Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 74 жыл толмақ. Жер-жаһанды қан қақсатқан бұл соғыстың жаңғырығы әлі де толастаған жоқ
Қан майданға ССРО құрамындағы барлық ұлттар мен ұлыстар жұмыла аттанып, Жеңіс күнін жақындатуға атсалысты. Қазақ елі де шет қалған жоқ. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 бригада мен 50 полк құрылып майдан даласына аттанған. Жалпы қазақ даласынан 1 196 164 адам әскерге шақырылып, оның 601 939-ы қаза болған. Қазақстандық жауынгерлер барлық майданда жаумен арпалысып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Совет Одағының Батыры атағын алған тұңғыш қазақстандық К.Семенченко, Батыр қыздар Әлия мен Мәншүк, жаужүрек батырлар – Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Нұркен Әбдіров, Л. Беда, С. Луганский, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин және т.б. – батырлық пен қайсарлықтың үлгісі. Бұл батырарымызды ел танып, жұрт білген, ал білмейтіндеріміз, ерлігі еленбей қалғаны қаншама?! Соғыс даласына аттанған қазақ қызы, қаракөздердің ішінен шыққан тұңғыш офицер Алтыншаш Нұрғожинова туралы не білеміз?
Алтыншаш Нұрғожинова 1924 жылы Мәскеу қаласында туған (енді бір деректерде қазіргі Атырау облысы (Гурьев), әскери дәрігер, медицина қызметінің лейтенанты делінген). 1941 жылғы тамыздан бастап Қызыл Армия қатарында. Әскер қатарына Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комиссариатымен шақыртылған.
Комсомол ұйымдастырушыларының алты айлық курсын тәмамдаған соң Орталық, Воронеж және Украин майдандарында жаумен шайқасқан. Алғаш 8-гвардиялық дивизияның бiрiншi батальонының комсоргы болады. 1942 жылғы желтоқсанда жараланып, госпитальға түседi. Госпитальдан шыққаннан кейiн бiрiншi танк армиясының 24-іншi жеке механикаландырылған құрамының санитарлық бөлiмiнде медбике болып iстейдi.
1943 жылғы қарашада қайтадан жараланады. Ауыр жарақаттан жазылып шығысымен 1944 жылдың наурызында 237-атқыштар дивизиясының 835-атқыштар полкiнiң бiрiншi батальонына комсорг болып барады. Ең ақырында 1944 жылғы шiлдеде 70-атқыштар дивизиясының 207-атқыштар полкiнiң екiншi батальонына комсорг болады.
1944 жылғы 2 қазанда қаза тапты. Польшадағы Краков воеводствосының Лугмян ауданындағы «Гуто-Полянск» елдi мекенiнiң терiстiк-батыс жағына жерлендi. Өлгеннен кейiн «Қызыл Жұлдыз» орденiмен марапатталған.
Гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова туралы жалпақ жұрт алғаш рет 80-ші жылдары ғана біле бастайды. Өрімдей қазақ қызының ерлігі туралы ең бірінші болып ақын Бақытжан Қанапиянов 1944 жылғы «Патриот Родины» газетінің сандарын қарап отырып кездейсоқ көзі шалып қалады. Газетте екі танкті жойып, өзі де ерлікпен қаза тапқан қазақ қызына арнап жазған сол кездегі жас ақын Михаил Левченконың өлеңі басылыпты.
Ақыры, оған Чернобыль АЭС-i үшiншi энергоблогының шатырында өзiмен тiзе қосып жүрген украин ақыны Анатолий Славута-Логвиненко көмектестi. Ол кезiнде Бақытжанның апатқа ұшыраған атом электр стансасына арналған «Припять үстiндегi ләйлек» атты жинағын украин тiлiне аударған қаламдасы болатын. Полтава топырағында дүниеге келген ол соғысты қатардағы жауынгер болып бастап, сержант шенiмен аяқтапты.
Полктiң барлаушысы, Төртiншi Украин майданының дивизиялық газетiнiң әдеби қызметкерi болған екен. Сұрау сап өзiн iздеп жүргенiн бiле сала ол бiрден үн қатып жауап жазыпты. Михаил Александровичтiң қазақ ақынына жолдаған хатының ұзын-ырғасы мынандай:
«Менiң өлеңiм Алтыншаш Нұрғожинованың өзiм көзбен көрiп, куәсi болған ерен ерлiгiнiң iзi суымай жатып жазылған едi. Мәселе былай болған. Ол кезде мен «Патриот Родины» газетiнiң қатардағы қызметкерi едiм. Майданда материал жинап жүрiп бiр топ солдаттармен және офицерлермен бiрге немiс фашистерiнiң қоршауында қалып қойдым. Менiңше, бұл Котовица маңында болса керек. Жағдай тым қиын едi.
Кенет жауынгерлердiң арасынан қаршадай бiр қазақ қызы шыға келдi де, қорғаныс ұйымдастырып алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бiр танкiсiн отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп iлгерi ұмтылғанда, тасадан екiншi темiр тажал шыға келгенi ғой. Әлгi қыз жай-күйге қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Өзi де мерт болды, жолдастарына да жол ашты. Бұл осы батальонның комсоргы Алтыншаш Нұрғожинова екен. Өлгеннен кейiн оны Совет Одағының Батыры атағына ұсынды. Кейiн қарулас достары Мәскеуде болып, қыздың туған-туысқандарын тауып алып, менiң өлеңiмдi көрсетiптi. Олар менi қонаққа шақырды. Алайда жағдай болмай, бара алмай қалдым. Сонымен байланыс үзiлдi.
Жылдар жылжып, уақыт зулап, ол бiр отты оқиғаның кейбiр тетiктерiн жадымыздан өшiрiп те тастады ғой. Алайда бiр менiң ғана емес, ондаған, жүздеген жолдастарының өмiрiн аман сақтап қалған қаһарман қазақ қызының бейнесi көз алдымда тұрады да қояды. Алматыға арнайы қонаққа шақырғаның үшiн мың да бiр рахмет саған, Бақытжан! Бiрде ондағы бiр ғылыми конференцияға қатысқаным бар едi. Астаналарыңды аралап, халқыңның қонақжайлығына дән разы болғанмын. Хат жазып тұр. Іздеу салған iсiңе хал-қадірiмше көмек берермiн. Сау бол, бауырым. Өзiңнiң М. Левченкоң» делінген.
Батыр қыздың қысқаша ғұмыры осындай. Совет Одағының Батыры атағына лайық бола тұрса да, Жауынгерлік Қызыл Жұлдыз орденімен ғана марапатталған. Бәлкім, жоғары жақта отырғандар Совет Одағы Батыры атағын алған Әлия мен Мәншүк те қазақтар үшін жеткілікті деп санап, ерлікті елеусіз қалдырып, құр орденді ғана місе тұтқан болар?!
Алтыншаштың туған жері Мәскеу деп көрсетілгеніне қарағанда Алаш зиялыларының біреуінің туысы ма екен? Кім білсін? Алтыншаштың бірде-бір суреті сақталмаған, дегенмен де, туытары табылып қалар деген үміт әлі де бар.
Мына өлең жолдары ерліктің куәсі болған М. Левченконың арнауы:
Я родом сам с цветущей Украины...
И дороги мне берега Днепра.
Там с песней на пшеничные равнины
Нисходят голубые вечера.
Но кажется, что в знойном Казахстане,
Я, как она, родился, жил и рос...
Я вижу рядом, в дымчатом тумане,
Ее глаза, улыбку, прядь волос.
Седой акын по вечерам в ауле
Под звуки домбры песню пропоет,
Как шла она под вражеские пули
И в смертный час сказала нам:
- Вперед!
Спокойны будут горные долины,
И в прошлое уйдет войны гроза.
Сквозь листья, падающие с вершины,
Нам улыбаются ее глаза...
* * *
Келген едiм өмiрге Украинада гүл атқан,
Днепрдiң жағасы қымбат маған жұмақтан.
Айнала егiн кешкiлiк сыңсып, толқып жырақтан,
Тебiрентетiн әуенi күй боп кiрiп құлақтан.
Туғандаймын қазiр мен Қазақстан қырында,
Тұрғандаймын сол қыздай самалды өрiп бұрымға.
Серпiп тастап сағымды жарқ-жұрқ еткен жанары
Қарсы алдымнан жымиып қарағандай болады.
Отырғандай қарт ақын жыр селдетiп кешқұрым,
Домбыраның сазынан асырмастан ешбiр үн.
Кенет кеттi елестеп әлгi ару қыз айқабақ,
Жау оғынан жасқанбай қарсы атылған «алға-лап».
Күн туар-ау тау қалғып, тыным табар төңiрек,
Соғыс өртi сап болып ел жыламас еңiреп.
Жапырақтар жамырап гүл шашқанда айнала,
Тұрса ғой ол жымиып, саясында жай ғана.
«Ана тілі» газеті. 01.05.2014.