Ахмедияр Батырханов: «Ерлігі еленбеген ерлер бар»
06.10.2022 3244

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың естелігінде мынадай жолдар бар екен: «Біздің халық соғысқа ерлікпен қатысты, бірақ оның құны өте қымбат. Осы күні ауыл толған жесірлер мен жетімдер. Соғысқа барған жүз қазақтың жетпіс-сексені қайтқан жоқ, себебі маған айқын – әскери тәжірибе, әскери тәрбиенің дағдылану нашарлығы».  

Рас, біз жоғалтқаны көп елміз, басқасын айтпағанда осы соғыста қаншама адамды жоғалттық, жетім мен жесірдің төгілген көз жасы, тылдағылар кешкен бейнет, майданға кеткен ұлын күтумен сарғайған аналардың сағынышы... Арада сексен жыл өтсе де біз мұны ұмыта алмаймыз. 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс туралы естеліктерге, соған қатысты деректерге оралып отырамыз. Бұл біздің тарихымыз. Осы соғысқа қатысты сұрақтарымыз да әлі күнге шейін таусылар емес. Сол сұрақтың кейбіреуіне БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, "DANA" орталығының ғылыми қызметкері, «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының қосымша білім беру педагогы,  ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төс белгісінің иегері Ахмедияр Батырханов  жауап берген еді.


- Алты жыл еңбектеніп жазған «От кешкен ордалықтар» деген кітабыңыз 200 данамен шығыпты, онда 666 адамның аты-жөні беріліпті, 22 адамның көмусіз қалғаны туралы деректі келтіресіз. Бір ауданнан оншақты ұшқыш шыққаны да жаңалық. 

- 2020 жылы маусым айында Бөкей орда ауданының әкімі Нұрлан Сағынтайұлының қолдауымен «От кешкен ордалықтар» атты жинағым «Полиграфсервис» ЖШС баспасынан жарық көрді. 1999 жылы Орал қаласынан шыққан «Боздақтар» кітабының 6 томына енбей қалған, соғыста қаза тапқан және хабарсыз кеткен 666 адам және жау қолына тұтқынға түскен 51 адамның дерегі бар, оның 45-і тұтқында қайтыс болған. Тұтқынға түскен бесеуінің кейінгі тағдыры белгісіз. Шайқас алаңында оққа ұшқан 22 боздақтың көмусіз қалғаны архив құжаттарында жазылған. Күші басым жауға төтеп бере алмай шегінген Қызыл Армия оққа ұшқан өз жауынгерлерін майдан даласына амалсыз тастап кеткен. 

- Осы жерде архив құжаты бойынша мәлімет келтіре кетесіз бе?

- Мысалы, Орда ауданынан он шақты ұшқыш шыққан екен. РФ ҚМО архивінде сақталған (Қор:33. Тізбе:687572. Сақтау бірлігі: 328. Жазба:37328522. Парақ:127) құжатта Адилов Еллямның ерлігі туралы мәлімет былайша өрбиді: «594 шабуылдаушы авиа полктің әуе атқышы, кіші сержант Адилов Еллям 1944 жылы 16 тамыз күні Брунва ауданы аумағында аспандағы айқаста жаудың «ФВ-190» және «МЕ-109» 4 ұшағына тойтарыс берген. Жау ұшағынан атылған оқ ұшақ пулеметін істен шығарып, әуе атқышы Адилов Еллям арқасынан жараланғанына қарамай «1 ФВ-190»  ұшағын  ракетницамен атып құлатқан». Бұл енді соғыс тарихында болмаған оқиға сияқты. Мен өзім бұрын-соңды мұндай ерлікті кездестірмедім. Осы  ерлігі үшін Нарынның нар ұлы ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Қан майданда ерлік көрсетіп, орден, медальдармен марапатталған 1374 ордалық  жауынгердің аты-жөні, әскери шені, марапаты туралы РФ ҚМО архивінен «Подвиг народа» сайты арқылы алған мәліметтер жинаққа енді. Бұл жерде шынымен де «Боздақтар» кітабының 6 томына Жәнібек және Орда аудандары бойынша енбей қалған 1182 адамды анықтаппын. 

- Олар не себепті енбей қалған деген сұрақ туады ғой?

- Біріншіден, менің ойымша бұл жерде үлкен саясат тұрған сияқты. КСРО-ның мақсаты - соғыстағы адам шығынын аз көрсету болды. Екіншіден, РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі Ұлы Отан соғысы тақырыбына қатысты көптеген құжаттар көп жылдар бойы өте құпия, жабулы қазан күйінде болды. 2007 жылы РФ Қорғаныс министрінің № 181 бұйрығымен аталмыш тақырып аясындағы құжаттар құпиялылығын жойып, жарыққа шыға бастады.

 

- Сіздің бұл еңбегіңізді қажетсініп сұрап, қызығушылық білдіріп жатқан шетелдік әріптестеріңіз бар ма? Жалпы өзара ақпарат алмасу бар ма араларыңызда?

Кітаптарыма сұраныс көп деп айта алмаймын. Себебі кітапханалардан кімнің кітап алып жүргенін білмеймін. Негізінен ғылыми жобаларға оқушылар дайындап жүрген мұғалімдер жиі хабарласады. Аттарын атап, түстерін түстемейін, жалпы Ұлы Отан соғысы тақырыбына байқау болатын болса, көптеген мұғалімдердің маған хабарласып жатады. Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен 4 мұғалім менен материалдар алды. Бір мұғалімнің биылғы жылы республикалық байқаудан оқушысы 1 орын алса, екінші мұғалімнің оқушысы РФ Волгоград облысы Палласов қаласында өткен Халықаралық байқауда 1 орын алды.  Сосын менің жинақтарым ана тілімізде жарық көріп жүр. Шетелдіктер қалай оқиды? Негізі ресейлік әріптестерім жинақтарымды сұрады. Бүкілресейлік «Жауынгер тағдыры» іздеу тобының мүшесімін. Бұл топта Қазақстан, Ресей, Белорус, Қырғызстан, Башқұрстан, Әзірбайжан, Балтық жағалауы елдерінен әскери тарихшылар, іздеу тобы мүшелері бар. 

- Білуімізше, 2004 жылдан бері осы бағытта ізденіп, еңбектеніп келесіз, қай жақтың архивтерінде болдыңыз? Ізденістің нәтижесі қандай?

- 2010 жылы Жәнібек ауданы бойынша соғыс жылдарынан Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві, Жалпақтал мемлекеттік архиві,  Жәнібек аудандық мемлекеттік архиві, сонымен қоса РФ Волгоград облысы Палласовка аудандық әскери комиссариаты, РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Обд-мемориал» сайты арқылы ізденіп, жұмыстанып біраз дерек таптым. Палласов аудандық әскери комиссариатына өз атымнан арнайы хат жолдап, Жәнібек ауданында дүниеге келгенімен, соғыс жылдары  Палласов ауданынан әскерге шақырылған жүзден астам жерлесіміз туралы мәлімет алдым. Жоғарыда аталған архив құжаттары негізінде «Жаралы жылдар жаңғырығы» атты жинағым шықты. Ол жинақты өз қаржыма шығардым. Мәселен, 1999 жылы Орал қаласынан шыққан «Боздақтар» кітабының 6 томының 18-бетінде 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысынан Жәнібек ауданы бойынша 1877 адам елге оралмаған деген мәлімет жазылған. Жеке ізденіс барысында Жәнібек ауданы бойынша «Боздақтар» кітабының 6 томына енбеген, алайда соғыста қаза тапқан, хабарсыз кеткен және тұтқында қайтыс болған 465 адамды анықтадым. 2010 жылы аудан орталығында соғыстан оралмаған боздақтарға мемориалдық ескерткіш тақта орнатылғанда сол мен келтірген дерек негізінде 2342 адам деп жазды. Ол тек бір аудан бойынша.

- Қазақтардың ерлігі, шайқас алаңында жараланса да соғыс алаңын тастап кетпеген дегенге айтарыңыз көп сияқты, қазақтардың насихатталмаған ерлігі жайында оқырманға айтып өтсеңіз. 

РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен алынған құжаттарда көбіне шайқас алаңында жараланса да оқ ату тоқтағанша шептен кетпей, өз орнында тапжылмай қарсылық көрсеткен қазақтар  туралы дерек көп. Мысалы, Мәншүк Мәметова шайқас алаңында ауыр жараланған старшина Султан Жиенбаевты қауіпсіз жерге қаруымен алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ол туралы Сұлтан Жиенбаевтың естелігінде жазылған. Оңтүстікқазақстандық офицер Егемқұл Тасамбаев майдан шебінде ауыр жараланғанда оған өз қанын берген Мәншүк Мәметова. Ол оқиға туралы Сайлау Пернебаев пен Мереке Құлкенов майдангер Егемқұл Тасамбаевпен арнайы кездесіп, 1985 жылы 29 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қасық қан» атты мақала жазған.

Сталинград шайқасында санитарлық авиацияда қызмет еткен ұшқыш қазақ ұшағымен 858 рет әуеге көтерілген. Сталинград шайқасында орыс мергені Василий Зайцев 225 жаудың көзін жойып, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Осы Сталинград майданында бір өзі 261 дұшпанды жер жастандырған ақмолалық мерген қазақ Михаил Мамеков «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Сталинград шайқасында қару-жарақ таусылып, рация істен шыққан кезде арғы беттен қару-жарақ пен рация және дәрі-дәрмек алып келуге қайықпен кеткен бірнеше рачет қайтып оралмаған. Алматылық қазақ Дүйсенов деген жауынгер борап тұрған оқтың астында арғы бетке қайықпен өтіп, кері аман-есен оралып, тапсырманы бұлжытпай орындаған. Сол ерлігі үшін ол «Ленин» орденімен марапатталған. Казталовтық даңқты барлаушы, «Даңқ» орденінің толық иегері Имашев Қайырғазы атамыз соғыста қоян-қолтық шайқаста бір өзі 12 жауды жер жастандырса, тайпақтық жауынгер Мендыгалиев Қадыр бір өзі қоян-қолтық шайқаста 16 дұшпанды жайратқан. Олардың марапат құжаттары бар. Құжатта ерліктері жазылған. Алдыңғы шептен штабқа алып келе жатып, тұтқынға түскен неміс-фашисттің қолы шешіліп кетіп, қазақ жауынгері Аязбековке қарсы ұмытылған. Арпалыс кезінде жаудың астына түскен Аязбеков дұшпанның тамағын тісімен орып өлтірген. Жанталас. Өлім мен өмір. Қас-қағым сәт. Қазақ - қайсар халық. Жалпы соғыста қазақтардан барлаушылар көп шыққан. Біріншіден, қазақтар түнгі мезгілде жұлдызға қарап бағыт-бағдарды айыра білген. Екіншіден, қазақ сарбаздары шетінен епті, ержүрек, қайтпас қайсар, досқа адал болған ғой. Әскери қайраткер, генерал-полковник П.Романенко «Қазақтар - кеңпейіл, ақжарқын, ержүрек, батыл халық. Жауынгерлерім тек қазақтардан құралса, мен әрқашан риза болар едім» деген сөзін текке айтпаған шығар. Алматы қаласындағы Кітап палатасында болғанымда 1941-1945 жылдары майдан даласында шыққан газеттерді көрдім. Қолыма алып оқыдым. Сол уақытта шайқас алаңындағы қазақ жауынгерлерінің рухын ояту үшін майдандық газеттерге ойшыл, ақын, журналист, ағартушы Ғұмар Қараш, ақын, батыр Махамбет Өтемісұлы мен би, шешен Сырым Датұлының өлеңдері мен қанатты сөздерін көп жариялаған.

- Батыс Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан  жауынгерлердің  марапат құжаттары туралы не айтасыз?

- Соғыс жылдары ерлік көрсеткендерді үкіметтік марапаттарға ұсынған кезде оларға құжаттар толтырған.  РФ ҚМО архивінен «Подвиг народа» сайты арқылы облысымыздың Бөрлі аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған 626 адам, Жаңақала ауданынан 908 адам, Жәнібек ауданынан 662 адам, Жымпиты ауданынан 855 адам, Зеленов ауданынан 519 адам, Казталов ауданынан 703 адам, Қаратөбе ауданынан 609 адам, Тайпақ ауданынан 918 адам, Теректі ауданынан 2175 адам, Фурманов ауданынан 738 адам, Орда ауданынан шақырылған 1374 адамның орден мен медальдармен марапатталғандарын анықтап, олардың аудандар бойынша тізімін шығардым. 

Бірде мерзімді басылымнан Ұлы Отан соғысында біздің облыстан 4-5 адам «Александр Невский» орденімен марапатталды дегенді оқып, РФ ҚМО архивінен «Подвиг народа» сайты арқылы ізденіп көрген едім. Жалпы аталмыш орденмен сұрапыл соғыста 41848 адам марапатталған болса, соның ішінде 9 әйел адам осы марапатқа ие болған екен. Ал біздің өңірден 39 офицер жерлесіміз «Александр Невский» орденімен марапатталған.

М. Мәметованың құжатын тапқан деп естідік. Бұны Ресей архивінен таптыңыз ба?

- Бұл құжатты алғаш тапқан мен емес шығармын. Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағын берген 1944 жылғы 1 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарғысы РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде (Қор:33. Тізбе:686043. Іс:21. Парақ:222) сақтаулы.  Бұл құжатқа КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының төрағасы М.Калинин және КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының секретары А.Горкин қол қойған. Архив құжатындағы мәтінді түпнұсқа негізінде орыс тілінде айтар болсақ, былайша өрбиді: «За образцовое выполнение боевых заданий Командования на фронте борьбы с немецкими захватчиками и проявленные при этом отвагу и геройство присвоить звание Героя Советского Союза с вручением ордена Ленина и медали «Золотая Звезда» старшему сержанту Маметовой Маншук Жиенгалеевне» деп жазылған мәтінде. Аталмыш құжаттың 228-бетінде батыр жерлесіміздің туған жері Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы деп тайға таңба басқандай жазулы. Шыны керек, осы Мәншүк Мәметова апамыздың өмірбаяны толық зерттелмеген. 

- М.Мәметованың туған күніне қатысты мәлімет әртүрлі дейсіз...

- Иә, батырдың туған күні мен туған жеріне қатысты дерек әртүрлі. Негізгі деректерде туған күні 2 қазан деп жазылған. Мақсат Тәжі-Мұрат ағамыз 23 қазан деп айтып жүр. Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданының тұрғыны зейнеткер М.Қисықовқа Алматы қаласынан 2012 жылы 27 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің Бас қор сақтаушысы М.Кипиев жазған анықтамадан үзінді келтірейін: «Сіздің 26.01.2012 ж. өтінішіңізге орай, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі (бұдан әрі-ҚР МОМ) төмендегідей анықтама береді. ҚР МОМ қорында Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметоваға қатысты оның жеке анкеталық парағы (Анкетный лист) сақталған, тіркеу №  КП 10229/1-3. Бұл құжат М.Мәметованың өз қолымен 17.09.1941  ж. толтырылған. Оған сәйкес, ол өзін 13.11.1922 ж. Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Қамысты ауыл советінде туғанмын деп көрсетеді. Сондай-ақ, осы құжат бойынша оның негізгі фамилиясы Әлиева болғандығы, яғни, әкесі мен шешесі 1932 ж. қайтыс болғаннан кейін Алматы қаласына келген соң, сол кезде карточкалық жүйеге көшуге байланысты тұрған үйіндегі иелерінің тегіне яғни Маметоваға ауысқандығын жазады». Бұл анықтамада батыр қыздың туған күні 13 қараша деп жазылған. Мәншүк апамыздың ата-анасы Жеңсікәлі мен Тойылша (Толша) 1932 жылы Жәнібек ауданының Тереңқұдық ауылдық кеңесінде қайтыс болғаны туралы мерзімді басылымдарда жазылған. 

2012 жылы 24 қаңтар күні С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың кеңсе меңгерушісі қолын қойып, жазған құжаттан үзінді келтірейін. Мәтін орыс тіліндегі нұсқасында жазылды. «Маметова Маншук - студентка, Герой Советского Союза. Родилась 2 октября 1922 года в ауле Камыстинского административного совета Джаныбекского района Западно-Казахстанской области в семье крестьянина-бедняка. Училась в районной сельской школе № 27 имени Пулат-Коши. В десятилетным возрасте Маншук потеряла обоих родителей, которые скончались от голода (1932)».  Александра Прокопенко-Халимулдина мен Әкентай Халимулдин бірлесіп жазған, 1985 жылы Алматы қаласынан жарық көрген «Звездный час Маншук» атты кітапта Мәншүк Мәметова туған күнім 23 желтоқсан деп өз аузымен айтқаны келтірілген. РФ Псков облысы Невель қаласындағы қазақтың қаһарман қызының ескерткішінде туған күні 15 маусым деп жазулы. 

Жәнібек ауданынан соғысқа қатысқан әйел адамдар туралы мәліметтер тауыпсыз. Біздің білетініміз тек Хиуаз Доспанова...

- Иә, солай. Хыйуаз (құжатта солай) Доспанова апамыздан басқа Жәнібек ауданынан сегіз әйел адамның қан майданда от кешкенін анықтадым. Олар  А. Родионова, Н. Чурзина, Н. Байсейтова, М. Мулякаева, А. Мажитова, В. Неженцева, Қ.Ахметова, Н. Дружина. Одан басқа біздің өңірден әскери комиссариат арқылы әскерге шақырылып, соғысқа қатысқан 83 әйел адамның марапат құжаттарын РФ ҚМО архивінен алдым. Ол құжаттарды саралап шығуға уақыт жетпей жүр. 

- Хиуаз Доспанованың өз қолымен жазған өмірбаяны бар дедіңіз. Бұны қайдан таптыңыз?

- Бір-екі жыл бұрын ҚР Президент архивіне арнайы хат жолдап, қазақтың қанатты қызы Хиуаз Қайырқызының құжаттарының көшірмелерін алдым. Сол құжаттардың арасында Халық қаһарманының өз қолымен жазған өмірбаяны бар. Ол құжатта Х.Доспанова Атырау облысы бұрынғы Теңіз ауданы Ганюшкин ауылында дүниеге келгенін жазған.  Сонымен қатар РФ ҚМО архивінен Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың марапат құжаттарының көшірмелерін алдым. Осы құжатта Хиуаз Доспанованың 1941 жылы қазан айында Жәнібек аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылғаны жазулы. Себебі сол кезде  Х.Доспанованың ата-анасы Қайыр мен Мерует Жәнібек ауданында қызметте болған. Хайыр Доспанов соғыс жылдары Жәнібек аудандық жол бөлімінде басшы болған. Ресей архивінен құжат табылған кезде 2014 жылы 4 сәуір күні Жәнібек аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетіне қазақтың қанатты қызы атанған Хиуаз Доспанова туралы «Жәнібектен қанаттанған қыран қыз» атты мақалам жарияланды. 2021 жылы 26 наурыз күнгі облыстық «Орал өңірі» газетіне «Тарихи деректерге неге мән бермейміз?» атты мақалам шықты. Ұлы Отан соғысы тақырыбы аясында ізденіп жүргендіктен архив құжаттары мен кітаптардағы мәліметтерді салыстырып жүремін. Көбіне кітаптар, энциклопедиялар мен тарихи анықтамалықтарда қате деректердің кездесетіні үйреншікті жайт болып барады. 

Осы жөнінде кеңірек тоқталсаңыз, қандай қате таптыңыз?

- Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясынан қазақтың қанатты қызы Хиуаз Доспанованың өмірбаянын оқи отырып, еріксіз ойға қалдым. Содан соң үнсіз қалғаным жарамас деп шешім қабылдадым. Сонымен, 2010 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан шыққан  «Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы» кітабының 236-бетіннен үзінді келтірейін: «Доспанова Хиуаз Қайырлықызы  (15.05.1922 ж.т.,  Орал қ. 2008, Алматы)- әскери ұшқыш, Халық қаһарманы, қоғам қайраткері. 1940 ж. Мәскеу мед. ин-тына оқуға түскен. Атақты орыс ұшқышы М.Раскова (1912-43) басқарған 46-гвардиялық полкіне, 1942 ж. көктемде Е.Д.Бергиадскаяның полкіне қабылданады...». Аталмыш энциклопедиядан Хиуаз апамыздың өмірбаяны жазылған төрт жолдан біраз қате таптым. Біріншіден, Хиуаз Қайырлықызы емес, Хиуаз Қайырқызы. Екіншіден, Хиуаз Доспанова Орал қаласында дүниеге келмеген. Ол Орал қаласында соғысқа дейін мектепте оқыған. 2010 жылы Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары» атты энциклопедиялық жинақтың 80-бетінде:«Доспанова Хиуаз Қайырқызы (15.5.1922, Атырау обл, Құрманғазы ауд, Ганюшкинов с. 21.5.2008 ж. Алматы қ.)» деп  мәлімет келтірген болса, 2004 жылғы  15 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан Мейрамбек Төлепбергеннің «Қазақтың қаһарман қызы» атты мақаласында «Халқым сыйлайтын, ұрпағымды ұялтпайтын өмір жолынан өтіп келемін» деп ойлаймын, туған топырағым Атырау облысының Теңіз ауданы ғой. Кейін мектепті Орал қаласында бітірдім», - дейді Хиуаз Доспанова. Бұл жерде Хиуаз Доспанованың өз сөзіне сенуміз керек. Сонымен қатар РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі № 1267519437 жазбада Доспанова Хыйуаз туралы мәліметтің орыс тіліндегі нұсқасын жаза кетейін. Архив құжаты былай жазылған. «Доспанова Хыйуаз (құжатта солай). Год рождения: 1922. Гв. Ст.лейтенант. в РККА с 1941 года. Место рождения: Казахская ССР, Гурьевская обл., Денгизский р-н, с. Ганюшкиго». Үшіншіден, энциклопедиядағы Хиуаз Доспанованың атақты орыс ұшқышы М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полкіне, 1942 жылы көктемде Е.Д.Бергиадскаяның полкіне қабылданды деп жазылған жеріне нақты тоқталып өтейін. Хиуаз Доспанова әуелгіде 1941 жылы әскерге шақырылғанда 46 гвардиялық полкте емес, 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиа полкте қызмет етеді. Оған дәлеліміз  Ресей Федерациясы  Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен [Қор:33. Тізбе:682526. Сақтау бірлігі: 67. Жазба № 11689911] алынған мына құжат. Доспанова Хыйуаз 1922 жылы туған. Әскери шені: сержант. 1941 жылдан жұмысшы-шаруа, Қызыл Армия қатарында. Әскерге шақырылған жері: Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық әскери комиссариаты. Қызмет орны: Закавказье майданы, 218 түнгі бомбалаушы авиа дивизия, 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиа полкі. Закавказье майданындағы 218 түнгі бомбалаушы авиа дивизияның 1942 жылғы 26 желтоқсандағы № 3/Н майдан бұйрығымен сержант Хыйуаз Доспанова «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұл құжатта Хыйуаз Доспанованың лауазымды қызметін құжат негізінде орыс тіліндегі нұсқасын жазып отырмын: «стрелок-бомбардир 588 ночного легко-бомбардировочного авиационного полка» деп жазған. 1942 жылы 20 желтоқсанда 218 түнгі бомбалаушы авиа дивизия командирі, авиация генерал-майоры Попов пен 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиа полк командирі, майор Бершанская қол қойып, Хыйуаз Доспанованы «Қызыл Жұлдыз» орденіне марапатқа лайық  деп тапқан. Төртіншіден, Хиуаз Қайырқызын 1942 жылы көктемде Е.Д.Бергиадскаяның полкіне қабылданды деп жазғаны да қате дерек. Жоғарыда ұшқыш жерлесімізді «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынғанда 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиа полк командирі, майор Евдакия Бершанская құжатқа қол қойғанын жазған едім. Полк командирі Бергиадская емес, Бершанская екенінде ешқандай дау тумауы қажет. Бесіншіден, энциклопедияда Хиуаз Доспанова қызмет еткен полкін ашып жазбаған. Әскери бөлімдер мен құрамалар көп. Мәселен, байланысшылар полкі, атқыштар полкі, артилилерия полкі, атты әскер полкі, авиа полк деп айта берсек жалғаса береді. Аталмыш кітапта ұшқыш М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полк дұрысында 46 гвардиялық түнгі бомбалаушы авиа полк деп, кейін Таман 46 гвардиялық түнгі бомбалаушы авиа полкы деп аталған. Оған архив  құжаты арқылы нақты дәлеліміз бар. Қазақтың қайсар қызы, кіші лейтенант Хыйуаз Доспанованы майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатқа ұсынған 4 Әуе Армиясының 1944 жылғы 29 ақпандағы № 8/Н Майдан бұйрығына [РФ ҚМОА. Қор:33. Тізбе:686044. Сақтау бірлігі:2282. Жазба № 21855639] назар аударсақ артық етпес деп ойлаймын. Доспанова Хыйуаз 1922 жылы туған. Әскери шені: кіші лейтенант. 1941 жылғы қазан айынан  Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армия қатарында. Қызмет орны: 4 Әуе Армиясы, 46 гвардиялық түнгі бомбалаушы авиа полкі. Бұл құжатта Хыйуаз Доспанова туралы «штурман звена 45 гвардейского Таманского ночных бомбардировщиков авиационного полка» деп жазылған. Аталмыш құжатқа 1944 жылы 26 қаңтар күні 46 гвардиялық Таман түнгі бомбалаушы авиа полк командирі, гвардия майор Е.Бершанская қолын қойған.

- Осы сұхбатқа дайындалу барысында сұхбаттарыңызбен, еңбегіңізбен таныстық, жасыңыздан соғыстың зардабы жайындағы әжеңіздің әңгімесін тыңдап өсіп, кейін журналист болып жүріп осы салаға бұрылғаныңызды білдік. Алғашқы жұмысыңызды өз атаңыз бен нағашы атаңызды іздеуден бастапсыз. Таптыңыз ба?

- Дұрыс айтасыз, марқұм әжем Әсипа соғысқа аттанған атамыз Батырхан Омаровтың орнына қолына құрық ұстап, ат жалын тартып мініп, бұрынғы Фурманов ауданына қарасты № 51 жылқы зауытында жылқы баққан. Әжем соғыс жылдары жылқыны түнде бағып жүріп, ат үстінде айдың жарығымен майдандағы жауынгерлерге қолғап тоқитын едік деп айтатын-ды. Баламын ғой, мән бермеппін. Кейін қызмет бабымен Жәнібек ауданында көптеген тыл еңбеккерлерімен кездесіп, олардың сұрапыл жылдар туралы айтқан естеліктерін естігенде еріксіз ойланасың. Тылда да тыным таппағандар жанкештіліктің озық үлгісін көрсете білген. Атам Батырхан Омаров Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Фурманов ауданына қарасты № 51 жылқы зауытында жылқышы болып жүріп әскерге шақырылған. Ол кісі 52 гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында соғысып, 1943 жылы  28 маусым күні қаза тапқан. Курск облысы, Беленихин ауданының Озеров хуторындағы мектеп бағында жерленген. Марқұм анам Рахиманың әкесі Азаматов Меңжан, ағалары Нұрым, Сабыр, Қадыр, Тұтық, Әли негізі Әми және Ілияс Сырәлиев соғыстан оралмаған. Бір әулеттен жеті адам. Нағашы атам Азаматов Меңжан туралы 1999 жылы Орал қаласынан шыққан «Боздақтар» кітабының 6 томының 308-бетінде «1943 жылы қыркүйекте майданда қаза болған» деп мәлімет келтірген. Ал нағашы атам 1942 жылы 20 қыркүйекте 422 атқыштар дивизия құрамында Сталинград облысы, Ворошилов ауданы, Купоросная маңында қаза тапқан. Сол жердегі бауырластар зиратында жерленген. Нағашым Нұрым Азаматовтың соғыста жау қолына тұтқынға түскені туралы мәлімет таптым. Өкінішке қарай, кейінгі тағдыры белгісіз. Әми атамыз соғыстан жамбасынан ауыр жараланып, ақсаңдап жүріп елге келген. Сол уақытта Орда ауданының № 67 жылқы зауытында қызмет еткен. Әми атамыздың қызы Ермек апамыздың айтуы бойынша, Әми атамыз 1943 жылы Орда ауданынан Астрахан қаласы арқылы Мурманск қаласына жылқы айдап алып барған топта болған. Ордадан Астраханға дейін  жылқыларды жайып апарған екен. Ал Астраханнан Мурманскіге жылқыларды баржаға тиеп апарыпты. Сол сапардан елге келген соң ақсаңдап жүрген нағашамыз Әми атамызды Орда аудандық әскери комиссариаты арқылы қайтадан әскерге шақырыпты. Содан Әми атамыз оралмаған. Хабар-ошарсыз кеткен. 

- Осылайша архив құжаттарын ақтарып, ізденуді бастап кеттіңіз бе?

- Соғыстан оралмағандар туралы мәлімет іздеп жүрсің ғой деп бірде маған сол кездегі Жәнібек аудандық архивінің директоры Зұлфара Қабылқайқызы хабарласып, ағасы Әжіхан Дүйсенов туралы мәлімет іздеуімді өтінді. РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Память народа» және «Подвиг народа» сайттары жұмыстанып, Әжіхан Дүйсеновтің майданда нағыз қол бастаған ержүрек командир болғанын анықтадым. Ол соғыста төрт рет жараланып, төрт рет жау тылына барып келген барлаушы болыпты. Кейін Әжіхан Дүйсенов мергендер ротасының командирі қызметін атқарған. Аз ғана уақытта жерлесіміз басқарған мергендер ротасы 473 неміс-фашист басқыншыларының көзін жойған. Ол кейін атқыштар батальоны командирінің орынбасары, содан соң 290 атқыштар дивизиясының 878 атқыштар полкының 3 атқыштар батальонының командирі болған. Жаужүрек, қайсар әрі өжет жерлесіміз «Қызыл Ту», ІІ, І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. 1944 жылы 10 тамызда Белорус жерінде ерлікпен қаза тапқан. Өкінішке қарай, комбат қазақ қаза тапқан жер кейін Польша еліне берілген екен. Соғыс жылдары 878 атқыштар полкінің командирі болған Михаил Григорьевич Хомуло 1980 жылы Мәскеу қаласынан шыққан «Полк, к бою!» атты  кітабында Әжіхан Дүйсенов пен қызылордалық атқыштар батальон командирі Қасым Сырғабаевтың ерліктерін қарулас жолдастары ретінде ерекше ілтипатен жазған. 

- Әлеуметтік желі арқылы Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтар туралы мәлімет іздестіру жұмысымен айналысып жүрген тағы кімдер бар? Тарихшы-ғалымдар бар ма?

- Соғыс шарпыған жерлерде қазба жұмысымен айналысып, шайқас алаңдарында көмусіз қалған боздақтарды іздеу жұмысымен Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің профессоры, «Мемориальная Зона» іздеу тобының командирі Майдан Құсайынов, Батыс Қазақстан облысынан Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы іздеу тобы командирі Сергей Лапшин, «Поиск» іздеу тобы командирі Марат Аққалиев, Павлодар қаласынан «Майдан жолы» іздеу тобы  командирі Александр Шитов, Ақмола облысының Көкшетау қаласынан «Көкше» іздеу патриоттық клубының жетекшісі Еркінбек Абдуллин,  Ақтөбе қаласынан Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлова атындағы іздеу тобы жетекшісі Гумер Галеев сынды өз елінің патриоттарын білемін. Қайталап айтайын, іздеу тобында жүрген жерлестерімізден менің білмейтіндерім болуы мүмкін. Мұндай жұмыспен айналысып жүргендер арасында тарихшы-ғалымдар туралы естімеппін. Соғыстан оралмаған боздақтар туралы архив құжаттары арқылы мәлімет іздеу жұмысымен ерікті түрде Украин еліндегі қандасымыз Макка Каражанова, атыраулық қарындасымыз Ақмарал Шолақова, маңғыстаулық бауырымыз Жәнібек Науаров, алматылық Күлән Нұрмұхамбетова, Әсет Ерназаров, оңтүстікқазақстандық Дәндібай Мұхит айналысады. Олар өздері тапқан мәліметтерін фейсбук парақшаларына шығарып жүр. Бұлар менің білетіндерім.

- Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, бірақ жоғары үкіметтік марапат бұйырмаған батысқазақстандық он адам туралы айтып берсеңіз, бұлар кімдер?

- Жоғары үкіметтік марапатқа ұсынылып тұрып, сол марапат бұйырмаған он қазақ жерлесімізді анықтап едім. Кейін екі орыс және бір украин ұлт өкілдері туралы құжаттарды РФ ҚМО архивінен «Подвиг народа» сайтынан таптым. Жалпы 1940-1945 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысынан майдан даласындағы ерліктері үшін 40 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына, бір жерлесіміз Хиуаз Доспанова «Халық қаһарманы» атағына ие болған. Сонымен қатар 6 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. 1940 жылы 11 наурызда Фин соғысында қол бастаған полк командирі, майор Н.Видяшев ерлікпен қаза тапқан соң Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Сұрапыл соғыстағы көзсіз ерліктері үшін жоғары үкіметік марапат Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғанмен марапат бұйырмағандар бар, мысалы, ордалық, гвардия сержанты Дайжанов Сергей; теректілік, қатардағы жауынгер Дусикеев Жаксигали; ақжайықтық, лейтенант Каракулов Тлепберген; 1945 жылы мамырда қаза тапқан, шыңғырлаулық, гвардия аға сержанты Куйшибаев Мухтар; ордалық, гвардия кіші лейтенант Мендыгалиев Аманша; казталовтық, гвардия аға сержанты Муканов Искалий; тайпақтық, гвардия кіші лейтенанты Муксимов Гайне; тасқалалық, кіші лейтенант Ниязалиев Шамет; казталовтық, гвардия старшина Нуржанов Насикен; тасқалалық, гвардия лейтенанты Салиев Абжай  наградаға ұсынылған(бәрі дерлік «Қызыл ту» ордені), сондай-ақ, оралдық, гвардия лейтенанты Бецкий Василий деген жерлесіміз екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Өкінішке қарай, екеуінде де Бецкий Василийге жоғары үкіметтік марапат берілмеген. І дәрежелі «Отан соғысы» және «Қызыл ту» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, жалпақталдық, лейтенант Болтунов Александр (Қызыл Ту» ордені), ордалық қатардағы жауынгер Рябов Григорийге де жоғары марапат берілмеген. Бұған қатысты 2020 жылы Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің қолдауымен тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Рысбековтің жалпы редакциялық басқаруымен «WESTA» баспасынан жарық көрген «Орал қаласы сұрапыл соғыс жылдарында 1941-1945 жж.» кітаптың 176-219-беттеріне Тұяқбай Зейітұлымен бірлесіп жазған, Ақжайық өңірінен жоғары марапатқа ұсынылған он қазақ майдангер туралы «Ерлігі еленбеген ерлер» атты мақалам жарияланды.