Отарлау үшін қандай шептер құрылды?
29.09.2016 5170
1713 жылы Сібір губернаторы, князь Гагарин император Петр Біріншіге Ертістің бойын өрлете бекіністер салу туралы ұсыныс жасады

Сібір өңірі толық жауланып, бекіністер тұрғызылуы

Сібір хандығы бағындырылған соң Ресей отарлаушылары ондағы сулы-нулы жерлерді тез арада иеленіп қалу үшін әскери бекіністер тұрғызуды бастады. Бұл бекіністер империяның отарлық саяса- тын жүргізетін пайдалы тетігіне айналды. Нәтижесінде, 1586 жылы Төмен (Тюмень), 1587 жылы Тобыл, 1593 жылы Березов, 1594 жылы Тар, 1598 жылы Верхотур, 1604 жылы Том қоныстары пайда болды. 

Осылай патшалық Ресейдің қонысы қазақ даласымен шектесті. Бірақ, патшалық отарлау саясаты бір сәтке «Азия қақпасы немесе кілті» саналып келген Қазақияны жедел отарлауды уақытша тоқтата тұрып, Сібір өлкесіне тереңдей еніп, мұхит аймағына шығуды пайдалы деп көрген сыңайлы. 

Оның сыртында, үздіксіз қақтығыста душар болған қазақ-қалмақ қатынасына алыстан көз тігіп, екі арыстанның әлсіреуін күткен сыңайлы. Егерде орыс солдаттары қазақ жеріне басып кірген жағдай- да, қазақ-қалмақ жасағы (орыс әскеріне қарсы) бірігіп кету қаупі де бар еді. Бұл жайдан Ресей шенеуніктері өз тыңшылары арқылы үздіксіз хабар алып отырды. Сол себепті, отарлау ісін басқа жаққа бұрды. 

Моңғол тарихшысы Б. Баабардың баяндауы бойынша, Ресей Сібір өлкесіне отарлау ісін жүйелі жүргізу үшін шеп (острог) құрды. Әуелі, шекара шебі деген желеумен Нэнцы, Ханты, Кэтс өңірін әскер күшімен байлап алды. 1619 жылы Таз дариясының (Обь) сағасын бойлатып Мангазей шебі, Енисей дариясын жағалата Енисей шебі құрылды. Осы шептің бойын жағалай шабуыл жүргізген орыс-казак әскерлері Эвенк, Тунгус өлкесіне басып кіріп, 1628 жылы Байқалды жайлап жатқан моңғолтекті жұртпен қақтығысып қалды.

Байқал өңірін жаулау ісіне әлі де дайындық қажет екенін түсінген жүзбасы Петр Бекетов 1632 жылы аттың басын Саха даласына бұрды. Лена дариясын бойлата, әдеттегідей Лена шебін құрды. 1636 жылы Амур бойын жаулап, Охота теңізінің жағасына жетіп жығылып, Охотск гаванының іргесі қаланды. Осылай тарихта тұңғыш рет Русия шекарасы мұхит аймағымен шектесті.

1644 жылы 15 жыл бұрын қарсы шыққан Байқал өңірін бағындыруға Курбат Иванов жасағы мұздай қаруланып аттанды. Осы үкімет әскерімен күш біріктеру мақсатында Анғар өзенін бойлап, атаман Василий Колесниковтың атты әскері шықты. Жолай кездескен тұрақтар мен тұрғындарды аяусыз қырғынға ұшыратып, қанды жорық жасаған орыс солдаттары 1646 жылы Жоғары Аңғар, 1648 жылы Баргужин, 1652 жылы Иркутск, 1665 жылы Селенге, 1666 жылы Үде бекіністерінің іргесін қалады. 1658 жылы моңғолтекті буряд тайпалары отарлаушыларға қарсы қарулы көтеріліс жасағанымен, онысы аяусыз жанышталып, қырғыннан аман қалғандары Моңғол жеріне ауа қашты. 

Орыс солдаттары күллі тайганы жаулап алуы Цинь империясын да елеңдетсе керек, 1689 жылы 27 тамызда Нерчинскіде Ресей мен Қытай өзара сауда-саттық мәселесі бойынша келісімге қол қойды [1]. 

Қазақ даласында әскери бекіністердің пайда болуы

Патшалық Ресей осылай күллі Ібір-Сібірді жаулап, мұхит аймағымен шектесіп, Охотск гаванының іргесін қалаған соң, қазақ даласына мойын бұрды. 1708 жылы Қазақияның солтүстік өңірін жаулап алу мақсатында Сібір губерниясы құрылды. Орталығы Тобыл қаласы болды. 1713 жылы Сібір губернаторы, князь Гагарин император Петр Біріншіге Ертістің бойын өрлете бекіністер салу туралы ұсыныс жасады. 

Жоғарыдағы ұсынысты патша құп көріп, қыруар қаржы бөлді. Нәтижесінде, 1714 жылы Сібір бекініс белдеуін, 1717 жылы Омбы, Железиинск, Ямышев, 1718 жылы Семей бекінісі тұрғызылды. 1720 жылдары генерал-майор Лихаров Өскемен бекінісін тұрғызды. Осындағы Ертіс бойын жағалай салынған бекіністер негізінде Орынбор белдеуі құрылды. 1731 жылы Ресейге бағынған Кіші жүз қазақтарының жерін осындағы Орынбор белдеуіне тапсырады. 

1735 жылы Ор өзенінің Жайыққа құяр сағасына жаңа бекініс салынды. Өз жеріне дендей орналасқан бұл бекініске көшпенді қазақтар шабуыл жасай берген соң, 1739 жылы Ордың төменгі ағысын бойлата 180 шақырым жерге жаңадан тағы бір бекініс тұрғызып, оны «Орск» (қазіргі Орск қаласы) деп атады. Қазақтар оны «Жаман қала» деп атады. 1742 жылы Красногор шатқалынан 70 шақырым жерде тағы бір бекіністің іргесі қаланды. 1744 жылы «Оренбург» (қазақша Орынбор) бекінісі салынып, қазақтар еріксіз Ойыл ойпатына қарай ығысуға мәжбүр болды. 1745 жылы Петропавл бекінісі салынды. 

Қазақ жеріне алғашқы бекіністерін салып дәндеген Ресей патшасы Қазақияның солтүстік территориясын толық отарлау үшін «Қасірет белдеуі» (Горькая линия) атты тағы бір үлкен жоспарды қолға алды. Бұл жоспар бойынша: 1732-1757 жылдар аралығында Оралдың жоғары сағасынан бастап, қазіргі Қазақия жерінің солтүстік өңірін көктей шолып, әрі қарай Омбыны тірек етіп, Ертістің бойын жағалай бекіністер салуды көздеді [2].  

Патша үкіметі XVIII ғасырдың орта шенінде Еділ бойы, Орал, Сібір мен Қазақстан өңірінде әскери бекіністердің, ескі шептерінің жарақталуын жақсартуға және жаңа шептер салуға кірісті. Осы кезде оң жағалауда Жайық орыс-казактарының күшімен 14 қамал: Пере- волоцк, Чернорегенск, Татищев, Нижнеозерная, Расыпная, Елек қалашығы, Жайық, Сахарная, Калмыкова, Көш-Жайық, Кулагино, Тополев, Бақсай, Гурьев қамалдары салынды. 

Қазақ даласына орыстар бекінісі салынуымен қатар, қазақтардың ішкі ісіне араласуға кірісті. Қазақтар орыс ұлықтарына өз басшылары үстінен шағым айтып келе бастады. Орыстар қазақтардың шағымын қабылдап, оң шешу арқылы «орыс ұлықтары әділ» дейтін отарлау идеологиясының жымысқы бағытын сіңірді. Мысалы, Өскемен бекінісі салынған тұста орыс шенеуніктері ел ішіне өтіп, жиын жасап тұрды. Осындай үшінші рет өткен жиында жәбір көргендердің ақысын әперді, көнбеген біраз елге күш көрсетті [3]. 

Қазақ даласында белдеу-шептердің құрылуы

ХVІІІ ғасырдың 50-інші жылдарынан бастап отарлаушылар әскери-инженерлік шараларды іске асыру үшін Қазақияның солтүстік және шығыс өңірін қоршап, арнайы шеп (белдеу) құрудың жоспарын жасады. Нақтырақ айтқанда, Ресей үкіметі қазақ даласын әскери күшпен бағындырудың жоспарын жасап, территориялық отарлауды жүйелі түрде жүргізуді бастады. 

1742 жылы 20-ыншы мамырда Сенат шекаралық өңірдегі бекіністерді қорғау жайында жарлық шығарды. Сөйтіп, қазақ даласын әскери бекіністер шебімен біртіндеп қамту патша үкіметінің отарлауына кең мүмкіндіктер ашты. Әскери бекіністер шебінің бойына орыс халқы қоныстандырылып, орыс-казак станциялары мен шаруа слободалары пайда болды. 

Ескі Есіл шебі. 1711 жылы Ертіс жағасындағы Бөтен, Пустынный елді-мекендерден батысқа қарай Болшерецк, Абат, Қайдауыл, Қосқарағай елді-мекендері арқылы бір шеті Ор шебімен жалғасатын сызық жүргізілді. Ресми құжатта «Старо Ишимская линия» деп аталды. Бұл бір сөзбен айтқанда, Қазақия мен Русия арасындағы шекара болатын. 

1745 жылы Сібір шекара шептерін басқаруға генерал Киндерман келді. Ол іргедегі қазақ қоныстарына шабуыл жасаушы ойраттың қауіпінен сақтанып, «Старо Ишимская» шебін кей тұста 50, кей тұста 200 шақырым оңтүстікке жылжытып, кеңейті. Бұл істі Үкімет Сенаты қолдады. Осы белдеудің Есіл өзенімен қиылысқан тұсы Қызылжар деген жерге 1752 жылы бекініс салып, оған Петр және Павел әулиелердің атын берді [4]. 

Жайық шебі. 1734 жылы жоғарғы Жайық шебінің (кейін Орал шебі аталған) негізі қаланды. Шептің ұзындығы: Үйшіктен (қазіргі Атырау қаласы) басталып, Алабұға (қазіргі СҚО жері) шебіне дейін ұзындығы – 1780 шақырымды құрады. 1769 жылдың қарсаңында Жайық шебі бойында гарнизон әскерлері бар, семьяларымен қоса қазақтар мен қоныс аударған шаруалар бар, 15000-ға жуық адам тұрды. 

Үй шебі. XVIII ғасырдың 30-40-ыншы жылдары жоғарғы Жайық қамалынан Звериноголовск қамалына дейін 770 шақырымға созылған Үй шебі құрылды. 

Ертіс шебі. XVIII ғасырдың 50-інші жылдарында ұзындығы 930 шақырым Ертіс шебін (Семей, Омбы, Железинск, Петропавл, Өскемен, Ямышев қалаларын қамтыған) салу аяқталды. Ұзындығы – Омбыдан оңтүстік-шығысқа қарай Ертісті жағалай, Қытаймен шекара- дағы Урыльск селосына дейін жалғасып жатты. Ұзындығы – 1684 верст қашықтықты қамтыды. 

Бұл шептің бойында 5 бекініс (Омбы, Железинка, Ямышев, Семей, Өскемен), 10 форпост (Ачайрск, Черлак, Осморыж, Песчан, Чернорец, Коряков, Семьяр, Долон, Галиц, Убин), 29 далалық бекет және 35 белгі-мұнаралар салынып бітті. Бекіністердің ара қашықтығы 220-236 шақырым болса, форпостар мен далалық бекеттердің ара қашықтығы 4-27 шақырым болды. 

Орынбор шебі. Алабұға шебінен Елек өзені бойындағы Озерныйге дейін созылып жатты. 

Есіл шебі. Тобыл өзенінің бойында орналасқан шекаралық пункт Звериноголовск редутынан Омбы бекінісіне дейін аралықта тағы бір шеп құрып, оған 33 редут, 32 маяк орнатып, оны кейін «Есіл шебі» деп атады. «Қасірет белдеуінің бойын қорғау» желеуімен үшінші күш – Есіл шебі, яғни Есіл орыс-казактарының линиясы пайда болды. Оның құрамына – 2 бекініс, 33 редутта, 2000 атты әскер бағындырылды.

Ащы шеп (Қасірет белдеуі). Сібір редутынан Омбыға дейін ұзындығы 553 верст (1 верст – 1 шақырым) шеп құрылды. Бұл «Горькая линия» немесе шеп «Ащы шеп» деп аталды (Бұл шепті Мұхтар Құл-Мұхамед «Қасірет белдеуі» деп атаса, жазушы Қалмұқан Исабаев «Ащылыөзек» дейді.) 

Бұлай аталуын тарихшылар шептің бойындағы тұзды көлдердің көптігінен дейді. Бұрынғы доға тәрізді Ескі Есіл шебі тігінен түзетіліп қазақтардың байырғы қонысын көктей өтіп, 250 шақырымға ішкері кіріп кетті. Ор мен Ертіс бойын жалғастырған «Қасірет белдеуі» осылай дүниеге келді. 

Орынбор өңірі толық игеріліп болған соң «Қасірет белдеуі» Тобыл губерниясына қарай созылып, ішкерлей түсті. 1750 жыл туғанда «Қасірет белдеуінің» бойын жағалап 60-тан астам жаңа қоныс пайда болып, қоныстанушылар саны 59 мың адамға жетті. 

Жаңа Есіл шебі (Ново-Ишимская линия). 1752 жылы 26 наурызда Ресей Сенатының шешімімен ұзындығы 548 врест болатын, 9 қамал мен 53 редуттан тұратын Ново-Ишим шебін салу аяқталды. Бұл шеп 540 шақырымға созылған Уйск шебін Ертіс шебімен жалғастырды. 

Шептің орталығы ретінде апостол Петр мен Павелдің құрметіне орай 12 шілде күні аты қойылған Петрпавловск бекінісі таңдалды. Бұл белдеудің бойында 1752 жылы 10 бекініс, 31 қорған, 40 маяк орнап, 1 мың орыс-казак атты әскері мен 2518 башқұрт, 2 драгун полкі сияқты тұрақты әскерлердің эскадроны орналасты [5]. 

Колыван шебі. ХVІІІ ғасырдың 50 жылдары ұзындығы 930 шақырым Ертіс шеп-белдеуін (Омбы, Железинская, Жәмішев, Семей, Өскемен бекіністері) жасақтау аяқталып, Өскемен – Кузнецк аралық 723 шақырым «Колывановская белдеуінің» құрылысы басталды. Бұл шеп Өскемен бекінісінен бастап, Алтай тауларын жағалай, Колыван зауыттарын басып өтіп, Кузнецк шебімен жалғасты. Ұзындығы – 723 верст. 

Сибирск поселкасынан басталып, Урыльск селосына дейін аралық Сібір казак шебі деп аталса, Жайықтың теңізге құяр жеріндегі Атырау мекенінен Звериноголовск бекінісіне дейін ұзындығы 1600 врест тағы бір шеп құрылды. 

Бұл шеп-бекіністерге көп әскер шоғырландырылып, «орыс-казак қоныстарын салу керек» деген желеумен қазақтар пайдаланып келген қыруар құнарлы жер тартып алынды. Сонымен қатар, қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі көшіп-қону жолдары бұзылды [6].

Бекен Қайратұлы, журналист, ҚР мәдениет қайраткері

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Баабар Б. First Published in Mongolia. – Ұлан-батыр, 1996. – 245-б. 

2 Киргиз-кайсаки. «Брокгуаз-Ефрон», 1895. – 97-б. 

3 Халид Қ. Тауарих хамса. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 151-б. 

4 Исабаев Қ. Патшадан шен алған қазақтар. – Өлке, 2007. – 7-б. 

5 «Оян. Намыс kz» журналы, № 2, 2010. 34-б. 

6 Мұқанов M. Қазақ жерінің тарихы. – Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994 . – 10-б..