ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ТАРИХИ ҚАДАМДАР
17.12.2017 3068
Қазақстан жұртшылығы жыл сайын желтоқсан айында екі бірдей тарихи оқиғаны - Тұңғыш Президентіміздің күні мен еліміздің Тәуелсіздік күнін бүкілхалықтық, ұлттық мереке ретінде тойлайды

Бұл ретте осы екі мерекенің бір-біріне мағыналық жағынан өте тығыз байланыста екендігін айта кеткен жөн, өйткені «Нұрсұлтан» мен «Тәуелсіздік» ұғымдары бір-бірімен егіз қозыдай біте қайнасып кеткен түсінік.

1 желтоқсан – еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізу тарихында және жаңа мемлекеттің даму стратегиясын айқындауда орасан маңызға ие болған күн, өйткені 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет Республика Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтіп, ол сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үлкен жеңіске ие болды. Арада небәрі жарты ай өткенде Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды, яғни тарихымыздың жаңа дәуірі басталды.

Зиялы қауым арасында қолданылатын «тарих – ұлы тұлғалардың өмірбаяны» деген ұйғарым бар. Белгілі дәрежеде мұнымен келісуге болады. Мәселен, Түркияда мұндай тұлға – Мұстафа Кемал Ататүрік, Үндістанда – Махатма Ганди, Францияда – генерал Шарль де Голль, Ресейде – Петр І, Чехияда – Вацлав Гавел, Польшада – Лех Валенса. Олардың бәрі де бүкіл жұртты аузына қаратқан, жаңа мемлекет құрушы немесе «ұлтты азат етуші» деген абыройлы атқа ие болғандар. Қазақстанда мұндай тұлға қиын-қыстау кезеңде мемлекет құрудың жауапкершілік жүгін мойымай арқалаған біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені даусыз.

Бүгінгі күні біз тәуелсіз еліміздің тарихында қоғамды жан-жақты қайта құрудың қазақстандық жолында саяси тұрақтылықтың аса маңызды факторларының бірі республика президенті лауазымының енгізілуі және ол лауазымға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сайлануы болды деп нық сеніммен айта аламыз.

Шындығында, Елбасының конституциялық жағдайы, оның көпқырлы және нәтижелі қызметі, жұмыс барысында саяси-құқықтық, ұйымдастырушылық, идеологиялық тәсілдер мен әдістерді барынша мол пайдалануы, азаматтық қоғамның әртүрлі субъектілерімен, кәсіподақтармен, саяси партиялармен, БАҚ өкілдерімен, азаматтармен тікелей әрі сенімді қарым-қатынас жасап, сұхбаттасуы заңды нәтижеге – конституциялық заңнамада Н.Ә. Назарбаевтың – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысының ерекше мәртебесінің ресімделуіне алып келді.

2016 жылы Қазақстан өзінің жиырма бес жылдық мерейтойын атап өтті. Осы бір қысқа кезең еліміз үшін қарапайым эволюциялық жолмен дамудың жүздеген жылдарына татырлық, өйткені қайта өзгертулер нәтижесінде жаңа конституциялық және экономикалық құрылыс, мемлекеттік саясат пен Қазақстан дамуының стратегиялық бағыттары пайда болды. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан өз мемлекеттілігінің барлық нышандары бар егемен және тең құқылы мемлекет ретінде қалыптасты. Айта кету керек, бұл үдерістердің бәрі Мемлекет басшысының өзі кепілдік беретін конституциялық шектеулерден шықпай іске асырылды. Демек, жаңа тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған, Қазақстанның тұтастығын, Конституцияның, адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігін қамтамасыз еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі кеңінен танылуын білдіретін арнайы күнді белгілеуге саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де сипаттағы барлық негіз болған.

Сондықтан 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының мемлекеттілік тарихының мерейлі күні. Бұл күн – біздің өз тағдырымызды өзіміз айқындауымызға алғашқы нақты қадам жасаған күніміз, өйткені 1 желтоқсан – еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізу тарихында және жаңа мемлекеттің даму стратегиясын айқындауда орасан маңызға ие.

Тәуелсіз мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде республикамыздың Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев этносаралық қатынастар саласында тұрақты және көпсалалы саясатты айқындап алып, белсенді жүргізіп келеді. Мемлекеттік органдарда этностар мүдделерінің өкілеттігі нұсқаларын іздестіру 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрумен аяқталды. Н.Ә. Назарбаев 1995 жылы наурыздың 24-інде Қазақстан халқы Ассамблеясының I съезінде сөйлеген сөзінде: «Ұлт мәселесін шешудің үш тәсілі бар. Біріншісі – кейбір елдер басқа ұлт жұртшылығын «қыспаққа алу» саясатын жүргізетін тәсіл. Оны қоныс аударып келушілерді бауырларша құшақ жая қарсы алған қазақ халқы ешқашан қолданбаған. Екіншісі – ұлт мәселесіне мүлдем назар аудармау және қиындықтардың өздігінен шешілетініне сеніп отыра беру. Бірақ бұл тығырықтан шығу жолы емес. Бізге үшінші, жалғыз дұрыс жол – тер төгуді, қажырлы еңбекті қажет ететін және біз жүріп келе жатқан жол қалып тұр. Ол - жақындасуды, халықтар арасында татулық пен сенім аймақтарын кеңейтуді іздеп табу жолы. Ақылға қонымды ұлттық стратегиясыз біз ешқандай міндеттерді шеше алмаймыз», – деген-ді.

Ассамблеяға 2007 жылғы реформа арқылы ҚР Парламенті Мәжілісінің құрамына тоғыз депутат сайлау құқының берілуі, 2008 жылы қазанның 20-сында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» арнаулы Заңмен оның мәртебесінің бекітілуі, Ассамблеяның «Ұлттық бірлік доктринасын» жасауы Мемлекет басшысының қазақстандық қоғам өмірінің ең бір күрделі саласындағы стратегиясының жарқын дәлелі болып табылады.

Конфессияаралық ынтымақтастықтың бірегей қазақстандық үлгісі жоғары биліктің ымырашыл заңнамасына, салыстырыла тексерілген ниет-қалаулары мен іс-қимылдарына, әртүрлі конфессиялар өкілдері төзімділігінің тәжірибесіне негізделген. Сонымен бірге діни экстремизм кең таралған аймақта жатқан Қазақстанның саяси жағдайын ескергенде, ар-ұждан бостандығы және мемлекеттік бақылау түрлері саласында жеке адамды қорғаудың белгілі бір құқықтық тетіктері қарастырылған. Жоғарыда аталған ұстанымдар 2011 жылы қазанның 11-інде жарыққа шыққан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңында өзінің сабақтастықпен бекітілуін тапты. 

Қазіргі әлеуметтану зерттеулері деректері және президенттік сайлауларда Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевты жалпыхалықтық қолдау нәтижелері көрсеткендей, соңғы онжылдық барысында мемлекеттік биліктің мақсатқа сай күш-жігер жұмсауының арқасында қазақстандық қоғамның бірте-бірте біртұтас ұлтқа айналып, шоғырлануы үдерісі жалғасып келеді.

Тәуелсіз мемлекеттіліктің тағы бір даусыз белгісі – елдің дамыған құқықтық жүйесінің болуы. Қоғамдық өмір салтының ауысуы Қазақстанда мүлдем жаңа ұстанымдарға және құқықтық реттеудің әдістеріне негізделген жаңа құқықты қажет етті. Өтпелі кезеңнің қатаң талаптары іс жүзінде құқықты түсінудің, құқық шығармашылығының және құқықты қолданудың барлық жақтарын қамтып, тұрақты даму үшін дәстүрлі емес тәсілдердің қабылдануына келтірді. Республикамыздың Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев өтпелі қоғам жағдайында конституциялық үдерісті басқара, конституционализмнің жалпы теориясына үлес қоса отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының, оның тұрақтылығы мен пәрменділігін қамтамасыз етіп, Ата Заң қағидасы мен рухында қызмет ету үлгісін көрсетті.

Мұндай тарихи шешім Қазақстанның әлемдегі барлық мемлекеттермен өзара тиімді байланыс жасай алатын бейбітшіліксүйгіш, ашық та зайырлы мемлекет мәртебесін бекітті. Кейіннен бұл жағдай мемлекетке рекордтық тікелей шетел инвестициясы құйылуының нәтижесінде елдің экономикалық дамуының орасан зор жетістіктерге жетуіне ықпал жасады.

Қазақстан Республикасы – өзінің сыртқы саясатында Ресей, АҚШ, Қытай, Жапония, Корея, Орталық Азия елдері, ТМД, Еуразия экономикалық одағы, Еуропа одағы, Түркия, күллі мұсылман әлемімен саяси және экономикалық ықпалдасу мен сенімнің биік деңгейінде болуын мақсат етті. Осы елдердің қаржы компанияларының Қазақстан экономикасына инвестиция салуы ынтымақтастықтың өте маңызды жетістігі болып табылады.

Президенттің басшылығымен соңғы кездері мемлекет әлеуметтік мәселелерді түбегейлі шешуге – денсаулық сақтау, ғылым және білім салаларын одан әрі дамытуға мықтап күш салуда. Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде қабылданған бағдарламалық-стратегиялық құжаттардың, республика Президентінің Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінің негізгі мазмұны әрбір қазақстандыққа деген қамқорлықтан тұрады. Мемлекет басшысының қоғамымызда оң қабылданып, тың серпіліс туғызған «Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» атты бағдарламасында елдің әлеуметтік жаңғыртылуы қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайында өмір сүруге дайындауды, Қазақстанның үдемелі дамуы мен қоғамдық игіліктермен қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табуды, құқық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастар орнатуды мақсат тұтады, деп айрықша атап өтілген.

Елбасының бастамасымен Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға басшылық етіп келеді. Еліміздің жетістіктері мен Елбасының жеке беделі Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуіне жол ашты. Бұл Ұйымға қатысушы елдердің мемлекет басшылары мен үкімет басшылары 2010 жылғы 2 желтоқсанда Астанада қабылдаған Декларацияда адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын сақтай отырып, бейбітшілікті қолдау туралы Қазақстан Республикасының Конституциясымен үндес ереже бекітілді. 2012 жылы Қазақстан халқының саны 1,5 млрд. адамды құрайтын 57 мемлекетті біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Төрағасының міндетін атқаруды табысты аяқтады.

Қазақстан Республикасы 2017 жылдан бастап, екі жылдық мерзімге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланып, қызмет етуде. Бұған қоса, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Астанада жоғары деңгейде өткізілуі Қазақстанның мәртебесін күллі әлемге паш еткізді.

Тәуелсіз Қазақстанның жоғарыда аталған және басқа да барлық көрнекті жетістіктері еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейді. Егемендік алғаннан бергі 26 жыл ішінде Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды.

Президентіміз айтқандай, тарлан тарих үшін қас-қағым ғана сәт, ал барша қазақстандықтар үшін ғасырға бергісіз небәрі 26 жыл ішінде Қазақстан қуаты күшті, беделі зор, болашағы жарқын мемлекетке айналды.

Қазақстан Республикасы – азаматтық қоғамға негізделген құқықтық, әлеуметтік, зайырлы, демократиялық мемлекет құруды мұрат тұтқан егеменді ел. Әрине, Қазақстанда 70 жылдан астам үстемдік еткен ескі тоталитарлық жүйенің орнына биліктің жаңа құрылымдарын орнату жылдам әрі жеңіл іске аса қойған жоқ. Бұл өте күрделі және ұзақ үдеріс екені адамзат тарихынан белгілі. Еуропа елдеріндегі 1848 жылғы буржуазиялық төңкерістер, патшалық Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістер соның дәлелі.

Президентіміз өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында айтып өткеніндей, біз осы тәуелсіздік күніне оңайлықпен жеткен жоқпыз. Елбасының пікірінше, «біздің халқымыз тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген қиын да қызықты тағдыр кешті. Ол, негізінен, тәуелсіздік жолындағы күреспен өтті».

Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында әрқашан басымызды иіп, тағзым етуге тиіспіз.

Біз бүгін алғашқы Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібекті, сол хандықты нығайтуға ерекше үлес қосқан Қасым хан мен Тәуке ханды, еліміздің тұтастығы үшін аянбай күрескен Абылай хан мен оның немересі Кенесары ханды, қазақ халқын жоңғар басқыншылығынан азат етуге қосқан зор үлесі үшін Әбілқайыр ханды, атақты батырларымыз қанжығалы Бөгенбайды, қаракерей Қабанбайды, шапырашты Наурызбайды, кіші жүздің батыры Бұғыбайды, уақ руының батыры Баянды, шақшақ Жәнібекті, ошақты руынан шыққан Саңырық батырды және т.б. ерекше еске алуға тиіспіз, өйткені олар өз есімдерін өшпес даңққа бөледі.

Сонымен бірге біз бүгін халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сана-сезімін оятқан, қазақ жерінде, өмірі тым аз болғанымен, алғашқы ұлттық демократиялық автономиялық үкіметтер – Түркістан (Қоқан) автономиясы мен Алашорда үкіметін құрған Алаш ұлт-азаттық қоғалысының жетекшілері Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Мұстафа Шоқайдың, Міржақып Дулатовтың, Мұқаметжан Тынышпаетың, Мағжан Жұмабаевтың, Жанша және Халел Досмұхамедовтардың, Жүсіпбек Аймауытовтың, сондай-ақ Кеңестік тоталитарлық жүйе кезеңінде Қазақ кеңестік автономиялық, кейін одақтас республикасының қалыптасуына зор үлес қосқан, бірақ сол режимнің қуғын-сүргініне ұшыраған Тұрар Рысқұловтың, Сәкен Сейфуллиннің, Сейітқали Меңдешовтың, Ораз Жандосовтың, Нығмет Нұрмақовтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың және т.б. рухтарына басымызды иеміз.

Сөйтіп, Тәуелсіздіктің жиырма алты жылы – біздің халқымыздың сан ғасырлық қаһармандық тарихының ажырамас бөлігі. Еуразияның жүрегінде, өркениеттер тоғысында талай халықтарды тал бесігінде тербеткен Ұлы даланың төсінде дүниеге келген біздің халқымыздың барша тарихы – ұлт пен ұлыс ретінде сақталып қалу жолындағы толассыз күрестерге толы тарих.

Әлемдік сарапшылар біздің елдегі – тұрақтылық, экономикадағы – үздіксіз өсу, сыртқы саясаттағы – сенімді әріптестік, өз ішіміздегі әлеуметтік қамқорлыққа негізделген дамуымыздың даңғыл жолын өзге елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсынуда. Бұл, Президентіміз айтқандай, бүкіл халқымыздың ортақ табысы, бірігіп қол жеткізген жетістігі.

Сөзімді қорытындылай келе, Тәуелсіздігіміз әрдайым баянды болып – ғұмыры шектеусіз, тұғыры биік, ғылым-білімі дамыған, алдыңғы қатарлы 30 дамыған мемлекет қатарынан көрініп, Мәңгілік Елге айнала берейік дегім келеді.

Т.М. Әминов

 Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор