Жеңіс Молдабеков: Қазақ тарихын көркем суретпен сөйлеткім келеді
10.11.2016 4755
Суретшінің еңбектерінен бүгінгі жаңа Астананың жарқын бейнелері, қала көріністері, Ұлы дала жауһарлары көзге көрініп, әсемдік пен сұлулықты бейнелеп тұрғандай

Елорда төріндегі «Астана» ұлттық сурет галереясында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған жас суретшілер Одағының мүшесі Жеңіс Молдабековтің «Ұлы Дала сыры» атты жеке сурет көрмесі ашылды.

Ұлы даланың сырын көркем суретке сыйдырған жас суретшінің көрмесіне ҚР Суретшілер одағының мүшелері, қала қонақтары мен суретшінің достары, БАҚ өкілдері қатысты. Көрмеде жас суретші Жеңіс Молдабековтің қазақ халқының тұрмыстық және мәдени өмірінен, қазақтың шежірелі тарихынан алынған таңғажайып туындылары қойылған.

Суретшінің еңбектерінен бүгінгі жаңа Астананың жарқын бейнелері, қала көріністері, Ұлы дала жауһарлары көзге көрініп, әсемдік пен сұлулықты бейнелеп тұрғандай. Әсіресе «Көш» және «Керуен» картинкалары қазақ халқының тарихынан бір үзік сыр баяндап тұр. Суретшінің өзіне сауал қоя отырып, қазақ тарихын жақсы білетіндігіне көз жеткіздік.

«Менің туған жерім қасиетті тарихи қала Түркістан шаһары. Сондықтан да тарихи жерде дүниеге келгендіктен менің суреттерімнен тарихтың ізі айқын байқалады. Мен өйткені тарихи қалада дүниеге келіп, осы жердің табиғатында аунап өстім. Бүгінгі «Ұлы Дала сыры» атты көрмеге де еліміздің әрбір өңірін аралап, шынайы суреттелген картиналарды ұсындым. Қазақтың әрбір жері тарихқа толы. Жібек жолы бойынан орын алған Отырар мен Түркістан секілді тарихи қалалар менің туындыларымның жарқын көрінісі бола алады. «Керуен» картинасын көрсеңізде Түркістан шаһарының детальдары анық көрінеді. Болашақта да қазақ тарихына байланысты туындыларды өңдіріп салғым келеді. Қазақ хандығына қатысты, мыңжылдық тарихи бар қалалар туралы көлемді туындыларды көркем суретке салып, тарихты сөйлеткім келеді»,-деп сөзін қорытындылады жас суретші Ж.Молдабеков.

Жеңіс Молдабековтің әрбір туындыларынан халқымыздың тарихи құндылықтарымен заманауи үрдістердің өзара үндестік тапқандығын көруге болады. Жас суретшінің туындылары еліміздің музейлерінде сақтаулы және Қазақстан мен шетелдің жеке көрмелерінен орын алған. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ