Қазақ қыстаулары
31.07.2019 3017
Әр таудың қуысы, әр құмның етегінде жатқан көп қыстақтың бірде-біреуі ғылыми тұрғыдан, арнайы тәсіл-методика арқылы зерттелмепті

Қыстақ қи-тезектен өзге не бүгеді? Құмалақ арасынан құпия іздейтіндей не көрінді дейсіз ғой? Тарихшы достарым Арман Бейсенов бастаған бір топ археолог Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермековтердің балалық шағы өткен қыстауларға зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр дегенде менде де әлгіндей ой болған. Бір қарасаң, қыстақ дегенің сондай бір археологиялық маңызды нысан емес секілді. Енді ше? Іргесі тастан, қабырғасы балшықтан соғылған қоржын там. Басқа не қызығы бар? Одан қалды, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қыстақтар туралы роман, кітаптар да мәлімет жетеді емес пе? Ең соңғысы, Абай жолын ашып жіберсең, қазақтың қорасы туралы дерек алдыңнан шығады. Осыншама ақпарат бола тұра, онсызда білетін қыстақты аршып, оған ақша жұмсаудың не керегі бар? Дәл осылай археолог Арман Бейсеновтен сұрадым.

Арман Бейсенов, археолог: – «Қазақ қыстаулары» деп көп айтамыз. Ауыз толтырып айтамыз. Бірақ, соның ішінде арнайы түрде зерттеліп, қазылып, қағазға түсіп, баспаға түскендері бар ма? Жоқ! Сенесіз бе? Біз қола дәуірінің шөп-шаламына дейін зерттеппіз. Ал, қазақтың қыстаулары көз алдымызда жатса да, бір археолог күрек тигізбепті. Біз Шыңғысханның моласын іздеп әлекпіз. Ал, Керей мен Жәнібектің қыс қыстаған үй-қорасын іздедік пе? Жоқ! Қазақтың қыстақ-қыстаулары туралы кітаптарда бір қарасаң мәлімет көп сияқты. Бірақ, сол әдебиеттерің мардымды бір мәлімет айтпайды. Мысалға, Арқаның қазағы қай кезден бастап қыстақ сала бастады? Бұл қыстауларды кімнің үйіне ұқсатып салды? Үй тұрғызу техникасы, жобасы қандай болды?Соның бәрі анықталған жоқ. Егер осының алдында 20-30 қыстақ тәптіштеліп тұрып зерттелсе, бұларың зерттелген ғой. «Қажеті не?» деп ренжуге болар еді? Ондай мәлімет жоқ болғандықтан, белсене зерттеуге мәжбүрміз.

Расымен де. Әр таудың қуысы, әр құмның етегінде жатқан көп қыстақтың бірде-біреуі ғылыми тұрғыдан, арнайы тәсіл-методика арқылы зерттелмепті. Зерделенбегендіктен, ғалымдарымыз қарапайым сұрақтарға да жауап таба алмай, дал. Мысалға ең қарабайыр сауалдарды тізбелеп көрейікші: Қазақтар қыстау үйіне еден салды ма? Әлде топырақпен тегістеп қояды ма? Едені топырақ болса, қыста жер мұздап кетіп, үстінде жатқан кісіге ызғары тимей ме? Төбені қалай көтерген? Орыстың шатыры секілді үш бұрыштаған ба әлде жалпағынан жаба салған ба? Пеш қай жерінде болады? Қазіргідей жылыту құбырлары жоқ заманда, пеш бірнеше бөлмені қалай ысытқан?

Осы сұрақтарды мүйізі қарағайдай археологтарға қойып көріңізші? Ләм-мим дей алмайды. Өйткені білмейді, хабарсыз. Алғаш рет күрек жүзі тиген Әлімхан мен Әлиханның қыстақтарынан қандай мәлімет шықса да, бәрі тың мәлімет болмақ. Солай болып та жатыр...

Сарыарқадағы «отырар» немесе қазақ үй салуды орыстан үйренді ме?

Кеңес заманында, тарихшылар мынау бір пайымға қатта сенетін әрі сүйенетін. Ол: Сарыарқаның қазақтары қыстың күні оңтүстікке көшіп кетіп жүрді. Тек, ХІХ ғасырдан бастап Ресейден қарашекпенділер келе бастағанда, біздің жұрт соларға қарап үй салып, далада қыстауды үйренді,-деген қаңқу теория.

Бұл пікірге сенсек, қазақ тастан үй тұрғыза алмаған. Орыс мұжығы көмектесіпті. Қарапайым бізді қойып, үлкен тарихшы-археологтарың да осы ойға имандай сеніп келді. Археолог Арман Бейсеновке осы бір ой-теория ұнамайды. Сосын ал кеп, қазақ қыстаулары туралы мәлімет жинайды. Тұрған жерін, орналасу тәртібін тәптіштеп қағазға түсіріп жүреді. Содан... Орталық Қазақстан жеріндегі қазақтардың қыстағы мен орыстың «изба»-сында ортақ ештеме жоқ екенін көреді. Қазақтың қоржынтамының құрылыс-құрылымында, қара шекпенділердің бірде-бір әсері жоқ,-деген тоқтам жасайды. Егер олардан үйренсе, ағаштан қиып, сол үйінің алдына «огород» ұстамаушы ма еді? Сосын, орыстың избасы секілді өзеннің жағасын жайлаушы еді. Жоқ, қазақтар үйін тастан, саз-балшықтан қалайды әрі таудың қуысына салады. Неге?

Осы неге деген сұрақ, талай ақтаңдақтың бетін ашыпты. Ең әуелі, Арқаның қазақтары орыстар жоқ кезде, неге оңтүстікке қыстауға барған? Оңтүстікке тек жылы болғаны үшін, көшкен жоқ. Біз бір нәрсені ұмтып жүрміз. Түстікте қазақтарың ірі-ірі қалалары болды. Қала дегенің нарық, барыңды пұлдап, жоғыңды сатып алатын базар. Орталық өңірдегі қазақтардың қазан түсе, Сыр бойына көшіп отыруы жылы күннің көзін іздеу ғана емес екен. Күзде малын сатуға, саудаға барған. Одан қалды, Түркістан, Сығанақ дейтін қалалар хандықтың астанасы болды емес пе? Жылдың қиын кезінде, халық ханның жанына жиналып, арқау болған! Сарыарқаның көшпенділері, оңтүстіктегі қалаларға экономикалық-саяси қажеттіліктен барған.

Ал, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап, Арғын-Қыпшақ жұрты Сыр бойына қыстауға келуді сап тияды. Неге? Себебі, Оңтүстік өңірді қоқандықтар жаулап алды да, Арқаның қазағы ол жаққа барғысы келмеді. Сөйтіп, көп ру-тайпа Орталық өңірде қыстап қала бастады.

Қыстақтарын Сырдың бойындағы Күлтөбе, Сығанақ, Сауран, Отырардағы үй салу дәстүрімен соқты. Былайша айтқанда, бабасының Отырардағы қоржын тамын, Арқаға көшіріп әкелді. Иә. Осы Орталық өңірдегі қазақтың қыстау-үйлерінің жоспарын, сызбасын көрген адам дереу байқайды. Бұл сол Отырардың үйлері. Сол жақта өздері қалай саманнан үй соқты, тура солай қыстағының тасіргесін биік етіп соғып, шатырын жалпағынан жапқан.

«Қыстаулар адамға ыңғайсыз, ал...»  

Адамға ыңғайсыз болса, кімге әлде неге ыңғайлы? Қазақ арасында болған келімді-кетімді ғалымдар бар, саяхатшылар бар, мынадай дерек қалдырыпты:– Мынау қазақ деген халық, қыстау салған кезде, үй-қораны адамдарға арнап салмайды. Қыстақты ең бірінші адамға емес, малға ыңғайлап салады екен.

Неге? Себебі, Арқаның қысы қатал. Қар қалың жауады. Бірақ, сол қар жердің бетіне бірдей түспейтіні бар. Қайбір тұстарда, атың батып кетердей қалың түседі, енді бір мекендеді пышақтың қырындай-ақ қар жабады. Енді қай жерде қар қалың, қай жерде жұқа жабарын қалай білесің? Міне сұрақ!

Осы айтамын да... Біздерге үйің түсетін мекен іздеу керек болса, неге назар аударамыз? Саялы жайларды, табиғаты әдемі мүйістерге көзіміз түседі. Әрі болашақ үйің қонатын тұсты жаздың кезінде іздестіреміз ғой. Ал, бұрынғы қазақ қайтті екен? Бабаларымыз ешқашан, қыстау салатын жерін жазда іздемеген. Керісінше қыстың күндері барлайтын көрінеді.

Арман Бейсенов, археолог: – Қар алғаш түсе бастаған кезде, аталарымыз таудың ұрымтал жерлерін таңдап, – әй осы тұсты көрейінші,-деп шана, бөшке қалдырып кетеді екен. Қар бір жауған соң, сосын қыстың бел орталарында бірнеше рет келіп-кетіп, әлгі тұсты бақылап жүреді. Қар шананы қай жерге дейін көмді,-деп. Сосын қар кете бастағанда тағы барады екен. Сол жердің қары, біз отырған жерге қарағанда, ерте кете ме, әлде жататын түрі бар ма,-деп.

Егер, қар қалың жаумайтын әрі тез еріп кететін ұрымтал тұс болса, баласына енші бөліп беріп, сол жерге қыстауын түсіреді. Әулеттің жанс аны артып, ұрпағына қыстақ іздегенде, маңайындағы жерлерді, мүйістерді сөйтіп қыстың күні байқайды екен.

Ал, жазда қыстаққа мекен іздеудің қажеті жоқ. Себебі, жылы кезде қазақ қыстауда отырмайды. Жайлауда жүреді. Қыста жер таңдаудың кішігірім кешлігі де бар. Мысалға, таңдаған тұсың масалы жер болуы мүмкін немесе тақырлы аймақ болуы кәдік. Құдық қазсаң, сол бір ұрымтал тұстан су шыға қоймауы мүмкін. Бірақ, қазақтар пәлендей су іздемеген. Қардың суымен-ақ күн көре берген. Малға соны ерітіп берген. Ауызсуды болса, алыстағы өзен-бұлақтан меспен тасыған.

Құдығы алыс қыстақ

Абайды сабайтын Оразбай дегенді бәріміз білеміз ғой. Сол кісінің қыстағы ерекше. Шұнай тауының етегінде орналасқан, әдемі жер. Бірақ құдығы 3 шақырым алыста. Неге? Қазіргі біздің пиғылмен қарасақ, неге қорасын құдықтың жанынан тұрғызбаған? Сөйтсек құдық жазықта, қар қыстың күні белден келетін жерде тұр екен. Ал үйлі-қорасы қалың қардан ықтасын, аздап желі бар Шұнайдың етегіне қонған. Демек қазақ тұрмысқа қолайлы, қар қалың түспейтін жерді алғанда, ол жерде өзен, құдықтың болу-болмауы шарт көрмепті. Суды тасып әкеле қойған. Қазақ еңбектен қашпаған. Ал табиғатқа қарсы тұра алмайды. Қарсы тұрмаған да... Көшпелілер – кеудемсоқ коммунистер емес. КСРО қайтті? Өндіріс, құрылысының ешбірі табиғатпен санаспады ғой. Ал Кеңес Үкіметі келген кезде не қылды? Олар бұрынғы қазақтың жер білгірлерінің сөзін тыңдамай, оларды тыңдауды қажет деп санамай, ойына келген жерге ауыл салды. Өйткені қуатты тракторлары бар. Қалың қарды аршып тастай салады. Тым суық па, бумен жылынатын пештері бар. Көмір көп. Бірақ, едірең Үкімет ыдырады. Нарық жағдайында, әлгі совет ауылдар, өзін-өзі ақтауға шамасы келмей, тарап кетті. Неге десеңіз, ол ауылдар тұрақтаған тұсқа белуардан қар түседі. Ол жерде қуатты техникасыз мекендеу мүмкін емес болып шықты. Ауыл табиғаттың жағдайына бейімсіз болып шықты.

Қазір, Арқаның малшы жігіттері, Совет соғып берген ауыл-қыстауды тастап, мүлдем басқа жерлерден қыстақ салып жатыр. Баяғы бабалары секілді қысы жұқа, қары ерте кететін жерлерден қора соғып жатыр. Ал 1980 жылдары шүпірлетіп тұрғызып тастаған совхоздар қаңырап бос қалып жатыр. Нарық дегенін істейді екен. Бір қыстақтың жанында, бұрынғыдай 3 трактор тұра алмайды қазір. Себебі, ақтамайды...

Қазақтың қыстаулары сақ-скифтерді тауып берді

Бір нәрсені ескеру керек! Арқаның көшпенділері қаым заманнан, қыстың күні Сырдарияға көшіп отырмаған. Ол бертінде, Түрік қағанаты, Алтын Ордаға айналып, номадтар күшейген кездерде, Дария жағасындағы қалаларды өзіне қаратқан. Сөйтіп сол кент-шаһарларға малын сатады, өзінде жоғын олардан сатып алады. Әрі күн суықта сол жып-жылы маңайда, қалалардың айналасында қыстап шығатын еді. Ал, оңтүстікте әлі үлкен шаһарлар бой көтермей тұрған, Сақ-Скиф заманында қалай болды? Ол кезде, Дала көшпенділері қыста қалай қам қылды? Бұл сұраққа, КСРО кезінде ешбір ғалым бас қатырған жоқ. Зерттеу керек деген былай тұрсын, отырықшы тұрағы болады деген ойда болмаған. Көшпелі жұрт, көшіп жүре береді. Одан артық сұрайтын не бар деп қарайтын.

Бірақ, 2000-шы жылдары Қарқаралы жерінен 4-ші «алтын адам» табылды. Ұлы Даланың бір қиян шеті. Көшіп-қаңғып жүре беретін ұлт болса, осыншама алтынды қалай жасады? Металлды құятын бұйымдар керек емес пе? Ол үшін бір жерге ұзақтау отыру керек емес пе? Тіпті біреу жасап бергеннің өзінде, осындай салтанатты киімді, көшіп жүргенде киюдің мәні бар ма?  Көшіп-қону деген басыңмне қайғы болатын қиын іс. Салтанатқа уақыт бола бермейді.

Арман Бейсенов, археолог: Бірінші күмән туды. Сақтың отырықшы орны болуы керек. Әйтпесе, мүмкін емес дестік. Оңтүстік жақтарда, ШірікРабат, Жетісу өңірінде Сақтардың қоныстары болуы керектігін білетінбіз. Енді, ол мекен отырықшылардың территориясына жақын. Мұнда әңгіме суық жақ, Арқа туралы ғой. Олар металды қалай өндірді екен? Металл – отырықшылық өмірді қажет ететін шаруашылық қой?! Бізге мынадай ой келді. Сақтарды көшпелі халықтар дейді. Қазақтар көшпелі. Бірақ, қазақтар қыстың күні қыстау салған. Сақтар неге қыстау салмаған деп, ойландым. Содан, мынадай пайым түйдім.

Қазақтар әлгінде айттым ғой, қыстаудың қыстың күні таңдаған, сөйтіп ұрымтал тұсты тапқан,-деп. Бұл тәсілді қазекем өзі ойлап тапқан жоқ. Атадан балаға мұра боп жеткен ақыл. Кім біледі, бәлкім бұл үрдіс Сақтардан бермен келе жатқан шығар,-деп ойладым. Әй, осы қазақтардың қыстауын қарап көрейінші деп, қаза бастадым. Қазақтың қораларының маңайына барсақ... Сақ деген мәдениеттің дәл осы тастан соққан қоралары қазақтардың қыстағының жанында тұр. Ғажап. Бұл басында ғаламат сенсация болды. Көп ғалым, Сарыарқада Сақтардың қоныстары бар дегенге сенбеді. Археологиялық қазба жасап, сақтардың бұйымдарын таптық. Керамикасын алға тартып, сақтар пайдаланған тұрмыс заттарын ілік етіп, алғашқы дүркін мақаланы шығарғаннан кейін барып, бет бұрды. Қазір Қазақстан түгіл, Алтай, Украина жеріндегі ғалымдар 100 пайыз Қазақстан жерінде Сақтардың ондаған, жүздеген қоныстары бар екеніне сеніп отыр.

Кеңес археологтары Арқадан Сақтардың қонысын іздеуін іздеді ғой. Бірақ, скифтердің қоныстарын судың  бойынан, өзеннің жағасынан іздеген. Енді, орыс-өзбек секілді отырықшы халық, өзен жағасында отырады ғой. Сол дәстүрмен іздеген. Ал, көшпелі халық қыстың күні өзен жағалап үй соқпаған. Аяз, бораннан малы қырылып қалады әйтпесе. Әлгінде айтқандай, номадтар қыстауды таңдағанда, малдың ыңғайына қарап іздеген. Ал, кеңестік археологтар, қазақтар қалай, қайда салады қыстауды,-деп ойланбаған ғой. Қазақтың қорасы бар екенін біліп тұрып, екеудің шекарасын байлауға ешкімнің миы жетпеген сол кезде.

Тәуелсіздіктің бір пайдасы, ғалым жоғарыдан түскен біреудің пәрменімен жұмыс істемейді. Өзіне сұрақ қойып, соған жауап іздейді. Ойы еркін, қисыны еркіндік алады.

Сонда қарап отырсақ, атам қазақтың мұжылып, құлап қалған қоралары Сақтардың қоныстарын ғылымға әкелді! Тілі жоқ, үні жоқ, қи астында көміліп жатқан қоралардың арғы жағында 3 мың жылдық тарих жатыр екен. Әне, тарихта басы бүтін көшпелі мәдениет деген жоқ екен. Жазда жайлауда еркін көсілсе, қыста бір мекенге үй салып, отырықшыланады екен. Аз уақытқа...  

Айтпақшы, қазақтың қыстақтары тек қана Сақтардың мәселесін шешіп қоя салмады. Қазіргі кейбір мәселеге де тоқтам жасайтын күші бар. Әсіресе, кейбір шовинист саясаттанушылардың; – Бұл жерге біз келгенде, ешкім болған жоқ,-дейтін теорияларын талқандауға таптырмас құрал. Табаны тұрған тұсты ақтарып, атамыздың қыстағын көрсетсек, талай бейпіл ауызға қақпақ болады. Рас. Бабаңның қыста отырған жерін дәлелдеп, құжатпен құнттап, картаға түсіріп кетсең, бұл ар жағында, жәй ғана мақтаныш емес. Үлкен саяси ойындарда қолданатын гүрзіміз! (козырь)

Бай мен кедейдің қыстағы

Қыстақ дегеннен шығады. Халық арасында, тек байлар ғана қыстаулар соққан,-дейтін пікір кең тараған. Ал, кедейлер қайтті екен?!

Данияр Дүйсенбай – археолог: Жоқ, кедей-кепшіктің де қыстағы болған. Өзі, қазақ қораларын қаза бастаған кезде, кейбір мәліметтер айқайлап тұрады. Мысалға, байдың қорасы үлкен болады. Сосын байдың қорасы көрнекті, шұрайлы, қонысқа жайлы мекендерде тұрады. Ірі әулетттің қоралары. Сосын маңында, сол қорымдар болады. Құлпытастарда арабша калиграфиямен қазақша жазулар тұрады. Соны көріп айтамыз. Е-е-е, мынау оқымысты баласы бар, байекеңнің қорасы екен,-деп. Ал енді орта деңгей, кедейлеу ағайындардың қорасы – енді нашарлау жерлерде де бола береді. Сосын көлемі шағын болады. Тұрқы шағындау. Кедей ағайындардың үйі қоржынтам. Ортада пеші бар. Анауысы төргі бөлме, Мынауысы ауызғы бөлме. Қорасы бар. Шағын сол 50-60 қой ғана сиятындай. 2-3 сауын сиыр тұратын бастырмасы бар.

Ал, Әлімхан Ермековтың әулетінің қыстағы деп санап отырған мынау үй-жайдың көлемі үлкен. Археологтар 10 бөлмені санап шықты. Сол 10 бөлмесін екіге жарып тұрған ұзын дәліз бар. Қай кедей бұлай үй салады? Жатақханаға ұқсайды. Жан көп, бала-шаға көп болғанға ұқсайды.

Билік пен байлық арасы

Арқаның қыстақтарын көргенсіз бе? Көрген болсаңыз, үй-қора айналасы қи-тезектен көз ашпай тұрады. Мал неғұрлым көп, соғұрлым құмалақ төбе болып жатады. Ал, бір қызығы Әлімхан Ермеков әулетінің қыстағынан бір тезек тапсақшы? Жоқ! Бұл қалай?!

Ірі бай, әсіресе ел тізгінін ұстаған, үйіне шенеуніктер жиі түсетін әулеттер қыстақ айналасын боққа толтырып, қора салмайды екен. Қозы көш жерде қойлы ауылдар тұрады. Етті сол жақтан алдыртып отырады. Ермековтердің қыстағына қарап отырып, бұлар жәй ғана бай адам емес, болыстық қызметте болған, тілмәш ұстаған әулет екенін көреміз. Үйіне шенеуніктер, ояз бастығы келіп түсер болса, қазақ шонжарлары ауылдың маңын таза ұстауға тырысқан. Осындай жосын болған. Мысалға Жидебайдағы Абайдың үйінде, маңында мал қорасы жоқ. Абекең үй маңына мал ұстатпаған. Анау қырдың артында қой бағатын, бие сауатын ауылдар болған. Және де, байдан гөрі, мансапқа араласқан кісілерде осындай болады.

Сонымен, Ермековтердің қыстағы 10 бөлмелі үй-жай дедік қой. Осыншама көп пәтер неге керек болды дейсіз бе? Баршасында осы әулеттің бала-шағасы жатты деу қисынға келмейді. Бәлкім, әлгі айтқан, келімді-кетімді кісілерге арналған жатын бөлмелер болуы мүмкін. Яғни қонақтарға арналған, былайғы уақытта бос тұруы мүмкін. Студенттер келеді. Әлімхан оқыған кісі ғой. Мұхтар, Ахметтер тәлімгер, мұғалім шағында осы қыстаққа талай келіп, қонып кеткен деседі. Сол кезде 1-2 бөлме дайын тұрады. Сондықтан мұндай үйдің айналасы қаптаған қи-тезек болмауы керек.

Аруақтар риза шығар?!

Өзбек халқында мынадай мақал бар: Жүз рет халуа деп айтқаннан аузыңа халуаның дәмі келмейді,-деп келеді. Сол айтпақшы, Әлімхан Ермековтерді жүз рет айтқаннан гөрі, бір рет – туған жерінен бір тұғыр көтеріп, қыстағын қалпына келтірсе, сол пайдалырақ. Адам ұстап-көріп сезінсе, әсерленеді. Осы қыстақты, мектеп балаларына, студенттерге ой беретін орын еткіміз келеді,-деп еді тарихшылар. Сол арман ақырын орындалу үстінде.

Арман Бейсенов, археолог: – Мынау Ермеков, Бөкейхановтардан ұрпақ қалмады. Қазақ үшін жанын берген, құрбандыққа барған, тоз-тозымен кеткен әулеттер ғой бұлар. Бірақ, солардың қорасының жанына келіп отырсақ, солар ар жағынан қол бұлғап тұрған сияқты болады. Рақмет жігіттер,-деп... Әлихан сол Мәскеуде атылып жатқан кезде осының бәрін ойлады ма екен? Әй ойлаған да шығар? Артымыздан бәрібір біреулер іздейді,-деп сеніп кеткен де шығар? Сол жағынан қарасаң, Әлиханның, Әлімханның мекендерін зерттеп-тану қазіргі адамдарға міндет.

Қазақты құтқарған әулеттің үй-жайын жаңғыртып, бұрынғы салтанатына келтірсек. Сонда, Алаш үшін аянбас ұл туатын осындай үйлер көбейер ме еді?! 

Хош. Ермеков, Бөкейхановтардың балалық шағы өткен, ата-бабасына мекен болған қыстақты таптық. Орнын белгіледік. Енді, келесі жылы ғылыми мақалалар жазылуы керек. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылып, әлем жұртшылығына тарау керек. Әлімхан тірісінде қазақтың шекарасын бекітіп беріп кетіп еді. Енді, өлгенде қыстағы территориямызға көз алартқандардың көзіне күйік болады. Қазақ 4 мың жыл бойы осы Далада отырғанына әр қыр астынан табылатын осындай қыстақтар дәлел болады. Бұл анық!