Биылдан бастап 3 қыркүйек елімізде Тазы мен төбет күні ретінде ресми бекітіліп, мерекелік күндер тізіміне енгізілді. Жеті қазынаға балаған ұшқыр тазы тұқымының жойылып бара жатқаны жөнінде мамандар, тазы өсірушілер дабыл қағып, мәселе көтерген еді. «Номад» ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қоры мүшесі Абзал ДОСЫМАНМЕН кинология саласындағы түйткілді мәселелер төңірегінде ой қозғап, сұхбат құрған едік.
– Тазы – асыл мұра, ұлттық құндылық. Табиғаттың бұл ерекше жаратылысына деген халқымыздың құрметі айрықша. Сіздің ынта-ықыласыңыз қалай басталды?
– Тазыға деген қызығушылығым сонау бала кезімнен басталды. 7 жасқа дейін киелі Торғай топырағының шалғайындағы Екідің ауылында Лекер Байбосынов деген нағашы атамның қолында өстім. Жетіқыз өзенінің бойын жайлаған Байсақал жайлауындағы көкжиегіне көз жетпейтін ұлан-ғайыр кең дала, жұпарымен жаныңды емдейтін табиғат – бәрі-бәрі жүрек түкпірінде сақтаулы. Даланың дарқандығын, суының мөлдірлігін, адамдарының кең пейілін айтсаңшы. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортаның қасиетін айтып жеткізу мүмкін емес. Атам қоймен бірге ой бағып жүретін. Төрт түлігін өсіріп қана қоймай, күтіп-баптап, асылдандырып отыратын. Нағыз түздің адамы еді. Қансонар келсе ұйқыдан қалып, 10-15 тазысын ертіп алып дала кезіп кететін. Аңқұмар атамның жанында жүріп мен де тазыға әуес болдым. Тазының тазалығы, болмысы, табиғаты ерекше әсер етті. Атамның ойын адамдай түсініп, қас-қабағын бағып тұратын. Денесінде артық еті жоқ, соншалық сұлу осы бір жаратылыстың тектілігі, ептілігі, ұшқырлығы, алғырлығы, қайсарлығы, адалдығы, төзімділігі, ақылдылығына қайран қалушы ем.
Маған сөз киесі екі жақтан да дарыған. Өз атам Нұрахмет Досыманов – кітаптары жарыққа шықпаса да кемі үш кітапқа жететін өлең жазған ақын адам. Бірақ ешқашан жазғанын жарыққа шығаруға талпынбай өтті. Нағашы атам таңсәріде өріске кетіп бара жатып, қойнына кітабын қыстыра кететін. Кешке мал жайлап, көңіл жайланған шақта белгі сап бүктеген беттерін ашып, қайтадан маған дауыстатып оқытып, өзі көзін жұмып сүйініп отыратын. Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Ғабит Мүсірепов, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік сынды қаламгерлердің шығармаларымен осылай таныстым. Әсіресе маған қатты әсер еткені Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты болды. Лашынның тағдыры түсіме кіретін. Әділдей әлпештеп, Қазыдай қадірін білетін жандар қайда қазір?.. Сол хикаяттағы мына бір жолдарға үңілген сайын көп дүниеге көз жеткіземін.
«Әмір марқұм, Қазының әкесі, аса мықты аңшы болған. Оның қолынан қыран тазы мен құмай төбет үзілмеген. Қазақ ежелден аңшы иттердің тұқымын асылдандырып келген. Солардың бірі – Мамай шалдың Бесқара атты тазысы. Ерекше ірі, жолбарыс кейіптес бұл ит бір жылы жалғыз өзі он үш қасқыр алған. Арқар, түлкі, қоян аулауда алдына жан салмаған. Мамай шал оны бес құлынды биеге де айырбастамаған. Кейін Бесқараның ұрпағы саналатын көк тазы да өмірден өтті. Өлерін сезген ит иесінен қашып, көзден таса болған. Мамай неше күн аза тұтыпты деседі. Адам кісі өлгенде өйтпес. Шынында да, Бесқарадай болмағанмен, қыран-ақ еді, шіркін. Ондай тарлан тазылар қазір жоқ. Ит баптап, құс күйттеп, бұлғақтап жүретін уақыт қайда».
Бұл бүгін де өзекті мәселе. Тазының қаны да бұзылып, саны да азайып бара жатқан шақта көңілге қалай күдік ұяламасын. Ұлттық құндылығымыз ретінде ұлықтай алмай келдік. Осы мәселе көптен бері толғандырып 2012 жылы тазы өсіруді қолға ала бастадым. Иесін жоқтап көрді тырмалап жатып өлген сары тазының, бүгін әлем тамсанып көріп жүрген Жапонияның Хатикосынан қай жері кем деп ойлайсың кейде. Бізге сол Лашын да адалдықтың анық бейнесі емес пе?
«Жылатып баурын тастың да,
Серпіген түннің түнегін
Қып-қызыл күннің астында
Сары тазы барын білемін.
«Сен кімсің?» – дейді,
сұрайды Ар
Тазының әлсіз үнімен.
Кеудемді менің бір ойлар
Шығады тырнап түнімен», –
деп жырлайды көрнекті ақын Есенғали Раушанов «Сары тазы» элегиясында.
– Байқаймын, көркем әдебиетті де көп оқитын сияқтысыз. Сөздің сырына терең бойлау да ата тәрбиесінен алған өнегеңіз болар?
– Өлең оқуға бала кезімнен құмар болдым. Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа оқитынмын. Әлі есімде, 5-сынып оқып жүргенімде Мұхтар ағамыздың Қырғызстан елшілігінен елге оралып жатқан кезі. Астанада «Елге оралу» деген жыр кешін өткізді. Сол кешке анам ертіп апарып, кездесу кезінде ақынмен сұхбат болғанда апарып бересің деп қалтама бір бүктелген хат салып берді. Халық сауалдарын қоя бастаған сәтте сахнаға көтеріліп, қалтамдағы хатты ұсындым. Бір кезде ақын аға залға қарап: «Жаңағы оқушы бала ортаға келсінші, менің өлеңімді жатқа біледі екен», деп сахнаға шақырды. Шығып, мәнерлеп оқып бердім. Халықтың қошеметі ерекше болды. Сахнадан түсе бергенімде елге белгілі тұлғалар: Серік Әбдірахманов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Күләш Шәмшидинова сынды аға-апайлар қолымды алып, ақ батасын берді.
“NOMAD” Ұлттық аңшылық клубы” қоғамдық қорының әйгілі Ұшар атты тазысы
Мұхтар ағамен содан кейін өте жақын араласып кеттім. Қасына еріп Расул Ғамзатов, Евгений Евтушенко, Шыңғыс Айтматов сынды талай мықтылармен таныстым. Шыңғыс ағаның: «Әлемде мәнерлеп оқудың 8 түрі бар», деп өзі оқып көрсеткені жадымда қалыпты. Бүгін ойлап отырсам бұл да бір тарих екен...
– Тазы баптауда әр адамның жеке ерекшеліктері болады ғой. Бұл бағытта атаңыздың қандай ерекшеліктері бар еді?
– Атам тазыларын күшік кезінен қасқыр терісінің үстіне жатқызып өсіретін. Мұның сырын сұрағанымда, «Иісін ала берсін, кейін аңға шыққанда бойын үрей билемейтін болады», деп отыратын. Бұл да даналық емес пе? Тамағын мөлшермен беріп, аңға шығатын күндері таң асырған аттай сүйек-сорпамен ғана жеңіл-желпі қоректендіріп алып шығатын. Аңды тазы ғана алмайды, иесі де, оның астындағы аты да бірге кіріседі. Атымен қашқан аңның алдын кесіп, айтақ қосып бара жатады. Тазыларына ешқашан жалған белгі бермейтін. Біз өтірік айтақтасақ, ұрсып тастайтын. «Аң көрмей тұрып белгі берме, бір алданған тазы келесіде шын айтсаң да сенбейтін болады», деп үйрететін.
Атамның жүрісіне үйренген тазылар өз жұмысына кірісіп кетеді. Тазының қаншығы өлекшіндер өте иісшіл келеді. Олар алдымен із салып, арландары соңынан ілесіп отырады. Тазының ақылдылығы сол – алдындағы аңнан айласын асыра білуінде. Алдындағы аңды ұстауға тек қана ұшқырлық аздық етеді. Одан айласын асырғанда ғана қол жеткізеді. Ытқи жөнелетін қоянды, құйрығын екі жаққа кезек тастап тастаққа қарай жортатын түлкіні, азулы арланды алуға өте ептілік керек. Сол үшін де мен шырға тартуға қарсымын. Біріншіден, бұл құр терімен тазыны алдау, екіншіден, ешқандай ептілікке үйретпейді.
Қаланың шетіндегі ауылда тазы ұстайтын арнайы орным бар. Демалыс күндері атқа мініп, тазымды ертіп таза ауада серуендеймін. Аңға шығамын. Бірақ мылтық ұстап, оқ шығаруға қарсымын. Даланың да өз заңы бар. Аңшылық бабаларымыздан қалған ақсүйек, бекзадалық өнер. Оны қорлауға болмайды. Мықты болсаң тазыңмен, бүркітіңмен шық. Құмай тазы баптап, қолыңа қыран құсыңды қондыр. Міне, сонда ғана ол аңшылық болады. «Еттің бәрі – қазы емес, Иттің бәрі – тазы емес», деп бабаларымыз бекер айтты дейсің бе?
Атам қазақ бала тәрбиесі былай тұрсын, жан-жануарды үйретуде де озық болған. Аңға кез келген атқа мініп шыға бермейді. Арнайы соған төселген, жүйрік жылқымен шығады. Қазақтың бүкіл аңшылық, саятшылық өнерінің қасиеті Абай атамыздың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген бір ғана өлеңінің өне-бойында тұр. Одан асырып бірдеңе деу қиын шығар.
– Дала заңын ұстанған бабаларымыздың жолы, аңшылық дәстүрі өзіндік бір мектеп қой. Сол мектеп үзіліп қалған жоқ па?
– Сценарийiн белгілі жазушы Таласбек Әсемқұлов жазған, режиссер, актер Досқан Жолжақсыновтың «Біржан сал» кино туындысын көргенде қатты әсерлендім. Ұлттық киномыздың абыройын асырған ерекше туынды ел жүрегінен ойып тұрып орын алды. Фильм сезіміңді селт еткізер, санаға терең ой салар қызу оқиғамен басталады. Шексіз аппақ қарға оранған әлемнің үстінде Біржан бастаған бір топ сал-сері арлан қасқырдың соңына түсіп, тазыларын қосып, қиқулап қуып келе жатады. Еркін дала төсінде асау арғымақтай көсілген, бейқам қазақ тіршілігі. Мизамкөк деп аталатын табиғаттың ғажайып мезгілі аға жасқа келген Біржанның ішкі дүниесімен астасып жатқандай...
Кенет бір төбенің астынан атылған мылтықтың дауысы селт еткізеді. Көкжалды жалғыз оқпен-ақ сұлатып тастаған екен. Қар үстінде қызыл қанға батып, қансырап жатқан түз тағысын көріп, Біржан есеңгіреп тұрып қалады. Бір сұмдықтың келе жатқанын жүрегі сезгендей шым етеді. Атқан ақ патшаның әскерлері екен. «Бұл – біздің жол емес» деп көкжалды алмай кері бұрылып кетіп қалады. Міне, осы эпизодпен-ақ режиссер көп дүниені ұқтырып тұрғандай.
– Тазыны насихаттау бағытында мемлекеттік деңгейде қандай жұмыстар жүргізілді? Тазы туралы әңгімені неден бастауымыз керек?
– Жеті қазынаның бірі қазақ тазысының 3 мың жылдық тарихы бар екені бүгінде ғылыми негізде дәлелденіп отыр. Сән мен салтанаты келісіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білген заманда қазақ байлары қыздарының жасауына тазы қосып бергенін білеміз. Аштық жылдары бір тазы бір ауылды асырап, елді аман алып қалғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Сыйлы қонағына тазы сыйлау дәстүрі үзілмей келеді. Мемлекет басшысының өзі ең мәртебелі меймандарына тазы сыйлап, жадымызда жатқан дәстүрді жаңғыртқандай болды.
Елімізде қазақы тазы мен төбетті сақтау, көбейту жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Үкімет пен тиісті министрліктерге осы бағытта нақты міндеттер жүктелді. Соның нәтижесінде, арнайы заң қабылданып, қазақы ит тұқымдарын қорғау, зерттеу, халықаралық деңгейде мойындату жұмыстары қолға алынды.
Президент пәрменімен депутаттар мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бірлесіп арнайы заң жобасын әзірледі. Бұл заң 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.
«Біз бұл асыл тұқымды иттерді әлемге танытуымыз керек. Тазы ерекше күтім мен қамқорлықты қажет етеді, сондықтан арнайы заң қабылдадық», деді Мемлекет басшысы.
Қазақ халқы – ежелден даланың тілі мен ділін, жаны мен сырын түсіне білген дара ұлт. Тұрмыс-тіршілігін, сана-сезімін дала заңдылығымен байланыстыра алған. Ата-бабамыздың бағзы дәуірі ат үстінде өткен десек, ойымызға ең әуелі жаугершілік замандар оралатыны сөзсіз. Қастерлі ел мен қасиетті жерді найзасының ұшымен, білегінің күшімен қорғаштап жүріп ұрпағына ұлағат боларлық мол қазына, сырлы дүние қалдырып кеткен. Соның бірі – аңшылық өнер. Жалпы, аңшылық өнер көптеген халықта бар. Бірақ қазақтың аңшылық өнері аңшылықтың сертіне, табиғаттың заңдылығына сай келеді. Ата-бабаларымыздың аңшылықты өнер деңгейінде ұстанып, тамашалап өткені белгілі. Аңды қарумен емес, құмай тазымен алу – осы өнердің ең негізгі серті, ерекшелігі. Құмай тазылар ертеден құрығын сүйреткен ұры мен құйрығын сүйреткен бөріден мал-жанды аман сақтаған, сонымен қатар саятшылық өмірдің де сәнін келтірген. Еліміз тәуелсіздігін алғалы отыз жылдан асты, шүкір. Ұлттық ерекшелігіміз бен бірегей болмысымызды танытатын қаншама жобалар қолға алынды. Осыған орай Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Желден де жүйрік тазы» атты халықаралық фотокөрмелер Финляндия астанасы Хельсинкиде, Түркияның Ыстанбұл қалаларында ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар отандық, шетелдік БАҚ-тарда кеңінен жарияланып, оң нәтижесін берді.
– Жуырда Тазы мен Төбет күні белгіленді. Айтулы күнге көзқарасыңыз қандай? Бұл күннің мән-маңызын қалай арттыра аламыз?
– Иә, бұдан былай 3 қыркүйек – Тазы мен Төбет күні болып бекітілді. Бұл шешімді Экология және табиғи ресурстар министрлігі қабылдады. Мерекенің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды сақтау, қазақы ит тұқымдарын көбейту, оларды халықаралық деңгейде насихаттау. Мұның астарында ұлттық код, баба мұрасы, сайын далада түз тағыларымен бетпе-бет келетін нағыз ержүректік, батылдық, табандылық, ерлердің ерекшелігі көрінетін тәлім мен тәрбие, бабадан қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіміздің, дәстүр-салтымыздың даңғыл жолы, ұлттық аңшылық өнердің тарихы жатыр.
Тазы мен төбетті сақтау мен дамыту бағытында бірқатар шаруа жүзеге асты. Атап айтқанда, 2023 жылы Президент Қ.Тоқаев қазақы ит тұқымдарын сақтау туралы арнайы заңға қол қойды. Үкімет тазы мен төбеттің генетикалық тазалығын сақтауға, олардың көбеюін қолдауға бағытталған іс-шараларды іске асырып жатыр. Былтыр 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны ресми танып, бекітті. «Qazpatent» қазақы тазының патенттелгенін жариялады.
Алдағы уақытта тазы мен төбеттің шығу тарихы туралы дәрістер, семинарлар ұйымдастырылады. Көрмелер ашылып, халықаралық кинологиялық жарыстар өтеді. Қазақы иттерді насихаттайтын мәдени фестивальдар да жоспарланып отыр. Бұл мереке ұлттық мұрамызды сақтаудың, халықаралық деңгейде дәріптеудің һәм жас ұрпаққа аманаттаудың маңызды қадамы болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
Egemen Qazaqstan