Күндерек. 15 тамыз - әлем және Қазақстан тарихында
15.08.2024 746

15 тамыз - Григориан жылнамасының 227-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күні әлем елдерінде қандай айтулы мерекелер өтті, қандай тарихи даталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.


15 Тамызда дүниеге келген танымал тұлғалар

Бүгін ұлы тұлғалар дүниеге келген күн. Яғни 15 тамыз күні Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбеков, қазақ даласын әнмен тербеткен вальс патшасы, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов, көрнекті ақын, Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы Ғали Орманов, көрнекті әдебиеттанушы, ғалым, қоғам қайраткері Тұрсынбек Кәкішұлы,  қазақтың тұңғыш биолог докторы, ғалым Кәрім Мыңбаев, қазақтың біртуар жазушысы, алаштанушы, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, өнер тарланы, режиссер Мұрат Қосыбаев, талантты режиссер, театр және кино актері, драматург Рүстем Есдәулетов сынды марғасқалардың дүниеге келген күні. Осы орайда бұл тарихи күнде дүниеге келген өзге де қазақ зиялылары мен талантты ғалымдарын да еске алып, оқырман назарына ұсынамыз. 

Жарқын Айталиұлы Айталиев – Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тау-кен өнеркәсібінің мақтанышы, геолог-ғалым. Ол 1903 жылы он бесінші тамызда Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына (қазіргі Бөкей ауданы) қарасты Шоңай ауылында дүниеге келген. Әйгілі ғалымның туып-өскен ауылы Шоңай тарихи мекен. Нағыз шекараның шетінде, желдің өтінде тұрған ауыл. Қазіргі Сайқан ауылдық округінде орналасқан. Бұл төңіректі Жәңгір ханның ағасы Тәукеден тараған ұрпақтар жайлаған. Әйгілі Махамбет, Науша, Ғабдолкәкім Бөкейхановтар қоныстанған киелі топырақ. Қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор Шәкір Жексенбаев, талантты режиссер Талғат Теменов, тарих ғылымдарының докторы Құспан Темірғалиевтер осы Шоңайдан түлеп ұшқандар. Ендеше осынау тарихи, киелі топырақтан геолог ғалым Жарқын Айталиевтың тууыда заңды еді. Қазақтың талантты ұлы, қоғам қайраткері Ілияс Омаров Шығыс Қазақстан облыстық партия комитеті хатшысы болып тұрғанда, атақты геолог ғалым Жарқын Айталиұлын қабылдап, қызметке шақырып, Кенді Алтайды зерттеуге кіріскен. Кен инженеры сол уақытта «Алтайдың Сәтпаевы» атанып, Шығыс Қазақстанның өнеркәсібінің дамуына үлес қосты. 

Ғалым Жарқын Айталиев Ресейдің Томск қаласындағы Томск технологиялық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын кенші болып бастап, 1930-1938 жылдары Оңтүстік және Орталық Қазақстанда темір, полиметалл, Алтай мен Қалбаның сирек кездесетін металл кендерін барлаумен шұғылданған. «Алтайдың Сәтпаевы» атануына себеп болған ғалымның еңбегі Шығыс өңірде де ұшан-теңіз болды. Алтай кен-металлургия ғылыми-зерттеу институтының директоры, геология бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарып, Кенді Алтайдың қойнауында қанша байлықтың жатқанын бес саусағындай білді.   1957 жылдан 1961 жылға дейін Қазақстан Геология министрінің орынбасары қызметін атқарды. Қазақстан Ғылымдар Академиясының Физикалық география институтының сектор меңгерушісі болды. Геолог Жарқын Айталиевтің жетекшілігімен Таулы Алтайдағы сирек кездесетін металдар аймағының қазақстандық бөлігі бойынша металлогениялық мәліметтер жинақталып, Қалба - Нарым металлогения белдеуінің болжамдық картасы жасалды. Тау-кен инженеры Жарқын Айталиұлының еңбегі жоғары жақтан бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Әйгілі геолог ғалым 1970 жылы 26 қыркүйек күні Алматы қаласында дүниеден өтті. 

Кәрім Мыңбайұлы Мыңбаев – қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, аграрлық ғылымның негізін қалаушы, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Ол 1906 жылы он бесінші тамызда Қарағанды облысы, Нұран ауданының Ивановка ауылында дүниеге келген. Нұра ауданы орталығынан 25 шақырымда жатқан, Нұра өзенінің бойындағы Ивановка ауылы – ХІХ ғасырдың аяғында  Украинадан келген қоныстанушылар негізін қалаған. 2006 жылдан бастап Кәрім Мыңбаев ауылы болып аталады.   Кәрім Мыңбайұлы 1928 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия мақта және су шаруашылығы политехникалық институтына түсіп, 1932 жылы үздік дипломмен аяқтап шығады. Содан кейін Санкт-Петербургтегі  Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алады.  Өзі оқыған білім ордасында қызмет атқарып, артынша үкіметтің жас мамандарды елдеріне қайтарсын деген қаулысына сәйкес Алматыға оралады. 1942-1944 жылдары Қазақ КСР Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1944 жылдан өмірінің соңына дейін Бүкілодақтық ауыл шаруашылғы академиясы Шығыс бөлімшесінің (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесінің Төралқасының төрағасы болды. 

Сонымен қатар Кәрім Мыңбаев Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бірінші төрағасы қызметінде жүріп, Оңтүстік Қазақстанның Мақтарал, Киров, Қызылқұм аудандарында ірі шаруашылықтар құрып, көксағыз өсімдігін өсіруімен айналысады. Жоғарыдағы еңбектері негізінде 1944 жылы диссертация қорғап, биология ғылымдарының докторы атағын алады. Сондай-ақ Кәрім Мыңбаевтың басшылығымен Алматы облысы Жамбыл ауданында тәжірибе танабы мен Ақмола облысындағы Шортанды ауыл шаруашылық тәжірибе станция ұйымдастырылды. Ғалымның көптеген ғылыми еңбектері бүгінгі аграрлық саланың жарқын жемісі болып келеді. 300-ге жуық ғылыми еңбектері биология ғылымының ізденушілері үшін әлі де өзекті, сілтемелі дерек көзіне айналды. Ғалым 1948 жыл 30 қыркүйекте 42 жасында дүниеден өтті. Туған ауылы мен Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауылға Кәрім Мыңбаев есімі берілді. 

Ғали Орманұлы Орманов – қазақтың көрнекті ақыны, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы, жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы. Белгілі ақын – 1907 жылы он бесінші тамызда Алматы облысы, Қапал ауданының Ешкіөлмес бауырындағы малшы-шаруа адамы Орманның отбасында дүниеге келген. Жасы оннан асқанда әке-шешесінен айырылып, екі жыл ағасының қамқорында болады. 1922 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы балалар үйіне орналасып, Қазақ Ағарту институтының дайындық курсында білім алады. Еңбек жолын Алматы облысының Іле ауданындағы халыққа білім беру бөлімінің меңгерушсі болып бастайды. «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1939-1945 жылдары жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың әдеби-шығармашылық хатшысы және «Майдан» альманағының редакторы болды. 1959-1963 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметін атқарған. 

Ғали Ормановтың руханиятқа, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбектері бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» ордендерімен марапатталған. Ақынның әдеби өмір жолы жас кезінде басталып, 1934 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Шеңбер» деген атпен жарық көрді. Одан өзге «Абысын сыры», «Алынған қамал», «Шәуілдір» туындылары мен «Жүрек» әңгімелер жинағы, «Көтерме» прозалық жинағы жарық көрді. Көрнекті ақын 1978 жылы 5 қыркүйек күні Алматы қаласында дүниеден өтті. Бүгінгі таңда Алматы қаласында, Талдықорға қаласында Ғали Орманов атында көше, Астана қаласында  мектеп аты бар. 

Аймақ Жанғалиұлы Жанғалиев – Қазақстан ғылым академиясының академигі. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биолог ғалым. Ол 1913 жылы он бесінші тамызда Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы Ащысай ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын қазіргі Түркістан облысы, Төле би ауданында агроном болып бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Көп жылдар бойы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі, кейіннен директоры қызметтерін атқарған. Қазақстан ғылым академиясының Биология ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, Төралқа мүшесі (1962–1970) болды. Ботаника және фитоинтродукция ғылыми-зерттеу институтында лаборатория меңгерушісі, сондай-ақ «Өсімдіктер генофондысы» ЖШС-нің бас директоры қызметін абыройлы атқарды. Ғалым Аймақ Жанғалиевтың ғылыми еңбектері Қазақстандағы жеміс ағаштарының биологиялық алуан түрлілік генофондысын сақтау және оны тиімді пайдалануға арналған. 

Төленді Арыстанбекұлы Арыстанбеков - Қазақстан Респуликасы Аудиторлардың арасынан шыққан тұңғыш жазба және айтыскер ақын. Облыстық ақындар айтыстарының жүлдегері. Ол 1939 жылы Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы Бөрлі  ауылында дүниеге келген. Ақын Торғайдағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдап, Қостанай ауыл шаруашылығы техникумында білім алады. Одан кейін Жангелдин ауданында бас есепші қызметін атқарады. Бас есепші болып жүріп, арман қуып Алматыны бетке алады. Сол кезде С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға қабылданады. Алматы халық шаруашылығы институтында «экономист-бухгалтер» мамандығын алып шығады. Журналистика саласы мен есепші мамандығына білім алған Төленді Арыстанбекұлы қаламында суытпай, екінші алған білімінде де қызмет атқарады. 1962-1995 жылдары Қостанай және Торғай облыстарында бірнеше ауыл шаруашылық мекемелерінде бас экономист, бас бухгалтер қызметтерін абыройлы атқарды. 1996-2002 жылдары тәуелсіз «Қостанай-Факторинг» Аудиторлық фирмасының негізін қалап, Бас директоры қызметінде болды. Қазақстан Республикасы Аудиторлар палатасының толық мүшесі. Ақынның өлеңдері Қостанай, Торғай облыстарының және аудандық газеттерінде, республикалық «Жас Алаш», газетімен «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында жиі жарияланып тұрды. Төленді Арыстанбеков бірнеше ән мәтіндерінің авторы. 2023 жылы «Тобылдың толқындары» атты өлеңдер жинағы Алматы қаласының «Arshyn» баспасында жарық көрді.  2002 жылы 16 қарашада 63 жасында Қостанай қаласында дүниеден өтті. 

Әбді Омарұлы Шынбатыров – көрнекті балалар жазушысы, баспагер, қаламгер. Ол 1942 жылы он бесінші тамызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы Түгіскен ауылында дүниеге келген. 1969 жылы С. Киров атындағы немесе қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын республикалық «Қайнар» баспасында редактор болып бастаған. Партия тарихы институтының аға ғылыми редакторы болып қызмет атқарған. Көп жылдар бойы еліміздің баспа өңдірісі абыройлы қызметтер атқарды. Атап айтар болсақ, «Мектеп» баспасында аға редактор, «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі, «Ана тілі» баспасында жетекші редактор қызметтерін атқарды. Қаламгердің шығармалары «Бала тілі - бал», «Қуаныш», «Ел аузынан», «Ақ кептер» атты жинақтар болып жарыққа шыққан. Әбді Омарұлы орыс жазушысы В.Чивилихиннің «Күміс рельстер», Әзірбайжан жазушылары М.Ибрагимбековтің «Айтар әнім», Ә.Қасымовтың «Сөкпеңдер мені» атты кітаптарын қазақшаға аударған. 

Бағдаулет Кенжеалыұлы Кенжалиев – Қазақстандық ғалым, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.  Ол 1948 жылы он бесінші тамызда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылында дүниеге келген.  1975 жылы Алматы қаласындағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетін бітірген. Көп жылдары бойы, яғни 1975 - 1999 жылдары «Металлургия және кен байыту институтында» жұмыс атқарып, инженер, аға инженер,  аға ғылыми қызметкер, зертхана және бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары қызметтерін атқарған.  қызметтерін атқарған. 1999 жылдан қазіргі уақытта «Металлургия және кен байыту институты» АҚ Бас директоры. Аталған институт 1945 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің 1944 жылғы 6 желтоқсандағы және Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалы Президумының 1945 жылғы №689 қаулысына сәйкес құрылды. 2016 жылдан бастап Металлургия және кен байыту институты Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің құрамына кіреді.  

Ғалым Бағдаулет Кенжалыұлының ғылыми еңбектері байытылуы қиын кендерді, жартылай өнімдер мен түсті және асыл металдарды екінші реттік шикізат ретінде қайта өңдеу технологиясына арналған. Кенжәлиев Ақтоғай және Айдарлы кен орындарындағы мыс кендерін үйінді әдіспен шаймалаудың тиімділігін зерттеді.

Торғын Жылқышықызы Тасыбекова – Қазақ ССР-нің және Қазақстанның халық әртісі, профессор, өнер қайраткері. Қазақстан Республикасының «Парасат» және «Құрмет» орденінің кавалеры.  Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері. Ол 1938 жылы 15 тамызда Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік шеберлік факултетін тәмамдаған. Қазақ ССР-інің халық әртісі, профессор Асқар Тоқпановтың сыныбын бітірген.  Сол жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданады. 1961 жылдан өмірінің соңына дейін әкем театр аталған өнер ордасында қызмет атқарды. Ол қара шаңырақ театрда көптеген басты рөлдерді сомдап, көрермен қошеметіне бөленген. Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымында Баянды, Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» пьесасында Жансұлуды, Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзінде» Ақбаланы, Әбділда Тәжібаевтың «Той боларда» Айбаланы, Бикен Римованың «Абай-Әйгерім» қойылымында Әйгерімді сомдап шықты.  Одан бөлек шетел және орыс классикасы мен қазіргі авторлардың пьесаларында тамаша көркем бейнелер жасады. Торғын Тасыбекова кино әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 1966 жылы Қазақфильм түсірген Қазақтың халық әншісі Майра туралы «Ән қанатында» фильмінде басты рөлді сомдады. 

Сәбит Бейсенұлы Құдайбергенов – қазақстандық әскери қайраткер, генерал-майор. Ол 1960 жылы он бесінші тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1997 жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдаған. Әскери қызметін Германиядағы Кеңес әскерлері тобында взвод командирінен бастаған. Азаматтық қорғаныс саласында полк командирінің орынбасары болған. Орталық аппаратта Құжаттық қамтамасыз ету департаментінің бастығы, ТМД елдері үйлестіру штабында өкіл болған. Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Құрлықтағы әскерлер әскери институтын басқарған. Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Асқар Тастайұлы Шайхиев – қазақ жігіттерінің арасынан самбо күресінен шыққан екінші әлем чемпионы, данқты балуан. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Ол 1963 жылы он бесінші тамызда қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен Сырым батыр туған Жымпиты (Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы) топырағында дүниеге келген. Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-интернатының түлегі. Сол мектепте жүріп, спортқа әуес болып, облыстық біріншіліктерден жеңімпаз атанды. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында білім алды. 1988 жылы Жапонияның Токио қаласында самбодан Әлем кубогын иеленді. Араға бір жыл салып, 1989 жылы Әлем чемпионы атанды. Спортшылық жолын аяқтағаннан кейін Асқар Тастайұлы Батыс Қазақстан облыстық ОРМБЖМ-де дзюдо күресінен жаттықтырушы, кейіннен Батыс Қазақстан облысының дзюдо федерациясының атқарушы директоры қызметін атқарды. 2000 жылы 36 жасында Орал қаласында дүниеден өтті. 2003 жылы Асқар Шайхиевтың атындағы таэквондо спорт клубы құрылып, содан бері жыл сайын оқушылар арасында республикалық деңгейде таэквондодан жарыс өтіп келеді. Туған өлкесі Ақ жайықтың даңқын аспандатқан балуан Асқар Тастайұлының атында Сырым ауданында спорт кешені бар. Орал қаласының құрамындағы Зашаған кентінде көше бар. Туған ауылы Қызылтаң төрінде ескерткіш тақта мен көше аты бар. 

15 тамыз - Әлемде

15 тамыз – Үндістан Республикасының Тәуелсіздік күні. Жыл сайын Үндістан он бесінші тамыз күні Ұлттық мейрамдарының бірі саналатын Тәуелсіздік күнін тойлайды. Тәуелсіздік күні – бұл Үндістан тарихында Ұлыбританиядан тәуелсіз мемлекетке бөлінген күнді белгілейді. Бұл тарихи күн 1947 жылдан бері тойланып келеді. 1947 жылы 15 тамызда Үндістанның тәуелсіздігі (Indian Independence Act) туралы заң күшіне енеді. Осы күні Делидегі Қызыл Форт қабырғаларының үстінде Үндістанның бірінші премьер-министрі Джавахарлал Неру мен сол жерге жиналған көптеген адамдардың көмегімен үш түсті Үндістанның туын көтереді. Осылайша, ежелгі ел тарихындағы жаңа кезеңді бастайды. Туды көтеру рәсімі осы күні елдің көптеген қалаларында, тіпті ауылдарында өтеді. Барлық ресми сөздер, әдетте, Үндістанның тәуелсіздікке жетудегі қиын жолын, ұлт-азаттық күрестің даңқты дәстүрлерін еске түсіретін тарихи экскурсиялардың енгізілуімен біріктіріледі. Тәуелсіздік күніне орай штат губернаторлары мерекелік қабылдаулар ұйымдастырады. 1950 жылы Үндістан республика болып жарияланғанға дейін Тәуелсіздік күні барлық мемлекеттік органдардың, жеке өнеркәсіп пен сауда кәсіпорындарының ресми демалыс күні болған жалғыз ұлттық мереке болды. 1947-1949 жылдары осы мерекеге орай елордада әскери шеру өткізілді. Үндістанның барлық азаматтары ұлтына немесе дініне қарамастан тойлайды. Белгілі бір мағынада бұл мереке демократиялық Үндістанның ел бірлігі мен ұлттық рухын нығайтуға деген ұмтылысын білдіреді. Үндістан Республикасы – Оңтүстік Азияның Үнді түбегінде орналасқан мемлекет. Үндістан ежелден аса бай мәдениеті мен өзіндік өркениетімен әйгілі елдердің бірі. Бүгінгі таңда халқының саны бойынша әлемдегі алғашқы ел. Жан саны 1 млрд 400 миллионнан астам. Астанасы – Дели қаласы. Азия құрлығында Қытай, Бутан, Бангладеш, Непал, Мьянма мемлекеттерімен шектеседі. Үнді мұхиты алабымен, Гималай тауларынан көрікті шыңдарымен жалғасып жатқан мемлекет. Ресми тілдері – хинди және ағылшын. Үндістан – федеративті республика, құрамына 25 штат пен 7 одақтық аумақ кіреді. Мемлекет басшысы – президент. Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар 1992 жылғы ақпаннан басталды. Екі ел де Орталық Азия өңірінде ауқымды коммериялық және стратегиялық әріптестік орнатып келеді. Үндістан алғашқылардың бірі болып Қазақстан Тәуелсіздігін мойындады. Үндістанның қазақ еліндегі елшілігі 1992 жылы мамыр айында Алматы қаласында ашылды. Араға бір жыл салып, Қазақстанның Үнді еліндегі елшілігі Нью-Дели қаласында ашылды. Содан бері Үндістан мен Қазақстан АӨСШК, ШЫҰ және БҰҰ ұйымдарынан тұратын көпжақты форумдар шеңберінде әріптестік байланыстар орнатқан. 

15 тамыз – Коста-Рикада аналар (Día de la Madre) күні. Орталық Америкның бұл елінде жыл сайын аналар күні аталып өтіледі. Бұл күні барлық аналар мен әжелерге сыйлықтардың барлық түрлері беріледі. Отбасылар әулеттің үлкеніне жиналып, аналарына құрмет көрсетеді. Сол күні дәстүрлі ұлттық тағамдарына әзірлеп, дастарханға тауық қосылған күріш, қара бұршақ пюресі, қытырлақ картоп, қызанақ қосылған жаңа қырыққабат салатын қояды. Отбасы мүшелерінің бірі ортаға шығып, анасына ыстық лебізін, тілегін жаудырып, «Құдайға осындай керемет анасы болғаны үшін алғысын» айтады. Одан кейін аналары мен әжелеріне дайындаған сыйлықтарын көрсетіп, әрбірі өз лебізін білдіріп ұсынады. Жылы естеліктерін, әзілдер мен күлкілі әңгімелерін айтады. Коста-рикалықтар би дәстүріне жақын. Олар ұлттық билерін билеп, аналары мен әжелерін де сальса немесе кумбияның көңілді әуенінде билетеді. Аналар күні - ресми жалпыхалықтық демалыс күні болып есептеледі. 

15 тамыз – Археологтар күні. Бүгін әлемде археолог күнін атап өтеді. Мейрамды тек осы мамандыққа қатысы бар адамдар ғана емес, сонымен бірге тарихты зерттеп, қазба жұмыстарына қызығушылық танытатындар да тойлайды. Бұл атаулы күннің тарихы қандай да бір оқиғалар мен жаңалықтармен байланысты болмаса да, әлемнің археологтары оны кәсіби мереке ретінде тойлайды. Әлем елдерінің ресми мерекесі саналмайды. Бұрынғы Советтік елдердің құрамында болған Ресей, Беларусь, Қазақстан және Украина археологтары өздерінің кәсіби мерекелерін 15 тамызда атап өтіп келеді. 2008 жылдан бері Украинаның ресми мейрамы қатарына қосылды. Бұл күн әдетте археология ілімімен таныстыруға арналады.  Дегенмен, тарихи күнді атап өтудің тарихы жайында бірнеше нұсқа бар. Солардың бірі, яғни 15 тамызда археолог күнін атап өту дәстүрі Ресейде 1930 жылдары советтік археолог ғалым, профессор, Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі  Владислав Равдоникастың бастамасымен қалыптасты. Археолог  1934-1959 жылдар аралығында Санкт Петербург маңындағы орта ғасырлық «Ескі Ладога» елді мекенінің қазба экспедициясын басқарды. Тағы бір нұсқа бойынша, соғыстың алдында Новгород қаласында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан жас археологтар тойлағысы келіп, экспедиция басшылығына барып: «Бүгін мереке. Бұл күнді атап өтуіміз» керек дейді. Сол кезде экспедиция жетекшісі советтік археолог ғалым, тарихшы Артемий Арциховский жас мамандардан «Қандай мереке» деп сұрайды. Жас археологтар Арциховскийге: «Бүгін үлкен мереке. Александр Македонскийдің аты Буцефалдың туған күні» деп жауап береді. Бұл шамамен 1940 жылдың он бесінші тамызындағы уақиға.  Кейіннен Буцефалдың туған күні ұмытып, орнына археологтар күні аталып өтілді. Тағы бір нұсқаларда даңқты археолог ғалым, Оңтүстік-Батыс Еуропаның неолит, энеолит және қола дәуірін зерттеуші Татьяна Пассектің туған күнімен байланыстырады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сталин атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Татьяна Сергеевна 1903 жылы он бесінші тамызда Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. Советтік археология саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ғалым. 100-ден астам зерттеу мақалалардың авторы.   

Археология - (грек тілінен archaios - ежелгі және logos  - ілім) – яғни тарих ғылымының ежелгі дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамы дамуының заңдылықтарын, бізге жеткен материалдық ескерткіштер бойынша ежелгі халықтардың өмірі мен мәдениетін, адамзат өмірінің негізгі кезеңдерін зерттейтін ғылым саласы. Бұл мүлдем бөлек ғылым. Барлық тарихи оқиғалар жазбаша дереккөздерге немесе археологияға сәйкес белгіленеді. Жазбаша хабарламалар өте аз, ал тұрмыстық материалдар кейде сіз ойлағаннан да көп. Әйгілі археологиялық жаңалықтардың қатарына ежелгі әлем әлемінің жеті кереметінің бірі – кіші Азияның Эфес қаласында салынған Эфес Артемида ғибадатханасының қирандылары жатады, Мысырдағы Перғауын Тутанхамонның қабірі, Патшалар алқабындағы саркофагтар, аңызға айналған лабиринттің қалдықтары-Минотавр сарайы, қытайлық «Терракота армиясы», қазақ жеріндегі сақ-скиф қорғандары, Ботай кешенінде табылған жылқы сүйектерінің қалдықтары, Андронов мәдениетінің құнды ескерткіштері, Орталық Қазақстандағы қола дәуіріне жататын Беғазы-Дәндібай, Ұлытау, Беласар, Атасу, Бұғылы қоныстары, Есіктегі сақ қорғандары, Берелдегі алтын адам кешендері тағысын тағы ескерткіштерді жатқызуға болады.  Ресейде археология Петр I дәуірінен бастап дами бастады. Ол 1714 жылы «әркім әр түрлі ежелгі жерлерді жинайды» деген жарлық шығарды. Сол жылы Санкт-Петербургте алғашқы Ресей мемлекеттік қоғамдық мұражайы - Кунсткамера құрылды. Ол үшін ежелгі олжалар жиналды. Зерттеу мақсатымен қорғандарды қазу басталды, жекелеген ескерткіштер қалпына келтірілді. ХІХ ғасырдың ортасында Санкт-Петербургте Санкт-Петербург археологиялық-нумизматикалық қоғамы құрылды. Оны Өнер академиясының президенті Лейхтенберг Герцогы Максимилиан басқарды. 1849 жылы қоғам «империялық археологиялық қоғам» болып өзгертіліп, 1924 жылы Материалдық мәдениет тарихы академиясының құрамына енді. 1859 жылы император Александр II отандық археологияның алғашқы мемлекеттік мекемесін құра отырып, Императорлық археологиялық комиссия туралы ережені бекітті. 1917 жылғы төңкерістен кейін Комиссия материалдық мәдениет тарихы институты болып қайта құрылды, кейінірек Ғылым академиясымен біріктірілді. Елімізде 1946 жылы Қазақстан ғылым академиясының құрамында Тарих, археологиялық және этнографиялық институт құрылды. Ал 1991 жылы Археология бөлімі негізінде жеке Археология институты құрылды. Сол жылы оған археология мектебінің негізін қалаушы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы Әлкей Хақанұлы Марғұланның есімі берілді. 1946-1953 жылдары археология бөлімінің алғашқы меңгерушісі Әлкей Марғұлан болса, кейіннен 1953 жылдан бастап бөлімді Кемел Ақышев басқарды. 1991 жылғы дербес Институттың құрылуы, бүкіл дүние жүзілік өркениеттің бір бөлшегі ретінде, халықтың даму уақытын зерделеуге, оның өткен кезеңін, мәдени мұрасын зерттеуге байланысты, Қазақстанның археология және тарих ғылымының әрі қарай дамуына мұрындық болды. Бүгінгі таңда институтты тарих ғылымдарының кандидаты, тарихшы Ақан Оңғарұлы басқарады. 

15 тамыз – Тыва Республикасының туған күні. Жылда он бесінші тамызда Тыва Республикасы туған күні атап өтеді. Бұл атаулы күнді тывалықтар 1999 жылғы он екінші ақпандағы №143 жарлығымен  «Тыва Республикасының мереке күндері туралы» Заңымен бекіткен.  Республикада бұл күн демалыс күні болып табылады және мерекелік, салтанатты және спорттық іс-шараларға толы. Республиканың қос атауының шығу тегі туралы бірден айтайық. Тыва - байырғы тұрғындардың (тувалықтардың) этникалық атауы. Ал Тува - орыс тіліндегі атаудың нұсқасы. Республиканың 2001 жылғы қолданыстағы Конституциясында Тыва және Тува атаулары бірдей. Тыва Республикасы – Азияның кіндігінде орналақан. Саян тауларынан ағып өтетін Ұлы Енисей өзенінің жоғары ағысындағы тарихи өлке. Жерінің сексен пайыздан астамы тау мен орман. Тыва Республикасы Моңғолия Халық Республикасы, Красноярск өлкесі, Иркутск облысы, Бурятия және Алтай Республикаларымен шектесіп жатыр. Астанасы – Қызыл қаласы. Ресейдегі теміржол қатынасы қолға алынбаған Республикалардың бірі. Жерінің басым бөлігін таулы аймақ алып жатқандықтан, бұл аймаққа қатынаудан қиын. Төтенше жағдайларында тікұшақтармен қатынас жасайды. Дегенмен орыстар «Ұраңқай өлкесі» деп атаған Тыва жері ежелден тарихи мекен. Бұл жерлерді игеру тас дәуірінен басталған.   Бұл өлкені әр тарихи кезеңдер де сақ-скифтер, ғұндар және түркі тайпалары, ұйғырлар, қырғыздар мекендеген. Тувалықтардың өздері де ұлт ретінде өте ежелгі тарихқа иеміз деп санайды. Өткен ғасырдың басында Ұраңқай өлкесі деп аталатын жер Енисей губерниясында болып, оған 1914 жылы Тува кірді. 1921 жылы  Танну-Тува тәуелсіз халық республикасы құрылды. (Танну туваша – «таулы»). 1922 жылдан өз алдына мемлекет құрып, 1926 жылы ол Тува Халық Республикасы болып өзгертілді. 1944 жылы ғана КСРО құрамына енген.  Ол кезде ол өзінің атрибуттары: Конституциясы, туы, елтаңбасы, алтын қоры, бюджеті және КСРО мен Моңғол Халық Республикасындағы өкілетті өкілдіктері бар толыққанды мемлекет болды. 1961 жылдың қазан айында облыс Тува АССР болып қайта құрылды, 1991 жылдың 28 тамызында Тыва Республикасы болып өзгертілді. 

Кейбір тарихи әңгімелер: «Нацистік Германия советтер еліне басып кіргенде, Тыва Германияға қарсы бірінші болып соғыс жариялаған. Бұл – тарихи факт. Гитлер әлем картасынан Тываны таба алмай: «Бұл қандай ел?» деп аң-таң болған. Дегенмен екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Қызыл әскерге Тывадан жылқылар, тонна еттер, қой жүндері, әскери киім-кешектер жөнелтілген. Тыва өлкесін орыс және моңғолдың атақты ғалымдары Радлов, Катанов, Грумм-Гржимайло, Клеменц, Потаниндер зерттеген.  Тыва көрікті жерлерге бай. Мұнда қызықты этникалық дәстүрлер мен көптеген тарихи-мәдени кешендер ғана емес, бай фауна мен флора да жеткілікті.  Тыва республикасында  16 қорық, 14 табиғи ескерткіш кешені бар. Туристер мұнда жүзден астам «аржаандарға» немесе бұлақтарға (емдік бұлақтар) барады. Тывада тарихи - мәдени мұра ретінде дәстүрлі көшпелі тұрғын үйлер – киіз үйлер өте көп. Әрбір тұрғынның өзінің жеке киіз үйлері бар. Олардың ұлттық музыкалық өнерлері – көмеймен ән айту. Бұл дәстүрді тамашалауға тываға ағылған туристер қаншама. Тывалықтардың ұлттық тағамдарына ет пен сүттен жасалған өнімдер жатады. Күнделікті өмірде тывалықтар түйе еті, топоз еті, бұғы еті, жылқы еті сияқты экзотикалық ет түрлерін жейді, жаңа қой еті деликатес болып саналады. 

15 тамыз – Грекияда Әулие құдай ананың жорамалы (the falling asleep of the Virgin)  күні. Бұл тарихи күн үміт пен тыныштықтың символы болған Құдай анасының құрметіне аталған күн. Бұл күні Грекияда ұлттық демалыс күні белгіленіп, тұрғындар 15 тамызға дейін екі апта бойы ораза ұстайды. Қасиетті ханымның барлық шіркеулері мен монастырларында салтанатты мерекелер өтеді. Мұндай жерлердің ішіндегі ең танымалдары - Цикладтардағы Панагия тис Тину және Вермиондағы Панагия Умела шіркеулері. Бұл жерлерге мыңдаған адамдар, тіпті алыс Австралиядан, Америкадан, Канададан келген гректер де Құдай анасына табыну үшін барады. Панагия монастыры Мацука таулы ауылында, Требизундтан 42 шақырым жерде орналасқан. Кіші Азия соғысынан кейін (1912-1922) мыңдаған гректер өлімнен құтылу үшін Түркия аумағынан кетіп бара жатқанда, понтикалық гректердің бірі, белгілі саясаткер, Греция депутаты Леонидас Ясонидис Түрік билігімен келісіп, Панагияның керемет белгішесін Грецияға көшіре алды. Аңыз бойынша, бұл белгішені Афиныдағы Елші Лука өзі салған және ол түсінде грек монахтарына монастырь қайда салу керектігін көрсеткен. Грецияда белгіше отыз жылдан астам уақыт бойы Афины тарихи мұражайының қазынасында сақталған. 1992 жылы 1953 жылы Верия қаласының маңындағы тауларда понтикалық босқын гректер жинаған қаражатқа салынған «Панагия умела» атты жаңа шіркеуге берілді. Бүгінде елдің түкпір-түкпірінен және шетелден мыңдаған қажылар оған табынуға және одан рақым сұрауға келеді.

15 тамыз – Поляк Халық армиясы күні. Жыл сайын он бесінші тамызда Польшада Поляк Халық әскерінің мерекесі (Świöto Wojska Polskiego)  тойланады. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, 1920 жылы тамыз айында Қызыл Армияның (әйгілі әскери қолбасшы М. Тухачевский басқарған) Батыс майданы мен Поляк Армиясы арасында Варшава шайқасы болды. Соғыстың екінші күнінен бастап поляк әскерлерінің бетбұрысына мүмкіндік пайда болды. Осылайша екі жаққа да ауыр болған шайқастан  Қызыл Армия Варшавадан шегінді. 1920 жылы 16 тамызда поляк әскерлері шабуылға шықты. Поляктардың Кеңестік Армия әскерлерімен соғысы 1939 жылға дейін жалғасты. Сондықтанда бұл тарихи күн 1919-1921 жылдардағы Кеңес-поляк соғысы кезінде Қызыл Армия мен Поляк әскері арасында болған Варшава шайқасын еске алу үшін атап өтіледі. Бүгін Польшада бұл мемлекеттік мереке санатында жатады. Варшаваның басты алаңында Польша Қарулы Күштерінің барлық түрлері — Құрлық әскерлері, Әуе және теңіз күштері, Арнайы әскерлер мен аумақтық қорғаныс әскерлері қатысатын әскери шеру өтеді. Митингілерде сөз сөйлейді. Соғыс тақырыбындағы кинофильмдер көрсетіліп, көрмелер, театр қойылымдары өтеді. 

15 тамыз - Панама-Виехо Күні (Ескі Панама). 1519 жылы Американың Тынық мұхиты жағалауында Панама-Виехо қаласы яғни ескі Панама құрылды. Бұл Оңтүстік Америкадағы ең көне еуропалық қоныстардың бірі. Сол уақыттан бастап Панама Испанияның отарына айналды. Панама жерін 1501 жылы испан конкистадоры Родриго де Бастидас ашты. Сондықтан жыл сайын Панама халқы он бесінші тамызда Панама-Виехоның құрылған күнін атап өтеді. Қалада бұл күн ресми демалыс күні болып белгіленеді. Бұл күндері панамалықтар ХV ғасырда теңіз қарақшыларынан қираған қаланың ежелгі қирандыларын еске түсіреді. Астананың бұл тарихи бөлігін мемлекет қорғайды. Панама-Виехо (ескі Панама) археологиялық орындары мен Панама қаласының тарихи бөлігі 1997 және 2003 жылдары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енді. Ескі қала - Панама-Виехо -қаланың орналасу идеясының дамуын және әртүрлі стильдердің испан, француз және жаңадан пайда болған американдықтардың ерекше қоспасын көрсететін тіктөртбұрышты тордың орналасуы болды. XIV-XV ғасырлардағы көне қаланың бүгінгі күнге жеткені көне ғимараты мен қирандылары ғана. Көне қала бөлігінде ескі собор, университет, қарақшылардың шабуылынан қорғану үшін салынған қорған бекіністер, Санто-Доминго және Сан-Франциско шіркеулері, Сан-Хосе шіркеуі, Ла компания де Хесус және ла Консепсион, Ла Мерсед монастырының қирандылары, Король көпірі, сондай-ақ XVII-XVIII ғасырлардағы бірнеше шіркеулер таңқаларлықтай жақсы сақталған. XVII ғасырдың ортасында ескі қала қалдырылып, орнына жаңа Панама (Жаңа Панама қаласы) қаласы салынды. Жаңа Панама 1673 жылы 21 қаңтарда құрылды және бастапқы орналасуын сақтап қалды. 

15 тамыз – Конго Республикасының Тәуелсіздік күні. Жыл сайын Конго он бесінші тамыз күні  Ұлттық мейрамдарының бірі саналатын Тәуелсіздік күнін тойлайды. Биыл олардың тәуелсіздікке қол жеткендеріне алпыс төрт жыл толып отыр.  Бұл күн конголықтар үшін ұлттық даму векторын өз бетінше анықтау құқығын қорғаған ел тарихының отаршылдық кезеңінің аяқталуын білдіреді. 1960 жылы 15 тамызда Конго Франциядан тәуелсіздігін алып, өзін жеке дербес ел ретінде мойындады. Конго өзенінің сағасында болған алғашқы еуропалықтар XV ғасырда португалдықтар болды. Бірақ бұл аумақты отарлау XIX ғасырдың аяғында француздар келген кезде басталды. Олар барлық жергілікті тайпа көсемдерімен протекторат туралы келісімдер жасай алды. Жаңадан құрылған отаршылдық Домен Француз Конго деп аталды. Оның аумағын екі колонияға бөлу туралы шешім қабылданды. Екі колония да Француз Экваторлық Африкасының бөлігі болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік отарлық жүйе құлдырай бастады. Метрополиялар өз колонияларының саяси құқықтарын кеңейте бастады. Орта Конго Францияның шетелдегі аумағы мәртебесіне ие болып, Француз қоғамдастығының құрамындағы автономиялық республика болды. Осы уақытқа дейін Конгода бірнеше саяси партиялар құрылды, олардың ішіндегі ең ірілері: Демократиялық одақ және Африка Социалистік қозғалысы. Автономиялық республика мәртебесін алғаннан кейін этносаралық қақтығыстармен, әсіресе мбоши мен лали тайпалары арасындағы осы партиялардың жақтастары арасында қанды қақтығыстар басталды. Нәтижесінде социалистерді тиімді түрде жеңген Демократиялық одақ жеңіске жетті. Конго Республикасының Тәуелсіздігі 1960 жылы 15 тамызда жарияланды. Конго Республикасының алғашқы президенті Фулбер Юлу болды. Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бері тура үш жыл өткен соң республиканың Тұңғыш Президенті экономикалық жағдайдың нашарлауы аясында әкімшілік аппараттағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы одақтар тарапынан күшті наразылық білдіру нәтижесінде құлатылды. Елдің ресми тілі -  француз және ұлттық тілдері кең таралған (елдің солтүстігінде лингала, оңтүстігінде монокутуба). Конго – Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Конго – негізіне қазба байлықтары жетерлік мемлекет. Африка елдері арасында мұнай өңдіру бойынша алтыншы орында тұр.  Конго Республикасы батысында Габонмен, солтүстігінде Камерунмен және Орталық Африка Республикасымен, шығысында Конго Демократиялық Республикасымен, оңтүстігінде Анголамен (Кабинда провинциясы), оңтүстік-батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы – Браззавиль қаласы. Мемлекет басшысы – Президент. Заң шығарушы органы екі палаталы парламент – Сенат және Ұлттық жиналыс. Конго Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1999 жылдың 21 қыркүйек айында орнады. Елдер арасында дипломатиялық миссиялар жоқ. Қазақстанның Эфиопиядағы елшілігі Конгоны да қамтиды. Айта кетер болсақ, үстіміздегі жылдың тамыз айында Қазақстанға Конго Республикасының президенті Дени Сассу-Нгессо ресми сапармен келген болатын. Сол сапарында екі ел арасында бірнеше құжаттарға қол қойылды. Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өңдірісі салаларында бірқатар маңызды жобаны бірлесе жүзеге асырады. 

15 тамыз – Корея Республикасының Ұлттық мейрамы – Республика жарияланған күні. Жыл сайын он бесінші тамызда Оңтүстік Корея Кореяны азат ету күнін атап өтеді (光復節, кор. 광복절).  Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, 1945 жылы 15 Тамызда Корей түбегіндегі соғыста жапония империя жеңіліп, кореялықтар жапон билігінен тәуелсіз болады. Оңтүстік Кореяда мерекенің атауы сөзбе-сөз аударғанда «Жарықтың оралуы» дегенді білдіреді. Солтүстік Корея еліде 15 тамызды Отанын азат ету күні ретінде атап өтеді.  1949 жылы 1 қазанда Корея «Ұлттық мерекелер туралы Заңын»  қабылдады.  Аталған заңға сәйкес Тәуелсіздік күні, Конституция күні, Ұлттық құрылу күні, Кореяны азат ету күні Мемлекеттік мерекелер санатына қосылды. Жапония 1937 жылы қытай-жапон соғысын бастады. Араға төрт жыл уақыт салып, Тынық мұхиты соғысын бастау үшін АҚШ-қа шабуыл жасады. Алайда, 1945 жылы 15 Тамызда Жапония одақтастарға сөзсіз берілетіндігін жариялады. Сол арқылы Корея тәуелсіздігін қалпына келтіре алды. 1946 жылы 15 тамызда Корея азат етудің бірінші жылдығын атап өтті. Сол және оң қанаттар үшін бөлек рәсімдер өткізілгенімен, бұл күн ұлттық мерейтой ретінде тойланды. 1948 жылы 15 тамызда Корея Үкіметі құрылды. Корея – Шығыс Азиядағы Корея түбегінде орналасқан мемлекет. Астанасы – Сеул қаласы. Әкімшілік жағынан тоғыз провинция және бір орталыққа бағынатын алты қаладан тұрады. Мемлекет басшысы – Президент. Заң шығарушы органы – Ұлттық жиналыс. Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея арасындағы халықаралық қатынастар 1992 жылы 28 қаңтарда орнады. Бүгінгі таңда Оңтүстік Кореяда Қазақстанның көптеген азаматтары уақытша тұруда. Олардың көбісі шағын және орта кәсіпорындарда жұмыс істеуде. Қазақстанның Корея еліндегі елшілігі 1996 жылы Сеул қаласында ашылды. Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігі 1993 жылы Алматы қаласында ашылды.