Асқар АЛТАЙ: Барлаушылар мектебінде әкем Қасым Қайсеновпен бірге оқыды
03.03.2018 2511
Жазушы Асқар Алтаймен жарасқан әңгімемізде өзгеше тағдыр бұйырған әке өмірінен бастап ұлт тарихына дейінгі тақырыптарды қаузадық

Атам Алпысбай мыңды айдаған бай тұқымы болыпты

– Асқар аға, сіз бен біздің келіскен сұхбатымыздың бүгін ғана сәті түскен секілді. Сәрсенбінің сәтіне дейін бір қаладан мен сізді іздеп, сіз мені іздеп тапқан түріміз бар. Сұхбатымызды алашқа аты жайылған жазушы Асқардың балалық шағы, өскен ортасынан бастасақ...

– Бір таудың теріскейін қыстау, күнгейін жайлау етіп еркін жүрген қазақтың кешегі тұрмысы секілді біздің әулеттің көрген күні олардан аса көп айырмашылығы жоқ. Атам Алпысбай төрт мың жылқы айдаған Жылқышы байдың мырза ұлы болатын. Марқакөл, Күршім бойында атакәсіп ұстаған оның өмірін ХХ ғасырдың 27-28-інші жылдары басталған кәмпеске өзгертіп жіберді. Сай-сай өріп, қиқу салып даланы дүбірлеткен қылқұйрықтыны Зайсанға апарып қамап, ортаққа үлестірді. Ал әжем аты – Күміс, Нарбота деген аймаққа аты шыққан би ауылының қызы екен. Арғы беттің Жеменей жағында үш мыңдай жылқы ұстап отырыпты. Сол аман қалыпты. 

Ол кезде шекара деген жоқ, ағайындар еркіндеу өтетін болыпты. Қытай жағы өзінің аумағын белгілеп тастаған кезеңде совет үкіметінің шекарашылары бұл далаға әлі келмеген. 

Тек ел ауа бастаған 20-ншы жылдардың аяғы, 30-ншы жылдардың басында ғана шекарашылар орныға бастады. Біздің ағайындар үшін Алқа-Бектің тұсы шекара деп есептелген. Осы аумақ арқылы әулетіміз арғы бетке өтуге мәжбүр болды.

– Естуімізше, әкеңіз де жай адам болмаған дейді. Арғы бетке көшіп барған екен. Барлаушылар дайындайтын Мәскеу түбіндегі мектепке қалай тап болған?

– Әкем Құмарды 35 жылы үйінен алып кетті. Ол кезде10 жастағы бала. Әжемізге «балаңызды оқуға аламыз» деп оңашалап айтқан екен. Содан Зайсан, Семей асырып, Мәскеу түбіндегі әскери-диверсиялық мектепке түсіріпті. Әкем кейін айтатын: «Сонда барғанда мен «Қасым Қайсеновті көрдім» деп. Бұл оқу орны жас балаларды екі тарапқа дайындаған. Бірі батыстағы майдан үшін болса, екіншісі шығыста Совет-Жапон арасындағы соғысқа байланысты туындаған. Шығыс бағыттағы барлаушылыққа шығыстан шыққан азаматтарды әдейі таңдап алған, оның мәнісі арғы бет пен бергі бетке ортақ байланысы бар адамдар ауадай қажет болған. Және таңдап алған адамның жасы 10-14 жастағы жасөспірімдер болуы тиіс делінген, себебі олады әбден дайындағанша 4-5 жылдай уақыт керек болады, арнайы орган басшылары соғыстың сол шамада басталатынын білген.

Әжесі Рахима Бижанқызы, әкесі Құмар Алпысбайұлы,

анасы Меңке (Меңсұлу) Шаймерден-Баймолдақызы, ағасы бала Ақан.

Бұл кезеңдегі Шығыс Түркістан өлкесіне мүдделі топтар көп болған. Америкаға арқа сүйеген Шан Кай Шы үкіметі, Америка және Англияның Шыңжаңдағы елшіліктерінің ашылуы, Сталин басқаруындағы Совет Одағының Германиямен соғыста жеңіп, Қытайға енді назар аударуы – осындай аласапыран, қым-қуыт уақытта тарихтың тегершігі теріс айналып кетеді де, қазақтың сорына қарай олар коммунистік Қытайға қарап қалады.

Сталин Шығыс Түркістанды бөліп алып, жеке тәуелсіз ел жасауға ұмтылды, алайда геосаяси жағдай бұған мүмкіндік бермеді. Тарих басқаша жазылды. Совет тарапына Қытайдың өз ішінен жасақтаған Дәлелхан Сүгірбайұлы, Ахметжан Касыми секілді барлаушыларын ұшақ апатынан қаза тапты деді де, тарих бетінен алып тастады. Ал менің әкем секілді Мәскеу түбінен дайындалған барлаушылар 1945 жылы Шыңжаңға кірді. Бұл кезде ол 19 жаста ғана болатын. Олардың басым көпшілігін таза коммунистік идеяда рухтандырып тәрбиелеген. Егер Америкаға тыңшы дайындаса, онда оны Американы жетік білуі тиіс делінетіні секілді Шығыс Түркістан, Қытай, Тибет бағытына да солай дайындаған. Кейін бұлардың барлығын да құрбандыққа шалып жіберді.

 

Сталин бұйрығымен 500-ге жуық барлаушы Қытайға аттанған

– Мұнда барған барлаушылардың ең басты міндеті не болған? Совет үкіметінің мүддесі үшін жанын қиюға дайын боп шықты ма?

– Мен көп жылдар өткен соң, кезінде Шығыс Түркістанда барлау қызметін басқарғандардың бірі, генерал Әмен Әмірбаевпен танысқанмын. Ол кісі Алтайдағы әкеме үш рет келіп, жаздың шіліңгір ыстығында жайлауда  кездесіп, әңгіме-дүкен құрысқан. Шығыс Түркістан туралы кітап жазбақ екен... Оспан батыр жігіттерінің қолына түсіп, тұтқын болып отырған жерінен әкем барып, батырмен, оның ержүрек ұлы Шердиманмен бәтуаласып, өлімнен босаттырып алған.

Әкесі қазақ, шешесі татар бұл кісі Ілияс Есенберлинмен бірге политехникалық институтта оқыған. Геолог. Бұлар арғы бетте жұмыс істеп, алтын, берилий қазған. Оны Өскеменге тасып, атом қаруын жасауға пайдаланыпты. Бұл шаруа 1936 жылдан бастап зерттеліп, қолға алынған екен. Осы кісінің айтуына қарағанда Сталиннің бұйрығы бойынша ұйғыры бар, қазағы бар, дүнгені бар, орысы бар, өзбегі бар, сарттары бар барлығы 500-ге жуық барлаушыны Шығыс Түркістанға, Тибетке, тіпті ішкі Қытайға жіберген.   

Ең негізгі міндеті – Шығыс Түркістанды азат ету. Олардың ойынша, Қытай сол күйінше буржуазиялық Қытай боп қалады дескен. Ал Америка Қытайды аяқ астынан комммунистік идеяға қатты беріліп кетеді деп те ойламаған. Бір-ақ күнде үкімет өзгеріп, билік басына Совет үкіметінің күшімен Мау Зұдұң келгенде Шан Кай Шы Тайванға ығысады. Енді бәрі кеш еді. Қытайдағы қара халық әбден езіліп отырған шақ, оларға коммунистік идея ұнаған.

 

Барлаушы Құмар Алпысбайұлы

 

Шығыс Түркістан – азаттықтың мәңгілік бесігі

– Шығыс Түркістанды Совет үкіметіне қосу неге жүзеге аспаған деген ой көпті мазалайды. Шығармашылығыңыздың өзегі болған өлке тарихының басқаша қалануы сізді қалай ойландырады?

– Ал Шығыс Түркістан үшін бұл бұл жағдай мүлде басқаша. Әсіресе, Алтай – тәуелсіздіктің мәңгілік бесігі. Алтайда сонау ғұн дәуірінен бастап азаттық идеясы өшпестен алаулап тұрған. Халықтың бүкіл болмысында, санасында, генетикалық коды дейміз ғой, міне осындай негізгі нүктелерде тәуелсіздік ұғымы берік сақталып қалған. Берідегі түрік қағанаттары, арғы дәуірдегі ғұн кезеңінде бұл халық қытаймен көршілес отырып, үнемі жауласуда болған. Сондықтан оларды ешқашан мойындамаған. Осы азаттық идеясы ғасырлар бойы өшпей, қанында қайнап, бойында тулап, Оспан батырдың дәуіріне жетті. Оның алдындағы қара Оспан, басқа да асыл азаматтардың барлығы да азаттық ұғымын бойына сіңірген тарихи тұлғалар болды.

Шығыс Түркістан 1946 жылдан 1949 жылға дейін тәуелсіз мемлекет болып өмір сүрді. Бұл жағдайға Қазақстан да жеткен жоқ. Алаш ұлттық автономия болып, дербестік алуға ұмтылғанымен, оны да жолы бола қоймады. Аз мерзім болса да, Шығыс Түркістан азаттықтың дәмін татты, халықтардың мәдениеті, рухани сала бойынша әдебиет пен өнер осы үш-ақ жылда аса өркен жайды. Мұның себебі, «біз бұрыннан еркінбіз, еркін болғанбыз» деген ішкі сенім, мемлекеттік көзқарас олардың бойында мәңгілік тұрақтаған. 

 

Тақырыпқа тұздық: Америка елшісіне қазақтар қалай көмектесті?

 

Ал Шығыс Түркістан мәселесі – Ресей үшін қазіргі таңда да жабық тақырып. Тоқсаныншы жылдары қажетті құжаттарды іздестіру мақсатында Мәскеу сапарлап, орталық архивтің қызметкерлерімен кездесе алғаныммен, тиісті құжаттарға қолым жетпеді. Мәселен, бір ғана Оспан батырға арналған 10 том папка жинаулы тұр. «Аса құпия» деген таңба бастырылған ол құжаттар әзір ашылмайды. Құпиялылығы 100-150 жылға дейін сақталады екен.

Шығыс Түркістан мәселесі біздің жанымызға батады. Құдайға шүкір, тәуелсіз Қазақстанымыз бар. Біріншіден, біз Шығыс Түркістан мәселесін еш уақытта да ойымыздан шығаруымыз керек. Тарихшы ғалымдарымыз бұл тақырыпты аса терең зерттей қойған жоқ, бетінен қалқып жүр. Ал негізінде батыл қадамдарға барып, тың деректер арқылы шын тарих сөйлеуі тиіс. Екіншіден, алыста жатқан Түркия, тіпті іргелес көрші Қырғызстан мен Өзбекстан бұл Шығыс Түркістанның қайғы-қасіретін біздегідей сезіне алмайды. Шын мәнінде бұл байырғы өлкенің барлық қайғысы мен қасіретін, тауқыметін біздің қазақтай көтеріп отырған ел жоқ.

 

Әкемді құпия қызметкерлер мерт қылды 

 – Қазір бізге шым-шытырық болып кеткен Шығыс Түркістан тарихына қатысты тұлғалардың тағдыры қалай қалыптасты? Әкеңіз қызметі жайлы сыр суыртпақтайтын ба еді?

– Әкем өзінің басынан кешкен тағдырды маған айтпайтын. Оның барлаушылық қызметі жайлы бертінде ғана біліп жүрмін. Бірақ, ол кісі өте ұлтшыл болды. Совет үкіметіне сіңбеді, арғы атасы мен өз әкесінің малын тартып алып, амалсыз туған жерден арғы бетке өтуі өміріне әсер етпей қоймады. Әр түрлі қызметтерге шақырып та көрді, биік мансап та ұсынып көрді, ешқайсысына бармады. Дәлелханның өлімін көрген,  Оспанның қасында талай болған, оның достарымен үзеңгі қағысып қатар жүрген, соғысса бірге соғысып, қан кешкен әкем айтқанынан қайтпайтын адам болды. Әсіресе қан кешкен адамның дүниетанымы басқаша қалыптасады, ешқашан өтірік айтпайтын болады. Себебі ондай адамдарды өлім де қорқыта алмайтын.

Әкем Құмар өте көп құпияны білетін адам еді. Көп нәрсе өзімен бірге кетті... Соған өкінем! Бірақ бір азаттық барына сеніп өтті. Сол үшін де Совет өкіметін мойындамай өтті. Өзінің бойына сіңірген азаттық идеясынан қайтпайтынын білген қауіпсіздік қызметінің құпия адамдары оны үйінде, сонау Күршімде жатқан жерінен ұстап алып, у беріп, дарға асып кетті. Оспан батырды да қорлау үшін көше аралатып, дүйім жұрттың көзінше дарға асып өлтірді. Құзырлы органдар «ажалым майдан алаңында болмады-ау, шайқаста өлсем, арман не» деп серттенетін батырларды өлтіруде мақсатты түрде осындай қадам жасады. Әкем – сондай зұлым жүйенің, зұлмат заманның құрбаны.  

– Ол кісінің өмірінен сіздің шығармашылығыңызға қатты әсер еткен оқиғаны айтып бересіз бе?

– Шығыс Түркістандағы азаттық үшін күрес азаматтық соғысқа айналып кете жаздаған тұстар болды. Азаматтық соғыс деп бір елдің ішіндегі азаматтардың бірнеше идеяға бөлініп, біріне-бірі қару кезегенін айтады. Бұл енді ұзақ әңгіме. Америкалықтар қазақтар үшін 500 винтовка дайындап, Пәкістан арқылы жеткізуді ойластырған. Осы винтовкаларды оғымен қоса алты шаһардың бірі Хотанға кіргізеді, кірген бойда осы бесатарлар ұшты-күйлі жоғалады. Кім алды, қайда жіберді, не үшін деген сауалдарға жауап жоқ, ешкім білмейді. Менің әкем басқа атты пайдаланып барлау мақсатында әлгі қаруларды іздеп барған, бірақ таба алмаған. Осы мәселені толық білмеймін. Бір өкінетін жерім осы. Әкем осындай қызық деректерді айтып беруші еді. Және оларды баяндауда ұзақ әрі жүйелі түрде емес, сөз арасында, әлдебір әңгіме аясында үзіп-жұлып баяндайтын. Қашқарияға, Тибетке барған сапарын, Жемсарыда Оспанмен кездесуін, олармен бірге құлан аулауға шыққанын мен ара-арасында, үздік-создық тыңдай жүріп есіме сақтадым. Ал оны көркем туындыға пайдалану ұзақ әңгіме.

Тағы бір әңгімеде ол кісі Қаппас мергеннен естігенін баяндайды. Оспан батырдың ұсталуының соңғы сәттерінде маузерінен оғы түсіп қалған екен дейді. Насыбай дорбасына салып жүретін жалғыз оқты Оспан алтын оқ деп атаған деседі. Қаппас мерген Оспаннан: «Жалғыз оқты өзіңе неге бұйыртпадың?» деп сұрағанда ол «Мені қара басты ғой» деп жауап қатыпты.

Барлаушылар мектебін бітіргендер өздері баратын аймаққа қатысты тілдерді жетік меңгеруі тиіс болыпты. Менің әкем жапон тілінде жатық сөйлемесе де, қытай тілін жақсы білген. Ұйғыр тілі екібастан, моңғол тілін де күшті сөйлеп, жаза алған. Ал тибет, манжур, басқа халықтардың тілінде ауызекі тілдесе  алатын. Міндеттерін атқарып, кейінгі бейбіт өмірге түскен жылдары ол кісі отандық радиодан барлаушы болған жолдастарының ана жерден, мына жерден ұсталып жатқанын естіп, қамыға жылап отыратын.

– Әлгінде «әкем Қасым Қайсеновпен бірге оқыды» дедіңіз. Қасым атамыз 89 жасап, тәуелсіз Қазақстанның таңын көрді ғой. Әңгімелесе алдыңыз ба?

– Мен кейін Қасым ағамен сөйлескенмін. «Сенің әкеңді білемін, оларды шығыс тарап бойынша дайындады. Алғашқыда бәріміз бірге болған едік, кейін жас айырмашылығымызға қарай екі жаққа бөлді.  Ішінде әкең бар топты Жапония мен Қытай жаққа дайындаса, бізді батысқа қарай салды ғой» деп еді сонда Қасым аға. Менің білуімше, жасы үлкендерді майдан даласына бірден дайындауды бастаған да, жасы кішілерді он жылдан кейінгі соғыстарға жіберуді көздеген. Алайда Американың Жапонияға атом бомбасын тастауы көп жағдайды өзгеріп жіберді. Қытай бір күннің ішінде коммунистік жүйеге көшіп шыға келді.

 

Тақырыпқа тұздық: Қазақтың қайсар ұлы

 

Бізде тағы бір зерттелмей жатқан мәселе – Советтік Қазақстан жағынан Құлжа арқылы кіргізілген барлаушылар тарихы. Мен Айтан аға Нүсіпханмен әңгімелескенде ол кісі Қытайға кірген барлаушылар саны 1 мыңнан асатын деген деректі айтады. Ал қауіпсіздік қызметінің генералы, өзім жақсы танитын Ә. Әмірбаев 500-ге жуық ұлты аралас барлаушы болды дейді. Құлжаға Қазақстаннан кірген барлаушылардың картотекалары Қазақстанда жоқ, олардың бәрі Мәскеуде жатыр. Тоқсаныншы жылдары бұл құжаттардың Ресей қомақты қаржыға сата бастады, ол кезеңде біздің жағдайымыз болмады, сол  себепті құжаттарға қолымыз жетпеді. 2001 жылдардан бастап бұл құпия деректерге мүлде шектеу қойды.

 

Сауысқанмен қасқыр аулау ешқандай аңыз емес

– Асқар аға, сіздің шығармашылығыңызда «Көзжендеттің» орны бөлек. Көптеген оқырманның осы туындыға қызығатыны анық. Ондағы сауысқанның қасқырға түсуі өмірде болған оқиға ма?

– Кәдімгі бәріміз білетін Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Ғазиз есімді сыныптасы бар. «Асқар, сен жазушысың ғой, мен сені бір ғажап шалмен кездестірейін. Алматы облысындағы Думан ауылында тұрады» деді. Оның уақыты болмайды, кейде мен де бос болмаймын, әйтеуір не керек, кездесе алмадық. Бірақ ол әңгімені Ғазиздің өзі айтып берді. «Асқар, мен сенің әңгімелеріңді оқимын ғой, бірақ сен білесің бе, осындай да осындай бір шал сауысқанмен аң аулайды. Сенерсің-сенбессің, өмірдің шындығы сол» деген әлгі Ғазиз.

Мен шалқамнан түстім. Мүмкін емес. Құсбегілердің ортасында талай болдым, қаршыға, ителгі, күйкентайды салатындарды білетін ем, бірақ дәл осындай оқиғаны ешқашан естіген емеспін. «Апыр-ай дедім, бұл қандай құбылыс?» Ғазиз айтты: «Сауысқанмен таутекенің, арқардың, тіпті көкжал қасқырды да аулауға болады екен. Өйткені ала қанат құс шоқып үйреніп, аңдардың көзін ойып ала алады». Шығармамды өзім «Көзжендет» деп атағаным сондықтан.

Кейін мен Тарбағатай тауларына жасаған бір сапарымда катонқарағайлық ақсақал Дөлден Ауғанбаевпен, оның ұлы Әбділда құдамен ұзақ сөйлескен едім. Сонда ол кісі «Біздің Алтайда бір жылы өрт жүрді, – деп бастады әңгімесін. – Өрттің алапат болғаны сонша, үш түрлі деңгейде өткен. Биігі аспанмен таласқан қарағайлардың бойымен, ортасы жердің үстімен және ең төменгісі жердің асты, ағаштардың тамырымен жүріпті. Адамзаттағы ең қауіпті өрт – тамырларды шалған от екен. Тамырдың басындағы отты өшірсең, басқа тұсынан шыға беретін дауасыздың өзі бопты. Осындай алапаттан ешқандай аң, ешбір құс баласы құтыла алмапты. Бұдан тек бір ғана құс аман қалған. Ол – сауысқан. Мен енді таң қалдым. Сөйтсем ол тігінен ұша алады екен. Өйтіп қыран да, сұңқар да, басқа да ұша алмапты. Әлгі Алтайдың Өрел жағында болған тілсіз жаудан тек осы сауысқан ғана аман қалыпты». Осы өртті өз көзімен көрген қарияға сенбеске амалың жоқ. 

 

Мемлекеттік қайраткерлер қайдан шығады?

– Үнемі ой үстінде жүретін шығармашылық адамысыз. Қазір  сізді не ойландырып-толғандырады? Жазушы Асқар Алтай не істеп жүр?

– Әкемнің барлау ісіндегі қызметі жайлы тұтас бір романды арнаймын деуші едім, кейін бұл ойымнан айныдым. Себебі, мен тек әкем жайлы жазсам, ол бір ғана барлаушының тағдыры боп кетер еді де, халықтың шеккен қайғы-қасіреті, қуаныш-шаттығы мен толайым тарихы тыс қалып қояр еді. Ал жазушы романында халық тағдыры, ұлт тарихы, азаттық үшін күресі қамтылмаса, онда ол дұрыс шығарма болмас еді. «Ел ауған, қайың сауған» заманда жеке адамның басынан кешкен тағдыры түкке де тұрмайды. Романның алғашқы бөлімдері жарияланған кезде халық жазушысы Мұхтар Мағауин қатты риза болды. Бұл тек Шығыс Түркістан мәселесінде емес, адайлар ауған Түркіменстан, Шыршық басып Тәжікстан мен Ауғанға ығысқан тағдырына да қатысты дүние. Сондықтан «Сират» атты романыма шынайы оқырман қауымның қызығушылығы кеміген жоқ деген ойдамын. Жер-жерден хабарласқан қарапайым оқырманнан бастап, Маңғыстаудан Светқали секілді ойлы азаматтар бағасын беріп жатады. Ораз-Мұхаммед есімді кейіпкерім бар. Революцияның бастауында тұрған атақты Троицкийді 40-ншы жылдары анау Аргентинада артынан қуып жүріп өлтірген совет үкіметі не істемеді?! ХХ ғасырдың 20-ыншы жылдары өмір сүрген, еуропалық білім алған, дарынды адам Ораз-Мұхаммедті сонау Ираннан бір түнде ұрлап әкетіп, Үстірттің үстін зерттеткен. Көшпенділерге тән ерекше қасиет, жердің үстіндегі шөп, өсімдікке қарап отырып, оның астында не бар екенін тап басып айтып беретін болған. Біздің ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев Лондонда отырып-ақ бір түйір тастың жезқазғандікі екенін айнытпай дәлелдейді екен. Оның өзінде «Жезқазғанның бәлен деген ауылынан, түген деген жерінен» деп дәл айтатын болыпты.

«Атамұра» баспасында. Солдан оңға қарай: А. Алтай, Ә. Пірманов, Р. Құл-Мұхаммед, М. Мағауин.

Көшпелі алтын өткен жердің шөбі басқа болатынын біздің халық ерте білген. Олай болатын себебі, біздің көшпелі бабаларымыз табиғатпен біте қайнасып, аспан асты жер үстінде еркін өмір сүргендіктен осындай тума қабілетке ие. «Қазақ жерінің астындағы қазынаны білмеген» деп жазатындардың ісі – бүгінгі сандырақ. Өтірік айтады. Мұның бәрі біздің ұлттық болмысымызда, этнографиялық бейнемізде тұнып тұр. Ол үшін тек танитын таным, көретін көз керек.

Тарихи сана қалыптасуы керек, азаматтық сана қалыптасуы керек. Содан кейін ұлттық  сана қалыптасады. Ұлттық сана қалыптасуы үшін тарихи және азаматтық сана қалыптасуы қажет. Олай болмайынша бәрі бекер. Ұлттық сана қалыптасқан жерде мемлекеттік сана қалыптасады. Ұлттық сана қалыптаспаған жерде мемлекеттік қайраткерлер шықпайды. Мемлекеттік қайраткер қандай жағдайда шығады? Ол өзінің ұлтын, тарихын, тілін, менталитетін т.б. жан-жақсы сіңірген адам ғана мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтеріле алады. Біздегі жүргендерді мен мемлекеттік қайраткер деп есептемеймін. Олардың бәрі өз халқының тарихын түсінбейді, тілін білмейді, менталитетін менсінбейді. Орыстық, еуропалық мәдениетке жаны құмарлар ешқашан мемлекет қайраткері болып жарытпайды.

– Сұхбат беруге келісіп, уақытыңызды бөлгеніңізге көп алғыс!

 

Тарихи фотосуреттер жазушының жеке қорынан алынды. 

Фотосуреттерді түсірген Артем ЧУРСИНОВ.