Ұмытылған есімдер
25.04.2024 1454

«Ақсудан ұшқан аққулар» кітабы турасында


Иманғали Мысықов! Тәңірберген Қалилаханов! Құдаш Мұқашев! Исатай Исабаев! Свет Оразаев! Есболған Жайсаңбаев! Қанипа Бұғыбаева! Өтепберген Ақыпбекұлы! ... бұл тізімді соза беруге әбден болады. Осы есімдері айрықша аталған азаматтардың бәрі Ақсу-Қапал атырабының тумалары болатын. Бірі – шаршы топта сөз бастаған халық ақыны, екіншісі – төл тарихымыздың қыр-сырына терең бойлаған ғалым, үшіншісі – киелі сахнаның көркіне айналған актер, төртіншісі – қылқаламның шебері ретінде танылған шығармашылық өнер тарландары. Кейбірі мінезі қыңыр, пендеауи тіршілікпен қақта-соқ ісі жоқ сері еді. Ноқтаға басы сыймай, қоғамдық ортаның ығына жығылмай, еркіндік аңсап апыл-ғұпыл шарқ ұрған «еркелері» де болған-ды. Осы жаны жайсаң жақсыларымыздың тағдырлары келте қайырылып, бойындағы Жаратушы берген дарын-қасиетін, қарым-қабілетін толық көрсете алмай, қапыласта ғайыпқа сіңіп, құс жолымен жылы жаққа бет түзеген құстар көшімен ілесіп кеткендей көрінеді де тұрады... 

Өткеннің тарихын жазу, келешек ұрпақтың зердесіне арғы-бергі күндердегі асылдарымызды таныту, насихаттау – сауапты іс, азаматтық мұрат емес пе! Бірімен ауылдас, бірімен дастархандас, енді бірімен үзеңгілес, сапарлас болған ақын, балалар жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арасанбай Естенов 2020 жылы «Аққудан ұшқан аққулар» деп аталатын кітапты құрастырып, өмірден ерте өткен әріптес аға-апа, бауырларының рухына үлкен әдеби ескерткіш соққан-ды. Бүкіл әлемді уысында ұстап, тырп еткізбеген COVİD-2019 індет құрсауында жарыққа шығып, оқырманға жол тартқан осынау игілікті кітапты оқып шығып әрі сүйсіндік әрі мұңайдық. Сүйсінгеніміз сол – белгілі-белгісіз есімдердің жаңғырғаны, мұңайғанымыз сол – тағдыр тауқыметін тартқан арпалысты ғұмырлары. 

Естелік жанрындағы кітапқа Ақсу-Қапал деген ауылы аралас, қойы қоралас жатқан өңірдің жиырма үш перзенті, аты-жөндерін толық атап айтар болсақ: Иманғали Мысықов, Жапарғали Ақсубаев, Тәңірберген Қалилаханов, Құдаш Мұқашев, Исатай Исабаев, Ораз Жұмашев, Дубек Мұсанов, Сағымхан Тұматаев, Дариға Шаймерденова, Сайлау Әбілдинов, Түлкібек Құрақбаев, Свет Оразаев, Жұмабек Қуанышбайұлы, Есболған Жайсаңбаев, Нұрғали Омарқұлов, Сыдық Төкебаев, Қанипа Бұғыбаева, Сағынболат Тінтаев, Рақым Тәжібайұлы, Жамау Бұхарбаев, Өтепберген Ақыпбекұлы, Мэлс Жұматаев, Қайрат Адамбосынов сынды шығармашылық өнер иелерінің тағдыр жолы арқау болған. Асылында естелік – иманды да қайырлы жанр. Ел ішінде «Аңыз – Ақсу, Абыз – Ақсу» атанған бір уыс топырағы саф алтыннан қымбат қарт өлке тудырған аяулыларымыздың жарқын бейнесін қайта еске түсіріп, көзімізге жас алдырды. 

Кітаптың жоба авторы әрі жауапты шығарушысы болған Арасанбай Естенов әр тұлғаның ғұмырнамасына қатысты дерек-белгіні жер-жерден тірнектеп жиып, ұрпағы барларымен байланысып, ұрпағы да, іздеушісі де қалмағандардың мәліметін ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қорынан іздеп, ескі газет-журнал тігіндісін ақтарып, ондаған жыл аруақтар алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін аянбай тер төгеді. 

Антологиялық һәм хрестоматиялық форматтағы жинақта әр тұлғаны хронологиялық тәртіппен ретіне қарай орналастырып, суреті мен өмірбаянын қосып, олар туралы естеліктермен азаматтың келбетін айқындаған. 

Тарихи туындыдағы кейбір азаматтардың есім-сойы мүлде ұмытылған. Ізі жоғалғанның соңына жарық күнде шам алып шыққан шырақшы сол ұмыт болған, санадан өшкен есімдерді жаңғыртады. Мәселен, 38 жасында ауыр науқастан бақи дүниеге аттанған талантты жазушы Дариға Шаймерденованың тағдыры өзіне көңіл бөлгізеді. Дариға қамшының сабындай қысқа дәурен-ғұмырында талапты жазушы ретінде танылып, жұрт ықыласына бөленіп келе жатқан жұлдызы жанар мезетте үзіліп кеткен шынар екен... 1977 жылы «Жалын» баспасынан марқұмның «Ауыл жігіті» атты әңгімелер жинағы басылып шығады. Кітаптың алғысөзін жазған – бүгінгі Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков. Дулат ағамыз алғысөзінде: «...Өзінің алғашқы жинағын көру, бояу иісі  кетпеген кітабының авторлық экземплярын көру  оның ең биік мақсаттарының бірі болатын. Бірақ ұзақ жылғы ауру оны бұл арманына жеткізбей, кітап шығуға аз уақыт қалғанда жұлып әкетті. ...Жинаққа енген бұл әңгімелерден Дариғаның өмірге құштарлығын, адамдардан тек жақсылық іздейтін әрі реалист әрі романтик қалам иесі екенін көреміз» деп жазған екен. Құрастырушы аталған жинақ мұқабасының суретін және Дулат Исабековтың алғысөзін сол қалпында еш сөзін өзгертпей енгізген. Сонымен қатар оқырман Дариғадай арманда кеткен қаламгердің «Оқылмаған хат» әңгімесін оқи алады. 

Өз басым осы кітапқа енген 23 азаматтың тек біреуінің ғана көзін көріп, таныған едім. Ол – Қайрат Адамбосынов еді. 33 жасында опат болған қайран ер нарық заманындағы қазақ тарих ғылымының үмітті өкілі болатын. 2004 жылдың қара күзінде арманы таудай, баба мұратын арқалаған арманы көп, мақсаты айқын тегеурінді ғалымды көлік қағып, шырағын сөндіреді. Қайрат Жұманұлы «Тәнеке батыр», «Мамания» деген кітаптардың жарыққа шығуына қосқан ұшан-теңіз еңбегі сіңген. Кандидаттық диссертациясын енді қорғап, «Қазақ тарихы» ғылыми журналының бас редакторлығына тағайындалған зерделі зерттеушінің мезгілсіз қазасы – «боталап» қалған ата-анасының жүрегіне түскен салмақ, бәрінен де деколанизацияланбаған ұлт тарихы үшін орны толмас зор өкініш. 

Есіл ғұмырында өлең жазып, жиын-тойдың сәнін кіргізіп, әділдіктің ақ туын желбіретіп өткен Құдаш Мұқашев, Свет Оразаев, Сыдық Төкебаев, Жамау Бұхарбаевтардың нәзік жаны кесе-көлденең жолын қиған қиянаттарға шыдамай жарылып кетпеді ме... Өлеңіне өртеніп кеткен дарындар еді... 

«Ақсудан ұшқан аққулар» кітабы – өз оқырманының танымын-талғамын арттыратын, Ілияс Жансүгірұлының ізбасары болған киелі топырақтан шыққан әдебиет және өнер қайраткерлерінің өмір соқпағымен таныстыратын тарихи баян, әдеби көрсеткіш деп бағалауға тұрарлық үлкен еңбек. Аймақтық әдебиет, өлкетану бағытында ізденіп жүрген жас зерттеушілердің қажетіне жарайтын әрі ғылыми айналымға түспеген тың дерек, мол пайымды туынды деп бағалаймын. 

Өткеннің үзілген желісін жалғап, бүгінгі жаңа ғасырдың нәсіліне тағдырлы таланттары туралы арнайы кітап даярлаған Арасанбай Жексенбекұлының қаламына қуат, деніне саулық тілеп, Ақсу-Қапалдың 23 саңлағының рухына адалдық танытқаны үшін зор алғыс айтып, Тәңір жарылқасын дегіміз келеді.

Жауынбай Жылқыбайұлы