баяжұмамен азғана әңгіме өрбіткен едік. Осы сұхбатты өздеріңізге ұсынып отырмыз құрметті оқырман қауым.
- Ардақты Асеке, геральдика атауын екінің бірі түсіне қоймайды ғой. Ең әуелі осы ұғымның мән-мағынасына кеңірек тоқтала кетсеңіз?
- Геральдика (heraldіca) – Елтаңба мен Туды зерттейтін тарих ғылымының бір саласы. Ол сондай-ақ генеология, нумизматика, палеография, cфрагистика сияқты салалармен өзара тығыз байланысты. «Геральдика» термині ғалымдардың айтуынша латынның «heraldus» яғни жаршы деген сөзінен шыққан деген мәлімет айтады.
Орта ғасырлық Еуропа корольдерінің сарайында гербтердің кімге тиесілі екенін анықтайтын, тіркейтін, жүйелейтін және жаңа гербтерді жасайтын арнайы адамдар – герольдтар деп аталған екен. Кейін уақыт өте келе олар герольдия атты мекемелерге біріктірілген көрінеді. Сол дәуірдің геральдика мамандары белгілері мен бояу түстері ұғымдарының ерекше жүйесін жасады. Геральдика XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап жекелей тарихи пәнінің бір саласы ретінде қалыптасты.
Айталық сонау Ғұн заманынан бергі түрлі тарихи таңбалаларымыз біздің халықтың қалыптасу кезеңі ретінде бастау алады. Осы мақсатта белгілі ғалымдарымыз қаржаубай Сартқожаұлы, Марат Әбсеметовтермен бірлесіп ерте дәуірдегі тастағы таңбаларымызды зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кезінде Әлікей Марғұлан, Кемел Ақшев, Зейнолла Самашев сынды ғалымдарымыз зерттеп, негізін қалап кеткен таңбаларды қазақ тарихымен байланыстыру мақсатында «Қазақ геральдикасы» кітабында шығардық. Бұл сала да тек біз емес, еліміздегі көптеген тарихқа қатысты ғылыми мекемелер еңбек етіп жатыр. Жақында Алматы қаласында болған сапарымызда «Таңба» тарихи музей-қорығында болдық. «Есік» тарихи музей-қорығы мен Шығыстану инситутында, Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық ғылыми зерттеу институтында, «Орталық архивте», «Орталық музейде» болдық. Мұндағы заттарда, жасалып жатқан жұмыстарда мемлекеттік идеологияға қатысты маңызды шаралар. Біздің орталық осы жұмысқа титтей де болсын үлесін қосып жатқанына қуанамыз. Қазіргі таңда белгілі ғалымдарымыздың мақалаларын да жинақтап «Қазақ геральдикасы» журналын шығару жұмысын бастап та кеттік. Ерейментау, Қарқаралы өңірлеріне ғылыми экскурсия ұйымдастырдық.
Алдағы уақытта Ұлытау, Қарағанды өңірлеріне де сапарға шығып құнды мәліметтер жинау жоспарымызда бар. Жалпы айта кететін бір жәйіт, осы шараларға мемлекеттен бір тиын да қаражат бөлінбейді. Өзіміздің аздаған қаржымыздан және демеушілер көмегімен жүзеге асыруға мәжбүрміз. Себебі, бұған дейін ешқандай геральдикаға байланысты дұрыс жоба жоспар жасалмаған. Ең бастысы келесі жылға министріміз Дәурен Абаевтың қолдауымен қазақ жерінде «Халықаралық геральдистер конференциясын» және Орта Азиядағы тұңғыш гералдьдиканың экспозиялық залын ұйымдастыру жұмысы жоспарланып отыр. Осы мақсатта жақын арада Санкт-Петербордағы Ресейдің бас герольдмейтрінен шақыру да алдық. Яғни, біздің жұмысымыздың кең көлемде танылуына бұқаралық ақпарат құралдарының әсері мол деп ойлаймын. Әрқашан іздену жұмысында жүретін қызметкерлеріміз үшін елімізге танымал ғалымдарымыздың пікірі, бағыт-бағдары керек. Таңбатану ғылымын зерттей отырып, қазақ тарихының сонау сан ғасырлардан бастау алатынан дәлелдеу керек. Бұл жұмысты негізінде ғалымдарымыз жүргізіп жатыр. Алматыдағы жартастардағы мыңдаған таңбалы тастардың өзі-ақ осыны дәлелдеп тұр емес пе? Енді осы жұмыстардың басын қосып, жинақ жасап, өскелең ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз. Бұл үшін алдымен маман дайындауымыз керек. Ең қызығы елімізде геральдика саласын оқытатын бірде бір оқу орны жоқ. Сондықтан да Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті биылдан бастап геарльдика саласын пән ретінде оқытуды көздеп отыр. Оны оқыту үшін бізде осы саланың ғылыми теориясы дайын ба? Бұл да енді үлкен мәселе.
Әлемдік геральдика тәжірибесін оқыта алсақ та, қазақтың тарихи таңбатану ғылымын оқытудың прициптері мен теориясы әлі де дайын емес. Сондықтан да келесі жылдан бастап мемлекет квота бөлген жағдайда шетелдік университеттерден оқыту мәселесін де қарастыратын боламыз. Біз жаңадан құрылған мекеме болғандықтан еліміздің болашағы үшін деп ақыл кеңестерін аямайтын, ғылыми жаңалықтарымен бөлісетін кез келген ғалыммен, маманмен ашық диалог құруға дайынбыз. Қазіргі таңда орталық жанынан сараптамалық кеңес пен ғылыми кеңес құрдық. Солармен бірге ғылыми кеңестің концепциясын әзірлеу үстіндеміз. Атқаратын жұмыс шаш етекетен. Қолымыздан келгенше осы жұмыстарды тыңғылықты жасайтын боламыз.
- Тәуелсіздік пен еркіндіктің ең негізгі нышаны оның Елтаңбасы мен Туы ғой. Мұны арнайы айтып отырғаным биыл еліміздің Елтаңбасының отыз жылдығы. Осыған байланысты қандай шаруа атқардыңыздар?
- Орталық жұмыстарының маңызды салаларының бірі мемлекеттік рәміздерді насихаттау. Бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарып келеміз. Біріншіден, мемлекеттік рәміздер заңмен, Конституциямен қорғалған. Енді тек оның қолдану тәртібін үйрету қажет. Бірқатар өңірлерде болғанымызда мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен қолданудың ережелерін білемейтін басшыларды көрдік. Сол жерде түсіндіріп, өз қолымен жөндетуге де тура келді. Әсіресе бұл жұмыс жастардың арасында кеңінен насихатталуы керек. Бұл бағытта тиісті жұмыстар қолға алынды. Біздің құрылғанымызға бір жылдың бедері ғана болғандықтан жасап жатқан істеріміздің барлығы тек тың дүниелер болу керек деген мақсатты ұстанып отырмыз. Еліміздің тәуелсіздіктен кейінгі өткен отыз жылдығындағы қаптаған семинарлар мен сессиялар жиналыстар мен конференциялар бәлендей нәтиже бермеді. Ендеше біз заман талабына сай жұмыстар жүргізуіміз керек. Оның басты шарты мемлекеттік рәміздерді жастардың санасына заманауи әдіс, тәсілдер арқылы насихаттау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Оның бір мысал жақында Елордада мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған жас ақындар арасында алғаш рет айтыс өткіздік. Еркебұлан Қайназаров сынды белгілі айтыскер ақынымыз жанашыр болып сондай-ақ бірқатар республикалық айтыста төселген өрімдей жастарымыз керемет айтыс түрін жасады. Бұл ел тарихында мемлекеттік рәміздерге арналған алғашқы айтыс. Сонымен қатар онлайн форматта ауыл, аудан балалары арасында инстаграм әлеуметтік желісінде «Рәміздердің отыз жылдығына арналған» байқау жарияладық. Еліміздің түкпір-түпкірінен қатысқан жүзден аса баланының жүрегін кеудесіне қойып, көк туымыздың қасында тұрып өлең оқуы өте әсерлі болды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады демекші олардың ең таңдаулысы суырылып алға шықты. Бастысы барлық қатысушыларымызды ынталандыру үшін қаржылай сыйлықтар бердік.
Жалпы рәміздерімізге арналған өлең жыр жазатын ақын-жазушыларымыз баршылық. Бірақ олардың шығармалары әр жерде жеке-жеке кітап болып ғана шыққан. Ендеше алдағы уақытта осы шығармаларды жинақтап кітап шығару да ойымызда бар. Соңғы уақытта қоғамды дүрліктерген рәміздерге қатысты оқиғалар біздің жұмыс форматымыздың жедел өзгеру қажет екенін көрсетті. Осыған байланысты тик-ток, инстаграмдағы жастар көп отыратын әлеуметтік желілерге үгіт насихат жұмыстарын жүргізу қажет деген шешімге келдік. Қазіргі таңда түрік еліндегі мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстарының барысын зерттеудеміз. Оларда мемлекеттік рәміздерді пайдалануға, қолдануға еш кедергі жоқ. Асханаларда, автокөлік жөндейтін орталықтарда, тіпті шәй ішетін кеседе де, көшеде де ілініп тұра береді. Бізде қойылған негізсіз шектеулер де онша дұрыс емес. Елін, ұлтын сүйген адам өзінің туын ешқашан аяққа таптамайды. Сондықтан да балконға ту ілген азаматқа салған айып үшін қоғам дүрлігіп Президентіміздің тапсырмасымен балконға ілуге, жер үйде тұрса оның төбесіне ілуге рұқсат берілді. Бірақ мұндай мәселеге күнде қоғам шулап, Президент тапсырма бергенін күтіп отырудың ешқандай қажеті шамалы. Біз қоғаммен ақылдаса отырып ұсыныс беруіміз керек. Қазіргі геосаяси жағдайда мемлекеттік рәміздерді насихаттау, тарихымызды зерттеу, бұл аса маңызды мәселе. Осы арқылы ұлттың патриоттық сезімін оятуға болады. Сонда тілге, елге, жерге деген құрмет пайда болады. Өкінішке орай біздің көптеген әріптестеріміз, әкім мырзалар жол, су тартуды бірінші қатарға қояды да идеологияны екінші орынға ысырады. Бұл саяси сауатсыздық. Патриотизмі оянған мемлекеттің халқы қандай қиындық болсын елі үшін қолына ту ұстап шығады.
Патриотизм жоқ елде алтыннан көпір салып берсеңде отанын тастап қашады. Рас, биыл рәміздердің отыз жылдығы. Міне осындай маңызды мерекеде елімізде жыл бойында көптеген шаралар атқарылуы керек. Өкінішке орай, бұл тек төртінші маусыммен ғана шектеліп қалып жатыр. Жыл бойы мәдени іс-шаралар мен насихат жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұруы керек. Біздің өзіміз сәуір айынан бері Елтаңбамыздың авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков ағамызбен бірлесіп сегізге жуық конференциялар мен үлкенді кішілі кездесулер өткіздік. Бұл жұмыстарды әлі де ары қарай жалғастыратын боламыз.
- Тағы бір сауалым, мемлекетік және ведомстволық сараптамалар жүргізу саласы да сіздердің құзыреттеріңізге кіре ме?
- Иә. Қазіргі таңда екі жүзден аса мемлекеттік және ведомстволық наградалар бар. Бұл тым көп деп ойлаймын. Осылардың ішінде көбіне бақылаусыз кеткен ведомстволық наградалар. Түрлі қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік емес мекемелер, қорлардың шығарып жатқан сансыз орден медальдері көп. Солардың ішінде «Қазақстанның құрметті азаматы» деген де орденде бар. Бұл енді нағыз бырып тұраған сорақылық. Сондықтан осы мәселені бір ізге түсіру мақсатында жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі таңда сараптамалық кеңес құрылды. Осы кеңесте әр медаль төсбелгінің эскиздері, оның геральдикаға сәйкестілігі қарастырылады. Әрине әркімінің еңбегі бағаланғанын қалаймыз. Бірақ біз кеңестік идеологиядан түбегейлі тез арылуымыз керек. Еуропа елдеріне орден медальді тек әскери салаға ғана береді. Ал ғалым, білімді азаматтар ең жоғары жалақы алып, жақсы өмір сүруге қол жеткізеді. Біздің Президентіміз де осы принциптерді ұстанады деп үміттенемін. Жасы жиырма беске жетпей 15 медаль тағып алған жастарды да көрдік. Менің өзімде 17 жыл мемлекеттік қызметте жүргенде қол жеткізген жалғыз-ақ медальм «Тәуелсіздіктің 30-жылдығына арналған» медалім еді. Қысқасы қоғам осындай бей берекетсіз шығара беретін мағынасыз марапаттан саналы түрде бас тартуы керек деп ойлаймын.
Тағы бір қарастырып жатқан маңызды мәселеміздің бірі бұл өңірлік нышандар. Көптеген азаматтар мұны герб деп атау керек дейді. Мен өз басым бұған қарсымын. Конституциямен бекітілген «Герб» біреу. Оның авторы Жандарбек Мәлібеков. Ал енді «герб» сөзінің өзі бізге Ресей империясының тағып берген атауы. Бізде өзіміздің төл тарихи таңбаларымыз бар. Ендеше мұны да ретке келтіру керек. Бұл мақсатта осы салада көптеген жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Айдын Рысбекұлы деген ағамыз бар. Сондықтан әр өңірлердегі әкімшілік дүниелерді гербтер емес, әкімшілік аумақтық бірліктердің нышаны деп өзгертуді ұсынып отырмыз. Сонымен қатар оның ережесін де әзірлеп қойдық. Әдістемелік құралы да дайын. Ең бастысы көптеген жылдар бойы бұл нышандар әкімдердің қалауымен өзгертіле берген болатын. Демек, енді бұдан кейін біріншіден қоғамдық кеңеспен ақылдасып, біздің сараптамалық кеңестен өткен соң ғана облыстық мәслихатпен келісіп бекітілетін болады. Екіншіден әрбір нышанда мемлекеттің қалаберді ұлттың төл болмысы болуы керек. Ал енді әкімшіліктің өз елтаңбасы болуы керек деп шөп пен шөңге аң құс, не болса соны сала беретін бірегей идеясы жоқ нәрселерге қатаң тиым салу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар әр ауыл, аудан, қалаға нышан бере берудің де қажеті шамалы. Егер әр өңірдің әкімшілік аумақтық бірліктерінің бірыңғай бекітілген нышаны болса соны ғана қолдана беруге де болады. Әрине бұл менің жекелей субьективті пікірім.
- Өзіңіздің өмірбаяныңыз бен жүріп өткен жолыңыз жайында сәл тоқтала кетсеңіз?
- Мен сонау 1990-жылдары Атажұртқа жеткен алғашқы көштің ұрпағымын. Осы елде білім алып, оқу оқып, қызмет еттік. Өзімнің бірбеткей тік мінезіммен біраз жерге сыймай жүрген де жағдайым бар. Ілгеріде әкімшілік қызметте жүргенде жетпіс пайыздан астам өзге ұлт өкілдері тұратын Аршалы ауданында 365 көше мен 11 ауылдың атауын мемлекеттік тілге өзгертуге атсалыстым. Кейінде осы ауданда әкімнің орынбасары болған кездерімде 82 көшені өзгерттім. Жиырма жылға жуық мемлекеттік қызметте істедім. Небір парасатты, ұлағатты, білімді адамдармен бірге болдым. Олардың дені елімізге танымал ақындар мен жазушылар болды. Сондықтан да қазақ, орыс, монғол тілдерінде бір кісідей жетік сөйлей аламын. Қазақ тілінде «Аршалы айнасы» газетін ашуға мұрындық болдым. Ақмола облысының бірнеше аудандарында мәдениет, ішкі саясат бөлімдерін басқардым. Тарихқа бала кезден сусындап өскендіктен жыр мен күйге деген көңілім тіптен алабөтен. Бар мақсатымыз қазақ деген халықтың бағы жанып, берекесі бекем болса екен деген жалғыз-ақ тілек ғана...
- Әңгімеңізге көп-көп рахмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!