А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ғалымдары Орынбор қаласына жұмыс сапарымен барды. Аталмыш ғылыми экспедицияның жетекшісі Алмасбек Әбсадықтың ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаты
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына екі жыл толды. Осы аралықта Қостанайда қыруар шаруа атқарылды. Өзіңіз бастаған ғалымдар Алаштың алғашқы астанасы Орынбор сапарынан енді ғана оралды. Мақсат орындалды ма?
– А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті қолға алған «А.Байтұрсынұлының ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедицияның алғашқы сапарын Орынбордан бастадық. Айта кеткен жөн, бұған университет ректоры Алма Дощанованың ықпалы зор болды. Жалпы, 1998 жылы алғаш рет қостанайлық ғалымдар «Ақ жол» экспедициясын бастаған еді. Міне, 20 жыл өткен соң біздің де жол түсті. Орынбор - Алаш зиялыларының табаны тиген, ағартушылық, қоғамдық һәм саяси қызметтерінің көрігі болған тарихи мекен. Мұнда А.Байтұрсынұлы 1910-1925 жылдар арасында жандармерия құжаттарындағы деректемелер бойынша 2 жыл айдауда жүріп, кейін өз еркімен қалада қалып, қазаққа қызмет етеді. ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының «тілі, көзі һәм құлағы» болған «Қазақ» газетін шығарады. Қолданыстағы араб графикасына реформа жасап, қазақ тілінің фонемасына бейімделген жаңа әліпби жасайды, қазақ тіліне қатысты оқулықтар жазады. Ахаң ғұмырнамасындағы және Алаш қозғалысының тарихындағы Орынбор кезеңі қазақ зиялыларының қоғамдық және саяси қайраткерлік қызметінің ерекше жарқырап көрінген тұсы болды.
–Орынбор шет жерде жатса да, қазақ үшін қасиетті орда. Өз басыңыз осы шаҺардан Алаш рухын сезіне алдыңыз ба?
– Сөз жоқ, Орынбордың қазақ тарихындағы орны ерекше. Өткен ғасырға шегініс жасап көрелік. 1917 жылғы Ресейде орын алған қос төңкерісті жақсы білесіздер. Оның біреуі - бейбіт, ерікті түрде, екіншісі қарулы төңкеріс арқылы болған. Бірінде үміт, екіншісінде күдік басым болған алмағайып кезеңде екі мәрте жалпықазақ съезі өтті. Шілде айында өткен алғашқы съезде уақытша үкімет жариялаған демократиялық өзгерістердің нышаны болған «Учередительное собраниеге» депутаттар сайлау, «Алаш» партиясын құру міндеті тұрды. Ал желтоқсан айындағы өткен басқосуда «Алаш» автономиясы жарияланып, төрағалыққа Әлихан Бөкейхан сайланған Алашорда үкіметі құрылды. «Большевиктер бүлігінен» кейін 1920 жылы Алаш зиялыларының әу бастағы автономия талабы негізінде Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Орынборда ту тікті. 1925 жылға дейін қала Қазақ елінің астанасы болады. Ол автономияда бірсыпара Алаш зиялылары үлкен лауазымдық қызмет атқарды. Негізі, Орынбор қаласы алғашқыда бекініс ретінде салынған. Қаланың атауы екі түбірден тұрады. Бірі - өзеннің атын білдіретін «Ор», екіншісі - қала деген мағына беретін немістің «бург» сөзі. Бекініс алғашқыда Ор өзені бойында салынып (қазіргі Орск қаласы), кейін Жайық өзенінің бойына ауыстырылады. Стратегиялық тұрғыдан келгенде, өзен-сулардың бойын жағалап көшетін көшпелі халықтардың жеріне сыналап кіру үшін бекіністің жаңа орны аса маңызды болды. Орынбор бекінісінің алғашқы қазығы қағылған жер - Жайықтың оң жағалауындағы биік жар қабақ. Жар қабақты Жайық - бекіністің қазақ даласы бетіндегі табиғи қорғанысы. Далалық тұрғындармен тауар, мал саудасы жүретін «Меновый двор» өзеннің сол жағалауына орналасқан. Патшалық замандағы ескі карталарда Жайықтың сол жағалауы «қырғыз» даласы немесе «Степь кочующих киргиз-кайсакской Малой орды» деп белгіленген. Міне, бұл өлкенің өзіндік ерекшеліктері осы.
– Орынбор сапарынан қандай құнды дүниелер әкелдіңіз?
– Бізді сол өңірдегі қазақ қауымдастығы қарсы алды. Түрлі форматтағы кездесулерге қатыстық. Кейін қаладағы басты орындардың бірі - Керуен сарайды тамашалап, сондағы мешітте А.Байтұрсынұлы мен өзге де Алаш зиялыларының рухына құран бағыштадық. Керуен сарай 1842 жылы қолданысқа берілген. Жəңгір хан Бөкейұлы да мол ақшамен жəрдем көрсеткен. Керуен сарайда орналасқан баспаханадан «Қазақ» газеті басылып тұрған. Мұнда Башқұрт халқының көсемі Заки Валиди мен Алаш көсемдері жиі бас қосып тұрған деседі жергілікті өлкетанушылар. Орынбор архивінде «Алаш» жетекшілері мен Ə. Жангелдин бастаған большевиктер арасындағы саяси күрес-тартыстың қалай жүргендігінен хабар беретін құжаттар көп. Талай сыр-таным ашылмай жатыр. Кейкі мерген туралы деректер де, Орынбор өңірінің топонимикасы туралы да мағлұматтар бар. Орск уезінде Торғайға қарай шығатын керуен жолында Жетікөл деген елді мекен бар екен. Орысшада Джиткуль деп берілген. Қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігін толық таңбалай алмайтын орыстық кириллицада «жеті» деген жалпақ сөз қалай дыбысталса да, қазақ оны сан есімдік мағынада түсінеді. А.Байтұрсынұлы тұрған үйге бардық. Оның қазіргі мекенжайы - Чичерин, 75. Бүгінде ол жеке отбасы меншігінде. Біз барғанда қожайындар мұздақ қарды тазалап, күреп жатыр екен. Үйді жалға беріп отыр. Үйдің қасбеті Қазақстан елшілігінің қолдауымен жөнделген. Ол жөндеу де тозып барады. Жергілікті қазақтар қоғамы үйді музейге айналдырмақ ойлары бар екен. Бірақ болмай жатқан көрінеді.
Оқи отырыңыздар: Мәдени серуен: А.Байтұрсыновтың музей-үйі
– Әлихан Бөкейхан бабамыздың тұрған үйі де қаланың негізгі көшесінің бірінде деп естіп едік...
– Қаланың басты көшесі - Советская. Генерал-губернатордың сарайы, Кадет корпусы, Полиция мекемесінің кеңсесі, граф Браунның үйі, Шекаралық комиссия мекемелеріне қатысты нысандар т.б. қазіргі таңда тарихи-мәдени құндылығы аса маңызды ғимараттар осы көшенің бойына орналасқан. Орынбор сапарынан білгеніміз, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Орынборда бір уақыт осы көшеде, Николаевская, 10 деген мекенжайда тұрған. Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, 1917 жылы шілде айында өткен жалпы қазақ съезіне келушілердің бірқатары Алаш көсемінің үйіне орналасқан. Үй ұзынша қалыпта салынған. 1917 жылы «Учередительное собраниеге» «Алаш» партиясының атынан сайлауға түскен депутаттар тізімінде Ә.Бөкейханның тұрғылықты жері «Николаевская, 10» деп көрсетілген. Ол тізімде Ахмет Байтұрсынов, Ғабдолла Теміров, Сағындық Досжановтардың есімдері анық жазылған. Бұлбіз үшін құнды дерек. Орынбор шекаралық комиссиясының жанынан қазақ халқының балалары үшін арнайы ашылған орыс-қазақ мектебі де осы көшенің бойында. Мұнда қазақтың атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин білім алды.Тағы бір белгілісі, 1889 жылы Орскіде Торғай облысының білім инспекторы Ы.Алтынсариннің арқасында ашылған қазақ-орыс мұғалімдік мектебі өртеніп кетіп, оқу орны Орынбордағы қазақ-орыс мектебінің ғимаратына көшіріледі. Осылайша ол Орынбор қаласына орналасып, Қазақ даласындағы ауылдық орыс-қазақ мектептеріне мұғалім дайындайтын оқу орнына айналған. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлы білім алып, оны 1895 жылы 14 түлектің қатарында аяқтады. Демек, Ахмет Байтұрсынұлы Ы.Алтынсариннің Торғайда ашқан орыс-қазақ мектебінде, кейін ол кісі ашылуына мұрындық болған мұғалімдік мектепті аяқтап, «халық мұғалімі» (Народный учитель) атанады.
www.inform.kz