Алаш Орда үкіметінің көрнекті қайраткері, не-бары 36 жасында опат болған Биахмет Сәрсеновтің туған інілері Жанахмет, Әлімхан және Дәлелдің тағдыр-талайы жайлы не білеміз?
«Егемен Қазақстан» газетінде әдебиетші, сыншы Құлбек Ергөбектің «Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал» атты мақаласы (№82, 2017 жыл, 28 сәуір) шыққаннан кейін көп уақыт өтпей Семейден бір кісі хабарласып, «Әміртай Жанахметов» деп таныстырды. Бұл кісі әйгілі қаламгерді өзіне тәнті еткен қазақ қызының өмірлік серігі болған Дәлел Сәрсеновтің туған ағасы Жанахметтің немересі болып шықты.
Жұрты үшін істеген жақсылығы көп болса да, бүгінде есімі ел жадынан өше бастаған Алаштың ардақты ұлдарының бірі Дәлел Сәрсенов пен оның жан жары Ғайыпжамал туралы сәл кейінірек тоқталамыз. Әуелі біз көп біле бермейтін Сәрсеновтер әулеті жайында аз-кем сөз етуді жөн көріп отырмыз. Өйткені жоғарыда есімдері аталған ағайынды Жанахмет пен Дәлел – Алаш Орда үкіметінің көрнекті қайраткері болған Биахмет Сәрсеновтің туған інілері.
Небары 36 жасында өмірден өткен Биахмет әуелде Семейде облыстық қазақ комитетінде, «Алаш» қалалық думасында еңбек еткені, облыстық земствоның депутаттығына сайланғаны, кейін Орынборға шақырылып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов 1919-1921 жылдары халық ағарту комиссары қызметін атқарған кезде бір жылдан астам уақыт оның орынбасары болып, аталған комиссариаттың әлеуметтік тәрбие секторы мен қазақ мектептері бөлімін басқарғаны белгілі.
«Төңкеріс заманға душар болып, әлеумет ісіне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Бияшты керек қылды, сүйреді. Оның араласпаған қызметі болмады. Қандай жұмысқа кіріссе де, тереңнен біліп, тез бітіретін Бияш болатын. Оқу комиссариатында қандай іс болсын бір өзі басқарып бара жатыр еді. Хәкімшілік жұмыста арқасы босағандай болып, Ахаң Бияшқа сеніп отырушы еді» деп жазған еді Жүсіпбек Аймауытов «Бияш» атты мақаласында замандасының кенеттен келген қазасына қатты қайғырып. Осы Биахметтің туған інілері Жанахмет, Дәлел, Халел жайында не білеміз?
Алаш ардақтысының ұрпағы Әміртай Жанахметовпен кездесіп, уақыт табы сарғайтқан құжаттарға көз салғанымызда маңдайға басар марғасқаларымызды мансұқтаған кер заманның ызғары бойымызды қарып өткендей болды. Бір қуанып, бір мұңайдық. Қуанғанымыз – бір әулеттен шыққан төрт азаматтың ұлт мүддесі жолында қалтқысыз қызмет еткені. Мұңайғанымыз – олар көрген, олардың ұрпағы, үрім-бұтағы тартқан азап, шеккен қорлық-зорлық, қуғын-сүргін. Рет-ретімен баяндайық.
Жанахмет
Құжаттарынан аңғарғанымыз, Жанахмет Сәрсенов саналы ғұмырын ұстаздыққа, ұрпақ тәрбиелеуге арнаған секілді. 1927 жылы 29 қарашада өз қолымен толтырған жеке ісқағазында 1886 жылы Зайсан уезінің Нарын болысында (қазіргі Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылының маңы) дүниеге келгенін, Нарын ауылдық мектебінде 3 жыл, Семейдегі 4 жылдық қалалық училищеде 4 жыл және осындағы мұғалімдер семинариясында (қазіргі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж) білім алғанын, педагогикалық жоғары оқу орнына түскенін, 1912-1913 жылдары Өскеменде, 1913-1917 жылдары Зайсанның Қарабұлақ ауылында мұғалімдік қызмет атқарғандығын жазыпты.
Жанахмет Сәрсенов, жұбайы Зылиха
Ерекше атап өткіміз келетіні, Ж.Сәрсеновтің 20 өзге ұлт өкілінің арасынан шолпан жұлдыздай жарқырап жалғыз қазақ болып семинарияны бітіргені. Бұдан әрі өзінің 1924-1926 жылдары Семей уездік атқару комитетінің халыққа білім беру бөлімінде инспектор, 1926 жылдан осы қаладағы тұтынушылар одағында мәдени нұсқаушы болып еңбек еткенін көрсетіп, 1917 мен 1924 жылдар аралығындағы атқарған қызметтерін айналып өтіп, «Сіздің революциялық және қоғамдық жұмысқа қатысуыңыз?» деген сұраққа: «17-ге дейін мұғалім, 17-ші жылдан кейін әртүрлі мекемеде қызмет істедім» деп қысқа ғана қайырыпты. 1917 мен 1924 жылдардағы қызметін айтқысы келмегені түсінікті секілді. «Алашордашы» деп айып тағып, қуғын-сүргінге сала ма деп қауіптенген. Қауіптенетін жөні де бар. Өйткені Ж. Сәрсенов Алашорда үкіметі шындап жұмысқа кіріскен 1918-1919 жылдары Алаш қайраткері Ахметжан Қозыбағаров жетекшілік еткен, Семейде құрылған уездік земство басқармасының халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің көмекшісі қызметін атқарғаны белгілі.
«Тар заманда таудай қайрат көрсеткен» (М. Дулатов) Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерімен тізе қосып, ұлт мүддесі үшін жан аямай қызмет қылған тұлға 1928-1931 жылдары (1931 жылдан кейін де жұмыс істеуі мүмкін) Семей кооперативтік техникумында орыстілді студенттерге қазақ тілінен сабақ беріпті. Қазақ тілінен бөлек, арасында арифметикадан да дәріс оқыған секілді. Педагогтің 1928-1929 және 1930-1931 оқу жылдарында өз қолымен жазған есебін (есептің орыс тілінде жазылғанын ескертеміз) оқығанымызда ана тілімізге деген алғаусыз құрметін, өзге ұлт өкілдеріне тілімізді үйретуге деген өзгеше ынта-ықыласын аңғарғандай болдық.
Жанахмет Сәрсенов (екінші қатарда оң жақтан бірінші) Семей кооперативтік техникумының студенттерімен бірге. 1932 жылғы 1 қаңтар
«Біз Шонановтың қазақ тілі оқулығы бойынша әр сабақта 10 сөзден үйреніп, 23 сабақ өткіздік. Яғни біздің сөздік қорымыз 230 сөзді құрайды. Қазақ тілі сабағы басқа пәндерден әлдеқайда кешігіп басталды. Бағдарламамызда да олқы тұстар көп. Әйтпесе, сабақ санын 25-30-ға дейін жеткізуге болар еді. Сабақ беру барысында оқушылардың білім деңгейінің әртүрлілігі мен дайындығы біршама қиындық тудырды. Топта қазақ тілінде сөйлей алатын 2 адам болды, 5-6 адам түсінетін, сөйлей алмайтындар да болды. Мұның бәрі жұмысқа әсер етті. Сабақты өткізу барысында мынадай әдістерді қолдандым: оқу, хат жазу, сөздерді жаттау және әңгімелесу. Үй тапсырмасына сөздерді жаттауға бердім. Бірақ үй тапсырмасы жөнді орындалмады, бос уақыт жоқ деп түсіндіреді. Әуелде араб қарпімен жаздық, сабақ аяқталуға бір ай қалғанда жаңа әліпбиге – латын қарпіне көштік. Бұл әліпби көп қиындық тудырған жоқ. Тез арада меңгеріп алдық», – деп жазыпты 1929 жылы 9 маусымда жазған есебінде. Соңына «G. Sәrsen» деп қол қойыпты.
Әлімхан Жанахметұлы өз қолымен толтырған автобиографиясында әкесінің 1934 жылы көз жұмғанын, соңғы жұмыс орны Семейдегі коммунистік жоғары оқу орны болғанын жазыпты. Ж. Сәрсеновтің немересі Әміртай атасының дүниеден өтерден біраз уақыт бұрын абақтыға қамалып, сырқатқа шалдығып, сол бойы оңалмай 48 жасында өмірден озғанын айтады. Содан тура екі жыл уақыт өткенде, яғни 1936 жылы бір күні оның үйіне үш әріптің өкілдері баса-көктеп кіріп келіп: «Жанахмет Сәрсенов қайда?» деп сұрапты дейді. Жесірі Зылиха екі жыл бұрын қайтыс болғанын айғақтайтын құжаттарын көрсетіп, әрең дегенде құтылса керек.
Әлімхан
Биахмет те, Жанахмет те сталиндік зұлматтың тырнағына ілігіп үлгермей өмірден өткенімен, қуғын-сүргін олардың ұрпақтары мен туған-туыстарын айналып өтпеді. Мәселен, Жанахмет Сәрсеновтің 1919 жылы дүниеге келген, кейін Жезқазғандағы кен басқармасында, Қазақ КСР Ғылым академиясында қызмет істеген ұлы Әлімхан 1943 жылы 30 шілдеде тұтқындалып, РСФСР ҚК-нің 58-10 бабы бойынша 10 жылға сотталып, Қарағандыдағы Долинка лагерінде жазасын өтеп, 1950 жылы күзетпен босатылады. 1950-1952 жылдары Шар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жер құрылысшысы, 1952-1963 жылдары Шұбартау аудандық атқару комитетінде аға жер құрылысшысы қызметін атқарған ол 1958 жылы саяси айыптаудан ақталып, 1976 жылы өмірден өтіпті.
«Әкем, бәлкім, сотталмас та еді. Жақын араласатын бір орыс жолдасы үйленіп, кейін өзінің анасына соқтығып, үйден қуып шықпақ болғанда араша түскен әкемнің сыртынан «Алашорданың тұқымы» деп арыз жазыпты. Әкем марқұм көп ашылып сөйлемейтін. Қорқыныш, үрей бойын әбден жайлап алған ғой. Ағайын, жақын-жуықтары үйге келгенде есікті жауып алып, сыбырлап сөйлесетін. Талай дүние, талай құпия ішінде, өзімен бірге кетті деп ойлаймын. «Түрме авторитетінің арқасында аман қалдым. Оның әкесі ақ гвардияшы болыпты. Түрмеден шығарда «артымда ұлым қалды, соны тапшы» деп аманаттап еді» деп отыратын әкем жарықтық. Бірақ таба алмады. Соған өкініп отыратын. Зиялы отбасынан шыққан ол кісі әкемді ерекше жақсы көріпті. Өзінің камерасына шақырып, әңгімелесіп, шер тарқатады екен.
Әкем сауатты кісі болған. Түрмедегі адамдардың кешірім хаттарын өздерінің атынан жазып беріп отырыпты. Қаныш Сәтбаевтың қол астында Ғылым академиясында қызмет істеген кезінде өзі құралпы студенттермен бірге күн сәулесін пайдалануға қатысты жоба әзірлеген екен. Содан көп өтпей өзі де қудалауға ұшырап, жобасы жайына қалған секілді.
Әлімхан Жанахметұлы әйгілі геолог ғалым, тау-кен инженері Ақжан әл-Машанимен бірге Жезқазғанда геологиялық экспедиция құрамында да болыпты. Біздің үйде «Ә. Сәрсенов КСРО Ғылымдар академиясы Қазақ филиалының геологиялық отрядының қызметкері екендігін куәландырамын» деп ғалымның өз қолымен толтырылып, соңына «отряд бастығы Машанов» деп қолы қойылған құжат сақталған. Әкем осы экспедицияда жүріп тұтқындалған секілді. Кейде ойлаймын, сталиндік тоталитарлық режімнің зардабын тартпағанда ұстазы Машановтың ізін басқан үлкен ғалым болар ма еді», дейді Әміртай Әлімханұлы.
Ақжан әл-Машанидің қолы қойылған құжат
«Сәрсенов» деген тегі үшін осы әулеттің бір емес, бірнеше адамы қуғын-сүргін көріп, жұмыстан, оқудан шығарылып, абақтыға қамалыпты. Тіпті, жазықсыздан жазықсыз атылғаны да бар. Мәселен, Мәскеудегі түсті өндіріс бас басқармасында инженер болып жұмыс істеген Биахмет пен Жанахметтің туған інісі Халел Сәрсенов тегін Тонин деп әйелінің фамилиясына ауыстырса да, әпербақан, әміршіл жүйенің құрығынан құтылмай, 1937 жылы КСРО әскери коллегиясының үкімімен ату жазасына кесіліпті. КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының 1958 жылы 16 желтоқсанда Х. Сәрсеновтің ақталуына байланысты берген тілдей анықтамасының үш жерінде Тонин деген сөздің жанына /он же Сарсенов/ деп жазылыпты.
1937 жылы атылған Х. Сәрсеновтің ақталғандығы туралы анықтама
Ал Халел Сәрсеновтің жұбайы Е.Н. Тонина-Николаева 1959 жылы Мәскеуден Шұбартауда тұратын Әлімхан қайнысына хат жолдапты. Хатта не жазылғанын ешкім білмейді. Бүгінде сол хаттың шеттері жыртылған, сырқы беті ғана сақталған.
Жанахметтің тағы бір інісі Шарахметтің Сейілжан деген ұлы да түрмеге қамалыпты. Бұрынғы ҚазПИ, бүгінгі Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқыған, кейін оқу ағарту министрлігінде қызмет істеген Әлімханның туған әпкесі Нағима да «Алашорда тұқымы» деп оқудан шығарылмақ болғанда аудандық партия комитетінің хатшысы араша түсіп, кейін ол кісінің өзі де қуғынға ұшырапты. «Ол заманда Сәрсенов дегеннің бәрін жау көріп, қолы жеткендерін ұстай берген ғой. Содан да болар, әкеміз Әлімхан біздің отбасындағы балалардың фамилиясын әртүрлі етіп жаздырған секілді. Үлкен апайым және мен Жанахметов, тағы бір апайым Әлімханова, қалғандары Сәрсенов. Әйтеуір біреуі аман қалар деген оймен осылай істеген болуы керек», деген тектінің тұяғы, атасы Жанахметке қатысты құжаттарды мұрағаттан 2012 жылы тауып алғанын айтты.
Х. Сәрсеновтің жұбайы Е.Н. Тонинаның Әлімханға жазған хаты
Дәлел
Ал енді ұлы Мұхаң ғашық болған Ғайыпжамал Құтымованы өзіне тәнті етіп, кейін жұп жарастырып, аз уақыт бақытты ғұмыр кешкен Дәлел Сәрсенов кім? Ең әуелі оның Алаш қайраткері Биахмет Сәрсеновтің туған інісі екенін баса айтқымыз келеді. Екінші, Д. Сәрсенов те ағасы секілді Алашорда үкіметінің құрылуына, Алаш идеясының насихатталуына біршама еңбек сіңірген адам. Құлбек Ергөбек жоғарыда аталған мақаласында Дәлел Сәрсеновтің Том университетінің заң факультетін бітіргенін, сонда М. Әуезовпен, Қ. Сәтбаевпен бірге оқығанын, кейін Ғ. Құтымовамен қол ұстасып Ташкентке келіп, Орта Азия университетіне оқуға түскенін, осы қалада ашылған тұңғыш Қазақ ағарту институтының директоры болғанын, кейін Орта Азия мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп жүріп, 1932 жылы сүзектен қайтыс болғанын жазады. Ал Ғайыпжамалдың (туыстары Ғалия деп атаған екен) Орта Азия университетінің медицина факультетін үздік бітіріп, аға оқытушы, доцент, кейін Ташкенттегі Ана мен баланы сақтау басқармасын басқарып, 1938 жылы Денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары, Өзбек КСР-і Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланып, 1947 жылы докторлық диссертация қорғағалы тұрған жерінде жүрек талмасынан көз жұмғанын атап өтеді. Бүгінде есімдері көп айтылмайтын қазақтың қос зиялысы – ерлі-зайыпты Дәлел мен Ғайыпжамалдың Ташкенттегі өмірі мен қызметіне қатысты басқа қандай мәліметтер бар? Тым көп болмаса да там-тұмдап бар екен. Оған да шүкір дедік.
Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылының тұрғыны Төлеуғазы Нұрғалиұлы Сәрсеновтер әулеті жайындағы «Бияхмет Сәрсенұлы хақында» атты мақаласында Д. Сәрсеновтің 1932 жылы 4 желтоқсанда дүние салып, 6 желтоқсанда Ташкент қаласында жерленгенін тілге тиек етеді. «Дәлелдің мезгілсіз қазасына жоғары оқу орнының студенттері, институттың оқытушылары мен профессор, докторлары, алыстағы ел-жұрты, туған-туысқандары, дос-жарандары қатты қайғырып, аза тұтады. Қатысқандар қосағы Ғалияның аза тұтуы ерекше көзге түскен еді деседі. Лек-легімен қоштасқан елдің қарасы толастамағандығы қазақ халқы үшін орны толмайтын қаза екендігінің көрінісі еді дейді көзкөргендер» деп жазады автор.
Семейдегі қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығындағы архивтік деректер Д. Сәрсеновтің ағасы Жанахметпен бірге уездік земство басқармасының жер бөлімінде іс жүргізуші, ал үлкен ағасы Биахметпен бірге облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып әрі осында хатшы қызметін атқарғанын айғақтайды. «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти 1918 года Правительства Восточной Алаш-Орды» атты ресми құжатта Б. Сәрсеновпен қоса Дәлелдің де есімі аталады. Сонда ағайынды үш жігіттің бір мезетте бір қалада Алашорда үкіметінің құрылымдарында ұлт үшін аянбай қызмет еткенін аңғарамыз.
Бір өкініштісі, Дәлел Сәрсеновтің соңында ізін жалғар ұрпағының қалмағаны. Ташкенттің қай жерінде жерленгенін де нақты ешкім білмейді. Тұлғаның жан жары Ғайыпжамалдың осы қаладағы «Минор» қабірханасында жерленгені белгілі. Алайда ол жер жермен-жексен болып, үстінен үйлер салынып кетіпті. Бізге осыны айтқан Әміртай Жанахметов Дәлел Сәрсеновтің бұрын ешқайда жарияланбаған екі фотосуретін көрсетті. Түймеленген пиджак киген суреті жас кезінде, ал екінші оң жақ бөлігі қиылған, кәстөм шалбармен отырған, зиялы болмысын танытатын суреті Ташкентте қызметте жүрген кезінде түсірілген секілді.
Әміртай Әлімханұлының әңгімесінен естіп, білгеніміз, Шегедектің кіндігінен Биахмет, Жанахмет, Халел мен Дәлелден бөлек Шарахмет, Бірахмет, Қожахмет, Салық деген ұлдары мен төрт қыз тараған екен. Әулеттің кенжесі Салық ағалары секілді ел басқару, оқу-ағарту ісіне араласпаса да, семинарлық білім алған, ел ішінде беделді, көзі ашық жан болғанға ұқсайды.
Ал 1937 жылы Мәскеуде атылған Халел Сәрсеновтен Аркадий деген ұл туып, одан Миша (шамасы Михайл болуы керек) өмірге келіпті. Мишадан ұрпақ бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Сәрсеновтер әулетінде тек Халелдің немересі Мишаның бала кезінде күлімдеп түскен жалғыз суреті ғана сақталған.
Түйін
Өкініштісі сол, Алаш үшін аянбай қызмет еткен ағайынды Сәрсеновтерді бүгінде жұрттың көпшілігі білмейді. Біздің білетініміз, Тарбағатай ауданының Жәнтікей ауылында Биахмет Сәрсеновке көше беріліп, осы ауылда ұрпақтарының күшімен ескерткіш сынтас қойылғандығы, Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде Б.Сәрсенов есімімен бір кабинеттің аталғаны. Алаш ардақтысының туған жері Тарбағатай ауданының орталығында қызмет еткен шаһары Семей мен Өскеменде бірде-бір көшеге, білім ошақтарына, өзге де нысандарға тұлға есімі берілмеген. Алдағы уақытта бұл олқылықтың орны толар, тұлғаға лайықты құрмет көрсетілер деп үміт етеміз.
Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстаннан.
Суреттер Әміртай Жанахметовтің жеке мұрағатынан алынды