Алғашқы арулар
09.03.2019 2795
«Қазақстан тарихы» порталы алуан-алуан салада үздік шыққан һәм алғашқы аруларды таныстырады

От кешкен офицер қыз

 Әскери дәрігерден гвардия лейтенанты дәрежесіне дейін көтерілген Нұрғожинова Алтыншаш Өскенбайқызы 1924 жылы қазіргі Атырау өңірінде (тағы бір деректерде Мәскеуде туған делінеді) дүниеге келген. Әскер қатарына Мәскеу қаласында жүргенде шақыртылған. 1941 жылы Орал әскери округiнде қысқаша алты айлық комсоргтер курсынан өткеннен кейін бірден Орталық Воронеж және Украина майдандарына жіберіледі. Сол жерде жүріп танк армиясының 24-жеке механи­калан­дырылған құрамының санитарлық бөлi­мiн­де медбике кейін 237- және 70-атқыштар дивизияларында батальон комсоргi болған.

Алтыншаш Ескенбайқызы 1944 жылы Катовице қаласының түбінде болған шайқастардың бірінде жаудың қос бірдей танкiсiн гранатамен жарып, шепті бұзып береді. Алайда өзі қатты жарақат алып, осы жарақытан дала госпиталiнде жатып қаза табады. Тағы бір деректерде батыр апамыздың жаудың шебін бұзу үшін қолындағы гранатасымен бірге екінші танкінің астына түсіп мерт болғаны айтылады.  Майдандық «Патриот Родины» га­зетінің қызметкері Михаил Левченконың ес­телігінде былай делінеді: «Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдаттармен және офицерлермен бірге неміс фашистерінің қоршауында қалып қойдым. Меніңше, бұл Катовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлердің арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып, алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келгені ғой. Әлгі қыз әй-шайға қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Өзі де мерт болды. Жолдастарына да жол ашты. Ол осы батальонның комсоргі Алтыншаш Нұрғожинова екен.

Осы ерлiгi үшiн ол «Қызыл жұлдыз» орденiне ұсынылған. 1944 жылғы 4 қазандағы 207-Қызыл­тулы гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Демков гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғжинованы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттау қағазында мынадай мінездеме жазған: «Гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова батальон жұмысын жан­дан­дыруға көп еңбек сіңірді. Командованиеге елеулі еңбек сіңірді, жастар жетекшісі бола білді, жауынгерлер арасында беделі артып, құрметке бөленді. Нұрғожинова жолдас ұрыста болып шешім қабылдап, көзге түсті. Сондай ұрыстардың бірінде ол өзі пулеметтен, минометтен қарша бораған оқтан ауыр жараланған алты жауынгерді аман алып шықты. Сонымен бірге басқаларды сөзімен де, іс-қимылымен де жігерлендіріп, ерліктің үлгісін көрсетті». «Үкімет наградасы – «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттауға лайық деп танылды» делінген.

Оқи отырыңыздар: Қазақтың қайсар қыздары

Есімі қазақтың қос бірдей батыр қызы Әлия мен Мәншүкпен қатар аталуы тиіс оның қысқаша өмір тарихы осылай. Алтыншаш Нұрғожинова қаза тапқаннан кейiн Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған екен. Алайда бұл бастама аяқсыз қалған. Совет Одағының Батыр атағына ұсынылғаны және «Қызыл Жұлдыз» орденiмен марапатталғаны туралы ақпарат та дер кезiнде айтылмаған. Туысқандарына хабарланбаған. Керек болса, Алтыншаш апамыздың ерлiктерi туралы Мәскеудегi орталық мұрағаттағы офицерлер құрамын тiзiмдеген картотекаға тек 44 жылдан кейiн ғана енгiзiліпті.

Еуропада ел билеген

Жәмилә Стехликова – Еуропа елінде  министр дәрежесіне дейін көтерілген алғашқы қазақ қызы, медицина ғылымдарының докторы. Ол 2007 жылдың 9 қаңтары күні Чехия Республикасының Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі болып тағайындалды.

Жәмилә Алмасқызы 1962 жылы 6 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Жастайынан әкесінің қызмет бабына байланысты Ресей астанасы Мәскеуге қоныс көшіп кетеді. 1986 жылы Мәскеу медициналық институтында оқып жүріп чех жігітіне тұрмысқа шығып  Еуропаға қоныс аударады.

Прагада жүріп аспирантура бітірген соң Хомутов қаласында дәрігер-психиатр (1989-1992 жылдары) болып қызмет етеді. Бірнеше жыл бойы Мемлекеттік денсаулық институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. 1998 жылы Хомутов қаласы Уәкілдігінің (мәслихат) мүшесі ретінде саясатқа араласа бастайды. Кейін Хомутов қалалық ратушасының (әкімдік) мүшелігіне қабылданып, Шағын ұлттар жөніндегі комиссиясын басқарды. Жасылдар партиясының қалалық төрайымы, өлкелік ұйымының төрайымы және партияның бүкілреспубликалық кеңес мүшесі қызметтерін атқарды.

2007 жылдың 9 қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектың Жарлығымен Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі болып тағайындалады. Екі жылдан кейін кейін елдегі саяси оқиғаларға байланысты бұл қызметтен өз еркімен отставкаға кетті. Қазіргі уақытта Жәмилә Стехликова Чехияның Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет етеді.

Атлетика айымы

Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы Моңғолияда тұрады. Ол 1964 жылы Токио Олимпиадасына моңғол елінің атынан жеңіл атлет ретінде қатысқан екен. Бұл жарыста ол 400 метрлік қашықтықта бақ сынасқан 68 жүйріктен 20-шы, 800 метрлік қашықтыққа қатысқан 75 спортшыдан 22-ші орынға ие болыпты

Алданыш Рамазанқызы бүгінде ел астанасы Ұланбатыр қаласында тұрып жатыр.

«Жеңіл атлетиканың ханшайымы» деген атаққа ие болған Алданыш апамыз 1945 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 1965 жылы медицина техникумын, 1972 жылы Мемлекеттік дене шынықтыру спорт институтын бітірген. 6 сыныпта жүрген кезде атлетика секциясына  қабылданады. Небары 15 жасында (1961 жыл) ұлттық құрамаға өтеді. 1969 жылға осы құрамада жүріп талай биіктерді бағындырады. Он екі мәрте чемпиондық тұғырға көтеріледі.

1962 жылы Моңғол елінің тарихында алғаш рет өткізілген Бүкілхалықтық  спартакиадасында 200 метр қашықтықты 26,6, 400 метрді  58,8, 800 метрді  2 минут 18,7 секундта  жүгіріп  өтіп,  ел  рекордын жаңартқан.  Кейін өзі орнатқан бұл рекордын 30 рет жаңғыртыпты. 1972-2005 жылдар аралығында Ұланбатыр қалалық №22 орта мектепте спорт мұғалімі қызметін атқарды. Қазір зейнетте.

Алданыш Рамазанқызы – Моңғолия мемлекеттік жоғары награда «Алтын жұлдыз» орденінің иегері. Сонымен қатар оның «Халыққа білім беру ісінің озат қызметкері» және «Моңғолия спортының үздігі» қатарлы көптеген атақтары бар.

Алаштың аяулысы

Аққағаз Досжанова – Шығыс халықтары әйелдері арасында медицина факультетін бітірген алғашқы қазақ қызы. Ол 1893 жылы Торғай облысының Ақтөбе уезіне қарасты Бөрті деген ауылда дүниеге келген. 1914 жылы Орынбордағы әйелдер гимназиясын бітіргеннен соң медицина мамандығын алуға Мәскеуге аттанады. Талантты қыз сынақтан сүрінбей өтіп медицина курсына қабылданады.

1920 жылы Том медициналық университетіне оқуға түседі. Оқумен қатар ординатор-дәрігер қызметін қоса атқарады. 1921 жылы Ташкенттегі Түркістан халық университетінің медицина факультетіне ауысып, оны 1922 жылы бітіріп, жұмысқа араласады.

1928-1929 жылдары аралығында Ташкент қаласында қызмет етеді. 1930 жылы отбасымен бірге Алматыға көшіп келіп, №1 ауруханада гинеколог болып жүмысқа кіріседі. 1932 жылы өмірден өтті.

Оқи отырыңыздар: Қазақ киносының анасы 

Аққағаз Досжанова – білікті дәрігер ғана емес, саяси күреске де араласқан қайраткер қыз. 1917 жылы қазақ зиялылары ұйымдастырған Мәскеудегі Татар слободасындағы медреседе өткен басқосуға қатысып, мұсылман елдерінің азаттығы туралы арнайы баяндама жасайды. Сол жылдың 1-8 мамыры аралығында Бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне қатысып, мұсылман әйелдерінің мүң-мұқтажын жоқтап сөз сөйлеген.

Әлемдік сәннің аққуы

Зерттеушілердің айтуынша, Алла Ильчун әйгілі Dior брендінің негізін қалаушы Кристиан Диордың моделі болған. Харбинде дүниеге келген Алла 1930 жылдары ата-анасымен бірге Парижге көшкенге ұқсайды. Сол жерде жүріп сән әлеміне аяқ басады. Айы оңынан туып, атақты Диормен жұмыс істеу бақыты туады.

Алла Ильчун туралы кітаптың авторы «Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының» төрағасы, экономист Берлин Иришевтің айтуынша, Алла Ильчунге бүкіл әлем тамсанып қараған. Ол киіп шыққан киімдер көз ілеспес жылдамдықпен сатылып кететін болыпты. Фотомодель Алла Ильчунді 20 жыл бойы күллі әлем қытай қызы деп ойлаған. Алайда, ол өмірінің соңғы сәтінде журналистерге сұхбат беру барысында әкесінің Қуантхан Елшін есімді қазақ екенін әрі оны мақтан тұтатынын айтыпты.

«Кітапты жазу барысында көптеген деректерге тап болдым. Алла Ильчуннің қабірін тауып, жалғыз ұлы Марк Жост де Дюльменмен кездестік. Модельдің ұлы бұған дейін беймәлім болып келген деректермен және отбасылық фотосуреттермен бөлісті. Мұның барлығы жаңа кітапқа енгізілген. Жуықта ғана жарық көрген бұл кітап 2,5 мың данамен орыс тілінде шығарылды. Алдағы уақытта бұл еңбек француз және қазақ тіліне аудару жоспарланып отыр. Одан бөлек, франциялық-италиялық шығармашылық топ Алла Ильчун туралы көркем фильм түсіруді ұсынып отыр», – дейді Б. Иришев.  

Тыл өтіндегі тағдыр

Қазақ қыздары арасынан  шыққан  тұңғыш  тыл қорғаушы әрі әскери тергеуші болып қызмет Мамира  Жантілесованың есімі соңғы жылдары ғана айтылып жүр. 1921 жылы Ақтөбе облысы­ның Жұрын ауданындағы №15 ауылында өмірге келген ол небары он екі жасында жетім қалады. Осыған байланысты Қарақалпақ­стан­дағы балалар үйінде тәрбие­ленуге жіберіледі. Сол жердегі мектеп бітірген кейін  қаржы техникумына түседі. Одан соң Алматы қаласына қоныс аударады. Алға­шында құқықтану курсын, кейіннен 1938 жылы заң институтына айналған заң мек­тебін бітіреді.

 Ұзамай соғыс басталып Мамира  Жантілесова білікті маман ретінде Халық комис­сариатына қарасты ішкі істер саласының қауіпсіздік қызметіне шақыртылады. 1942 жылы Мәскеудегі Халық  комиссариаты­ның ішкі істеріне қарасты Ішкі әскер бас басқармасына ауыстырылады. Сол жерден    қызыл армияның тылын күзету қызметіне алынады. Торжок, Старая Русса, Вышний Волочок елді мекен­дердегі майдан тылында астыртын әрекет етіп, немістердің тыңшылық-диверсиялық әрекеттерінің алдын алу жұмыстарына қатысады.

Соғыстан кейін көп жыл бойы Өзбек­станның, кейінен Қазақстанның Мемле­кеттік қауіпсіздік комитеттерінде әртүрлі қызметтер атқарды. ССРО және Қазақстан  қауіп­сіздік комитеттерінің  тарапынан бірнеше рет медальдар мен Құрмет грамоталарымен марапатталды. Он төрт жыл Қазақстан Республикасының Мемле­кеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етті.

Кинода ескен самал

Карьерасын театрда қарапайым кассир болудан бастаған Самал Есләмованы бүгінде жарты әлем таниды. Ол – атақты Канн кинофестивалін бағындырған тұңғыш қазақ қызы.

Самал 1984 жылдың 1 қыркүйегінде Петропавл қаласында дүниеге келген. Ресейдің театр өнері институтының актерлік факультетінің түлегі. 2004 жылдан бері Мәскеуде тұрады. Қазақстан, Германия, Ресей және Швейцария бірлесіп түсірген «Тюльпан» фильмінде сомдаған басты рөлі  үшін 2008 жылы Канн фестивалінің «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін, жас әділқазылардың жүлдесін, Францияның Білім министрлігінің жүлдесін жеңіп алды. Бұл туынды Еуропаның үздік сыншыларының жоғары бағасына ие болғанын айта кету керек.

Самал Еслямова 71-Канн фестивалінде Мәскеуге келген қырғыз қызының тауқыметті өмірі баяндалатын «Айка» фильмінде ең үздік әйел рөлін жеңіп алды.