«Әлихан Бөкейхан ізімен» экспедициясы. Бірінші күн
13.07.2016 1821
5 шілде күні Әлихан Бөкейханның туғанына 150 толуына орай ұйымдастырылған экспедиция Алматыдан шығып, Қарағанды облысының Ақтоғай елдімекеніне жол тартты

Бұған дейін бір-бірімізбен жете таныс болмаған сапар құрамы жол бойында тез тіл табысып, ортақ жобаға біріккен зор топ болып ұйымдасты. Олар Шығанақ елдімекенінде аялдап, бір-бірімізді Ораза айт мейрамымен құттықтап, сапарымыздың сәтті болуына тілек айтысты. Шығынақтан соң Ағыбай батырдың – Кенесары ханның ақжолтай батыры атанған Ағыбай батырдың ескерткішіне тоқтап, тағзым жасады. 

Ақтоғайда экспедиция мүшелерін Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінің директоры, Ақтоғай елдімекенінің құрметті азаматы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан бастаған делегация қарсы алды. Кейін ол кісінің жолбасшылығымен жолсоқты болғанына қарамастан, команда Әлихан Бөкейханның әке-шешесі мен туыстары жерленген Талдыбейітке баруға шешім қабылдады. Қаншама мың шақырымды артқа тастап, ұзақ жол жүрген олар Қазақ Географиялық Қоғамының қолдауымен елішілік, халықаралық тамаша саяхат сапарын бастағанын тағы бір мәрте іштей сезінген. 

Талдыбейіт – қазақ халқының әулет қорымын еске салатын өзіндік ерекшелігі бар үлкен бейіт болып шықты. 1905 жылы Әлиханның әкесі Нұрмұхамед өмірден өтеді, ал Әлихан әкесін осы жерге жерлеп, басына ағаш отырғызады. Осыдан кейін қорым атауы «Талдыбейіт» атанған. 

Бұл жер кейін төре әулетінің қорымы есептеліп, Шыңғысхан әулетінен шыққан марқұм болған жандар жерленетін орынға айналады. Әлиханның шешесі Бегімхан да осы жерге жерленген. 

Бұдан кейін экспедиция құрамы марқұмдарға қасиетті Құран аяттарынан дұға оқып, сол маңайға жақын жерде орналасқан Әлихан отбасының қыстауына барды. Қыстау Желтау тауының бауырында орналасқан. Бұл жерде 1939 жылға дейін Әлихан аштырған бастауыш мектеп жұмыс істеген. Қыстау мен мектеп орнының қалдықтары әлі де сақталып тұрғаны аңдалады. 

Қыстаудан сәл қашықтау, дәл тау етегінде жергілікті ел «Қарауылдың қара тасы» атаған, көнекөз қарттардан жеткен деректерге қарағанда, Әлихан көп уақытын ой үстінде осы жерде отырып өткізген шоқы бар екен. «Әлихан Бөкейханның ізімен» экспедициясының әрбір мүшесі осы қаратасқа отырып көріп, өз сезімдерімен бөлісті. Экспедицияның әрбір қатысушысы бұл жолсапарға белгілі бір себеппен қатысуда, алайда біздің бәрімізді елге, Қазақ жеріне деген сүйіспеншілік пен отаншылдық рухы бір мақсатқа жұмылдыратынын жеткізді. 

Жол соғып, шаршағанына қарамастан экспедиция мүшелері қайтар жол бойында тама руынан шыққан Сеңгірбай батыр кесенесіне соқты. Сеңгірбай Абылайдың батырларының бірі болған, жорық кезінде қайтыс болып, мүрдесі сол жерге жерленген екен. 

Қазақ Географиялық Қоғамы