Ефрейтор Оразовты құтқару
22.05.2023 2420

Кезінде Атырау мен Ақтөбені дүбілткен со бір уақиғаға да екі қазан (жұлдыз) уақыт толыпты-ау. 1944 жылғы 19-мамырмен есеп қылсақ... Соның алдында бірнеше күн бұрын – 3-мамырдың түнінде Атыраудың Жылой ауданындағы Сарқасқа дейтін шұратқа вермахт обер-лейтенанты Әлихан Ағаевтың басшылығымен түскен немістің «Алаш» агентуралық-диверсиялық тобы қуғыншы НКВД отряды мен жергілікті жасақшылардан Жем өзенін, Алатау алабын бойлап қашып, Көздің суы, Қанжығаның тауы мен Қабасаның тақыры, Қожабайдың төрт көлі дейтін жерлер арқылы Атыраудың Қызыл-Қоға ауданына қарасты Ақшелек елді мекеніне таяп келеді. 


Баста әтіретте 15 адам болған. Біреуі десант парашютпен түскен түннің ертеңіне ұшты-күйді жоқ болып шығады. Жемді өрлеп келе жатқандарында және жетеуі түн қараңғылығында ұра келе қашып, өзен жағалауындағы қалың қорысқа тығылып қалады да, бірнеше күннен кейін Ақтөбенің Байғанин ауданына қарасты Алатаудың баурайындағы Шилісай маңында тосқауыл құрып жатқан чекистер әтіретіне өздері келіп беріледі. 

Қалған парашютшілер – Ағаев Әлихан, лақап аты «Иранов Ағай», топ командирі; Дошанов Зұлқайыр, лақап аты «Закиров Зұлқайыр», неміс армиясының фельдфебелі, әтірет радиостансасының бастығы; Бисенәлиев Бақи, унтер-офицер, радист; «Баташев Балқаш» – «Баташов Қамқор» (екеуі де лақап аты), унтер-офицер, топ дәрігері; Мұхамедиев Ахмет («Алғыров Ахмет», «Алғыров Мір»), унтер-офицер, радист; «Дінішев» Мұхамбет, унтер-офицер және Оразов Сәтмағамбет («Мұхаммедов»), барлығы жеті адам, 18-мамыр күні ертемен қонған жерлері – Қабаса тақырынан аттанып, Кәпірмола – Аққұдық – Мұнайлыжал – Әсемкөл – Буракөл арқылы Гурьев – Орск мұнай құбырынан өтіп барып, Тереңсай деген жерде ат шалдырады. Шамамен түске таяу уақыт. Осы жерде парашютшілер екіге бөлінеді: бесеуі Жырманың сайын қуалап отырып, Ақшелек жазығына жетеді, – ол кездегі атақпен Молотов атындағы колхоз пермісі, – сонда қонып, ертесіне бір құнажынды сойғызып, етінің жартысын пісіртіп, жартысын шикілей салып алып кетеді. Жырма – Қостөмпек – Қойлыбай төбе – Мұзбел – Шұқырбөгет – Ақбөгет маршрутымен жүріп, №3 мұнай айдау стансасы тұрған Төсқұдық ауылының батыс бетіндегі Жантеректің сайы дейтін терең жырақаның аңғарына жетіп бекінеді. 

Десанттың Тереңсайда неге кенет екіге бөлінгені жайында жарытымды дерек жоқ. Жантерексайға жетіп бекінген бес десантшы сол 19 мамырда, екінті кезінде саны мол НКВД әтіретімен арадағы тең емес ұрыс үстінде толықтай жойылады. Ал қауіпсіздік органдары берген сол ресми мәліметтерде Жантерексайдағы шайқас кезінде А.Мұхамедиев пен С.Оразовтың түн қараңғылығын жамылып құтылып кеткендері айтылады. Бұл – жаңсақ дерек, себебі Жантерексайдағы уақиға түс қайта сағат 4-тің шамасында басталып, бір сағаттан кейін, яғни ымырт үйірілмей тұрып тынған. Көп болса кешкі алакөбең. 

Енді бір дереккөзге айтқызсаңыз, Ағаев екі парашютшіні Гурьевте тұратын Көкпаев дегенді (бұрын түсірілген неміс агенті) іздеп тауып, соның рациясын пайдаланып, герман барлау орындарымен байланыс орнатуға жұмсаған-мыс. Чекистердің және бір «аңызы» – екеуі Ағаев тобынан қашып кетіпті деген сөз де шындыққа сай келмейді, неге десеңіз, бес десантшы Ақшелектегі мал перміге кеп қонаға жатқандарында, кеше күндіз Ахмет пен Сәтмағамбетті Тереңсайда босатып қоя бергендерін айтқан. Мұны бізге әлгі әңгімені ауыл адамдарынан естіген Ақшелек тұрғыны Серік Құлшықов 2013 жылдың жазында «Ағаевтың» ізімен экспедиция жасағанымызда әңгімелеп берген еді. «Ағаев екеуін неге еркіне жіберген?» дегенімізде Серік тағы да үлкендерден естігенін алға тартты: «Ағаев екеуін құтқарып қалмақшы болыпты, өйткені олар десанттағы ең жасы екен». 

Ахмет пен Сәтмағамбеттің енесінен айырған қозыдай, негізгі топтан бөлек кетуінің осы, соңғы себебі қисынға сыяды: шынында да, ол күнде Ахмет Мұхамедиевтің жасы 25-те, ал Сәтмағамбет Оразовтың жасы 22-де екен (Берияның Сталин мен Молотовқа жазбасында Оразовтың туған жылы 1912 жыл деп, бір цифры қате көрсетілген, ауылдастарының айтуынша, ол кезде Сәтмағамбет әлі үйлене қоймаған жас жігіт екен).

Голливудтың «Қатардағы жауынгер Райанды құтқару» дейтін фильмін жұрттың бәрі біледі. Стивен Спилберг болған уақиғаның желісімен түсірген: 1944 жылғы Норманд операциясы кезінде американ армиясындағы ағайынды бес жауынгер – Салливандар бір мезгілде мүрдем кеткеннен кейін әскери басшылық ағайынды, бауыр жауынгерлерді бір жерге топтамай, әртүрлі бөлімшелерге бөліп жіберу, олардың соңғы тірі қалғанын елге қайтару жөнінде шешім қабылдайды, әлгі шешім Ниланд есімді ағайынды жігіттердің үшеуі қаза тапқаннан кейін төртіншісін аман қалу бойынша жүзеге асырылған делінеді. Спилберг осы уақиғаны мағыналық жүктемемен күшейткен екен. Шынында да фильмде екпін мен акцент барынша дәл түсірілген: генерал-қолбасы Джордж Маршалл бастаған жоғары шенді американ офицерлері қатардағы жай солдатқа айрықша мейірбандылықпен қарап және үш баласынан бірдей айырылған ананың соңғы тұяғын жоғалтқаны жайлы хабар алған кезде жүрегі шыдамауы мүмкін екенін ескере келіп, қатардағы жауынгер Джеймс Френсис Райанды Нормандия майданының қанқасабынан алып шығу жөнінде шешім қабылдайды. Бұйрықты орындау тәжірибелі капитан Джон Миллер бастаған рейнджерлерге тапсырылады. Соғыстың қым-қуытында жүрген қолбасылардың қайдағы бір қатардағы жауынгердің тағдырына мазасызданған жиналысын көзге елестету, әрине қиын, әйтсе де әлгі көріністің көрерменге әсері сұрапыл. Фильмнен алар екінші сабақ – ізгі адамдардың ізгі мақсат жолында бірігуі. Осы орайда алдында өзіне берілген бұйрықты ғана орындап, Райанды аман алып шығу арқылы үйіне аман-есен қайтуына іштей моральдық қақылық иеленгісі келген капитан Миллер ең соңында өзінің командир ретінде айналасында болып жатқанның барлығына да жауапты екендігі жөнінде ойға келеді. «Өлім әлеті тақаған сайын адамдар да тазара түседі» – фильмді түсірушілердің бір ойы осындай. Ал лейтмотиві – тірі қалғандардың қаза тапқан жандардың рухына лайық өмір сүре білуі.

Көрдіңіз бе, Спилберг бір ғана майдан жағдайынан тұтас ғақлия туындатқан! Ғажабы сол, құтқарылған Райан туралы кинолентаның уақиғасы шынайы өмірде болған-болмағанын қазірде ешкім түстеп айта алмай отыр – сірә, Спилберг жоғарыдағы әскери басшылықтың бұйрығын көркемдік жағынан жеттіктіріп, сюжетті ойдан құрастырған болуы керек деген пікір бар. Бір қызығы, тарихтағы Норманд әскери операциясы мен Ағаев оқиғасы мерзім жағынан өзара шаппа-шап: соңғысы 1944-тің мамырында, алдыңғысы маусым айында орын алған; Райан да десант – жау тылына түскен әуе-десант әскерінің парашютшісі; екеуінің айырмасы – Райан уақиғасының өмірде орын алғаны анық емес, ал Ағаевтың және оның жолдастарының өз іштеріндегі екі жасты өлім қатерінен құтқармақ болып босатып қоя бергендері өмірде анық болған нәрсе. А бірақ бізде осы оқиғаның сүйегінен шығарып, Saving Private Ryan тәрізді әлемге аты кеткен эпикалық әскери драма түсірілмеді. Түсірілсе, «Райаннан» да шынайы, күшті экшн шығар еді-ау... 

“Қатардағы жауынгер Райанды құтқару” фильмінен кадр

 

Тереңсайда, ақырғы қоштасар, арыздасар хәлде үлкендер кішілерге не айтты екен деп ойлайсың. Өзің дәп солар сияқты жағдайға душар болмаған соң – ажал жастығына бас қойып көрмегеннен кейін болжап айтқан сөздің бәрі бекер. Сонда-дағы мұндайда басқа алдымен келер ой – адәмизаттың бір-біріне көмек беріп, қол ұшын созуы дүние жаратылып, су аққалы бері қалмай келе жатқандығы. Ғылымға айтқызсаңыз, адамдар бірін бірі өздігінен, рефлекторлы түрде, яғни еркінен тыс, сүрсанамен құтқарады екен. Бұл бағзыда, жер бетін мұз басып, үсік алғанда адамдар тобының өзара жәрдемдесуінен қалған таусыншақ доғал түйсік көрінеді. Көктемде қаңқылдап ұшқан қаздардың әрекет-қимылын бақылаған орнитолог ғалымдар мынадай бір қызық жағдайды, қаздардың әмісе топтанып, бірін-бірі демеп, қолдап ұшатынын байқаған. Егер үйірдегі әлдеқандай қаз ауру не жарақат салдарынан ұша алмай қалса, екі қаз бөлініп келіп, қажет кезде көмек беру үшін соңынан еріп отырады екен. Ауру қаздың жағдайы дұрысталғанша, не жерге құлап өлгенше жанында болып, одан әрі сапарларын жалғастырады, немесе өзге бір үйірге қосылып, өз тобын қуып жетеді. «Адам баласы кейде өзінің ғана емес, өзгенің де перзенті үшін жанын пида етуге даяр тұратын хайуанның ілуде біреуі, ал бірақ адам дәл әлгі қаздардай ғақыл иесі, ақыл иесі болған болса бір-біріне қиын кезде ғана бассүйеу болып қоймай, дірмәнді, күшті кездерінде де өзара қолдау көрсеткен болар еді-ау», – деген ой айтады осы орайда сарапшылар. Шынында да, әлем тарихын қарап отырсаңыз, адам баласы трагедиялы ақырғы сәтте өзінен бұрын өзгені құтқарған оқиға аз емес, мысалы, «Титаник» суға бата бастаған кезде миллионер Джон Джейкаб Астор IV құтқару қайығындағы орнын екі балаға беріп, өзі кемеде қалған. Өзі мұны «моральдық тұрғыдан дұрыс істедім» деп есептеген. Яғни, ертең Күннің көзіне тура қарап өмір сүруі үшін қабылданған шешім, кісінің жан жомарттығы өмірінен әлдеқайда бағалы дейтін түсінік. Әлемдік әдебиетте де әлгіндей оқиғалар аз суреттелмеген. Хеменгуэйдің «Шал мен теңізін», Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетіндегі» Мылгун балаға қайықтағы жалғыз торсық суды көбірек қалдырып отыратын Орган қартты айтсақ та болады. Бұл жерде Мылгун бала – болашақ, Органдардың жалғасы. Бірақ, осылардың барлығы да басқа іс түскен қиракезік, қиын жағдайда белгі беретін психологиялық-гуманистік хәл, ал адамдар бірдей ауыр жағдайға түспей тұрып, жоғарыдағы қаздарша күшті кезінде әлсізге көмектеспеуі нешік? Міне, осы жерде қазақ қоғамының белгілі бір кезеңінде, XX ғасырдың алғашқы жартысында айқын көрінген айрықша бір құбылысты – яғни заманның тыныш кезінде үлкеннің кішіге үздіксіз (перманентті) көмек берулерін айта кетейік.

Сұлтанбек Қожановтың Ғани Мұратбаевты, Әуелбек Қоңыратбаевты, Шамғали Сарыбаевты оқуға түсіріп, тәрбиеленгені. Соңыра Ғанидың өзі де Өтебай Тұрманжанов, Нұртас Оңдасынов, Бейсенбай Кенжебаев сынды бір топ жасты оқытып-тоқытып, адам қылғаны... Сәкен Сейфуллиннің Орынборда Сәбең мен Ғабеңді үйіне жатқызып, оқытқаны... Ілияс Жансүгіровтың Семейде Шәкен Аймановты көріп, Алматыға алып келгені... Сәбең, Ғабеңдердің 37-нің қытымыры қақап тұрғанда Бейімбеттің қызы Ғалияны мединститутқа түсіргені... үлкендер ойы ұшқыр, тілі үшкір жас адамдардың бөтекесінде бірдеңе барын жіті аңғарып, болашағына даңғыл жол ашқан мұндай мысалдар ұлттық тарихымызда жетіп артылады. Тыныш кезде, аман-сау, бақуат шақтағы осы қалыптарын соңыра өлім тұзағын күтіп отырғандарында да жоғалтпаған. Ахаңның (Ахмет Байтұрсыновтың) 1932 жылы Алматы абақтысында Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермековке, Темірбек Жүргеновтің НКВД түрмесінде Шаһзада Шонановаға, Ахмет Мәметовтің түрмеде Айтжан Бутинге айтқан сөздерінің құяр арнасы біреу болыпты: «Бізге бұл жерден енді шығу жоқ. Сендер, жастар, аман қалудың жайын ойлаңдар. Ол үшін кінәні бізге аударып, өз бастарыңды арашалаңдар». Адам баласы өзгенің перзенті үшін де жанын пида ете алатын Құдайдың ғажайыбы деген жоғарыдағы пікіріміздің шындығы осы жерде ашылады және осы орайда, – егер қателессем кешірім сұраймын, – өзге халықтардың тарихында ілгерідегідей оқиғалар болды дегенді әлденеге оқымаппын да, естімеппін де. Мұның бірінші себебі, өркениетті әлемнің өзара материалдық та, рухани да игілік теңдей бөлінетін, біріне бірі көмектеспесе өмір сүре алмайтын рулық қоғамнан ертерек қол үзіп кетуінен бе дейміз. Әйтпесе сол Батыстың өкілі Кундера «Жастарды әуейілендіргенің – ертеңгі көр қазушыларыңмен әуейіленгенің» деп айтпас еді. Екіншіден, азаттық алу, еркіндікке жету идеясын таңдаған алашшылдар сонымен бірге оның салмағы қорғасындай жауапкершілігі де болатынын жақсы білген. «Балапаннан бау тағып, талпынтып қолда өсірген, жастарға сенемін» дей отырып, жастардың ертеңгі тағдырына өздерін жауапты санаған. 

Бүгінде «Ағаев» десең, «жанын жалдаған жалдап» деген сөз сыраның шөлмегіне жапсырылған қағаз сияқты тіркесе кететін болды. Қит етсе «сатқын» табрасын іліп тастайтын біздің қоғамдағы осы бір қаспақ әдет, қасаң штамп тарихқа «Әлихан Ағаев» дейтін атпен енген Әмірхан Тілеумағамбетовтың шын бет-бейнесін көпшіліктен көлегейлеп, көрсетпей келеді. Ал қолда бар дерек, азын-шоғын естеліктерге қарасаңыз, тарихи Тілеумағамбетов айтылып-жазылып жүргеннен мүлде басқа адам. Әлбетте, әскери кісі болған соң сілтілі, тіпті мінезсіз болуы мүмкін, кей сәтте орайсыз қаталдық та көрсетіп қалған шығар. Десе де, пендешілік істерін ұлтына деген риясыз сезімдері жоққа шығаратын тұлғалар болады ғой, мен Әмірханды сондай тұлғалық дәрежесіне жетіскен азамат деп білемін. Бұл ретте онымен Германияда жүздесіп, дастарқандас болып, әңгімесін тыңдай қалған Ғайпен Бейісовтың естелігі көп нәрсені аңғартар еді. Өмірде міншіл емес, сыншыл кісіні көреміз Ғайпекеңнің ол естелігінен. Біреуді мінеп, кекетіп, не одан бет бұрып, сырт айналмайтын, өмірге, айналасына ой тоқтатып, сын көзімен қарап отыратын жанның қалыбы. Қысқа ғана отырыста далалық қалпын бұзбайды, өткір ой, сілтілі сөзді кесек-кесек, түйдек-түйдегімен тастайды. Сұсымен айбындырып отырып, аталы сөз айтатын, көшелі ой сабақтайтын, тіпті десе біреуге бас идіріп, біреуге жер бүйдіріп, тұтасымен қусырып, төгілте айтар баяғының билерінің машығы. Бір сөзден өліп, бір сөзбен тірілген, қазақтың ақуыз сөз мектебінің маржанын тереңнен теріп, тайыздан сүзген биғазы. 

Сонымен бірге Әмірхан – өз тұсындағы Алаш қайраткерлерін жақсы білген. Бірқатарымен мектепте, сосын курста, институтта оқып жүргенінде дидарласқан, не солардың алдын көрген халық мұғалімдерінен білім тиянақтаған. Бір сөзбен айтқанда, «Аққан арықтан су ағады» демекші, кешегі кетпентұяқ арыстарымыздың сарқыты. Неміс жерінде жасақтаған әтіретін «Алаш» атықтырғаны, ал өзіне оперативтік ат ретінде «Әлихан» есімін таңдағаны да содан. «Жан қалса болды» деп итаяқтан сары су ішіп, биліктің жемдорбасын бастарына іліп алған тұқымдардың тұқымынан емес, алашшылдардан көп қасиеттерді тән алған. Мысалы, айтылған сөз, берілген антқа адалдықты сақтауы. Әтрет сүзіле келе екшеліп қалған жеті десантшы қандары бөлек болғанымен, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай әрі мұраттас, әрі туыс еді. Бірге туғандардың өзі тауық екі шақырғанша бірін-бірі үш сатып жатады қазірде, ал бұл жетеуі десант болып түскен Сарқасқаның моласында Құран құшақтап, өздері тағдырдың айдауымен құрған отбасын сатпай, бір төбеде құшақтасып жатып өлуге серттескен және сол серттерінде тұрған да. Сол уағдамен Тереңсайға жеткенде, ертең ажал сағаты анық соғатынын білген бес аға шақпақ тастай екі інілерін көпе-көрінеу өлімге қимай, «Аман қалатын жақтарыңды ойлаңдар» деген. Содан он екі жыл бұрынғы Ахаңның, жеті жыл ілгерідегі Темірбектің, Ахметтің қылғанын қылған. Олардың өйткенін білді деймісің бесеуі?! Жоқ, әрине. Бұл – тәрбиемен, санамен, жауапкершілікті сезінумен келетін нәрсе. Халықтық педагогика. Кәтекі зергерлер ең кішкене асыл тасты ең тәжірибесіз үйренушісіне екіге бөлгізеді екен, себебі көрмедік шәкірттің қолы тас кескенде еш дірілдемейді, әлгі тастың құнын білмегендіктен. Жас адам да сол сияқты – өмірдің қадірін білмейді. Мұндайда оған айту, таптап түсіндіру, жөн сілтеп, бағыт беру жөн. Елінің, халқының болашағына үміт артқандықтан кесімді нақ шешім қабылдар сәт те осы. «Алаш» деп жүз айтып, қышқырғаннан солар болып бір іс тындыру. Ақырғы істерін, соңғы жақсылығын үлбіреген үмітке орап тұрып жасау. Қазақтың тәуелсіздік идеясында үзіліс болды деп кім айтты сізге?! Жоқ, Алаш идеясы – перманентті идея, онда үзік те, үзіліс те болмаған. Соның бір тілсіз куәсі – бүгінде ұмытылған, ел жадынан өшірілген Тереңсай басындағы уақиға. Иә, иә, дәл осылай – оқиға (случай) емес, бас әріппен жазылар Уақиға (Событие).

Бірақ бүгінгі біз сол Тереңсайдың, сол Жантерексайдың қадіріне жетіп жүрміз бе? Аспаннан белгісіз боп түскен бесеу бір оқ атпастан, бір грамм қан шығармастан, есікті қайтып ашылмастай етіп қатты серіппестен кете барды. Антқа да, идеяға да, достыққа да адалдықтарын сақтап, өзін тасқа соғып өлетін қыран сияқты өлімдерін де үлгі етіп, қияда қазаланды. Соңындағы нәсіл-несібіне, мына біздерге білгенімізше өмір кешуімізді енші етіп қалдырып, жарық дүниеден жүздерін үйірді. Міне, содан бері сол білгенімізше өмір сүріп келеміз. Бұрынғымыздан да бетер бөлшектеніп, жаңқаланып. Қара тұяғымыздан жан кеткенше бір жерге қадалып, сенері жоқ жастарға жол бермей. Сүйсінері қалмаған кейінгілер өз кезегінде алдыңғыларды бетке соғып. 

Ағаев десанты жойылған Жантерексай

 

1944-тің мамырында Жантерексайда өз қазағын жусатып салғандардың ұрпағы тарих жүзінен жоғалмай қазақтың көрер құқайы жоғалмайтын шығар…

 

*  *  *

 

Ахмет Мұхамедиев пен Сәтмағамбет Оразовтың Тереңсайда екіге айырылғаннан кейінгі сайд-степі жайлы сөз әрнеки. 

Республика қауіпсіздік органдары басшылығының Мәскеуге жолдаған хабарламасында бұл екі парашютшіні 24 мамырда Мақат ауданы аумағында, Қайнар өзені маңында жедел қимыл тобы ұстағаны айтылған. Белгілі «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабы бойынша екеуі Мақат аудандық НКВД бөліміне өздері келіп берілген. Енді бір деректе мұнай айдау стансасындағы ВОХР (әскерилендірілген күзет) екеуін көрші ауылда тығылып жатқан жерінен қолға түсіреді. 2000-шы жылдары атыраулық бір журналиске интервью берген оқиға куәгері Тұрған Мәтенованың (Төсқұдық ауылының тұрғыны, С.Оразовтың құрдасы) айтуынша да екі қашқын ауыл сыртында жатқан жерінде тұтқындалған. Жоғарыдағы Серік Құлшықовтың бізге айтқан әңгімесі бойынша да екеуі Тереңсайда бөлініп кеткеннен кейін Буракөл, Бейсенқара деген жерлермен жүріп отырып, Майбөгет арқылы Қайнар өзенінің түстігіндегі Ақши қолатына келіп жатады. Ол күнде онда мал бағатын қос тұрған. Жоғарыда «көрші ауыл» деп жүргендері сол мал бөлімше. Екеуінің бұл жерге келген себебі, Төсқұдық – Сәтмағамбет Оразов туып-өскен ауыл, әкесі Ораз Есенғалиев деген. Осында ол соғысқа дейін хат тасушы болып істеген. Сонда жатып екеуі бақташы арқылы Төсқұдыққа хабар салады. «Ауылды сағындық, барайық десек үй маңында милиция (сақшы) жүр, бізден қауіп те жоқ, зиян да келмейді, мүмкін болса бізді осы жерден тұтқындап алып кетсін» дейді. Бірақ Төсқұдықта отырған чекистік жедел топтың басшылығы бұған сенбей, ақыры ауыл адамдарының үгіттеуімен Сәтмағамбеттің шешесі Айғананы жібереді.

Еш қарсылықсыз берілген парашютшілерді ВОХР жасақшылары станса басына әкеліп, сарайға қамап тастайды. Ұзамай конвоймен Мақат ауданының орталығы Доссорға жеткізіп, сол жерде опричинниктер екеуіне «шмон» жасап, бойларынан табылған құрал-жабдық, ақшаны тізімдеп, одан әрі Гурьевке әкетеді. Ахмет Мұхамедиев қолының көзі бар радист екен, Ағаев оған сенгені сонша, әдетте топ командирі ғана білуі тиіс үлкен кестенің айрықша кодын да қолына беріп қойыпты, сол себепті Орынбордағы Оңтүстік-Шығыс әскери округінің әскери қарсы барлау қызметі – СМЕРШ Мұхамедиевті немістермен арадағы радиоойынға пайдаланған. Содан кейінгі тағдыры белгісіз. 

Ахмед Мұхамедиевтің (Мұхамедов, Мұқатов деп те жазылады) нақты кім екенін анықтаудың сәті түспеді. Берия хабарламасында Батыс Қазақстан облысының Ілбішін (бұрынғы Тайпақ, қазіргі Ақжайық) ауданынан екені айтылған. Біздіңше, осы өңірден шыққан алғашқы дәрігердің бірі, Батыс Алаш-Орда қайраткері Бақтығали Бейсеновтің үлкен ұлы Махмуд Бейсенов болуы әбден мүмкін. Махмудов, Мұхамедиев деген оперативтік ныспысына және соғысқа дейін Саратовта жоғары техникалық білім алуына қарағанда. Бұл, әрине, болжам ғана. 

Сәтмағамбет Оразовтың туған ауылы Төсқұдық

 

Ал Сәтмағамбет Оразов (чекистік құжаттарда әскери шені айтылмаған, бірақ абвердің арнайы даярлық мектебінен қатардағы жауынгер шықпайтынын ескерсек, ефрейтор не обер-ефрейтор болуы әбден мүмкін) баяғы қамыс арасына тығылып қалып, Шилісайда жедел топқа берілетін люккенвальделік «пленге түскіш» жетеумен бірге Алматыға әкетілген. Күзде бұл топтан төрт парашютші атылды, ал қалған төртеуі жөнінде мәлімет жоқ. Сірә, әрқайсысына 25 жылды басып, Колымаға «прописка» жасап берген. Әйтеуір, Сәтмағамбет сол кеткеннен Төсқұдыққа оралмаған. 

Тереңсайдың жылғасында тұрып Ағаев өздерінің құнсыз кетіп, сүйектеріне қына бітетінін білгенімен, екі жастың ғұмырын көп болса бірнеше жылға ғана ұзартқанын, елінің өзі мұрат тұтқан келешегі қанатынан сынғанын, Мұхтар ақынды өзгертіңкіреп айтсақ, он төрттен жетіні алсаң ештеңе де қалмайтынын сірә сезді ме екен?!

Бүгін қазақ тарихындағы көпшілік біле бермейтін қаралы беттердің бірі – Жантерексай қырғынына 79 жыл ғой. Құран бағыштап, жеті шелпек түсіргенім болсын деп осы жазуды жаздым…

                                                                                                                                             Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ