Осыған дейінгі мақаламызда Тоқтамыстың өзін көтермелеген Ақсақ Темірге қарсы соғысқанын жаздық. Осы соғыстың кезінде маңғыт бегі Едіге Мәуеренахрдың жыртқышын қолдап шықты
Өз вассалының жауға өтіп кеткеніне ашуланған Тоқтамыс Едіге бекке қарсы жорыққа шығады. Талқаны шығып жеңіліп, Тоқтамыс өлім құшады. Ары қарай Радик Темірғалиевтің «Ақ Орда» кітабындағы ойларды ықшамдап, басқа да тарихшылардың деректерін келтіре отырып, Қазақ Хандығының шын тарихын жазайық.
Едіге
Осы жеңістен кейін Едіге Алтын Орда билігін өз қолына алып, қуыршақ хандарды қойып отырады. 1408 жылы Едіге өзін Алтын Орданың билеушісі екенін жариялап, Мәскеуге жорық жасап, мәскеулік князьдің алым-салық төлеуін қайта жаңғыртады. Өз билігі тұсында Едіге Алтын Орда көшпенділерінің арасына ислам дінін толықтай енгізеді. Осының арқасында көшпенділерді Мысырға және басқа да мұсылман елдеріне құлдыққа сатуға тыйым салынды. 1415 жылы Едіге әйелі Жәнікені жанына 500 атты әскерді қосып беріп, Мысыр арқылы Меккеге қажылыққа аттандырады.
1415 жылы Едіге бұрын Орда жері саналған, кейінірек Литва жаулап алған Киевті және басқа қалаларды тас-талқан етеді. Сөйтіп, Литваны жыл сайын «поминка» яғни ханға сыйлық-ақы төлеуге мәжбүрлейді.
Айтпақшы, Едіге батыр Тоқтамыс ханның кәмелетке толмаған ұлы Қадырбердіні, әйелі Жәнікенің (Тоқтамыстың қызы) жалбарынуымен тірі қалдырғаны бар еді. Бірақ, бұл қайырымды ісі болашақта Едігенің тағдырында қатерлі рөл ойнайды. Қадірберді өсіп 1419 жылы қарсы шығады. Орал өзенінің бойындағы шайқаста Едіге де, Қадірберді де қаза табады. Ол өлген соң Алтын Орданың ыдырауы қайтымсыз процеске айналды. Ұлы Дала ұлы тұлғаларды осы заманда бірінен соң бірін туыпты. Едіге орнын болашақ қазақтың хандары – Керейге аға, Жәнібекке әке болған Барақ басты.
Барақ
Едіге өлген соң, Тоқай-Темірдің ұрпағы Ұлығ-Мұхаммед қалың қолмен келіп, қарасүйек маңғыт бегінің балаларын қуып, Үлкен Орданың шаңырағын өзі иеленеді. Ал Едіге тұқымдары Сібірге кетіп, сол жақтың жұртын әміріне қаратуға тырысады.
Ал шығыстағы Ақ Орда ұлысын жайлап отырған көшпелі жұрт бұл кезде өздерін дербес сезініп, билікке Орыс ханның немересі Барақты әкеліп, ақ киізге көтерді. Барақтың әуелгі миссиясы «Алтын Орданы» қайта түлету еді. Осы мақсатына жету үшін Сібірді билеп тұрған Едіге ұрпақтарымен тіл табысып, күш біріктіруге барын салады.
Не керек, Едігенің баласы Мансұрмен арадағы келіссөзден кейін екеуі Ақ Орданы бірге басқаратын болды: Барақ – хан, ал Мансұр – беклярбек. Сосын Ұлығ Ұлысты қайта біріктіру үшін Батысқа аттанды. Барақ пен Мансұр аз уақыт ішінде Тоқай-Темір ұрпақтарын талқандап, Сарайды алды. Сөйтті де, Алтын Орданы қайта жаңғыртты. Барақ тарихта Үлкен Орда мен Ақ Орданы біріктірген соңғы хан ретінде есте қалды. Бірақ, оның Сарайдағы билігі ұзаққа созылмады. Ол мүмкін емес те еді. Жошы ұлысы біресе құралғандай боп, сосын қайта ыдырағанда, ылғи алдыңғы шекаралардың бойымен бөлшектенетін. Бұл Алтын Орданың күні біткенінің дәлелі болатын.
Алдымен Барақ ханның орыс қалаларына жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Сосын Литва князінің қанаты астында күшейген Ұлығ Мұхаммедтен жеңілді. Сөйтіп, қайтадан Ақ Ордаға оралды да, ұлысты жеке мемлекетке түбегейлі айналдырды. Мұнда келген соң Барақ Мансұрды өлтіріп, хандықта жеке-дара билікке ие болды. Енді ол Сырдария бойындағы қалаларды қайтару үшін Мәуереннахрға соғыс ашты. Және қолбасшылық талантын тағы да көрсетті. Аз ғана әскермен тұтқиылдан шыға келген ол Ұлықбек армиясын қирата жеңді. Ұлықбек әзер дегенде қашып құтылды.
Барақ, бұл тамаша жеңістің зейнетін көре алмады. Оның неден өлгені туралы бірнеше жорамал бар. Қадырғали бектің айтуынша, Барақ ханды Мансұрдың бауырлары Ғази мен Наурыз өлтірген. Қазақ тарихшысы Радик Темірғалиев «Ақ Орда» кітабында осы версияға көбірек сенетінін жазыпты.
Әбілқайыр Шайбани
Барақ өлгеннен кейін, әлбетте, Ұлы Далада тағы да сұлтандар арасында қырқыс, соғыс басталады. Осы шым-шытырыққа Қазақстанның батысындағы кішігірім ұлысты басқарып отырған Шайбанилер әулеті де қатысып, Әбілқайыр Шайбани күллі қарсыластан асып түсіп, билікке келеді. Бұл кезде Алтын Орда империясы түбегейлі – Қазан, Қырым, Үлкен Ордаға ыдырап кеткен. Ақ Орда енді облыс емес, жеке дара мемлекетке айнала бастаған сәт. Әбілқайыр осы Ақ Орданы күшейткен, мықты тұлғалардың бірі болды.
Ол әуелі Сібір хандығын бағындырды. Одан кейін Үргенішті алды (Алайда, Хорезмді Ақ Ордаға қосып алуға сол кезде тарап кеткен оба ауруы кедергі жасады). Және бүлікшіл чингизидтерді талқандады. 1446 жылы Ақсақ Темір ұрпақтарынан Сыр бойындағы қалаларды қайтарып алды. Соғыста дәуірі жүріп тұрса да, батысқа Қазан, Үлкен Ордаға қарсы жорық жасамады. Өйткені, онсыз да проблемасы көп еді. Өзінің билік етіп отырған аумағында-ақ, тегі жағынан бұдан мықты өзге чингизидтер оның билігін мойындағысы келмей, қиғылық салып жүрген-ді.
Және осы кезде Ақ Ордаға өте қатерлі жау пайда болды. Ол ойраттар еді. 1457 жылы Әбілқайыр ойрат әміршісі Үз-Темір тайшыдан оңбай жеңілді. Бұл ханның беделіне қатты нұқсан келтірді. Осы кезде маңғыттардың бегі Мұса Шайбанид тұқымдарының бірі Жәдігерді хан көтерді. Әбілқайырдың тағы шайқала бастағанын естіген Орыс ханның ұрпақтары да қимылдай бастады. Олар – Керей мен Жәнібек еді.
Соңғысы Жәнібек сұлтан Алтын Орданы ақырғы рет қалпына келтірген Барақ ханның бөлтірігі, туған баласы болатын. Бірақ Әбілқайыр әлі де күшті, сондықтан одақтас керек еді. Қос сұлтан әуелі Үлкен Орда хандарымен, сосын Моғолстан ханымен уағдаласты. Шамамен 1460 жылы Керей мен Жәнібек Моғолстанға келді. Біртіндеп қол астындағы жұрт көбейе бастады. Әбілқайыр Керей мен Жәнібекті және оларға дем беруші Моғолстан ханы Жүністі жазалау үшін жорыққа аттанды. Бірақ жолда қайтыс болды.
Барлық тарихи әдебиеттер Әбілқайыр құрған мемлекетті «Ақ Орда» деудің орнына ол басқарған ел-жұртты «Өзбек Ордасы», «Көшпелі өзбектер мемлекеті», «Әбілқайыр хандығы» деп келтіреді. Нұров, Темірғалиев секілді ғалымдар мұның бәрі тарихшылар жасаған «мемлекеттер» екенін айтады. Яғни әлгі атаулар ойдан шығарылған. Ол кезде, көшпелі өзбектер мемлекеті деген ұғым жоқ еді. Бұл ұғымның құрылымы да дұрыс емес. Өзбектердің көшпелі еместері жоқ еді ол дәуірде. Сосын өзбек атауы Әбілқайырдың кезінде пайда болып, қалыптасты дегенде шылғи өтірік. Өйткені, «өзбек» деген атау қыпшақтардың бір аты ретінде Әбілқайырдан көп бұрын пайда болып қойған. Мысалға, Орыс ханды күллі әлем өзбек ханы деп білген. Қысқасы, Әбілқайыр – Ақ Орданың ханы, яғни қазақтың да ханы. Ол Дәшті-Қыпшақты 40 жыл биледі. Бұл қазақ мемлекетінің күшеюіндегі, қазақ этносының қалыптасуындағы аса маңызды кезең болды.
Қазақ сұлтандары
Әбілқайыр Ақ Орда өлкесін 40 жыл биледі. Бірақ, билігінің соңғы жылдары, шежіресі одан да қастерлі Керей мен Жәнібек сұлтандар саяси аренаға шығып, Әбілқайырды жеңді, Ұлы Даланы өзіне қаратты. Билікті алған беттегі қазақ сұлтандарының ең алғашқы мақсаты шайбанидтерді түгелдей құрту болды. Бірақ Қарашың деген батыр Әбілқайырдың бір ұлын, екі немересін құтқарып қалды. Сол аман қалған бөлтіріктердің ішінде Мұхаммед-Шайбани атасы сияқты мықты қолбасшы болып ер жетті. Жас кезінде ол аз ғана жауынгерімен бірге Сығанақ және Сауран маңында қарақшылық жасап жүрді. Біртіндеп күшейген соң қазақ хандары мен сұлтандарының талай қанын ішті. Арадағы шайқастардың көбінде Шайбани жеңді және Ақ Орданың бірнеше қаласын басып алды.
Бұл Бұрындық ханның беделін түсірді. Тек 1510 жылы Қасым сұлтан әскери қулықты қолданып, Ұлытауға бет алған Мұхаммед-Шайбанидің екі командиріне күйрете соққы берді. Мұны естіген Шайбанидің өзі Самарқанға шегінуге бұйрық берді. Қасым оны өкшелеп көп шығынға ұшыратты. Осы жеңілістен кейін ұлы қолбасшының күні батуға айналды. Сол жылы ол Иран шахы Ыдырыспен шайқаста өлді. Бұрындық, Қасым хандар, Мұхаммед-Шайбаниден құтылу үшін қырық жыл уақытын сарп етті.
Қасым хан
Мұхаммед-Шайбаниды жеңген, Қазақ хандығының территориясын қазіргі Қазақстанның көлеміне жеткізген Қасымның даңқы жер жарды. Осыны пайдаланған ол 1511 жылы Бұрындықты құлатып, өзі хан болды. Қазақ хандығы аймақтағы аса күшті мемлекетке айналды. Халқының саны 1 миллионға жетті.
Бірақ Мұхаммед-Шайбани өліп, қолайлы сәт туғанына және көршілердің үгіттегеніне қарамастан, Қасым хан Мәуереннахрға басып кіруден бас тартты. Өйткені, ол бір кездері екі бөлінген бір ұлттың бір-бірімен пайдасыз қырқысын тоқтатқысы келді. «Өзбек – өз ағам, сарт – садағам» дегенді алғаш айтқан Қасым болуы мүмкін.
Екіншіден, Қасым хан, тілі, ділі, діні бір, шаруашылығы ұқсас жұрт өзі-ақ Қазақ туының астына жиналады деп білді. Айтқаны айдай келді. Кезінде қос сұлтанға жер берген Моғол хандары қалада тұрушы еді. Ал, оларға қарасты халық көшпенді болды да, Қасым ханға бүйрек бұрды. Моғолстанның ханы Сұлтан-Саидтың Қасымға қарсы тұратын шамасы жоқ еді, осылайша ол Жетісудан айырылды.
Қасым хан «Қасқа жол» атты заңдар жинағын жасады. «Қасқа жол» саясаттанушылар айтатын «қоғамдық келісім» еді. Бұл кезде монархтың статусы да өзгерген болатын. Қазақ ханы баяғы Алтын Орданың ханы емес еді. Оның билігі бейбіт заманда әлсіреп, соғыс кезінде күшейетін. Яғни, ол билеушіден гөрі қолбасшыға көбірек келетін. Алтын Орда хандарын улап немесе қанжар салып өлтірсе, қазақ хандары шайқас алаңында жан беретін. Осындай саясаттың арқасында Орыс ханның ұрпақтары моғол хандары мен шайбанидтерді жеңді.
1519 жылы Қасым хан батысқа аттанды. Ноғай бектері жанталаса қарсылық көрсетті, бірақ тізе бүгуге мәжбүр болды. 1520-1521 жылдардың қысында Қасым Сарайшықта қайтыс болды. Ноғай-маңғыттар қайта қазақтың иелігінен шығып кетті.
Мамаш, Тайыр, Тоғым
Біздің қазақ хандығы туралы тарихта Қасымен ханнан Хақназарға дейінгі аралық – ақтаңдақ күйде қалған ғой. Радик Темірғалиев «Ақ Орда» кітабында осы аралықтағы оқиғаларды, ахуалды біршама толымды етіп түсіндіреді. Сонымен, Қасым ханның үлкен кемшілігі – ол өзінен кейін мұрагерді тағайындап кетпеді. Бір қызығы дейсіз бе, кереғарлығы десеңіз де еркіңіз, Қасымның көзі тірісінде-ақ, кейбір бауырлары өз ұлысында өздерін хан көтеріп жатты. Мысалға Жаныш, Таныш, Үзек, Жәдіктердің хан деген мәртебесі болды. Бірақ, Қасым бұған еш алаңдамады. Бекер! Себебі, өз-өзіне хан болғандар Қасым өлген соң тақ үшін қырқысты да қалды. Іс жүзінде мемлекет бөлшектеніп кетті.
Оңтүстік-шығыста Қасымның інісі болып келетін Әдіктің баласы Тайыр хан болды. Былайша айтқанда, Тайыр хан қазақтың «ұлы жүзінің прообразын жасаушы» десек болады. Ноғай ордасымен шекарадағы ұлыста Қасымның ұлы Мамаш хан сайланды. Сарыарқаны Жәнібектің тағы бір ұлы Жәдіктің балалары басқарды. Мұндағы хан Тоғым еді. Бұл үшеуінен басқа қазақ жерінде тағы да ұсақ хандықтар болды. Сол заманның тарихшысы Қадырғали бек Жалайыри олардың басшыларын «шолақ хандар» деп атады. Яғни, Мамаш, Тайыр, Тоғым хандар билікке бірінен кейін бірі келген жоқ. Олардың әрқайсысы бір мезгілде әр ұлыста хан атанды және бір-бірімен соғысты. Бір әкеден тараған ұлдар бір-бірін қырып бара жатқанына шыдай алмаған Қасымның ұлы Хақназар артындағы елімен ноғайлыға көшті, нәтижеде бұл кезең Ноғай ордасының аса күшейген шағы болды.
1523 жылы Сарыарқаның әміршісіне айналған Тоғым оңтүстік қазақтарының ханы болып тұрған Тайырды талқандап, соңғысы Жетісуға кетті. 1525 жылы оны қырғыздар өздеріне билікке шақырды. Себебі, ол заманда қырғызда чингизидтер, яғни өз династиясы жоқ еді. Осылайша Тайыр мен оның мұрагерлерін қырғыз хандары деген дұрысырақ болады. 1532 жылы қырғыздың билеушісі болған Тайыр өліп, орнына бауыры Бұйдаш хан көтерілді.
Хан Тоғым осы кезде бұрынғы Ақ Орданың басым бөлігін қолына қаратты. Ол Қазақ хандығын әскери жағынан әжептәуір күшейтті. Оның билігін бірнеше ойрат тайпасы мойындады. 1525 жылы Тоғым Ташкентті алды. Қазақ хандығының тым кеңейіп бара жатқанынан қорыққан ноғай бектері Мәуереннахр билеушілерімен және Моғол ханымен келісім жасасып, Тоғымға қарсы одақ құрды. 1537 жылы болған соғыста қазақтар өте ауыр жеңіліске ұшырады. Шайқастардың бірінде Тоғым хан және 37 сұлтан қаза болды.
Жалғасы бар...