Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Қазмедиа орталығында Кітапханашылар күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, зиялы қауым өкілдері, Қазақстанның әр өңірінен келген кітапханашылар, жоғары оқу орындары мен колледж және мектеп кітапханаларының мамандары қатысты.Іс-шарада әр облыстың кітапхана қызметіндегі озық жобалар мен кітапхана тарихына арналған көрме таныстырылды.
Салтанатты шарада мәртебелі мамандық иесі – кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған министр өз сөзінде былай деді:.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақты ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеп жүрген кітапханашылар мен кітапханалар жағдайына айрықша көңіл бөледі. Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек», – деп еліміздегі кітапханашылар рөліне ерекше тоқталған еді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырғаны белгілі. Оған қоса, өткен жылы Үкімет қаулысымен 24 қазан – Кітапханашылар күні деп кәсіби мереке ретінде алғаш рет белгіленді. Оған негіз де бар. Қазіргі таңда елімізде 25 мыңнан астам кітапханашы, 11 мыңға жуық кітапхана, 328 миллионнан астам кітап қоры бар. Бұл еліміз үшін баға жетпес рухани байлық. Осы игілікті пайдаланушылар көлемі, яғни, оқырмандар саны жыл өткен сайын артып келе жатқаны бізді қуантады. Соңғы кезде кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті. Бұл ең алдымен кітапханашылардың кәсіби еңбегі мен ағартушылық рөлінің арқасында екенін ерекше атап өткен жөн. Халқымыздың кітап оқуға деген ынта-жігерін арттыру – баршамызға ортақ міндет.
Осылай деп сөзін түйіндеген министр осы салада ұзақ жылдар еңбек етіп, кітапхана саласының дамуына айрықша үлес қосқан қызметкерлерді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен» марапаттады.
Марапаттаудың соңы танымал өнер жұлдыздарының концертіне ұласты. Осылайша екінші рет кең көлемде аталып өткен салтанатты жиынның мақсаты — қоғамдағы кітапханашы мамандығының беделін арттыру, имиджін қалыптастыру және еліміздің түкпір-түкпірінде руханият саласына еңбек сіңіріп жүрген кәсіби майталмандарды дәріптеу болғаны анық.
Салтанатты шарадан кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Ұлттық құрылтайдағы кітапханалар жүйесінің мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел өтті.
Басқосуға филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Диқан Қамзабекұлы, жазушы, баспагер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров,жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанова, филология ғылымдарының докторы, профессор Керімбек Құрманәлиев және тағы басқа да кітапхана басшылары мен қызметкерлері қатысты. Жиынды жүргізген Диқан Қамзабекұлы «Бір ел – бір кітап» сияқты игілікті жобалардың нәтижесіне тоқтала отырып, қатысушылардан балалар басылымдарына қатысты пікір білдіруді сұрады. Жазушы Әлібек Асқаров өз сөзінде жазушы мен оқырман байланысын нығайтудағы кітапханалар ролі туралы көкейтесті мәселені қозғап өтті, ал жазушы Сәуле Досжанова әдеби агенттіктердің ролі, кітап нарығындағы ықпалы туралы айта келіп, өз тәжірибесімен бөлісті. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы бүгінгі таңдағы оқырман сұранысына қатысты пікір білдірді.
– Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға ұсыныс берген кезде не зерттейсіздер, қандай мониторингке сүйенесіздер? деген сауал болады ғой. Әрине, сұраныстың 80 пайызы көркем әдебиетке қатысты, өйткені көркем әдебиет әруақытта сұранысқа ие, дей тұрғанмен, студенттер, магистранттар, докторанттар, одан бөлек шетелдік оқырмандарымыз бар, бізге салалық кітаптар жетіспейді, мысалы бізден шыны туралы сұрап келеді, агроөнеркәсіп, ветеринария, ақпараттық технология, медицина, саласы бойынша, жалпы көпшілікке арналған кітаптарға сұраныс бар. Сондай-ақ, ғылыми-фантастикалық кітаптар жетіспейді. Мысалы, біз «Eurasian Book Fair – 2023» кітап көрмесінде Рүстем Сауытбайдың «Шоко-әлем» деген төрт томдығының таныстырылымын жасадық, балалар мен жасөспірімдер кезекте тұрып алды. Оқырмандар «Меломанға» түсіп жатқан кітаптарды сұрайды. Сондықтан екі ұлттық кітапханаға қазақстандық баспалар өздерінде шыққан кітаптың бір данасын міндетті түрде тапсыруы керек, қазіргі уақытта баспаның тек 40 пайызы ғана сол міндетін орындап отыр. Соңғы «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы», «Фолиант» баспасы жаңа кітаптарын жіберіп отырады, біз оны келген адамдарға жаңа дүние ұсынайықшы деген оймен фойеге қойып қоямыз. Қалың оқырман ішінде жүргесін үмітсіз емеспіз. Жыл соңында оқырмандар сұранысын қанағаттандыру мақсатында жыл бойы не сұрады, соны қорытындылаймыз, сол кезде халықаралық ағылшын тілінде қандай кітаптар шығып жатыр, соған ұлттық кітапханаларға қаржы бөлінсе дұрыс болар еді деген ойдамыз,– деді кітапхана басшысы.
Осылайша кітапхана мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде кітапхана ісін дамытудағы өзекті мәселелер мен оқырман сұранысын қамтамасыз ету, салалық басылымдарға мән беру мәселелері талқыланды.