Сәулеті бөлек ғимарат
19.10.2023 920

Орал қаласында сәулеті ерекше көз тартатын ғимарат жеткілікті. Көненің көзі, талай тарихи оқиғаның куәгері болып тұрған тарихи ғимараттардан бөлек, кейінгі жылдары салынса да бөлек тұрпатымен назар аудартатын ғимараттар жеткілікті. Соның бірі Орта Азия сәулет үлгісімен салынған Батыс Қазақстан облыстық орталық мешіті. Орал қаласының қақ ортасында, Абай даңғылында орналасқан сән-салтанаты бөлек бұл ғимараттың салынғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Мешіттің 41 метрлік екі мұнарасы ғимарат шатырынан тіке бой көтерген. Негізінен темір трубадан қойылып, сырты төрт және алты бұрышты етіп қапталған мұнара мозайкамен әшекейленіп, ақ түспен боялып, ұшар басына жарты ай белгісі қойылған. Ал күмбездің биіктігі 7 метр, 8 қырлы шыныдан жасалынған. Өзіндік әдемі көрінетін шынылы күмбез Германияда арнайы тапсырыспен жасалған. Салмағы 22 тонна. Күмбез үлкен зал ауасын реттеп отыру үшін ұшар басы электр тогына қондырылған түйме арқылы ашылып-жабылады.


«2003 жылы қалаға мешіт салу жоспарланып, орны белгіленгенімен, сол кездегі әкімнің басқа қызметке ауысуына байланысты мешіт салу мерзімі өзгеріп, кейін облыстың жаңа басшысы Нұрғали Әшімов мәселені қайта көтеріп, жаңа жоба жасатып, мешіт құрылысын өз бақылауына алып, нәтижесінде мұсылмандар жаңа ғибадатханаға ие болды», - деп сөзін бастаған ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы Нұрлан Саматұлы бізге мешіт құрылысы туралы мағлұмат берді.

Сөйтіп, құрылысы 2004 жылы басталған мешіт жобасын «ПСК Оралтехнопроект ЖШС» фирмасы, құрылысын «Адал-Арна ЖШС» фирмасы бір жыл көлемінде жүргізіп,  2005 жылы қарашада, ораза айттың бірінші күні ресми түрде ашылған екен. Сол кезде облыстық 1800 адамға арналған жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысып, жиылған жұртшылықты ораза айт мерекесімен және жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, облыс әкімімен бірге Алла үйінің лентасын қиыпты.

Жалпы алғанда, 2005 жылдан бастап ҚМДБ-ның БҚО бойынша Бас имамы Смайыл Сейітбеков бастап, Бауыржан Әлиұлы, Руслан Сұлтанов, Еркебұлан Қарақұлов, Мұратбек Қыстаубаев, Бақытжан Құралбаев бас имам қызметін атқарған болса, 2023 жылдан бастап бас имам қызметіне Самат Алибаев келіп, осы кезден бастап  Орал орталық мешітінің атауы «Ар-Рахман» мешіті болып өзгеріп отыр.

Мешіт Орта Азия сәулет үлгісімен салынған, іргетасы бетоннан құйылған, биіктігі 14,45 метр, екі қабаттан тұрады, әйелдер намаз оқитын балконы бар. Мешіттің цоколдік қабатының барлық қабырғалары бетонды, ал бірінші қабат қабырғалары қызыл кірпіштен өріліп, сырты сыланған. Үлкен зал ішіне тіреу қоймас үшін, темірден арқалық мәткелер қойылған. Ғимараттың темірден жасалып, сырты ақ мәрмәрмен қапталған 20 бағанасы көрік беріп тұр. 

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы Нұрлан Саматұлы  мешіт ғимаратымен таныстыра келіп, кейбір сәулеттік ерекшеліктеріне тоқталады. «Мешіттің биіктігі 15, ені 10 метр шығыс үлгісінде мозайкамен әшекейленген хасбеті бар. Бас қақпасы Абай даңғылына қаратылған. Сапалы ағаштан өрнектеліп жасалған қақпасының биіктігі 2,90, ені 2,88 метр. Негізгі есіктен кірген бойда ұзындығы 1,70, ені 4 метрлік шағын дәлізі бар және оның екі жағына аяқ киім шешеді. Бұл өңірдің қысы аязды болатындықтан суық бірден лап етіп ішке кірмес үшін барлық ғимараттарға екі дәліз жасалады, бұл тәртіп осы мешіт ғимаратында да ескерілген. Есігі де сапалы ағаштан, жартысы шыныдан жасалған. Екінші есіктен кіргенде ұзындығы 5,40, ені 8,35 метрлік тағы бір дәліз бар. Онда шағын аспалы шам қойылған. Үлкен залға негізгі есіктен кейін 2 есік арқылы өтуге болады. Мешіт ғимаратының негізін дәл осы үлкен зал құрайды. Оның биіктігі 11 метр, тіреусіз. Құбыла тарапта 1,35 метрлік шығыңқы михрабы бар. Залға шығыс үлгісіндегі биіктігі 6,5 метрлік ақ түсті 10 терезе қойылған. Олар ағаштан, шынылары итальян витражымен әшекейленген. Сонымен қатар түнде мешіт ішін жарықпен қамтамасыз ететін төбеде 60 шам бар.  Үлкен залдың  ұзындығы 20, ені 20 метр, михрабтың сол жағында өрт қауіпсіздігін сақтау үшін қажетті сыртқа шығатын пластиктен жасалған есік бар. Залда 12 баспалдақтан тұратын биіктігі 6 метрлік ағаштан жасалған мінбер тұр. Мешіттің ішкі қабырғалары әшекейленбеген. Сондай-ақ, мешіттің оң жақ тұсындағы цоколдық қабатында Құран оқитын бөлмеге мешіт сыртынан арнайы жасалған дәліз арқылы барады. Құран оқу бөлмесі мен цоколдық қабатқа кіріп-шығу үшін пластиктен жасалған екі есік қойылған. Одан кірген бойда 12,8 метрлік шағын дәліз бар. Оның оң жағы найб имамдарға арналған 20,8 шаршы метрлік бөлме, сол жағы ұзындығы 13, ені 3,50 метрлік ұзынша келген Құран оқу, неке қиюға арналған бөлмелер орналасқан».

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы Нұрлан Саматұлының айтуынша, ғибадат ауласында таһаратхана мен жылу қазандығы және құрбандық шалатын арнайы қосымша нысан қаралған. Таһаратхана көлемі 11х9 метр, қызметкерлерге, әйелдер және ерлерге арналған дәрет орнының әрбіріне бөлек есіктер арқылы кіруге болады. Таһаратхана ыстық және суық сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ мешітте 9х5 метрлік үсті темір қаңылтырмен жабылған, шеті ашық, асты бетондалып, орталық кәріз жүйесіне труба арқылы жалғанған мал соятын орынның болуы да ескерілген. Ауласына асфальт, оның бергі жағына тас төселген, оң жақ қапталында шырша ағаштары өсіп тұрған, газбен жылытылатын жеке жылу қазандығы арқылы еден астынан жылытылатын мешіттің жер аумағы 0,5989 га.