Атақты Сүлеймен бидің ұлы Қанағат болысты орыстың офицері неге іздеді?
Бөлісу:
30.09.20241373
Қазақ тарихында өз деңгейінде зерттелмей жатқан тұлғалар әлі көп. Солардың бірі - Қанағат болыс Сүлейменұлы. Қанағат Сүлейменұлы өз заманының көзі ашық азаматы, Семей өңірінің дамуына үлес қосқан белгілі мецанаттарының бірі болғаны белгілі.
Қанағат болыстың әсіресе туған өңіріне деген ықыласы ерекше болған. Өңірдің талапты жастарын медреседе оқытып, кейіннен ауылында жаңаша және орыс тілінде сауат ашатын мектептер ашқан. Белгілі зерттеуші-ғалым, этнограф Зейнолла Сәніктің еңбектерінде Қанағат болыс ашқан мектептерге қатысты мынадай дерек келтіреді:
«1914 жылғы «Айқап» журналының 30 қараша күнгі санында сол журналдың тілшісі Т. Ғаппасов өзінің «Бакыт каласы» атты жол естелігінде Қанағат болыспен сұхбат өткізіп, ол кісінің Бақты медресесінен ілгерінді-кейінді 50-70-тей адамды оқытқандығын, медресе ұстазының ол кісіні «бұл өзі Құдай артықша жараткан адам...» деп алқағандығы жазған. Біздің елдегі Сейілхан, Нұртаза аталарымыз бен Әсет акын катарлы оқымыстыларды Қанағат болыс сол медреседе оқыткан деген сөз бар...»
Өкінішке қарай, басындай айтып өткеніміздей өз заманының арысы болған Қанағат болыс туралы зерттеулер тым аз. Ғаламтор бетінен де тұщымды ақпарат табу қиын. Сол себепті, бұл материалымызды этнограф Зейнолла Сәнікұлы және белгілі қаламгері Аманжан Жақыповтың зерттеулері негізінде беріп отырмыз. Сол секілді автордың өзі де Қанағат болыс туралы ақпараттың аз екендігі сөз еткен.
Енді зерттеуші Зейнолла Сәніктің атақты Сүлеймен бидің ұлы Қанағат туралы келтірген деректеріне назар аударсақ:
«2005 жылғы «Қазақ тарихы» атты ғылыми журналдың 1-санына Қазақстанның Үржар ауданы, Қабанбай ауылындағы «Жарбұлақ» орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Ақан Омарғалиұлының «Қанағат болыс» атты көлемді мақаласы жарияланды. Осы мақалада «Сүлеймен бидің Әсет ақынға жасаған қамқорлығы, басына үй тігіп, бауырына жар сүюге көмек жасап, сол елдің серісі еткен де Сүлеймен, Сүлейменнен кейін Сүлейменнің Қанағаты еді» деген мәліметтер айтылады.
«Әсетті 1913 жылы Қапшағайда өткізілген Романовтардың 300 жылдық тойына апарып, күллі үш жүзге танытқан адам да, кейін 1918 жылы Шәуешекке ертіп барып, Қытай қазақтарына танытқан да сол Қанағат болыс еді», - делінеді ол деректе».
Автор Әсет ақынды 1918 жылы Шәуешекте болған алаш ардагерлерінің түселіне ертіп барған адамның расында да осы Қанағат болыс екенін нақтылай түседі. Дәлел ретінде осы уақиғаның куәгірлерінің бірінің сөзін берген:
«Осы бір тарихи уақиға жөнінде Мұқаметжан атамыздын кызы Никар апай Бафина әкесінін естелігін былай деп баяндайды:
«1918 жыл, апрель айы еді. Шәуешекке келген қазақ жазушылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов һәм Райымжан Мәрсековтердің құрметіне Шәуешектегі қазақ зиялы жастары бір қонақ мәжіліс жасады... Қадірменді Канағат болыс ибн Сүлеймани Бақтыдан жолдастарымен жеті-сегіз адам келіп қатынасты. Солардың арасында Әсет ақын да бар еді. Әсет ақынды содан 4 жыл бұрын Әлімғазы болыстың ата жұртында Еміл бойында Мехман болып конған кезімде көргем және салған әндерін естіген едім...» («Қазақ әдебиеті», 1990 жыл, 20-саны).
Суреттегі адамдардын отырған және тұрған орындарына әрі Қанағат болыстың Алаш ардагерлерінің қатарынан орын алғандығына қарап, ол кісінің солардың ортасында үлкен беделге ие екендігін аңғаруға болады. Мұқаметжан атамыздың суретке берген түсінігінде: «Орындыкка отырған 5 адам солдан оңға қарай бірінші адам Үржарлык судья Аманжолов, екінші Міржақып Дулатов, үшінші Ахмет Байтұрсынов, төртінші - Райымжан Мәрсеков, бесінші - Қанағат болыс ибн Сүлеймен. Өкінішті жері ол кісінің бетін Нияз деген адамның қолындағы қағазы қалқалап қалған...», - делінген.
Мұқаметжан суретші Әсетті «Ахмет Байтұрсындармен бірге суретке түс» деп «дағуат» кылса да, Әсет: «Бұлар дария-теңіз, асқан ақын адамдар, ал мен олардың қасында кішкене бұлақпын...», деп олармен қатар отырғысы келмеген. Сонымен Әсет сол шеттеп отырған жерінде суретке түсіп қалған. Бұдан біз Әсеттің Ахмет, Міржақып сияқты алып- тарға құрметпен қарап, олардың білімін, ақындық дәрежесін жоғары бағалайтындығын әрі өзінің кішіпейіл, асыл мінезді адам екендігін көре аламыз.
Осы реткі кездесуден кейін Қанағат болыс сол ардагерлерді өз ауылына қонаққа шақырып апарады. Сол жерге бұрынырақ барып ауқаттанып алған біздің атамыз Сейілхан зәңгінің ауылында, Нұртаза үкірдайдың ауылында бір-екі жұмадай болғаны мәлім. Өйткені Сейілхан атамыз бұрынырақта Абай өлеңдерін және сол кездегі солар шығарып тұрған қазақша газет-журналдарды алдырып оқып тұрған екен. Оның біздің ауылда қалған айқын іздері - солардай болса екен деген арманмен сол жылы дүниеге келген ер балалардың атын Міржақып, Қалихан, Дулат, Ахмет, т.б. деп қойған. Біз сол ағаларымыздың алдында өстік. Сондай-ақ солармен бірге барған Райымжан Мәрсеков пен Шерияздан Мәрсеков екеуін сол елге мұғалімдікке алып қалған. Біздің елдің бірқыдыру оқымысты адамдары сол кісілерден оқығандығын айтып отыратын.
Тарихта қалған бұл суретті Мұқаметжан Юсупов деген суретші (потретші) тартқан.
Алашорда делегациясы Қытайда.
Түрегеп тұрғандар (солдан): 1) Хасен палуан; 2) Палуан Ыскак; 3) Рақымжан; 4) Хасенжан (Аягөз молданың күйеуі); 5) Нияз Ыскак; 6) Ғариф Борнаш; 7) Ғафиз Оразалин; 8) ... 9)... 10)... 11) Қабыш Сейфуллин; 12) Зейнун Сейфуллин; 13) Мұхамеджан (өзі аппаратты дайындап қойып, жүгіріп барып тұра қалған). Ең соңында оңаша отырған Әсет Найманбаев. Орындықта отырғандар: 1) Садық Аманжолов; 2) Міржақып Дулатов; 3) Ахмет Байтұрсынов; 4) Ыбырайым Жайнақов (?). Алда отырғандар: 1)... 2) Ғани кари; 3) Ибраһим Құлмұхамбетов; 4) Сабыржан Хамиди; 5) Сербосын (наубайшы); 6) Мұнда Нияз ахунның қолын қалқалап қалған, орындықта отырған Қанағат болыс ибн Сүлеймен. Шәуешек. Сәуір, 1918 жыл.
Зерттеушінің айтуынша, Қанағат Сүлейменұлы 1894 жылы Ой Мәмбет еліне болыс болып сайланады. Бұл кез Қанағаттың 27 жасқа шыққан кезі екен. Қанағат болыстың тұсында ел арасындағы дау-шар азайып, ағайын арасындағы келіспеушілік азайып, жайма-шуақ бір заман болып тұрған. Бірақ бұл кезең ұзаққа созылмайды.
«Байжігіт-Мәмбет елінің ел ағалары Әділбек батыр, Сүлеймен би бастаған үлкен шоғыр дүниеден өткеннен кейін бұл елге солардың ұрпақтарынан Қанағат болыс, Әлімғазы болыс және Қален батырлар тұтқа болып тұрды. Бірақ сол кездегі қазақ қоғамының аянышты тағдыры бұрынғыша күйкі күйден арыла алмады. Ақ патшаның ауыр алым-салығы мал-мүліктен асып, қазақ азаматтарының өзіне ауыз салды. Оларды топ-тобымен орыс әскерлеріне окоп қазуға айдап жатты. Оның үстіне 1916-1917 жылдардағы Қазан төңкерісі кезіндегі сұрапыл қырғындар, 1920-1930 жылдар аралығындағы ашаршылық пен қуғын-сүргін, орыс отаршылдарының басқа да азап-тозапты ауыр күндерін мұндағы қазақтар, сол қатарда Мәмбет елі сол кезде өздеріне әрі қорған әрі қормал болған Қанағат Сүлейменұлы мен Қален батыр Құсайынұлының мойнына түсіп, сол жолда өздерін құрбан етуге дейін барады...
1916 жылы ақ патшаның «июнь жарлығы» бойынша 18 бен 31 арасындағы қазақ азаматтарын тұтастай әскери салаға қабылдап, орыс әскерлеріне окоп казу міндетін арқалатканнан кейін сонан ығысқан бірқыдыру қазақтар Қытай жаққа қарай ағылады. Оның соңынан 1917 жылғы Қазан төңкерісі, 1918-1920 жылдардағы ақ патша әскерлерінің топ-тобымен Қытайға карай қашуы шекарада отырған Ақсуат, Үржар-Мақаншы, Қарағаш, Ұзынағаш бойында отырған калың каракерей елін қызыл қырғынның табанында қалдырады.
Жол бойында отырған осынау бейкүнә қазақтарды бері өтіп, ақ патшаның әскерлері, онан қалғанын оны куғындап келген қызыл үкімет тін әскерлері шауып, тонап, мал-жанын бірдей қырғындап, арт-артынан жалмап отырады. Осындай жағдайда Қожақұлдын болысы - Қанағат, Дауленнің болысы - Әлімғазы, Байғананың болысы Жасболат, Жұмықтың болысы Таңғыт, Тоқпақтың болысы Омарлар өзара ақылдасып «қорғану полкін» құрады. Оған Мәмбет жүздігі, Жұмық жүздігі, бұрынғы Бор батырдың немересі Әбдірахманның басқаруындағы дүнген жүздігі қатарлы 5-6 жүздік қарулы жасақ ұйымдасып, Қанағат болыстың басқаруында жұмыс жүргізеді. Кожакұл Кален батыр осы кезде шолғыншылық міндет өтеп, қырғыншылықтың қызыл табан жолында отырған халықты аман алып қалған еді», - дейді зерттеуші.
Қиын-қыстау замандарға қарамастан, Қанағат болыс дер кезінде тұтастай елін Қытай шекарасына өткізіп, Шағантоғайдың ішіне жасырып жүріп аман алып қалады. Кейін ебін тауып, сол жақтағы елмен араласып кетеді.
Қазақтың белгілі қаламгері Аманжан Жақыпов өзінің «Қанағат болыс» атты көлемді мақаласында «Қанағат болыс – қазақ халқының қазақ халқының тәуелсіздігі, туған елінің амандығы жолында өмір бойы аянбай күрескен, әрі сол жолда жанын пида қылған ірі тұлғалардың бірі деп баға берген екен.
Расында да Қанағат болыс ол жаққа барған соң да қарап жатпайды. 1930 жылдары қытайдағы халық ағарту ісіне араласады. Мектеп ашып, халықтық орталықтандыру ісіне ат салысады. Осылайша өзі бастап барған халықтың сауатын ашады.
Өкініштісі, 1938 жылы Гоминдаң лаңына ілігіп, тұтқынға алынады. 1940 жылы халық арасында «он мың кісілік ор» деп аталып кеткен лагерге жіберіледі.
«Жендет Шың Шысай Шинжаңдағы аз ұлт халқының игі жақсыларын, ауқатты байларын, көзі ашық зиялыларын дерліктей қамауға алып, қинаудың сан алуан түрле- рін қолданып, оларды арт-артынан көзін жоғалтып жатады. Қанағат болыс (1867-1942) пен Әлімғазы болыс (1883-1942) бір уақыттың ішінде катыгез Шың Шысай жағынан қазаға ұшырап, халқын ауыр қайғыға душар етіп, арман құшағында о дүниеге аттанған еді. Сол кезде Қанағаттын 75 жаска, Әлімғазының 60 жаска қараған шағы болатын», - деп суреттеген екен бұл Зейнолла Сәнік бұл оқиғаны.
Қанағат болыстың қайырымдылығы
Белгілі зерттеуші белгілі зерттеуші-ғалым, этнограф Зейнолла Сәніктің еңбектерінде Қанағат болысқа қатысты бір қызық жайтты келтірген. Кейін елдегі саяси жағдай реттеліп, Қытай асып кеткен ағайындар қайтадан Қазақ даласына көшіп келе бастайды. Сол көшіп келген аағйындар арасында бір орыстың жігіті Қанағат болыстың ұрпақтарын іздеп жүр екен деген сыбыс тарайды. Қытай мен орыстың саясатынан әбден қорқып қалған ағайынға расы керек бұл хабар өте тосын болады. Кейін сұрастыра келе расында да Василий Гунькин деген бір орыс азаматының Қанағат болыстың ұрпақтарын сұрастырып жүргеніне көздері жетеді. Кейін оның не мақсатпен жүргенін білген жұрт тіптен аң-таң болады.
Ары қарай автордың жазбасына кезек берейік:
1956 жылдың көктемі болатын. Қытайдан 100 мыңдай қазақ ата жұрты Қазақстанға қоныс аударған еді. Тасқын судай ағылып келген халықты сол тұстағы Совет үкіметі жоспарлы түрде жер-жерге бөліп, кейбіреулерін өздерінің бұрынғы мекеніне, кейбіреулерін халқы сирек өлкелерге орналастырып, сонау Қырғызстан жеріне дейін бытыратып жіберді. Бұлардың кейбіреулерін өздерінің байырғы туыстары іздеп тауып, ежелгі мекенге қайта көшіріп абыр-сабыр болып жатқан мезгіл болатын. «Ұлы Отан соғысы» деп аталатын сұрапыл соғыстан енді ғана ес жиып жатқан мұндағы халықтың күй-жайы да мақтанарлықтай емес еді. Осындай абыр-сабырға түскен қазақтардың арасында Василий Гунькин атты бір орыс азаматы да жүрді. Оның іздеген адамдары Қанағатов әулетінің тіке ұрпақтары еді. Жұрт бұған тандана, тіпті үдірейе қалысты. Себебі, ол кезде қызыл империяның алаш ардагерлеріне деген қуғын-сүргін жүргізген сұрапыл науқанының табы әлі қайта қоймаған, кейбір қайта оралғандарын табанда тұтқындап, жазалайтын баяғы әпербақан саясат оқтын-оқтын төбе көрсетіп қалатын жайы да бар еді. Сұрастыра келгенде, Гунькиннің ойы басқа болып шықты...
Сондай жан беріп, жан алып жатқан қырғыншылық күндерде де Қанағат болыс қайырымдылықты ұмытпаған. Тіпті, орыстың ақтары да, қызылы да қазақты қанды қырғынға бөктіріп, халыктын оларға жаппай қарсылығы өршіп тұрған жағдайда Қанағат болыс орыстың жат ниетті адамдары мен адал ниетті адамдарын парықтай білген. Олай өтіп ақтардың, бұлай өтіп қызылдардың мұздай қаруланған орыс әскерлері жолшыбай Қанағат ауылына маза бермегеннен кейін, олар Қытай жерінде бұрынырақ барып қоныстанған Қожақұл ауылдарына барып қосылуға қамданса, жол-жолдың бәрі дерлік тосылып тасталған. Қарауылдары ары өткен, бері өткенді қадағалап, екі патшаның әскерлері бірдей шекараны құс ұшпастай халге келтірген болатын. Бұл кез 1917-1918 жылдардың ең қиын күндері екен. Сонымен Қанағат ауылы басқа жолмен Қытайға асу қиын болғандықтан, Сүлеймен бидің асы берілген Сабаздың жазығынан Тарбағатай жотасы- на карай өрлеп, Ақшоқының желкесі арқылы Қытайға аспақ болады. Басқа жолмен жүру мүмкіндігі болмағандықтан, сол асуға асатын қалың орманды сайды өрлеп көшеді. Бірақ орманның қалыңдығынан ол сайдан көштің өтуі де қиынға соғып, олардың жүрістері шабандап, кідіріс көбейе береді. Кейін орыс әскерлері бұл жағдайды біліп қойып, қалың қа- рулы жасақтарын әкеліп төгеді. Ақыры екі жақ қақтығысып, қатты қырғын соғыс болады. Екі жақ та ауыр шығынға ба- тады. Сонан бастап сол сай «Қырғын сай» аталып кетеді. Соғыс кезінде орыс әскерлерінен бір жаралы офицер қазақтарға тұтқын болады. Бұл адам бұрыннан бері Алакөл бойында казактармен көп араласып тұратын, өзі жергілікті халыққа көп жақсылық істеген, бұрыннан өздері таныс орыс азаматы болып шығады. Мұны білетін Қанағат болыс басқалар «мына көккөзді жүк қылмай өлтіріп тастайық» десе де: «Орыстың бәрі бізге жау емес, олар да бұл жұмысқа жан бағу үшін жалданып жүргендер. Мынау бұрыннан бері араласып жүрген, орыстың ішіндегі адал ниетті жан еді. Сондықтан қанына ортақ болмай, қол-аяғын шешіп, тастап кетейік...», деп сол беті оны жұртқа тастап, өздері көшіп кете барады.
Біздің әкеміз Мүбәрәк 1900 жылы Алакөл бойында дүние- ге келген адам еді. Қожақұл Нар деген қария кейінгі кезде біздің әкемізден «2-3 жас кішімін» деп жүруші еді. 1918 жылы Кытай жерінде біздің арғы атамыз болып келетін Сейілхан зәңгі «Шағантоғайда орыс жеріндегі туыстарым келді» деп Қанағат болыс ауылының Қытайдағы туыстарымен қауышуын карсы алу орайымен салтанатты той жасап, ат шаптырады екен. Сол кезде 15-16 жастарға келген Нар атамыз кейінгі кезге дейін өзінің шабандоз ретінде бәйге атқа мініп, жарысқа қатынасқанын айтып отыратын...
Арада 30-40 жыл өтіп, 1960 жылдары Қанағат ауылы ата жұртқа оралып, бұрынғы өздерінің көне қонысы Сүлеймен би жатқан жерге бұрынғы Жарбұлақ ауылы, қазіргі Кабанбай ауылына қайта оралғанда, Қанағат әулеттерін бір орыс азаматы іздеп келеді. Сұрай келе, бұл орыс азаматының баяғы Қанағат болыс өлімнен аман алып қалған әлгі орыс офицерінің немересі Гунькин екен. Ол өз атасының өлерде айткан өсиеті бойынша, сол Қанағат болыс әулеттеріне алғыс айту үшін арнайы келгендігін әңгімелеп беріпті. Көп өтпей Қанағат әулеттерін қонаққа шақырып, бір ешкі ерулікке береді. Міне, осылайша Қанағат болыстың халыққа жасаған қайырымдылығы қазақ халқының ғана емес, тіпті орыс халқының ұрпақтарының да жүрегінен терең орын алған екен.
Деректер Зейнолла Сәніктің Көптомдық шығармалар жинағынан алынды. 5-том.