Алматыда «Ел бірлігі – асыл қазына» атты тарихи-құжаттық көрме өтті
29.02.2016 1848
Көрмеге қойылған көне фото-суреттер Қазақстан тұрғындарының қалыптасуын, соғыс кезеңіндегі эвакуация, елдің этникалық құрамының өзгерген сәттерін баяндайды.

Қазақстан Республикасы  Архивінде «Ел бірлігі – асыл қазына» тақырыбында тарихи құжаттық көрме болып өтті. Бірінші наурыз-Алғыс айту күніне орайластырылған шараға елімізде тұрып жатқан түрлі этностар мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.

Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған жиынның мақсаты – биыл алғашқы рет өткізілгетін мерекенің тарихи және қоғамдық маңызын архив құжаттары негізінде насихаттау. 

Жұртшылық назарына қазақ халқы тарихының қайғылы кезеңі - ашаршылық пен тұрғындардың бір бөлігінің елден тыс жерге көшіп кетуге әкелген күштеп ұжымдастыру саясаты, Қазақстанның полиэтникалық құрамының қалыптасуын, соғыс кезіндегі эвакуация, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде елдің этникалық құрамының өзгеруі туралы баяндайтын тарихи құжаттар ұсынылды.

Көрмеге қойылған көне фото-суреттер Қазақстан тұрғындарының қалыптасуын, соғыс кезеңіндегі эвакуация, елдің этникалық құрамының өзгерген сәттерін баяндайды.

Тәуелсіздік кезеңі Қазақстан халқы Ассамблеясының, ұлттық мәдени орталықтардың құжаттарымен көрсетілген. Көрмені Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві соңғы жылдарда басып шығарған құжаттық жинақтар мен ғылыми материалдар толықтырды. Сонымен қатар, түрлі ұлт суретшілерінің суреттері көрмеге қойылды. Келушілер сол бір азапты жылдарға қайтып барғандай әсерде қалды.

«Келе жатқан мейрам - барлығына алғыс айтатын күн. Ең алдымен қазақтың дархан даласына алғыс айтамыз. Қазақ елі бізді құшақ жая қарсы алды. Біз соның арқасында адам болдық. Көбіміз ғалым, академик, жақсы қызметкер болдық. Қазақстан халықтар достығының зертханасы дейтінбіз бұрын, қазір Қазақстан халықтар достығының институты деген атқа әбден лайық. Барлық қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтаймын», - деді ҚХА мүшесі, Алматы облысындағы «Элефтерия» грек қоғамының төрағасы Георгий Иорданиди. 

Дөңгелек үстелдің жұмысына «Нұр Отан» партиясының мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ұлттық мәдени орталықтардың, мемлекеттік мұрағат мекемелерінің өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Алматы қаласының жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.