Отансүйгіш оғландар Ақтөбеден көп шықты
04.10.2016 2062
Ақтөбелік жастар Қазақстандағы отансүйгіштіктің ең үлкен деңгейін көрсетті

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XIII шекара маңындағы аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында Астанада жастардың өзекті мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Өкінішке орай, қазіргі заманғы қоғамда жастар «қауіп аймағында» тұр. Нашақорлық, қылмыс, жұмыссыздық, өз-өзіне қол жұмсау проблемалары ең алдымен жастарға қатысты. Және бұл мәселелер бүкіл мемлекеттер үшін, оның ішінде Қазақстан және Ресей үшін маңызды. Конференцияда жастарды қалай ұйымдастырамыз, олардың көңілін жағымсыз әлеуметтік үдерістерден басқа арнаға қалайша аударамыз, қалайша белсенді қызметке тартамыз деген және басқа да көптеген мәселелер талқыланды. 

        2016 жылдың 3-4 қазан күндері Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев атындағы кітапханада «Жастар саясатын қалыптастыру және жүзеге асыру ерекшелігі» атты жастардың өзекті мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы жұмысын бастады. Конференцияның ұйымдастырушылары – ҚР Білім және ғылым министрлігі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы. Конференция жұмысына Ресейден келген қонақтар да жұмылдырылды: РФ Жастар ісі жөніндегі федералды агенттігі басшысының орынбасары С.В. Чуев, Ресейдің тұңғыш Президенті Б.Н. Ельцин атындағы Урал федералды университетінің профессоры, «Ресейдің жастар және балалар бірлестіктерінің ұлттық одағы» ААҚ-ның төрағасы және т.б. 

          Іс-шараның тағы да бір ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев атындағы кітапхана конференцияның тәжірибе алмасу алаңына айналды. Іс-шараның модераторы, ҚР БҒМ-нің жастар саясаты департаментінің директоры Г.А. Оспанқұлов атап өткендей, конференцияға 150 адам қатысып отыр. Жастардың көкейтесті мәселелер жөніндегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы отандық және шетелдік ғалымдарды, мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, жастар бірлестіктерінің көшбасшыларын біріктірді. Іс-шараның мақсаты жастар арасындағы күрделі проблемалар мен жетістіктерді талдау, жастар саясатын одан әрі дамытудың басымды бағыттарын өзектілендіру, осы салада ғалымдардың, сарапшылардың өзара әрекет етуін күшейту болып табылады. 

           ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі М.А. Әзілханов алғы сөзінде Қазақстанда Жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру жұмыстары жүргізіліп отырғанын атап өтті. Жастарға қолдау көрсету – қазіргі қоғамның басты міндеті. 2015 жылдың ақпан айында қазақстандық жастарды дамытуға бағытталған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңы қабылданды. Қазақстанның болашағы жастардың қоғамға етене араласуына байланысты, бұл процестің негізі осы кезден бастап қаланады. М. Әзілханов сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік органдардың қызметі осы салада тиімділігін көрсетсе екен. Көршілес мемлекетте жастар саясаты саласында көп қызықты іс-шаралар қолға алынған. РФ Жастар ісі жөніндегі федералды агенттігі басшысының орынбасары С.В. Чуевтің сөзінен РФ мемлекеттік органдарының мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі белсенді жұмыс жасап отырғанын байқадық. 

           Қазіргі таңда «Ресей жастары» кең ауқымды бағдарламасын іске асыру қолға алынған. Оның ерекшелігі бағдарламаның федеративтік сипатында, Ресей Федерациясында кез-келген субъектіде жастар саясаты туралы заң бар. Чуев С. Ресейде өтетін жастардың ауқымды іс-шараларының барлығына дерлік қазақстандық достарының белсенді қатысатынын атап өтті. Ресейден келген қонақ жағдайды пайдалана отырып, Қазақстан жастарын жаңа іс-шараларға қатысуға шақырды, бұл – «Ресей оқушыларының қозғалысы» деп аталатын балаларға арналған ірі жоба және 2017 жылдың қазан айында Сочиде өтетін XIX Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалі. Мұндай бастамалар Қазақстан тарапынан да қызығушылық оятты. Бұдан әрі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі қызметі туралы баяндап берді және ҚазАКСР комсомол ұйымын басқарған Ғани Мұратбаев Қазақстанның тұңғыш жастар жетекшісі болғанын конференция қатысушыларының естеріне салды. «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент метебінің директоры Ж.К. Бұқанованың «Қазақстан жастарын саяси әлеуметтендіру» баяндамасы конференция қатысушыларына ерекше әсер етті. «Саяси әлеуметтендіру» терминін түсіндіруден бастаған ол Қазақстан жастары арасында отансүйгіштік мәселесіне ауысты.

          Республикамыздың әр облыстарында өткізілген сұрау нәтижесінде «Өзіңізді отан сүйгіш адам деп есептейсіз бе?» деген сұраққа Ақтөбе облысының жастары 100% ИӘ деп жауап берді! Мысал үшін Маңғыстау облысындағы жастар – 87%, Астана қ. – 45,9%, Алматы қ.– 23,7%. Жалпы, республика бойынша – 58,2% («Жастар» ҒЗО-ның «Жастар ортасында қоғамдық-саяси ахуалды зерттеу» әлеуметтік зерттеу деректері бойынша, 2015 жылдың IV тоқсаны). Жарияланған деректер ойлануды қажет етеді, отансүйгіштікке баули отырып тәрбиелеу көп көңілді талап етеді. Шешімі сарқылды-ау деген мәселелер мен проблемаларға жаңа жауап табуға мүмкіндік беру кез-келген конференцияның құндылығы болып табылады. Конференция қатысушыларына сәттілік тілейміз! Арман СҮЛЕЙМЕНОВ