Қазақ әдебиеті қара жамылды: Дулат Исабеков өмірден өтті
22.02.2025 126

Қазақ әдебиетінің қабырғасын қайыстырған қаралы хабар жетті. Белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков 82 жасында өмірден өтті. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов хабарлады.


"Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, он-он бес минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын...", – деп жазды ол.

Қазақ әдебиетінің заңғары

Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің алтын қорына есімі мәңгілікке жазылған тұлға. Ол 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, "Ленин жолы" ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, әдебиет пен баспасөз саласында аянбай еңбек етті.

Ол әр жылдары "Лениншіл жас" газетінде, "Қазақ Совет энциклопедиясы" бас редакциясында, "Жұлдыз" журналында, "Жазушы" баспасында, Қазақ теледидарында қызмет етті. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болды. Соңғы жылдары республикалық "Мәдениет" журналының бас редакторы қызметін атқарды.

Қаламгерлік жолы

Жазушының қаламынан туған "Гауһар тас", "Дермене", "Қарғын", "Тіршілік", "Өкпек жолаушы" сияқты шығармалары қазақ оқырмандарының жүрегінен орын тапты. Оның шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылып, шетелдік оқырмандарға да кеңінен танымал болды.

Қазақ сахнасында 26-ға жуық пьесасы қойылған Дулат Исабеков драматургия жанрында да өзіндік қолтаңба қалдырды. "Әпке", "Ертеңді күту", "Мұрагерлер", "Тыныштық күзетшісі", "Кемпірлер" сынды драмалық шығармалары республикамыздың театр сахналарынан түспеді. Оның туындылары Лондон, Санкт-Петербург, Омбы, Анкара, София, Ташкент, Душанбе, Уфа қалаларының театрларында сахналанып, жоғары бағасын алды.

Халықаралық деңгейдегі қаламгер

Дулат Исабеков қазақ әдебиетін әлемге танытуға зор үлес қосты. 2012 жылы жазушының 70 жылдық мерейтойына орай "Исабеков әлемі" атты халықаралық театр фестивалі өтті. 2014 жылы Ұлыбританияда "Қазақ әдебиетінің апталығы" аясында Лондонның "Giant Olive Theatre" театрында жазушының "Өкпек жолаушы" пьесасы қойылды. 2017 жылы оның 75 жылдығына орай Лондонда "Қазақ өнерінің фестивалі" ұйымдастырылып, ағылшын тілінде "Аққу-Жібек" пьесалар жинағы жарық көрді.

Қазақтың Дулаты

Дулат Исабеков – Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тәуелсіз Қазақ ПЕН-клубы мен платиналы "Тарлан" сыйлықтарының иегері. Ол "Достық", "Құрмет" ордендерімен марапатталған. Жазушының өмірі – ұлт руханиятының өркендеуіне арналған еңбек пен ізденістің шежіресі.

Бүгінде қазақ елі қаралы қазаға ортақтасып, қазақ әдебиетінің алып бәйтерегін жоқтап отыр. Дулат Исабековтің есімі мен шығармашылығы қазақтың мәңгілік руханиятының төрінде қалады.

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Жаныңыз жәннатта болсын, қазақтың Дулаты!