Әлімхан Ермеков туралы 20 дерек
25.01.2019 6274
«Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға» (Сұлтанмахмұт) дегендей, отызға да толмаған Әлімхан Ермеков – Қазақ жерлерін Қазақ АКСР-і шеңберінде топтастыруда ерекше рөл атқарған кесек тұлға

В. Лениннің алдында баяндама жасаған ол қазақ жерлерін біртұтастығын сақтаудағы еңбегінің арқасында батыс, солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтар қазіргі Қазақстан территориясының негізін қалады. 

Әлімхан  Әбеуұлы  Ермеков 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Беріктас деген өлкесінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасында бала Әлімхан зейінді, алғыр, оқуға деген ынтасы зор болады. Мектепті үздік бітіріп шығады.  Әлімхан атасы Ермек ақсақал кезінде Абайдың әкесі Құнанбаймен Меккеге қажылыққа барған. Ал әкесі Әбеу ел ортасында аты шыққан, қадірлі, озық ойлы кісі болыпты. Сол уақытта ауылдан шыққан жас жеткіншектерге орыс оқу орындарында оқу қиын болатын. 1912 жылы Том техникалық институтында оқыған Әлімхан алғашқы қазақтың бірі болды. 1917 жылы шәкірт Әлімхан оқуын тоқтатып, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардақтыларымен бір ту астына бірігіп, автономия құруға атсалысты. Алаш зиялылары, Қазақ автономиялық республикасын құруға атсалысқан Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермек, Жақып Ақбаевтар Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Ә. Ермекұлы – Алаш ренессансының бірегей тұлғасы, ол француз, ағылшын, латын, италия тілдерін жетік білген. Қазақ республикасының территориясына Каспий теңізінің солтүстік жағалауы – Астрахань губерниясынан Қазақстанға қайтарылғаны тиімді екенін Әлімхан Ермеков В. Ленинге дәлелдеп бермегенде қазақтың шұрайлы, мұнай мен балыққа бай өлкесі қазіргі Қазақстан территориясынан тыс қалар еді. 1920 жылы 30 қаңтарда Ә. Ермековты жергілікті ревкомның жұмыстарымен танысу үшін Павлодарға жіберіледі. Ермековқа жергілікті органдар қатарына мұсылман өкілдерін – қазақ, татарларды қосу тапсырылады. Сол жерде бір шиеленіске түспес үшін оған «винтовка» немесе «наган» ұстау ұсынылған. Әлімхан Ермековтің математика саласы бойынша республикадан басқа жерлерде де еңбегі жоғары бағаланып, 1935 жылдың 5 қарашасында СССР ЦИК жанындағы Жоғарғы техникалық білім беру комитетінің Жоғарғы аттестациялық комиссиясы оған профессор атағын беруге және де ғылым докторы дәрежесін қорғауға ұсынды. Осылайша Ә. Ермеков – қазақтың тұңғыш профессор-математигі. Профессор Әлімхан Ермековтің «Ұлы математика курсы» оқулығы жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып, қазақ тілінде латын қарпімен 1935 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген. Кітапта жоғары математика элементтері аса қарапайым, жеңіл тілмен түсіндіріледі. Автор тілінің айқындығы, теориялық топшылаулары, есептердің шығарылу дәрежесі, келтірген мысалдары үйренушіні баурап алады. 1929-1930 жылдары қазақ зиялыларымен бірге түрмеге қамайды. Ол абақтыда алаш дарыны М. Әуезов пен бірге отырды. Репрессияның екінші толқынында Әлімханның басына тағы да қара бұлт үйіріліп, 1939 жылы сотталып, 1947 жылға дейін түрмеде отырып шығады. Жалпы алғанда Ә. Ермеков өмірінің 18 жылы қамау мен лагерьде өтті. Әлімхан Әбеуұлы болмаса, атақты геолог Қаныш Сәтбаев ғылымға бет бұрмаса керек. Михаил Усов пен Әлімхан екеуі Қанышқа геологияның қыр-сырын айтып, қызықтырады. Әлімхан Ермековтің ұрпақтары да ғылым мен білімге жақын болды. Ұлы Мағауия – минерология ғылымдарының докторы, геолог, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі.  Немересі Олег Ермеков қазіргі таңда Ұлыбританияда тұрады. «Maryadi education» атты білім беру орталығының басшысы, экономика ғылымдарының докторы.  Ұлттың ұлы перзенті өмірден өткенде атақты батыр Бауыржан Момышұлы: «Қатты күйзелістемін, себебі Қазақ мемлекетінің қалаушысы, тұңғыш профессор Али аға қайтыс болды», – деп жоқтады.  1955 жылы Қарағанды тау-кен институтында оқыған, Ә. Ермековтің сүйікті оқушыларының бірі Ю. Попов ұстазы туралы: «...Ақ шашты, мықты, өте мейірімді. Студенттерге сабақты өте байсалдылықпен байыппен  түсіндіргені ұнайтын. Лекторымыз Ермековтың қызықты әдеті бар еді. Жидесінің оң жақ қалтасында міндетті түрде бор жүреді. Тақтаға өте үлкен әріптермен, түсінікті жазатын. Сабақ біткен соң жазған борын сол оң жақ төс қалтасына қайта салып қояды. Бұның себебін студенттер білетін». Әлімхан Ермековтың туып-өскен жері Ақтоғай ауданында қайраткер атында орта мектеп жұмыс істеп тұр.   Астанадағы Ә. Ермеков көшесінің ұзындығы 899,5 м. Бұрынғы атауы – Светлый көшесі. Темірқазық, Н. Оңдасынов, Алпамыс батыр көшелерін қиып өтіп, Қарасақал Ерімбет көшесінде аяқталады. Шұбар шағын ауданынан берілген. Әлімхан Ермековтің туғанына 126 жыл толуына орай қоғам қайраткерінің ұрпағы Ержан Нұртазин және жергілікті орта мектептің ұжымы бірлесіп, тарихи тұлғаға арнап ескерткіш мүсін орнатты. Мүсіннің ашылу салтанатты кешіне аудан басшылығы мен жергілікті тұрғындар қатысты. Әлімхан Ермеков туралы көптеген жазушылар қалам тартты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина монография жазып шықты.

Әлімхан Ермековтың ерлігі туралы "Тарих ағайдың" жобасынан көре отырыңыздар: Жер үшін жанталас / Ленинді жеңген Әлімхан