Тиянақсыз бір тағдыр
05.03.2019 2115
Жайсанып (Зайсанов) Мүкәрісұлы – атақты ұшқыш, қазақтың алғашқы генералдарының бірі. Орынбор қаласындағы Әуе күштері училищесінің түлегі

Моңғолия Әуе қарулы күштерінің алғашқы қолбасшысы,  генерал-майор. Сталиннің қолынан Қызыл Ту орденін алған тарихи тұлға.

Жайсаныптың өскен ортасы, балалық шағы, әке-шешесі туралы ешқандай дерек жоқ. Тек белгілісі, ол шамамен 14-15 жасында (1925 жылдары) Қазақстанның шығыс өңірінен қашып, Моңғолияның қазақтар мекен ететін Қобда бетіне барып паналаған. Бұл жерде оны Райысхан есімді қазақ ақсақалы бауырына басып тәрбиелеп өсіреді. Көз көрген ақсақалдардың айтуынша, Райысхан атамыз жоқ-жітікке қамқоршы, аса қайырымды адам болғанға ұқсайды. Бұдан басқа тұшымды дерек жоқ деуге болады.

Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі журналист Бекен Қайратұлы Жайсаныптың 1940 жылы Моңғол елінің тұрақты пар­ла­ментіне мүше болып сай­лану барысында өз қолымен толтырған №69 анке­талық құжаты (көне ұй­ғыр-моңғол жазуымен) деп мына бір деректі жариялаған болатын:

Сұрақ: Әкеңіздің және өз есіміңіз?

Жауап: Мукрас Зайсанов (Жайсанып).

Сұрақ: Жасыңыз және туған жылыңыз?

Жауап: 1910 жылы тудым, жасым 30-да.

Сұрақ: Ұлтыңыз?

Жауап: Ұлтым қазақ.

Сұрақ: Туған жеріңіз?

Жауап: Қобда аймағы (бұл кезде Бай-өлке аймағы әлі орнамаған), Ұлан-құс сұмыны, 5-ші ауыл.

Сұрақ: Оқыған біліміңіз?

Жауап: Кубанда атты әскердің мектебін бітірдім. Содан кейін ұшқыштар даярлайтын курсты оқыдым.

Сұрақ: Партия мүшелігіне қашан өттіңіз?

Жауап: 1929 жылы кан­ди­дат­тыққа, 1930 жылы мүшелікке өттім.

Сұрақ: Марапатыңыз?

Жауап: 1939 жылы Жауын­гер­лік Қызыл Ту орденімен марапатталдым.

Жайсанып Мүкәрісұлының жақын бауыры деп саналатын Әуез Таштуанұлының (шетелдегі қайраткер қазақтардың бірі, отставкадағы полковник, Моңғолияның  еңбек сіңірген ұшқышы) естеліктеріне сүйенсек  атақты ұшқыш өзінің балалық шағы туралы мүлдем айтпаған. Тіптен есіне де алғасы келмейді екен. «Әкемнің аты – Мүкәріс, ал туған шешем мына кісі деп Тұқи анамызды (Райысхан ақсақалдың бәйбішесі) көрсететін. Сендерден басқа ешқандай туысым жоқ дейтін» деп еске алады. Әуез мырзаның айтуынша, Жайсанып Қобда бетіне жалғыз келмеген. Қасында өзі шамалас тағы екі бала болған. Екеуі де сол ауылға бала боп сіңіп кеткен. Біреуінің аты Қамза екен. Үшіншісі өнерлі, сері адам болғанға ұқсайды.

Жайсанып ер жеткен соң Қобда қаласындағы мал-дәрігерлік мекемесіне жұмысқа орналасады. 1929-1930 жылдары қазақтар қо­ныс­танған батыс өлкенің шекара зас­тавасына қызметке ауысады. 1930 жылы Мәскеудегі КУТВ-қа (Ком­­мунистический университет­ трудящихся востока), яғни шығыс халық­тарына арналған оқу орнына жі­бе­­ріледі. Бұл жерге келген соң Мәскеудегі Моңғолия елшілігі оны Кубандағы ат­ты әскер дайындайтын диви­зионға жібереді. Кейін, 1932 жылы Орынбор қаласындағы Әуе күштері училищесіне оқуға түседі. 1937 жылы оқуды үздік деген бағамен бітіріп шығады. 1939 жылға дейін сол өзі оқыған Орынбордағы ұшқыштар училищесінде біраз уақыт ұстаз болып қызмет етеді. Сол жерде Мария есімді орыс қызына үйленіп, шаңырақ көтереді.

Кейбір деректерде Жайсаныптың орыс тілін өте жетік білгендігі себепті Орынбордағы ұшқыштар даярлайтын оқу орнына түскен жастарға тілмаш ретінде еріп барғаны айтылады. Сол жерде жүріп ол тілмаштықпен қатар ұшып-қонудың қыр-сырын жетік меңгеріп, аса шеберлігімен көзге түседі. Сол себепті, оны аталмыш училище нұсқаушы-ұшқыш ретінде жұмысқа алған.

Алайда көп ұзамай оны Моңғол елі кері шақыртып алады. Елге келіп Моңғол армиясының тарихында тұңғыш рет құрылып жатқан әуе күштерінің кү­шейтілген полкіне басшы болады. Жайсаныптың ерлігін мойындай отырып моңғол елінің басшысы Чойбалсын өз қолымен оған полковник шенін береді.  Сол жерде жүріп 1939 жылғы атақты Халхин-гол соғысына қатысады. Яғни, Моңғолияның Әуе қарулы күштеріне қолбасшылық жасайды. 1942 жылдың 15 қазанында Моң­ғолия үкімет басшысының №00182 бұйрығымен Әуе қарулы күш­терінің қолбасшысы болып та­ғайындалады. Осыған байланысты 1945 жылғы Жапон миллитаристеріне қарсы Совет-Моңғол біріккен майданында қолбасшы ретінде алдыңғы шепте болады. 1948 жылы Ресейдің ұшқыштар академиясын бітірді.

Әйгілі қолбасшы Г. Жуков басқарған Халхин-гол соғысы мен 1945 жылғы Жапон миллитаристеріне қарсы Совет-Моңғол біріккен майданында Жайсанып  Мүкәрісұлы керемет ерліктер жасайды. «Мүг­ден әуежайын басып алдық. «Супер» маркалы 49 ұшақ, «Дюблестник» типтегі 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші: генерал-майор М. Жайсанып» деп қол қойылған архив деректері осыған дәлел болса керек. Әрине, батыр қазақтың бұл ерлігі ескеріліп, соғыс аяқталған соң Сталиннің өзі Жайсаныпты жеке қабылдап, Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапаттайды.

Жайсанып Мүкәрісұлы – әуе күштерінің ұрыс-тактикасына үлкен жаңалық әкелген адам. Орыс-моңғол әскері тарихында алғаш рет түнгі шабуылды ұйымдастырғандығы аңызға айналды. Халхин-гол шайқасында гене­ралдың қол астында қызмет ат­қарған ұшқыш Тұнға Дұғырұлы деген ардагердің естелігінде: «Жайсанып пен орыс азаматы, кеңесші-ұшқыш М. Комендатов басқарған біз С. Грецевич, Г. Крав­ченко, Я. Смушкович бас­таған (кейін үшеуі де Совет Одағының Ба­тыры атанды) мықтылармен қанаттасып, әуе шабуылы тарихында алғаш рет түн жамылып жау қорғанысын талқандауды жүзеге асырдық» делінсе, тағы бір естеліктерде «Жайсанып «жапондармен соғысудың айла-тәсілін түнде соғысуға бейімделу керек. Өйткені, жапон ұшқыштары түнгі шабуылға машықтанбаған» деп бір түнде барлық эскадрилді түп қопарып Халхин-гол маңына алып барғаны әрі сол жерде ұшқыштарды түнгі шабуылға дайындағаны айтылады. «ПО-2» дейтін шағын әскери барлаушы ұшаққа отырады да, оның бауырына бомба тиеп алып, түнде ұшып шығатын болған. Дәл жаудың үстіне барғанда ұшақтың моторын өшіріп жіберіп, дыбыссыз қалықтап жүріп бомбаларын тастап, операция аяқталған соң ұшағын қайта оталдырып кері қайтып отырған. 

Біздің кейіпкеріміздің совет-моңғол армиясы тарихында тұңғыш рет авиашоу өткізген ұшқыш екені де естен шықпауы керек. 1939 жылы жапондар жеңілген соң, мемлекет ұлы жеңіс тойын тойлаған. Сол тойда Жайсанып өз ұшағымен көк аспанда неше түрлі трюктер көрсеткен екен. «Жайсанып сол жылдары Ұланбатырдың аспанына ұшып шығып, дүйім халықтың көзінше басқарған ұшағының түтінімен көкте айналып жүріп «Жайсанып» деп атын жазыпты-мыс» атты аңыз осыдан қалса керек.

Жайсанып Мүкәрісұлы  1954 жылы зейнетке жіберілді. Зейнетке шыққан соң теміржолдың жүк жөнелту бөлімінде қарапайым жұмыс істеп күнін көреді. Ұзамай науқасқа шалдығып 1967 жылы осы науқастан дүниеден өтті.

Әйелі Мария Петровна Орталық мемлекеттік кітапханада кітапханашы болып қызмет еткен. Соня есімді қызы мен Геннадий есімді жалғыз ұлы Ресейде тұрақтап қалған. Геннадий Ұланбатырда университет бітірген. Алған мамандығы – дәрігер. Қаратеңіз әскери флотында офицер-дәрігер болып қызмет еткені айтылады. Қазіргі тағдыры белгісіз.