Қуғындалған азамат
18.03.2024 2712

ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқы үшін аса сындарлы кезең болды деуге негіз бар. Жаңа ғасырдың басында қалыптасқан бірнеше толқын зиялылар ұлттың білім-ғылымын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін алға жетелеу жолында қыруар іс тындырып үлгергенімен, оларға заманы мүмкіндік бермеді. Әр жылдары қуғындау мен тәркілеуге, халық жауы ретінде жазықсыз жазаға ұшырап кетті. Алапат зұлматтан аман қалғандар арасында қан майданда қаза тапқандары да бар. Солардың бірі – Қоспан Қалиев.

Қоспан Қалиев кім? Оның ел мен жерге жасаған игілікті істері қандай? Ұрпақтары, туыс-туғандары кім? Қарқаралы ауданы Темірші ауылының тұрғыны Хамза Хасенұлымен сұхбатымызда осы төңірегінде әңгіме өрбітетін боламыз.


– Осы Қарқаралы өңірінде мектеп ашып, халықтың игілігі, балаларының болашағы үшін аянбай тер төккен адамдардың бірі – Қоспан Қалиев екен. Осы бір асыл азамат туралы халық көпшілік біле бермейді. Туысы, әрі жоқтаушысы ретінде өзіңіз тарқатып айтып берсеңіз?

– Қоспан Қалиев – елі үшін еңбек етіп, соңында өшпес өнеге қалдырған азамат қой. Ол кісі бізге аталас туыс болып келеді. Ең әуелі біздің әулетіміздің осы өңірде қалай тамыр жайғанымыз туралы тоқтала кеткен жөн болар. Қазақы жөнмен алғанда, біз – найман ішінде бура боламыз. Біздің арғы атамыз – Сатыбалды деген кісі. Осы елде Бәйтөре деген кісімен бір замандарда қоныстас, қоңсылас жүрген екен. Екеуі жақын араласып дос болады. Содан қазақтың ескі жолымен Бәйтөреге: «Сізде қыз бар екен. Менде ұл бар еді. Қызыңды мына менің балама бер!» – деп құда түседі ғой. Сөйтіп баласы Барынға Бәйтөренің бес ұлының ортасындағы жалғыз қызы Қоянақты алып берген екен. Үйленген соң олар Семейден арғы атақонысына көшіп кетсе керек. 

Содан бір кезеңде жаугершілік болады. Барын мен Сатыбалды осы  жаугершілікте қайтыс болса керек. Қоянақ анамыз Итжан, Жантимес, Жидебай деген үш баламен жесір қалады. Сол кезде олардың алды онда, ең кенжесі төртте екен. Сонан соң Қоянақ анамыз әкесіне бұрыннан сауда-саттық әкеліп, ары-бері кіре тартып жүретін өзбек-сарттардың көмегімен, осында жетеді. Содан қызын үш баласымен Бәйтөре бауырына алады. Бала мен бала есейгеннен кейін шекісе беретіні заңдылық қой. Осыны ескерген қызы: «Әке, мыналар жанжалдаса береді екен. Маған еншіме жер бөліп беріңіз!» – дейді. Содан әкесі қызы мен жиендеріне жаз жайлауың, қыс қыстауың деп, ауқымды, шұрайлы жер бөліп беріпті. Нағашысы көмектескен, өздері де бұрыннан мал-дәулетті болған соң, аса қиындық көрмесе керек. Бұлар ержеткенде шешесі мен нағашысы үш баланы үйлендіріп, үш үй болады. Біздің қысқаша тарихымыз осындай. 

Біз сол үш ұлдың ішінде Жидебай ұрпағымыз. Осы Жидебайдан Халықберген деген кісі туады. Халықбергеннен Қали, Ыспан, Іргебай туады. Ыспан екі баласымен жиырма сегіздегі қуғын-сүргінде бәйбішесі, екі баласымен қайтыс болыпты. Олардан тұқым қалған жоқ. Халықберген жасында билік айтқан кісі көрінеді. Қуғын-сүргін күшейгенде нағашым Аңғаман Алтай өлкесіне кеткен ғой. Сол 1964 жылы елге оралғанда, Хамза сенің әкең Халықбергенге сол уақытта балалармен бірге былай деп өлең айтатынбыз:  

Баласы Жидебайдың – Халықберген, 

Халықберген Қаратаудан ауып келген. 

Адаспай Қара Шорды тауып келген,

Халықберген – халыққа жарық берген! , - деп ұзақ өлең айтушы едік дегенін сол нағашым Аңғаманнан естідім. Ол кезде Аңғаман көрші ауылда тұратын. Халықберген өз заманында замандастарының арасында бес боздың бірі атаныпты. Осыған қарағанда Халықберген де тегін адам болмаса керек. Халықбергеннің Қалиынан Қоспан деген ұл туады. Іргебайынан менің әкем Хасен туады. Екі немере – екеуі де жалғыз. Халекең екеуін екі тізесін отырғызып алып, Қоспанға қарап: «Мына баламды заманына байланысты ел басқаратын қазіргі оқуға береміз», – десе, менің әкемді нұсқап: «Сен домбыраға, өнерге үйірсің, сені діни оқуға береміз. Сен өз өнеріңмен күн көресің!» – дейді екен. Расымен де солай болды. Біздің атамыз өңірге белгілі дәулескер күйші болды. Алматыда кезінде әйгілі Дина Нұрпейісовамен күй тартысқа түскен екен.

– Қоспан Қалиев қай жылы дүниеге келген? Ол кісінің қайда, қандай оқу оқып бітіргені туралы мәліметтер бар ма?

– Анық мәлімет жоқ. Атамыз немересі Қоспанды жаңаша орыстың оқуына береді. Ол кісі Семейде, әлде Қарқаралыда, әлде мынау Қызылжарда оқыды ма, ол жағын білмеймін. Мүмкін Қарқаралының өзінде оқыған болуы да мүмкін. ХХ ғасырдың басы ғой. Қарқаралының өзінде де болуы мүмкін. Себебі мұнда Жақып Ақбаевтың ашқан мектебі болды ғой. Менің әкем Хасен  1895 жылы туған. Ал Қоспан әкем 1897 жылы дүниеге келіпті. Ол кісі өте алғыр шәкірттердің бірі болыпты. Жиырмалар шамасына келгенде оқу оқып бітіріп, елдегі ұжымдастыру, артельдестіру жұмыстарын ұйымдастырған екен. Содан кейін мектеп салдырған. Өзінің туған жері Қарағашта, Теміршіде ең бірінші ашқан мектебі – оныншы ауылда еді. 

Сөйтіп жүргенде жиырма сегіздің кәмпескесіне ұшырайды. Ол кісіні жергілікті шолақ белсенділер түрлі жала жауып, итжеккенге әйелі екеуін төрт баламен жер аудартып жібереді. Сібірде өздеріне кесілген айдаудың он жылын өтеп келгеннен кейін Семей жаққа келіп орналасады. Семейдің Жарма ауданы Бірлікші деген жерде колхоз ұйымдастырады, мектеп ашады.

– Қоспан Қалиевтің бұдан кейінгі өмірі қалай жалғасқандығы туралы не білесіз? Сталиндік алапат зұлматтан аман қала алған ба?

– Қайдан қалдырсын. Ол кісі отыз жетінің қуғын-сүргініне ұшырайды. Осылайша екінші рет қуғын көріп қиналған Қоспан атамызды ақырында соғысқа жібереді ғой. 1943 жылы майданға аттанады. Соғысқа барған бетте, бір ай, әлде екі айдан кейін, майданда қаза табады. Атамыздың қай майданда соғысқаны, қайда жерленгені туралы көпке дейін беймәлім болды ғой. Осы екі-үш жыл болды, ізденіп жазып жүріп, Қаршыға деген балам тауып алды. 

– Осыншама елге белгілі, ұрпақтары барда ол кісі туралы мәліметтердің жұтаң болуының сыры неде? 

– Қоспан атамыз ұрпақтарымен Сібірде айдауда жүрді. Одан келе бергенде тағы қуғындалып, ақыры майданда қаза тапты. Қоспан атамызға қатысты қаншама жылдан бері деректер іздестіріп жатырмыз. Мен совет тұсында ауылда егін саласының бригадирі болдым. Содан бірде Талды ауданы (1977-1988 жылдары Қарағанды облысы құрамындағы әкімшілік-аумақтық бірлік) Томардың бір жігітіменен Қарқаралыдан сайман алып, жолшыбай үйіне соғып, тамақ ішіп отырғанымызда үлкен кісі жөн сұрасты ғой. Жөнімді айтып едім: «Алда, айналайын-ай! Ойбой, сен Қоспанның, Халықбергеннің ұрпағы екенсің ғой! Асылдың сынығы екенсің ғой. Сенің атаң Қалиев Қоспан колхоз ұйымдастырған. Мен ең алғаш сол кісіден сабақ оқығанмын. Ол кісі өз үйін мектепке босатып берген еді», – деген еді.

Қоспан атамның ұлдарының бәрі өмірден өтіп кетті. Бір қызы ғана қалды.  Үлкен ұлы Аманхан 1920 жылы дүниеге келді. Одан кейін Мұхамеджан 1925 жылы, Шахизада қызы 1927 жылғы, Мұхаметкәрім 1929 жылы, Мәруе деген кенже қызы 1938 жылы дүниеге келген. Мәруа апайдан басқасы қайтыс болған. Бәрінің ұрпақтары бар. Оқыған, бәрі жоғары білімді. Атамыз жайындағы фотоқұжаттар, суреттер Шахизада апайымыздың қолында болған дейді. Ол біздің қолға жетпей қалды. Мені ауылға алғаш іздеп келген, осы Шахизада апайым еді. Әкеміз жарықтық: «Тірі болса, осы қыз іздеп келеді сені», – деп айтып отыратын. Сол апамыз 1966 жылы Марат деген ұлы, Ләйла деген қызымен іздеп келді. Кейінірек апай қайтыс болды дегенді естіп, біз бата жасап бардық.  

Айтпақшы, Қоспан атамызбен кезінде сыйлас болған академик, профессор Кәрібай Барманқұлов деген кісі екен. Ол кісінің баласы Марат Барманқұлов та доктор, профессор адам болды. Алматыда қайтыс болды ғой. Қоспан атамыздың қызы сол Кәрібай Барманқұловтың үйінде жатып оқыпты. ЖенПи-ді бітірген ғой. Қоспан атамыз майданға кетіп бара жатқанда: «Мына балама көмектес», – деп хат жазып кеткен ғой. Сонда ол кісілер: «Бізге жасаған жақсылығы көп еді», – деп өз үйлеріне тұрғызып оқытқан екен. Осының өзінен-ақ Қоспан атамыздың сыйлы адам болғаны аңғарылмай ма? 

– Қарқаралының жергілікті архивінен ешқандай дерек ала алған жоқсыздар ма? Қоспан Қалиевке, аталарыңызға қатысты өңірде күні бүгінге дейін қалған атаулар т.б. бар ма?

– Қарқаралының архивінен ештеңе берілген жоқ. Абылан деген жерде қыстақ қалды. Халықберген сайы деп аталады. Қоспан атамыз кісі ауылды ұжымдастырып, халықты біріктірген, халықтың адамы болған дедік қой. Ол кісінің халыққа мектеп ашып бергені, өзінің үйін мектепке босатып бергені туралы мәліметтер айтылады. Осы Қарқаралыда Саят Бостан деген кісі бар. Жасы менімен шамалас. Осы кісінің әкесін кезінде Қоспан атамыз мектепке мұғалімдікке апарған екен.  Сосын атамыз Шаймұхамедов Қамаш деген кісіні директор қылып әкеліпті. Қамаштан кейін Мүлтенов Адамбек деген біраз жыл директор болыпты. Сол Адамбек ағамыз 1967 жылы біз Абланда шөп шауып жүргенде түскі ас уақытына қарай Газ 21 волгасымен біздің қасымызға келіп, мен осы мектепте директор болғам, алғашқы жұмысымды осы арада бастадым, кейін Қарағандыға кетіп, жұмысымды жалғастырдым деп еді. Сол жоғарыдағы ағаларымыздың естеліктерінен атамыз туралы көп деректер естіп едік. 

Ерекшелей айта кетер бір тұлға – Жолкен Тайтөлеу. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы Жолкен Тайтөлеудің Қарқаралы аудандық газетінде жарық көрген «Арпалыс, алақұйын заман еді немесе күштеп ұжымдастырудың құрбандары-ай» атты деректі мақаласында Қоспан атамыздың еңбегі туралы біршама айтылған екен. Жолкеннің өз аталары да зұлматтың қиыншылығын қатты көрген әулет. Осыны баяндай келіп былай деп жазған екен: «Иә, бұл ойран салған отызыншы жыл болатын. Бұл кезең күштеп ұжымдастырудың шегіне жеткен кезі еді. Күнкөрістік малдарын сыпырып алуға наразылық білдіргендердің бipi – атам Тайтөлеуді де түрмеге қамап, ақыры Қиыр Шығысқа үш жыл мерзімге жанұясымен бipгe жер аударды. Жұбайы Күлжікен (менің үлкен шешем – Ж.Т) eкeyiн қинағаны – едел-жедел өciп келе жаткан 4-5 жастағы екі баланың тағдыры еді. Үлкендері Кәкіжан (менің әкем – Ж.Т) ол кезде 15-16 жас шамасындағы естияр жасөспірім боз бала болатын. Сондықтан оны дос-жар қарым-қатынаста жүретін, сол жылы ұйымдастырылған «Қарағаш» артелінің (кейін Қарағаш колхозы болған) бастығы Қоспан Қалиевтің қолында қалдыратын болып келісті. Ал кішкентай екі баланы өздерімен бipгe ала кетуге тура келді».

Бұл мақаладағы деректерге қарағанда Қоспан атамыз бен Тайтөлеу атамыз дос-жар адамдар болғандықтан, азабы мол еріксіз сапарға аттанып бара жатқанда өзінің баласын аманаттап тапсырып отыр ғой. Айдауға түсіп, Қиыр Шығысқа кеткен Тайтөлеу атамыз қасіретті күндерді басынан өткеріп, отбасының жартысынан айырылып туған жерге оралған екен. Ол туралы Жолкен бауырымыз былай деп жазады: «Сонымен жылжып жылдар да өтті. Атам жан жолдасымен бip баласынын cүйегін жат жерде, сонау Қиыр Шығыста қалдырып, тipi қалған бес жасар ұлын жетелеп, туған еліне оралды. Амал қанша алдынан тағы жайсыз хабар қарсы алды. Тұңғыш ұлын аманат етіп қалдырып кеткен Қоспан досы да жергілікті жандайшаптардың жаласына ұшырапты. Күн көріс малынан айырылып, «кулакқа» тартылған біреулерге қол ұшын беремін деп басы пәлеге қалыпты. Ақырында он жылды арқалап итжеккенге кете барған». Міне, Қоспан атамыздың одан кейінгі ғұмыр тарихы жоғарыда баяндағанымыздағыдай.

– Бұл да құнды дерек екен. Жолкен Тайтөлеу ағамыз да өңірдің ақтаңдақ тарихын түгендеуге атсалысып келе жатқан адам ғой. Өз зерттеулерінде Қоспан Қалиев атамыз туралы деректерді де қамтыған болар?

– Осы аталған мақаланың өзі де салмақты деген болар едім. Ол кісіге рақмет. Мақалада былай деп нақты бағасын берген екен: «Қоспан Қалиұлы сол кеткеннен қайтып оралмады, хабар-ошарсыз кетті. Бұл кісіні ата да, тағы басқа ауыл ақсақалдары да кейде еске алып: «Қайран Қоспан азамат еді-ау, өзінен бұрын елдің қамын жейтін есіл ердің сүйегі қайда қалды екен? Топырағы торқа болғыр, жігіттің төресі еді ғой», – деп отыратын. Шынында да, Қоспан марқұмның азғантай ғұмырында ауылға ciңipreн еңбегі аз болмапты. Өзі туып-өскен «Қарағаш» колхозы (кейіннен «Еңбек» кеңшары – Ж.Т.) алғаш рет 1930 жылы артель болып ұйымдастырылғанда оның тұңғыш бастығы болды. Ол ең алдымен елді сауаттандыруға баса көңіл бөлген. Осы «Қарағаш» артелінің орталығы болған «Абылан» деген жеті жылдық мектеп құрылысын салдырып, ауыл балаларының тұрақты оқуына жол ашқанда, оған аз да болса білімі бар мұғалім кадрларын тауып, оларға қамқорлық жасаған да осы Қоспан еді (Осы мектепте елуінші жылдары мен де оқығанмын – Ж.Т.)

Абыланнан eкi шақырымдай жердегі Халықберген деген сайда (тау қойнауы) Қоспан салдырған асты-үсті тақтайланған әсем там үй де болды. Бұл Қоспан үйі деп аталып кеткен. Көзкөргендер: «Мектеп құрылысы тез аяқтала қоймай, Қоспан осы үйді бала оқытуға босатып берген еді, өзі кірмей дейді».  Міне, нақты дерек, тиянақты тұжырым.

– Елі үшін аянбай еңбек еткен, мектеп салып жас ұрпақтың зейінін ашқан, жазықсыз жазаға ұшырап Сібірге айдалған, ақыры қан майданда қаза болған Қоспан Қалиевтей тұлғаның есімі бүгінгі ұрпақтың жадында қайта жаңғыруы тиіс. Осы жолда сіз болып, біз болып еңбектенсек, көздеген мақсатымызға жетеріміз анық. Сұхбаттасып, мәліметтеріңізбен бөліскеніңізге рақмет!