ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ ЖАРҚЫН СӘТТЕРІ (2005-2016 ЖЫЛДАР)
19.10.2016 2622
Қазақ спортының 1991-2016 жылдар аралығында болған спорттағы маңызды оқиғалар хроникасын ұсынамыз

Биыл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атанғанына 25 жыл. Осы уақыт аралығында еліміз спорттық жарыстардан толағай табыстарға қол жеткізіп отыр. Көбіне спорттық жарыстарды тізіп шыққанда соңғы жылдардың нәтижесіне тоқталып, арадағы табысты жылдарды қалдырып кетіп жатамыз. Осындай жылдар хронологиясында өткен жылдарды да еске түсіріп қайтқанымыз абзалырақ. Е-history.kz порталы «Тәуелсіз Қазақстанның 1991-2016 жылдар аралығында болған спорттағы маңызды оқиғалар хроникасын оқырман назарына ұсынады. Тәуелсіздің алғаннан кейінгі азат еліміздің алғашқы спорттық жетістіктеріне көзімізді жүгіртейік.

2005 жыл 

2005 жыл да ел спортына үлкен қуаныш сыйлаған  жыл болды. Бокс пен ауыр атлетикадан қазақ спортшылары әлем біріншілігін ұтты. 

2005 жылы Катар астанасы Дохада ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Илья Ильин Дохада 85 келі салмақ дәрежесінде сенсациялық жеңіске жетті. Ол кезде Илья небәрі 17 жаста еді. 

2005 жыл 13-20 қарашада Қытайдың Мианяң қаласында бокстан әлем чемпионаты өтті. Бұл сында Серік Сәпиев, Ердос Жаңабергенов сын­ды екі қазақ боксшысы әлем чемпионы ата­нып, ел мерейін асырды. Жалпы саны 5 медаль жинаған Қазақстан жалпыкомандалық есепте Куба мен Ресей боксшыларынан кейін үшінші орын иеленді. 

 2006 жыл 

Кәсіпқой бокста WBA (Super), IBO, IBF және WBC бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин  алғашқы жекпе-жегін 2006 жылы 6 мамырда Германиядағы Нордрхейн-Уестфаленде өткізіп, Габор Валогхты нокаутпен ұтты. 

2006 жылы «Астана» велокомандасы құрылып, әлемдегі ең ірі, ең мәртебелі велобәйгелерінде жеңімпаз атанды. «Вуэльта», «Джиро д’Италия», «Тур де Франс» мәртебелі вело көпкүндіктерінде бірнеше рет жеңімпаз атанды. Астананың аты әлемге мәшһүр болды. 

Катардың Доха қаласында өткен XV Жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары үздік өнер көрсетті. Қазақстандық спортшылар Дохада 85 медаль иеленді. Командалық есепте Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейінгі төртінші орынды иеленді. 

2006 жылы XХ қысқы Олимпиада ойындары Италияның Турин қаласында жалауын желбіретті. Жарысқа әлемнің 80 елінен келген 2508 спортшы жарыс жолына шықты. Турин төрінде қазақстандық спортшыларға жүлде бұйырмады. 

2007 жыл 

2007 жылы 14-15 шілде аралығында Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында қазақ күресінен ІІІ-ші Азия біріншілігі өтті.  Қазақстан құрама командасы Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркмения және Ресей құрама командаларының арасынан үздік шығып, 7 алтын, 3 күміс, 4 қола медальдарын жеңіп алып, жалпыкомандалық І-ші орынды иеленді. 

Қытайдың Чанчунь қаласында өткен VI қысқы Азия ойындарында да Қазақстан қоржыны бос қайтпады. Онда спортшыларымыз 6 алтын, 6 күміс, 6 қоланы жеңіп алған болатын. 

2007 жылы Азербайжан астанасы Бакудегі әлем чемпионатында қазақ күресші қыздары жүлделі орындарға ие болды. Ол кезде Ольга Смирнова күміс, ал Елена Шалыгина мен Ольга Жанибекова ел қоржынын қоламен толықтырды. 

2008 жыл 

2008 жылы Бейжіңде өткен XXIX жазғы Олимпиада ойындарында Бақыт Сәрсекбаев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика) алтын, Ирина Некрасова (ауыр атлетика), Асқат Жіткеев (дзюдо), Алла Важенина (ауыр атлетика),Таймураз Тигиев (еркін күрес) күміс, Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Елена Шалыгина (еркін күрес), Марид Муталимов (еркін күрес), Еркебұлан Шыналиев (бокс), Арман Шылманов (таэквондо) қола жүлдені иемденді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 204 мемлекеттің арасынан 29-шы орынға тұрақтады. 

2009 жыл 

2009 жылы Паттайя қаласында (Таиланд) күрес түрлері бойынша өткен әлем чемпионатынан қыздар құрамасы қоржынға бірден төрт медаль салды. Алтын алқа Елена Шалыгина мен Татьяна Бакатюктің, күміс Жұлдыз Эшимова-Туртбаеваға, ал қола Айым Әбділдинаға бұйырды. 

2009 жылы ауыр атлетикадан Гойанг-Ситидегі (Оңтүстік Корея) әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы осы спорт түрінен төрт алтын қанжығалап, жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. Олардың арасында алтын алқаның иегерлері 16-жасар Зульфия Чиншанло мен Светлана Подобедова бар еді. Зульфия әлемнің ең жас чемпионы атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. 

2010 жыл 

ХХІ қысқы Олимпиада ойындарын Канаданың Ванкувер қаласы қабылдады. 82 елден 2766 спортшы сынға түсті. Қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте 1 қола медаль жеңіп алған Қазақстан мен Эстония елдері 25-26-шы орынды өзара бөлісті. 

2010 Швейцарияның Давос қаласында қысқы спорт түрлері бойынша әлем кубогі бәсекесі өтті. Қазақстандық Алексей Полторанин екінші кезеңдегі 15 км-лік классикалық сайыста топ жарды. Осыған дейін спринттік қашықтықтарда мықты саналып келген Полтораниннің бұл жеңісін мамандар сенсацияға балады. 

2011 жыл 

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойын атап өткен 2011 жыл Қазақстан спорты тарихына алтын әріппен жазылды. Осы жылы Астана мен Алматыда тұңғыш рет VII Қысқы Азия ойындары өтті. VII Қысқы Азия Ойындар 2011 жылы 30 қаңтар мен 7 ақпан арасында Қазақстанның екі қалаларында (Алматы мен Астана) өтті. Жалпы алғанда, 7-қысқы Азия ойындарына Қазақстанда 17-ден астам ел қатысты, жарыстар спорттың 11-түрінен өткізілдіі және 59-дан астам медаль жиынтығы ойнатылды. Тек оңтүстік мегаполистің өзіне 60 мыңнан астам турист келгенін атап өту керек. Елордада мәнерлеп сырғанаудан да, хоккейден, конькиде жылдам жүгіру және шорт-тректен жарыстар өтті. Қалған ойындардың барлығы Алматы қаласында өткізілді. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы командалық бірінші орынды иеленді. Сонымен VII Қысқы Азия ойындарының нәтижесі бойынша 32 алтын, 21 күміс және 17 қоламен - барлығы 70 медаль жинаған Қазақстан Азиада тарихының жаңа бетін жазды. Екінші орынға 13 алтын, 24 күміс және 17 қоламен Жапония табан тіресе, Корея спортшылары 13 алтын, 12 күміс және 13 қоламен үздіктер үштігін түйіндеді. Жалпы, Азиадаға қатысқан 24 елдің тек сегізі ғана медальға ілікті. 

2011 жылы ұлттық спорт түрлерін жаңғырту мақсатында бұрын-соңды болмаған жаңа тележобаның тұсауы кесілді. Еліміздің он төрт облысы мен Астана мен Алматыдан жиналған апайтөс палуандар Қазақстан республикасы президентінің жүлдесі үшін тұңғыш рет «Қазақстан барысы» атағына таласты. Боз кілемнің шаңын шығарған түйе палуандардың финалдық жекпе-жегі көрермендердің көңілінен шығып, қызылордалық Ұлан Рысқұлбек «Қазақстан барысы» атанған тұңғыш балуан болды. 

 2011 жылы Қазақстан Бүкіләлемдік бокс сериясының WSB жарыстарына тұңғыш рет қатысып, Францияның «Париж юнайтед» командасына жол беріп күмісті еншіледі. «Париж юнайтед» Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы ұйымдастырған Бүкіләлімдік бокс сериясы жобасының алғашқы жеңімпазы атанды. Оларға WBS кубогы мен 500 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақы берілді. Ал «Астана арландары» клубы 150 мың долларды қанағат тұтты. 

FІSU-дің 2011 жылғы 29 қарашада Брюс¬сель (Бельгия) қаласында өткен отырысында XXVІІІ Дүниежүзілік Қысқы Универ¬сиаданы 2017 жылы Алматы қаласында өткізу туралы шешім қабылданды. 

 2012 жыл 

2012 жылы Лондонда XXX жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жақсы жетістіктерге жетті. Бұл додада Қазақстан 7 алтын 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-ші орынға ие болды. Ауыр атлетикамыз атқа қонған жылы отандық және легионерлер бар И. Ильин, З. Чиншанло, М. Манеза, С. Подобедова жеңістерімен Қазақстан құрамасының әлемдік аренадағы рейтингін жақсартты. С. Сәпиев, А.Винокуров, О. Рыпаковалар алтын алса, Ә. Ниязымбетов күміс ұтса, А. Таңатаров, Г. Манюрова, Д. Гаджиев, М. Вольнова, И. Дычко қола жүлдені жеңіп алды. Жалпы командалық есепте 204 ел арасында 12-ші орынға тұрақтады. 

 2012 жылы Канаданың Квебек қаласында қысқы спорт түрлері бойынша Әлем кубогі жалауын көтерді. Қазақстан шаңғышылары Канада да өткен әлем кубогында сәтті өнер көрсетті. Әлем кубогы кезеңінде қазақстандық шаңғышылар Денис Волотка мен Николай Чебатько алтын жүлдеге ие болды. Алексей Полторанин де кубок жолындағы додада үздік үштіктен көрінді. 

2012 жылы Қазақстандық кәсіби боксшылар Геннадий Головкин мен Қанат Ісләм ірі жеңістерге жетіп, халықаралық титулдарға ие болды. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин орташа салмақта WBA титулының иегері атанса, Қазақстандық боксшы Қанат Ісләм жартылай салмақтағы WBA Fedecaribe титулын жеңіп алды. 

2013 жыл 

2013 жылы қысқы спорт түрлері бойынша Әлем чемпионаттарында топ жардық. Денис Кузин конькиден Әлем чемпионы атанса, Денис Тен күміс жүлдегер болды. Алексей Полторанин мен Николай Чеботько шаңғы спортынан 2 қола медальға ие болды. 

2013 жылы қазақ футболының 100 жылдығы тойланды. Алғаш рет 1913 жылы Семейде «Ярыш» деген атпен құрылған футбол командасы болды. Бұл команда да қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов болды. 

2013 жылы қазақ футболының тасы өрге домалады. Жанкүйерлер үшін қарағандылық «Шахтер» командасының Еуропа лигасына шығуы үлкен жаңалық болды. Қарағандылық команда чемпиондар лигасы іріктеуінің үшінші кезеңінде Шотландиялық «Селтиктен» ұтылып, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. 

Қазақ боксының тарихында біздің жігіттер алғаш рет Әлем чемпионатында төрт бірдей алтын алып, командалық есепте бірінші орынды иеленді. Алматы төрінде өткен бәсекеде Біржан Жақыпов (49 келі), Мерей Ақшалов (64 келі), Данияр Елеусінов (69 келі) және Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) жарыс жеңімпазы атанса, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Иван Дычко (+91 келі) қоржынымызды күміс медалмен толықтырды. Ал Қайрат Ерәлиев (57 келі) пен Берік Әбдірахманов (60 келі) қола жүлдегер атанды. 

2013 жылы кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин төрт кездесу өткізіп, барлығында да қарсыластарын таза ұтты. 

2013 Қазақстан Көкпардан тұңғыш рет Азия чемпионатын өткізді. Астанадағы «Қазанат» ат шабарында өткізілген Азияның ашық чемпионатына 8 елдің құрамалары қатысты. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркия, Ресей, Ауғанстан және Өзбекстан мемлекеттерінің құрамасы. Құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасына шақ келер ешкім болмады. Екінші орын Қырғызстан көкпаршыларына бұйырды. Үшінші орыннан Тәжік көкпаршылары көрінді.

 2014 жыл 

ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары Ресейдің Сочи қаласында өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің 90 елінен 2800 спортшы қатысты. Қазақстан намысын бұл додада 52 спортшы қорғады. Еліміздің көк туын шаңғышы Ердос Ахмадиев ұстап шықты. Сочи олимпиадасында мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола жүлде иеленіп, ел мерейін асырды. 

2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында XVII Жазғы Азия ойындары аяқталды. 19-шы қыркүйек пен 4-ші қазан аралығындағы құрлықтық бәсекеге Азияның 45 елінен келген спортшылар, спорттың 36 түрі бойынша 439 медаль жиынтығын сарапқа салған. Қазақстан Ұлттық құрамасы бұл сында жалпы саны 84 жүлде, оның 28-і «алтын», 23-і «күміс» және 33 «қола» ұтып, жалпы есепте 4 орынды иеленді. 

2014 жылы Алматы қаласы тұңғыш рет ауыр атлетикадан Әлем чемпионатын өткізілді. Әлемнің 76 елінен 683 зілтеміршісі қатысты. Бұл жарыста Қазақстаннан үш спортшы чемпион атанып, екі атлет күміс жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында Зүлфия Чиншанло (58 кг) үздік шықса, ерлер арасында Жасұлан Қыдырбаев (94 кг) және Илья Ильин (105 кг) алтын медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында Жазира Жаппарқұл (69 кг) және ерлер бәсекесінде Владимир Седов (94 кг) күміс жүлде иеленді. Жасұлан Қыдырбаев – ауыр атлетикадан қазақтан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы атанды. Ал, Илья Ильин – төрт дүркін әлем чемпионы атағына ие болған алғашқы қазақстандық спортшы. Ол осыған дейін 2007, 2009 және 2011 жылдары әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен. 

Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс үшін 2014 жылғы маусым сәтті болды. Австралия, АҚШ ашық чемпионаттарымен бірге, әйгілі «Уимблдон» турнирінде жоғары деңгейде өнер көрсеткен отандасымыз әлем рейтингінде 33-ші сатыға көтерілді. Бұған дейін мұндай жетістікке бірде-бір қазақстандық теннисші жеткен емес. 

2014 жылы І Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтті. Алғаш рет өткен додаға 20-ға жуық елден 400-ге тарта спортшы қатысты. Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш еткен шараға Қазақстаннан 45 спортшы қатысып, жалпыкомандалық есепте қырғыздардан кейінгі 2-орынға ие болды. Қазақстан делегациясы ұлттық спорттың 10 түрі бойынша бақ сынады. 

 2015 жыл

 

2015 жыл – қазақ футболы тарихындағы ең сәтті кезең болды. «Астана» футбол клубы тұңғыш рет Еуропаның басты бәсекесі Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Осылайша қарағандылық «Шахтер» салған сүрлеуден де биік сатыға көтеріліп, «Астана-Арена» стадионында өткен барлық ойындарда қарсыластарына есе жіберген жоқ. Іріктеу кезеңінде жерлестеріміз «Марибор», ХИК, АПОЭЛ клубтарын жеңді. Ал топтық кезеңде «Атлетико» (Мадрид), «Галатасарай» (Стамбұл), «Бенфика» (Лиссабон) клубтарымен бір топта өнер көрсетті. 

2015 жылы Ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Грозныйда өткен РФ президенті кубогында әлем рекордын жаңартып, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Отандасымыз серпе көтеру (246 келі) мен қос жаттығу қорытындысы бойынша (437 келі) да рекорд тіркеді. 

Футзалдан Алматының «Қайрат» клубы УЕФА кубогын екінші рет жеңіп алып, жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Қазақстандық клуб финалда өткен Испанияның «Барселона» клубын 3:2 есебімен ұтты. 

2015 жылы Қазақстан Дзюдодан Әлем чемпионатын өткізді. Командамыз үшін табысты болмаса да, бір спортшымыз көк тудың желбіреуіне себеп болды. 60 кг салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов Рүстем Ыбраевты кызыл кілемде жеңіп, әлем чемпионы атанды. 

2015 жылы қазан айында Нью-Йорктің Madison Square Garden шаршы алаңында WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин Давид Лемьемен жекпе-жек өткізіп, қарсыласын 8-раундта құлатып, 34-ші жеңісіне қол жеткізді. 

2016 жыл 

2016 жылы Голландияның Эйндховен қаласында өткен дәстүрлі «Swim Cup EINDHOVEN» жарысында жүзу спортынан қазақстандық паралимпиалық спортшы Зүлфия Ғабидуллина әлем рекордын қатарынан үш рет жаңартып, жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Зүлфия Ғабидуллина Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен XV Паралимпия ойындарының чемпионы

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 2016 жылдың 5 және 21 тамызында  XXXI Жазғы Олимпиада ойындары өтті. Қазақстан атынан 104 спортшы 26 спорт түрінен бақ сынап, ел үмітін ақтап, 200-ден астам мемлекет ішінен жалпы есепте 22-орынға ие болды. Қазақстан қоржынында 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль бар.

Қыркүйек айының 8-10 күндері Астанада «Қазанат» атшабарында ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған бірінші «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өтті. Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен барлық 14 облыстың командалары қатысады.

2016 жылдың қыркүйегінде Орта салмақта WBA (Super), IBO, IBF және WBC бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (35-0, 32 КО) жартылай орта салмақтағы IBF белбеуінің иесі британдық Келл Брукпен (36-0, 25 КО) кездесіп, жекпе-жек  мерзімінен бұрын аяқталды. Лондонда 20 мың адам сиятын аренада өткен айқастың 5-раундында британдықтың секунданты ақ орамал тастауға мәжбүр болды. Осылайша Головкин 36 жеңісіне қол жеткізді.

Дайындаған: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Суреттер: ғаламтор бетінен алынды