Ілияс Есенберлиннің балалық шағы
10.01.2019 2424
Ілияс Есенберлиннің балалық, жастық шағы туралы өзі айтып, не жазып кеткен мәліметтер жоқтың қасы. Оның себептерін ашып айту қиын

Балаларының айтуына қарағанда, әкелері жастық кезеңдері туралы біреулермен ой бөлісуге соншалықты құштар болмаған адам сияқты. Өмірінде өшпес жара болып қалған осы бір ауыр кезең туралы кеңінен отырып, не балаларымен, не бір жақын туыстарымен ой бөлісу жазушы үшін өте ауыр болғандай.

Ілияс Есенберлин 1915 жылы қаңтар айының 10 күні қазіргі Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында дүниеге келген.

Астанадан солтүстік-батысқа қарай бет алсаңыз, 280 шақырымдай жол жүргеннен соң Атбасар қаласына келіп ат басын тірейсіз. Ол уақытта Атбасар уезі 1921 жылы құрылған Ақмола губерниясының құрамында болатын. Атбасар қаласы болса сол уездің орталығы.

Бүгінгі күні қала – аудан орталығы. Қостанай – Есіл – Астана бағытындағы теміржол торабы болып саналады. Атбасар арқылы Қазақстанды Ресей мемлекетімен байланыстыратын автомагистраль да өтеді.

Ілияс Есенберлин дүниеге келген Атбасар қаласының атауы туралы ел аузында әңгіме көп. Соның бірі бойынша Атбасар атауының пайда болуы атақты Асан Қайғы есімімен де байланысты болып шығатыны да бар. Аңыз бойынша өмір бойы халқы үшін ең бір қасиетті де, асыл жер – «жерұйықты» іздеп әлемді шарлап жүрген жырау Есіл өзенінің осы сағасына ат басын тіреген. Міне, осы уақыттан бастап бұл жер «Асан Қайғы атының тұяғы басқан», яғни «ат басқан» деп аталып кеткен» деген ел аузында аңыз бар. Ақмола губерниясы (1921 ж.) құрамында Ақмола уезі ашылған кезде соңғысының құрамында «Асан қайғы» деп аталған болыс та болған (немесе құрамында Ақтау, Алабас, Ортау, Сарытау болыстары бар Успенск руднигі). Ол 1928 жылы Асан Қайғы ауданы немесе Атасу шатқалы (мекені) болса, 1929 ж. 16 тамызында Асан Қайғы Жаңа Арқа ауданы болып өзгертілген.

Атбасар қаласы тарихының бастауын кейбір зерттеушілер Қазақстанның Ресей мемлекетінің құрамына ену кезеңіне жақындатып, көбінесе «ат базары» деген анықтамамен байланыстырады.

Атбасар тарихы ХІХ ғасырдан әлдеқайда әрі басталған. Тарихшылар Солтүстік Қазақстан мәдениетін екіге бөліп қараса, соның бірі – Атбасар мәдениетінің ескерткіштері Есіл өзенінің маңайын қамтып, Қазақ хандығының құрылған кезінен бастап Атбасар атауы ғылыми құжаттарда кездеседі. ХV ғасырда атақты Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілхайыр ханның билікқұмар әрекеттерімен келіспей, Дешті Қыпшақта орын ала бастаған үлкен наразылықты білдірудің бір түрі ретінде соңынан ерген елімен бірге отанынан уақытша көшіп, Моғолстанға кетіп жатқан уақытта, Есіл өзенінің бір сағасы – «Атбасар» атты өзеннің төңірегінде де елеулі оқиғалар болып жатқан. Қалаға жақын орналасқан «Сергеевка» атты ауылдың төңірегі бүгінгі күні «Орманбет» деп аталады.

І. Есенберлин жанұясы тұрған Атбасар қаласы Советская көшесіндегі үй

Кейбір орта ғасырлық деректерге сүйенетін болсақ, бұл жерде Мұстафа деген ханның ордасы болған. Ортағасырлық автор Фатх-наме Шади, не болмаса Молла Шади бір кездері өз еңбектерінде: «Хакан [подобный]» Фаридуну...с надеждой на бога направил поводья наровистого коня завоевателя мира в сторону АТ-БАСАР» - десе, сол кезеңнің тағы да бір авторы Масуд бен Усман Кухистани өзінің «Тарих-и Абылхайыр хан» атты еңбегінде Мұстафа хан мен билеуші Ваккас бидің арасындағы болған әскери қақтығыстар туралы сөз қозғайды [1. 157, 324 ББ.].

Нәтижесінде, жеңіліске ұшыраған Мұстафа хан Қазақстанның батысына қарай ығысып, кейін Орта Азия жаққа қарай бет алған. Орыс ғалымы А.П. Чулошников және басқа да ғалымдар ХV ғ. басында Дешті-Қыпшақта орын алған оқиғаларға байланысты көріністерге сипаттама беріп отырса, олардың біршамасының бастамасы Атбасар төңірегімен тікелей байланыста болған.

Атбасардың әлеуметтік-экономикалық дәрежесі әсіресе, ХІХ ғасырда да өсе түскен. 1868 жылы Ресей патшасы ІІ Александрдың үлкен ұлы князь Владимирдің Қазақстанға келуіне орай Сібір ведомоствосына қарасты дала округтарының көрмесі ұйымдастырылған. Қазақ ұлтының кәсіптік өнеркәсібі мәдениетіне арналған бұл көрме экспонаттарының ішінде ақмолалық Нұрмағанбет Сағынаев («паң Нұрмағанбет») пен атбасарлық Мейрам Жанайдаров құрған киіз үйлер көрнекті жерге орналастырылған деген деректі қолданысқа енгізген белгілі ғалым, археолог Әлікей Марғұлан. Қонақтар Романовтар әулетінің өкілімен бірге қазақ қолөнеріне қатысты заттар қойылған Мейрам Жанайдаровтың киіз үйіне кіріп, қымыз ішкен. Кілем тоқушылардың өнерімен танысқан.

Атбасар тарихы Абылай ханның ұрпақтары, оның ішінде әсіресе Шоқан Уәлихановтың есімімен де тығыз байланысты. 1861 жылы Петербургтен қайтып келген Шоқан Атбасар округының аға сұлтаны қызметіне тұруға бел байлап, Ерден Сандыбаевпен таласқа түскенде, сайлау нәтижесі Абылай ұрпағының есесіне бұйырғанымен, Омбы чиновниктерінің шешімімен аға сұлтандық қызметке Ерден ие болғандығы мәлім [2. 91 Б.].

«Патшаға қарап тұрған заманда бұл жерде жылына екі мәрте, жазда «Боқшабай» (Петровский), күзде Знаменский жәрмеңкесі өтеді екен», – деп жазады жергілікті зерттеушілердің бірі Сайлау Байбосын. – «Арқаның Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Мәди секілді саңлақтары жәрмеңкеге жиылған жұрттың төбесінде ән қалықтатқаны да айтылады ескі әңгімелерде. Қазақ елі театр дегенді естімей тұрған заманда, 1915 жылы осы жердің зиялы азаматтары Міржақыптың (Міржақып Дулатов - Қ.А.) «Бақытсыз Жамалынан» пьеса жасап, елге көрсеткен екен...» [3].

Көне Атбасар өзенінің (қазіргі атауы – Жабай) Есіл өзеніне құйылатын тұсы

1947 жылы Лондонда болған қазақстандық делегацияның құрамында Қазақстан ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың да болған белгілі. Қазақстаннан келген делегация көптеген кездесулерге қатынасқан. Ресми қабылдаулардың бірінде ағылшынның бұрынғы Премьер-министрі У.Черчильмен болғанда, ол бар назарын Қ.И.Сәтбаевқа аударып, аудармашыдан оның кім екенін сұрайды. Сондағы премьер-министр мен қазақ ғалымының арасында болған диалогтан:

- Скажите, что я казах.

- Странно – англичане меня считают знатоком России, но я о вашем народе никогда не слышал. Тем более другие из моих соотечественников ничего не знают о казахах.

- Среди ваших соотечественников есть люди, которые достаточно хорошо знают о нашем народе...

- Неужели? – снова оживился хозяин дома.

- Да, сэр. Три – четыре десятка лет назад в Лондоне действовало акционерное общество «Атбасарских медных копей», которое успешно занималось поиском у нас в степях медных руд» [4. 216 Б.].

Міне, осылайша қазақ ғалымы тек өз елі туралы айтып қоймай, оның жер қойнауындағы байлықтың шетелдіктердің қолына қалай кете бастағанын туралы да ескерте кеткен сияқты...

Патша үкіметі құлағаннан кейінгі Қазақстандағы саяси процесстерге де алғашқы болып араласқандардың бірі атбасарлықтар болса, Кеңес үкіметінің «тауды қопарып, тасты бұзу» әрекеттері де Атбасар өлкесін айналып өтпегені де белгілі.

Атбасар қаласы 1920-шы жылдары Қазақстанның жаңа астанасын анықтау мәселесіне байланысты да тарихта қалған. 1924 жылдың 24 желтоқсанында Қырғыз (Қазақ) облыстық партия комитеті бюросының кезекті мәжілісінде Орынбор қаласын Қазақ АКСР-ның орталық қаласы мәртебесінде қалдыру туралы мәселе қаралған. Бұл ұсынысты бюроның басым көпшілігі қолдағанымен, С.Сәдуақасов пен С.Меңдешев қарсы болған. Және де өздерінің көзқарастарын бірнеше тұрғыдан негіздей келе, олар жаңа астанаға лайықты деп бірнеше қалаларды атаса, сол қалалардың қатарында АТБАСАР да болған [5. 18 Б.].

Атбасар тарихына көз салатын болсақ, бұл жер өзінің тарихи атауына лайықты болып, тарихтың әр кезеңіне сай тұлғалары арқылы да тарих ағымынан қалыспай келді. Сол тұрғыдан алғанда, туған жерінің атын әлемге танытқан атбасарлық тұлғалардың бірі жазушы Ілияс Есенберлин.

Байқап қарап отырсаңыз, жазушының бүкіл өмірі бейне бір әдейілеп жасап қойған кедергілерді бар екпінімен секіріп өтуге бейімделген спортшының әрекеті сияқты.

Қазіргі Атбасар қаласының кезінде базар (ат базары) болған деген тұстан түсірілген сыртқы көріністері

Осы жолдан Ілияс ағамыз не жалтарып кету, не болмаса ойын бүгіп қалуға ешқашанда тырыспаған. Ол өзінің терең ойларын еркін түрде айту үшін күресіп өткен.

Біреулердің аяқтан шалғанына, енді біреулердің сенің шығармаларың бүгінгі оқырманға мүлдем керек емес деп сәуегейсігеніне қарамастан, жазушының қаламы ешқашан тыныс таппаған. Себебі, оның шығармалары-на баға берген кабинетте отырған атқамінерлер емес, қарапайым халық болып шықты. Соның бір көрінісіне тек қана «Көшпенділер» трилогиясының 30 жылдың ішінде 50 рет басылып, жалпы тиражының 3 миллион данадан асып кеткенін атауға болады.

Тау-кен инженері, жазушы, майдангер, өз шығармаларының өміршеңдігі үшін талайлармен тайталасқа түскен, сүйектен өтер сөздерді ғана естіп қоймай, «ұлтшыл» деген атаққа ие болып, талай рет Кеңестік биліктің қанды қылышының жүзіне ілініп кете жаздаған Ілияс Есенберлин, енді міне, бүгінгі күні өзінің азаматтық міндеттерін адал орындаған қарапайым азамат ретінде ұрпақтар алдына қайтып келіп отыр. Өзінің кейіпкерлері арқылы алғашқылардың бірі болып қазақ ұлтының бай тарихы туралы сөз қозғаған, ұлттық тұрғыдан бой көтеруге, қадір-қасиетін сезінуге шығармалары арқылы халықты итермелеген Ілияс Есенберлин ғасырлар бойы бабаларымыз ешкімнің еншісіне бермеген жерімізді, Хрущев секілді ұрда-жық басшылар жан-жаққа таратып әкетпек болғанда, бұл ойдың қазақ ұлтына байланысты қаншалықты теріс пиғыл екенін өз шығармалары арқылы көпшілікке жеткізген. Сол сияқты, жазушының 1960-шы жылдары жазықсыз жазаланған алашордашыларды ақтау туралы сөз қозғап қана қоймай, олардың аттарының өздері ел арасында үрей мен орасан зор қорқыныш тудырып тұрған уақытта, өзінің өмірлік жан жолдасы ретінде 1937 жылы халық жауы саналып, ату жазасына кесілген халық комиссары, Қараөткелде туған Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленуі, одан кейін, күйеуі үшін репрессияға ұшырап, АЛЖИРде қамауда отырған енесін қолына алуы, болашақта өзінің шығармаларына арқау болған тақырыпты - қанаушы билікке деген ел ішіндегі «үнсіз болса да, түбегейлі наразылықты» - замана талабынан тыс жатқан форма түрінде көрсетудің жаңа тәсілі деп қарастыру орынды болар.

Ілияс Есенберлиннің інісі Раунақтың еске түсіруіне қарағанда олардың әкесі – Есенберлі кедей жатақтар қатарынан болса керек. Үй салатын өнері бар, ағаш шебері болған. Тіршілігін түзетемін деп жүріп, таршылық заман, ауыр бейнеттен әбден қиналған Есенберлі 1920 жылы дүние салған. Осы кезде күн көрістің қамы үшін әйелі 4 баламен жақын қайнысы Шәкір Бітеубаев деген кісіге қосылады.

Алайда, Ілияс пен Раунақтың басқа адамға тұрмысқа шыққан шешесі де ұзаққа бармай, дүниеден өткен. Бұл 1924 жылдың төңірегі болса керек [6].

Әке мен шешеден осылайша айрылып қалған Есенберлиндер үшін ауыр күндер басталады. Оларға аса жанашырлық қылмаған өгей әкелері жаңа әйелмен қосылғаннан кейін Ілияс пен Раунақ тіпті далада қалып, өздері секілді жетімдермен бірге көше кезіп жүргенде, оларды басқа да жетім балалармен бірге, арнаулы құрылған милиция тобы ұстап алып, балалар үйіне өткізеді.

Олардың жанын сақтаған да осы болды. Жан-жақтан жиналған қырыққа жуық жетімдер аудандық халық кеңесінің қаулысымен Атбасардың шет жағында әдейілеп салынған жетімдерге арналған үйге орналастырылды. Осылайша Ілияс 1924 жылы Атбасарда большевиктер көсемі В.И. Лениннің қайтыс болуына байланысты арнаулы ұйымдастырылған рейдтің арқасында балалар үйінен бір-ақ шықты.

Екінші жағынан алып қарағанда, Ілияс Есенберлин 1917-1920 жылдары кеңес үкіметі ұсынған әлеуметтік қорғау жүйесіне ілікті десек те болады. Бұл уақытта жаңадан құрылған большевиктер үкіметі өз қоғамының өкілдерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың бұл түріне өте үлкен маңыз беріп, оны тек көбейіп келе жатқан жетімдер санын тоқтатудың, не болмаса әйелдердің ауыр жағдайын жеңілдетіп, жас жеткіншекке қажетті әлеуметтік тәрбие берудің жолдары деп қана қарастырмай, балалар үйлерін, ондағы іске асырылатын білім беру және тәрбие жұмыстарының негізгі бағытын ұжымдасып өмір сүруге негізделген қоғамда «жаңа адамды» тәрбиелеудің басты жолы деп қарастырып жатқан болатын.

Большевиктер партиясының теоретиктері осы жерде бір мәселені жақсы түсінген секілді. Қандай да болмасын қоғам үшін, оның идеяларын әбден, әсіресе жастайынан санасына құйып алған адамдар қажет. Міне, осы жерде олар ойлап тапқан «коммунистік семья» - балалар үйі, керек десеңіз жан-ұяға қарама-қарсы тұра аларлықта үй тәрбие ошағы ретінде көрінгенін мойындау керек. Соның бір көрінісін 1919 жылы Мәскеу қаласында өткен балалықты қорғау қайраткерлерінің Жалпыресейлік 1-ші съезінің қарарларынан байқауға болады. Осы жиынға қатынасқандардың басым көпшілігінің пікірінше тек балалар үйлері ғана жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуге мүмкіндік бере алады. Себебі «... здесь элементы науки, техники, искусства и социальных взаимоотношений представлены полнее. ...здесь благо общества, социализма явится благом каждого индивидума. В то время как семья воспитывает в большей своей части узких себялюбивых эгоистов (Первый Всероссийский съезд деятелей по охране детства 2-8 февраля 1919 г.)» [7. 99Б.].

20-30 жылдары Кеңес үкіметі елде балалар үйлерінің сандарын барынша көбейтуге белсене кіріскен.1921 жылы өткен екінші Бүкілресейлік съездің материалдарында көрсетілгендей, 1917 жылы балалар үйлерінде 25 666 балалар орналастырылса, 1924 жылдың төңірегінде 4118 арнаулы мекемелердегі балалардың саны 202 360 жеткен.

Ілияс пен Диляра Есенберлиндер туралы жазылған бір еңбектің авторы Асан Номад жазғандай бұл уақытта: «мыңдаған балалар жетім қалып, Кеңестер Одағын кезіп жүрген болатын. Олардың баспанасы иесіз қалған үйлердің астыңғы, үстінгі қабаттары.Талайлары суық пен аштықтан, түрлі жұқпалы аурулардан қырылып жататын. Солардың бірі – Ілияс балалар үйіне түсер алдында көпір астын паналап, өзі секілді балалармен бірге Солтүстік Қазақстанның адам шыдауға қиын суық жағдайларында өмір үшін жанталаса күресіп жүрген олар қаһарға толы үлкендер өмірінде табиғи сезімге бағынған кішкентай аңдарға ұқсас еді. Өмір ме, әлде өлім бе? Бір минут болса да тыным таппаған жетімдер осы сұрақтың жауабын күнде шешіп жатқан. Босаңсуға ешбір болмайды. Панасыз қалған олардың ендігі қас жаулары ересектер болып шықты. Олардан үнемі тығылып жүруге тура келді. Осындай жағдайда жас жетімдер бейбастық қылықтарға тез көндікті. Ананың жылуынан ерте айрылған жетімдер қасқырдың ашынған бөлтіріктеріне айналып бара жатқандай. Бойларында сақталып қалған адамгершілік сезім жоғала бастап, оның орнына өмірдің қатал да, зұлым тәртіптері басымдылық ала бастаған...» [8. 124-125 ББ.].

Алайда Кеңес үкіметі ұсынған жетім балаларды қорғауға алу жүйесі тым тез арада өзінің тиімсіздігін көрсете бастаған. Шынайы өмірде болшевиктер ойлағандай болмай шықты: «...красивая картина, нарисованная в трудах послереволюционных лидеров государства, на деле оказалась утопией. С одной стороны, расхождение теории и практики было вызвано непродуманностью самих программ, их излишним радикализмом, что объясняется желанием новой власти построить общество на принципиально иных основах, в том числе в социальной сфере. Тем более, что решение данного вопроса непосредственно связывалось с будущим страны, с возможностью построения коммунистического общества новым поколе-нием людей, воспитанных согласно принятой идеологии» - деп көрсетеді Н. Рябинина [9. С.99].

Десек те, Ілияс пен Раунақ (әсіресе туыстары мен жақындарынан, өгей әкесінен жылулық пен бауырмалдық сезімдерін байқай қоймаған) далада қаңғырып жүргеннен гөрі, жылы ошақтай болып көрінген балалар үйіндегі тәрбиені мойындаған. Мойындап қана қоймай, осындай мекемелерде ресми түрде қабылданған коммунистік идеология мен коммунистік тәрбие жолдарын әбден дұрыс деп те қабылдаған.

Бұлай болмауы да мүмкін емес болатын. Баратын жері, қонатын ұясы болмаған Ілияс үкіметтің бар саясатын ризашылықпен бойына сіңірген. Баласы Қозыкөрпештің айтуынша әкесі Кеңес үкіметіне осы үшін өлгенше риза болып өткен: тірі қалуға, кейіннен білім алуға, өзінің болашағына үміт артатындай мүмкіндікке ие болғанын жиі айтып отыратын, – деп еске алады оның ұрпақтары. Ал жазушы болса өзінің «Оқушы бала әні» өлеңінде былай деп сыр шертеді:

Ленин бабам қалдырған өсиетін,

«Оқы, оқы және оқы» деген бізге.

Бұлжытпастан орындау бар ниетім

Талмай еңбек етуге елімізге.

Жас кезінен бастап өмірінің соңына дейін қыр соңынан қалмай қойған тағдыр ауыртпалығына шыдап қана қоймай, керек десеңіз заман ағымына өзіндік тұрғыдан қарсылық көрсетудің аса қауіпті бір жолдарын Есенберлиннің тек өзіне тән ерекшеліктерге сай тауып отырғаны – таңданарлық жай. Әсіресе, балалар үйінде ес жинап, кеңестік идеологияға нақ сәйкес келеді-ау деген тәрбиеден өтіп, «маған өмір берген де, менің өмірімді тек коммунистік партия ғана сақтап қалды», - деп аса бір тебіреніспен еске алып отыратын Ілияс Есенберлиннің сол бір қоғамның талай-талай шешімдерімен өмір бойы келісе алмай кеткендігінің түп-тамырын да сол бір шала есте қалған балалық шақтан іздестіру керек те шығар.

Ілиястың жетімдер үйіне тап болуының тағы бір себебі үлкен апасы Назымның тұрмысқа шығып, інісі Раунақты туыстары асырап алуында. Бірақ Ілияс болса, балалар үйінде көп уақыт болмаған. Өгей әкесінің үйіне қайтып келіп, 4 жылдық мектепке барады. Кейін апасы мен жездесінің соңына ерген Ілияс Қарсақпайға көшіп кеткен.

Жазушының балалық шағы туралы ресми мәліметтер аз дегенді біз жоғарыда ескерттік. Десек те, біз біршама мәліметтерді оның інісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Раунақ Есенберлиннің газет беттерінде жарияланған естеліктерінен алдық.

Ағасынан бір жас қана кіші Раунақтың есею жылдары сыртта өткенімен, елін, жерін, туған-туыстарын, соның ішінде ағасы Ілиясты ешқашан естен шығармаған. Ол көп жылдар бойы Мәскеуде тұрған. Әскери қорғаныс саласының ғылыми-зерттеу мекемесінде қызмет істеген. Осы саладағы ғылыми жаңалықтары үшін «КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы» атағына ие болған.

Балалық шақтың аяқталып, «одан да қиындығы аз болмаған, мазасыздыққа толы жастық шақ» туралы, одан қалды Қарсақпаймен қоштасу туралы Раунақтың алғашқы сыр айтқан адамдарының бірі - журналист Жанболат Аупбаев Мәскеуде Раунақпен кездескенін былай деп еске алады: «Еліміздің тәуелсіздік алғанына 6 ай ғана уақыт болған кез. Қазақстаннан барған 20 баспасөз қызметкерлері Садовая көшесінің 9-шы үйінде орналасқан журналистердің Бүкілодақтық білім жетілдіру институтында оқып жаттық. Әлі есімде, ертең Алматыға қайтамыз деп отырғанбыз. Міне, сол күні Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Молодая гвардия» баспасынан жаңа ғана шыққан «Әділеттің ақ жолы» кітабының тұсаукесері өтетін болды да, бәрімізді Чистопрудный бульварының 4-ші үйіндегі Қазақстанның тұрақты өкілдігіне шақырды. Міне, сол жерде маған Мәскеудегі қазақ диаспорасының адамдарымен танысып, әңгімелесудің сәті түскені бар. Солардың бірі - әскери инженер, отставкадағы полковник Раунақ Есенберлин еді» [10].

Жанболат Аупбаев Раунақпен тілдесуде оны әңгімеге тереңнен тарта алмағанына өкініш білдірген. Солай бола тұрса да, Раунақтың аузынан естіген кейбір мәліметтердің оқырман қауымға өте керек екенін ескеріп, араға біраз уақыт өтсе де, журналистің қойын дәптерінде сақталып қалған сұхбатты газет бетіне жариялауды жөн көрген.

Туған ағасы Ілияс туралы Раунақ Есенберлиннің айтқандарынан: «Ол менің тәрбиешім, ақылшым және өзім ес білгелі өмірімнің тірегі болды... Біз жастайымыздан жетім қалдық. 1924 жылы анамыз қайтыс болғаннан кейін біз әпкеміз Назым, Ілияс мен және әкемнің ағасынан жетім қалған немере бауырымыз, жасы бізбен қатарлас Ахметқали төртеуміз өгей әкеміздің қолында өстік. Ал Ахметқали бізге бірге туғандай болып кеткен еді. Біз Ілияс екеуміз сияқты, кейін ол да Ұлы Отан соғысына қатысты, соғыстан кейін бір жыл өткен соң алған жарақаттан қайтыс болды» [11].

Раунақтың айтуынша, оның ағасы Ілияс кішкене бойлы болғанына қарамастан, өте жігерлі болған көрінеді. Раунақ Есенберлин сонымен қатар інілерінің әрбір жетістіктеріне әрқашанда қатты қуанышта жүретін әпкелері Назымның өнегелі тәрбиесін жылы лебізбен еске алады. Әкелерінің жақын бауыры Жұпбаймен бірігіп қаланың шет жағындағы салған үйде Атбасарда бірге өткен соңғы жаз. Кедейшілік. Тойып тамақ ішпей жүрсе де, өзі ойлап

шығарған ертегілерімен таң қалдыратын Ілияс. Атбасар жәрмеңкесі. Өзінен бойшаң келген балалармен күрестегі Ілиястың жеңісі. Алғашқы тапқан қаражат. Үлкен апалары Назымның соның құрметіне жасаған кіші-гірім тойы.

Раунақтың болсын, Ілиястің өз айтқандары болсын, Есенберлиндердің өмірлік көзқарастарының жас кезден бастап ерекше қалыптаса бастауына әсер еткен оқиғалардың бірі – Атбасардан қырық шақырымдай жерде орналасқан Балуанкөлдің маңында өткізген кездер екені сөзсіз. Әсіресе Кәкбай есімді қырғыз ақынынан естіген көптеген аңыз-әңгімелер. Қырғыз-дар ішінен шыққан бұл ақын домбыраның сүйемелдеуімен қазақ батырлары туралы жырлар мен эпостарды, лирикаға толы дастандарды көп орындайтын болса, көпшілікпен бірге оны аса құмартып тыңдайтындардың бірі Ілияс Есенберлин болған. Кәкбай ақыннан Ілияс алғашқы рет Асан Қайғы, Бұхар жырау, Едіге, Қобыланды, Абылай, Кенесары, яғни өзінің болашақ шығармасы «Көшпенділердің» бас кейіпкерлері туралы естіген. Қазақ ауыз әдебиетіне деген ерекше қызығушылық оның бойында осылайша орын ала бастаған.

Ағайынды Ілияс пен Раунақ Есенберлиндер, 1976 ж.

Кеш түсе ауыл адамдары үлкен оттың басына жиналатын. Алтыбақан орнатылып, жастар өлең айтып, түрлі ойындар ұйымдастырып көңіл көтеретін. Шамалы уақыттан соң бұл жерге осы ауылға өте құрметті Кәкбай (Какбай) келетін. Ол домбырада ойнауды әбден меңгерген, қазақтың жырлары мен аңыздарын көп білетін. Жиналған жұрт болса ақынды қоршап отыра қалып, домбыраның сүйемелдеуімен бір шығарманы орындап беруді сұрайтын. Домбырасын қолына алып, реттей бастағанда жұртпен бірге жүрген Ілияс пен Раунақ міндетті түрде ақынға жақын орын табушы еді. Көп күттірмей жи-налған қауым Кәкбайдың орындауында жерұйық іздеген ұлы Асан Қайғы, ақыл ойлы Бұхар жырау, қатігез Абылай, даңқты Кенесары, жаужүрек батыр Қобыланды туралы жырларды егіле отырып тыңдайтын... Көне заманнан бастап осы күндерге дейінгі қазақтың тарихы тыңдаушылардың көз алдына елестейтін. Не көрмеді сол кездері бұл халық: ел үшін, жер үшін жаумен талай шайқасты, «ақтабан шұбырындыны да, революциялардың жойқын сілкіністері аспанды қанға бояған кезді де басынан кешірді. Шыдады бәріне төзді халық. Қан кешті оқиғалар кезінде миллиондаған ұл-қыздарынан айрылды. Соған қарамастан ұлт қайтадан жанданып, қалпына келіп отыр-ды. Өзінің жеріне деген, отанына деген сүйіспеншілігін, жанкештілігін ән-күймен жырлап жатты...

Осының бәрін Кәкбай ақынның орындауында естіген Ілияс пен Раунақ елдің қайғысына күйінді, ер жүрек бабаларының ерліктеріне масаттанды [12. 136 Б.].

Есенберлин өскен ортада «кезінде Жәнібек пен Керейдің Әбілқайырдан бөлінуіне себепкер болыпты дейтін Дайырқожа мен Қобыландының аталастары Арғын мен Қыпшақ рулары әлі де болса Дешті-Қыпшақ ұлысының қарамағынан шығып кете қоймаған» [13. 127-131ББ.] деген секілділермен қатар, оқиға барысы нақ осы жерлерден (Атбасар төңірегінен - А.Қ.) басталған болуы мүмкін сарындағы болжаулар да осы ортада жиі айтылатын сияқты.

Олай болмауы мүмкін де емес. «Тегінде, авторлығы жоғалмаған шығарма әманда туынды иесінің қай кезде өмір сүргендігін, ол кездегі жыраудың немесе ақынның елінің хал-ахуалын, билеушісі кім екендігін анықтауға жәрдемін тигізетіндігіне дау жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде, халқының тағдырын өзінен бұрын кешкен Қорқыт ата секілді халқының қамын көп ойлап, уайым жегендіктен Асан Қайғы атанған... қарт жыраудың орны айрықша» - деген ой айтады бүгінгі зерттеушілер [14.115 Б.].

Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.

Орманбет хан ордадан шыққан күнде

Асан ата қайғырып айтыпты жыр.

Жастайынан жетім қалған Есенберлиндер тез есейіп келе жатты. Сөйтіп жүріп олар заманның қатал тәртіптеріне сәйкес өзіндік шешімдер де қабылдауға да жылдам дағдылана бастаған. Өйткені, оларға сендер жетім екенсіндер деп аяушылық танытып жатқандар да көп бола қоймаған сияқты.

Туғандарының ішіндегі ересегі болғандықтан, жауапкершілікті өз мойнына алған Ілияс бауырларының білім жолына түсуін қатты қадағалап отырған. Егер ағасы Ілияс болмаса, Раунақ білімсіз қалып, одан болашақ үлкен инженер шықпас та еді.

Мұғалімдердің бірі мектепке барған алғашқы күндерінің бірінде Раунаққа қатты ұрысқан көрінеді. Онымен де шектелмей, сызғышпен қолынан ұрып та жібереді. Осыған қатты ренжіген бала ертеңіне мектепке бармай қойған. Сабақтың бір күнін бос жіберіп алған Раунақ, сол үшін тағы да ұрыс естуден қорқып, мектепке тіпті бармай қояды. Сөйтіп бір аптадай Жабай өзенінің жағасында жүріп қалған да, оны Ілияс тауып алып мектепке жетелеп әкелген екен.

«Мен ағамның мұндай қатты ашуланғанын ешқашан көрмеген едім, – деп еске түсіреді Раунақ. Келген бетте мені шапалақпен бір тартып, қолымнан сүйретіп мектепке алып келді. Сол бетте сабақ өтіп жатқан сыныпқа кіріп барып, бос тұрған бір орынға мені отырғызды. Бұған ешкім ештеңе деген де жоқ. Не мұғалім, не бір де бір оқушы сен неге апта бойы мектепте болмадың деп менен сұрамаған болатын. Жабай өзенінің жағалауында болған осы бір оқиға Ілиястың ағалығын осылайша білдірудің басы да, соңы да еді. Бұдан кейінгі уақытта ол маған ешқашанда дөрекілік көрсеткен емес. Ал мен ағаттық жасасам, ол маған ақыл-кеңес беріп, қалай дұрыс жасаудың жолдарын көрсетіп отыратын» деп еске алады Раунақ [15, 166 б.].

Бауырлары мен туыстарына өте жақын болған Ілияс, тек өзінің ғана емес, інілерінің де білім деңгейін көтеруге өте ынталы болды. Ең жақсы көретін пәндерін химия, физика, сызу, математика және әдебиет деп санаған Ілияс, інісіне Л. Пантелеевтің «Сағатын», А. Гайдардың «Мектебін» оқуды міндеттеп отырған. «Мен бұл кітаптарды бір емес, бірнеше рет оқып шықтым және, ең қуаныштысы, оларды түсіндім де» деп еске алады Раунақ Есенберлин. «Ағамның маған көрсеткен көмегінің арқасында мен оқу жылын ойдағыдай аяқтап, Қарсақпайда ашылған кен-металлургия техникумына түспекші болдым. Кейіннен Риддерге (қазіргі Лениногорск) көшірілген сол техникумнан бастап менің кәсіп таңдау әрекеттерім айқындалғандай болды. Кейін тіпті газетте жұмыс істеп жүрсем де, сайып келгенде техника жолына, дәлірек айтқанда, ғылыми-техникалық жолға түстім. Ал, менің бұл жолды таңдауыма да Ілияс ағам көмектесті. Ол менің орташа ғана газетші екенімді, ал дәл ғылымдарға бейімділігім айқын екенін ашып айтқан еді...».

 

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ, тарихшы, Мемлекет тарихы институты

директорының орынбасары

Әдебиеттер:

1.Материалы поисторииКазахскогоханствХV-ХІІІ веков (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Сост. С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин – Алма-Ата, 1969

2. Қараңыз: Б.Аяған, А. Кашкимбаев. Россия-Казахстан: история взаимоотношений и современность. Историко-хрестоматийный очерк. – Алматы: Раритет, 2011. – 240 с.

3. Байбосын С. Арқаның төрі болған Атбасар еді... //Жас Алаш. №59. 30 шілде 2013

4. Сарсекеев М. «Сатпаев», серия «Жизнь Замечательных Людей», М. Молодая гвардия, 1980 г.

5. Жалмағанбетов Е., Қазақстан астанасын Қызылордаға көшіру // Қазақстан тарихы. №1 (118), қаңтар-ақпан, 2013 Б.

6. Клара Әмірқызы. Ауылым-атамекенім. - Ақмола. 1993. – 305 бет.

7. Рябинина Н.. Детский дом – учреждение будущего? //Родина. Российский исторический журнал. 06. 2013. – 101 Б.

8. Асан Номад. По реке жизни – Алматы. ИД «Кочевники» - 2004 г.

9. Рябинина Н. Детский дом ... Көрсет. әд.                                 

10. Аупбаев Жанболат. Есенберлиннің інісі «Егемен Қазақстан», 1999 жыл, 12 қараша

11. Есенберлин Р. «Мен пір тұтқан адам», «Егемен Қазақстан». 29 қыркүйек. 1993 ж.

12. Асан Номад. По реке жизни. Көрсет. әд.

13. Тынышпаев М. История казахского народа. - Алма-Ата 1993 ж.

14. Жыраулар поэзиясындағы тәуелсіздік сарындары. Жауапты шығарушысы: Б.С. Тоекина. – Алматы:, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы баспасы, 2012 ж.

15. Есенберлин Равнак. Мой главный человек /Есенберлин И. Сокровенное. Алматы, 2001 г