Семей және Невада сынақ полигондарының тарихи ұқсастықтары
25.08.2016 1987
АҚШ өз бағдарламасын КСРО-дан 4 жыл бұрын жүзеге асыра бастады. 1990 жылға қарай олар 921 заряд, КСРО 642 заряд жарды

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тақырыбындағы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі бастамаларымыз – әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан сөзсіз үлесіміз. Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз жетекші ядролық державалардан – АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық. Біз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз», – деп атап көрсетті [1]. 

 Жеріміздің экологиялық қауіпсіздігі мен мемлекеттің экономикалық тағдырына төнген қауіптің алдын алмаған жағдайда экологиялық қатер уақыт өткен сайын шиеленісіп, келешек ұрпақ үшін шешуі табылмас, өте күрделі жүздеген, тіпті мыңжылдық апатқа айналатынына күмән жоқ. Өткен 1949-1991 жылдары қазақ жерінде ракеталық-космостық, ядролық полигондар, уран кеніштері пайда болды.

ХХ ғасырдың кейінгі жарты ғасыр бойы әлем өміріне қауіп төндіріп келе жатқан ядролық қарудың көзін құрту барлық халықтардың арманы болып отыр. Жойқын қаруды 1945 жылы бірінші болып сынаған да, сонан соң жауына қарсы жұмсаған да АҚШ еді. 

Ядролық ғасыр 40-ыншы жылдарда «Манхэттен» жоспарын жасау кезінде басталып, ядролық бомбаның жасалуына әкеліп соқты. Ол алғашында Невада шөл даласында сыналды, содан кейін Жапониямен соғыста қолданылды. 

АҚШ өз бағдарламасын ССРО-дан 4 жыл бұрын жүзеге асыра бастады. 1990 жылға қарай олар 921 заряд, ССРО 642 заряд жарды. Жалпы айырмашылығы 300-ге жуық. Екі кезеңнен тұратын ашық және жерасты сынақтары өткізілді. Академик Сахаровтың есептеуіне сүйенсек, 1963 жылға дейінгі сыналған атомдық және термоядролық құрылғылардың жалпы күші бойынша ССРО Американы басып озғанын көреміз. 141-ге қарағанда 451 мегатонна қаншалықты артық болғанын көруге болады. 1963 жылы ядролық сынақ жүргізуде жер асты сынақтарын жүргізуден күрделі технологияға көшу Америка өндірісіне әлдеқайда жеңіл болды. 

Семейде жаңа технологияны меңгеріп үлгергенше бәсекелесі әлдеқайда алға озып кетті: 60-жылдардың соңына дейін АҚШ ССРО-ны 229 жарылысқа дейін басып озды. 1949 жылғы тамыз айында Семей ядролық полигонында кеңестік ядролық қару сыналды. Бұдан кейін ядролық қаруды Англия мен Франция, кейінірек, 1964 жылы Қытай қолдана бастады. Сөйтіп, бес елден құралған «ядролық клуб» пайда болды. 

Бірінші ядролық жарылыс болған 1945 жылдан 1998 жылға дейінгі аралықта «ядролық клуб» мүшелері 2000-нан аса сынақ жүргізген екен. АҚШ − 1099, ССРО – 715, Ұлыбритания – 45, Франция – 210, Қытай 45, Индия – 6, Пәкістан – 6. Оның ішінде 501 сынақ ауада және 8-і су астында. 1956-1958 жылдары ядролық қару-жарақтардың жаңа типтерін шығару үшін қарқынды сынақтар жүргізілді. Ядролық қарудың саны мен қауқарын ұлғайту үшін істелмеген іс қалмады. Ең алдымен ядролық қаруды жасап өндіріс орындарын, зерттеу орталығын сынайтын полигондарды дамытуға мән берді. Оған қоса осы саладағы жұмыстар тек құпия түрде жүргізілді. Бұрынғы Совет Одағының Ядролық жиынтығына 700 000 тұрғын болған 10 жабық ядролық қала қараған екен. Ал бұл салада 1 миллионнан астам жұмысшылар қызмет атқарған. Бұл сан екі кезеңдегі жер үстіндегі, ауада және жер астындағы сынақ кезеңдеріне бөлінеді. Бірінші кезеңде Америка бізден 146 тәжірибе асырып жіберген. АҚШ үкіметі өте жылдамдықпен термоядролық бомба жасауға кірісуге шешім қабылдады. 

Невада полигонының қазіргі жағдайы

1961 жылы ССРО-да континенталдық баллистикалық ракеталар жасап шығарылып, оған қажетті ядролық зарядтарды жасау және сынау қажет болды. Сондықтан 1961-1962 жылдары жедел қарқынмен сынақтардың жүргізілу уақыты болды. Бір жылда ауада, жер үстінде 40 ядролық жарылыстарға дейін жасалды. Бұл жылдарға нақты негізінен плутондық бомбалардың сыналуы, нағыз радиацияның әсері күшеюіне ықпал етті. 

1949-1963 жылдары Семейдегі ашық ядролық жарылыстар кезеңі болып саналды. Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының жоғарғы энергетика институтының есебі бойынша Семей полигонында сыналған ядролық зарядтардың қуаты Хиросимадағы сыналған ядролық бомбаның қуатынан 2,5 мың есе көп екенін көрсетті. 

Ядролық бәсекелестіктің екінші кезеңі 1963-1989 жылдар аралығы. 1963 жылы ССРО, АҚШ және Англия арасында жер бетіндегі және ауада, су астында атом қаруын жаруға тыйым салу туралы келісімге қол қойды. Жер бетіндегі және ауадағы ядролық жарылыстар тоқтатылды, бірақ ядролық бәсекелестікті тоқтатқан жоқ. Келісім тек ядролық жарылыстарды жердің астына әкетті. Жер астында жарылыс жасау тәжірибесінің күрделі технологиясына көшу америка өнеркәсібіне оңайға түсті. Техникалық жағдайдың нашарлығынан ССРО бұған ілесе алмады. Жер астының тәжірибе жұмысына ғана екі жыл уақыт кетті. 

Әрине, бұл екі елдің ядролық бәсекелестігіне ешқандай жақсы нәтиже берген жоқ, тек қана халқымыздың өміріне, денсаулығына, мәдениетіне, экономикасына үлкен зиянын тигізді. ССРО сияқты алып империя құлағанда оған қарасты стратегиялық ядролық күштер төрт елде қалды. Ресей жерінде 20750, Украинада 4025, Беларусьте 825, Қазақстанда 1216 ядролық оқтұмсықтар сақталған екен. 

Америка үкіметі Невада штатында жүргізілген сынақтардың Адамзат пен табиғатқа алып келген шығын көлемін 10 миллиард долларға шаққан екен, ал бізде оның көлемі Невададан да көп, ғалымдардың есебі бойынша бізге 100 миллиард та жетер еді.

1951 жылы құрылған АҚШ-тың ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі Невада сынақ алаңы. Оның жер көлемі 3500 км² жуық жерді алып, 928 ядролық жарылыс болған. Күші 1 килотоннаны құраған ең алғашқы жарылыс 1951 жылы 27 қаңтарда өтті. Полигон АҚШ-та Невада штатының оңтүстігіндегі Лас-Вегастан солтүстік-батысқа қарай 105 шаршы шақырымда орналасқан Най елдімекенінде болды. Ол 3500 км² жерді алып жатыр. Жері 28 бөлікке бөлініп, онда 1000-ға жуық мекеме, 2 ұшу-қону алаңы, 10 вертолет қонатын алаң орналасқан. 

Полигонды құру атом жобасының бір бөлшегі болып, бұл таңдау өте дұрыс екеніне көз жетті. Жер бедері жерасты ядролық жарылыстар жүргізуге өте қолайлы болды. 1951-1992 жылдары полигонда 828-і жер астында өткен 928 заряд сыналды. АҚШ-тың басқа жерлерінде барлығы 126 ядролық жарылыс өткізілді. 1953 жылы 25 мамырда Невада ядролық сынақ алаңында тарихта ең алғаш рет болған артиллериялық снарядпен атылған радиоактивті бұлт тіпті Лос-Анжелестен көрінді. 1960-жж. саңырауқұлақ тәрізді бұлттар қай бағыттан болмасын туристер қызықтау үшін келіп тұратын Лас-Вегасты қосқанда 160 шаршы км. жерден көрініп тұрды. Жер асты жарылыстары 1992 жылдың 23 қыркүйегіне дейін жүргізіліп, ал елеусіз жарылыстар бүгінгі күнге дейін созылуда. Ядролық жарылыс кезінде адамзат ағзасына зиянды калий, плутоний, т. б. зиянды радиоактивті заттар түзіледі. Бүгінгі таңда Невада сынақ алаңында ядролық жарылыстар тоқтатылып, Невада сынақ алаңы әкімшілігі ай сайын террритория аймағында бірнеше ай бұрын кезекке жазылып қойылған экскурсиялар өткізіп тұрады. Келушілерге камера, бинокль, ұялы телефондар т. б. техника ұстап жүруге, сонымен қатар полигоннан ескерткіш ретінде тас алуға тыйым салынған. 

Полигонда америка және европа қалалары түріндегі үйлер салынып, әртүрлі техника мен көлік түрлері орналастырылған. Бұл объектілердің барлығы әртүрлі қашықтықта және жарылыс орнына байланысты орналастырлған. Ядролық жарылыстар салдарларын тексеріп, жарылыс толқындарынан болған өзгерістерді, радиация деңгейін, температураны бақылап отыратын камералар орнатылған. «Невада» қозғалысы 12 және 17 ақпанда Семейге жақын полигонда атмосфераға күшті радиоактивті газды лақтырған кезекті жер асты ядролық жарылысына қарсылық ретінде 1989 жылы 28-ақпанда құрылды. Дәл сол күні Қазақ ССР-нің жазушылар одағының акт залында өткен митінгіде «Невада – Семей» қоғамдық қозғалысын құру туралы шешім қабылданды. Қабылданған жарғыда Халықаралық антиядролық қозғалыстың мақсаттары мен міндеттері көрсетілді. 

1.1. «Невада – Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысы ССРО-ның Қазақ ССР-інің Конституциясына белгіленген заңдылықтар мен осы жарғыға сай әрекет ететін адамдардың өзін-өзі басқара алатын ерікті көпшілік ұйымы. 

1.2. «Невада – Семей» қозғалысы «Невада – Семей» – «Морура Лобнор – Новая Земля» халықаралық антиядролық альянсына енді. 

1.3. Қозғалыс мақсаты адамзат өркениетінен ядролық қару мен соғыстарды шығарып тастау, ядролық сынақтар мен жағымсыз экология әсерінен зардап шеккен аймақтарды экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағынан қалпына келтіру, табиғатты, адам мен мәдениетті жандандыру. 

1.4. Қозғалыс өз жұмысында ізгілік принціптерін басшылыққа алады: - адамның, қоғам мен табиғаттың құлдырауына әкелетін кез келген әрекетке қарсы; - күш көрсету мен алауыздықтың кез келген формасын – әскери, саяси, идеологиялық, діни, ұлттық және тағы басқа қабылдамау мақсаты осы жарғыға қарсы келмейтін елдегі және шет елдердегі барлық ресми және қоғамдық құрылымдармен ашық ынтымақта болу. 

Бұл қозғалысты қолдауда тек наурыз айының өзінде миллионнан астам қол қойды және ұйым қазынасына көптеген қайырымдылық қорлары көмек көрсетті. 

1989 жылы 11 наурызда шетелдік бұқаралық ақпараттар Кеңестік Одағында тұңғыш рет антиядролық қозғалыс құрылғанын хабарлады. «Невада-Семей» қозғалысы бір жылдан соң-ақ европалық, американдық басылымдарда жұғымды резонансқа ие болып, «халықтық дипломатия» актісін бүкіл ядролық елдер қызу қолдады. Сөйтіп «Невада – Семей» қозғалысы бүкіл дүниежүзілік антиядролық қозғалыстар қатарына енді. 1989 жылғы 28 ақпандағы «Невада-Семей» қозғалысы құрылған алғашқы митингіде-ақ «Полигонды жабу» туралы талап қойылды. 1991 жылы 29-ыншы тамызда № 409 Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлық шығарды. 

«Жапондар тамыздың 6-сын «Хиросима мен Нагасаки құрбандарын еске алу күні» деп, жыл сайын ресми атап өтеді. Біз де тамыз айының 29-ын Семей полигонынан зардап шеккендер күні етсек, жөн болар еді», – деп жазды Кешірім Бозтаев «29 тамыз» деп атаған кітабында [2]. 

Гүлнұр Өскенбаева, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент 

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан. 

2 Бозтаев К. Б. «29 Августа». – Алматы, 1998.