Бүркітбай Аяған: Елбасы теңдессіз тарихи шешім қабылдады
19.03.2020 1640
Бір жыл бұрын, 2019 жылғы 19 наурызда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет басшысы лауазымынан кеткен еді.

«Мен президент ретіндегі өкілеттігімді тоқтату туралы шешім қабылдадым»,- деді ол халыққа жолдаған үндеуінде.

Қазіргі Қазақстанның негізін қалаушы мемлекет тарихында маңызды із қалдырды. Бұл туралы Qazaqstan Tarihy порталына Мемлекет тарихы институтының директоры, Ұлттық кеңес мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған айтып берді.

Мемлекет басшысының рөлі мен қызметі Мемлекет тарихы институтының зерттеу объектісі болып табылады. Мемлекет тарихы институтының жетекші ғалымдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арналған бірнеше монография жазды. Мемлекет басшыларының, президенттердің, корольдердің, премьер-министрлердің қызметін зерделеу - әлемдік тәжірибедегі қалыпты құбылыс. Қазіргі әлем мемлекет басшылары қызметінің көпқырлы аспектілерін тұрақты зерделеу қажеттігін талап етеді.

Тәуелсіздік жылдары кезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы көптеген кітап жазылып, оларда Елбасы қызметінің маңызды қырлары сипатталды: нарықтық экономикаға көшу, теңгені енгізу, әлеуметтік саясат, астананы көшіру, саяси-құқықтық реформалар және т.б. Бірақ атқарылған жұмыстың бәрін бір басылымға енгізу өте қиын.

Мысалы, жуырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Нұрсұлтан Назарбаев: көшбасшылық стратегиясы» , «Н. Ә. Назарбаевтың еуразиялық бастамалары: тарихы, жағдайы және перспективалары», «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары», «Мәңгілік Ел» идеясы: кеше, бүгін, ертең» атты бірегей басылымдардың тұсаукесері өтті. Бұл кітаптар саяси ғылымдар докторы Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков бастаған көптеген ғалымдардың ғылыми еңбектерінің жемісі. Кітап шығару – идеясы мен дизайнынан бастап, баспахана мен тиражбен аяқталатын өте күрделі процесс. Бүгінде бұл кітаптар мектеп және студенттер аудиториясы арасында зор сұранысқа ие.  

Жаңа кітаптардың жаңалығы неде? Олар ерекше құндылыққа ие. Кітаптарда алғаш рет ғылыми айналымға енгізілген көптеген архивтік деректер келтірілген. Кейбір кітаптарда Назарбаевпен жастық шағында бірге жұмыс істеген, онымен Днепродзержинскіде (Украина) оқыған, Теміртауда жұмыс істеген, Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы болып қызмет еткен кезінде, кейін Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болған кезінде бірге қызметтес болған адамдардың естеліктері берілген.

Кітаптың құндылығы тағы бір ерекше фактормен анықталады. 2019 жылғы 21 маусымда, билік танзитінен кейін, Алматыда «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты Халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шара 1989 жылғы маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланған залда өткенін айта кету керек. Кітаптарда Тұңғыш Президенттің отыз жылдық қызметіне жинақталған талдау берілген.

Қазір, біршама уақыт өткеннен кейін, біз астананың сымбатына сүйсініп, Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктерімен мақтана аламыз, алайда, жетістікке жетуде ауыр жолдан өткенін естен шығармауымыз керек. Аса ауыр саяси ахуал кезінде Президент нарықтық экономиканы, билік институтын, азаматтық қоғам құрды.

Кітаптарда жаңа мемлекет қалай құрылды, мемлекеттік шекараның  делимитациясы мен демаркациясы қалай өтті, халықаралық ұйымдардың құрылуы, әлемдік державалармен қарым-қатынастың нығайтылуы туралы айтылады, сонысымен де олар құнды.

«Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» атты кітап республикадағы ядролық арсеналдарды бөлшектеу (демонтаж) процессіне және Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет ретіндегі қалыптасуына арналған. Совет Одағының ыдырау процессі кезінде Қазақстан аумағында әлемдегі ірі ядролық арсеналдардың бірі орналасқан болатын. Бұдан аса, Семей сынақ полигоны аумағында атомдық қару сынақтары өткізіліп тұрған. Мемлекет басшысы қолында ядролық қаруы бар кез-келген ел басқа мемлекеттерді қорқытып қана қоймай, кез-келген сәтте агрессия объектісіне айналуы мүмкін екендігін түсінген. Ядролық қаруды қолдарына түсіру үшін Алматыға діни радикалдар, ислам ұйымдарының өкілдері келген.  

Қазақстан басшылығына жан-жақтан түрлі ұсыныстар түсіп, қомақты ақша ұсынылған, ядролық қаруды қалдыруға иландырмақшы болғандары да белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ядролық қарудан бас тартып, оларды бөлшектеуге және Қазақстан аумағынан шығаруға келіскені парасатты шешім болды. Осының арқасында Қазақстан өзін ядролық қарусыз мемлекетпіз деп жариялап, қандай да бір радикалдық топтар мен лаңкестік ұйымдар тарапынан болуы мүмкін шабуылдар қаупінің алдын алды.