Қазақ тарихынан: баспасөздегі ақиқат
12.04.2024 440

Қай уақытта да қазақ баспасөзі – қазақтың қорғаны, мүддесін қорғар мінбері еді. Қазақ баспасөзінің атасы саналатын «Айқап» (1911) журналының ескі тігінділерін ақтарып, соры қалың халқымыздың тағдырын оқып, сол замандағы оқығандардың ерлігіне ырза боласың. Қазақ оқығаны – ұлтына ақысыз-пұлсыз қызмет еткен ұлттық рухы биік зиялы. Қазақ оқығаны – ел басына күн туғанда ұлтының мүддесін қорғағаған ел жанашыры. 


Өткенін ұмытпасын, ХХ ғасыр басындағы ұлтының тарихын, жүріп өткен жолын білсін деп «Айқап» журналынан  (1912 жылғы № 4 санынан) мысал келтіріп, кей деректі сөйлетпекпіз. Мұндағы жәйт –  қазақтың әлеуметтік, саяси мәселесіне назар аудару, арада нешелеген жыл, қаншама қилы тағдыр, түрлі оқиға өтсе де өзгермеген мәселе бар екенін тағы да қаперлеріңізге салғым келеді, құрметті оқырман! Ұлт тарихында үнемі еске салынуы тиіс, үнемі назарда тұруы тиіс оқиғалар болады. Бұл да соның бір реті болса керек-ті.  Ендеше, қазақ тарихын сөз қылайық:

«Қазақ халқы жайынан»

Түркістан уалаятында қазақ ішінде орнығып жаңадан қала салып отырған қара шекпендер көбейді. Жақсы жерлер қара шекпенге кетті, қазаққа шөл, қыр дала қалды. Ойлап тұрсақ, қазаққа обал болды.

Амал жоқ, қазақтың жеріне тиме дегенмен жердің алынғаны алынған. Ұлықтар ойлайтын шығар, жерсіз жүрген қара шекпенді орналастыралық, патшалыққа пайда келтірелік һәм қазақ халқын егінші қыламыз деп.

Бұдан не шығады, бұл кімнің пайдасы: кімнің залалы? Ойлап тұрсам, жер қазаққа да һәм патшалыққа да жақсы болып шығатын көрінбейді.

Қазақ байғұс жері кеткен соң қалайша күн көріп, тамақ асырауға һәм былайғы елден қалыспай ретке кірмекке керек. Жерімізге тиме дегенмен патшалық пайдасына алынады, - деп тыңдамады. Бұл бір сөз. Жер. Жер тарылған соң, қазақтың шаруасы кемиді. Бұл екінші сөз.

Біреулер айтады: «Көшпе! Қала сал, сен жақсы ел боласың» - деп. Қош! Мен қала салайын, ал енді қалада мен не істейін айтыңызшы?

Бір адам қалада тамақ табады, бір жыл табады, екі жыл табады. Мен бір адам емеспін. Мен сансыз жүрген арғы шеті Қытай, бергі шеті Еділ-Жайық, аяғы Ақпанға (Ауған) шейін тарап, тарау-тарау болып жатқан қазақпын, мен қалаға сиып жүре алармын ба?

Мен базарға барсам, ноғай бір алдайды, сарт екі алдайды. Петерборда айтысады: «Қазақ егін салды, енді қала салуға қалды» - деп. Қазақты білмей айтады. Қазақ ішіне қара шекпендердің жақсысы келіп жатқан жоқ, көбірегі тынышсыздар, олардан қазақ не үлгі алады? Жалғыз-ақ қазақтың шаруасы тарылып, қала болуға үйрене алмай, халық жарлы болып бара жатыр.

Өздері арасынан дұрыс старшина, болыс қоя алмаған обалы өздеріне ол былай тұрсын, бұрын Мәскеуге... Қазақтан тері, жүн-жабағы алып тұратын еді, жайылыс кеміген соң, мал  кеміді, бұл керегін патшалық қайдан толтырар екен? Жайылыс болмаған соң жылқы азаяды, ғаскерге ат керек, бұл керекті қайдан алар екен?

Бұл сезім қазақ болып қалаға жуыма, дегенім емес, қазақ жерсіз қалып жатыр. Қазақтың қамын ойлаған адамдар не ойларың бар дегенім. Менің ойым бұ-дүр, айтып қалайын: қазір құдай берген қазақта мал бар, малсыз қазақ күн көре алмайды, бірақ көп малға жер азайды. Малы көп болғанымен тұқымы нашар, бағасы арзан, сол себепті жер тарылғанға қарай малдың да санын кемітіп, саны аз болса да жақсы, қымбат тұқымнан өсіріп, бағасын арттыру қазаққа жақсы болар еді деймін.

Өзге патшалықтарда өздері зор патшалық болғанмен баршаның мал шаруасын тастандырмай, ілгері жүргізуге, малдарының тұқымын тазарттыруға халыққа көп жәрдем береді. Сол малдың тұқымын тазарттыру қазаққа да керек ғой.

Бекимов (Жәркент)

 

«Әулие-ата хабарлары»

 

Әулие-Ата халықтары арасында ғылым, оқу деген аз, тіпті жоққа есеп. Троицк, Қызылжар, Көкшетау тараптарына таралған мұғалімдер бұл тарапта жоқ.

Дүниеде болып жатқан, әркімнің құлағында болған ғылым, оқу өнер деген сөздер үйір болмаған екен.

Әулие-Ата шәһәрін сарт шәһәрі десек те жарайды, атырабының әр жағын қаптаған надандық болыпты. Ишандар, Бұхаралықтар нәтижесі. Ишандар, қожалардан аяқ алып жүргісіз. Әулие-Ата шәһәрінде бір ай тұрғанымда әр жерлерін, әсіресе мешіттерінде намазда болып, аралап көрдім. Мешіттер бек көп болса да мектеп, медресе жоқ. Ешбір жерде... сабақ оқушы балалар жоқ.

Жалғыз-ақ ноғай мешіті жанында мектеп... бар екен, онда ноғай балаларымен қосылып, қазақ, сарттан барлығы қырықтай бала бар. Иликин сорымызға қарай, жақсы мұғалім де кез келмеген секілді көрінеді.

Ишандардың көптігіне қарай мүридтер де аз емес, мүрид ағалар әр уақыт ишандардың аузына қарап, не әмір етсе де әзір екендігін көрсетіп тұр. Газет-журнал мұсылмандарды аздырады, аулақ жүріңіз деуші де жоқ емес. Бұл тарапта бағызы бір ашық пікірлі саудаменен яки бірер себеппенен келіп жүргендер болмаса, халықты надандықтан ашқандай зиялы мұғалім, шәкірттер көрінбейді. Сынауыма қарағанда, жақсы оқыған мінезі оңды (ақылды) шәкірт, мұғалім болса... халқы қарсы тұрмас деп ойлаймын. Өйткені бөтен жерлерде болып жатқан «хадем; жәдит» мәселесі бұл жақта жоқ. Бірақ ұсұл Жәдитше оқытушы бар болса, тез хат танитұғын тәртіп бек хош қабыл ететұғын көрінеді.

Мұхамедсәлім Кәшімов 

 

«Әулие-ата бабамның зиратында шырақшылар»

Әулие-Ата шәһәріне келген күндерімнің біреуінде нағыз ықыласыменен Әулие-Ата бабамның зиратына бардым. Біз дарбазадан (қақпадан) кіруімізге қарай алдымыздан үлкен-үлкен сәлде ораған, ұзын-ұзын шапан киген, мұрттарын тап-тақыр қылып қырған бірнеше сарт-қожалар қарсы алып, бабамның зиратына алып келді.

Біздердің бөтен жердің адамдары екеніміз киімімізден белгілі болып, сыртқы шапандарымыз ишанға ықыласты қазақтардың порымында еді.

Бабамның қабыр-шарифы зор мығазин порымында  болып, қызыл кірпіштен, төбесі биік жақсы зинеттеніп өрілген биік күмбезді зор там, көк бояуменен боялған, екі жағында екі есік. Бір есіктің түбінде үлкен мүйізді қураған қошқардың басы тұр. Үлкен шәһәрдің біреуінде музей және де сондай бір бас көрген едім.

Біздерді бір Хұжыраға алып келіп, екі рәкәт намаз оқытып, біреуі зор дауыспенен құранды созып-созып оқып, ұзақ заман дұға қылды. Біз де шын ықыласпенен Хазірет бабама жалынып дұға қылдық. Дұғадан соң бір қараңғы бөлмеге алып кіріп:

Мына ағыткәпке отырыңыздар, қырық күн шықпастан отырсаңыздар, ұжмаққа шексіз барасыздар, - деді.

Қабыр-Шәріптің әр тарабында кірпіштен қуыс бар, әр қуыста инсәрлардың үйінің бұшпағындағыдай жанып тұратұғын жіңішке балауыз шам бар.

Балауыз шамның біреуін бізге ұстатып жақтырды да:

«Мінеки, қолдарыңыз мүбәрак болды, тамұққа күймейді», - деп біздерді шаттандырып қойды. Содан соң екінші есіктің түбінде тұрған манағы басты алып келіп: Бұл бас көк қошқардың басы, садақа беріп, зират қылыңыздар, - деді.Бұл жай бір жабайы бас, мұнда пайда да жоқ, залал да жоқ, босқа зират қылу бәлкім табынған болады, - деп едім.Әй, надан қазақ – деп шырайы бұзылды. Екінші біреу қалтасынан екі зор табақтай шүберек алып, садақа беріп, бұл шүберекті зираттың бір ағашына байлаңыздар. Қиямет күні куә болып, бастарыңызға көлеңке болады, - деді. Қайыр, біз қуыршақ ойнай келмедік, - дедім.

Зират шәриф қаланың, бақшаның ішінде екен, Ағаш бұтақтарының шүберек байланбаған бұтағы азға қисап еді.

Зират тамам болған соң қайтайық деп едік, «ишанға» (пірге) қол беріп мүрид болыңыздар» - деп бізді әр түрлі сөздерменен азғырса да біздер ... шыға бастадық. Шығар жерде алды-артымызды жеті-сегіз қайыршы балалармен шырақшылар орап алып, жүргізбейтұғын болған соң, садақа беріп, құдай әр қайырларыңызға ... ынсап берсін деп шығып кетті.

М. Кәшимов

«Қайырлы ниет, жақсы ырым»

Өткен жылы Асылабөдкеде тұңғыш мектеп сентябрьдің жиырмасында ашылып еді. Әр сыныпқа өзіне басқа бөлмелі бір пәтер алынып, парталар істелді. Қазірде 4 сыныпта бір жүзден бала оқымақта.

Мектептің әртүрлі істерін қарау үшін бірнеше кісіден... мүшелері бар. Бірақ жылда бір пәтерге көшіп жүру түрлі жәйттен қиын екені әркімге мағұлым, пәтердің тарлығынан баланы көп алу да мүмкін емес. Міне, бұл қиын                                                                                                                                                                                                                                                                     шылықтарды есіне алып, шаһарымыздың қымбатты адамдары ... Осы алдыңғы жазға мектеп салуға тиісті орынға арыз беріп, рұқсат сұрады. Бұл мектепке Есіркепов, Андамасовтар да жәрдем етпекші жейді һәм сол мектептің керек-жарағы үшін тұтынарға бір жүз сомдық құрбан терісі жиналыпты. Орынсыз жерге кетіп жүрген қайыр садақалар, құрбан терілері, підия малдары осындай ғылым жолына тұтылса, қаншама сауапты, уа пайдалы болар еді. Бірақ қара басы пайдасына қарамай, халыққа түсіндірілсе, қабыл ететіні ашық көрініп тұр. Сөз басында қайырлы ниет дегенім осы мектеп еді. Бір милләттің дүниеде уа ақыретте бақытты, шат уа рахатта тіршілік етуі кем, қор, жарлы, жалқау болып жоғалмауына себеп нәрсе бар болса, әуелде ғылым, ғылымда тәртіпті мектептер ашып, заманға ылайық әдіспен оқытумен болады. Асылабөдке мәденилескен қазақтардың ең жиын жері болып, бірталай жақсы байлары да бар. Ноғай ағайындардың ашық пікірлі, халлы адамдарда бұ мектепте... жәрдемде болар.

Дүниеге нұрын шашқан ұсұл жәдит (жаңаша оқыту әдісі) біздің қазақ арасында да ақырындап кіре бастаған еді, бірақ ер балалар орысша, мұсылманша оқытылса да миләттің жартысы әр үйдің, тіпті бүтін миләттің үлгісі болатұғын қыз балалар оқудан мақұрым еді. Құрметті Ахметжан қажы Андамасовтың жәрдемі арқасында Асылабөдкеде қыздар мектебі ашылып, елуден артығырақ қыз балалар екі сыныпқа айырылып оқып жатыр. Жоғарыдағы жақсы ырым дегенім осы кісінің ісі. Бұдан жақсы ырым, қайырлы іс болар ма?! ...хақ мұндай адамдарды көбейтіп, дүние және ақиретте бақытты етсін... Мұндай қалың қараңғы тұман ішінде адасқан уақытта қызмет еткен мырзаларымыздың қадірі білінбесе де келешекте қадір-қызметке жолығады, тарих беттерінде есімдері қалады. Өздері жоғалған, біткен уақытта да аттары жоғалмас, бітпес. Сахарада мың-мың малға ие болып, қоярға орын таппай, партияға шашып-төгіп жүрген байлар! Маңғаздар! Мырзалар! Бір терінің он тиын пайдасына қанағат етіп, ертеден кешке дейін дамыл таппай жүрген қаланың шолақ етек жатағынан ғибрат ал! Атаңның дәулетін партияға шашып, басыңды хауға, малыңды жауға» алдырып жүрген сіздердің ісіңіз алла және пенде қасында хабарсыз, дүние және ақиретте қайғы-қасіретке себеп болған сықылды, мұндай арыған, шаршаған халыққа жақсылық қылған адамдарымыздың істері қайырлы, дүние және ақирет жүзінің ақ болуына себеп болады. Бұ күнде тырысып оқуда болған жатақ баласы өзінің ұмытылуы, атасының арқасында келешекте адам қатарына қосылғанда ғылым, мағыріптен хабарсыз өскен сіздің балаңыз хайуан дәрежесінде (ретінде) қалады. Соңғы жұрағатыңның көз жасына, қарғысына қалмайын десең, жиылып отыр бір жерге! Сал мектеп, оқыт балаңды, басқалар істеген егін, сауда кәсібіне кіріс. Біраздан кейін өзіңізде осылардың бәрін істерсіз. Бірақ қолдан жер-суың кеткен соң аш-жалаңаш қалғанда қолыңнан не іс келеді? «Күтін, күтінбесең, аузыңнан шығар түтін» деген атамыздың терең мағыналы мақалдарын ұмытып күтінбесең, аузымыздан зәр шығар. Өткен соң өкінуде пайда болмас.

М. Малдыбаев.

«Шортаңды бойында»

Шортаңды бойында мен көп жылдардан бермен қарай қазақ сахарасына шыққаным жоқ еді, сол себептен қазақ қарындастарымыздың кейін қалғанын, ілгері кеткенін білмейтұғын едім. Биыл ғинуар ішінде жолым түсіп, Шортаңды өзенін жағалап келе жатып, Қостанай уезінің Жетіқара болысының 5 ауыл қазағы Нұрмұхамет Қажы Тасболатовтың үйінде қонақта болдым. Бұл кісі ашық пікірлі оқу, оқыту жолына жанын  пида қылған бір кісі екен. Бек жақсы ағаштан мешіт салып, қасына бір кішкене мектеп ашып, мұғалім ұстап, отыз шамалы балаларды оқытып жатыр екен. Мұғалім жақсы мінезді һәм құран жаттаған хари екен... бұл 5 ауылда бөтен жердегідей жұтшылық та жоқ. Мешітке жақын жерден алтын табылып, бір мұсылман байы қаздырып, пақыр халыққа кәсіп табылып, мұқтаж шығып жатыр. Бұрын қалай болса, солай жүрген бозбалалар осы күнде сыбанып алтын кәсібіне ақша табысып жатыр.

Бұрынырақ халық «бізге төте оқу керек емес, ескімен күн көрмей қалғанымыз жоқ» - деп қарсы болыңқыраса да имам Нұрмұхамет Тасболатов пен Ғабдалғани харидың түсіндіруі бойынша балаларын оқуға берген екен. Қазір де балаларын үш айдың ішінде оқуға һәм жазуға үйренгенін көрген соң халықтың көңілі біткен көрінеді.

Онан жиырма бес шақырым жерде Бекмахамбет мырза Құлманов ауылында ауылнай школда 25 бала оқып жатыр. Осындай мектептері бар жерде төте оқуға һәм орысшаға мойын қойса, халық тез-ақ қатарға кіріп кететұғын.

Мұнан жеті жыл бұрын қазақтың бір ауылында молда болып «әліп, би, ти, сый» менен  бірнеше жыл ғұмыр өткерген едім. Қазір де қазақтың көзі ашылған көрінеді. «Төте оқу білмесең, ұстамаймыз» - дейді. Қанша сандалып жүрсем де молдалыққа орын таба алмадым.

Қазақтың мұнша алға кеткенін көріп, қуанып әр жерге осы көрмегенім үлгі болсын деп жаздым.

Қуанып жазушы  бір мүсәпір

 

«Аз уақытта көп білу жолының басы»

Мақсудлы жерег баруға сапар жолын анықтап білу міндет. Жалғыз болып жаңылса, қатесі өзіне тиеді, басшы...болып адасса үлкен зияншылық шашады. Қазақ халқы барамыз деген жерін сезіп жүр «ғылым-білім» деп. Барамыз деген жерін біліп оқуға көңілденгенде басшы молда, мұғалімдерді не жолменен апарудың өздері анық білуге аса міндетті. Басшы түзу болса, ұзын жол қысқа, басшы олақ болса, қысқа жол ұзын. Қысқа жолға уақыт аз, ұзын жолға уақыт көп өтеді. Уақыттан бағалы дүниеде ешнәрсе жоқ. өткен ғұмыр қайта келетұғын тағдыр жоқ, бүгінгі күн ертең жоқ... Қазақ халқы жаңа көзін ашып келе жатқан халық. Боларлығы, жетерлігі, пісерлері, гүлденулері алдында һәм бала тәрбиесін және  оқыту жайын нашар біледі. Бұрынғы өнер, ғылым, білім және тәжірибелері жоқтығынан һәм бала тәрбиесі, оқыту жайлы турасында кітаптары аздығынан сол үшін қалімше қарлығаш болып, түзу тәртіппен сабақ бермек жолын һәм тәрбиесі хақында жазбақ ойым бар.

Әрбір жүз жылда көтерілген құпталған жұмыстармен замананы мінездеу (бір қалыпқа кіргізу) бар. Үстіміздегі ХХ ғұмырды (ғасыр) «білім ғасыры» деп айтылады. Кім біледі түзу жолменен жүріп кетсек, һәм базардың қызуында кез келген болып жиырмасыншы ғұмырда балаларды бәйгеге қоссақ, алдымен келіп бәйге алмасақ та, бөлініп қалмасақ жарар еді. Халықта да жазық мол шығар, солайда болса «жұмыс ісмерден қорқады» деген. Халық су болғанда мұғалімдер жел секілді боларға керек. Желге су шыдап тұра алар ма?!

Бұрынғы кезде көбінесе молдалар қарын қамын жеп халықты пайда шығарлығына бір кәсіп тұқымы көретіндей еді. Бұл уақытта жаңа тәртіпті ойы бар мұғалімдер шығып, молдалықты халыққа қызмет ету деп ұғатұғын секілді. Халық құлқынды молдаларды ұмытып, жаңа мұғалімдерге басқа көзімен қарар деген үмітім бар. Һәм мұғалімдер «молданың айтқанын істеп, қылғанын қылма» деген мақалды өз заманындағы молдаларға беріп ... сөз тәйітін жеткізбей үлгі болып, кім екендігін халыққа көрсетер деген тілегім бар. Ескі молдалар өтірік намыс ойламай, жұмыс қайда, сонда болып, бірінің надандығын бірінен жасырмай, бірлікте болулары мақұл. Бірлігі болмағанда халықтың аңқаулық та, айғырлық заманның «жаңа қонаққа ескі қонақ орын бермек» деген мақалын ұмытпасқа керек. Әуелден жаңа жеңбек, ескі көнбек.

 

«Баянауыл жайынан»

Павлодар уезі бұрын екі учаскеге бөлініп, бірінші учаскесі уақ, бәсентин, найман елдері еді. Кейбіреулері бұрыннан Ертістің екі ақ арнасында, ... кейбіреулері «кабинетная земля» жерінде отырып... өздерінің ата-қоныс, айырым жерлерінде отыратын еді. Бірақ соңғы жылдарда сол жерлерге хақолдар көшіп келіп, орналасу себепті бұрынғы бір учаске бұ жылы төртке бөлінді. Кейбір учаскеде бірақ болыс ел қалғаны да бар.

Баянауыл станциясы маңайындағы бұрынғы екінші учаске аталған. Мейрамсопы балаларының бірі Сүйіндік елі бұ  жылы бесінші учаске аталып қалды. Бұл елдердің қыс болса Баянауыл, Қызылтау, Далса тауларында қыстап, жаз болса, Ащы, Шідерті, Өлеңті басып, Аюлы, Нияз, Ереймен тауларынан асып, Есіл өзенін жайлап, сол таулардың құбыла жағына биелерін байлап, дүние-ақиреттен хабарсыз көшіп-қонып жүргеніне ұзақ уақыт озған жоқ. Көшіп жүру қанына, жанына сіңіп қалған жұрт қанша көшіп-қонуды қалдырмайын десе де қалу белгілері көріне бастады. Кейбіреулер таудың айналасында жатақ боп отырып қалады. Көкшетау ояздарында Уәлихан балалары жайлауға барғанда бір орында жаз бойына шаң-топырақта отырады.

Бұл Сүйіндік елінің бірінші кәсібі мал бағу, шаруашылық, егіншілік төмен ретте. Саудагерлік те артық емес. Қолөнері жағынан қазаққа қарағанда төмен деуге болмайды. Бұл елдің қысқы орны мал шаруасына жаман болмаса да, отырықшылыққа оншама қолайлы болмағандықтан басқа жерлерге қарағанда қала аса көп орналасқан жоқ десе болады. Бірақ бұ болыс елдің ішінде Ақкелін елінің жері қара топырақ болмаса да ұнамырақ болғандықтан бұл елдің жеріне 6-7 қала түсті. Басқа алты болыс елде қала жоқ...

Жерлері отырықшылыққа ұнамсыз болса да отырмай шара жоқ деп ойлаушылардан қала болып отыруға арыз бергендер де болды.

Замананың жайына қарағанда отырықшылыққа қолайлырақ орындағы, жұрт, уақыт оздырмай отырып қалғаны ұнамды болмас па еді? Біреулер солдат алады деп қорқады. Көшіп жүргенде аламын десе күші жетпей ме? Солдат қызметін өтеуші жұрт бізден төмен бе? Қайта солдат алса, өнерлі жұрттармен араласып, көңіл көзі ашылуға себеп болмас па еді. Қазақтың қимайтыны көкорай шалғын, тұнық су еді. Енді оларды түсінде көрмесе, өңінде көру мезгілі озған. Жасаған  бау-бақшаны көруге жазсын. Тарих кітаптарына көз салынса көрінбейді, жұрт өспек, жер тарылмақ, қыстақ салмақ, сонан соң қала шәһәр болмақ. Бізге де осы құдайдың бұйрығынан бойсұнып, көшпенділікті тастап, отырықшы болу мезгілі жеткен жоқ па?!

Отырықшы жұрттардың тіршілігіне ... қарасақ, олар бізден әлденеше қабат жоғары. Енді біздің отырықшылықтан бұл қорқуымыз, өнерден білімнен қорқу болмайма?!

Ысмағылбек Гаспринский жәнәптары «Тәржіман» газеті жарыққа шыққаннан бері қарай қазаққа «Қала бол, сол уақыт өнерге аяқ басарсың» деп неше түрлі сөзбенен артықшылығын көрсете келді. Құлаққа алған болды ма? Жиылған қала жоқ, ретті мектеп, медресе жоқ, жата бердік.

Біздің кейбір ескі ойлы адамдарымыз төте оқудан қорқады, бұ қорқу да ұнамсыз деп түсінеміз.

Бір шәһәрге екі жол болса, қай төтесімен барамыз. Бұл үйрену жолы да «білім» жеріне баратұғын жолдар.

Не үшін төтесімен бармаймыз.

Біздің қазақ жұрты жаңа заң болғалы партия деген бір бәлеге кіріптар болып, әр ізгіліктен төмендеуімізге сол бәле себеп болды. Абыройдан айырылдық, дәулеттен айырылдық, пайдалы іске кірісуге қолымызды, көңілімізді босатпады. Досқа күлкі, дұшпанға таба болдық. Хүкіметке – патшалыққа аямай, жанымыз ашымай, құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай түрлі жаламенен білгенімізше жамандадық. Патшалық қасында ағым, арымыз жоқтығынан депутаттықтан құр қалдық. Бұл қараңғылықта жүре берсек, мұнан артық тағы ғажап таңдары бар дегендей алдымызда нендей қорқынышты істерге кез келмеспіз дейсің.

Бұл сайлау белесі біздің Сүйіндікке де кіріп, байлар кедейленіп, тоқтау айтқан кісі болса, қас көріп елге үлкен бүліншілік кірген еді. Құдайға шүкір, соңғы сайлауда Семей облысында болыстыққа орысша білмеген адам сайланбағандықтан, сол себептен бе яки халық ынсапқа келді ме, әйтеуір сайлау талассыз өтті. Иншалла, біздің жұртта малын, жанын салып, атқа мінуді, союды тастап, білім, өнер сүюге жабысса бітпес көптің бірі  боп дүниеде тіршілік қылар. Бірақ осы қазақтың ынта көңілін алған атқа мінуді сүю қалса екен.

Бір қазақ  мырзасына айттым: «мына қазақша журнал шықты. Жұрт пайдасын ойлағандар сіз бен біз оқып, білімді болсын, ғибрат алсын, жақсы іске кіріссін дейді. Болмаса кәсіп үшін айтпайды. Біз екі-үш теңгені ауырлаймыз, бір өліп қалған малдың терісі. Олар біз үшін, жұрт үшін барлық байлығын салады. Бізге оның қадірін біліп, жәрдемдес дейді емес пе? – деп. Бұл мырза өзі сайлау жолына 20-30 мың жұмсаған еді. Ол маған «Ақша жоқ қой, болса сіз айтқан соң аяймыз ба?» деп жауап берді. Міне, осыдан көрініп тұр, қазақ халқының ... құмарлығы қай дәрежеде екендігі. Партия үшін отыз отыз мың ауыр емес, журнал үшін үш теңге үлкен, ауыр. Міне, қандай біздерді қаптап тұрған қараңғылық. Оқу, білім жолына бермейді, бере қалса, менің сөзімді сыйлап бермек...

Жасаған артта қалған алашты қараңғылықтан шығарып, тура бағытқа бастасын.

Сәдуақас Шорманов

Қорыта айтар болсақ, назарыңызға «Айқап» журналының тек қана бір санына шыққан жеті материалды ұсындық. Жеті мақала – жеті мәселе. Қазақтың өміріне, тұрмысына, салт-санасына қатысты материалдарда елдің ой-санасының өсуі, алға жылжу, даму прогрессі бар. Бұл мақала қазақ оқығанының қандай болуы керектігін, қазақ бай-бағланы қалай қалыптасқанынан дерек беретін мән-мағынасы ерекше жазбалар. Ұлттың келешегі өткен тарихынан басталып, өнеге алса керек. Өткеніңе қарап, бүгініңді және келешегіңді бағамда деген – осы. 

Материалды дайындап, төте жазу қарпінен қазіргі қолданыстағы әліпби жүйесіне түсіріп, ғылыми түсінігін жазған 

Ж. АЛАШ

Жауынбай Жылкыбай