ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан Алаш қозғалысы - ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолының жаңа кезеңін қалыптастыра алды. Өзінің саяси жетекшілері, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаттары мен қамтыған аумағы жағынан тарихта орын алған қозғалыстардың ең маңыздысы, әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны еді. Алаш қозғалысының негізгі идеясы демократиялы қоғам қалыптастырып, сөзсіз еркіндік пен дамудың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – сол идеяның негізі.
Алаш қозғалысының жолында аянбай еңбек еткен алаш зиялыларының басты мақсаты – қазақ еліне өзін-өзі басқару мүмкіндігін беретін мемлекеттік жүйе құру, яғни оның ұлттық мемлекеттікке құқы бар екендігін метрополияға мойындату, ал түбінде дербес мемлекеттікке қол жеткізу, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударушылар толқынын тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып қазақ қоғамы жаңа өмір сұранысына сай өзгерту (модернизация), білім мен ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жол ашу болды.
Басында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов тұрған ұлттық саяси элита жаңа өрлеу жолына түскен ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру мақсатында газет-журнал шығару, азаттыққа үндеген кітаптар бастырып тарату, Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман, түрікшілдік қозғалыстарына атсалысу сияқты саяси күрес әдістерін игере бастайды. 1911 жылдан шыға бастаған «Айқап» журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпыұлттық басылым дәрежесіне көтерілген «Қазақ» газеті, 1917-1918 жылдары жарық көрген «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттері ұлт-азаттық күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті [1, 4-5 б.].
Осы орайда, алаш қайраткерлерінің арасынан өзінің зерделі ой-пікірімен, халық ағарту ісі мен қазақ баспасөзі саласында сіңірген еңбегімен ерекшеленген тұлғаның бірі – көрнекті қоғам қайраткері Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбай. Оның ғұмыры ащы арманға толы болса да, еткен еңбегі, төккен тері мен мол мұрасы адамға өнеге боларлық. Өйткені, біз Х.Болғанбайды әлі танып болғанымыз жоқ.
Х.Болғанбай 1894 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын өңірінің Жосалы ауылында (бұрынғы Ақмола облысы, Ақмола уезінің Нұрын болысына қарасты №2 ауылда) дүниеге келген [2, 174 б.]. Орта жүз ішіндегі Арғын тайпасының бір тармағы болып саналатын Темеш руынан тарайды.
Жасынан білімге құштар, көкірегі ояу ол 1902-1909 жылдары ауыл мектебінен білім алып, 1909-1911 жылдары Қызылжарда молданың алдын көріп, арабша, татарша оқып үйренген. Орынбордағы Хұсайын медресесінде 1912-1915 жылдары мұсылманша білім алады. Осында оқып жүріп, «Қазақ» газетіне мақала жаза бастаған. Осындай білімді, тәрбиелі Хайретдиннің бойында адамгершілік, адами парасаттылық қасиеттері қалыптаса келе, оның қоғам ортасындағы көзқарасы да жастайынан ерте дамыды.
1917–1918 жылдары М.Шоқай, С.Қожановпен бірге «Бірлік туы» газетін шығаруға қатысады. 1918–1919 жылдары Ташкент қаласындағы педагогикалық курста оқиды, 1919–1921 жылдары Ташкент, Орынбор қалаларында мұғалімдік қызмет атқарады. 1921 жылы Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсыновтың тапсырмасымен Бұхарадағы басмашылар қозғалысына Әнуар пашамен бірге жетекшілік етіп жүрген Зәки Уәлиди Тоғанмен кездесіп қайтады. 1922–1923 жылдары – Ақмолада, 1924–1928 жылдары Петропавловскіде (Қызылжарда) халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болады [3, 367 б.]. Халық арасында оқу-ағарту бағытындағы ұстаздық, оқулық жазу және баспасөз салаларын қалыптастыруға үлес қосты. Қызмет жолына қарасақ, қазақ жерінің дерлік барлық аймақтарында қызмет жасай жүріп өзінің ой-интеллектісімен ерекшеленді. Алаш ардақтылары Ə.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Шоқай мақалаларында, естеліктерінде, жазбаларында X.Болғанбайдың еңбегі баяндалады. Ел жағдайы, қазақ тұрмысы, ХІХ-ХХ ғғ. патша үкіметі жүргізіп отырған отаршылдық езгінің зардаптары, жазалау саясатына ұшыраған құрбандар жөнінде мерзімді баспасөз беттеріне мақалалар жариялады. Мақалалары сол уақыттағы мерзімді басылымдар «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттеріне жарияланып тұрған.
Тарихтан белгілі, қазақ қоғамы үшін саяси күреске шыққан ұлт зиялыларының әрбір іс-әрекеті патша үкіметі тарапынан бақылауға алынып, үкімет саясатына қарсы шыққандар қуғындалып, кейбірі басқа аймаққа жер аударылып, абақтыға қамалды. Ұлт зиялылары патша үкіметінің жүргізіп отырған отарлау, қоныстандыру, орыстандыру саясатына қарсы шығып, баспасөз беттерінде мақалалар жариялап, патша атына үндеухат ұйымдастырғаны үшін түрлі жазаларға тартылғаны анық. Осындай саясаттың қысымына түскен бірнеше ұлт қайраткерлері мақалаларын түрлі бүркеншік (псевдоним) есімдермен жариялағанын тарихи деректер айғақтайды. Сол кезеңде Х.Болғанбайдың да шығармалары мен мақалалары «Қазақ» газетінде бірнеше псевдониммен жарияланғанын көреміз. Қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаевтың:
Бортаң бала,
Бүгін қара,
Кəрі тай.
Бір кемі жоқ,
Бір теңі жоқ
Болғанбай, —
дейтін эпиграммасы [4] осы Хайретдин Болғанбайға арналған. Газет беттерінде кездесетін Бортаң, Бортаң бала, Кəрітай, Қайыркен, Хайралдин есімдері алаш зиялысының бүркеншік аттары болатын.
Ол халықтың қас жауы қараңғылық пен надандықты жою жолында өлшеусіз үлес қосты. Х.Болғанбай: «Жұрттың жұрттығын сақтап, ұйқысын ашатын ерлер керек. Ол ерлер бүгінгі медресе-мектепке берген балалары, соның үшін саналы қазақтың азаматтары оқу, оқыту дегенге салқын қарауға жарамайды» [5, 43 б.], - деп қазақ балаларының осындай мектептерге кіріп, оқу-білімді меңгеру жолында ерінбеу керектігін айтып оқуға шақырады.
Халықтың тағдырымен тамырлас «Қазақ» газетінен қанаттанған Х.Болғанбай кейін 1917–1918 жылдары Ташкент қаласында «Бірлік туы» газетін шығаруға белсенді атсалысады. «Бірлік туы» газеті - алғашқы қазақ басылымдарының бірі. Негізін қалаушы әрі алғашқы редакторы - Мұстафа Шоқай. Газетті шығаруға Х.Болғанбай мен С.Қожанов қатысқан. Аталмыш газеттің 7-14 нөмірлері X.Болғанбайдың басшылығымен шықты. Газет 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдай, сондай-ақ, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы хабарларды жариялап, елді бірлікке шақырып, азаттық жолындағы күрестің жаршысы болды. Газет қазақтардан басқа қырғыз, өзбек, татар т.б. түркі халықтарының арасына кең тарады. 1917 жылы тамызда өткен Түркістан өлкесі қазақ-қырғыз съезі баспасөз туралы мәселе бойынша «жаңадан шыға бастаған «Бірлік туы » барша қазақ-қырғызға ортақ болсын» деген қаулы қабылдаған. «Бірлік туы» газеті Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметіне қолдау көрсетіп, бұл жөнінде «Түркістан автономиясы», «Бостандық һәм автономия», «Қоқан шаһарында болған жалпы мұсылман съезінің қаулылары», «Сырдария қазақ-қырғыз съезі» деген мақалалар жариялады. Кеңестік биліктің Түркістан өлкесінде орнығуына наразылық танытып, оның таптық негізді басшылыққа алған саясатын сынайтын «Кім дос, кім қас?», «Өзіміздің большевиксінгендерге», «Қазақ халқының дұшпандары», «Тұла бойы қан сасиды», «Қоқан қырғыны», т.б. мақалалар жариялаған.
Жалпы, «Бірлік туы» газетінің басты бағыты бірлікті ту ету болды. Ол Түркістан автономиясын құруды қолдағанынан да айқын байқалады. Бір шоғыр зиялы қауымның ұйытқысы бола білген басылым ұлтты тәуелсіздік пен тұтастықтың жолына жұмылдыры білді. Өткенін екшеп, болашағын болжап, бағыт-бағдарын нақтылап, ұлт бостантығын баянды ету мәселелері басылым беттеріндегі жарияланымдардан анық көрініс тапты.
Алаштанушы, көрнекті тарихшы-ғалым К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» еңбегінде “30-шы жылдардың ортасына қарай Алаш ардагерлерінің “халық жаулары” ретінде толығымен дерлік жойылуына байланысты, “Алаш” қозғалысының тарихын зерттеуге де тыйым салынды. Ал, “Алаш” қозғалысының түп нұсқалық деректері жарияланып тұрған “Қазақ”, “Бірлік туы” сияқты газеттер буржуазияшыл ұлтшылдардың органдары деп айыпталды және оларды ғылыми зерттеу ісіне пайдалануға рұқсат етілмеді” - деп баяндайды [6, 22 б.].
Жоғарыда атап өткендей, Х.Болғанбай 1924-1928 жылдары Петропавлда (Қызылжар) губерниялық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары, педтехникум мен кеңес партия мектебінің мұғалімі, кеңес партия мектебі оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарады.
Сол Қызылжарда жүргенде, 1928 жылы жалған айыппен ұсталып, тергеу үшін Алматы абақтысына айдалады. Бұл кезде Алматы түрмесінде «кеңес өкіметіне қарсы топ» деген саяси айыппен А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, тағы басқа ірі тұлғалар отырған еді. Сөйтіп, ОГПУ Х.Болғанбайды 1930 жылы сәуірде алғаш Архангельскіге, содан соң Стыкварға этаппен айдайды. Бұл саяси репрессиядан босап келген соң, Хайретдинге өз аймағында тұруға рұқсат бермей, Шымкенттің Сарыағашына бақылау тәртібімен жібереді. Мұнда ол «Қапланбек» зооветтехникумында оқытушы болады. 1937 жылы Х.Болғанбай екінші мәрте саяси айыппен ұсталып, сол жылы 21 қарашада «үштіктің» шешімімен атылады. Кеңес өкіметі Хайретдинді 1957 жылы ақтағанымен, оның есімі ұзақ уақыт «ұлтшыл» ретінде ауызға алынбайды [3, 173 б.].
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы “Егемен Қазақстан” газетіне «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы жарыққа шықты. Аталған мақалада Президент тәуелсіздік алған отыз жыл уақыт ішіндегі толағай тарихымызды сипаттай келе, тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның бағасын егемен елде дүниеге келіп, таршылық пен қыспақ көрмеген бүгінгі ұрпақтың терең түсінуін жеткізді. Осы мақаладан біз, азаттық жолында жанын қиған ардақтыларымыздың өмірі мен еңбектерін саралай отырып, тәуелсіздік қазаққа оңай келмегенін ұғына аламыз. Қазақ халқының егемендігін аңсаған Алаш ардақтылары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы болды. Алаш арыстарының көздеген мақсаты бір еді ол – қазақты тәуелсіз ел ету, дамыған елдердің қатарына қосу, халықты ілім-білімге қанықтырып, көзін ашу. Осы жолда Алаш идеясын жүзеге асыруды көздеген қазақтың ардақты ұлдары өз өмірлері үшін қорықпады, болашақ ұрпақтың ертеңі үшін қорықты.
Осы орайда, тәуелсіздік жолында ғұмырларын сарп еткен Алаш қайраткерлерінің қатарынан бүгінгі мақалаға арқау болған Х.Болғанбайды көруіміз заңдылық. Егемендік алған тұста тарихымызды таразылап, өткеннен сабақ алып, тарихымыздың басында тұрған ұлт зиялыларының тағдыры мен қалтқысыз қызметін баяндау – келешек ұрпақ үшін маңызды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. – желтоқсан 1917 ж. – Алматы: «Алаш», 2004. –Т.1. -552 б.
2. «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия/ Бас.ред. Ә.Нысанбаев. 2 том. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1999. – 720 б.
3. Болғанбаев Х. Шығармалары. Тағылымы. – Астана: «Парасат әлемі» баспасы, 2005. – 256 б.
4. Жұмабаев М. Шығармалары: Өлендер, поэмалар, қара сөздер. Алматы: Жазушы, 1989. - 448 б.
5. Болғанбай Х. Иман күші / құрастырып және жалпы редакциясын басқарған проф. Д. Қамзабекұлы. – Алматы: Арыс, 2009. – 288 б.
6. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995.
Т.С. Садықов1, Н.Н. Елкей2
1Т.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ, Астана қ.
2Докторант, Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ,Астана қ. Қазақстан.