#Қазақ диссиденттері. Махмет Құлмағамбетов
Махмет Құлмағамбетов – кезінде бүтіндей бір советтік жүйеге қарсы шығып марксизм-ленинизм ілімін ашықтан-ашық жоққа шығарған, ақыры содан қуғын көріп шетелге кетуге мәжбүр болған қазақ азаматы
Көптеген зерттеушілер ол кісінің қазақтан, тіптен күллі Орталық Азиядан шыққан алғашқы диссиденттің бірі екенін айтады.
Философ әрі журналист Махмет Құлмағамбетов 1930 жылдың 20 шілдесі күні Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітірген соң оны Түркімен елінің Чарджоу қаласындағы педагогикалық институтына ұстаздық қызметке жібереді. Кейін қырғыз және өзбек елдерінің жоғары оқу орындарында философиядан сабақ берді. Студенттерге марксизм-ленинизм философиясы яғни диалектикалық және тарихи материализм деген тақырыпта лекция оқыған. Алайда, о бастан советтік жүйенің кемшілігін көріп, сынап өскен Махмет студенттерге кері түсінік қалыптастыруға тырысады. Жүйенің кемшілігін, идеологиялық саясаттың шылғи өтірік пен алдау-арбауға негізделгенін ашық айтып жүреді. Сөйтіп жүргенде соңына КГБ түсіп, 1962 жылдың желтоқсан айында «Сталинді адамзаттың жауы Гитлерге теңеді» және «советтік жүйе жұмысшыларды қанап отыр» деп режимге қарсы болды деген сырттай тағылған айыптармен 10 жылға сотталып тынады. Бұл мерзімнің жеті жылы түрмеде, үш жылын қуғын-сүргінде өтелсін деген шешім шығарылып, бірден жер аударылады. Осылайша, Махмет Құлмағамбетовтың азапқа толы күндері басталады.
Ол жазаның алғашқы 7 жылын Сібір мен Мордовияда айдауда жүріп өтейді. Алайда сол жерде жүргенде «тәртіпке бағынбады, жұмыстан жалтарды, саяси сабақтарға самарқау қарайды» деген желеулермен онсыз да арқалатып қоя берген жеті жылына тағы екі жыл, тоғыз ай қосып береді. Бірден Мәскеуден 200-300 шақырым жердегі «Владимир» түрмесіне жіберіледі. Ол кезде жазасының уақытының бітуіне екі жыл төрт айы қалған екен. Жазасын өтеп шыққан соң Құлмағамбетов лагерьден қалған мерзімі әлі біткен жоқ деп Сібірге қайта айдайды. Коми және Харьков саяси лагерлеріндегі ең ауыр жұмыстарға жегіледі. Теміржолда жүк тасушы болып істеген. Ақыры 1979 жылы жаза мерзімі аяқталып, отаны Қазақстанға оралады. Алматыдан орын таппай, Сібірдің Сургут қаласында жаңадан салынып жатқан Байкал-Амур теміржол магистралынан бір-ақ шығады. Алайда бұл жерден де тұрақ таппай, ары-бері қашып-пысумен күнін өткізеді. Ақыры 1979 жылдың аяғында біржолата шетел асып кетеді.
Белгілі тарихшы Әбдуақап Қараның айтуынша, Махмет Құлмағамбетовтың шетелге өтуіне бір еврей әйелдің көмегі тиіпті. «Мәкең өзі «одаққа сыймаған адаммын» деп отыратын. Расында, одаққа сыймады. Шынын айтқанда, сыйғызбады. Шетелге кету үшін ол әкесі еврей, шешесі украин болып келетін әйелмен сөз жүзінде «некеге» тұрады. Сөйтіп, Израильге кету үшін виза алуға өтініш білдіреді. Ақыры өтініші қабылданып, 1979 жылы 5 желтоқсанда Вена қаласына көшіп келеді. Марқұм Венаға келген күнін еш ұмытпайды. Бізге: «Сендер совет азаматы болмағандықтан бұл күнді білмейсіңдер. Бұл күн сталиндік конституция күні еді», – деп айтып күліп отыратын. Ал «әйелі» Израильге кетеді. Махмет аға болса Америкаға кетпек болып, виза күтіп Венада қалады. Бірақ тағдырдың жазуымен Венадағы қазақтар арқылы «Азаттық» радиосында жұмысқа қалып қояды.
Бұл 1980 жылдың жазы болса керек. Маған тағдыр ол кісімен бірге жұмыс істеу бақытын жазыпты. Мен «Азаттық» радиосында істеген жеті жылымның соңғы бес жылында осы Махмет ағамен бір бөлмеде отырдым. Ағамыз 1995 жылы зейнетке шықты. 2008 жылы қарашаның 11-і күні Мюнхенде дүниеден озды. Сол жерден топырақ бұйырды.
Мәкең өзі Қостанай жерінен, уақ деген елден болады. Ол Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан соң белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің араласуымен ақталды. Махмет Құлмағамбетов туралы кезінде Германия, Франция секілді шетелдерде газеттерде көптеген мақалалар шыққаны болмаса, арнайы зерттеу жұмыстары әлі жасала қойған жоқ.
Шынын айту керек, арда туған асыл азаматтың қадірін тірі кезінде көп пенде білген жоқ. Өзім жақын араласқан соң Махмет ағаның өмірбаянына, шығармашылығына қатысты деректерді жинап жүрдім. 2004 жылы 24 мамыр күні Мақаңның Мюнхендегі үйіне арнайы барып өткен өмірі, қуғындағы қиын-қыстау кезеңдері туралы туралы жазып алған едім. Алты жылдан кейін ол кісінің өз ауызынан жазып алған екі сағаттық таспаны қағазға түсіріп, «Қазақ альманағына» сұхбат түрінде жарияладым. Сонымен қатар ол кісінің орыс тілінде жазған мақалалары мен «Азаттық» радиосынан қалың тыңдармандарға жетіп жатқан қазақ тіліндегі жүз шақты мақаласын зайыбынан сұратып алдым. Кітап қылып басу ойым бар. Жалпы Махмет Құлмағамбетовті өз басым ХХ ғасырдағы қазақ халқының бетке ұстар батыры деп есептеймін», – дейді профессор Ә. Қара.
Өкініштісі, Махмет Құлмағамбетовтен ұрпақ қалмаған. Өмірінің тең жартысы қуғын-сүргінмен өткендіктен, өте кеш үйленген. Мюнхенде тұрғанда Наташа атты орыс әйелімен шаңырақ көтеріпті. Бірақ бала болмаған.
Қазақстан тарихы порталы алдағы уақытта да қазақ диссиденттері жайлы қызықты мақалалар жариялайтын болады.