Керей хандығы – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын орта ғасырлық феодалдық мемлекет
Хандық территориясы ежелгі ғұндар мен көк түріктерінің атақонысы Орталық Моңғолияда болды. Шығыста татарлар тайпалық одағы мен қамағ моңғолдармен, батыста Найман хандығымен, оңтүстікте Таңғыт мемлекетімен, солтүстігінде меркіттермен шектесіп жатты. Хандық құрамындағы ру- тайпалар кейін келе қазақ халқының бір бөлігін құрады, олар Орта жүздің керей тайпасы, арғынның тобықты руы, Ұлы жүздің албан тайпасы, кіші жүздің керейт тайпасы осы хандықтағы ру тайпалар болды.
Керейлердің арғы тегі
Керей тайпалық одағының шығу тегі көбінде сәнбейлерге барып тіреледі, көне сәнбей молаларындағы сүйектерге жасалған зерттеулерде мұны растайды. Дегенмен осы тайпалық одаққа ғұнның сарқыншақтарымен деңлеңдердіңде қатысы бар екенін айта кету керек. Ежелге мекені Байқал көлінің айналасы болған. Сәнбейлер біздің эрамыздың 91 жылы ғұндарды күйретіп, тәңірқұтының бас терісін сылып алды да, ғұнның орнын басқан көшпенділер империясын құрды. Шегарасы батыста Балқаш көліне дейін тірелсе, шығыста Жапон теңізіне дейін созылып жатты. 360 жылдары деңлең тайпалары жаппай күшейді де, бұрынғы сәнбейлер деңлеңдермен араласа бастады. Эрамыздың 5-8 ғасырларында Байқал көлінің шығысындағы сәнбейлер байырқулар деп аталды. Олар түркі қағанаты мен ұйғұр қағанаты құрамындағы ең белді тайпалық одақтардың бірі болып «тоғыз оғыздардың» бірі болды. Шыңғысхан заманына дейін Байқал көлінің шығысындағы алқап байырқу жері, яғни «Барғужын тоғұм» атанды.
Керейлердің көне сұлбасы – байырқулар
Байырқулар заманымыздың VI ғасырынан бастап тарих бетінен көріне бастады, олар теле тайпалар одағына қатысқан. Сонымен қатар батыс түрік қағанатында қойлұғ (қойлау), шимуген (шимойын) атты тайпалардың да аты аталады, бұл рулар қазақ керейлерінде әлі аты белгілі рулар.
Байырқұлар туралы Таңнамада былай жазылған: «Байырқы (拔野古, 拔野固, 拔曳固) деп үш түрлі берілген. Шөлдің терістігіндегі аумағы мың шақырымға созылған кең алапқа қоныстанған. Жері бүркіт ұлысының шығысындағы мүркетпен шекаралас жатады. 60 мың адамы, соғысқа жарамды 10 мың әскері бар. Жерінің шөбі шүйгін келеді, асыл тұқымды жылқы өседі, темір рудасы шығады. Қаңған деген өзен бар. Суға қарағайды салып қойса, үш жылдан кейін тасқа айналып кетеді, оның өңі қара көкшілденгенімен ағаш бедері сол күйінде көрініп тұрады. Жұрт бұны Қаңған балбалы деп атайды. Халқы саятшылықты ұнатады, егін егетіндер өте аз кезігеді. Қыста мұз үстінде бұғыны шанаға шегіп жүреді. Мүз үстінде шаңғымен бұғы аулайды. Әдеп-ғұрыптары тыйектерге ұқсас, тілдерінде азды-көпті айырмашылық болады.
Таң тайзұң заманы жынгуанның 3 жылы (629 жыл) бұлар бүркіт, тоңыра, ғи, септермен бірге сарайға қол тапсырды. 647 жылы тай елтебері құтлы шад бүкіл ұлысымен қол тапсырды» (1).
«Анта кесірі иер Байырқу ұлұғ еркін яғ болты, аны яңы түргі ярағұн көлте бұздұмыз. Ұлұқ еркін азқыңы ерін тізіп барды, күлтегін...Яшыңа қырқыз тара сүледіміз, сүңүкі батамі, қарақ сүкүн көгмен ишық тоға иоріп қырғыз бодұны ұда басдіміз, қаған бірле сүңа иішта сүледіміз, Күлтегін Байырқун ақ адығырығ бініп олаю тегді... ілгері байырқу иеріңе тегі сүледім» (2).
Байырқуларға қатысты деректен олардың Байқал көлінің шығысындағы күшті тайпалық одақтың бірі екенін көруге болады. Байырқулар кейінгі теле тайпалары күшейгенде олардың тайпалық одағына қатынасады. Сахарадағы 9 арыстың яғыни «тоғыз оғыздың» бірі болады. Әскері 10 мың, көп болмағанымен аса жауынгер болған, 716 жылы түріктің Бұг чор қағаны осы байырқулар жағынан өлтіріледі. Ұйғұр қағанатынан кейін бұрін қырғыз тайпалар одағы құрамында болған қарағастар күшейіп Байқал көлінің батысы мен шығысындағы барлық Сібірлік түркі тайпаларын біріктіріп күшті хандық құрады.
Қарақастардың күшеюі және керей тайпаларының Сібіриядан орталық Моңғолияға көшуі
820 жылдардан бастап ұйғұр қағанаты жаппай әлсірей бастайды, бұрынғы аса жауынгер халық манхей дінін қабылдағаннан кейін кері кете бастайды. 755-763 жылдары Таң империясындағы түріктер көтеріліс жасап, таңдықтардың іргесі шайқалып, көп териториясынан айырылған кезде ұйғұрлар түріктердің қайта күшейіп өздеріне жау болуынан қорқып, әскер жіберіп оларды жаныштайды. Сонымен қатар Таң империясының қалаларында талауға түсіреді. Ұйғұр қағанаты әлсіреген тұста қарақастар оларды ұдайы жеңеді, таңдықтар да олардың оңтүстігінен тиеді, ақыры ауыр табиғат апаты, ішкі былық пен күшті сыртқы жау алдында ұйғұр қағанаты құлайды, көп халқы Моңғолиядан басқа жақтарға ауа көшеді.
Ол туралы Таң дерегі былай дейді:
«Ұйғұр олардың әмірі Әзға білге Тон Іркін деген атақ берді. Ұйғұр бірте-бірте әлсіреп, Әз өзін қаған деп жариялады. Оның шешесі түркеш қызы еді. Шешесі қатұн деп аталды, әйелі қарлық Ябғұсының қызына қатұн атағын берді. Ұйғұр оның үстіне уәзір жорықшыларын аттандырса да жеңе алмады. Арадағы соғыс 20 жылға созылды. Бітімге келе алмады.
Әз өзінің жеңісіне масаттанып оларға: «Сендердің риздықтарың таусылды, мен алтын ордаларыңды жығып, ордаларыңның алдына ат ойнатамын және туымды тігемін. Шайқаса алатын шамаларың болса келіңдер, егер оған шамаларың келмесе, ертерек тайып тұрыңдар» деп жерден алып жерге салды. Ұйғұрлар жаза жорығын жасауға шамалары келмеді. Оләрдің уәзірі Күлік баға Әзді бастап құйғұр қағанына шабуыл жасап оны өлтірді, тегіндерде тұтас күйреді. Әз қолды өзі бастап олардың ордасын және ханша тұрған алтын шатырды өртеп жіберді, бүкіл дүние-мүлкін олжалады, дәнекер ханшаны да тартып алды.
Сонымен ордасын Лаушан тауының күнгейіне көшірді. Лаушанды тұман (赌满) дейді. Бұл жерге Ұйғұрдың ескі ордасы салт атқа 15 күндік жол. Ханша таң патшалығының асыл текті аруы болғандықтан, Әз оған сарайға жеткізіп салуға елшісін қосты. Бұларды жолда Ұйғұрдың Өкей қағаны тосқауылдап, елшіні өлтіріп тастады».
«Бұрын Ұйғұрлар сарайдың шапағатын ұмытып ұлыстарды бұлап-талады, Лиңжоуға шапқыншылық жасап, тәңірдің қарғысына қалды. Сүйтіп Хыдұң сияқты бұлықтардың әскерлеріне жаза жорығына аттану жөнінде жарлық түсті. Қаңтарда хыдұң қолына Ғуқырған тауында Ұйғұрларды күйрету жөнінде бұйрық жарияланды. Олар шатырға басып кіріп, дәнекер ханшаны өз қосынымызға алып қайтты. Қаған онда (ұйғұр қағаны) ондаған сарбазын ертіп таудан аса қашты, осы тұста қарағастар оның елін басып қалды. Ақпанда Чоң алып солшы бастаған жеті елшісін сарайға жіберіп, тартуға сайгүлік әкелді. Кайчыңның 4 жылы уазір Күремір көтеріліс жасап, қағанға шадаларды бастап келіп шабуыл жасады, қаған өзін-өзі өлтірді, елі апсап тегінді қаған көтерді. Бүл кезде елде ашаршылық басталып, жұқпалы ауру тарады, оның үстіне қалың қар жауып қыруар қой, жылқы қырылды. Сондықтан оған атақ берілмей қалды.
Ұзұң тахқа отырғанда сызы ханы Рұң хабарлауға келіп оның елінде бүліншілік болып жатқан үстінен түсті.
«Көп өтпей ағаман Күлік баға көршілес қарағастармен астаса отырып 100 мың атты әскермен Ұйғұр қамалын талқандады, қаған мен күремірді жайратып, ордасын өртеді, ұлыс тоз-тоз болды. Уәзір Сапшық пен Бың тегін 15 ұлыс елін бастап қарлұқтарға паналады, қалғандары түбіт пен Әншиге қосылды. Осы кезде қаған ордасына қарасты 13 арыс ел Өкей тегінді қаған көтеріп түстікке қарай жылыстап, Сағзы тауын сағалады» (3).
Бұл деректен он бес ұлыс қарлық жеріне кетті, ұйғұрдың ұлыстары Ганжоумен Тұрпанға кеткені аңдалады. Бұл тарихтағы ғұндардың Моңғолиядан көшуінен кейінгі үлкен көшпенділер көші саналады. Оғыз тайпалары Сыр бойына барып сонда оғыз мемлекетін құрды, ұйғұрлар Тұрпанда идіқұт мемлекетін, Гансуда ганжоу хандығын құрды. Демек көшкен халықтың санында хисап жоқ, жарты млн не млн нан артық. Осы тайпалардың орынына Сібериядан көптеген тайпалар ауып келіп орынын толтырды. Керейлер Байқалдың шығысынан келген байырқулармен батысынан келген қарақастардың орталық Моңғолияға ауғаннан кейін қалыптасқан. Мысалы байырқылар шығыс Моңғолияға ауып кейін татарлардың тайпалық одағына қатысып «барқы татар» атанады, Иншан тауы «Барқын тау» атанады. Кейінгі керей хандығы құрамындағы рулар Саян Алтай мен Сібірлік тайпалармен туыстас, мысалы кейінгі керейде Тобоуыт атты тайпа болған, Саян, Алтай, Сібірде олардың қалдығы тоба атымен белгілі. Сондай ақ албат тайпасымен ұқсас Алтайда алмат руы қалған, керейдің бір руы сахайт болса Сібірде сағай руы қалған. Кейінгі абақ керейде барқы, қарақас руларыда Сібірден орталық моңғолияға ауғанымен Хакасяда қарақастар әлі бар. Байқалдың шығысы «барғұжын тоғұм» атанып, онда Шыңғысхан заманына дейін барқы тайпасы мекендеген. Қарақастардың Моңғолияға көшуіне мына дерек дәлел болады: «Қурчакуз Бұйрық (Құршақұз Бұйрық) ханның Урта Балғасун (Орта Балғасұн) өңірінде жұрты болған екен. Және Гурхан мен Оң ханға Йағ Иабғаннан (Жак Жапқаннан) жұрт (мекен) берді. Ал Тайтимур (Тайтемір) тайшы мен Иула Мағуска (Жыла Мағұсқа) Қарағас Буруғус (Қарақас Бөріқұс) өңірінен (орнын берді)» (4).
Керейлердің сібірлік ру екеніне абақ керейдің рулық таңбасы да куә. Абақ Сібірде аң ұстайтын қақпан, Хакасиядағы Абақан өзенінің аты да осыған қатысты болуы мүмкін, кіші жүз керейіттерінде обаған тайпасы тағы бар екенін қосыңыз. Сібірияда арбаға ит жегеді, керейде тағы ителі атты ру бар.
Х-ХІ ғасырдағы керейлер және Керей хандығының құрылуы
Х ғасырдың басында қарақастардың Моңғолиядағы билігі әлсірей бастайды, керісінше шығыста қидандар күшейе бастайды, қидандардан ығысхан татарлар шығыс Моңғолияға келедіде басқа тайпаларды бағындырады, қарақастардың билігі ақырласып Моңғолияда татар үстемдігі орнап "татар даласы" атала бастайды. Татарлардың үстемдігіне қидандар қауып төндіріп сахарада қидандардың сырттай билігі орнап татарлар вассалдық хандыққа айналады. Қидан Лияу патшалағының тарихында татарларды" зубу"(сүбүк) деп атайды. Керейлер ендігі жерде татарлардың билігінде болады, 12 ғасырда шүршіттер қидандарды жеңіп империя құрады. Лияу деректерінде Моңғолия жеріне жорықтар туралы мына деректерге қараңыз:
«918 жылы Бохай, Корей, Ұйғұр, Зубу, Таңғұт елдерінің елшілігі бірінен соң бірі келіп тарту тартулады.
«... 12 маусым күні Тұйғұн, Таңғыт, Зубу елдеріне жойқын жорық басталды, мұрагер патшазада елді басқара тұруға қалды. Тәйзу төбе сардар Яу Хыны қасына алып жорық сапарына жүріп кетті. 14 шілде күні Қара Сүкүн тауының (Моңғолияның астанасы Ұланбатырдың шығысындағы тау) шығысындағы ұлыстарға шабуыл жасап, оларды талқандады. 19 тамыз күні Ағызам Үгі тауына келіп, қаз шалып, тасаттық берді. 28 тамыз күні ежелгі тәңірқұт қаласына ерулеп, Алденаксы тауына (Ұланбатыр маңында) шығып елік шалып тасаттық берді. Қыркүйек айының бір жаңасында жорықшылар байырғы Ұйғұр қаласына келіп еру болып, жорықтығы ерліктерін тасқа қашап жазды. Қыркүйектің бесі жаңасында Шоқтеректе сыйыну рәсімін жасады. 11 қыркүйек күні Зубуды шабуға атты жасақ аттанды. Күнгей орданың бас уәзірі Иелүйса, оңтүстік кіші орданың іркіні Тейіл оңтүстік және батыс аймақтарды бағындырды. 20 қыркүйек күні Иелүйсалар тұтқындарды сарайға жөнелітті. 29 қыркүйекте Бекет қағанның қабіріндегі құлыптасты өңдеп, оған оның ерліктерін қытан, түрік, ханзу тілінде ойып жазу жөнінде жарлық берді. Сол айда Қомыз тауындағы бө ұлыстары талқандалды. Одан ағызам Ядысы тауына шығып еру болып, қызыл сиыр, қара көк жылқы шалып көк тәңірі мен жер тәңіріне атап тасаттық берді» (5).
916 жылы қидан мемлекеті құрылғаннан кейін төңірегіндегі елдерге дүркін дүркін жорық жасап көбін бағындырыды. Бұл деректе қидан әскерлерінің орталық Моңғолияға дейін жорық жасағаны айтылған, жорыққа қанша жасақ қатысқаны туралы айтылмаған, бірақ қидан тарихында патшалықта 400 мың әскер болған, сол үшін кемі жүз мың әскермен келгенінде гүмән жоқ.
Онан кейінгі Лияу деректерінде зубу тай хан ордасы, зубу жалайыр ордасы, зубудың өзге ұлыстарының басқару мекемесі, батыс зубу тай хан ордасы, солтүстік зубу тай хан ордасы, солтүстік батыс зубу тай хан ордасы қарақас елі тай хан ордасы, жәнбаг ұлысы деген бөліктерге бөлінеді.
Бұндағы зубу ордасы татарларды, батыс зубу , солтүстік зубу, солтүстік және батыс зубу керейді көрсетеді, қарақас ордасы керейге қарасты қарақасты көрсетеді бұл Рашид ад-Дин дерегінде көрсетілген. Жәнбагтар олар наймандар, сонымен қатар меркіт ұлысы, жажырат ұлысы, ұраңқай ұлыстарыда бар.
Қидан деректерінде 1089 жылы зубу тайпаларының бірлікке келіп Марғұз атты көсемінің бастауында бүлік шығарғанын айтқан. Ал осы Марғұз бастаған қидан империясына қарсы соғысты қидан ақсүйегі Иелүй Құрсагу 1092 жылы бастықтыруға аттанған. Соғыс тура сегіз жылға жалғасып 1100 жылы Марғұз қолға түсіп қидан астанасына апарылып ағаш есекке шегеленіп өлтірілген. Марғұз тарихта бірінші болып аты қалған керей ханы саналады. Осыған сай келетін дерек Рашид ад-Дин деректеріндеде келтірілген:
«Оң ханның атасының есімі Мурғуз (Марғұз) болатын, оны Буйрук (Бұйрық) хан деп атайтын. Ол кездері татар рулары саны көп және құдіретті болатын, (соған қарамай) әрдайым Қытай мен Жұрша патшаларына бағынышты болатын еді. Ол замандарда татар патшаларының басшысы Науыр Буйрук (Науыр Бұйрық) хан атты (кісі) болатын. Оның жұрты Буйур науыр (Бүйір науыр) деп аталатын жерде еді. (Ол) бірде ыңғайлы кезді пайдаланып керейт патшасы Марғұз Бұйрықты ұстап алады, (оны) Жұрша патшасына жібереді. Ол оны (Марғұз Бұйрықты) «ағаш есекке» қағып өлтіреді» (6).
Марғұз хан заманы
Марғұз хан кезінде керей мен татар арасы ушығып, керей мен моңғол арасы мүдделік тұрғыдан бірлесуге өтеді де, терең достық орнайды. Марғұзды татарлар өлтірткеннен кейін оның ханымы татарлардан айламен кек алады. Бұл атақты аңызға айналған оқиға саналады. Ол жөнінде:
«Арадан біраз уақыт өткенде Марғұз Бұйрықтың Қутуқтай харикчи (Құтықтай харықшы) атты әйелі, харықшы – жарқыраған (жəне) толқытатын (дегенді білдіреді), бұл атпен аталуының себебі оның жүзі (әркез) жарқырап, әсемдігімен (көргенді) толқытатын (еді). Сосын олардың жұрты (тұрақтау орны) татар руларына жақын болғандықтан, (әйел бір кісіні) жіберіп: «Мен татар патшасы Науыр Бұйрыққа жүз қой, он бие мен жүз ундир (үндір) қымыз сыйға тартқым келеді», – деді. Үндір сөзінің мағынасы – теріден тігіп, арбаға тиеп (алып жүретін) үлкен мес. Оның әрбіріне бес жүз ман қымыз сыяды.
(Құтықтай харықшы) күйеуі үшін кек алғысы келді, ол үндiрлердің (местердің) ішіне толық қаруланған жүз батырды салып, (местерді) арбаға тиеді.
Олар (татарлар мекеніне) келгенде қойларды бауыршыларға ас дайындау кірісулері үшін берді, сөйтіп: «Ас болып жатқан кезде біз қымызды арбалармен алып келеміз», – десті.
Сосын тойға (дастарқанға) отырған кезінде олар әлгі үндірлер (тиелген) арбаларды алып келіп, олардың тойлап жатқан жеріне қарама-қарсы қойды, (оларды арабадан) түсірді. Батырлар сыртқа шығып, патша әйелінің (Құтықтай харықшының) басқа да қызметшілерімен бірге (шабуылдап) татар патшасын ұстады, оны өлтірді. Сол арада болған татар қауымының көпшілігін (мерт қылды). Бұл оқиғаның әйгілі мазмұны – осындай жолмен Марғұз ханның әйелі өзінің күйеуінің қанын (кегін) алды» (7).
Марғұз ханнан бұрын әлде кейін керейлерде Сарық хан атты хан болған, ол ордасын Орхон өзені бойына тіктірген, ол татарлармен соғысып әлсіреп қайытқан жолында Моңғолдар шығып әр әскеріне ат беріп, өздерін қонақ қылады,сонда Сарық хан: «Ей менің кіші бауыр моғолдарым, бір біріңмен ешқашан құда болмаңдар! Әрі өзге рулармен дос болған жағыдайдан басқа кезде өзге жақпен байланысты болғандардан әркез аулақ болыңдар! Сонда бір біріңмен аға бауыр туыс болсаңдар ағайындықтарың жоғалмайды» депті. Осыдан кейін керей мен моғол арасында берік доытық орнапты.
Құрчақуз бұйрық хан заманы
Құрчақуз бұйрық хан заманы қидан патшалығының ыдырап оның орынына шүршіттердің Алтын патшалығы орнай бастаған заманға тура келеді, ол заманда Иелуй Дашы бастаған бірәз қидандар Шығыс түркістан мен Мәуераннахрға барып қарақытай мемлекетін құрды. Татар даласы енді екі ел арасындағы тартыс майданға айналды, шүршіттер сахараның бірігуіне кедергі болып әрқашан әр тайпаның арасына от тастап өзара қырқыстырып отырды. Ол тұста сахарада керей, найман хандықтары орнадыда, татарлар өз іштерінен бүлінді, оларды шүршіттер басқа тайпаларға қарсы айдап салып отырды.
Құрчақуздың тұсында татарлармен қоса керей хандығына етене жақын бектікмеркіттер арасындада қақтығыстар орын алған. Қақтығыстарда біресе бір жақ, енді біресе бір жағы басым түсіп отырды. Моңғолдың құпия шежіресіндеде келтірілген:
«Жеті жасында меркіттердің қолына түсіп, бөрте лақтың терісін киіп, Селеңгінің Буыра керіне дейін барып, меркіттің бидайын түктеп күн көрген еді. Әкесі Құршақұс-бүйрық хан меркіттермен соғысып жеңіп, үлын алып келген-ді. Ал, мына Тұғырыл хан он үш жасында әкесімен бірге татардың Ажай ханының қолына түсіп, оның түйесін баққан болатын. Сөйтіп, Ажай ханның қойшыларымен ілесіп қашып, үйіне келеді» (8).
Құрчақуз бұйрық хан туралы қысқа дерек Рашид Ад -Динде айтылған:
«Құршақұс былай деуші еді: «Егер олар бірге болса (бір-біріне жақын өмір сүрсе), онда тыныштық болмайды. Мен өлгеннен соң, олар керейттер ұлысынан кештен таңға дейін және таңертеңнен кешке дейін (ештеңе) қалдырмайды» (9). Сол себептен ол оларды бір-бірінен аулақ ұстайтын еді.
Оның әйелі Турағаймиш сиқыршылықпен айналысатын. Ол қашан аңға шығатын болса, ол оны дереу атынан түсуге мәжбүрлейтін. Ол оның қолынан осылай (үнемі) мазасыздық көргендіктен, өзінің екі күңіне оны өлтіруге бұйырды. (Күндер) айтылғанды істеді. Содан соң ол балалары жайлы ойлап, ол жағдайды құпия ұстауды ойлады. (Сөйтіп) ол екі күңге қатысты бір сылтау. тауып, оларды өлтірді. Арадан біраз уақыт (өткен соң Бұйрық хан да кез жұмды.
Тақ таласы және Тұғырылдың хан болуы
Құрчақуз бұйрық хан өлгеннен кейін тура 1196 жылға дейін керей хандығында тахқа талас тоқтамады, Тұғырыл таққа отырып алған екі інісін өлтірді, оны сылтауратып кіші әкесі Тұғырылдан тақты тартып алды да, өзін «гүр хан» атады, моңғол сардары Иесукейдің көмегімен Тұғырыл жеңіске жетті. Бұл туралы да Рашид ад-Дин деректерін ұсынып отырмыз:
«Оң хан Тайтемір тайшы мен Жыла Мағұсқа: «Әкеміз тірі кезде біз садак (нысанадан) қателеспейміз деген шартпен (ғана) атушы едік. Енді нелікті ұлысты баскару Илчидайға (Елшітайға) калады?» – деді.
Осылайша оларды өздерінің (тұрақтау) жерлерінен өзіне шақырды. Сосын ыңғайлы сәтті тапқан кезде, оларға шабуыл жасады. Олар (қашып) Туктаға келді. Тукта (оларға): «Біз не үшін солардың кесірінен кездейсоқ соғыс пен шабуылдарға кіруіміз керек?!» – деді. Содан ол екеуін (Тайтемір тайшы мен Жыла Мағұсты) ұстап Оң ханға жіберді. Ол олардың екеуін де жойды.
Сонда Турхан: «Менің үлкен ақайымның (ағамның) көз жасы әлі кепкен жоқ және оның арқасындағы сүйексіз ұлпа жұмсақ еті бекімеген еді, ал сен үлкен ағанды өлтіріп, iнiңдi мерт қылдың. Ұлыс қалай қалады?!» — деді.
Осы үшін Гурхан Оң ханды тонап, оны қашуға мәжбүр етті. Оң хан жүз адаммен қашып құтылды. Жесугей қаған оны өз жағына алып, қабылдады. Содан соң (Жесугей): «Бізге бұл адаммен дос болу керек», – деді де, онымен дос болды.
Бұл жағдай туралы Қутула қаған (Жесугейге): «Онымен дос болу дұрыс іс емес. Себебі біз оны (жақсы) таныдық (қыр-сырын білдік). Одан да Гурханмен анда (дос) болған жақсы, себебі оның мінезі жұмсақ, әрі жақсы. Ал мынау болса, өзінің бауырларын өлтіріп, олардың қанымен ардың туын кірледі. Енді ол тау сиырына оқты тигізе алмай, ауру есектің қабірін ордасына айналдырды, сондықтан ол біздің қамқорлығымызға (қорғауымызға) жүгінді», – деді. (Алайда) Жесугей баһадүр (сөздерді) қабылдамады, онымен (Оң ханмен) дос әрі бауыр болды. Содан соң Гүрханға шабуыл жасап, оны қашуға мәжбүрледі, оның ұлысын Оң ханға берді.
(Жоғарыда аталған) Марғұздың екі ұлы болды: бірі – Құршақұз Бұйрык, ал екіншісі – Гурхан.
Мауараннаһр мен Түркістанда патша болған гурхандар (негізінде) қарақытай халқынан шыққан. (Ал) бұл Гурхан керейттердің патшасы Марғұздың ұлы болып келеді, (мұны) шатастырып алмау үшін (білу қажет).
Құршақұс Бұйрықтың ұлдары: біреуінің аты Туғрил (Тұғырыл) еді. Қытай патшалары оны Оң хан деп атайтын. Оң ханның мағынасы – «уәлаят патшасы» дегенді білдіреді. Өзге (ұлдарын келесідей) атайды: Арка Қара (Арқа Қара), Гайтимур тайчи (Тайтемір тайшы), Бука Тимур (Бұқа Темір), Нилка Сангун (Нелка Сәнгүн). Нилка - аты, ал сәнгүн деген - мырзадан туған. Сондай-ақ Жағамбудың аты әуелде Кирaйдaй (Керейдай) болған. Оны таңғұттар алған кезінде өте епшіл екенін көріп, оны «Жағамбу» деп атаған, як «уәлаяттың ұлы әмірі». (Мұндағы) «жаа - уәлаят, гамбу - ұлы» (дегенді білдіреді).
Қысқаша айтқанда, олардың әкесі дүние салғанда Тұғырыл деп аталатын Он ханды уәлаяттың шетіне жіберіп, (сол жақтағы) билікті берді.
Өзге ұлдары Тайтемір тайшы мен Бұқа Темір әкесінің орнын басты. Оң (қайтып) келіп, бауырларын өлтіріп, әке орнына қайтадан отырды.
Арқа Қара қашып, наймандардан қорғаныс іздеді. Найман руы оған көмектесіп, (Оң ханнан) мемлекетті тартып алды, сөйтіп оған табыстады, ал Оң ханды қуып жіберді. Шыңғыз ханның әкесі Оң ханға қайта көмектесті, сөйтіп Арқа Қараны қуып, Оң ханның (бұрынғы) орынын алып, (оның) өзіне берді.
Оң ханның немере ағасы Гурхан қайтадан келіп, Оң ханды қашуға мәжбүрледі, оның орнын (тартып алды. Шыңғыз хан Оң ханға қайтадан көмек беріп, Гурханды куып, (оның) орнын Оң ханға берді. Соңында патшалық сoнікі болып бекілді» (10).
Жалғасы бар...